АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция

Хронаксиметрия

Читайте также:

    Хронаксиметрия – тіндердің қозғыштық қасиеттерін сипаттайтын әдістерге жатады. Бұл әдіспен хронаксияны анықтайды. Тіндерде қозуды тудыратын екі реобазалық (немесе екі табалдырық) ток күшінің әсер ететін ең аз уақыты – хронаксия деп аталады. Тіндердің қозғыштығы мен хронаксиясы арасында кері тәуелділік болады (қозғыштығы жоғары тіндердің хронаксиясы төмен).

    Хронаксияны анықтау үшін хронаксиметр аспабын пайдаланады. Бұл ток кернеуін 1-ден 300 В және ұзақтығын 0,01-ден 40 мс дейін өзгертетін мүмкіндігі бар электростимулятор.

    Жұмысты орындау: Алдын ала физиологиялық ерітіндімен дымқылданған мақтамен жабылған индифференті электродты (анод) білектің ішкі жағына бекітеді. Активті электродпен (катод) білектің ішкі жағында орналасқан саусақтардың бүгілдіргіш еттерін қозғалтатын нүктесін табу керек (сурет 11). Сонан кейін хронаксиметрді «реобаза» режиміне аударады. Алдында анықталған бүгілдіргіш еттердің қозғалтқыш нүктесінде орналасқан активті электродпен ток кернеуінің табалдырықты шамасын немесе реобазасын табады. Анықтауды әлсіз токпен тітіркендіруден бастап, бүгілдіргіш еттердің жиырылуы байқалғанша, біртіндеп ұлғайтады. Ток кернеуі шкаласында реобазаның мөлшерін белгілеп аспапты «хронаксия» режиміне ауыстырады. Сонан кейін токтың кернеу күші екі реобазаға тең жағдайда хронаксия анықталады. Адамның аяқ-қол бұлшықеттерінің хронаксиясы қалыпты шамамен 0,1 – 0,7 мс (реобазасы 60 – 70 в) тең болады.

    Жұмысты аяқтағаннан кейін, анықталған реобаза мен хронаксия шамаларын өзара салыстырып, қорытынды жасау керек.

     

    5.Жүйке талшықтарымен қозудың өту ерекшеліктері

    А) Қозудың жүйке арқылы екі бағытта таралуы.

    Жүйке талшықтарына тітіркендіргішпен әсер еткенде пайда болатын қозу өрісі екі жаққа қарай өтеді. Бұл заңдылықты байқау үшін тәжірибені жүйке – бұлшықет препаратына жасайды.

    Жұмысты орындау: Бақаның артқы аяқтарынан жүйке-бұлшықет препаратын дайындайды. Сан еттерінің арасынан шонданай жүйкесін тауып, оның сан мен балтыр еттерін қамтамасыз ететін талшықтары сақталады. Жүйкені босатқаннан кейін, ортан жілік пен оның бұлшықеттері кесіледі. Сонда сан мен балтыр еттері бір-бірімен тек шонданай жүйкесінің талшықтарымен байланысады. Препаратты шыны пластинкаға орналастырып, жүйкені стимуляторға қосылған электродпен тітіркендіргенде сан мен балтыр еттерінің бірдей жиырылуы байқалады (сурет 12).

    Бұл тәжірибе нені дәлелдейтінін анықтап, схемасын салып, қорытынды жасау керек.

    Сурет 6

    Б) Жүйкенің физиологиялық тұтастығы заңы.

    Қозудың жйүке талшықтарының бойымен таралуы оның анатомиялық және физиологиялық тұтастығына байланысты. Егер жүйке талшықтары созылса (қысылса), салқындатылса немесе дәрі – дәрмектер әсер етсе, оның физиологиялық тұтастығы мен өткізгіштік қасиеті жойылады.

    Жұмысты орындау: Жүйке-бұлшықет препаратын даярлағаннан кейін, жүйкені стимуляторға қосылған электродпен тітіркендіргенде балтыр етінің жиырылуы байқалады. Сонан кейін жүйкенің үстіне 2%-ды новокаин ерітіндісімен дымқылданған тампонды 5 минутқа қояды. Осындай әсерден кейін препаратты қайтадан тітіркендіргенде, бұлшықеттің жиырылуы байқалмайды. Егер жүйке үстіндегі тампонды алып тастап, оны Рингер ерітіндісімен шайып, 5 минуттан кейін токпен тітіркендіргенде бұлшықеттің жиырылуы қайтадан көрінеді.

    Тәжірибені болғаннан соң талдап қорытынды жасалады.

     

    В) Жүйке – бұлшықет синапсындағы қозу өтуінің бұзылысы.

    Жүйке-бұлшықет синапсы химиялық заттарға, оның ішінде миорелаксанттарға (кураре, листенон және т.б.) өте сезімтал болады. Бұл заттардың әсерінен қозудың жүйкеден бұлшықетке қарай өтуі тиылады, яғни бұлшықетті жанама тітіркендіргенде ол жиырылмайды, бірақ тікелей тітіркендіргенде жауап қайтарады.

    Жұмысты орындау: Қимылсыздандырылған бақаны тақтайшаға етпетінен жатқызып бекітеді. Артқы аяқтарының терісін ұзына бойы кесіп, сан еттерінің арасынан шонданай жүйкесін тауып (қан тамырларына зақым келтірмей) оны лигатураға (жіпке) іліп алады. Сонан кейін бақаның бір аяғындағы қан айналысын тоқтату үшін, лигатурамен сан еттерін қысып байлайды (жүйкені байламай жіптің үстінде қалдырады). Бақаның лимфалық қапшығына 1,0-1,5 мл листенон ерітіндісі егіледі де, 10-20 минуттан кейін шонданай жүйкесін кезекпен ырғақты токпен тітіркендіріп, сан мен балтыр еттерінің жиырылуындағы өзгерістерді бақылайды. Келесі ретте электродпен бақаның екі аяғының балтыр еттерін кезекпен тікелей тітіркендіріп, олардың жиырылуындағы өзгерістерді талдау жасап, корытынды шығару керек.

     

    ҚАН ЖҮЙЕСІНІҢ ФИЗИОЛОГИЯСЫ

    1. Қанның құрамын зерттеу әдістері.

    Қанның құрамы – сұйық бөлімі плазмадан және формалы элементтерден (эритроциттер, лейкоциттер және тромбоциттер) тұрады. Қан көлемінің 42-48% -ы формалы элементтер, ал 52-58%-ы плазма болады. Формалы элементтердің саны 1 мкл қан мөлшерінде анықталады.

    Қан құрамында эритроциттердің орташа саны 4,0-5,0 х 10¹²/л (1 мкл қанда 4,0-5,0 млн), лейкоциттердің саны 4,5-9,0 х 10³/л (4,5-9,0 мың), тромбоциттердің саны 180-320 х 10*9/л (1 мкл – 180-320 мың).

    Қазіргі кезде физиологиялық тәжірибеде формалы элементтердің санын пробиркалық әдіспен анықтау қолайлы деп саналады.

     

    А) Адамның қанын зерттеуге алу.

    Адамның қанын зерттеудің клиникалық маңызы зор. Сондықтан қанды зерттеуге қолдың саусағынан алу керек.

    Жұмысты орындау: Алдын ала сыналушының қолын жуғызып, IV-саусақтың басын спиртпен сосын эфирмен тазартады. Сонан кейін саусақтың терісін скарификатормен 2-3 мм тереңдікте теседі. Қанның алғашқы тамшысын мақтамен сүртеді де, зерттеуге қанды жіңішке капилляр түтікшенің көрсетілген белгісіне дейін сорып алады (0,02 мл).

    Қанды алып болғаннан кейін саусақтың тесілген жеріне йодталған ерітінді жағып, спиртпен дымқылданған тампонмен жабады.

     

    Б) Эритроциттердің санын есептеу.

    Жұмысты орындау: Жоғарыда көрсетілген әдіспен IV-саусақтан алынған 0,02 мл қанды пробиркадағы 4 мл 3%-дық NaCI ерітіндісімен араластырады. Сонда 1:200 тең ерітінді жасалады. Сұйытылған қанның бір тамшысы, жапқыш шынымен жабылған, Горяевтің есептеу камерасына құйылады. Горяев камерасында 25 үлкен квадраттар бар, әр біреуі 16 кіші квадратқа бөлінген (сурет 13).

    Есептеу камерасын микроскопқа орналастырып (объективі 8х, окуляры 10х), диагональды орналасқан үлкен 5 квадраттағы (немесе 80 кіші) эритроциттерді санайды. Табылған эритроциттердің санын (А) есептеу формуласына қойып, 1 мкл қандағы эритроциттер санын анықтайды:

     

    А х 4000 х 200

    Х = ----------------------- =

    Мұндағы: Х – 1 мкл қандағы эритроциттер саны;

    А – есептеу камерасындағы 5 үлкен квадраттағы эритроцитер;

    4000 – кіші квадраттардың көлемі;

    200 – қанның сұйытылу есесі.

    Бірнеше сыналушылардың қанындағы эритроциттер санын анықтап болғаннан кейін, оларды өзара салыстыру керек. Алынған нәтижелер бойынша қорытынды жасалады.

     

    В) Қандағы лейкоциттердің жалпы санын анықтау:

    Жұмысты орындау: Таза пробиркаға метилен көгімен боялған 0,4 мл -5%-дық сірке қышқылын құяды. Саусақтан алынған 0,02 мл қанды осы ерітіндімен араластырып (қан мұнда 20 есе сұйытылған), жасалған сұйықты зерттеуге алады. Ол үшін, эритроциттерді есептегендей, қоспаның 1-2 тамшысын алып есептеу камерасын толтырады. Сонан кейін камераны микроскопқа орналастырады да, тордың 25 үлкен квадраттарындағы (немесе 400 кіші) лейкоциттердің санын есептейді.Табылған лейкоциттердің санын (В) есептеу формуласына қойып, 1 мкл қандағы лейкоциттердің жалпы санын анықтайды:

     

    В х 4000 х 20

    Х = ----------------------- =

    Мұндағы: Х – 1 мкл қандағы лейкоциттер саны;

    В – 25 үлкен квадраттағы лейкоциттер саны;

    4000 – кіші квадраттардың көлемі;

    20 – қанның сұйытылу есесі.

    Бірнеше сыналушылардың қанындағы лейкоциттер санын анықтап болғаннан кейін, оларды өзара салыстыру керек. Алынған нәтижелер бойынша қорытынды жасалады.

     

    Г) Қандағы тромбоциттердің санын санау:

    Қандағы тромбоциттердің саны Джавадян әдісі бойынша саналады. Тромбоциттер құрамындағы профермент- протромбокиназа есебінен қан ұю процесіне қатысады. Саусақтан алынған қанды эритроциттерге арналған меланжерге 0,5 белгісіне дейін құйып, 101 белгісіне дейін Реес –Эккер ерітіндісімен (құрамы: 5% Na цитраты – 3,8 г, NaCI – 0,57г, метилен көгі- 0,15 г, формалин – 0,2 мл)сұйылтады.Меланжерді сілкіп араластырады да, тромбоциттер метилен көгімен боялғанша 10-15 минутқа қоя тұрады. Ерітіндінің 1 тамшысын жабынды шыны астына есептеу камерасына тамызады. Тромбоциттерді санау микроскоптың үлкен объективімен жүргізіледі. Олардың санын 25 үлкен шаршыдан анықтайды және төмендегі формуламен 1 мм³ қандағы мөлшерін есептейді:

    С х 4000 х 200

    Х = ----------------------- =

    Мұндағы: Х – 1 мм³ қандағы лейкоциттер саны;

    С – тромбоциттер саны.

     

    Д) Гемоглобиннің мөлшерін анықтау:

    Гемоглобиннің мөлшерін стандартты ерітінді мен зерттеуге алынған қан түстерін салыстыруға негізделген колориметриялық әдіспен анықтауға болады. Оның бірі – Сали әдісі (сурет 1). Бұл әдіс гемоглобин мен тұз қышқылы косылғанда тұрақты қоңыр түсті тұз қышқылды гематин ерітіндісі пайда болуына негізделген.

    Сали гемометрінің үш пробиркасы бар. Ортасындағы қанды зерттеуге арналған пробирка өлшемді сызықтармен белгіленген, ал екі шеткі пробиркаларда ашық қоңыр түсті стандартты гематин ерітіндісі (гемоглобин мөлшері 167 г/л – ге сәйкес) бар.

    Жұмысты орындау: Гемометрдің ортаңғы пробиркасының төменгі белгісіне дейін тұз қышқылының 0,1 N ерітіндісі құйылады. Микропипеткамен саусақтан алынған 0,02 мл қанды осы ерітіндінің үстіне құйып араластырады да, 3-5 минутқа штативте қалдырады Осы уақыт ішінде гемоглобин тұз қышқылды гематинге айналып, ерітінді қоңыр түске боялады. Сонан кейін осы ерітіндінің түсі стандартпен сәйкестенгенше, оған пипеткамен дистилденген суды тамыза отырып, шыны таяқшамен араластырады. Ерітіндінің түсі стандартпен теңдескен пробирканың белгісі қандағы гемоглобиннің мөлшерін көрсетеді. Мысалы, пробиркадағы ерітіндінің түсі 14,0 деген белгіде стандарттың түсімен сәйкес болса, зерттелген қандағы гемоглобин мөлшері 140 г/л деп есептеледі.

    Гемоглобиннің қалыпты мөлшері ер адамдардың қанында 130-160 г/л, әйелдердің – 120-140 г/л, жаңа туған нәрестелерде – 170-240 г/л болады.

    Бірнеше сыналушылардың қанындағы гемоглобиннің мөлшерін анықтап, өзара салыстыру керек.

     

    Соңғы уақытта гемоглобин мөлшерін дәл анықтау үшін спектрофотоколориметр және гемоглобинометр аспаптары қолданылады.Сонымен қатар клиникалық-диагностикалық зертханаларда қанның сапалық және көлемдік көрсеткіштерін анықтау үшін гематологиялық анализаторлар қолданылады. Олар автоматтандырылған және жартылай автоматтандырылған болады. Қазіргі заманғы автоматтандырылған гемоанализаторлар сағатына оннан астам анализді өңдеу, жоғары дәлдігі және жадыда сақтап, қажет болған жағдайда принтерден қайтадан шығаруға болатынымен ерекшеленеді. Гематологиялық анализаторларда кондуктометриялық әдіс қолданылады. Бұл әдіс микротесік (трансдьюсер) арқылы қан клеткалары өткен кезде микротесіктің электрлік кедергісі өзгеруі эффектісіне негізделген. Кондуктометриялық әдіс эритроциттер, тромбоциттер, лейкоциттер санын санап, трансдьюсер арқылы өткен әр клетканың көлемін анықтап, ол бойынша гистограмма құрып, гематокрит пен тромбокритті есептеп шығаруға мүмкіншілік береді.

     

    Д) Қанның реңдік көрсеткішін (ҚРК) есептеу.

    Қандағы гемоглобин мөлшері мен эритроциттер санының қатынасы – қанның реңдік көрсеткіші деп аталады. ҚРК-і эритроциттердің гемоглобинмен қанығу дәрежесін көрсетеді.

    ҚРК-ін есептеу үшін төмендегі формула қолданылады:

     

    Гемоглобин, г/л

    ҚРК = ---------------------------------------------------------- х 3 =

    1мкл қандағы эритроциттер саны

    (алғашқы үш саны)

     

    Қалыпты жағдайда ҚРК ересек адамдарда 0,85-1,05; жаңа туған нәрестелерде – 0,9-1,3.

    Дерттік жағдайларда ҚРК 1,05-тен жоғары (гиперхромазия) немесе 0,85-тен төмен (гипохромазия) болуы мүмкін. Бұл көрсеткішті анықтаудың клиникалық маңызы зор.

    Бірнеше сыналушылардың көрсеткіштерін салыстырып, корытынды жасау керек.

     

    2. Эритроциттердің тұну жылдамдығын (ЭТЖ) анықтау.

    Натрий цитратымен араластырылған қан түтікшеде біраз уақыт тұрғаннан кейін екі қабатқа бөлінеді: үстінде қан плазмасы, ал төменде тұнған эритроциттер орналасады.

    Қалыпты жағдайда ЭТЖ ер адамдарда 2-10 мм/сағ., әйелдерде 2-15 мм/сағ., жаңа туған нәрестелерде 1-2 мм/сағ. болады.

    ЭТЖ организмнің жағдайына тәуелді. Кейбір физиологиялық жағдайларда (мысалы, жүктілікте) және көптеген ауруларда (жұқпалы, қан жүйесінің аурулары, қабыну процесстерінде, туберкулез, ревматизм, т.б.) ЭТЖ жоғары болады.

    Жұмысты орындау: ЭТЖ анықтау үшін Панченков аспабы қолданылады, ол штативтен және арнаулы белгілері бар түтікшелерден (капиллярлардан) тұрады (сурет 2).

    Лимон қышқылды натриймен бірнеше рет шайылған түтікшенің «Р» (немесе «50») белгісіне дейін осы ерітіндіні алып, сағат шынысының бетіне үрлеп құяды. Сонан кейін саусақтан скарификатормен тесіп, түтікшенің «0» (немесе «К») деген белгісіне дейін алынған қанды, шыны бетіндегі ерітіндімен араластыру керек (мұнда, түтікшені ерітіндіге тигізбей, ауамен үрлеп араластырады). Осылай натрий цитратымен араластырылған қанды қайтадан түтікшенің «К» белгісіне дейін сорып алып, аспаптың штативіне қояды. Бір сағат өткеннен кейін тұнған қан плазмасының биіктігі бойынша ЭТЖ анықталады (мм/сағ.).

    Бірнеше сыналушылардың ЭТЖ анықтағаннан соң оларды салыстырып қорытынды жасау керек.

    3. Қанның ұю қасиеттерін анықтау әдістері.

     

    Қанның ұюын анықтаудың клиникада диагностикалық маңызы зор, себебі көптеген науқастар кезінде адам организмінде қанның ұю процестері бұзылып, қан ағуына келтіретін қауып туғызады (инфаркт, инсульт, акушерлік және хирургиялық жағдайлардағы қан кету, т.б.)

    Қанның ұюын бірнеше әдістермен анықтауға болады:

     

    А) Альтгаузен әдісі. Бұл клиникалық практикада кеңірек қолданылатын әдістердің бірі және ол қандағы алғашқы фибрин жіпшелерінің пайда болу уақытын анықтауға негізделген. Осы әдіспен бөлме температурасы қалыпты жағдайдағы анықталған қанның ұю жылдамдығының көрсеткіші 5-10 мин болады.

    Жұмысты орындау: Дене жылулығына дейін алақанда қыздырылған, таза және құрғақ шыны бетіне саусақтан алынған қанның 2-3 тамшысын тамызады да, әрбір 30 с сайын фибриннің алғашқы жіпшелері инеге ілінгенше, қанның үстімен өткізіп отырады.

    Қанды шыны бетіне тамызғаннан бастап, фибрин жіпшелерінің пайда болуына дейінгі уақытты секундомермен белгілеу керек. Бірнеше сыналушылардың нәтижелерін салыстырып, қорытынды жасалады.

     

    Б) Сухарев әдісі. Бұл әдіс бойынша қанның ұю жылдамдығын анықтаумен бірге, организмдегі қанды ұйытатын кейбір түрткілердің (фибриноген, антигемофильдік глобулин, протромбин және т.б.) жеткіліксіздігін білуге болады. Қанның ұю уақыты қысқарса, ол осы процестің күшейе түскенін көрсетеді (гиперкоагуляция).

    Осы әдіспен анықталған қанның ұю жылдамдығының қалыпты көрсеткіштері: басталуы – 0,5-2 мин дейін, аяқталуы – 3-5 мин дейін болады.

    Жұмысты орындау: Зерттеуге қанды саусақтан шыны түтікшеге (Панченков аспабынан алынған капиллярға) 20-30 мм шамасына дейін сорып алады да секундомермен алынған уақытын белгілейді. Сонан кейін түтікшені ептеп қисайтып, ішіндегі қанды ортасына қарай аударады да, оның шеттерін саусақпен жауып, екі жаққа 30-45 градуске сәйкес шайқалтады. Шайқағанда түтікше ішіндегі қан еркін қозғалса, оның әлі ұйымағандығы, ал біраздан кейін қан баяулап қозғалса, онда қан ұюының басталғаны деп саналады. Қан толығынан ұйығанда, түтікшені қисайтқанда оның ішіндегі қан қозғалмайды. Бірнеше адамдардың көрсеткіштерін салыстырып, қорытынды жасалады.

     

    В) Қанның ағу ұзақтығын анықтау.

    Бұл тромбоцитті – тамырлық гемостазды (алғашқы гемостазды) зерттеу әдістеріне жатады. Әдістің жалпы принципі жарақаттанған тері бетінен (саусақ, құлақ және т.б.) қанның ағу уақытын өлшеуге негізделген. Бұл әдістің тромбоциттер қызметінің туа және жүре пайда болатын патологиялық өзгерістерін анықтауда маңызы зор.

    Жұмысты орындау: Адамның қанын зерттеу әдісі бойынша (7 А-жұмысы), скарификатормен IV-саусақты тесіп, алғашқы қан тамшысын таза тампонмен сүртеді. Сонан кейінгі шыққан қан тамшысына сорғыш қағазды әрбір 30 секунд сайын, қанның ізі қалмағанша тигізіп, белгілейді. Сорғыш қағаздың бетіне түскен тамшы іздерінің санын есептеп, қанның ағу ұзақтығын анықтайды да, оны қалыпты жағдаймен салыстырады (2-5 мин).

    Бірнеше адамдардың зарттелген көрсеткіштерін салыстырып, қорытынды жасалады.

     

    Г) Коагулография. Қазіргі уақытта қанның ұюын жан жақты зерттейтін әдістердің бірі коагулография әдісі. Бұл әдіс бойынша қанның ұю процестерінің мынандай көрсеткіштері толығынан анықталады:

    а) қан ұюының бастапқы уақыты;

    б) қан ұюының соңы;

    в) қанның ұю жылдамдығы;

    г) ретракция мен фибринолиздің басталуы және жылдамдығы, т.б.

    Коагулографпен жұмыс жүргізу тәртібі;

    1. Жерге тұйықталған құралды электр желісіне қосыңыз.

    2. Құралдың «сеть/ВКЛ» және «мотор/ВКЛ» кнопкаларын басыңыз. Тетіктеме түзеткіштің көмегімен жазатын қондырғы капиллярының ұшын таспасының бастапқы сызығына орнатыңыз.

    3. Жұмыс алдында құралды 15 минут қыздырғаннан кейін, күшейткішті қалпына келтіріп калибровка жасаңыз.

    4. Құралдың «ЭКВ» кнопкасын басыңыз, айнымалы кедергінің тұтқасы «РЕГ» арқылы жазатын қондырғының капиллярын диаграмма таспасының соңғы сызығына орнатыңыз.

    5. Сол қолдың IV- саусағынан, жоғарыда көрсетілген әдіс бойынша, зерттеуге қан алыңыз. Алғашқы қан тамшысын сүртіп тастап, келесі 2-3 қан тамшысын, саусақты жай уқалап отырып, прибордың арнаулы ұяшығына толтырасыз.

    6. Қанды алғаннан бастап коагулографта жазғанға дейінгі уақытты белгілеп анықтайсыз (То).

    7. Ұяшықты қондыру үшін:

    7.1. Термостат камерасының қақпағының серіппесін ашыңыз;

    7.2. Термостаттан жылытылған ұяшықты алып, оны қайта жабыңыз;

    7.3. Ұяшықтың қақпағын ашып, оны қанмен толырыңыз (п. 5 қараңыз);

    7.4. Ұяшық қақпағын жауып, оны термостатқа орналастырыңыз;

    7.5. Термостат қақпағын жабыңыз;

    7.6. Құралдың «мотор/ВКЛ» кнопкасын басыңыз.

    Қанның ұю ұзақтығын жазу 10-15 минутқа созылады.

    Ескеру: 1. Қанды зерттеуге алуға дейін ұяшықты спиртпен тазартып, одан кейін эфирмен сүртіп дистилденген сумен шайып кептіреді

    2.Термостат қуысына ұяшықты орналастырып, оны 30 мин жылытады.

    Қоагулографқа жазылып алынған диаграмманы талдап, қорытынды жасау керек.

    4. Қан топтары мен резус факторды анықтау әдістері.

     

    А) АВО жүйесі бойынша қан топтарын анықтау:

    Қан топтарын бір бірінен оның құрамында кездесетін агглютиногендер мен агглютининдер бойынша ажыратуға болады. Агглютиногендер – эритроциттер құрамындағы желімделетін заттар, ал агглютининдер – плазма құрамындағы желімдегіш заттар болып саналады.

    Агглютиногендердің негізгі екі түрі (А және В) бар, оған сәйкес плазмада агглютининдердің де екі түрі (a және в) болады. Эритроциттердің желімделу (агглютинация) реакциясы аттас агглютинин мен агглютиноген кездескенде (А + а; В +в) байқалады. Сондықтан қан топтарын АВО жүйесі бойынша анықтау үшін зерттелетін қанды стандартты сарысулармен араластырып, олардың арасындағы агглютинация реакциясына назар аудару керек.

    Жұмысты орындау: Жайпақ темір немесе қыш пластинакаға белгіленген екі қатар ұяларына бір тамшыдан екі сериялы Оав (І), Ав (ІІ), Ва (ІІІ) қан топтарының стандартты сарысуларын құяды. Саусақтан алынған қан тамшысын әрбір топтың сарысуларының жанына тамызып, шыны таяқшамен оларды бір бірімен қосып араластырады.

    Зерттелген қанның қай топқа жататындығы агглютинация реакциясы бойынша анықталады.

    Зерттеудің нәтижесін талқылау:

    1. Сарысу тамшыларының ешқайсысында агглютинация болмаса, зерттеуге алынған қан І (Оав) топқа жатады.

    2. Эритроциттердің агглютинациясы І (Оав) және ІІІ (Ва) топтардың сарысуында байқалса, зерттелген қан ІІ (Ав) топқа жатады.

    3. Агглютинация реакциясы І (Оав) және ІІ (Ав) топтарының сарысуында болса, зерттелген қан ІІІ (Ва) топқа жатады.

    4. Егер реакция барлық топтардың сарысуларында байқалатын болса, онда зерттелуге алынған қан IV (ABo) топқа жатады. Мұндай жағдайда, саусақтан қайтадан қан алып, IV топтың сарысуымен тәжірибе жасалады. Бұл сарысуда агглютинация реакциясының болмауы, зерттелген қанның IV (АВо) топқа жататындығын дәлелдейді.

    Осы әдіс бойынша әрбір сыналушы өздерінің қандарының қай топқа жататындығын анықтау керек.

     

    Б) Қан топтарын анти-А және анти-В цоликлондарымен анықтау.

    Қазіргі кезде АВО жүйесі бойынша қан топтарын анықтау үшін моноклоналдық қарсытәндер (анти-А және анти-В цоликлондар ерітінділері) пайдаланылады.

    Жұмысты орындау: Шыны немесе қыш пластинкаға бір тамшыдан анти-А және анти-В цоликлондар ерітіндісін тамызады да, оған саусақтан алынған қанның тамшысын қосып (10:1 мөлшерде), араластырады. Агглютинация реакциясы бойынша 2-5 мин кейін қан топтары анықталады.

    Моноклоналдық реагентпен жүргізілген тәжірибенің нәтижесі мынадай болуы мүмкін:

    1.Егер эритроциттердің анти-А және анти-В цоликлондарының ешқайсымен агглютинация реакциясы байқалмаса, онда бұл қан І (Оав) топқа жатады.

    2.Агглютинация тек анти-А цоликлонымен болса, бүл қан ІІ (Ав) топқа жатады.

    3.Агглютинация тек анти-В цоликлонымен болса, бұл қан ІІІ (Ва) топқа қарайды.

    4.Агглютинация реакциясы анти-А және анти-В цоликлондарының екеуінде бірдей байқалса, онда зерттелген қан IV (АВо) топқа жатады.

    Мұндай жағдайда NaCI-дың изотониялық ерітіндісімен бақылау тәжірибесін жүргізіп, агглютинацияның болуына көз жеткізеді.

    Бұл әдістің басқа әдістерге қарағанда артықшылығы – ол жоғары арнамалы және мұндағы агглютинация реакциясы агглютиногендердің әлсіз болу жағдайларында да айқын байқалады.

    Қан топтарын анықтаудың клиникада қан құюды (гемотрансфизия) кеңінен пайдалануға байланысты практикалық маңызы зор.

     

    В) Қанның резус (Rh) тиістілігін анықтау.

    Адам эритроциттерінің құрамында А және В агглютиногендерінен басқа Rh (резус) агглютиногені табылған. Егер қанда Rh-фактор болса, ол резус оң қан (Rh+), болмаса – резус теріс қан (Rh-) деп белгіленеді.

    Қазіргі кезде қанның резус факторын анықтау үшін арнайы жасалған универсалды анти-Rho (D) реагенті қолданылады.

    Анықтау техникасы: Пробирканың түбіне универсалды антирезус реагентінен бір тамшы, зерттеуге алынған қаннан бір тамшы құяды да, оны сілкіп араластырады. Сонан кейін пробирканы көлденең күйге дейін бірнеше рет еңкейтіп, оның қабырғасына ішіндегі қоспаны жұқтырады. Қанды пробирканың қабырғасына бұлай жұқтыру агглютинация реакциясын көрнекті байқалтады. Негізінде агглютинация алғашқы минутта-ақ байқалады,бірақ тұрақты антиген – антидене комплексі пайда болу үшін зерттеуді 3-5 минут бойы жүргізген дұрыс. Сонымен қатар эритроциттерге тән емес агрегацияны болдырмау үшін пробиркаға 2-3 мл 0,9% NаСІ ерітіндісін құйып, оны бір-екі рет аударып,сілкімей араластырады.

    Нәтижелерді бағалау: 1.Мөлдір сарысуда эритроциттердің ірі түйіршіктері пайда болып,агглютинацияның байқалуы, зерттелген қанның оң резусті (Rh+) болғаны.

    2.Пробиркадағы қоспаны тегіс бір түске боялып, агглютинацияның жоқтығы,зерттелген қанның теріс резусті (Rh-) болғаны.

    Бірнеше сыналушылардың резус тиістілігін анықтап, қорытынды жасау керек.

     

     

    ЖҮРЕК ЖӘНЕ ҚАН ТАМЫРЛАР ЖҮЙЕСІНІҢ ФИЗИОЛОГИЯСЫ

    1. Жүректің физиологиялық қасиеттерін тәжірибеде зерттеу.

    А) Бақа жүрегінің жиырылуын байқау және оны тіркеу.

    Жүрек етінің қызметі ырғақты түрде байқалады. Жүрекше мен қарыншалардың жиырылуы мен босаңсуы белгілі жүйеде жалғасады. Жүрекшелер мен қарыншалардың бір систоласы мен диастоласын және жалпы үзілісті қамтитын кезеңді жүрек қызметінің циклы деп белгілейді.

    Қалыпты жағдайда ересек адамның жүрек циклының ұзақтығы 0,8 с. Жүрек циклының графикалық тіркеу тәжірибесі (кардиограммасын) бақаның жүрегіне жасалады.

    Жұмысты орындау: Орталық жүйке жүйесі бұзылған бақаны ағаш пластинкаға шалқасынан салып, түйреуіштермен бекітеді. Қайшымен дене қуысын тілгеннен кейін жүректі үлпершегінен (перикардтан) босату керек. Жалаңаштанған жүректің үстіне уақыт сайын Рингер ерітіндісін тамызып,оның кеуіп қалмауына жағдай жасалады.

    Бақа жүрегінің жиырылуын (кардиограммасын) жазу үшін арнайы кішкене рычагқа орналастырылған қаламды қолданады. Осы қаламның екінші жағына жіппен байланған қысқышты (серфинді) бақаның жүрегінің ұшына жалғастырады да, айналып тұрған кимографқа оның жиырылуын жазады (сурет 1).

    Жазылып алынған кардиограммада жүрекше мен қарыншалардың жиырылуы және жалпы үзілісі айқын байқалады.

    Тәжірибенің схемасын салып, жазылған бақаның кардиограммасын талдап, оның кезеңдерін белгілеу керек.

     

    Б) Жүрек арқылы қозудың өтуін талдау. Станниус тәжірибесі.

    Алғашқы рет жүректің автоматиялық орталықтарының орналасуын оның бөлімдерін бір-бірінен ажырататын, лигатуралар салу (жіппен байлау) арқылы анықталған.

    Жұмысты орындау: Қимылсыздандырылған бақаның жүрегінің қолқа доғасы жіппен байланады. Сонан кейін бір минут ішіндегі жүректің соғу жиілігі саналады. І-ші лигатураны веноздық синус пен оң жақ жүрекше арасында байлайды. Егер лигатура дұрыс байланса жүрекшелер мен қарыншаның жиырылуы тоқтап қалады, ал синус сол бұрынғы жиілікпен жиырыла береді. Бұл жүректің негізгі ырғақ жүргізуші орталығының (пейсмекер) синуста орналасатындығын көрсетеді (сурет 2).

    ІІ-ші лигатураны жүрекше мен қарынша арасына байлау керек. Осы кезде қарыншаның жиырылуы байқалады, бірақ оның жиілігі синустың жиырылуына қарағанда сиректеу болады. Бұл атриовентрикулярлық түйінде де ырғақ жүргізуші орталығының бар екендігін дәлелдейді, бірақ оның автоматиясы синуспен салыстырғанда төмен және оған тәуелді болады.

    ІІІ-ші лигатураны қарыншаның төменгі жағына (немесе жүректің ұшына) байлайды. Осы кезде жүрек ұшының жиырылуы байқалмайды, бұл оның автоматиясы жоқ екендігін көрсетеді.

    Сөйтіп, синустық түйін жүректің негізгі ырғақ жүргізушісі болып саналады. Одан қашықтаған сайын жүрек автоматиясы азаяды (автоматия градиенті).

    Тәжірибенің схемасын дәптерге салып, әрбір лигатураны байлағаннан кейінгі жүректің жиырылу жиілігін салыстырып,қорытынды жасау керек.

     

    В) Жүрек етінің қозғыштығы мен рефрактерлік кезеңдерін зерттеу. Экстрасистола.

    Жүрек етінің рефрактерлік кезеңінің ұзақ болуы оның маңызды физиологиялық ерекшеліктерінің бірі болып саналады. Ол абсолютті және салыстырмалы кезеңдерден тұрады. Абсолюттік рефрактерлік кезең уақыты бойынша систоламен, ал салыстырмалы рефрактерлік кезең диастоламен сәйкес келеді. Егер қарыншаны систола кезінде тітіркендірсе, оған ешқандай жауап байқалмайды (себебі, систола кезінде қарыншаның қозғыштығы жоқ). Ал қарыншаны диастола кезінде тітіркендіру - кезексіз жиырылуды тудырады, оны экстрасистола деп атайды. Экстрасистоладан соң қалыптыдағыдан ұзақ үзіліс байқалады. Бұл үзілісті компенсаторлық үзіліс деп белгілейді. Компенсаторлық үзілістің пайда болуы бұл уақытта қарынша абсолюттік рефрактерлік кезеңде болады да, синустан шыққан кезекті импульс қабылданбайды. Сондықтан, жүректің бір циклы орындалмайды.

    Жұмысты орындау: Қимылсыздандырылған бақаның кеуде қуысын ашып, жүрегін перикардтан босатады. Энгельман рычагіне байланған ілгекпен жүрек ұшынан іліп алып, кардиограмманы жазып алады. Систола және диастола кезінде жүрекке қосымша электр тітіркендіргішін қосады. Егер бұл тітіркендіру диастола уақытында түссе, онда кезексіз жиырылу (экстрасистола) мен компенсаторлық үзіліс байқалады (сурет 3).

    Тәжірибені жасап болғаннан кейін экстрасистола мен компенсаторлық үзілісті көрсететін кардиограмманы дәптерге салып, қорытынды жасау керек.

     

    Г) Ваго-симпатикалық жүйке бағанын тітіркендірудің бақаның жүрегіне тигізетін әсері.

    Қалыпты жағдайда жүректің қызметі организмде жүйкемен және гуморальдық түрткілер арқылы реттеледі. Жүйкелік реттелу вегетативтік жүйке жүйесінің симпатикалық және парасимпатикалық бөлімдерімен қамтамасыз етіледі, олар жүректің жиырылу күшіне, соғу жиілігіне қарама-қарсы әсерлерін тигізеді. Сондықтан осы әсерлерді зерттеу үшін тәжірибе бақаның жүрегіне жасалады.

    Жұмысты орындау: Қимылсыздандырылған бақаны шалқайтып тақтайшаға бекітіп жүрегін перикардтан босатып,үзбесін кеседі.

    Алдымен суретке қарап жүйке талшықтарының орналасуымен танысу керек.

    Бақаның алдыңғы оң аяғын төмен, шет жаққа қарай тартады да, жақ пен жүректің бұрышындағы еттер мен шандырларды кеседі. Сонда қолтық астындағы еттер мен олардың арасында жатқан тіл асты, тіл-жұтқыншақ нервтері айқын көрінеді. Осы екі нервтердің сәл төменгі жағында қан тамырлары мен нервтер будасы орналасады. Олар жүрекке баратын кезбе және симпатикалық жүйке талшықтарынан (ваго-симпатикалық бағаны) тұрады. Жүйке бағанының астына лигатура өткізіледі.

    Жүректің 1 минуттағы соғу жиілігі саналады. Сонан кейін электростимуляторға қосылған электродпен нерв бағанына тұрақты токтың орташа шамасымен (1-2 В, жиілігі 20-30 Гц) 10-15 с тітіркендіреді. Қайтадан жүректің соғу жиілігін санап, оның азайғанын байқайды. Кейде жүректің соғуы (токтың күші жоғары болса) тоқтап калуы мүмкін.Тітіркендіру тоқталған соң, 15-20 с өткеннен кейін жүректің соғуы, қалыпты жағдаймен салыстырғанда, жиірек болады. Бұл жүрекке симпатикалық нервтің әсері болып табылады.

    Жұмысты жасап болғаннан кейін кезбе және симпатикалық нервтердің жүрекке тигізетін әсерін талдап, қорытынды жасау керек.

     

    Д) Адреналин мен ацетилхолиннің бөлініп алынған бақаның жүрегіне тигізетін әсері.

    Жүрек қызметінің гуморальдық реттелуін оны организмнен бөліп алып, әртүрлі гормондармен, биологиялық белсенді заттармен және иондармен әсер еткенде байқауға болады.

    Жұмысты орындау: Қимылсыздандырылған бақаның дене қуысын ашып, жүрегін перикардтан босатады. Сонан кейін жүректі, аумағындағы тіндермен бірге, қайшымен кесіп алып, Рингер ерітіндісі құйылған шыны ыдысқа орналастырады. Бір минуттағы жүректің соғу жиілігі анықталады.

    Жүрекке адреналиннің тигізетін әсерін байқау үшін Рингер ерітіндісіне бір-екі тамшы адреналин (1:1000) қосып, жүректің соғу жиілігін қайта санайды. Сонан кейін ыдыстағы Рингер ерітіндісін жаңартып, бір-екі тамшы ацетилхолин (1:10000) қосады да, қайтадан жүректің соғу жиілігін анықтайды.

    Қалыпты жағдайға қарағанда, адреналин мен ацетилхолин ерітінділерінің жүрекке тигізетін әсерлерін салыстырып, қорытынды жасау керек.

     

    2. Жүрек қызметіне әсер ететін рефлекстер.

    Жүрек қызметін реттейтін вегетативтік жүйке жүйесі орталығының (әсіресе парасимпатикалық бөлімінің) ширақтығының (тонусының) өзгеруі әр түрлі жағдайға, сонымен қатар организмнің алуан түрлі қабылдағыш аймақтарында пайда болатын рефлекторлық әсерлерге де байланысты болады. Сондықтан өзіне келетін жүйке импульстерінің түріне байланысты жүрек өз қызметін жедел немесе баяу өзгертіп, реттеп отырады.

    Кезбе нерві (n. vagus) тонусының жүрек қызметіне тигізетін әсерін Гольц, Данини-Ашнер, Догель және т. б. тәжірибелер бойынша зерттеуге болады.

     

    А) Гольц рефлексі.

    Жұмысты орындау: Ортаңғы миы сақталған бақаны тақтайшаға бекітеді де, жүрек үстіндегі кеуденің біраз бөлігін кесіп алып, жүректі табады. Бір минуттағы жүрек соғу жиілігін анықтайды. Сонан кейін пинцеттің жалпақ жағымен құрсақ бөлімін 2-3 рет соғып, жүрек соғуын қайтадан санайды. Мұндай әсерден кейін жүректің соғуы, қалыпты жағдаймен салыстырғанда, азаяды. Егер соғу қаттырақ болса, жүрек тіпті тоқтап қалуы мүмкін.

    Осы рефлекстің рефлекторлық доғасының схемасын салып талдағаннан соң, жүрек қызметінің өзгеруінің механизмін түсіндіру керек.

     

    б) Данини-Ашнер (көз-жүрек) рефлексі.

    Жұмысты орындау: Бұл жұмысты екі адам бірге жасайды. Тыныш отырған зерттелушінің білезік тұсындағы тамырын ұстап бір минуттағы қалыпты пульс жиілігін санап алады. Сонан кейін зерттеуші екі саусағын зерттелушінің жұмылған көздеріне орналастырып, 10 с шамасында ауыртпай басыңқырап тұрады да, осы кезде қайтадан пульс жиілігін анықтайды (13-сурет). Рефлекстік әсерден кейін пульстің жиілігі, қалыпты жағдаймен салыстырғанда азаяды.

    Тәжірибеден алынған мәліметті талдап, рефлекстік доғасының схемасын салып, қорытынды жасау керек.

     

    в) Догелъ рефлексі.

    Жұмысты орындау: Қоянды тақтайшаға шалқасынан жатқызып байлайды да, жүрек соғуын тіркеу үшін кеуде үстіне физиографпен қосылған микрофон орналастырылады. Жүрек тондары радио арқылы күшейтіліп, анық естіледі.

    Қалыпты жағдайдағы ақ қоянның жүрек соғу жиілігі (30 с ішіндегі) санап алынады. Сонан кейін қоянның мұрынына ацетонмен (немесе нашатыр спиртімен) дымқылданған мақтаны жақындатып, иіскетеді. Сол кездегі жүректің соғуын анықтап, оның кенеттен азайғанын байқауға болады. Тәжірибе екі-үш рет қайталанып, бақылау жүргізіледі.

    Осы рефлекстің доғасын талдап, жүректің соғу өзгерістерінің механизмін түсіндіру керек.

     

    3. Адамның жүрегі мен қан тамырлар жүйесін физиологиялық және клиникалық әдістермен зерттеу.

    а) Адамның жүрек циклының ұзақтығын анықтау.

    Жұмысты орындау: Қалыпты жағдайда зерттелушілер әр қайсысы өздерінің немесе бір-бірінің бір минуттағы тамыр соғу жиілігін санап, анықтайды. Сонан кейін 60 секундты, осы уақытқа сәйкес саналған жүректің соғу жиілігіне бөледі де, адамның қалыпты жағдайдағы жүрек циклының ұзақтығын шығарады.Бұл көрсеткіш қалыпты жағдайда орташа шамамен 0,8 с тең.

    Осы тәжірибені организмге жасалған жүктемелік сынамадан (30 секундта 20 рет отырып тұру) кейін қайталап, қалыпты жағдайдағы жүрек циклының ұзақтығымен салыстыру керек.

    Бірнеше зерттелушілердің жүрек циклының ұзақтығы анықталып, қорытынды жасалады.

    б) Адамның электрокардиограммасын (ЭКГ) тіркеу және оны талдау.

    Электрокардиография - жүрек етінің қозуы кезінде пайда болатын электрлік құбылыстарды тіркеп алу әдісі. Жүректің электрлік потенциалы бүкіл организмге таралатын болғандықтан, оны дене бетінің белгілі бір жерлеріне қойылған электродтар арқылы жазып алуға болады.

    Медициналық практикада адамның ЭКГ-сын жазып алу үшін бірнеше тіркеу әдістері қолданылады;

    1.Қолдар мен аяқтар потенциал айырмашылығын үш стандартты биполярлық тіркеу (I - оң және сол қол; II - оң қол және сол аяқ; – III - сол қол және сол аяқ).

    2.Аяқ-қолдардан бір полюсті күшейтілген тіркеу (оң қолдан - aVR, сол қолдан - aVL, сол аяқтан - aVF).

    3. Кеуде бетіндегі нақты нүктелерден тіркеу (VI,V2,.. V7).

    Жұмысты орындау: Электрокардиографты токқа қосқаннан кейін 10-15 минуттан соң адамның ЭКГ-сын жазуға дайын болады. Кушеткада жатқан зерттелушінің аяқ-қолдарына стандартты тіркеу бойынша электродтар орналастырылады. Электрлік контакт жақсы болу үшін электрод пен терінің арасына 10%-тік NаСІ ерітіндісіне малынған дәке немесе фильтр қағазы салынады. Прибордың лента тарту механизмін секундына 50 мм жылдамдыққа қойып, калибрлеу сигналы белгіленеді (1 мв - 10 мм). Сонан кейін адамның ЭКГ-сын I, II, III стандартты тіркеу түрлерін қолданып, жазып алады (14-сурет). Жазылған ЭКГ-ны кесіп алып, оның тісшелері мен интервалдарын тиісті латын әріптерімен белгілеу керек.

    Бірнеше адамның ЭКГ-сын тіркеп алғаннан кейін талдау жүргізіледі.

    ЭКГ- ны талдау принциптері: Адамның қалыпты ЭКГ-сы негізгі бес тісшелерден тұрады: P, Q, R, S, T, кейде тұрақсыз U тісшесі байқалады.

    Үш жоғары бағытталған P, R, T - оң тісшелер, ал екі төмен қарай бағытталған Q, S - теріс тісшелер деп саналады. ЭКГ-ның Р тісшесі екі жүрекшенің бір мезгілде қозуынан пайда болады; Q, R, S, T - қарыншалар потенциалдары, қозу процесінің қарынша еттеріне таралғанын көрсетеді.ЭКГ-да тісшелерден басқа интервалдар (PQ - T, T-P, R-R) болады. P-Q интервалы - жүрекшелерден қозудың қарыншаларға өту уақытын, Q-T интервалы - қозудың қарыншалар арқылы өту уақытын көрсетеді (бұл интервал Q-S және S-T бөлімдерінен тұрады). T-P интервалы жүректің реполяризациясына сәйкес келеді. R-R интервалы жүрек циклының ұзақтығын көрсетеді (қалыпты жағдайда ол 0,8 с)

    Жазылып алынған ЭКГ-ны талдау II стандартты тіркеуде жаса-лады. Стандартты тіркеулердегі ЭКГ-ның қалыпты шамалары кестеде көрсетілген.

     

    ЭКГ компоненттерінің қалыпты көрсеткіштері Кесте

    ЭКГ компоненттері   Амплитудасы (мВ) Ұзақтығы (с)
    Р тісшесі   0,05-0,25 0,06 - 0,10
    Q тісшесі   Р тісшенің 1/4 0,03 дейін  
        бөлігі    
    R тісшесі   0,3 - 2,0 0,03 дейін
    T тісшесі   0,2 - 0,6 0,10 - 0,25
    P-Q интервалы     0,12 - 0,20
    Q-T интервалы     0,25 - 0,55
    R-R интервалы       0,70 - 1,00

     

    ЭКГ-ны талдау принциптері:

    ЭКГ-ның жазылу жылдамдығы жылжымалы лентаның жылдамдығы 50 мм/сек тең болса, 1 мм- 0,02 сек, 25 мм/сек жылдамдықта- 0,04 сек. Амплитудасы 10 мм-ге сәйкес болса, 1 мв – 10 мм, 0,1 мв – 1 мм.

    ЭКГ-ны талдау схемасы:

    1) жүрек ритмінің пайда болу тегін бағалау (синустық немесе синустық емес)

    2) жүрек ритмінің тұрақтылығы (дұрыс немесе дұрыс емес)

    3) жүрек жиырылу жиілігін

    4) өткізгіштік қызметін бағалау

    5) жүректің электр осінің орналасуы.

    1) Қозудың пайда болуын анықтау:

    Дені сау адам жүрегінің ритм жүргізушісі (пейсмекер) синустық-жүрекшелік түйін болып табылады. Оның ЭКГ-дағы белгісі: II стандартты тіркеуде оң бағытты, біркелкі Р тісшелері байқалады және ол әр уақытта QRS комплексінің алдында болады.

    2) Жүректің соғу ритмінің дұрыстығын (синустық ритм): бағалау үшін жазылған ЭКГ-ның 4-5 R-R интервалының ұзақтығын өлшеп, оның орташа шамасын есептеп шығарады. Жүрек ритмі дұрыс, бірқалыпты, егер

    R-R интервалы 10%-ға тең болған жағдайда, R-R интервалының шамасы 10%-дан артық болса – жүрек ритмі бірқалыпты емес.

    3) Жүректің жиырылу жиілігін санау

    Қалыпты жағдайда ересек адам жүрегінің жиырылу жиілігі минутына 60-80 рет болады. ЖЖЖ=60/ R-R, егер ЖЖЖ 1 минутта 75-тен жоғары болса-тахикардия, егер 60-тан төмен болса- брадикардия.

    4) Жүректің өткізгіштік қызметін талдау үшін Р тісшенің, P-Q интервалының және QRS қарынша комплексінің; SТ-сегментінің ұзақтығын өлшеп, бағалау қажет. Алынған нәтижелерді қалыпты көрсеткіштермен салыстыру қажет. Олардың ұзақтығының артуы жүректің өткізгіш жүйесінің кейбір бөлімдерінің өткізу қасиетінің баяулағанын (немесе бұзылғанын) көрсетеді

    5) Жүректің электрлік осін анықтау: Үш стандартты тіркеудегі ЭКГ-ның R тісшелерінің биіктігі (амплитудасы) бойынша жүректің электрлік осін анықтауға болады. Жүрек осінің қалыпты орналасуында R тісшенің шамасы II стандартты тіркеуде жоғары болады. Жүрек осінің солға қарай ауытқуында (левограмма) R тісшесі I стандартты тіркеуде, ал оңға қарай ауытқуында (правограмма) III стандартты тіркеуде жоғары болып байқалады

     

    3.Адам жүрегінің тондарын (дыбыстарын) анықтау. Аускультация. Фонокардиография.

    Жүректің жиырылуы мен босаңсуы кезіндегі қан айналымына байланысты дыбыстар (немесе тондар) пайда болады. Оларды тыңдау әдісі - аускультация, тіркеу әдісі - фонокардиография деп аталады. Негізінде жүректің екі дыбысын естуге болады.

    І-тон (систолалық) – қатаң, созылмалы және төмен дыбыс (0,11-0,12 сек.), қарыншалардың систоласы кезінде естіледі. Ол жақтаулы қақпақшалардың тарамыс жіпшелерінің тартылып, жабылуынан, қарыншалар етінің жиырылуынан, айшық тәрізді қақпақшалардың ашылып, қанның қолқа және өкпе артериясына айдалуынан пайда болады.

    ІІ-тон (диастолалық) - ашық, жоғары және қысқа дыбыс (0,07-0,08 сек.), қарыншалардың диастоласы кезінде естіледі. Ол диастола кезінде қайта серпілген қан толқынымен айшық қақпақшалардың жабылуынан пайда болады.

    Жүрек тондарын тындау (аускультация): Жүрек тондарын стетоскоп немесе фонендоскоп арқылы тыңдайды. Фонендоскоптың бір жағын тыңдаушының құлағына, екінші жағын зерттелушінің кеу-десіндегі тондар тыңдалатын белгілі нүктелерге орналастырып, жүрек тондарын анықтайды.

    Кеуде бетіндегі тыңдалатын нүктелердің проекциясы: I тон -қос жақтаулы қақпақшаның дыбысы - сол жақта V қабырға аралығында, бұғананың орта сызығынан 1-1,5 см ішке (оңға) қарай; үш жақтаулы қақпақшаның дыбысы - оң жақта төс сүйегінің семсер тәрізді өсіндісі бекітілген жерінде естіледі.

    II тон - екінші қабырға аралығында: оң жақтан - қолқа қақпақшасының, сол жақтан - өкпе артериясы қақпақшасының дыбыстары естіледі.

    Бірнеше зерттелушілердің жүрек тондарын тыңдап,оларды ажырата білу керек.

    Фонокардиография (ФКГ) - жүректің тондары мен шуларын жазып тіркеу әдісі. ФКГ-ны жазу үшін фонокардиограф қолданылады, ол микрофон, күшейткіш жөне тіркейтін құралдардан тұрады. Жүрек тондарын дұрыс сипаттау үшін ФКГ-ны ЭКГ-мен қатар жазып алып, талдау керек.

    Қалыпты ФКГ-да I, II тондармен қатар тыңдағанда анықталмайтын III және IV тондардың тербелістері көрінеді (1б-сурет). Қалыпты ФКГ-дағы I тонның ұзақтығы 0,08 - 0,14 с, ал II тонның ұзақтығы 0,05 - 0,07 с.

    ЭКГ-мен қатар жазылған фонокардиограммада I тон тербелістері S - тісшенің деңгейіне сәйкес, ал II тон - Т тісшенің соңына сәйкес келеді.III тон - қарыншалардың диастола кезінде қанмен тез толуы мен қабырғаларының дірілдеуінен пайда болады, оның жазылған тербелістері II тоннан кейін келеді (ЭКГ-ның Т тісшесінен кейін).

    IV тон - жүрекшелердің систоласы кезінде қарыншаларға қосымша қан құйылуымен байланысты, сондықтан ол I тонның алдында, ЭКГ-ның Р тісшесінен кейін жазылады.

    Баллистокардиография - жүректің жиырылуы мен ірі тамырлардағы қан айдалуынан пайда болатын дененің әлсіз қозғалысын графикалық тіркеу әдісі. Бұл дене қозғалыстарын әртүрлі датчиктер көмегімен (мысалы, электромагниттік) электр сигналдарына айналдырып, электрокардиограммамең бірге жазып алады (1б-сурет). Баллистокардиограмма - жүректің әрбір циклінде қайталанып отыратын толқындар қатары болып табылады. Олар үш топқа бөлінеді: жүрекшелік, систолалық жөңе диастолалық (соңғы толқындар әлсіз және тұрақсыз болады). Талдау үшін ең маңыздысы систолалық топтың жоғары шайқалымды (амплитудалы) толқындары: I толқыны - қарыншалардан қанның айдалу кезіндегі тербеліс; J толқыны - қанның қолқа доғасы мен өкпе артериясының айырылымына соғуы; төмен бағытталған K толқыны - қолқаның құлдырау бөлігіндегі қанның қозғалысын бейнелейді.

    Бұл әдіс дені сау адамдардың және жүрек-тамыр жүйесі ауруларының, жүрек етінің (миокардтың) жиырылу қызметін бағалауга мүмкіндік береді (инфаркт,жүрек ақауы,гипертония және т.б.).

    Динамокардиография - миокардтың жиырылу қызметін зерттейтін әдістің бірі, яғни жүректен айдалатын қан көлемі мен жүрек қозғалысына байланысты кеуде қуысы ауырлық орталығының өзгеруін тіркейтін әдіс. Кеуденің механикалық қозғалысы тензо-датчиктер арқылы электр тербелістеріне айналдырылып, ЭКГ-мен бірге жазылады (17-сурет).

    ДКГ-ның негізгі тісшелері латын өріптерімен А,В,С,F,Е,G,Н, ал олардың интервалдары римше цифрлармен (І-ҮІІ) белгіленеді. Миокардтың әрекеттік жағдайын бағалау көлденең және бойлы ДКГ-ма қисығының амплитудалық жене интервалдық ара қатынастарын талдауға негізделген.Бұл әдіс бойынша миокардтың жиырылу қабілетін және түрлі жүрек дерттерін анықтап, оларды емдеудің тиімділігін бағалауға болады.

    Рентгенокардиография - рентген сәулесінің көмегімен жүрек және тамырлар кескінін пленкаға түсіру. Бұл әдіс жүрек пен одан шығатын тамырлардың (қолқа, өкпе артериясы) өкпе тканімен салыстырғанда рентген сәулелерін жоғарырақ сіңіру қабілетіне негізделген. РКГ әдісі жүректің және оның қуыстарының толық кескіні мен көлемдерін зерттеуге мүмкіндік береді. Сондықтан ол жүрек аурулары мек кіші шеңбердегі қан айналысы-ның жағдайын анықтау үшін қолданылады. Жүрек қызметін нақты зерттеу үшін РКГ әдісінің бірнеше түрлері болады.

    Рентгенокимография - жүректің барлық бөлімдерінің жиырылуын және магистральды тамырлардың пульсін тіркеу әдісі. Бұл аспаптың негізгі бөлігі рентгенография кезінде жылжып тұратын қорғасын торшасы (решеткасы). Жүректің бейнесі рентген сәулелері көмегімен алынатын болғандықтан, ол тіркеу уақытында (Зс) бірнеше рет систолада жиырылып, диастолада босаңсиды, сондықтан оның пішіні (контуры) пленкаға толқын немесе тісше тәрізді болып түседі. Оның амплитудасы жүректің жиырылу қасиетін бейнелейді және систолалық көлемді анықтауға мүмкіндік береді. Бұл әдіс жүрек ақаулары мен ритмінің бұзылуын анықтау-да қолданылады.

    Рентгенокимография әдісінің жетілдірілген түрлерінің бірі -электрокимография. Мұнда миокардтың жиырылуын зерттеу үшін фо-тоэлемент пайдаланады. Ол рентгеноскопия кезінде жүректің контурына сәйкес тіке орналастырылады. Соғып тұрған жүрек фотоэлементтің экранын азды-көпті жауып, оның жарықталуын өзгертеді. Фотоэлементтің тогы күшейтіліп, ЭКГ және ФКГ қисықтарымен бірге тіркеледі. Электрокимография әдісі жүрек және магистральды тамырлар қызметін аса жоғары талдауға мүмкіндік береді.


    1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 |

    Поиск по сайту:



    Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.073 сек.)