АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция

Булгакова Д.А. 9. Внеурочная деятельность школьников

Читайте также:
  1. Булгакова Д.А.
  2. Модернистские тенденции и формы условной образности в литературе первой половины ХХ века. Повести и романы М.А.Булгакова.
  3. Роман М. Булгакова «Мастер и Маргарита». Сочетание конкретно-исторической и гротескно-фантастической образности.
  4. Сатира в романе Булгакова (Мастер и Маргарита».

9. Внеурочная деятельность школьников. Методический конструктор:

пособие для учителя / Д.В. Григорьев, П.В. Степанов. – М.: Просвещение, 2010.

10. Воспитательная деятельность педагога: учеб. Пособие для студ. высш.

учебн. заведений /[И.А.Колесникова, Н. М. Борытко, С. Д. Поляков, Н. Л. Селиванова]; под общ. ред. В. А. Сластенина и И.А.Колесниковой.-3-е изд., стер. - М.: Издательский центр «Академия»,2007.-336.- (Профессионализм педагога)

11. Концепция духовно-нравственного развития и воспитания личности

гражданина России / А.Я. Данилюк, А.М. Кондаков, В.А. Тишков. – М.: Просвещение, 2009.

Дополнительная литература:

    1. Афонина Г.М. Педагогика: курс лекций и семинарские занятия /Под ред. О.А. Абдуллиной. – 2 е изд.: Учеб. пособие для студ. Пед. инст-тов. – Ростов на Дону: Феникс, 2002. - 512 с. – (МОРФ).
    2. Борытко Н.М. Диагностическая деятельность педагога: Учеб. пособие для студ. высш. учеб. заведений – М.: Издательский центр «Академия», 2008. – 288с.
    3. Введение в педагогическую деятельность: учеб. пособие для студ. высш. пед. учеб. заведений /А.С. Роботова Т.В., Леонтьева, И.Г. Шапошникова и др,; Под ред. А.С. Роботовой.- М.: Издательский центр «Академия», 2002,-208с. (УМО вузов РФ.)
    4. Воронов, В.В. Педагогика школы в двух словах. Конспект-пособие для студ. – педагогов и учителей/ В.В. Воронов. - М.: Педагогическое общество России, 2001.-192с.
    1. Воспитательная деятельность педагога: Учеб. пособие для студ. высш. учеб. заведений / И.А. Колесникова и др. – М.: Издательский центр «Академия», 2005. – 336с.
    2. Гриценко Л.И. Теория и методика воспитания: личносо-социальный подход: Учеб. пособие для студ. высш. учеб. заведений - М. Издательский центр «Академия», 2005. -240 с.
    3. Маленкова Л.И. Теория и методика воспитания: Уч.пособие. - М.: Педобщество России, 2002. – 480с.
    4. Мардахаев Л.В. Социальная педагогика: учеб-к.-М.:Гардарики,2006.-269 с.
    5. Рожков М.И., Байбородова Л.В. Теория и методика воспитания: Учеб. пособие для студ. высш. учеб. заведений - М.: Изд-во ВЛАДОС-ПРЕСС, 2004. -384 с.
    6. Селевко Г.К. Воспитательные технологии. – М.: НИИ школьных технологий, 2005.- 320с.
    7. Холостова Е.И. Практикум по социальной работе.-2-е изд.- М.: Издательско-торговая корпорация «Дашков и К», 2007.- 296с.

 

Булгакова Д.А.

Мемлекет және құқық теориясы: оқу құралы

17 тақырып. Әлеуметтік нормалар жүйесіндегі құқық

18 тақырып. Құқық жүйесі

19 тақырып. Тұлға, құқық, мемлекет

20 тақырып. Құқықтың қайнар көздері

21 тақырып. Құқық нормалары

22 тақырып. Құқықшығармашылық

23 тақырып. Заңнаманы жүйелеу

24 тақырып. Құқықтық қатынастар

25 тақырып. Құқықты жүзеге асыру

26 тақырып. Құқық нормаларын түсіндіру

27 тақырып. Құқықтық мінез-құлық

28 тақырып. Құқықбұзушылық және заңды жауапкершілік

29 тақырып. Құқықтық сана және құқықтық мәдениет

30 тақырып. Заңдылық және құқықтық тәртіп

31 тақырып. Қоғамның құқықтық жүйесі

32 тақырып. Құқықтық реттеу механизмі

 

17 тақырып. ӘЛЕУМЕТТІК НОРМАЛАР ЖҮЙЕСІНДЕГІ ҚҰҚЫҚ

 

1. Әлеуметтік және техникалық нормалар.

2. Құқық пен моральдың арақатынасы.

3. Құқық және діни нормалар.

4. Құқық және корпоративтік нормалар.

5. Құқық және әдет-ғұрып.

 

1. Әлеуметтік және техникалық нормалар. Қоғам реттеушіліксіз өмір сүре алмайды, ол дегеніміз адамдардың өмір сүрудің әртүрлі салаларындағы жүріс-тұрысын ретке келтіру. Реттеу нормалардың көмегімен жүзеге асырылады, ал нормалар, өз кезегінде, техникалық және әлеуметтік болып бөлінеді.

Техникалық нормалар–бұл адамдардың еңбек құралдарын және табиғат заттарын дұрыс қолдануының ережелері. Мысалы, техникалық нормаларға мыналар жатады: белгілі бір құрылыс жұмыстарын орындау ережелері, шикізатты қолану ережелері, мемлекеттік стандарттар, техникалық жағдайлар. Техникалық нормалар төмендегідей ерекшеліктерге ие: а) бұл жердегі реттеу пәні тек әлеуметтік сипатта емес; ә) «субъектілікң құрамы тек адамдармен ғана емес, сонымен қатар сыртқы әлеммен, табиғатпен, техникамен де байланысты.

Әлеуметтік нормалар–бұл қоғамдық қатынастарды реттеуде қолданылатын жүріс-тұрыс ережелері. Оларға құқықтық, моральдық, діни, саяси, эстетикалық, әдет, корпоративтік нормалары жатады. Әлеуметтік нормалар келесі ерекшеліктерге ие: а) бұл жердегі реттеу пәні тек әлеуметтік сипатта болады, ол–қоғамдық қатынастар; ә) «субъектілікң құрамы әлеуметтік саланың өкілдері ретіндегі адамдармен ғана байланысты.

Техникалық және әлеуметтік нормалар өзара тығыз байланыстылықта болады. Нақты айтқанда, қоғам үшін маңызды техникалық нормаларды мемлекет пен құқық қолдайды, нәтижесінде олар белгілі бір заңды салдарды туындататын, жалпыға міндетті техникалық-заңды жүріс-тұрыс ережелеріне айналады. Мысалы, қылмыстық заңнама құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу әрекеттері үшін жауапкершілікті көздейді.

 

2. Құқық пен моральдың арақатынасы. Мораль–бұл адамдардың жүріс-тұрысын жақсылық пен жамандық, әділеттілік пен әділетсіздік тұрғысынан реттейтін нормалар мен қағидалардың жүйесі. Құқық–бұл мемлекетпен орнықтырылған және қамтамысыз етілетін, қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған жалпыға міндетті, формальды анықталған заң нормаларының жүйесі.

Құқық пен моральдың ортақ белгілері:

1) әлеуметтік нормалар жүйесінде олар қоғамға ең кеңінен таралған, кешенді нормалар болып табылады;

2)олардың реттеу объектісі біреу–қоғамдық қатынастар;

3) олар түп негізінде қоғамның өзінен туындайды.

Құқық пен моральдың арасындағы айырмашылықтар төмендегідей:

1) пайда болуы бойынша: егер мораль қоғаммен бірге пайда болса, құқық мемлекетпен бірге пайда болады;

2) көріну нысаны бойынша: мораль қоғамдық қатынастардан көрініс тапса, құқық жазбаша нысандағы арнайы нормативтік актілерден көрініс табады;

3) әрекет ету саласы бойынша: мораль барлық қоғамдық қатынастарды реттей алады, ал құқық аса маңызды және өзі реттей алатын қоғамдық қатынастарды ғана реттейді;

4) күшіне ену мерзімі бойынша: моральдық нормалар олардың түсіну барысында күшіне енсе, құқықтық нормалар нақты анықталған мерзімде күшіне енеді;

5) қамтамасыз ету тәсілі бойынша: моральдық нормалар қоғамдық әсер ету шараларымен қамтамасыз етілсе, құқықтық нормалар мемлекеттік әсер ету шараларымен қамтамасыз етіледі;

6) бағалау негізі бойынша: моральдық нормалар қоғамдық қатынастарды жақсылық пен жамандық, әділеттілік пен әділетсіздік тұрғысынан реттесе, құқықтық нормалар оларды заңдылық пен заңсыздық, құқыққа сәйкестік пен құқыққа қайшылық тұрғысынан реттейді.

 

3. Құқық және діни нормалар. Діни нормалар деп әртүрлі діндермен орнықтырлған және осы дінге сенуші тұлғаларға міндетті болып табылатын ережелерді атайды. Олар әртүрлі діни кітаптарда көрініс тапқан: Құранда, Інжілде, Тәуратта, буддистердің діни кітаптарында және т.б. Бұл нормалар діни бірлестіктердің ұйымдастырылуының және қызмет етунің тәртібін анықтайды, діни рәсімдерді орындау, шіркеулік қызмет тәртіптерін реттейді.

Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, бірқатар дәуірлерде діни нормалар заңды сипатты иеленіп, кейбір мемлекеттік, саяси, азамттық-құқықтық, отбасы-некелік және т.б. қатынастарды реттеген. Қазіргі кездегі бірқатар ислам мемлекеттерінде Құран мен Сүннет мұсылмандардың өмірінің барлық салаларын реттейтін діни, құқықтық және моральдық нормалардың негізі болып табылады.

Діни ұйымдар орнықтырған нормалар бірқатар қатынастарда қолданыстағы құқықпен тығыз байланысқа түседі. Мысалы, Конституция әрбір адамға ар-ождан бостандығын, кез-келген дінге еркін түрде сену құқығын кепілдей отырып, діни ұйымдардың қызметінің құқықтық негізін бекітеді. Діни бірлестіктерге заңды тұлға мәртебесі берілуі мүмкін. Олар шіркеулерге, оқу орындарына иелік етуге құқылы.

 

4. Құқық және корпоративтік нормалар. Корпоративтік нормаларға мүшелікке негізделген еркін қауымдастықтардың, кәсіптік одақтардың партиялардың жарғылары мен басқа да құжаттарында бекітлген нормалар, сонымен қатар, кооперативтік және коммерциялық ұйымдардың жарғыларында бекітілген нормалар жатады.

Қорпоративтік нормалар мен құқықтық нормалардың ұқсастығы олардың екеуінің де белгілі бір ресми тәртіппен қабылданған жазбаша құжаттарда бекітілуінен байқалады. Ал корпоративтік нормалардың құқықтық нормалардан айырмашылығы–олар өздеріне сәйкес ұйымдардың мүшелерінің ғана еркі мен мүдделерін білдіреді және солар үшін ғана міндетті болып табылады. Корпоративтік нормаларды бұзушыларға ұйымның жарғысында көзделген әсер ету шаралары қолданылады.

 

5. Құқық және әдет-ғұрып. Әдет ретінде күнделікті қалыптасқан әрекеттердің нәтижесінде қалыптасқан ережелерді атайды. Ұзақ уақыт бойы өмір сүруінің нәтижесінде оларды сақтау әдетке айналған нормалар әдет нормалары деп аталады.

Құқық өз өмір сүруі барысында құқықтық нормаларға көпшіліктің әдетті түрде бағынуына негізделеді (заңдарды сақтау әдеті). Кейбір жағдайларда санкцияланған әдет құқықтың қайнар көзі болып табылады.

 

 

18 тақырып. ҚҰҚЫҚ ЖҮЙЕСІ

 

1. Құқық жүйесінің түсінігі.

2. Құқықтық реттеу пәні мен әдісі құқық нормаларын салаларға бөлу негіздері ретінде.

3. Құқық саласы.

4. Құқық институты.

 

1. Құқық жүйесінің түсінігі. Құқық жүйесі–бұл құқықтың өзінің құрылымы, оның салаларға, институттарға бөлінуі. Құқықтың жүйелік құрылымы оның белгілі бір байланыстағы көптеген элементтерден құралған біртұтас құрылым екендігін білдіреді.

Құқық жүйесінің негізгі сипаттары:

1) оның алғашқы элементі болып құқық нормалары табылады, олар, өз кезегінде, біріге отырып, ірі құрылымдарды–институттарды, салаларды құрайды;

2) оның элементтері бір-біріне қайшы келмейді, іштей үйлескен, тығыз байланыстылыққа ие; бұл құқық жүйесінің тұтастығын қамтамасыз етеді;

3) ол әлеуметтік-экономикалық, саяси, ұлттық, діни, мәдени, тарихи факторлармен тығыз байланысты;

4) ол объективтік сипатқа ие, себебі, объективтік сипаттағы қатынастарға тәуелді және адамдардың субъективтік қалауы бойынша қалыптасуы мүмкін емес.

 

2. Құқықтық реттеу пәні мен әдісі құқық нормаларын салаларға бөлу негіздері ретінде. Құқық нормаларын салаларға бөлу үшін екі негізді басшылыққа алады: құқықтық реттеу пәні мен әдісін.

Құқықтық реттеу пәні–бұл құқық реттейтін қоғамдық қатынастар. Ол басты негіз болып табылады, себебі, қоғамдық қатынастар объективтік түрде қалыптасады және олардың белгілі бір сипаты сәйкес құқықтық нысандарды талап етеді. Мысалы, еңбек қатынастары еңбек құқығының, ал отбасы қатынастары отбасы- неке құқығының реттеу пәні болып табылады.

Қосымша негіз болып құқықтық реттеу әдісі табылады. Егер пән құқықтың нені реттейтініне жауап берсе, әдіс оның қалай реттейтінін көрсетеді.

Құқықтық реттеу әдісі–бұл олардың көмегімен біртектес қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу жүзеге асырылатын заңды құралдардың жиынтығы. Құқықтық реттеудің төмендегідей негізгі әдістері болады:

1) императивтік–бұл тыйымдарға, міндеттерге, жазаларға негізделген биліктік ережелер, субординация әдісі;

2) диспозитивтік– рұқсат етуге негізделген, тараптардың теңқұқылығы, координация әдісі;

3) марапаттаушы–белгілі бір жақсы жүріс-тұрыс үшін марапттаау әдісі;

4) ұсынушылық–мемлекет пен қоғам үшін тиімді жүріс-тұрысты жүзеге асыруға кеңес беру әдісі;

 

3. Құқық саласы– бұл белгілі бір қоғамдық қатынастар түрін (саласын) реттейтін заң нормаларының жиынтығы.

Құқық саласының белгілері;

әрбір саланың өз пәні болады;

әрбір саланың өз заңнамасы, яғни, дербес кодекстері болады;

құқық субъектілерінің құқықтық жағдайын реттейтін, құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру тәсілдерін және құқықтық нормаларды жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттік-құқықтық шараларды орнықтыратын ерекше заңды режимі болады.

Құқық салаларының түрлері:

1) негізгі салалар; бұлар басты құқықтық режимдерді қамтиды, жалпы алғанда, құқық салаларының жүйесінің ең басында конституциялық құқық, одан кейін материалдық құқықтар–азаматтық, қылмыстық, әкімшілік құқықтар және оларға сәйкес іс жүргізушілік салалар–азаматтық іс жүргізушілік, қылмыстық іс жүргізушілік және әкімшілік іс жүргізушілік құқықтары орналасқан;

2) арнайы салалар; бұларда құқықтық режимдер қоғамның ерекше сфераларына бағытталған: еңбек құқығы, жер құқығы, қаржылық құқық, әлеуметтік қамтамасыз ету құқығы, отбасы құқығы, түзеу-еңбек құқығы;

3) кешенді салалар; бұларға негізгі және арнайы салалардың әртүрлі институттарының бірігуі тән: шаруашылық құқық, аграрлық құқық, экологиялық құқық, сауда құқығы, прокурорлық қадағалау, теңіз құқығы.

 

4. Құқық институты–бұл қоғамдық қатынастардың белгілі бір түрін (тобын) реттейтін заң нормаларының жиынтығы. Құқық институты–заң нормаларының құқық саласына қарағанда аз жиынтығы. Әрбір құқық саласында бірқатар институттар болады. Мысалы, еңбек құқығында–еңбек тәртібі институты, жалақы институты, азаматтық құқықта–ескіру мерзімі институты, өкілдік институты және т.б.

Белгілі бір нормалар жиынтығының нақты бір құқықтық инстиутты қалыптастыруының заңды негізі болып үш белгі табылады: 1) құқықтық нормалардың заңды теңдігі; 2) қоғамдық қатынастарды реттеудің толықтығы; 3) құқықтық институтты құраушы нормалардың заңдар мен басқа да нормативтік-құқықтық актілердің тарауларында, бөлімдерінде және басқа да құрылымдық бірліктерінде жинақталуы.

 

 

 

19 тақырып. ТҰЛҒА, ҚҰҚЫҚ, МЕМЛЕКЕТ

 

1. Тұлғаның құқықтық мәртебесі.

2. Мемлекет пен құқықтың арақатынасы.

3. Экономика, саясат пен құқықтың арақатынасы.

 

1. Тұлғаның құқықтық мәртебесі–бұл субъектінің қоғамда заңды түрде бекітілген жағдайы. Құқықтық мәртебе тұлғаның іс жүзіндегі (әлеуметтік) мәртебесін, оның қоғамдағы нақты жағдайын бекітеді. Құқықтық мәртебе дегеніміз субъектілердің құқықтары мен міндеттерінің, сонымен қатар, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың өз әлеуметтік рөлдерін орындауға бағытталған өкілеттіктерінің конституция мен заңнамада танылған жиынтығы.

Құқықтар мен міндеттер құқықтық мәртебенің негізін құрайды. Құқықтық мәртебенің құрылымы төмендегідей элементтерден құралған:

құқықтар мен міндеттер;

заңды мүдделер;

құқықсубъектілік;

азаматтық;

заңды жауапкершілік;

құқықтық қағидалар.

Құқықтық мәртебе жалпы, арнайы және жеке-дара болып бөлінеді. Жалпы мәртебе–бұл тұлғаның мемлекет азаматы ретіндегі Конституцияда бекітілген мәртебесі. Ол барлық азаматтар үшін бірдей болып табылады. Арнайы мәртебе азаматтардың белгілі бір санаттарының (студенттердің, соғысқа қатысушылардың, зейнеткерлердің және т.б.) жағдайының ерекшеліктерін бекітеді, олардың арнайы функцияларды жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Жеке-дара мәртебе жекелеген тұлғаның ерекшеліктерін (жыныс, жас, отбасы жағдайы, лауазым және т.б.) көрсетеді және тұлғаның жеке дараландырылған құқықтары мен міндеттерін білдіреді.

 

2. Мемлекет пен құқықтың арақатынасы. Мемлекет және құқық теориясында осы уақытқа дейін мемлекет пен құқықтың арақатынасы туралы басты екі бағыт орын алған.

Біріншісі–этатистік; бұл бағыт мемлекеттің құқыққа қарағанда артықшылығын таниды, құқық мемлекеттің қызметінің өнімі, оның жалғасы ретінде қарастырылады.

Екінші бағыт табиғи-құқықтық көзқарастар негізінде пайда болды және құқықтың мемлекетке қарағанда артықшылығын бекітті.

Алайда, аталған мәселеге қатысты үшінші бағыт та бар, бұл бағыт жоғарыда аталған екі бағыттың көзқарастарын өзіне үйлестіре білген. Бұл теорияны жақтаушыларды алғашқы орынның мемлекет пен құқықтың қайсысына тиесілі екендігі қызықтырмайды, олар мемлекет пен құқықтың бір-бірінсіз өмір сүре алмайтындығына, яғни, олардың арасында функционалдық байланыстың бар екендігіне назар аударады. Бұл бағыт біржақтылықты болдырмауға, құқықтың мемлекетке не беретінін түсінуге және мемлекеттің құқықты қамтамасыз етудегі шынайы рөлін анықтауға мүмкіндік береді.

Мемлекеттің құқықты қамтамасыз етудегі рөлі мыналардан көрінеді:

1) құқықшығармашылық қызметті жүзеге асырудан. Тура мағынада бұл мемлекеттің құқық нормаларын орнықтыратынын білдіреді;

2) тіккелей мемлекеттік емес сипаттағы нормаларды мемлекеттің санкциялауынан. Мысалы, мұсылман құқығының қалыптасуы мемлекеттің мұсылмандық доктрина нормаларын санкциялауымен сипатталды;

3) іс жүзінде қалыптасып қойған қатынастарды жүріс-тұрысты заңды міндетті реттеуші ретінде тануынан. Мысалы, әдет құқығы осылай қалыптасады;

4)құқықты жүзеге асыруды қамтамасыз етуден. Құқықты пайдаланудың мемлекетсіз жүзеге асырылуы мүмкін емес;

5) мемлекет құқықты және құқықтық қатынастарды қорғауды қамтамасыз етеді;

6) мемлекет құқықтың әлеуметтік кеңістікке таралуына жәрдемдеседі, яғни, қоғамдық қатынастардың қатысушыларын құқыққа сәйкес әрекет жасауға міндеттейді.

Құқықтың мемлекетке әсері мыналардан көрініс табады:

1) құқық мемлекеттің халықпен, жекелеген тұлғамен өзара қарым-қатынастарына әсер етеді; мемлекет азаматтарға құқықтық талаптар шегінде әсер етеді, ал азаматтар, өз кезегінде, мемлекетке құқықтың көмегімен әсер етеді;

2) құқық мемлекеттің қызметін заңдастырады, мемлекеттің қорғау және мәжбүрлеу шараларының рұқсат етілуін қамтамасыз етеді;

3) құқық арқылы мемлекеттің қызметінің шектері, азаматтардың жеке өміріне араласудың шектері анықталады;

4) құқық ұлттардың ерекше мүдделерін қамтамасыз етеді, осы арқылы мемлекеттік биліктің ұлттармен қарым-қатынасына әсерін тигізеді;

5) құқықтық нысан мемлекеттік аппараттың қызметіне бақылау жүргізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді, осы арқылы мемлекеттің халық алдындағы жауапкершілікті әрекеттерінің заңды кепілдіктерін бекітеді;

6) құқық басқа мемлекеттермен, жалпы әлемдік қауымдастықпен байланыс тілі рөлін атқарады.

 

3. Экономика, саясат пен құқықтың арақатынасы. Экономика–бұл өндірістік қатынастардың жиынтығы, нақты қоғамдағы өндіріс тәсілдері. Саясат–бұл таптар, партиялар, ұлттар арасындағы билік мәселесіне қатысты мемлекет пен халық арасындағы қатынастарға сипаттама беретін қоғамды басқару өнері. Құқық–бұл мемлекетпен орнықтырылатын және қамтамасыз етілетін, қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған, жалпыға міндетті, формальды анықталған заң нормаларының жүйесі.

Аталған түсініктердің өзара арақатынасына қатысты екі негізгі бағыт бар. Бірінші бағытқа сәйкес, бұл түсініктердің арасында ешқайсысы артықшылық сипатты иеленбейді. Қоғамдық қатынастардың, оның ішінде өндірістік, құқықтық және саяси қатынастардың, дамуы мен әрекет етуінің алғашқы факторлары болып адамдардың мүдделері табылады. Бұл жерде құқықтың экономикадан басымдығы туралы айтуға болады. Мысалы, буржуазиялық революциялар дәуірінде Батыс Еуропада алдымен заңдар қабылданатын, содан кейін барып олардың негізінде жаңа экономикалық қатынастар қалыптасатын. Алайда, кейбір кездері керісінше да болады: алдымен мүдделер жаңа өндірістік қатынастарда жүзеге асырылып, содан кейін барып құқықта бекітілуі мүмкін. Бұл жерде экономиканың құқықтан басымдығы жөнінде айтуға болады. Ал саясат аталған екі құбылысты байланыстырушы болып табылады.

Екінші бағытқа сәйкес, экономика құқық пен саясатты анықтайды. Құқық пен саясат базиске тәуелді болып келеді. Алайда, бұл басымдық рөл тек ақыр соңында ғана байқалады, себебі, құқық пен саясат экономикаға негізделе отырып, өндірістік қатынастардың дамуын ынталандыру немесе оларға кедергі жасау арқылы оған кері әсер етуі де мүмкін. Саясат бұл жерде де құқық пен экономиканы байланыстырушы болып табылады.

 

20 тақырып. ҚҰҚЫҚТЫҢ ҚАЙНАР КӨЗДЕРІ

 

1. Құқықтың қайнар көздерінің түсінігі және түрлері.

2. Нормативтік актілердің түсінігі жән түрлері.

3. Заңдардың түсінігі, белгілері және түрлері.

4. Нормативтік актілердің күші.

 

1. Құқықтың қайнар көздерінің түсінігі және түрлері. Позитивтік құқықтың өзіне тән белгісі болып оның формальды сипаты табылады. Оны құрайтын нормалар заңдарда немесе мемлекетпен танылатын басқа да қайнар көздерде көрініс тапқан жағдайда заңды, жалпыға міндетті болып танылуы мүмкін.

Құқықтың қайнар көздері–бұл құқық нормаларының бекітілу және көрініс табуының мемлекет шығарған немесе ол таныған ресми-құжаттық нысандары, оларға заңды, жалпыға міндетті мағына беру.

Құқықтың қайнар көздеріне ресми сипат тән, оларды мемлекет таниды; бұлар ондағы нормаларды мемлекеттің қолдаудын қамтамасыз етеді. Құқықтың қайнар көздеріне ресми сипат екі жолмен беріледі:

1) құқықшығарсашылық жолы арқылы; бұл жағдайда нормативтік құжаттарды құзіретті мемлекеттік органдар қабылдайды, яғни, тікелей мемлекет шығарады.

2) санкциялау жолы арқылы; бұл жағдайда мемлекетік органдар белгілі бір түрде әлеуметтік нормаларды (әдет-ғұрып, корпоративтік нормалар) қолдап, оларға заңды күш береді.

Құқықтың қайнар көздерінің түрлері:

1. Нормативтік заң актілері– бұл құзіретті мемлекеттік орган қабылдайтын, құқық нормаларынан құралған және белгілі бір қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған ресми құжаттар. Оларға Конституция, заңдар мен заңға сәйкес актілер жатады.

2. Санкцияланған әдет нормалары–бұл адамдардың санасынан орын алған және көп рет қолданылуының нәтижесінде әдетке айналған, тарихи қалыптасқан жүріс-тұрыс ережелеріне мемлекеттің жалпыға міндетті мән беріп, оларды орындауды өзінің мәжбүрлеу күші арқылы кепілдеуі. Әдет-ғұрып нормаларына заңды мағына беретін мемлекет санкциясы екі түрлі жолмен беріледі: а)нормативтік актілерде әдет нормаларына сілтеме жасау арқылы; ә)оларды сот шешімдерінде және басқа да мемлекеттік органдар актілерінде іс жүзінде тану арқылы.

3. Заңды прецедент– бұл ұқсас істерді шешуде басшылыққа алынатын және жалпыға міндетті заңды мағынаны иеленетін нақты бір заңды істі шешудегі соттық немесе әкімшілік шешім.

4. Нормативтік шарт–бұл екі немесе одан да көп субъектілердің жалпыға міндетті заң нормаларынан құралған кеілісімі.

5. Құқықтың жалпы қағидалары–бұл құқықтық жүйенің негізгі бастамалары. Мысалы, заңнамалық норма, міндетті прецедент немесе әдет нормасы болмаған жағдайда заңгерлер әділеттілік, ар-ождан, құқықтың әлеуметтік бағыттылығ қағидаларына негізделуі мүмкін (Грецияның, Испанияның, Ауғаныстанның Азаматтық кодекстері).

6. Діни мәтіндер–бұлар, әсіресе, мұсылмандық құқыққа тән. Ең алдымен, бұл Құран мен Сүннет. Құран–бұл Алланың сөздері, өсиеттері және ақылдарының жиынтығы түріндегі қасиетті кітап; Сүннет–бұл Мұхаммед Пайғамбардың өмірін сипаттайтын жинақ.

 

2. Нормативтік актілердің түсінігі және түрлері.Нормативтік заңды актілер– бұл құзіретті мемлекеттік орган қабылдайтын, құқық нормаларынан құралған және белгілі бір қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған ресми құжаттар.нормативтік актілерді нормашығарушылық құзіретке ие органдар қатаң анықталған тәртіп бойынша қабылдайды. Заңды күшіне қарай барлық заң актілері екі топқа бөлінеді: заңдар мен заң актілері.

Заң–бұл заң шығарушы билік органы немесе референдум арқылы ерекше тәртіпте қабылданған, халықтың еркін білдіретін, жоғары заң күшіне ие және маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін нормативтік акт.

Заңға сәйкес актілер–бұл заң нормаларынан құралған, заңдардың негізінде және оларды орындау мақсатында қабылданған актілер. Оларға мыналар жатады:

1) Президенттің құзіреті шегінде қабылданған жарлықтар мен өкімдер;

2) Парламенттің құзіреті шегінде қаабылданған қаулылар мен өкімдер;

3) мемлекеттік аумақтық және жергілікті органдардың (өкілдік органдар мен әкімшілік органдар) актілері–мемлекеттік билік пен басқарудың аумақтық органдары немесе жергілікті өзін-өзі басқару органдары қабылдайды және осы аумақта өмір сүріп жатқан барлық тұлғаларға таралады;

4) ведомстволық актілер–белгілі бір органның құзіреті шегінде қабылданады және осы ұжымның мүшелеріне ғана таралады.

 

3. Заңдардың түсінігі, белгілері және түрлері. Заң–бұл заң шығарушы билік органы немесе референдум арқылы ерекше тәртіпте қабылданған, халықтың еркін білдіретін, жоғары заң күшіне ие және маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін нормативтік акт.

Заңның белгілері:

1. Заң–бұл құқықтық жүйеге заң нормаларын енгізуге, оларды жоюға немесе өзгертуге байланысты құқықшығармашылық әрекеттер бекітілген заң актісі.

2. Заң–бұл мемлекеттік биліктің қатаң анықталған жоғары органдарының актісі.

3. Заң жоғары заң күшіне ие. Бұл мынаны білдіреді: а) қалған барлық құқықтық актілер заңдарға негізделуі және оларға қарама-қайшы болмауы тиіс. Кез-келген басқа акт заңға қайшы келген жағдайда басымдылық соңғысына беріледі; ә) заңды кез-келген басқа орган бекіте алмайды; б) оны қабылдаған органнан басқа ешкім заңды өзгерте немесе оның күшін жоя алмайды.

4. Заң–бұл құқықтық жүйеде бұрын болмаған және қоғамдық өмірдің маңызды мәселелеріне байланысты міндетті нормалардан құралған нормативтік акт.

Заңның түрлері:

1) Конституция–бұл басқарудың және мемлекеттік құрылымның нысанын, сот әділдігі жүйесін анықтайтын, конституциялық құрылымды, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бекітетін негізгі саяси-құқықтық акт;

2) конституциялық заңдар–Конституциямен көзделген және онымен байланысты мәселелерге қатысты қабылданады;

3) жай заңдар–бұл қоғамдық өмірдің экономикалық, саяси, әлеуметтік, рухани жақтарына арналған ағымдағы заңнама актілері.

 

4. Нормативтік актілердің күші. Нормативтік актілер әрекет етудің уақыттық, кеңістіктік және субъектілік шектеріне ие:

1. Нормативтік актілердің уақыттағы күші олардың күшіне енген сәтінен бастап қүшін жоғалтқан сәтіне дейін таралады. Актілер не оларды қабылдаған сәттен бастап, не нормативтік актінің өзінде немесе оның күшіне енуі туралы арнайы актіде көрсетілген уақыттан бастап, немесе оларды жариялаған сәттен бастап белгілі бір мерзім өткеннен кейін күшіне енеді. Актілер оларды қабылдауда көрсетілген әрекет ету уақыты өткеннен кейін,не олардың орнына жаңа акт қабылданған жағдайда, не нақты бір органның осы актінің күшін жою туралы тікелей нұсқауы негізінде өз күштерін жояды.

Нормативтік актілердің уақыттағы күшіне байланысты жалпы ережелердің ішінде екі ерекше ереже бар:

а) заңның кері күші–жаңадан қабылданған нормативтік актінің өз күшін бұл акт заңды күшіне енгенге дейінгі қатынастарға таратуы. Жалпы ереже бойынша, заңның кері күші болмайды, алайда, заңның кері күшті иеленуі екі жағдайда мүмкін: егер заңның өзінде бұл аталып өтсе немесе заң жауапкершілікті жеңілдетсе немесе жойса;

ә)жаңа заңдағы арнайы көрсету бойынша өз күшін жойған заңның жекелеген мәселелерге қатысты күшін сақтап қалуы.

2. Нормативтік актілердің кеңістіктегі күші олар таралатын аумақпен анықталады. Мемлекеттің аумағы ретінде мемлекеттік шекаралар ішіндегі оның құрғақ және су кеңістігі, олардың үстіндегі ауа кеңістігі, жер қойнаулары, сонымен қатар, шетелдердегі елшілік өкілдіктердің аумақтары, ашық теңіздегі әскери және сауда кемелері, мемлекеттің аумағынан тыс жерлерде ұшып жүрген ұшақтар танылады. Бұл мәселені қарастыру кезінде мынаны ескерген жөн: заңның белгілі бір кеңістікке немесе тұлғаларға таралмау тәртібі эксаумақтық деп аталады.

3. Заңның тұлғалар шеңбері бойынша күші нормативтік талаптардың белгілі бір актінің әрекет ету аумағындағы барлық тұлғаларға таралуын білдіреді. Алайда, бұл ережеден де ауытқушылықтар бар:

а) мемлекеттер мен үкіметтердің басшылары, елшілік және консулдық өкілдіктердің қызметкерлері эксаумақтық құқығына ие және оларға қылмыстық заңнаманы және әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы заңнаманы бұзғандығы үшін жауапкершілік және мемлекеттік мәжбүрлеу шаралары қолданылмайды;

ә) кейбір нормативтік актілер, мысалы, қылмыстық жауапкершілікті көздейтін актілер, азаматтарға, олардың қай жерде жүргеніне және олардың шетелдік заңнама нормаларына сәйкес жазаны өтегеніне қарамастан, таралады;

б) мемлекет аумағында өмір сүруші шетелдік тұлғалар мен азаматтығы жоқ тұлғалар құқықтар мен міндеттердің кең шеңберін пайдаланатынына қарамастан, кейбір жағдайларда құқықтар мен міндеттерді иелене алмайды. Мысалы, олар қарулы күштер қатарында борышын өтемейді, мемлекеттік билік органдарына сайлана алмайды және сайлауғақатыса алмайды.

 

 

21 тақырып. ҚҰҚЫҚ НОРМАЛАРЫ

 

1. Құқық нормаларының түсінігі және белгілері.

2. Құқық нормаларының түрлері.

3. Құқық нормаларының құрылымы.

4. Құқық нормасы мен нормативтік акт бабының арақатынасы.

 

1. Құқық нормаларының түсінігі және белгілері. Құқық нормасы–бұл мемлекет таныған және қамтамасыз ететін жалпыға міндетті, формальды анықталған жүріс-тұрыс ережесі. Құқық нормасынан қоғамдық қатынастар қатысушыларының құқықтары мен міндеттері туындайды және осы ереже аталған субъектілердің әрекеттерін реттеуге бағытталған.

Заң нормасы–құқықтың алғашқы буыны, оның жүйесінің элементі. Сол себепті, бұл нормаға ерекше әлеуметтік құбылыс ретіндегі құқықтың негізгі белгілерінің тән болуы заңды да. Алайд, бұл «құқықң және «құқық нормасың түсініктерінің бір екенін білдірмейді. Олар бір-бірімен бүтін мен оның бөлігі ретінде байланысқа түседі.

Құқық нормасының белгілері:

1) жалпыға міндеттілігі–ол адамдардың мүмкін және міндетті әрекеттеріне қатысты мемлекеттің биліктік ережелерін білдіреді;

2) формальды анықталғандығы–ол жазбаша түрде ресми құжаттарда көрініс табады;

3) мемлекетпен байланысы–оны мемлекеттік органдар орнықтырады және мемлекеттік әсер ету шараларымен қамтамасыз етіледі;

4) ұсынушылық-міндеттемелік сипат– ол бір субъектілерге құқықтар берсе, келесі субъектілерге міндеттемелер жүктейді, себебі, құқықты міндетсіз, ал міндетті құқықсыз жүзеге асыру мүмкін емес.

 

2. Құқық нормаларының түрлері. Заң нормаларының түрлері:

1) реттеуші және құқыққорғаушы; 2) құқық беруші, тыйым салушы және міндеттеуші; 3) императивтік және диспозитивтік.

Реттеуші норма–бұл субъектінің субъективтік құқықтары мен міндеттерін, олардың пайда болу және әрекет ету жағдайларын анықтайтын норма,

Құқыққорғаушы норма–бұл субъектіге мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолданудың жағдайларын, осы шаралардың сипаты мен мазмұнын анықтайтын норма.

Құқық беруші норма–бұл субъектіге белгілі бір әрекеттерді жүзеге асыруға байланысты құқықтарды беретін норма.

Тыйым салушы норма–бұл субъектіге белгілі бір әрекеттерді жасадан бас тартуды міндеттейтін норма.

Міндеттеуші норма–бұл субъектіге белгілі бір мазмұндағы әрекеттерді жасау міндетін жүктейтін норма.

Императивтік норма–бұл қатаң ережелер түрінде көрініс табатын және құқық субъектілерінің қалауларынан тәуелсіз түрде әрекет ететін норма.

Диспозитивтік норма– бұл өзіндік қалау бостандығын білдіретін норма.

 

3. Құқық нормаларының құрылымы. Құқықтық норманың құрылымы үш элементтен құралады: гипотеза, диспозиция және санкция.

Гипотеза–бұл құқықтар мен міндеттердің пайда болу жағдайын көрсету; диспозиция–бұл құқықтар мен міндеттердің өзін көрсету; санкция–бұл норманы бұзудан туындайтын қолайсыз салдарды көрсету.

Бұл үлгінің сөздік кестесі мынадай: «егер…, онда…, бұлай болмаған жағдайда…ң. Мысалы, займ шарты жазбаша нысанда жүзеге асырылуы тиіс. Логикалық түрде бұл норманы былай құруға болады: егер займ шарты бекітілетін болса, онда ол жазбаша түрде жасалуы тиіс, бұлай болмаған жағдайда, шарттың күші болмайды.

 

4. Құқық нормасы мен нормативтік акт бабының арақатынасы. Құқық нормасы мен нормативтік акт бабы бір ұғымдар емес, көп жағдайларда олар сәйкес келмеуі де мүмкін. Құқық нормасы– бұл гипотезадан, диспозициядан және санкциядан құралған жүріс-тұрыс ережесі, ал заңшығармашылық актісінің бабы–бұл құқық нормасының жүзеге асырылу құралы, мемлекеттің ерік білдіру нысаны. Құқық нормасы нормативтік акті бабының мазмұны болып табылса, бап құқықтық норманың нысаны болып табылады. Олардың арасындағы байланыс әртүрлі сипатқа ие. Жүріс-тұрыс ережесін бекіте отырып, заңнама құқық нормасының логикалық құрылымының үш элементін де нормативтік актінің бір бабына енгізуі мүмкін,бір бапқа бірнеше құқық нормасын енгізуі мүмкін, кейбір жағдайда құқық нормасы элементтерін әр түрлі нормативтік актілердің бірнеше баптарында немесе бір нормативтік актінің бірнеше баптарында көрсетуі мүмкін.

Көрсету тәсілдері бойынша құқық нормасы мен нормативтік акт бабының арақатынасының үш түрі болады:

а) тікелей тәсіл–құқық нормасы нормативтік акт бабының өзінде тікелей көрсетіледі;

ә) сілтемелі тәсіл–нормативтік акт бабы норманы толығымен ашпастан, осы актінің басқа бабына сілтеме жасайды;

б) бланкеттік тәсіл–нормативтік акт бабы нақты бір бапқа емес, белглілі бір нормативтік акті түріне сілтеме жасайды.

 

 

22 тақырып. ҚҰҚЫҚШЫҒАРМАШЫЛЫҚ

 

1. Құқықшығармашылықтың түсінігі және түрлері.

2. Құқықшығармашылықтың қағидалары.

3. Құқықшығармашылық процестің кезеңдері.

 

1. Құқықшығармашылықтың түсінігі және түрлері. Құқықшығармашылық–бұл құзіретті органдардың заң нормаларын қабылдауға, өзгертуге және жоюға байланысты арнайы қызметі. Құқықшығармашылық мыналармен сипатталады:

- ол белсенді, мемлекеттік, шығармашылық қызметті білдіреді;

- оның негізгі өнімі–нормативтік актілерден көрініс тапқан заң нормалары;

- бұл қоғамды басқарудың маңызды құралы; мұнда оның даму бағдараламасы қалыптасады, маңызды жүріс-тұрыс ережелері қабылданады;

- құқықшығармашылықтың деңгейі мен мәдениеті, қабылданған нормативтік актілердің сапасы–бұл қоғамның өркениеттілігі мен демократиялылығының көрсеткіші.

Субъектілерінің түріне қарай құқықшығармашылық келесі түрлерге бөлінеді:

1) халықтың мемлекеттік және қоғамдық өмірдің маңызды мәселелері бойынша жалпыхалықтық дауыс беруін–референдум– жүргізу кезіндегі тікелей құқықшығармашылығы;

2) өкілетті мемлекеттік органдардың тікелей құқықорнықтырушы қызметі;

3) әдет түрінде қалыптасқан немесе мемлекеттік емес ұйымдар қабылдаған нормаларды мемлекеттің санкциялауы.

 

2. Құқықшығармашылықтың қағидалары.

Құқықшығармашылыққа мына қағидалар тән:

1) ғылымилық–нормативтік актілерді дайындау процесінде әлеуметтік-экономикалық, сасяи және басқа да жағдайларды, қоғамның дамуының объективтік қажеттіктерін және т.б. зерттеудің маңызы зор;

2) кәсібилік–мұндай қызметпен құзіретті тұлғалар–заңгерлер, экономистер және т.б. айналысуы тиіс;

3) заңдылық–бұл қызмет Конституцияның және басқа да заңдардың негізінде және шеңберінде жүзеге асырылуы тиіс;

4) демократиялық–азаматтардың бұл процеске қатысу дәрежесін, қоғамдағы процедуралық нормалар мен институттардың даму деңгейін сипаттайды;

5) жариялылық–құқықшығармашылық процестің көпшілік қауым үшін ашықтығын білдіреді.

 

3. Құқықшығармашылық процестің кезеңдері.

Құқықшығармашылық процесс бірнеше кезеңдер арқылы жүзеге асырылады:

1. Заң шығару ынтасы–құқықшығарушы органға нормативтік актіні шығару туралы ұсыныс немесе актінің дайын жобасы ұсынылады. Заң шығару құқығына ие субъектілер шеңбері заңнамада қатаң түрде анықталған.

2. Заң жобасын талқылау–бұл кезең құжатты қажетті сапаға жеткізу, қарама-қайшылықтарды, олқылықтарды, түсініксіз мәселелерді және т.б. жою үшін қажет. Ерекше маңызды заң жобалары жалпыхалықтық талқылауға ұысынлады.

3. Заңды қабылдау.

4. Қабылданған актінің мазмұнын көпшілікке жеткізу, яғни, заңды жариялау.

 

 

23 тақырып. ЗАҢҢАМАНЫ ЖҮЙЕЛЕУ

 

1. Нормативтік-құқықтық актілерді жүйелеудің түсінігі мен түрлері.

2. Құқық жүйесі мен заңнама жүйесі.

 

1. Нормативтік-құқықтық актілерді жүйелеудің түсінігі мен түрлері. Жүйелеу–бұл нормативтік актілерді реттеу, оларды белгілі бір жүйеге келтіру. Ол заңнаманы қолдану ыңғайлылығын арттыру үшін, көпшілікке түсінікті болуын қамтамасыз ету үшін қажет.

Жүйелеудің түрлері:

1. Инкорпорация– бұл нормативтік актілердің мазмұнын өзгертпестен бір жинаққа біріктіру арқылы жүйелеу нысаны. Мұндай жинақта әрбір акт өзінің дербес мәнін сақтап қалады. Инкорпорацияның қағидалары: хронологиялық (оларды қабылдау уақыты бойынша), тақырыптық (белгілі бір тақырып бойынша) және т.б.

Инкорпорацияны кім жүзеге асырғанына байланысты жинақтардың үш түрін бөліп қарастырады: ресми, официозды және бейресми. Ресми жинақ құқықшығарушы орган өзі жинақты дайындап, жариялаған кезде орын алады. Официоздық жинақ болып құқықшығарушы органның (мысалы, әділет министрлігінің) тапсырмасы бойынша, бірақ оның ресми көрініс таппаған қолдауы арқылы шығарылған жинақтар табылады. Бейресми жинақ болып ғылыми мекемелердің, баспалардың өз ынтасы бойынша, құқықшығарушы органның арнайы өкілеттіктерісіз шығарған заңнама жинақтары табылады.

2. Консолидация–бұл нормативтік актілердің мазмұнын өзгертпестен бір жинаққа біріктіру арқылы жүйелеу нысаны. Инкорпорациядан айырмашылығы–мұндай жинақта әрбір акт өзінің дербес мәнін жоғалтады. Мұнда нормативтік актілер олардың белгілі бір қызмет түріне қатыстылығы белгісі бойынша біріктіріледі (табиғатты қорғау, білім және т.б.).

3. Кодификация–бұл нормативтік актілердің мазмұндарын өзгертудің нәтижесінде оларды біртұтас актіге біріктіру арқылы жүйелеу нысаны. Кодификация процесінде ескірген материалдар мен нормалардағы қарама-қайшылықтар жойылады, жаңа жүріс-тұрыс ережелері қалыптасады, олардың өзара келісуі мен логикалығы қамтамасыз етіледі. Кодификациялық актінің дәстүрлі қалыптасқан түрі болып кодекс табылады, ол–бір сипатты қоғамдық қатынастардың белгілі бір саласын жан-жақты реттеуге мүмкіндік беретін ірі акт.

 

2. Құқық жүйесі мен заңнама жүйесі. Заңнамада, құқықтағы сияқты, оның ішкі құрылымы болып табылатын өз жүйесі бар. Алайда, бұл түсініктерді келесі негіздер бойынша ажыратқан жөн:

1) егер құқық жүйесінің алғашқы элементі болып норма табылса, заңнама жүйесінің алғашқы элементі болып нормативтік акт табылады;

2)егер құқық жүйесі мазмұн түрінде көрініс тапса, заңнама жүйесі нысан түрінде көрініс табады;

3) егер құқық жүйесі объективтік түрде, қоғамдық қатынастарға сәйкес қалыптасса, заңнама жүйесі субъективтік сипатқа ие, себебі, заңшығарушыға тәуелді болып келеді;

4) егер құқық жүйесі негізгі, алғашқы сипатты иеленсе, заңнама жүйесі туынды сипатқа ие, себебі, алғашықысы екіншісі үшін негізгі база болып табылады;

5) құқық жүйесі мен заңнама жүйесі көлемі бойынша ажыратылады: заңнама, бір жағынан, нормативтіліктің барлық түрлерін қамтымайды, себебі, себебі, құқық заңнамамамен қатар әдет нормаларынан, нормативтік шарттардан және заңды прецеденттерден де көрініс табады; екінші жағынан, нормалардың атауларынан басқа да элементтерді қамтиды–преамбулалар, тараулардың бөлімдердің, баптардың атаулары және т.б.

 

 

24 тақырып. ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚАТЫНАСТАР

 

1. Құқықтық қатынастардың түсінігі және түрлері.

2. Құқықтық қатынастардың пайда болуының алғышарттары.

3. Құқық нормалары мен құқықтық қатынастардың өзара байланысы.

4. Құқықтық қатынастардың құрылымы.

5. Құқықтық қатынастардың субъектілері.

6. Құқық субъектілерінің құқыққабілеттігі және әрекетқабілеттігі. Құқықсубъектілік.

7. Құқықтық қатынастардың объектілері.

8. Субъективтік құқықтар және заңды міндеттер.

9. Заңды фактілер.

 

1. Құқықтық қатынастардың түсінігі және түрлері. «Құқықтық қатынасң категориясы құқықтың жалпы теориясында негізгі, орталық категориялардың бірі болып табылады және адамдардың жүріс-тұрысына құқықтың қандай жолмен әсер ететінін түсінуге мүмкіндік береді. Құқықтық қатынас– бұл қатысушылары субъективтік құқықтар мен заңды міндеттерді иеленетін, құқық нормаларымен реттелген қоғамдық қатынас.

Құқықтық қатынастардың белгілері:

а) бұл әлеуметтік субъектілер арасындағы екіжақты нақты байланысты білдіретін қоғамдық қатынас;

ә) ол құқық нормаларының негізінде қалыптасады, яғни, құқық нормаларының жалпы талаптары субъектілер мен нақты жағдайларға қатысты жеке дараланады;


Поиск по сайту:



Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.063 сек.)