АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция

X X І Х т а р а у

 

Сағатқа жуық тосуыма тура келді. Жан-жаққа алаңдаумен отырсам да, экипаждан түсіп тротуарға шықсам да «әлі шыққан жоқ екен» деген ойдан арыла алмай қойдым. Осы бәлеге басым байланғалы дәл мұндай қажымаспын. Бір кезде Биче де көрінді-ау. Асығыс келеді екен, мені көре сап, қуана бас шұлғыды. Қолтығынан демеп, жайғастырып отырғыздым да, әлде жалғыз кеткіңіз келе ме деп сұрадым.

– Бәрібір, шаршағаным рас, бірақ, жолшыбай әңгімелесіп барамыз ғой. Сізді енді үйге шақыра алар емеспін, қонақ күтер шамам жоқ тегі.

Өзінін өңі қуқыл тарып, қапа боп отыр. Биче Гез туралы сөз қозғағанша бірер минут үнсіз келе жаттық.

– Есікті тарс бекітіп алды. Одан кейін не болғанын мүлде еске алғам жоқ тіпті. Қорқуын қорыққам жоқ, бірақ әбден ыза болғаным сондай, қаруым болғанда өзім-ақ өлтіретін ем оны. Мені құшақтап сүймек болды. Мен бұлқынып шығып, терезе алдына барғанымда кұтылар жол барын бірден көрдім. Терезе түбінде саты бар екен, ойланбастан секіріп кеттім. Сіздің де дәл сол жерден табылғаныңыз қандай жақсы болды!

– Бірақ мен қолұшын бере алмадым ғой!

– Сол төбе көрсеткеніңіз де жетіп жатыр. Оның үстіне сіз өзіңізді айыптамасаңыз да, күдіктің бетін жеке басыңызға аударуға тырыстыңыз. Сізге дән разымын, Гарвей. Кешқұрым бізге келесіз бе? Қашан кездесетінімізді қазір келісіп алайық. Жетіде кездесейік. Сізбен жүздесіп, әңгімелескім келеді. Кеме жөнінде не білесіз?

–«Толқын перісі», – дедім мен – қолыңызға жуырда тие қоймас, өйткені Синкрайтты да, команданың басқа адамдарын да жауаптау керек қой. Сениэльдердің меншігі


 

 

 


 

 

екенін порт соты анықтап бергенше кеме порттан шығарылмайды, ол үшін Браунмен байланыспай болмайды.

– Менің ұқпайтыным, – деді Биче ойланып, – осынша шым-шытырық бәлелі былыққа қалай ұрынғанымыз. Іңкәр көңілмен жасалған кеме еді бұл. Қаншама ықылас, қамқорлық жасалды. Ақ адал дүние болатын. Осыншама бәлекет жамалғанын, ақыр аяғында Гез, Бутлер және енді қамауға алынғалы отырған Синкрайттың басын жұтқан мына сұмдықты қалай ұмытарсың?!

– Қатты қорықтыңыз ба?

– Жоға. Бірақ, алдында бірер минут бұрын ғана не айтып, не қойғанын білмей тұрған адамның өліп жатқанын көру ауыр екен. Бәлкім, шыны да сол шығар. Міне, біз де кеп қалдық, мына айналмада сол жақтағы анау үйде тұрам.

Фасады аулаға қараған көне тас қақпаға жете беріп экипажды тоқтатып, қызбен қош айтыстым. Жедел басып, ішке еніп бара жатқан кыздың соңынан қарап тұрдым. Қыз бір кезде маған бұрылып тоқтап, алыстан тесіле қарады да, жымиған жоқ. Сонсоң, қажыған қалпы, әлдеқандай ишарат білдірді де, қалың ағашқа еніп кетті, мен қонақүйге қайттым. Сағат екі боп қалған екен. Мені Кук қарсы алды, күн сәулесімен өңі тым салқын көрінді. Өткен түнде жүзінде шалқыған нұры тайған. Неге екенін қайдам, өзі әлденеге қобалжып болмаса ренжулі ме, қалай? Кук менің заттарымды жеткізіп салғанын айтты. Шынында да, қатталған күйі бәрі ретімен тұр екен. Шамадан саңылауына қыстырылған хатты көзім шалып қалды. Конвертті ашып көрсем, Дэзидің хаты екен. «Сүңгуір» бүрсүгүні кері қайтады, оған дейін қоштасатын шығармыз депті қыз, кітаптар үшін рақмет айтып, кешегі қылығы үшін тағы да кешірім сұрапты. «Бірақ, адам күлерлік жағдай болды, – депті соңында. – Сіз, демек, менің көйлегім түстес тағы бір көйлек көрген болдыңыз. Қанша қарапайым болайын десем де, реті келер емес. Әсіре әуестігім бары рас.

Сізге айтар әңгімем көп».

Есіл-дертім Биче болып тұрса да, оған деген ықыласымды бүгінгі алаң көңіл, қораш тірлігім жуып-шайып кеткендей, бір қалыпты өмір ағымы ғана мені сабама түсірмек, сол


 

 

себепті де Дэзидің ақпейілімен жазған мына хаты мені сергітіп тастағандай. Мен оның көңіл әуеніне қарай өзгеріп отыратын ынтызар ашық үнін тағы да естігендеймін. «Сүңгуірге» ертең таңертеңмен бармақ болдым. Осы кезде сазбеттеніп, үн- түнсіз тырнағын тістелеп отырған Кукті көріп қобалжып қалдым, осы бір әдетін суқаным сүймейтін. Көзімізге көзіміз түсіп кетіп еді, бір-бірімізге ұзақ тесіле қарап қалдық, ақыры, Куктың терең бір күрсініп алып, сайтан алғыр деп сөз бастағаны абырой болды. Іш тарта сөйлеп ем, Кук көңілінің хошы болмай отырғанын айтты.

– Сізге өзім туралы айтқанымның бәрі де ақиқат, – деді Кук оттық қорабын мыжғылап отырған күйі, – яғни айтқанда, нағыз, барып тұрған өсекшінің өзімін, тіпті эстетикалық болмысым сондай. Ал, оның үстіне уайымшылмын тағы. Таңғы тамақ үстінде жаңғақ туралы әңгіме болғаны. Біреудің бар жемісін құрт жеп қойса керек. Ал, соның кебі маған келсе ше? Бақтарым бар ғой! Жаңғағым қандай және! Жүрген жерін жылан жалағандай қылатын жегі құрт егер аппақ жаңғағыма түссе не болғаны. Салым суға кетті, енді соның жайын біліп қайтуға үйге баруым шарт. Жаңғағымды құрт жеп жатса қайттім деп әбден мазам кетіп бітті.

Кешке қалың гүл, қаптаған адам, шалқыған музыка, ойын- сауықпен карнавал басталғанда бәрі де ұмытылады дегеніме Кук серпіле қоймады.

– Мен бұған басқаша қараймын, – деді ол, екі қолын артына ұстап, жерден көз алмай, бөлмеде әрлі-берлі жүрген қалпы. – Мынадай бір сурет көз алдымнан кетпейді. Қалың түнек ішінде шұғылалы алаңқайлар бар, олардың ара-арасы қара көлеңке. Көңілді байғұстар көлеңкеден әлгі жарыққа тұра-тұра ұмтылады. Ал, алаңқай дегеніміз құрулы тор. Онда орындықтар қойылған, самала жарық, музыка ойнап тұр және әдемі келіншектер қаптап жүр. Мамыражай вальс қьшпа белдерді құш деп ишарат білдіреді. Шыркөбелек айналған қыпша белдер мен ақ білектер құмарлық отымен шарпиды. Билеп жүргендердің аяқ астында: «Мәңгі ғашықпын!», «Сен ерімсің, мен зайыбыңмын», «Сүйемін де, күйемін де, қол жетпес бақытқа сенемін де!», «Өмір неткен тамаша!»,


 

 

«Ойналық та, күлелік, ал ертеңнен бастап қол ұстасып, өле- өлгенше бір боламын өзіңмен!» деген шұғылалы ұрандар жарқ- жұрқ етеді. Дәл осы кезде әлгі ақ көңіл бишаралардың көлеңкедегі сұлбасын, яғни, сыңарын байқайсыз. Арада он жыл өтті делік. Еститінім тек бір-бірінен әбден мезі болған жандардың ұрыс-керісі, күйбең тірлік, итаршылық, бақай- есеп, өзара иттей ырылдасып жата қап тепкілесіп, бір-бірін бағы күнде пір тұтқан ата-анасының алакөз күйін аңғарып жатқан бала-шағаның қамы. Зайыбы болса терезе алдынан өткен бәзбіреуді ойлап әлек. «Баяғыда менің де басым бос болатын, – деп ойлайды күйеуі, – валъс билегенді өте жақсы көруші ем...» – Айтпақшы, – деп түйді Кук сөзін біраз ұзап барып, батпақ көрген иттей шеңбірек ата дем ала, – сіз Флор Салье жайлы ештеңе естімедіңіз бе? Сан-Риольден келген құйттай актриса ше? Өлік жерлеу бюросының қожайыны Чемпс оны асырап жүрген. Бәлекет Чемпс шағын ғана тамаша барқыт табыт жасаттырып, оған алтын-күміс сылдырмақ толтырып сыйға тартып, Сальенің көңілін тапқан. Оны әйелі біліп қалсын. Міне, сөйтіп...

Куктың шын өсекші екеніне көзім жеткен соң бұдан әрі тыңдап жатпай-ақ, бір тығыз шаруам бар еді деп сылтауратып, қалпағымды қолыма алып, шығып кетіп ем, ізімше ере шыққан ол дәлізді басына көтеріп:

– Қалғанын келгесін айтам! Мұнда тағы бір уақиға бар, оны... Жақсы, жолыңыз болсын! – деп айқайлады соңымнан. Кетіп бара жатып Куктың өткір ысқырығын естіп, оның уайымнан біржола ада-күде болғанын ұқтым. Ендігі ойым, ертеңге қалдырмай, Дэзиді бүгін көру болатын, әйтсе де, шынтуайтқа келгенде, таңертеңгі порт қонақүйіндегі уақиғадан кейін Куктың мылжыңын тыңдауға шыдамым жетпей шығып

кетіп едім.

 

X X Х т а р а у

 

Жолшыбай барып мейманханаға отырдым, терезеден үй шатырларының үстінен теңіздің көгілдір жиегі көрініп тұрды. Тағам мен шарап әкелді. Мен түйсінгенімді тап басып қалатын


 

 

адаммын, кеше ойлағаны болмай қынжылып тұрған Дэзиді сасқалақтап қоя бергенім есіме түскенде өз-өзімнен қысылдым. Болмаса осы бір иманжүзді, ақжарқын қыздың жүрегін әлдеқалай тебірентіп жібердім бе екен? Біздің жағдайымызда менің қамымды қыз көбірек ойлады-ау деп уайымдадым. Таңғы асымды ішіп болған соң, «Сүңгуірді» тауып алдым, тура Дэзи жазғандай, шағын шкуналардың қалың сапында, құйрығын жағалауға беріп, кеден үйіне тақау жерде тұр екен.

Шатырда отырып асүйді сырлап жатқан Больттен үйде кім бар деп сұрадым.

– Дэзи ғана, – деді матрос. – Проктор меи Тоббоганды сіздің ісіңізбен полицияға шақырып кеткен. Басқалар да солармен бірге кеткен. Мен бәрін де біліп алдым! – деп үстеді ол. – Тамаша уақиға! Ең болмағанда күйбеңнен мойнымыз босайтын болды. Дэзи төменде.

Траппен кеменің ішіне ендім. Мұнда төрт есік бар екен, қайсысын қағарымды білмей бөгеліп қалдым.

– Больтсіз бе? – деген қыз даусы естілді. – О кім, кіріңіз! – деді сәлден соң.

Мен дауыс шыққан тұсты бағдарлап, трапқа қарама-қарсы тұрған каютаның есігін қақтым, бұрын-соңды бұған бас сұққан емес ем.

– Есік ашық! – деді қыз даусы.

Аядай бөлмеге кеп кірдім, оң жақтағы кереуеттің тұсын простынямен перделеп қойыпты. Дэзи кереует пен шағын үстелдің арасында отыр. Шашын таранып, шыттай боп киініп алыпты, үстінде кешегі селдір көйлегі, өзі мені көріп қызарып кетті. Мен басқа бір Дэзиді көргендей болдым, ол орнынан атып тұрмады, күлмеді де, тек жылы ұшырай қарады маған.

Үстел үстінде беті ашық кітап.

– Келеріңізді біліп едім, – деді қыз, – Біз болсақ ертең кеткелі жатырмыз. Бүгін елең-алаңмен жүк түсірдік, кеше кеш жатып едім, ұйқым қанбай қалды. Шаршап тұрсыз ғой, өңіңіз салыңқы. Өлген капитанды көрдіңіз бе?

Мен жайғасып отырып, Бутлер екеуміздің барғанымызды айтып бердім, бірақ, Биче жайында ләм-мим демедім. Ашық


 

 

кітапты саусағымен тықылдатып отырып, қыз менің әңгімемді үнсіз тыңдады.

– Қорықтыңыз ба? – деп сұрады қыз тыңдап болған соң. – Ойпырай, не деген сұмдық!

– Мен, тіпті, соны пайымдап та үлгіре алмадым, – деп бұрышта ілулі тұрған қоңыр шашақты сары көйлекті көріп еріксіз жымидым. – Сұмдығы сүмдық... Сырттай қарағанда. Ал, шынтуайтқа келгенде, сұмдық түгі жоқ.

– Неменеге жымиып отырсыз?! – деп дауыстап жіберді Дэзи, менің көйлекті көріп қалғанымды байқап. – Есіңізге түсті ме? Сондағы таң-тамаша болғаныңыз-ай! Енді бұлай әзілдемеске ант еттім. Ақымақшылық-тағы. Мені кешірген шығарсыз?

– Сізге ренжіп бола ма, – дедім шын көңілден, – несіне ренжиін?! Неге екенін қайдам, бір түрлі өзімді кінәлі санадым. Оны өзіңіз де түсінесіз ғой.

– Әлбетте, – деді қыз, – сіздің мейірбан адам екеніңізді бұрыннан білетінмін. Дегенмен, түсіндіре кеткенім жөн болар. Ал, тыңдай беріңіз.

Қыз басын төмен салып, маңдайын таянып отырып қалды, саусақтарының арасынан мұңайып, ойлана қарап отырғанын аңғардым. Сонсоң қолын алған кезде, қыз жүзінде қылықты күлкі ойнады, Дэзи бастан кешкендерін әңгімелеп кетті. Сөйтсе, Тоббоган қабырғаға тақау қалқа аясындағы рулетканы қоршап тұрған ойыншылар тобына барып қосылған екен.

– Әуелі ол үш-ақ ұтыс тігем, сосын бір жерге барып билейміз, тамақтанамыз, көңіл көтереміз деген болатын, – дегенде қыздың өкпе-назы өңінен бірден байқалды, – тек ұта бастауы мұң екен, кеше өзінің қолы сұмдық шықты, ал кетсінші. Ақыры, жарты сағатта шығатын бол дедім, ол мені көршілес кафеге әкеп кішкене үстел басына отырғызды, сонда отырып бір стакан шоколад ішкенше әркім бір қырындап, әбден зықымды шығарды. Мынадай кеште жалғыз тастап кетуі нағыз оспадарлық еді, өйткені, мен де көңіл көтергім келеді, солай емес пе? Жарты сағат өткесін Тоббоганды тағы да алып кетпек болып едім, қарасам өзін адам аяғандай екен. Әлі ұтып жатыр. Оның сөзін естіп, қолды бір-ақ


 

 

сілтегеннен басқа амал қалмады. Енді түні бойы күтіп тұра алмаймын ғой. Жұрттың бізге күле бастағанын көріп, оның екі шекесі қызарайын деді Бұл жақсылықтың нышаны емес- тін. «Дэзи, үйге қайт-тағы, – деді ол жанарында жалыныш бар. – Көрмейсің бе, қол шығып жатыр. Бәрі сенің қамың ғой!» Сол сәтте менің көз алдыма бір сурет келе қалғаны. Кейде қайсы бір көріністердің тура қолмен ұстатқандай көз алдымда тұратыны бар, тіпті, ішінде өзім араласып жүргендей болам. Мен жарық көшелерді жападан-жалғыз аралап жүріп сізге қалай кездесетінімді көз алдыма елестеттім. Тоббоганнан өш алмақ болдым да, қанша қимасам да ол жерден бірте- бірте ұзай бердім, ал, менің мұнымда ешқандай қылмыс жоқ-ау деген ойға бекуім мұң екен «тезірек, тезірек, тезірек!» деп жан ұшырдым. Мұндай батылдық менен сирек шығатын... Қандай маска алсам екен деп жолшыбай қарап келе жаттым. Маңдайшасында жазуы бар ашық тұрған шағын дүкенге кіріп, таңдап та көрдім, бірақ, бәрі де қымбат екен, ақырында дүкенші әйел осы көйлекті көрсетіп арзанға берем дегені. Бұл түстесі екеу екен. Біреуі сатылып қойған боп шықты – оны біреудің үстінен көріп өзіңіздің де көзіңіз жеткен шығар,

– деп үстеді Дэзи. – Жоға, әлденені білмекке құмартып отыр екен деп қалмаңыз! Содан, жолым болмай қойғаны. Ондай да болады екен ғой! Енді ойлап қарасам, масқара! Онда ойымда дәнеңе жоқ, көңілім тоқ болатын. Жарты масканы да сол жерден алдым, ал мына үстімдегі көйлекті сонда тастап кеттім. Айтып отырмын ғой, менде ес жоқ. Сонсоң – әуре-сарсаңға түсейін... Әркім бір қырындай бастасын, енді тайып тұру керек болды. Өйдейт деген! Сырғанақ тепкендей бір заулады дейсіз. Содан алаңға жете беріп, сабама түсіп, шаршағанымды сездім, сол жерде сізді көргенім. Сіз ескерткішке қарап тұр екенсіз. Өтірік айтып не жыным бар еді? Алдында театрда болып, тәйір алсын, үш мәрте билеп те үлгергем. Қысқасы, «жүгермектің жүрмейтін жері бар ма?» дегеннің кері келді! – Дэзи қарқылдап күлді.

– Неде болса, жалғыз кеттім! Сонымен, күйіп-жанған жігіттерімнен қашып шығып, сізге ұшырастым дедім ғой, содан бір әйел тап келіп, маған қолұшын бергені. Оны өзіңіз


 

 

де білесіз. Сосын, қайтып келіп, сіз не дер екен деген ойға кеттім. Не керек, ойдағым болмады. Аяқ астынан өз-өзіме бұрқылдап, іздеп жүріп қонақүйді тауып алайын, келсем біздің адамдар гүл-гүл жайнап, әндетіп отыр, мені көріп мәре-сәре боп қалды. Жолың болғыр Проктор Тоббоганға жатып кеп ашуланып, матростарға мені дереу «Сүңгуірге» жеткізіп салыңдар деп бұйырды. Сенсеңіз, Тоббоган таң алдында келді. Ұтып келіпті. Біз біраз кінәласып алдық. Дегенмен, қазір татуласып кеттік.

– Дэзи қалқам, – дедім мен, күтпеген жерден оның келістіріп айтқан әзіл әңгімесіне көңілім толқып, – сізбен қоштасқалы келіп едім. Ендігі кездескенде дос боп кетеміз әлі. Ал, кездесеріміз хақ. Өзіңіз де мүлде ұмыттырып кетпессіз.

– Ешқашан да, – деді қыз салмақы түрде. – Сіз де маған асқан мейірбаншылық көрсеттіңіз. Сіз сондай...

– Қандай?

– Сіз қайырымды адамсыз.

Орнымнан тұра беріп, қалпағымды түсіріп алып едім, Дэзи алдымен ұмтылды. Бірақ мен бұрынырақ үлгердім де, екеуміздің қолымыз түйісіп қалды.

– Қайтесіз? – дедім майда сөйлеп. – Өзім алам ғой.

Хош болыңыз, Дэзи!

Мен қыздың қолын қалпақтан босатып, оң қолыммен қысып қоштастым. Дэзи көзі мұнарланып, маған тура қадала қарап қалды; сонсоң, кенет мені құшақтай алды, қатты қысып жіберер емес, тұла-бойы дір-дір етеді.

Сонда барып ұқтым бәрін. Балғын қыздың осы бір тәтті қылығына қимастықтан елжіреген мен бетін бауырыма басқан қыздың иегінен көтеріп, оның жасаураған, жалын толы жанарын көргенде құр әзілмен құтылып кетуге дәтім бармады.

– Дэзи! – дедім мен. – Дэзи!

– Иә, Дэзимін, сонсоң? – деп сыбырлады қыз.

– Сіз қалыңдықсыз ғой.

– Құдай-ау, оны өзім де білем ғой! Жарайды, тезірек бара қойыңыз!


 

 

– Сізге болмайды бүйтуге, – дедім тағы да. – Болмайды ғой...

– Жарайды. Енді не істеу керек?

– Әлде бақытсызсыз ба?

– Ой, оны білмедім! Барыңыз енді!

Дэзи бір қолымен мені итеріп, екінші қолымен өзіне қарай тартып жіберер емес. Бетінің қаны қашып, қымсынып, еңсесі басылып қалған қызды қайта орнына отырғыздым, қоштасар сәтте Дэзи жымиып күлуге тырысты. Бұдан әрі шыдай алмай, жалма-жан қыздың қолын сүйіп, тез шығып кеттім. Жоғарыда траппен көтеріліп келе жатқан Тоббоган мен Проктор ұшырасты. Проктор маған мұңайып, қадала қарады.

– Бізге кіріп шықтыңыз ба? – деді ол. – Тергеушіден келе жатқан бетіміз. Жүріп әңгімемізді тыңдаңыз. Іс насырға шапты. Сіздің үшінші дұшпаныңыз Синкрайт абақтыда отыр, матростар да түгел дерлік ұсталды. Несіне асықтыңыз?

– Шаруа бар еді, – дедім мен, – бір минутқа де мұршам болмай тұрғаны. Кейін қалайда бір соғып кетерсіз. – Мекенжайымды бердім. – Хош алам.

– Бара қоям деп айта алмаймын, – деді Проктор ойлы қалпы теңізге көзін сүзе қарап. – Егер сіздің қолыңыз босай қалса... Десе де, – деп қолайсызданып барып сабақтады сөзін, – ойланып жататын не бар? Ертең таңертең кетеміз. Біз сөйлесіп жатқанда, Тоббоган сырттап, теріс қарап тұрған, қабағы қатулы. Оның балаша бұртиып, ә дегеннен

ашық жауығып тұрғаны қытығыма тиген соң:

– Тоббоган, мен сіздің қолыңызды қысып, алғысымды айтқалы келдім, – дедім.

– Қайдам, қажет пе екен сол, – деді ол зорға, менің көзіме тік қарауға тырысып. – Бұл жөнінде менің пікірім басқаша.

Бәріміз үнсіз қалдық, себебі айтпаса да түсінікті еді. Менің қалім қиындайын деді.

– Хош болыңыз, Проктор, – деп шкипердің екі қолын бірдей қысып ем, осы бір ыңғайсыз жағдайдан құтылғанына оның да дән разы екенін қол алысынан сезе қойдым. Тоббоган мойын бұрмастан кете барды. – Хош болыңыздар! Жаңа


 

 

ғана Дэзимен қоштасып шықтым. Мені құтқарғандарыңыз үшін екеуіңізге де алғыстан басқа айтарым жоқ, жақсылықтарыңызды ұмытпаспын.

– Бұныңызға жол болсын, – деді Проктор. – Осыған да кісі алғыс айта ма екен? Кімге болсын қолұшын беруге әзірмін. Тоббоганның сөзі не, өзі не? Не айтып, не қойғанын өзі де білмейді.

– Иә, не айтып тұрғанын өзі де білмейді.

– Әне, көрдіңіз бе! – Тегі, Проктордың көңілінде күдігі болса керек, мына сөзімді кәдімгідей ұнатып қалды. – Пенде баласы қауысып та, кайырласып та жатады. Солай емес пе?

– Әрине.

Оның қолын тағы бір қысып, мен жөніме кеттім. Соңымнан Больт қуып жетті.

– Менімен қоштасуды да ұмытып кеттіңіз ғой, тегі, – деді ол жайдары қалпы, қолына жұққан сырды тізесіне сүртіп тұрып. Қолдасып амандасқан соң: – Айып етпеңіз, сізге қолайсыз екенін ұқтым, бірақ та. Енді қалай, жағдай болса мынадай! Сау болыңыз, жолыңыз болсын! – деп үстеді тағы да.

Кепкасын бұлғай қоштасып, ізінше қайта жүгіре жөнелді. Әбден қапа болып, қамкөңіл қалпым, бағыт-бағдарсыз, басымның ауған жағына қарай кете бардым. Дүниеде бір адамның көңіліне қаяу салғым келмесе, ол – Дэзи болатын. Байқамай, басы артық сөз айтып қалмадым ба деп те ойладым, қыздар ондайға мән бергіш-ақ. Желпіп еткен самал желдей әсер ететін ол маған, керек десе, кеңес құрған министрлерді де жағалай желпіп өтіп, сіздерге бөгет болмадым ба деп еменжарқын сұрай алатындай көрінуші еді маған. Бірақ осынау дүниенің оқта-текте өз перзенттерін ойсыз-қамсыз бетімен жіберетін мінезі-ай, ол ол ма, сол перзенттер иткөйлегінің етегін аузына тістеген қалпы қорқасоқтап өмір төрінен бір-ақ шығатыны және бар-ау деп ойлағаннан басқа өз еркімнен бөлек, жадымнан тысқары бұл қызға не баса ден қояр, не жүрек лүпілдетер күй болған жоқ менде. Әлгі бір құштар күйі өткінші шығар, байырғы күндер ағымына бір түскен соң еске алса оған өзі де күлетін болар


 

 

дедім. Әйтсе де, мені састырған сол бір ерке қылығы, маған деген сенімі, үнсіз іңкәрлық, құштар көңіл оятқан назы үшін оған тәнті едім.

Көңілім жабыңқы, қажып келем, әлі кісі аяғы сирек көшелерді кезіп титықтаған соң киімімді ауыстырғалы қонақ үйге тарттым. Келсем, Кук жоқ. Қағаз жазып қалдырған екен, бүгін кеште болуға лайық жерлерді түгел тізіпті, қажет болсам сол ескерткіш қасындағы орындықтан табасың депті. Бір сағат уақытым бар еді, Гель-Гьюде не болғанын қысқаша баяндап, Филатрға хат жазғаным табылған ақыл болды. Қонақүйден шығып, жолшыбай хатымды жәшікке салдым да, сағат жетіде, күн бата Биче Сениэльде болдым.

 


1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 |

Поиск по сайту:



Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.016 сек.)