АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция

Грин Александр. 2 страница

Читайте также:
  1. DER JAMMERWOCH 1 страница
  2. DER JAMMERWOCH 10 страница
  3. DER JAMMERWOCH 2 страница
  4. DER JAMMERWOCH 3 страница
  5. DER JAMMERWOCH 4 страница
  6. DER JAMMERWOCH 5 страница
  7. DER JAMMERWOCH 6 страница
  8. DER JAMMERWOCH 7 страница
  9. DER JAMMERWOCH 8 страница
  10. DER JAMMERWOCH 9 страница
  11. II. Semasiology 1 страница
  12. II. Semasiology 2 страница

 

 

алма жеп отырған қызына көзі түсіп кетсе болғаны, Лонгреннің жібі босап, бәріне де көне салады: алаяқ приказчик себетін әдемі де мығым ойыншықтарға сықап алып, мұртынан күліп кете барады.

Үй жұмысын түгелдей Лонгреннің өзі істейді: отын жарып, от жағады, су тасып, ас пісіреді, кір жуып, киім өтектейді, мұның үстіне ақша табу үшін де еңбек етеді. Ассоль сегізге шыққанда әкесі оған оқуды, жазу-сызуды үйретті. Кейде ол қызын қалаға да ертіп кетеді, кейінірек жүре келе, егер дүкеннен бір ақша әкелу немесе дайын заттарды апарып тастау қажет болған кездері оны жалғыз да жіберіп жүрді. Лисс Капернадан небәрі төрт шақырымдай жерде ғана болса да, ол қызын ілуде бір жұмсайды, өйткені жол орман арасынан өтеді, ал орманда бала өміріне тікелей қауіп төндіретін мақұлықтардан басқа, оның үрейін ұшырар нәрселер де көп қой, рас, қаладан қол созым жерде қатерлі бірдеңенің кездесе қоюы да қиын, бірақ оны әманда есте ұстағанның артықтығы жоқ. Сол себепті де жадыраңқы ашық күндері, ертеңгілік жол бойындағы ну тоғай күн нұрына малынып, гүлдері мен жапырақтары жамырап тамылжып тұрған шақта, ойға жүйрік елгезек Ассоль қиялға беріліп кетіп, елегізіп шошымайды-ау деген кездері ғана Лонгрен оны қалаға жұмсайды.

Бір күні осылай қалаға қарай серуендеп келе жатып, жас қыз жол жиегіне отырып, себетіне салған бір жапырақ пирогын жемек болды. Ауқаттанып отырып ол ойыншықтарды алып қарай бастады. Олардың екі-үшеуін бұл әлі көрмеген екен: Лонгрен оны түнде жасапты. Сол жаңа ойыншықтың біреуі кішкене ғана бәйге яхтасы болып шықты. Осы ақ кемешіктің жібек қиындысынан жасалған алқызыл желкендері бар екен, Лонгрен бұ жібекті дәулетті кісілерге арналған ойыншықтарға

– пароход каюталарын тыстауға жұмсайтын. Яхтаны жасап болғаннан кейін ол, шамасы, қапелімде желкенге лайық мата таба алмай, қолына түскен алқызыл жібекті қолдана салған сияқты. Ассольдің қуанышында шек болмады. Алаулаған алқызыл жалау, ол бір от ұстап тұрғандай-ақ, қыз қолында маздап жанды. Жолды ағаш көпіршесі бар бір шағын өзен


 

 

кесіп өтетін: өзен оң жақта да, сол жақта да орманнан шығып, орманға сүңгіп кететін. «Егер мен мұны аз уақыт қана өзенге жіберсем, су болып қалмайтын шығар, кейін сүртіп алам ғой» деп ойлады Ассоль. Көпірден өтіп, орман ішіне кірді де, қыз көзінің жауын алған кемешікті өзеннің дәл жиегінде тұрып, судың ығына қарай абайлап жібере берді: со замат мөлдір су бетінде жалтылдап алқызыл сәуле ойнады, торғын матадан өткен күн шұғыласы қызыл арайланып дірілдеп барып, су түбіндегі шағала тастарға түсті. «Сен қайдан келдің, капитан?» – деді Ассоль ойдан шығарған кісісіне, сосын өзіне өзі; «Мен... мен... мен Қытайдан келдім» – деп жауап қатты. – «Сен не әкелдің?» – «Не әкелгенімді айтпаймын».

– «Ах, солай де, капитан! Ендеше, мен сені қайтадан себетке қамап тастайын». Капитан енді ғана көнбіс үнмен «мен ойнап айтып едім, қазір әкелген пілімді көрсетейін» деп жауап қайырғалы тұрғанда, жағадан иінге соғып кері қайтқан баяу ағын яхта тұмсығын өзектің ортасына қарай бұрып жіберді, ол нағыз кеме сияқты жағадан алыстап барып, жайымен төмен қарай жүзе жөнелді, Қыздың көз алды табанда өзгеріп сала берді: сәбиге енді кішкене өзек шалқар дария, ал яхта алыста кетіп бара жатқан үлкен кеме болып көрінді; ойламаған жерден асып-сасып, қорқып қалған бала енді суға құлардай болып кемеге қолын созып, ұмсынып қалған еді. «Капитан қорқып кетті», – деп ойлады қыз, сосын бір жерге жағаға соғып, өзі-ақ қайырлап қалар деп, жүзе қашқан ойыншық соңынан жүгіре берді. Жеңіл болса да жүруіне бөгет болған себетін асыға сүйретіп келе жатып: «Тәңірім-ай! Табан астынан қарашы мұны!..» – деп сөйлеп қояды. Ол су үстінде қалқи жүзіп бара жатқан үш бұрыш сұлу желкенді көзінен таса қылғысы келмеді. Сүрініп-қабынып құлап қалса да, екі иінінен дем алып қайта жүгіреді.

Ассоль тап қазіргідей ну орман ішіне алыстап кірген емес. Қайтсе де ойыншығын қуып жетіп ұстап алмақ болған сәби жан-жағына қарамайды. Бұл жанұшырып жүгіріп келе жатқан жағада кісі назарын аударатын бөгеттер көп-тін. Құлаған ағаштың мүк басқан діңгегі, ой-шұңқырлар, биік папоротник


 

 

пен итмұрын, жасмин меи жаңғақ бұталары оның ілгері басқан аяғын кейін тартады. Осылардан өтем деп жүріп ол шаршап та қалған сияқты, қайта-қайта тоқтап дем алады немесе бетіне жабысқан өрмекші торын қағып тастайды. Баттауық пен қамыс сыңси өскен жерлерге келгенде Ассоль жалтылдаған қызыл желкендерден айырылып қалып еді, шығанақты айнала жүгіріп шыққанда, ілгері қарай сызып бара жатқан кемені қайта көрді. Бір рет ол аңырып төңірегіне қарап еді, жапырақтар арасынан шашырай түскен жарық сәуле кілкілдеген ала көлеңкеге айналып, тұнжыраған бір дүлей шатқалдар ішіне барып жоғалады екен, ну орманның осы бір көрінісі қызды қайран қалдырды. Әуелі селк етіп сескеніп қалған балдырған, ойыншығы есіне түскенде әлденеше рет «ф-ф-у» деп дем алып алды да, бар күшін жинап ілгері қарай жүгіре жөнелді. Осылай көңілі байыз таппай бос далбаңмен жүргенде бір сағаттай уақыт өтіпті, енді ағаштар сиреп, алдынан шалқыған көк теңіз, ақша бұлттар мен құмдауыт жарқабақтың бір шеті сарғайып көрінгенде, Ассоль бұған таңырқай қарап, тұла бойы жеңілейіп, уһ деп бір тыныс алды, ұзамай әбден қалжыраған қыз жүгірген күйі со жарқабақтан келіп бір-ақ шықты. Өзен осында келіп құяды екен. Тап осы жерге келгенде су түбіндегі көгілдір тастар мөлдіреп, тайызданып, біразға дейін жайылып барып теңіз толқындарымен араласып кетеді екен. Ағаш тамырлары үңгіп тастаған аласа жарқабақта тұрып Ассоль өзен жағасындағы үлкен текше тастың үстінде, қолында әлгіде қашып кеткен яхта бар, бұған сыртын бере отырған бір кісіні көрді, ол көбелек ұстап алған піл сияқты, яхтаға таңырқай қарап отыр екен. Ойыншығының аман екеніне көзі жеткен бала жардан жүгіріп түсті де, бейтаныс кісіге жақындап келіп, ол қашан басын көтергенше, оған ойлана қарап тұрып қалды. Бірақ ол жуыр маңда орман жіберген сыйдан көзін алмағасын, қыз оны басынан аяғына дейін асықпай түгел қарап шықты және осы бейтаныс адамды

бұрын тіпті де көрмегенін білді.

Жас қыздың алдында отырған бұл кісі өлең-жыр, аңыз- ертегілерді, қиссаларды жинап, ұдайы жаяу саяхат жасап


 

 

жүретін, көпке белгілі Эгль деген шал еді. Бурыл тартқан бұйра шашы сабан қалпағынан қобырап шығып тұр: сұр блузасын көк шалбарының ішіне салып, аяғына саптама етік киген Эгль аңшыға ұқсайды. Ақ жаға, галстук, күмістеген кемер белбеу, әсем таяқ пен жылтыраған никель құлыпты жап-жаңа сөмке оның қала тұрғыны екенін анықтайды. Оның бет-жүзі – егер қаптай өскен тарам-тарам салалы сақал мен жоғары қарай ширатылып қойған сұсты қалың мұрт арасынан әрең көрінетін мұрын мен ерінді, көзді оның бет-аузы дейтін болсақ – көз алдымызға шөлмектей ғана бозөкпе біреудің бейнесі келер еді, бірақ оның кісіге жасқанбай тура қарайтын шар болаттай жалтылдаған сұрғылт көздері ғана бұл әсерді бірден жойып жібереді.

– Енді оны маған бер, – деді қыз именіп. – Сен ойнап болдың ғой. Мұны қалай ұстап алдың, ә?

Ассольдің дірілдеген даусы тосын естілді ме, қалай, әйтеуір, Эгль дереу басын көтерді, ұстап отырған ойыншығы жерге түсіп кетті. Шал жай ғана жымиып, күректей тарамыс қолымен сақалын уыстап, бұған біраз қарады. Жуыла-жуыла оңып кеткен сиса көйлек қыздың күн қақтаған ши аяғының тізесіне әрең жетеді. Оның шілтерлі шаршымен тарта салған қалың қара шашы желпіуіштей жиылып, иығына құлапты. Ассольдің кескін-келбеті ұшқыр қарлығаштай-ақ тап-таза, жеп-жеңіл боп лыпылдап тұр. Мұңлы бір сауалға ұдайы жауап іздейтін тұңғиық қара көзі қыздың өзінен де ересек, естияр сезіледі. Оның сопақшалау келген ұяң жүзі – аппақ тәнге лайық тобылғы торы боп тотыққан. Әдемі оймақ аузын сәл ғана ашып, имене күлгенде маржан тістері жалтырайды.

– Гриммдердің, Эзоп пен Андерсеннің атымен ант етейін,

– деді Эгль кішкене қыз бен яхтаға алма-кезек қарап, – бұл бір ғажайып нәрсе екен! Сен мені тыңда, қарашығым! Мына ойыншық сенікі ме?

– Мен оған жетем деп мына өзенді жағалай өліп-өшіп жүгірдім: әбден өкпем өшті. Ол осы жерге тоқтап па екен?

– Дәл менің аяғымның астына кеп тоқтады. Бұған себеп – кеменің апат болуы, ал мен жағалаудағы қанды көйлек қарақшы


 

 

ретінде, осы сыйды саған тарту етем. Экипажы тастап кеткен яхтаны үш сүйемдік толқын менің сол аяғым мен таяғымның арасындағы кұмға иіріп әкеп лақтыра салды. – Ол таяғымен жерді бір нұқып қойды. – Атың кім, балапаным?

– Ассоль, – деді қыз Эгль берген ойыншығын себетке салып жатып.

– Хош, – деді шал түсініксіз сөзін сабақтап, көзінде мейірбан күлкі ойнаған Эгль Ассольге қараудан бір жазбады.

– Мен сенің атыңды да сұрамауым керек еді. Оның тап бір сұр жебенің зуылындай, теңіз бақашанағының шуылындай айырықша, мәні де әуенді болғаны қандай жақсы?! Егер сен таңғажайып тылсымға тіпті де жуыспайтын, ести-ести құлақты сарсытқан жаттанды есімдердің бірін айтсаң, мен байғұс не істер едім? Оның үстіне мен сенің кім екеніңді, ата-анаңның кімдер екенін және өзіңнің қалай жүріп тұрып жатқаныңды естігім де, білгім де келмейді. Сиқырланған сезімді суытып қайтем? Мен әлгінде ғана мына тастың үстінде жайбарақат жапон мен фин аңыздарының сюжеттерін салыстырып отырғам... Кенет өзен сылдырап мына яхтаны алдыма әкеп итере салды, сосын көп ұзамай өзің келдің... Тап осы күйінде. Мен, қарғам, өмірімде өлең жазып көрмесем де, ақынжанды адаммын. Ана себетіңдегі не?

– Қайықтар, – деді Ассоль себетін бір сілкіп қойып, – сосын кемелер, төбесіне ту тігілген құйттай-құйттай үш-төрт үй де бар. Ол үйлерде солдаттар тұрады,

– Бәрекелді, сені со ойыншықтарды сатып кел деп жіберген екен ғой. Бірақ сен жолай ойнап кетіпсің. Яхтаны суға жүздіріп көрем дегеніңде, ол тайып тұрады. Солай ғой, ә?

– Сен оны көріп пе ең? – деді Ассоль шүбәланып, сосын осыны өзім айтып қоймадым ба екен деп, не сөйлегенін есіне түсіре бастады. – Мұны саған біреу айтты ма? Әлде ойдан шығарып отырсың ба?

– Мен оны білгем.

– Қалай білдің?

– Өйткені мен дүниедегі ең құдіретті сиқыршымын. – Ассоль шошып кетті, Эгльдің мына сөзін естіп сілейіп тұрып


 

 

қалды. Құлазыған теңіз жағасы, мүлгіген тыныштық, яхтадан айырылып қап әлекке түскені, отты көзді шалдың түсініксіз сөздері, оның желкілдеген сақал-шашы – бәрі қосылып, қызға осы кісі ғайыптан түскендей болып көрінді. Егер Эгль қазір бет-аузын құбылтып, айқайлап жіберді бар ғой, қыз қорыққанынан табанда бақырып қаша жөнелер еді. Бірақ кішкене қыздың көзі үрейге толып кеткенін көріп, Эгль әңгімені өзгерте қойды.

– Сен менен қорықпай-ақ қой, – деді ол шын көңілден.

– Қайта, мен өзіңмен асықпай бір әңгімелессем деп едім. Қыздың осы бір жәудіреген көзі мен жүзінен өзіне қатты әсер еткен не екенін Эгль енді ғана түсінді. «Бұ бала есіл- дертімен ғажайып бір арманды, ақ махаббатты аңсайды екен- ау» деп ойлады ол. – О, жалған, жазушы болып неге

тумадым екен? Қандай керемет сюжет еді!»

– Кәне-е, – деді Эгль, – соны бір сөз таппақ болып (қит етсе қиял қанатына мініп самғап кету – оның күнделікті жұмысынан туған үйреншікті әдеті – бұ жолы да басым түсті, беймәлім бір топыраққа аяулы арман ұрығын сепкенім қалай болады деп шүбәланып жатпады), кәне, Ассоль, мені бар ынтаңмен тыңда. Мен кеше сен келе жатқан деревняда болғам. Бұрын ел естімеген жаңа бірдеңе есітем бе деп сол ауылда күні бойы жүрдім. Бірақ сендерде ертегі-аңыз айтпайды екен. Шалқытып ән салмайды екен. Ал егер әңгіме айтып, жыр шертсе, ол әлгі алаяқ мұжықтар мен солдаттар жайлы, жұрттың қулық-сұмдығын дәріптейтін атам заманғы әңгіме-сөздер екен: бұл өзі кісінің жуылмаған аяғы сияқты кір-қоңыс бірдеңе, ішек-қарынның шұрылдағаны сияқты дөрекі бір ауыз, екі ауыз қысқа ғана өлеңсымақтар екен. Тоқта, мен шатасып барам. Қайта сөйлейін.

Сосын біраз ойланып сөзін сабақтады:

– Енді неше жылдан кейін не болатынын білмеймін, бірақ Капернада кереметтей бір аңыз туады, оны жұрт ұзақ жылдар жыр ғып айтады әлі. Сен ол кезде бой жетесің, Ассоль. Бір күні ертеңгілік алыстан, шалқар теңіз төсінен күн нұрына малынған алқызыл желкен көрінеді.


 

 

Ақ кеменің алқызыл желкендері алаулап ерке толқынды тіле тура саған қарай беттейді. Бұ ғажайып кеме қару кезеп, қаһар төкпей, у-шусыз жәйімен жүзіп келе жатады. Теңіз жағасы таңдай қағып, таңырқасқан халыққа толып кетеді, солардың ішінде сен де жүресің. Тамылжыған ғажайып бір күй ойнаған кеме кереметтей сән-салтанатпен жиекке жақындап келіп тоқтайды, сосын одан түрлі-түсті кілемдер мен алтындатқан асыл жиһазға малынған гүл жасаулы қайық бөлініп шығады. «Сіздер неге келдіңіз? Кімді іздеп жүрсіз?»

– деп сұрайды жағада тұрған жұрт. Со замат сен кайықтан сұлу жүзді қаһарман ханзаданы көресің, ол саған қолын созып түрегеп тұрады. «Амансың ба, Ассоль! – дейді ол. – Осы арадан алыс-алыс жерде жүргенде түсімде сені көрдім, енді, міне, сені өз патшалығыма әкетпекші болып әдейі іздеп келдім. Сен онда өзіммен бірге алтын арайлы алқапта, гүлстан-жайда күн кешесің. Жүрегің не қаласа, соның бәрі қолыңда болады. Екеуміз тату-тәтті, той-думанмен өмір сүреміз, жаның жабығуды, қайғы-қасіретті ұмытады». Ол сені қайыққа отырғызып кемеге әкеледі, сосын сен күн шығып, ай туатын таңғажайып елге, сенің келгеніңе құтты болсын айтам деп аспан жұлдыздары жамырасып жерге түсетін елге барасың.

– Осының бәрі жалғыз маған ба? – деді қыз сыбырлап. Қарияның сөзіне кәміл сенген сәбидің тұңғиық көзінде қуаныш нұры ойнап, жайнап шыға келді. Қатерлі сиқыршы

болса бұлай сөйлемес еді ғой: ол жақындай берді.

– Бәлкім, ол келген шығар, ана кемені айтам-дағы?

– Ол бірден бола қоймайды, – деді Эгль, – әлгіде айттым ғой, әуелі сенің бойың өсіп, бұғанаң қатады. Сосын... соның несін айта берейін? Ол оқиға болады, сонымен іс тәмам. Сен қайтесің сонда?

– Мен бе? – Сәби себетке қарады, бірақ одан шалға тартуға тұрарлық сый таппаған тәрізді. – Мен оны жанымдай жақсы көрер едім, – деді ол асығыс, сосын барып: – Егер төбелеспейтін болса, – деді бәсең.

– Жоқ, төбелеспейді, – деді дуахант көзін қысып, – оның төбелеспейтініне мен кепіл. Бара ғой, қызым, бірақ


 

 

хош иісті арақты екі мәрте жұтып, абақтыға айдалғандар әні жайлы толғанып отырған шақта айтқан сөзімді ұмытпа. Бар енді. Қайда жүрсең да аман бол!

Лонгрен өзінің алақандай бақшасында картоп түбін домбақтап жүр еді. Бойын жазып қараса, Ассоль қуанышы қойнына сыймай, өзіне қарай өкпесі өшіп жүгіріп келе жатыр екен.

– Ана жақтан... – деді ол аптығын баса алмай, әкесінің алжапқышына жабысып жатып. – Мен саған қазір бірдеңе айтам... Ана жақта, алыста, теңіз жағасында сиқыршы отыр... Ол сөзін сиқыршының керемет сәуегейлігінен бастады.

Қызынып алған сәби болған оқиғаны жайымен бипаздап айтып бере алмады. Бұдан кейін ол сиқыршының сырт бейнесін, сосын әңгімені соңынан бастап, қашқан яхтаны қалай қуалағанына дейін сипаттап берді.

Лонгрен қызының сөзін бөлмей, жымиып күлмей, сабырмен тыңдады, ол сөзін бітірген кезде, бір қолында хош иісті арағы, екінші қолында ойыншығы бар бейтаныс шалды көз алдына елестетті. Сосын артына бұрылып қарап, бала өмірінде осындай бір төтенше жайттар ұшырасқан кезде ересек кісілердің оған кәдімгідей маңыз беріп, қайран қалғаны жөн деген өсиетті есіне алды да, маңғаздана басыи изеп, қызын қостай жөнелді:

«Иә, иә, айтуына қарағанда, ол сиқыршы болмағанда кім болады?! Шіркін, соны мен көрер ме ем... Бірақ сен қалаға келер жолы барғаныңда басқа жаққа бұрылып кетіп жүрме: ну орманның ішінде адасып кету қиын емес қой».

Ол күрегін лақтырып тастап, шыбықтан тоқылған аласа шетен түбіне отырып, қызын алдына алды. Жолай әбден шаршап-шалдыққан сәби көрген-білгенінің кейбір сәттерін тағы айтпақшы болып еді, бірақ ыстықтан, жан тебіренісінен қалжырап қалған әлжуаз баланы ұйқы қысты. Көзі жұмылып әкесінің шалқақ кеудесіне басын сүйеді, қас қағымдай енді бір сәтте маужырап ұйықтап та кетер еді, бірақ кенет әлденеге шүбәланғандай қозғалақтап, түрегеп отырды да, титімдей жұдырығын Лонгреннің желетіне тақап, көзі жұмулы күйі:

– Сен қалай ойлайсың, сиқырлы кеме мені әкетуге келе ме, келмей ме? – деді дауыстап.


 

 

– Келеді, қарағым, – деді матрос салмақпен. – Саған солай деген екен, ендеше, бәрі рас, солай болады да.

«Өскесін ұмытып кетеді ғой, – деп ойлады ол. – Ал әзірге... сенен осындай бір алданышты тартып алмай-ақ қояйын. Келешекте сен әлі алқызыл желкенді емес, лас, жыртқыш желкендерді көбірек көрерсің; олар алыстан аппақ, әп-әсем боп көрінеді, жақыннан қарасаң – жырым-жырым және қиямпұрыстау келеді. Көлденең өткен бір жолаушы қызыма ойнап айта салған ғой. Қайтейін, жақсы лебіз – жарым ырыс. Айтса айта берсін. Орманда, тоғайда түске дейін жүрем деп шаршап қапсың ғой. Алқызыл желкендерге келетін болсақ, мен сияқты күдеріңді үзбе: алқызыл желкендерді көресің әлі».

Ассоль алаңсыз ұйқыда. Лонгрен бос қолымен трубкасын алып тартты, жұмсақ жел түтінді шетеннен өткізіп, бақша сыртындағы бұта ішіне айдап кетті. Со бұта түбінде арқасын қораға беріп, пирог жеп, жас тіленші отырған. Әкесі мен қызының сөзі оның көңілін біраз көтеріп тастады, ал темекінің тәтті иісі пайдакүнем немені табан астынан олжалы боп қалуға итермеледі.

– Қожайын, кедей кісіге бір тартым шылым берші, – деді ол қораның сыртынан. – Менің темекім сенің темекіңнің қасында у сияқты,

– Мен саған берер едім-ау, бірақ темекі ана жақ қалтамда,

– деді Лонгрен жайымен. – Ал мен қызымды оятқым келмейді.

– Қап, әттеген-ай! Бірақ оянып кетсе, қайта ұйықтайды ғой, ал көлденең кісі темекіні алады да тартады.

– Қой, олай деме, құр қол отырған жоқсың ғой, баланың әбден сілесі қатып қалыпты. Қаласаң, кейінірек келерсің.

Тіленші жақтырмай шырт түкіріп, дорбасын таяғының басына ілді де, кекете тіл қатты:

– Ханша болар дейсің бе? Теңіздің арғы бетінен келетін кемемен баланың басын қатырып! О, әңгүдік байғұс, сені де қожайын дейді-ау!


 

 

– Әй, жолаушы, – деді сыбырлап Лонгрен, – сенің ана бұқа мойныңды жұлып алу үшін қызымды оятсам ба деп отырмын. Кет, жоғал бұл арадан!

Арада жарты сағат өткен шамада тіленші трактирдегі бір топ балықшының арасына келіп кірді. Олардың сыртын ала қолдары быртиған, қалың қабақты бойшаң әйелдер бірде күйеулерін жеңдерінен тартып қалып, бірде олардың иығына асылып барып, арақ құйылған стақандарды алып, оларды табанда қағып тастап, түк көрмегендей болып отырды. Тіленші өңез өкпесін жасыра алмай, сөзді гөйітті-ай кеп.

– Сонымен, маған темекі бермей қойды. «Сен балиғатқа жеткенде дейді, әдейі қызыл кеме келеді... Сені әкетуге дейді. Өйткені сен ханзадаға ерге шығасың. Ана дуаханттың айтқанына сен дейді». Мен оған «оятсаңшы енді, оят, темекі бер» деймін. Ол мені соңымнан жарты жолға дейін қуды.

– Кім? Не? Нені айтып жатсыңдар! – десті әйелдер жағы елеңдесіп. Балықшылар керенау қимылдап бір қырын отырысып, оларға мән-жайды кекете-мұқата түсіндіріп жатыр.

– Лонгрен қызы екеуі ел көрмей, жабайыланып кетті дей ме, жынданып кетті дей ме, кім білген. Мына кісі бірдеңені көңірсітіп отыр. Олардың үйінде дуахант болған сияқты. Ол екеуі теңіздің арғы бетінен бір ханзада келеді деп күтініп жүрген көрінеді, жеңгетайлар-ау, ауыздарың аңқиып сендер бос қалып жүрмеңдер! Және ол ханзада кемесіне қызыл желкен байлап келеді дейді.

Арада үш күн өткесін, қаладағы дүкеншіден қайтып келе жатып, Ассоль ең бірінші рет:

– Әй, өлмелік! Ассоль! Бері қара! Қызыл желкен жүзіп келеді! – деген дауысты есітті.

Кішкене қыз селк ете түсті де, көзін күннен қолымен көлегейлеп, еркінен тыс теңіз айдынына қарады. Сосын дауыс шыққан жаққа бұрылды. Өзінен жиырма қадамдай жерде үйіріліп бір топ бала тұр екен, олар тілін шығарып, бетін тыржыңдатып мұны мазақ етеді. Қыз бір күрсініп, үйіне қарай жүгіре жөнелді.


 

 

II

 

ГРЕЙ

 

Бір кезде Цезарь: «Римде көптің бірі болғанша, ауылда жұрттың алды болғаным артық» депті ғой, Ал Артур Грэй болса, Цезарьдің осы бір әккі сөзін онша құптамаса керек. Ол анадан капитан болып туды, капитан болуды қалады, кейін со мұратына жетті.


1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 |

Поиск по сайту:



Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.015 сек.)