АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция

Электроэнцефалография (ЭЭГ)

Читайте также:
  1. Аннотация и методика проведения лабораторных работ.
  2. БОДРСТВОВАНИЕ И СОН. СНОВИДЕНИЯ
  3. Вегетативная и нейроэндокринная системы.
  4. Глава 3. СТРУКТУРНО-ФУНКЦИОНАЛЬНАЯ ОРГАНИЗАЦИЯ НЕРВНО-ПСИХИЧЕСКОЙ ДЕЯТЕЛЬНОСТИ
  5. Глава 4. ПСИХОФИЗИОЛОГИЯ
  6. Глава 5. НАРУШЕНИЯ ПОЛОВОГО РАЗВИТИЯ ДЕВОЧЕК
  7. Декомпенсация
  8. Демиелинизирующие заболевания.
  9. Динамические процессы в больших группах
  10. Дифференциальный диагноз геморрагического и ишемического инсульта
  11. Епілепсія, пароксизми
  12. Измененные состояния сознания

ЭЭГ - мидың жиынтық электрлік белсенділігін тіркеу әдісі. Тіркелген ЭЭГ-ма мидағы зат алмасу процестерінің деңгейіне сәйкес әрекеттік жағдай өзгерістерін сипаттайды. Гипоксия, терең наркоз немесе қанмен қамтамасыз етілуінің бұзылуы үлкен жартышарлар қыртысының электрлік белсенділігін төмендетіп тежеуге келтіреді. 0рганизмнің жалпы жағдайына ЭЭГ-маның тәуелділігі клиникада операция жасау кезінде және наркоз деңгейін бақылау үшін кеңінен қолданылады.

Адам миының биоэлектрлік белсенділігін тіркеу бас терісінің үстінен, кейде операция кезінде ашық ми бетінен немесе миға енгізілген микроэлектродтар көмегімен жүргізіледі. Тіркеуші электродтардың орналасуы әртүрлі болады: униполярлы, биполярлы және мультиполярлы. Солардың ішіндегі белсенді электродтармен мидың белгілі бір аймағындағы биопотенциалдар тіркеледі.

Мидың түрлі биопотенциалдарының ішінде фондық немесе спонтанды электрлік белсенділігін ажыратады, олар ЭЭГ - да әр түрлі ырғақтармен (ритмдермен) бейнеледі (32-сурет).

Альфа-ырғағы - жиілігі 8-13 Гц, амплитудасы 30-70 мкВ по-тенциалдардың синхронды тербелістері. Олар көбіне, тыныштық жағдайда көзді жұмып отырғанда, мидың артқы бөлімдерінде байқалады.

Бета-ырғағы - жиілігі 14-30 Гц, амплитудасы 10-30 мкВ потенциал тербелістері. Бұл ырғақтар организмнің белсенді әрекеттерінде (эмоциялық қозу, ойлық және физикалық жүктеме) мидың маңдай және орталық аймақтарынан тіркеледі.

Тета-ырғағы - жиілігі 4-7 Гц, амплитудасы 100-150 мкВ потенциал тербелістері. Бұл ырғақтар қалғуда, ұйқының бастапқы кезеңінде, жеңіл наркоз берілгенде және кейбір науқастарда байқалады.

Дельта-ырғағы - жиілігі 1-4 Гц, амплитудасы 250-300 мкВ потенциал тербелістері. Олар терең ұйқы кезінде, қажуда және терең наркоз берілгенде тіркеледі.

Тіркелген ЭЭГ-ның ырғақтары мен амплитудаларын талдау бойынша адамның ми құрылымдары жағдайының әртүрлі әрекеттік сынамалар мен жүктемелерге бейімделуін бағалауға болады. Сонымен қатар ЭЭГ әдісі шартты рефлекстердің қалыптасу механизмдерін, ұйқы кезеңдерін және басқа да физиологиялық жағдайларды зерттеу үшін қолданылады.

 

6. Ішкі сөлініс бездері гормондарының әсерін зерттеу.

 

а) Инсулиннің ақ тышқандарға тигізетін әсері.

Инсулин ұйқы безінің эндокриндік бөлімінің (Лангерганс аралшықтарында) В-клеткаларында түзіледі. Адам және омыртқалы жануарлардың организміндегі қан құрамындағы қант (глюкоза) мөлшерін азайтатын жалғыз гормон - инсулин болып саналады. Организмге сырттан көп мөлшерде инсулин енгізілсе, қандағы қант мөлшері 2,250 м/моль-ден төмен болады (гипогликемия). Мұндай жағдайда мидың глюкозамен қамтамасыз етілуі бұзылып, организмде гипогликемиялық талықсу байқалады.

Жұмысты орындау: Тәжірибе алдын ала 24 сағат ішінде аш отырған екі тышқанға жасалады. Әр тышқанның құрсақ терісінің астына 1 мл инсулин егіледі де, оларды жекелеп шыны ыдыстың астына отырғызады. Бақылауда болатын тышқанның құрсағына 1 мл 10%-тік глюкоза ерітіндісі бірден егіледі. Сонан кейін белгілі уақыт ішінде тәжірибедегі тышқандардың күйі мен мінез өзгерістеріне көңіл аударып, бақылау жүргізіледі. Тәжірибедегі тышқанда 40-50 минуттан кейін гипогликемиялық талықсудың белгілері (жүндері тікірейгені, тыныс алуы жиілегені, дене тұлғасы мен қалпы бұзылғаны, құрысуы және т. б.) байқалады. Қоршаған орта температурасы жоғары болған сайын инсулиннің әсері жедел басталады. Егер еттердің құрысуы 20 с аса ұзақ созылса, бұл жануарлар өліп кетуі мүмкін. Сондықтан дер кезінде тәжірибедегі тышқанның құрсағына 1 мл 10%-тік глюкоза егілсе, бірнеше минуттан кейін оның жағдайы оңалып, алғашқы қалпына келеді. Ал бақылауда болған тышқанда мұндай гипогикемиялық талықсудың белгілері болмайды.

Жұмыс орындалғаннан соң тәжірибенің нәтижесін талдап, қорытынды жасау керек.

б) Галли-Майнини реакциясы.

Бұл реакция жүктіліктің ерте кезеңін анықтауға мүмкіндік береді, сондықтан клиникалық маңызы зор.

Жұмысты орындау: Тәжірибені аталық жынысты бақаға жасайды. Ол үшін алдын ала дәрі тамызғышпен бақаның қатпаршақ ішегінің (клоака) сұйығын алып, зат шынысының үстіне тамызады да, микроскоп астында оны қарайды. Қалыпты жағдайда бұл сұйықтықта бірен-саран кілегейлі қабаттың клеткаларынан басқа ешқандай клеткалар көрінбейді. Сонан кейін бақаның лимфа қабына анализге алынған жүкті әйелдің 1-2 мл көлемдегі несебін шприцпен егеді де, оны аздау су құйылган ыдысқа отырғызып қараңғылау жерде ұстайды. Бір сағаттан кейін қайтадан бақаның қатпаршақ ішегінің сұйығын алып, микроскоптың астында зерттейді. Егер зерттеуге алынған расында жүкті әйелдің несебі болса, онда осы сұйықтықтың ішінде көптеген сперматозоидтар көрінеді. Себебі жүкті әйелдің несебінің құрамында хориональды гонадотропин болады. Бұл гормон бақаның аталық жыныс клеткаларының түзілуін (сперматогенезді) күшейтеді.

Тәжірибенің соңында, протокол жазылатын дәптерге микроскоп астындағы өзгерістердің суретін салып, қорытынды жасау керек.

 

АС ҚОРЫТУ ЖҮЙЕСІНІҢ ФИЗИОЛОГИЯСЫ

 

1. Ас қорыту жүйесінің қызметін тәжірибелік зерттеу.

 

Организмді қоректік заттармен және қажетті энергиямен қамтамасыз етуге байланысты ас қорыту жүйесінде өте күрделі және алуан түрлі процестер жүреді. Ас қорыту жүйесіне түскен тағам механикалық және химиялық өңделуден өтеді, жылжиды, пайда болған қоректік заттар қанға сіңеді, ал қорытылмаған заттардың қалдығы сыртқа шығарылады. Мұның бәрі ас қорыту жүйесінің сөлініс (секреторлық), қозғалыс (моторлық) және сіңіру қызметтері арқылы жүзеге асырылады.

Ас қорыту жүйесінің қызметін зерттеуде кең тараған фистулалық әдіс. Бұл әдісті қолданып жануарлардың созылмалы тәжірибеде ас қорыту жүйесінің түрлі бөлімдерінің сөлдерін (сілекей, қарын, ішек сөлдері және т.б.) зерттеуге болады. Мысалы, алғашқы рет Д. Д. Глинский (1895) И. П. Павловтың лабораториясында, созылмалы тәжірибе жағдайында, шықшыт безінің сөлініс қызметін байқау үшін оның өзегін тері бетіне шығарып, фистула орнатады. Бұл әдіс сілекей бездерінің сөлініс қызметінің сапалық және мөлшерлік шамалары мен оның реттелуін анықтауға мүмкіндік береді.

1. Жануарларда қарын бездерінің сөлініс қызметін созылмалы әдістермен зерттеу.

а) Қарынға фистула қою. Бұл операцияны В. Басовтың (1842) ұсынуы бойынша ас қорыту жүйесінің қызметін созылмалы тәжірибеде зерттеу жұмыстары басталды.

Қарынның үлкен иініне екі жағы сақина тәрізді кеңейтілген фистулалық түтікше енгізіледі. Оның бір соңы қарынның ішкі жақтауына, ал екінші соңы құрсақ терісінің сыртына шығарылып тігіледі (33 - сурет). Бұл әдіс созылмалы тәжірибеде қарын сөлінің әр түрлі жағдайларға байланысты бөлінуін зерттеуге мүмкіндік береді, бірақ мұнда алынған қарын сөлі таза болмай, оның құрамында сілекей мен тамақ аралас болады.

б) Эзофаготомия ("жалған тамақтандыру" тәжірибесі). Қарынның сөлініс қызметінің нервтік реттелу механизмдері өңеші кесілген (эзофаготомия), қарынына фистула қойылған жануарларда, И. П. Павловтың тәжірибесімен дәлелденген (34-сурет). Бұл жағдайда тамақтану кезінде ас қарынға түспейді, себебі ол кесілген өңеш тесігінен сыртқа шығарылады. Сондықтан бұл "жалған тамақтандыру" тәжірибесі деп аталады. Бұл тәжірибе ауыз қуысындағы қабылдағыштардың (рецепторлардың) қарынның сөлініс қызметіне тигізетін рефлекторлық әсерін айқындайды.

в) Кіші (жекеленген) қарынша жасау әдістері.

Созылмалы тәжірибеде жануарлардан таза қарын сөлін алу үшін

бірнеше операциялық әдістер ұсынылған. Бұлардың бәрінде қарынның кіші бөлігін кесіп алып, одан жеке қарынша жасайды. Осындай кіші қарыншаның сөл бөлуін зерттеу арқылы негізгі қарын сөлінісі туралы мағлұмат алуға болады. Қарыннан кіші қарынша жасауды алғашқы рет Р. Гейденгайн (1878) ұсынған, ал осы әдісті И. П. Павлов (1894) қалыпты жағдайға бейімдеп, маңызды өзгеріс енгізді.

Р.Гейденгайн әдісі: Операция наркоз берілген итке жасалады. Иттің құрсақ қуысын тіліп, қарынды шығарады. Оның үлкен иіні маңынан кішкене үш бұрышты тілік кесіп алып, қарынды тігіп қалпына келтіреді. Кесіліп алынған тіліктің жақтауларын тігіп кіші жеке қарынша жасайды. Бұл қарынша негізгі қарынмен тек қана қан тамырлары арқылы байланысады, себебі қарынды кескенде кезбе нервтің де талшықтары кесіледі. Қарыншаның ашық ұшын құрсақ терісінің бетіне шығарып, фистулалық түтікше қойып бекітеді (35-сурет). Осындай операциядан кейін қалпына келген итке тамақ бергенде, қарыншадан сөлдің бөлінуі тек 30-40 минут өткеннен соң байқалады. Сондықтан бұл әдіс бойынша қарынның сөлініс қызметінің гуморальдық кезеңін зерттеуге болады.

И. П. Павлов әдісі: жоғарыда көрсетілгендей, иттің құрсақ қуысын ашып, қарынды шығарады. Сонан кейін қарынның түбіне дейін оның үлкен иінін көлденең тіледі. Кесілген бөлім мен негізгі қарын арасындағы кесілмеген жері (көпірше) арқылы олардың бір бірімен байланысы болады. Осы жердегі кезбе нерві талшықтарының тұтастығы сақталады. Қарынның кесілген түбін тігіп, одан кіші қарынша жасайды. Екеуінің арасындағы көпіршенің кілегейлі қабатын ішіне қарай бүгіп, саңылауды жабады. Кейіннен осы кілегейлі қабаттан жасалған тығын қарындағы тамақ қоймалжыңын қарыншаға өткізбейтін болады (36-сурет). Бұл әдіспен жасалған кіші қарыншаның негізгі қарынмен нервтік және гуморальдық байланыстары толық сақталады. Сондықтан қарыншаның сөл бөлуі негізгі қарынның сөлініс қызметімен бір уақытта байқалады.

2. Жануарлардың ұйқы безінің сөлін алу әдісі.

Созылмалы тәжірибеде ұйқы безінің сөлін алу үшін өзегіне фистулалық түтікше қойылады. И. П. Павловтың әдісі бойынша фистула қою үшін 12-елі ішектің ұйқы безінің өзегі ашылатын бөлімін кесіп, оны тері бетіне шығарып бекітеді. Бұл операциядан кейін алынған таза сөлдің, ас қорыту кезеңдеріндегі, құрамының өзгерістерін толығынан анықтауға болады.

3. Өттің бөлінуін зерттеу әдістері.

а) Өт қабына фистула қою. Наркоз берілген итке операция жасалып, өт қабының қабырғасын тесіп, оның ішіне фистулалық түтікше енгізіп жан-жағын тігіспен бекітеді, ал фистуланың екінші соңын құрсақ терісінің сыртына шығарып тігеді.Бұл әдісті өт бөлінуінің динамикасы мен механизмін зерттеуде қолданады. Өттің ішекке бөлінуіне кедергі жасау үшін, фистула қоюмен қатар, жалпы өт өзегін байлайды, сонда барлық бөлінген өт өт қабына жиналады. Осы жиналған өтті фистула арқылы алып зерттеуге болады.

б) Өттің жалпы өзегіне фистула қою. Операция кезінде 12-елі ішектегі өт өзегі ашылатын жерін қиынды түрінде кесіп алады да құрсақ терісінің сыртына шығарып бекітеді. Бұл әдіс өттің ішекке бөліну жағдайы мен механизмін зерттеуге мүмкіндік береді.

 

2. Ас қорыту жүйесінің қозғалыс қызметін (моторикасын) зерттеу әдістері.

 

Оқшауланған ішектің өз-өзінен қозғалуын (автоматиясын) бақылау (Магнус әдісі).

Жұмысты орындау: Наркоз берілген егеуқұйрықтың ішін ашып аш ішегін түгелдей кесіп алады да, оны жылы Рингер-Локк ерітіндісіне (t=38° С) салады. Жылы ерітіндіде ішектің өз-өзінен жиырылуы байқалады. Сонан кейін ішектен 2-2,5 см кесіп алады. Кесіп алған ішектің бір жағын жіппен (лигатурамен) шыны ілгекке байлайды, ал екінші жағын Энгельман рычагына бекітіп, ішекті, ішіне жылы Рингер-Локк ерітіндісі құйылған, шыны ыдысқа орналастырады (37-сурет). Арнаулы түтікшемен жалғасқан баллонды колданып, ерітіндіні оттегімен қанықтырады. Бөліп алынған аш ішектің перистальтикалық қозғалысын бірнеше минут ішінде кимографтың бетіндегі қағазға жазып алады.

б) Ішектің қозғалысына адреналин, ацетилхолин және өттің әсерін бақылау.

Бұл жұмысты орындау үшін аш ішек орналасқан ортаға әрбір затты жекелеп тамызып, ішектің қозғалыс өзгерістерін зерттейді. Әр заттың әсерінен кейін ыдыстағы ерітіндіні жаңартып отыру керек. Кимографтың қағазына жазылған ішектің қозғалыс сызықтарын талдап, қорытынды жасалады.

 

3. Адамның ас қорыту жүйесінің қызметін анықтау әдістері.

а) Адамның сілекей бездерінің қызметін зерттеу негіздері.

Сілекей бездерінің сөлін алу. Аралас сілекейді алу үшін ауыз қуысына сорғышты (губка), мақтадан жасалған тампонды салады немесе вакуумды сифон пайдаланады. Кейде шкаласы бар түтікшеге еркін ағатын сілекейді жинайды.

Жеке бездерден сілекей жинау үшін олардың өзектеріне жіңішке полиэтилен түтікше енгізеді. Шықшыт безінен таза сілекей алу екі камералы Лешли-Красногорскийдің капсуласымен жасалады. Мұнда сыртқы камера ұрттың кілегейлі қабатына капсуланың жабысуын қамтамасыз етеді, ал өзек маңында орналасқан ішкі камера бөлінген сілекейді жинайды. Жеке бездерден алынған сөл немесе аралас сілекей сапалық және мөлшерлік қатынаста зерттеледі. Адамда сілекейдің бөлінуі үздіксіз жүреді (шамамен 0,25 мл/мин), ал сөліністі қоздырғанда (стимуляция жасағанда) бөлінетін сілекей мөлшері 2,5 мл/мин дейін жоғарылайды.

Зонд енгізу. Басты сілекей өзектерінің қалыпты өтімдігін зерттеу арнаулы зонд енгізу арқылы жасалады. Бұл әдіс бойынша өзек жолдарының бағытын, тарылған (қысылған) жерін және сілекей тастарының бар болуын анықтауға болады.

Сиалография. Сілекей өзектерін контрасты затпен (иодлипол, урографин және т.б.) толтырып, рентген сәулесімен зерттеу әдісі. Контрасты заттың 1-1,5 мл шприцпен жуан ине немесе канюля арқылы өзек жолдарына енгізіледі. Ол без өзектерінің V-ші реттік тармақталу деңгейіне дейін жетеді. Бұл әдіс бездің өзектері мен паренхимасының дерттік жағдайын анықтауға мүмкіндік береді.

Эхосиалография. Ультрадыбыстық биолокация - түрлі тіндердің ультрадыбысты әр түрлі дәрежеде сіңіруіне негізделген. Тін арқылы ультрадыбыс өткенде, оның әрбір қабаттарында шағылысқан импульс пайда болады, сондықтан осцилографтың экранында зерттеліп отырған ағзаның бейнесі көрінеді (импульстік режимдегі ультрадыбыстар - жиілігі 1,76 мГц, интенсивтігі 0,1-0,2 Вт/см. кв. Эхосиалография әдісі сілекей бездерінің әрбір қабатының көлденең кескінін зерттеуге және оның макроқұрылымы (пішіні, көлемі, тығыздығы) туралы мәлімет алуга мүмкіндік береді.

Термовизиография. Бұл әдіс тіндердің әртүрлі дәрежеде инфрақызыл сәулесін шығаруына негізделген. Тепловизордың экранында мойын мен беттің жылулық картограммасы көрінеді. Бет аймағының температурасы 23- 35° С арасында және одан жоғары, ал сілекей безінің аймағында 31-35° С болады. Бұл әдіс сілекей бездерінің қабыну процестерін анықтауға мүмкіндік береді.

Радиосиалография. Бұл әдіс сілекей бездерінің сөлініс қызметін радиоактивті заттармен зерттеуге негізделген. Мұнда адамның венасына 7-11 МБк 49 Тс 04 пертехнетат егіледі, бұл зат сілекей безінде 20 мин ішінде шоғырланады. Осы кезде радиоактивтілік қисығы жазылады. 30 минуттан кейін адамға 5 г қант беріп, тіркелген сиалограмманың сөлініс бөлігіне көңіл аударады. Шықшыт безіндегі радиоактивтіліктің төмендеуі 5мин арасында 32-36 % болады.

б) Адамның сілекей бездерінің қызметін тәжірибеде зерттеу.

Жұмысты орындау: Бұл тәжірибе адамға жасалады. Алдын ала салмағы өлшенген, дәкеден жасалған бес тампон ақ қағаздың бетіне орналастырылады да, әрқайсысының бастапқы салмақтары жазылады. Зерттелуші адам бірінші тампонды қысқышпен тілінің ортасына салады да, оны 20-30 с өткеннен соң ауызынан шығарып алып, салмағын өлшейді. Тампонның бастапқы салмағы мен әсер етуден кейінгі салмағының айырмашылығы қалыпты жағдайдағы сілекейдің бөлінуін көрсетеді. Осылай басқа тампондарды қолданып, кестеде көрсетілген жағдайлардағы сілекейдің бөлінуін анықтау керек (9- кесте)

 

9- кесте

Тәжірибе шарты Тампонның бастапқы салмағы (мг) Тампонның әсерден кейінгі салмағы Сілекей мөлшері (мг) Ескерту
1. Сілекейдің бастапқы бөлінуі 2. Тыныс тоқтатқандағы сілекейдің бөлінуі 3. Лимон қышқылының әсері 4. Тағам түрлері мен иісінің әсері 5. Тағам туралы әңгіменің әсері        

 

Тәжірибені жасап болғаннан соң оның нәтижесін салыстырып, қорытынды жасау керек.

в) Адам қарынының сөлініс қызметін зерттеу әдістері.

Клиникалық жағдайда адам қарынының сөлініс қызметін зонд енгізу және зондсыз әдістерімен зерттейді. Мұнда қарынның сөл бөлуін қоздыратын заттар пайдаланады: энтеральды тітіркендіргіш ретінде – 7% - 200 мл капуста қайнатпасы, ал параэнтеральды - гистамин (0,01 мг/кг).

- Карын сөлін зонд арқылы зерттеу. Бұл әдіс негізгі екі кезеңнен тұрады: қарынға зонд енгізу, зонд арқылы әр түрлі заттармен оның сөлініс қызметін қоздыру және қарыннан алынған сұйықтың құрамын зерттеу.

- Бірсәттік әдіс. Жуан зондтың көмегімен қарын ішіндегі сұйықты, таңертең аш қарында және сынамалы асты (35 г қара нан мен 200 мл судан тұратын) жегеннен кейін 1 сағат өткеннен соң, зерттеуге алады. Осылай алынған қарын сұйығының физико-химиялық қасиеттері анықталады. Бұл әдістің кемшілігі, ол сөлініс процесін толық бейнелемейді, себебі қарын ішіндегі сұйықтық оның сөлінісінің тек бір кезеңінде ғана алынады.

- Көпмезгілді үйлестірілген фракциялық әдіс. Бұл әдістің артықшылығы: қарынның сөлініс қызметінің әртүрлі кезеңдерінде таза қарын сөлін алуға болады. Қарынға жіңішке зонд енгізіп, бір сағат бойы оның аш қарындағы бөлетін сөлін жинайды (базальдық сөлініс). Сонан кейін қарын сөлінісін белсендіретін сынама тамақ (капуста қайнатпасы, гистамин, т.б.) береді де, бір сағат бойы тағы да қарын сөлін жинайды. Базальдық және стимуляциядан кейінгі сөлді әрбір 10 минут сайын зонд арқылы сорып алып отырады. Сонымен небәрі 4 порция сөл алынады, бұл қарын сөлінісінің белгілі кезеңіндегі сағаттық мөлшеріне сәйкес болады. Осылай алынған сөлді физико-химиялық зерттеуден өткізеді.

 

Қарын сөлі қышқылдығының қалыпты көрсеткіштері:

Аш қарында - жалпы қышқылдығы - 40 ТЕ (ммоль/л), HCl-дың бос түрі - 20 ТE (ммоль/л) дейін болады. Базальдық сөлініс кезінде жалпы қышқылдығы - 40- 60 ТЕ (ммоль/л), бос HCl - 20-40 ТЕ (ммоль/л). Қапуста қайнатпасымен стимуляция жасағаннан кейін қарын сөлінің қышқылдығы базальдық сөлініс жағдайымен бірдей болады. Ал гистаминмен қоздырғанда жалпы қышқылдығы 80-100 ТЕ (ммоль/л), бос HCl - 65-85 ТЕ (ммоль/л) дейін жетеді.

- Қарынның сөлініс қызметін зондсыз зерттеу. Бұл әдіс қарынның сөлінісі туралы жалпы мәлімет береді және басқа әдістерді қолдануға қарсылық болған жағдайларда, сол сияқты жалпылама дәрігерлік тексеру кезінде пайдаланылады.

- Салидің десмоидтық сынамасы. Мұнда ауызы кетгутпен байланған резинка қапшықты (ішінде 0,15 г метилен көгі бар) тәңертеңгі асқа дейін адамға жұтқызады. Қарын сөлінің құрамындағы тұз қышқылы мен пепсиннің әсерінен қапшықтың бауы еріп, оның ішіндегі бояу қарында сіңеді де, шығатын несептің түсін өзгертеді. Несепті 3, 5 және 20 сағаттан кейін жинайды. Мүнда индикатордың несепте пайда болуы мен оның метилен көгімен түрлі түске үдемелі боялуы (көкшіл, көк және жасыл) анықталады.

Қалыпты көрсеткіштері: несептің бірінші порциясы боялмаған, екіншісі - жасылдау, үшіншісі - үдемелі жасыл немесе көк түсті болады.

Десмоидтық сынама қарын сөлінің құрамындағы HCl концентрациясының азаюын (ахлоргидрия) анықтайтын қарапайым тәсілдердің бірі болып есептеледі. Клиникалық практикада метилен көгінен басқа да бояғыш заттар (гастротест, ацидотест және т.б.) пайдаланылады.

г) Қарын сөлінің ферменттік қасиеттерін зерттеу.

Әр адамда тәулігіне 2-2,5 л қарын сөлі бөлінеді. Оның құрамында ас қорыту жүйесінің қажетті реакциясын (рН) қалыптастыратын тұз қышқылы (НСІ) және протеолиттік ферменттер (пепсин, реннин, гастриксин және т.б.) болады. Сонымен қатар майды ыдырататын фермент - липаза бар.

Жұмысты орындау: Тәжірибеге алынған 4 пробиркаларға мына төмендегі көрсетілген заттар құйылады:

1 - пробиркаға - 2 мл таза қарын сөлі;

2 - пробиркаға - 2 мл қайнатылған қарын сөлі;

3 - пробиркаға - 2 мл қарын сөлі + 0,5%- NaHСОз (сода);

4 - пробиркаға - 2 мл 0,5%-тік НСІ ерітіндісі.

Барлық пробиркаларға казеин немесе фибрин (0,1-0,3 г) қосылып, 30-40 минутқа термостатқа (температурасы 38°С) қойылады. Сонан кейін әрбір пробиркадағы казеин (фибрин) қалпының өзгерісін зерттеп, осы өзгерістердің себебін түсіндіру керек.

Тәжірибенің нәтижесі төменгі кестеге енгізіліп, қорытынды жасалады.

10- кесте

Пробирка Құйылған заттар Казеин қалпы Ескерту
  2 мл таза қарын сөлі + казеин 2 мл қайнатылған қарын сөлі + казеин 2 мл қарын сөлі + сода+казеин 2 мл тұз қышқылы + казеин    

 

д) Адамның 12-елі ішегінің сөлініс қызметін зерттеу.

12-елі ішектің сөлін үш түтікті зондтың көмегімен алады. Бұл зонд бір-бірімен байланысқан, үш жіңішке резинке түтікшелерден тұрады, екеуінің ұштарына резинкеден істелген баллончик байланған. Оларды ауамен толтырғанда, арасындағы ішектің бөлігі, басқа бөлімдеріне қарағанда, оқшауланып қалады. Осы оқшауланған кеңістікте орналасқан үшінші түтікшенің тесігі арқылы ішектің сөлі сорылып алынады (38-сурет).

Мұндай зонд аш ішектің сөлініс, қорыту және сіңіру қызметтерін зерттеуде пайдаланылады. Сонымен қатар, осы зонд арқылы ішектің таза сөлін алып, оның құрамындағы ферменттердің белсенділігін, рН және т. б. көрсеткіштерін анықтауға болады.

- Дуоденальдық зондтау. 12-елі ішекке зондты енгізу аш қарында жасалады. Алғашқыда зонд арқылы өтпен боялған ішектің сөлі ағады, оны пробиркаға жинап алады. Өт қабының рефлексін туғызу үшін зонд арқылы ішекке 20 мл 30%-тік күкірт қышқылды магнезий ерітіндісі енгізіледі. Ішектен порциялап алынған сөлдің жалпы көлемі, рН-ы, билирубин, өт қышқылы, холестерин концентрациясы және т. б. элементтері анықталады.

А-порциясы - ашық сары түсті, ішектің сөлімен араласқан өт, меншікті салмағы 1,007-1,015; рН- әлсіз сілтілі, мөлшері 15-20 мл, билирубин шамасы 0,3-0,6 г/л.

В-порциясы - қоюланған жасыл түсті (магнезия жіберілгеннен кейінгі) өт қабындағы өт, мөлшері 40- 60 мл, меншікті салмағы 1,016-1,034; рН- 6,5-7,3; билирубин - 1-2 г/л.

С-порциясы - сары алтын түсті бауырдың өті, меншікті салмағы 1,007-1,010; рН- 7,5-8,2; билирубин - 0,3-0,6 г/л.

Бұл әдіс өт жолдары мен өт қабының және 12-елі ішектің ауруларын анықтауға мүмкіндік береді.

е) Ішектің сөлініс қызметін радиопилюлямен анықтау (эндорадиозондтау әдісі).

Бұд әдістің принципі ас қорыту жүйесінде орналасқан қабылдағыш датчик көмегімен алынған мәліметтерді радиотелеметриялық жолдармен қабылдауға негізделген. Адамға, ішінде жоғары жиілікті электромагниттік тербелісті генераторы мен электрлік қоректендіру көзі бар, капсуланы (радиопилюля) жұтқызады. Эндорадиозондтау әдісі бойынша ас қорыту жүйесіндегі қышқылдық, сілтілік жағдайларды, температуралық және қысымдық өзгерістерді анықтауға болады.

Радиопилюля арқылы рН шамасын өлшеу, Н-иондары концентрациясын электрометрлік жолмен анықтауға негізделген. Мұнда полюстарында Н-иондарының концентрациясына сәйкес өзгерістерді қабылдайтын гальваникалық элемент (датчик) болып табылады. Мысалы, рН-тың 1,0-9,0 дейінгі өзгерісінде электродтар арасындағы потенциал айырмашылығы 0,05-0,5 В болады. Ол радиопилюля генераторының тербеліс жиілігін 100 кГц дейін өзгертеді. Бұл өзгерістер радиоқабылдағыш және тіркеуші аспаптармен қосылған арнаулы антенна арқылы қабылданады.

ж) Ас қорыту жүйесінің қозғалыс қызметін (моторикасын) зерттеу әдістері.

- Қарын мен ішекті рентген сәулесімен зерттеу.

Қазіргі кезде қарын мен ішектің қозғалыстары туралы түсінікті, сонымен қатар олардың пішіні, тонусы және рельефі жөніндегі мәліметтерді рентгенологиялық әдістер арқылы алуға болады (рентгеноскопия, рентгенография және т.б.). Бұл әдістердің дәрігерлік практикада ас қорыту жүйесінің ауруларын анықтауда маңызы өте зор.

Қарын мен ішекті рентген сәулесімен зерттеуде адамға контрасты затты (күкірт қышқылды барийдің сулы суспензиясын) ішкізеді, ал тоқ ішекті клизма жасап толтырады. Сонда қарын мен ішектердің кілегейлі қабатының рельефі, пішіні және әртүрлі бөлімдерінің қимыл-қозғалысы толық тексеріледі де, дәрігерлік қорытынды жасалады.

 


1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 |

Поиск по сайту:



Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.017 сек.)