АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция

бап. Эвтаназия

Читайте также:
  1. Что такое эвтаназия?
  2. Эвтаназия – право или преступление?
  3. Эвтаназия: исторический и теоретический аспекты проблемы

Эвтаназияны жүзеге асыруға тыйым салынады.

142-бап. Анатомиялық сый

1. Анатомиялық сый - әрекетке қабілетті адамның өз тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) тірі кезінде де, қайтыс болғаннан кейін де өз еркімен құрбандық етуі, оны тиісінше ресімдеген шарты немесе өсиеті арқылы адам жүзеге асырады.
2. Анатомиялық сый туралы деректер жария етуге жатпайды.
3. Өсиет етілген тіндерден және (немесе) ағзалардан (ағзалардың бөліктерінен) басқа, табылған күннен бастап қырық бес күн ішінде танылмаған және сұрауы болмаған адамдардың мәйіттері де анатомиялық сый ретінде танылады.
4. Анатомиялық сый биологиялық-медициналық зерттеулер жүргізу үшін ғылыми, ғылыми-практикалық және оқу мақсаттарында пайдаланылуы мүмкін.
5. Анатомиялық сыйды жасау және оны денсаулық сақтау ұйымдарына берудің тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган айқындайды.
Ескерту. 142-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

6-БӨЛІМ. ХАЛЫҚТЫҢ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ САЛАУАТТЫЛЫҒЫ
САЛАСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚТЫ САҚТАУ

24-тарау. ХАЛЫҚТЫҢ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ
САЛАУАТТЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТ

143-бап. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет
жүйесі

Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің бірыңғай жүйесіне:
1) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган;
2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелері;
3) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік ұйымдар кіреді.

144-бап. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық
нормалау

1. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық нормалау санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің жұмысы болып табылады және ол:
1) санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарының негіздемесі бойынша бірыңғай талаптарды әзірлеуді және олардың әзірленуін бақылауды;
2) санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарын әзірлеуді (қайта әзірлеуді), сараптауды, бекіту мен жариялауды;
3) санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарын зерделеуді, қолданылу практикасын қорытуды, олардың қолданылуын бақылауды;
4) санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарының бірыңғай деректер банкін қалыптастыру мен жүргізуді;
5) санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарын жалпыға бірдей қабылданған халықаралық талаптармен үйлесімді етуді қамтиды.
2. Санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттары санитариялық қағидалар, гигиеналық нормативтер, нұсқаулықтар, әдістемелік ұсынымдар, әдістемелік нұсқамалар, әдістемелер, бұйрықтар, техникалық регламенттер, қағидалар мен стандарттар болып табылады.
3. Санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарын әзірлеу мен бекіту тәртібін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекітеді.
4. Санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды (оның ішінде мекендеу факторларының, кәсіпкерлік және өзге де қызметтің, өнімдердің, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің адам үшін қауіпсіздігінің және (немесе) зиянсыздығының критерийлерін) белгілейтін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілер санитариялық қағидалар болып табылады, оларды сақтамау адамның өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіреді, сондай-ақ аурулардың пайда болуы мен таралуына қауіп төндіреді.
5. Гигиеналық норматив - зерттеулерде белгіленген, мекендеу ортасының белгілі бір факторын сипаттайтын көрсеткіштің адам үшін оның қауіпсіздігі және (немесе) зиянсыздығы тұрғысынан алғанда, жол берілетін ең жоғарғы немесе ең төменгі сандық және (немесе) сапалық мәні.
6. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді, гигиеналық нормативтерді халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекітеді және Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті.
7. Мемлекеттік органдар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы мәселелеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу мен бекіту кезінде оларды уәкілетті органмен келісуге міндетті.
Ескерту. 144-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

145-бап. Санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

1. Санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың негізін мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға жататын объектілер мен өнімдерге белгіленетін санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативтер құрайды.
2. Санитариялық қағидалар мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға жататын объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды белгілейді және мыналарға:
1) объект салынатын жер учаскесін таңдауға;
2) объектілерді жобалауға, салуға, реконструкциялауға, жөндеуге және пайдалануға беруге;
3) өндірістік, қоғамдық, тұрғын үй және басқа да үй-жайларды, ғимараттарды, құрылыстарды, жабдықтарды, көлік құралдарын
күтіп-ұстау мен пайдалануға;
4) объектілерді сумен жабдықтауға, су бұруға, жылумен жабдықтауға, жарықтандыруға, желдетуге, кондиционерлеуге;
5) шикізатты қабылдауға, сақтауға, қайта өңдеуге (өңдеуге);
6) тамақ өнімін өндіру, өлшеп-орау, тасымалдау, сақтау, өткізу, кәдеге жарату және жою шарттарына;
7) тағамдық ас тұзын йодтауға және тамақ өнімдерін байытуға (фортификациялауға);
8) медициналық иммундық-биологиялық препараттарды өндіру, өлшеп-орау, тасымалдау, сақтау, өткізу, кәдеге жарату және жою шарттарына;
9) ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттарды (оның ішінде уытты, радиоактивті, биологиялық және химиялық заттарды, улар мен улы заттарды, биологиялық және микробиологиялық организмдер мен олардың уыттарын, биологиялық заттар мен материалдарды) қолдану мен пайдалануға, кәдеге жаратуға, тасымалдауға, сақтауға, көмуге және олармен жұмыс істеу шарттарына;
10) адамға әсер ететін физикалық факторлардың көздерімен жұмыс істеу шарттарына;
11) дәрілік заттарды өнеркәсіптік өндіру шарттарына;
12) өндірістік-техникалық мақсаттағы өнімдерге;
13) шаруашылық-тұрмыстық және гигиеналық мақсаттағы тауарларға және оларды өндіру технологияларына;
14) халықтың әртүрлі топтарын тәрбиелеу, оқыту, олардың өмір сүруі және өндірістік практикасы, дене бітімінің дамуы, еңбек етуі, демалуы, тамақтануы, сумен жабдықталуы мен медициналық қызмет көрсетілуі шарттарына;
15) білім беру ұйымдарындағы оқу-еңбек жүктемесіне және сабақ режиміне;
16) медициналық мақсаттағы бұйымдарды стерилизациялау мен дезинфекциялауды жүргізу шарттарына;
17) халықтың бейімделген (балалар тағамы, диеталық емдік және диеталық профилактикалық), емдеу-профилактикалық, қоғамдық тамақтануын ұйымдастыруға;
18) су көздеріне (шаруашылық-ауызсу мақсаттары үшін су жинау орындарына), шаруашылық-ауызсумен жабдықтауға және
мәдени-тұрмыстық су пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне;
19) өндіріс пен тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге;
20) дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялау құралдарын, жабдықтарды, материалдарды әзірлеуді, сынауды, дайындауды, өндіруді, сақтауды, тасымалдауды, өткізуді, қолдануды, дезинфекция қызметі объектілерін күтіп-ұстау мен пайдалануды,
сондай-ақ жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тиімділігін және қауіпсіздігін бақылауды қамтитын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ұйымдастыруға және жүзеге асыруға;
21) жолаушыларды тасымалдау шарттарына;
22) объектілерді жоюға, консервациялауға, қайта бейіндеуге;
23) өндірістік бақылауды жүзеге асыруға;
24) еңбек, тұрмыстық қызмет көрсету, медициналық қамтамасыз ету, бейімделген диеталық емдік және диеталық профилактикалық тамақтану шарттарына;
25) халықты гигиеналық тәрбиелеуге және оқытуға;
26) санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағын санитариялық қорғауды жүзеге асыруға, шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізуге, инфекциялық және паразиттік аурулармен ауыратын науқастарға қатысты халықты медициналық қарап-тексеруді, профилактикалық егулерді жүргізуге;
27) санитариялық қорғау аймақтары мен санитариялық-қорғаныш аймақтарына қойылатын талаптардан тұрады.
3. Гигиеналық нормативтер зиянды (химиялық, биологиялық) заттардың рұқсат етілетін шекті концентрацияларының, физикалық әсер етулердің; радиациялық әсер етудің рұқсат етілетін деңгейлерінің нормативтерін белгілейді, оларды сақтау адамға өмірі үшін қолайлы және денсаулығы үшін қауіпсіз тыныс-тіршілігі жағдайларын қамтамасыз етеді.
Гигиеналық нормативтер:
1) жұмыс аймағының микроклиматына, ауа алмасуына, ауасына, өндірістік, тұрғын үй және басқа да үй-жайлардың физикалық факторларына, тұрғын үй құрылысын салу аумағына;
2) өнімнің (тауарлардың) және қоршаған ортаның радиациялық, химиялық, микробиологиялық, токсикологиялық, паразитологиялық қауіпсіздігіне;
3) қалалық және ауылдық елді мекендердегі, өнеркәсіп ұйымдары аумақтарындағы атмосфералық ауаға;
4) қоршаған ортаға зиянды заттардың физикалық факторларына рұқсат етілетін шекті шығарындылары мен рұқсат етілетін шекті төгінділеріне;
5) өнімнің, технологиялық жабдықтың, процестің жаңа түрлеріне белгіленеді.
Ескерту. 145-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

146-бап. Тамақ өнімдерін және адам денсаулығына зиянды
әсер ететін өнімдер мен заттардың жекелеген
түрлерін мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу және
мемлекеттік тіркеу туралы шешімді кері қайтарып
алу

1. Тамақ өнімі және адам денсаулығына зиянды әсер ететін өнімдер мен заттардың жекелеген түрлері, оған қоса:
1) алғаш рет өндірілетін (дайындалатын) және Қазақстан Республикасының аумағына алғаш рет әкелінетін (импортталатын) балалар тамағы өнімдері, тағамға тағамдық және биологиялық активті қоспалар, генетикалық түрлендірілген объектілер, бояғыштар, дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялау құралдары, сумен және тамақ өнімдерімен жанасатын материалдар мен бұйымдар;
2) Қазақстан Республикасының аумағына алғаш рет әкелінетін (импортталатын), өндіріске алғаш рет енгізілетін және бұрын пайдаланылмаған заттар және олардың негізінде дайындалған, халық үшін ықтимал қауіп төндіретін материалдар мен препараттар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органда мемлекеттік тіркеуге жатады.
2. Тамақ өнімдерін мемлекеттік тіркеу "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Адам денсаулығына зиянды әсер ететін өнімдер мен заттардың жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу:
1) заттар мен жекелеген өнім түрлерінің халық пен мекендеу ортасы үшін қауіптілігін сараптамалық бағалау;
2) заттар құрамының, өнімдердің жекелеген компоненттерінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге және гигиеналық нормативтерге сәйкестігін белгілеу;
3) арнаулы шараларды, оның ішінде заттар мен жекелеген өнім түрлерін кәдеге жарату мен жою жағдайларын, олардың халық пен мекендеу ортасына зиянды әсерінің алдын алу жөніндегі арнаулы шараларды әзірлеу негізінде жүргізіледі.
4. Балалар тамағы өнімдерін, тағамға тағамдық және биологиялық активті қоспаларды, генетикалық түрлендірілген объектілерді, бояғыштарды, дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялау құралдарын, сумен және тамақ өнімдерімен жанасатын материалдар мен бұйымдарды, химиялық заттарды, адам денсаулығына зиянды әсер ететін өнімдер мен заттардың жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу және мемлекеттік тіркеу туралы шешімді кері қайтарып алу тәртібін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілейді.
5. Тамақ өнімдерін және адам денсаулығына зиянды әсер ететін өнімдер мен заттардың жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және қайта тіркеу кезінде оларға санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және ғылыми негіздеме жүргізумен байланысты шығыстарды өтінім берушілер көтереді.
6. Қазақстан Республикасында тіркелген және қолдануға рұқсат етілген заттар мен өнімдердің тізілімі мерзімді баспа басылымдарында жариялануға жатады.
Ескерту. 146-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

147-бап. Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг

1. Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг халықтың денсаулығы мен мекендеу ортасының жай-күйіне, оларды талдауға, бағалау мен болжауға, сондай-ақ халықтың денсаулығының жай-күйі мен мекендеу ортасы факторларының әсері арасындағы себеп-салдарлық байланыстарды айқындауға байқау жүргізудің мемлекеттік жүйесі болып табылады.
2. Санитариялық-эпидемиологиялық мониторингті уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары мен ұйымдары жүзеге асырады.

148-бап. Инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда
болуы мен таралуының, халықтың улануының алдын
алу

1. Инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуының және таралуының, халықтың улануының алдын алу мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарында көзделген санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық), оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағын санитариялық қорғауды жүзеге асыру, шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу, өндірістік бақылауды жүзеге асыру жөніндегі, инфекциялық және паразиттік аурулармен ауыратын науқастарға қатысты, халықты медициналық тексеріп-қарауды, профилактикалық егуді, гигиеналық тәрбие беру мен оқытуды жүргізу жөніндегі іс-шаралар жүргізіледі.
2. Санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) iс-шаралар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына енгiзiлуге жатады.
3. Инфекциялық және паразиттік аурулармен ауыратын науқастар, инфекциялық және паразиттік аурулармен ауырады деп күдік туғызатын адамдар, бактерия таратушылар оқшаулануға және емделуге, ал олармен қарым-қатынаста болған адамдар - медициналық байқауға алынуға және қажет болған кезде оқшаулануға және емделуге жатады.
4. Айналасындағылар үшін қауіп төндіретін созылмалы инфекциялық және паразиттік аурулармен ауыратын науқастар, созылмалы бактерия таратушылар Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыстан уақытша шеттетілуге жатады.
Ескерту. 148-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

149-бап. Қазақстан Республикасының аумақтарын санитариялық
қорғау

1. Автомобиль өткізу пункттерін қоспағанда, кеден одағының кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде жолаушыларға, экипаждарға, поезд бригадаларына, көлік құралдарына, халық денсаулығына қауіп төндіретін жүктерге санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды жүзеге асыру үшін санитариялық-карантиндік пункттер ұйымдастырылады.
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде (санитариялық-карантиндік пункттерде) санитариялық-карантиндік қадағалауды халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері жүргізеді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік қадағалауды Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органдары жүргізеді.
3. Әкелінуіне тыйым салынған қауіпті жүктер мен тауарларды, сондай-ақ оларға қатысты санитариялық-карантиндік қадағалау жүргізген кезде олардың Қазақстан Республикасының аумағына әкелінуі инфекциялық аурулардың немесе жаппай инфекциялық емес аурулар мен уланулардың пайда болуы мен таралу қаупін төндіреді деп белгіленген жүктер мен тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге жол берілмейді.
Ескерту. 149-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.06.30 N 297-IV (2010.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

150-бап. Инфекциялық аурулар эпидемиясының пайда болу
қаупі төнген жағдайда шектеу іс-шараларын, оның
ішінде карантин енгізудің шарттары

1. Инфекциялық және паразиттік аурулардың әкеліну және таралу қаупі төнген жағдайда, осы Кодекске сәйкес уәкілетті орган кеден одағының кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде және тиісті аумақтарда шектеу іс-шараларын, оның ішінде кәсіпкерліктің және (немесе) өзге де қызметтің және халықтың тыныс-тіршілігінің ерекше жағдайларымен карантин енгізеді.
2. Шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген жағдайда орталық және жергілікті атқарушы органдардың, жеке және заңды тұлғалардың қызметін үйлестіру бойынша оралымды басшылық жасау төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияға және төтенше жағдайлар жөніндегі аумақтық комиссияларға жүктеледі.
3. Жекелеген объектілерде шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин тиісті аумақтың (көліктегі) бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің немесе оның орынбасарларының, сондай-ақ ведомстволық объектілерде - халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың бөлімшелері басшыларының шешімімен енгізіледі (тоқтатылады).
4. Шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді жүзеге асыру тәртібін және пайда болу мен таралу қатері төнген кезде шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілетін инфекциялық аурулардың тізбесін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілейді.
Ескерту. 150-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.06.30 № 297-IV (2011.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

151-бап. Инфекциялық және паразиттік, кәсіптік аурулар мен
улану оқиғаларын тіркеу және тексеру

1. Инфекциялық және паразиттік, кәсіптік аурулар мен уланудың барлық оқиғалары, олардың анықталған жері бойынша денсаулық сақтау ұйымдарының тіркеуге алуына, мемлекеттік санитариялық- эпидемиологиялық қызмет органдары мен ұйымдарының мемлекеттік есепке алуына және есептілікті жүргізуіне жатады. Көрсетілген аурулар мен улану оқиғаларын тіркеу, есепке алу тәртібін, сондай-ақ олар бойынша есептілікті жүргізу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
2. Инфекциялық және паразиттік, кәсіптік аурулар мен халықтың улану оқиғалары уәкілетті орган белгілеген тәртіппен санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының тексеру жүргізуіне жатады.

152-бап. Дезинфекциялық, дезинсекциялық және
дератизациялық іс-шаралар

1. Инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуының, таралуының алдын алу мақсатында дара кәсіпкерлер, жеке және заңды тұлғалар эпидемиологиялық айғақтар мен санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің лауазымды адамдарының нұсқамалары, қаулылары бойынша инфекциялық және паразиттік аурулардың қоздырғыштарын жоюға (дезинфекция), жәндіктерді, басқа да буын аяқтыларды жоюға (дезинсекция) және кеміргіштерді қыруға (дератизация) бағытталған шаралар кешенін өз қаражаты есебінен жүргізуге міндетті.
2. Төтенше эпидемия жағдайлары пайда болған кезде мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдарының ұсынуы бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімімен кезектен тыс міндетті дезинфекциялық, дезинсекциялық және дератизациялық іс-шаралар бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
2-1. Профилактикалық дезинсекция мен дератизацияны (инфекциялық аурулардың табиғи ошақтарының аумағындағы, сондай-ақ инфекциялық аурулардың ошақтарындағы дезинсекция мен дератизацияны қоспағанда) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары жүргізеді.
3. Ошақтық дезинфекцияны медициналық ұйымдар, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдары жүргізеді.
Ескерту. 152-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

25-тарау. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚТЫ САҚТАУ

153-бап. Аурулар профилактикасының мақсаты мен түрлері

1. Аурулар профилактикасының мақсаты аурулардың пайда болуының немесе өршуінің, сондай-ақ олардың зардаптары мен асқынуының алдын алу болып табылады.
2. Аурулар профилактикасы бастапқы, қайталама және жалғаспалы болып бөлінеді.
Аурулардың бастапқы профилактикасы (жаппай және жеке) аурулардың пайда болуының алдын алу мақсатында тіршілік ету үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
Аурулардың қайталама профилактикасы аурулардың ерте сатыларында өршуінің және олардың зардаптарының алдын алуға бағытталған.
Аурулардың жалғаспалы профилактикасы өршіп кеткен асқынуды, ағзалар мен тіндердің зақымдануын бақылауға бағытталған.

154-бап. Салауатты өмір салтын қалыптастыру

1. Салауатты өмір салтын қалыптастыру денсаулықты нығайту және өмір салтымен байланысты аурулардың алдын алу мәселелерінде халықты ақпараттық қамтамасыз ету, гигиеналық оқыту мен тәрбиелеу жолымен салауатты өмір салтын насихаттауды, дұрыс тамақтануды және аурулардың профилактикасын қамтиды.
2. Салауатты өмір салтын қалыптастыруды денсаулық сақтау субъектілері уәкілетті органның үйлестіруімен және әдістемелік басшылығымен басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, халықаралық ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен қамтамасыз етеді.

155-бап. Медициналық тексеріп-қарау

1. Медициналық тексеріп-қараудың негізгі мақсаты денсаулықты қалыптастыруға және нығайтуға, ауруларды анықтауға және таралуының алдын алуға, оның ішінде кәсіптік аурулардың, уланулардың, жазатайым оқиғалардың алдын алуға, сондай-ақ ұйымдар қызметкерлерінің, қандай да бір шаруашылық және (немесе) өндірістік қызметті жүзеге асыратын адамдардың еңбек қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған уақтылы медициналық зерттеп-қарауды қамтамасыз ету болып табылады.
2. Медициналық тексеріп-қарау міндетті және профилактикалық болуы мүмкін.
3. Міндетті медициналық тексеріп-қарау алдын ала және мерзімдік болып бөлінеді.
Алдын ала міндетті медициналық тексеріп-қарау кәсібі немесе оқуы бойынша міндеттерін орындауға жарамдылығын анықтау, сондай-ақ жалпы, кәсіптік аурулардың алдын алу мен инфекциялық және паразиттік ауруларды таратпау мақсатында жұмысқа тұру немесе оқуға түсу кезінде жүргізіледі.
Мерзімдік міндетті медициналық тексеріп-қарау жұмыс істеушілердің денсаулық жағдайын динамикалық байқауды қамтамасыз ету, аурулардың бастапқы белгілерін уақтылы анықтау, жалпы, кәсіптік аурулардың алдын алу мен инфекциялық және паразиттік ауруларды тараптау мақсатында жүргізіледі.
4. Міндетті медициналық қарап тексеру өткізілетін зиянды өндірістік факторлардың, кәсіптердің тізбесін, сондай-ақ осы қарап тексеруді өткізудің тәртібі мен кезеңділігін уәкілетті органмен келісу бойынша халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілейді.
5. Жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес мерзімдік міндетті медициналық тексеріп-қарауға жататын қызметкерлердің осындай тексеріп-қараудан уақтылы өтуін қамтамасыз етеді.
6. Профилактикалық медициналық тексеріп-қарау жаппай және іріктелген болып бөлінеді.
Жаппай профилактикалық медициналық тексеріп-қарау ауруларды ерте сатыларында анықтау және аурулардың өршуінің, аурулардың пайда болуына әсер ететін қатер факторларының алдын алу, халықтың денсаулығын қалыптастыру және нығайту мақсатында халықтың нысаналы топтарына жаппай әдіспен жүргізіледі.
Іріктеп медициналық тексеріп-қарау белгілі бір аурудан зардап шегетін немесе қатер тобына жататын азаматтарды динамикалық байқау, олардың ауруларын емдеу және денсаулығын қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар кешенін жүзеге асыру мақсатында жүргізіледі.
7. Профилактикалық медициналық тексеріп-қарауға жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ осындай тексеріп-қарауды өткізудің тәртібі мен кезеңділігін уәкілетті орган олардың тиімділігі, қауіпсіздігі және экономикалық тұрғыдан орындылығы туралы дәлелденген ғылыми деректер негізінде белгілейді.
8. Жұмыс берушілер Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне сәйкес осындай тексеріп-қарауға жататын адамдардың профилактикалық медициналық тексеріп-қараудан өтуі үшін жағдай жасайды.
9. Өндірістік және шаруашылық қызмет саласында жұмыспен айналысатын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар алдын ала немесе мерзімдік медициналық тексеріп-қараудан өтпеген немесе денсаулық жағдайына байланысты жұмысқа жарамсыз деп танылған адамдарды жұмысқа жібермеуге тиіс.
10. Жеке медициналық кітапшаларды беру, есепке алу мен жүргізу тәртібін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды.
11. Міндетті және профилактикалық медициналық тексеріп-қараудың уақтылы өткізілуі мен оны уақтылы өтуді халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласында, медициналық қызметтер көрсету саласында қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар және еңбек жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік еңбек инспекторлары бақылайды.
Ескерту. 155-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

156-бап. Профилактикалық егуді жүргізу

1. Қазақстан Республикасының аумағында жүрген жеке тұлғалар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық егілуге міндетті.
2. Профилактикалық егу жүргізілетін аурулардың тізбесін, тәртібін, оларды жүргізу мерзімдерін және жоспарлы түрде егілуге жататын халықтың топтарын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3. Профилактикалық (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялаушы) препараттарды сақтау, тасымалдау және пайдалану халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылуға тиіс.
4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары сатып алатын профилактикалық (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялаушы) препараттарды сақтау уәкілетті органның қоймаларында жүзеге асырылады.
Ескерту. 156-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

157-бап. Инфекциялық емес аурулардың, оның ішінде кәсіптік
аурулардың және жарақаттанудың профилактикасы

1. Инфекциялық емес аурулардың, оның ішінде кәсіптік аурулардың профилактикасы:
1) мынадай:
салауатты өмір салтын және дұрыс тамақтануды насихаттау;
бұқаралық ақпарат құралдары, аурулар профилактикасы мәселелері бойынша оқыту бағдарламалары арқылы халықты хабардар ету;
созылмалы инфекциялық емес аурулардан зардап шегетін адамдарды өзіне-өзі көмек көрсетудің қажетті әдістеріне үйрету жөніндегі денсаулық мектептерін ұйымдастыру жолымен аурулар қатерінің мінез-құлық факторларының профилактикасын және халықтың медициналық сауаттылығын арттыруды;
2) алғашқы медициналық-санитариялық көмек мамандарының бекітілген тұрғындардың аурулар қатері факторларына, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласында қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мамандарының - жұмыс істейтіндердің кәсіптік ауруларына жүргізетін мониторингін;
3) мемлекеттік органдардың өз өкілеттігі шегінде, өзге де органдар мен ұйымдардың, сондай-ақ дара кәсіпкерлердің аурулар қатерінің өндірістік факторлары әсерін барынша азайтуды;
4) созылмалы инфекциялық емес, оның ішінде кәсіптік аурулары бар адамдарды халыққа медициналық тексеріп-қарау жүргізу, оларды дәрігерге ертерек қаралуға уәждеу арқылы анықтауды;
5) азаматтардың жекелеген санаттарын амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етуді, қалпына келтіріп емдеу мен медициналық-әлеуметтік оңалтуды қоса алғанда, созылмалы, оның ішінде кәсіптік аурулары бар адамдарды динамикалық байқауды және уақтылы сауықтыруды;
6) уәкілетті орган бекітетін тәртіпке сәйкес, медициналық қорытындыда көрсетілген мерзімге денсаулық жағдайына байланысты неғұрлым жеңіл жұмысқа уақытша ауыстыруды қамтиды.
2. Жарақаттанудың профилактикасын сектораралық деңгейде мемлекеттік органдар - өз өкілеттіктері шегінде, жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.

158-бап. Психикаға белсенді әсер ететін заттарға
тәуелділіктің профилактикасы

1. Психикаға белсенді әсер ететін заттарға тәуелділіктің профилактикасы:
1) психикаға белсенді әсер ететін заттарға тәуелділіктің зияны, сондай-ақ оларды тұтынудың медициналық-әлеуметтік-құқықтық аспектілері туралы білімді насихаттауды;
2) психикаға белсенді әсер ететін заттар айналысы саласындағы жарнамаға тыйым салуды, психикаға белсенді әсер ететін заттарды әзірлеу, дайындау және пайдалану тәсілдері, әдістері, оларды сатып алу орындары туралы насихаттауға тыйым салуды, сондай-ақ мамандандырылған медициналық басылымдарда құрамында есірткі, психотроптық заттар мен прекусорлар бар дәрілік препараттар үлгілерінің жарнамасын шектеуді;
3) психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынудан туындаған психикасының және мінез-құлқының бұзылушылығы (ауруы) бар қатер тобындағы адамдарды профилактикалық байқауды және есепке алуды;
4) психикаға белсенді әсер ететін заттарға тәуелділіктен зардап шегуші адамдарды ерікті түрде, жасырын емдеуді;
5) нашақорлықпен ауыратындарды ерікті түрде медициналық-санитариялық оңалтуды қамтиды.
2. Психикаға белсенді әсер ететін заттарға тәуелділіктің профилактикасын барлық жеке және заңды тұлғалар өздерінің құқықтары шегінде жүзеге асырады.

159-бап. Темекі шегушіліктің, алкоголизмнің профилактикасы
және оны шектеу

1. Темекі шегушіліктің, алкоголизмнің профилактикасы және оны шектеу халықтың денсаулығын сақтауға, темекі бұйымдарын, алкоголь өнімін сатып алуға құқылы адамдар үшін жас мөлшерін шектеуді енгізу, темекі шегушілікке, алкоголь өнімін тұтынуға халықтың өмір мен денсаулық үшін аса қауіпті фактор ретіндегі көзқарасын қалыптастыруға, темекі шегушіліктің, алкоголизмнің таралуының профилактикасы жөнінде келісілген іс-шаралар жүргізуге бағытталған.
2. Темекі бұйымдарын:
1) он сегіз жасқа дейінгі адамдарға сатуға және олардың сатуына;
2) темекі бұйымының ашық қорабынан немесе бір-бірлеп сатуға;
3) сатушының тікелей қатысуынсыз, сауда автоматтары, өзге де электрондық немесе механикалық қондырғылар арқылы;
4) денсаулық сақтау, білім беру, дене шынықтыру мен спорт ұйымдарының ғимараттарында және аумақтарында;
5) өнім сапасын растайтын тиісті құжаттарсыз;
6) акциздік таңбалармен немесе есепке алу-бақылау таңбаларымен таңбалаусыз;
7) егер темекі бұйымының қорабында жиырма сигареттен кем болса;
8) темекі бұйымының қорабына, темекі бұйымының қаптамасына шайырлы заттардың, никотиннің құрамы, құрамының деңгейі туралы және кемінде үш зиянды қосынды - жүйелік улар, канцерогендік және мутагендік заттар туралы мәліметтер енгізілмесе сатуға тыйым салынады. Темекі бұйымының қорабына, темекі бұйымының қаптамасына шайырлы заттардың, никотиннің құрамы, олардың деңгейі және жүйелік улар, канцерогендік және мутагендік заттар туралы мәліметтерді орналастыру тәртібін уәкілетті орган бекітеді;
9) темекі бұйымының қорабына темекі шегушіліктің зияны туралы ескерту енгізілмесе;
10) темекі бұйымының қорабына, темекі бұйымының қаптамасына он сегіз жасқа толмаған адамдарға сатуға тыйым салынғаны туралы жазба енгізілмесе;
11) темекі бұйымының қорабында, темекі бұйымының қаптамасында "құрамында шайыр аз", "жеңіл", "өте жеңіл" немесе "жұмсақ" деген сөздер не басқаларымен салыстырғанда темекі бұйымының зияны аз екені туралы жалған әсер қалдыратын өзге де, оның ішінде шетел тілдерінде сөз тіркестері болса;
12) өзіне-өзі қызмет көрсету сөрелерінен;
13) басқа да тауарлармен жиынтық құрамда болса;
14) балалар ассортименті тауарларының саудасы жүзеге асырылатын сауда ұйымдарының үй-жайларында сатуға тыйым салынады.
3. Темекі бұйымдарын сату жүзеге асырылатын орындардағы көрнекі жерде мынадай мазмұндағы: «Темекі бұйымдарын он сегіз жасқа дейінгі адамдарға сатуға және олардың сатуына тыйым салынады» деген жазба, сондай-ақ темекі шегудің зияны туралы уәкілетті орган бекіткен ескерту орналастырылуға тиіс.
4. Темекі бұйымдарының саудасын жүзеге асыратын адамдар жас шамасы сырт келбетіне қарағанда он сегізден жасырақ көрінетін азаматтарға темекі бұйымдарын сату кезінде:
1) сатып алушының шын мәніндегі жасын анықтау мақсатында жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуін талап етуге;
2) егер жеке басын куәландыратын құжат көрсетілмесе, темекі бұйымдарын сатудан бас тартуға міндетті.
5. Темекі шегуге:
1) білім беру ұйымдарында, сондай-ақ кәмелетке толмаған адамдардың демалуына арналған ұйымдарда;
2) денсаулық сақтау ұйымдарында;
3) қоғамдық тамақтану орындарында;
4) кинотеатрларда, театрларда, цирктерде, концерт, көру және көрме залдарында, спорт ареналарында және көпшіліктің демалуына арналған басқа да жабық ғимараттарда, соның ішінде түнгі клубтарда, дискотекаларда;
5) мұражайларда, кітапханаларда және лекторийлерде;
6) поездар мен теңіз және өзен көлігі кемелерінде белгіленбеген жерлерде;
6-1) әуе кемесінің бортында, жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыру кезінде автобустар, шағын автобустар, троллейбустар, таксилер және қалалық рельстік көлік салондарында;
7) әуежайлардың, темір жол, автомобиль және су вокзалдарының ғимараттарында;
8) мемлекеттік органдар мен ұйымдарда;
9) жұмыс орындары болып табылатын үй-жайларда;
10) үйлердің кіреберістерінде тыйым салынады.
6. Темекі шегу үшін арнайы жабдықталған орындар бөлінген болса, осы баптың 5-тармағының 3), 6), 7) тармақшаларында көзделген нормалар қолданылмайды.
7. Темекі шегу үшін арнайы бөлінген орындар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілеген талаптарға сәйкес жабдықталуға тиіс.
8. Темекі бұйымдарын өндіруші, импорттаушы темекінің және темекі бұйымдарының барлық маркаларында никотиннің және шайырлы заттардың рұқсат етілетін шекті құрамы бойынша зертханалық зерттеулердің нәтижелері туралы, өткен он екі айда Қазақстан Республикасының аумағында өздері шығарған немесе шығаруды ниет еткен, сатқан немесе өзге де жолдармен таратқан темекі бұйымдарының ингредиенттері туралы есептерді жыл сайын келесі жылдың 1 ақпанына дейін уәкілетті орган бекіткен тәртіппен ұсынуға міндетті.
9. Темекі бұйымдарын өндіруші, импорттаушы темекі бұйымдарындағы никотиннің, шайырлы заттардың және басқа да зиянды қосындылар - жүйелік улардың, канцерогендік және мутагендік заттардың болуын зерттеуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аккредиттелген зертханаларда өз есебінен жүргізеді.
10. Құрамындағы никотин және шайырлы заттар уәкілетті орган айқындайтын жол берілетін шекті деңгейлерден асатын темекі бұйымдарын әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады.
11. Темекі бұйымдарын имитациялайтын тауарларды өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады.
12. Темекі шегуге тыйым салынған орындарда темекі шегуге тыйым салынғаны туралы белгі орнатылуға тиіс.
13. Темекі бұйымының қорабында, темекі бұйымының қаптамасында уәкілетті орган бекіткен темекі шегудің зияны туралы ескерту болуға және ол мынадай талаптарға сәйкес келуге:
1) темекі бұйымы қорабының, темекі бұйымы қаптамасының ауданы бойынша әрбір үлкен жағының кемінде қырық пайызын алуға;
2) жылтыр орауыш пленкаға немесе қандай да бір сыртқы орауыш материалға басылмауға;
3) сурет (пиктограмма, графика) және жазулар түрiнде орындалуға тиіс.
14. Бөлшек саудада:
1) алкоголь өнімін жиырма бiр жасқа дейiнгi адамдарға;
2) мейрамханаларда, барлар мен дәмханаларда өткізуді қоспағанда, алкоголь өнімін:
сағат 23-тен келесі күнгі 8-ге дейін;
этил спиртінің отыз пайыздан асатын көлемдік үлесімен сағат 21-ден келесі күнгі 12-ге дейін;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де жағдайларда өткізуге тыйым салынады.
Ескерту. 159-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); 04.07.2013 № 132-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 18.06.2014 № 210-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2014 N 229-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.09.2014 N 239-V(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

160-бап. Темір тапшылығы жай-күйінің профилактикасы

1. Темір тапшылығы анемиясы - организмге тамақ өнімдері құрамында темірдің жеткіліксіз түсуіне және онда жеткіліксіз қорытылуына, асқазан-ішек жолдарының, несеп-жыныс жүйесінің және қан жүйесінің кейбір созылмалы аурулары кезінде темірді жоғалтудың көбеюіне, темірге деген қажеттіліктің артуына байланысты болатын организмнің патологиялық процесі.
2. Темір тапшылығы жай-күйінің профилактикасы жөніндегі іс-шаралар:
1) мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасында байытылған тамақ өнімдерінің өндірісіне, оларды әкелуге, әкетуге, өткізуге және айналымының басқа да сатыларындағы қозғалысына қойылатын талаптарды қамтамасыз ету мен сақтау жолындағы жауапкершілігі;
2) халықтың нысаналы топтарын құрамында темір бар препараттармен профилактикалық қамтамасыз ету;
3) темір тапшылығы анемиясынан зардап шегетін адамдардың денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық көмек алуға қол жеткізуі;
4) ұнды және өзге де тамақ өнімдерін құрамында темір бар витаминдермен, минералдармен және басқа да заттармен байыту (фортификациялау) принциптерімен жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасының аумағында сатылатын жоғары және бірінші сортты бидай ұны міндетті түрде құрамында темір бар витаминдермен, минералдармен және басқа да заттармен байытылуға (фортификациялануға) жатады.
Тамақ өнімін байыту (фортификациялау) тәртібін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды.
Ескерту. 160-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

161-бап. Йод тапшылығы ауруларының профилактикасы

1. Йод тапшылығы ауруларының профилактикасы жөніндегі іс-шаралар:
1) мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасында йодталған ас тұзы мен жемдік тұз өндірісіне, оларды әкелуге, әкетуге, өткізуге қойылатын талаптарды қамтамасыз ету мен сақтау жолындағы жауапкершілігі;
2) йод тапшылығы ауруларынан зардап шегетін адамдардың денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық көмек алуға қол жеткізуі;
3) йодталған ас тұзының және йод қосындыларымен байытылған басқа да тамақ өнімінің зиянды әсерінің салдарынан денсаулығынан айырылған жағдайда, азаматтардың құқықтарын қорғау принциптерімен жүзеге асырылады.
2. Ас тұзын және жемдік тұзды йодтау Қазақстан Республикасының йод тапшылығы ауруларының профилактикасы туралы заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

7-БӨЛІМ. ДОНОРЛЫҚ ЖӘНЕ ТРАНСПЛАНТТАУ

26-тарау. ҚАН МЕН ОНЫҢ КОМПОНЕНТТЕРІНІҢ ДОНОРЛЫҒЫ

162-бап. Донорлық, қан, оның компоненттерін және
препараттарын дайындау

1. Қан мен оның компоненттерінің донорлығы (бұдан әрі - донорлық) - қан мен оның компоненттерін медициналық мақсаттар үшін тапсыру (донациялау) арқылы азаматтардың денсаулығын сақтауға донорлардың ерікті түрде қатысуы.
2. Донорлық донорды медициналық куәландыру, одан қан алып дайындау, қанның компоненттерін бөлу және сақтау жөніндегі іс-шаралар кешенін қамтиды.
3. Қан мен оның компоненттерін дайындау процесі мыналарды қамтиды:
1) қан тапсыру (донациялау) - донор тапсыратын қанды біржолғы бөліп алу;
2) плазма тапсыру (донациялау) - қан плазмасын плазмаферез әдісімен біржолғы бөліп алу.
Алынатын плазманы иммундық сипаттамаларына қарай былайша ерекшелеп бөледі:
қан препараттары мен диагностикалық реагенттер өндіру үшін пайдаланылатын, белгілі бір концентрациядағы өзіндік белок құрылымдары (изоиммундық қарсы денелер) бар изоиммундық плазма;
құрамында табиғи немесе жасанды түрдегі белгілі бір концентрациядағы өзіндік белок құрылымдары (изоиммундық қарсы денелер) бар, ауруларды қоздырғыштардың белгілі бір түрлеріне нысаналы түрде емдік өзара іс-әрекет жасау қасиеті бар иммундық плазма. Иммундық плазма реципиентке құю немесе қан препараттарын өндіру үшін пайдаланылады;
3) жасушалар тапсыру (донациялау) - донор қанының жасушаларын цитаферез әдісімен біржолғы бөліп алу.
4. Қанды дайындау және өңдеу процесінде:
1) қан компоненттері - қанның одан жасушалар және жасушасыз орта түрінде бөлініп алынған құрамдас бөліктері;
2) қан препараттары - қан компоненттерін өңдеу кезінде алынған дәрілік заттар алынады.
5. Қанды, оның компоненттерін дайындау, өңдеу, сақтау, өткізу номенклатурасын, қағидаларын, сондай-ақ қанды, оның компоненттері мен препараттарын сақтау, құю қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.

163-бап. Донорлық, қанды, оның компоненттері мен
препараттарын дайындау саласындағы қызметті
жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары мен
өзге де ұйымдар

1. Қан мен оның компоненттерін дайындауды, өңдеуді, сақтауды және өткізуді тиісті лицензиясы бар мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары жүзеге асырады.
2. Қан препараттарын өндіруді тиісті лицензиясы бар ұйымдар жүзеге асырады.
3. Донорлық, қанды, оның компоненттері мен препараттарын дайындау саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары мен өзге де ұйымдар олардың сапасы үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады.
4. Қазақстан Республикасының аумағында төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген жағдайда, донорлықты ұйымдастыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

164-бап. Донорлық қанның, оның компоненттері мен
препараттарының қауіпсіздігі мен сапасын
қамтамасыз ету

1. Донорлық қан мен оның компоненттерінің қауіпсіздігі карантиндеу, вирусинактивациялау, радиациялық сәулелендіру және Қазақстан Республикасының аумағында рұқсат етілген басқа да әдістер арқылы қамтамасыз етіледі.
2. Донорлық қан мен оның компоненттері уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен сапасын бақылауға жатады.
3. Тиісінше таңбаланбаған донорлық қанды, оның компоненттерін, препараттарын пайдалануға және өткізуге тыйым салынады.
4. Донорлық қанды, оның компоненттерін және препараттарын құюды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары мен медицина қызметкерлері оларды қауіпсіз қолдану жөніндегі тиісті талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

165-бап. Донор, оның құқықтары мен міндеттері

1. Тиісті медициналық зерттеп-қараудан өткен және қарсы айғақтары жоқ, медициналық мақсатта қан мен оның компоненттерін тапсыруды (донациялауды) жүзеге асыруға ерікті түрде ниет білдірген он сегіз жастан асқан жеке тұлға донор болуға құқылы.
2. Донор:
1) қан мен оның компоненттерін тапсыруды (донациялауды) өтеусіз жүзеге асыруға;
2) қан мен оның компоненттерін уәкілетті орган белгілеген мөлшерде ақылы тапсыруды (донациялауды) жүзеге асыруға;
3) медициналық зерттеп-қарау нәтижелерімен танысуға;
4) осы Кодекске сәйкес көтермеленуге құқылы.
3. Донор қазіргі немесе бұрын ауырған барлық аурулары туралы өзіне белгілі мәліметтерді, сондай-ақ есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды пайдаланғаны туралы хабарлауға міндетті.
Ескерту. 165-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

166-бап. Донорды медициналық зерттеп-қарау


1 | 2 | 3 |

Поиск по сайту:



Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.015 сек.)