|
|||||||
АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция |
Объект ТГП 7 страница1. Жеке субъектілер (жеке тұлғалар); бұларға азаматтар, азаматттығы жоқ тұлғалар, қосазаматтығы бар тұлғалар, шетелдік тұлғалар жатады. Азаматтығы жоқ тұлғалар мен шетелдік азаматтар Қазақстанның аумағында Қазақстан азаматтары сияқты құқықтарды иеленіп, құқықтық қатынастарға түсе алады, алайда, оларға қатысты заңнамамен орнықтырылған шектеулер бар, мысалы, олар Қазақстан Республикасының өкілдік органдарына сайлана және сайлауға қатыса алмайды, Қарулы Күштер қатарында қызметін өтемейді, мемлекеттік аппаратта белгілі бір лауазымды иелене алмайды және т.б. 2. Ұжымдық субъектілер; бұларға мыналар жатады: мемлекет (ол басқа мемлекеттермен халықаралық-құқықтық қатынастарға түскен жағдайда); мемлекеттік ұйымдар; мемлекеттік емес ұйымдар (жеке фирмалар, коммерциялық банкілер, қоғамдық бірлестіктер және т.б.).
6. Құқық субъектілерінің құқыққабілеттігі және әрекетқабілеттігі. Құқықсубъектілік. Құқықтық қатынастардың субъектілері болу үшін тұлғалар құқыққабілеттік пен әрекетқабілеттікті иеленуі тиіс. Құқыққабілеттік–бұл тұлғаның құқықтар мен міндеттерді иелену қабілеті. Әрекетқабілеттік–бұл тұлғаның өз әрекеттері арқылы осы құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру қабілеті. Әрекетқабілеттіктің келес түрлері болады: толық–18 жастан басталады; жартылай–14 пен 18 жас аралығында болады. Әрекетқабілеттік шектелуі мүмкін. Конституцияда бекітілгендей, азаматтардың құқықтары мен міндеттері заңмен ғана және конституциялық құрылымды, адамгершілікті, басқа тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін, денсаулығын қорғау, елдің қорғанысы мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсаттарында қажет болған шамада ғана шектелуі мүмкін. Құқыққабілеттік пен әрекетқабілеттік бір-бірінен ажыратылмайды және көп жағдайда бір мезетте пайда болады. Азаматтық құқықтан басқа көптеген салаларда осындай жағдай орын алған. Азаматтық құқықтағы құқыққабілеттік пен әрекетқабілеттіктің ажыратылуын былай түсіндіруге болады: а) мүліктік қатынастар олардың жасына, еркінің жағдайына қарамастан барлық азаматтар үшін қажет; ә) мүліктік құқықтық қатынастар саласында құқыққабілеттігі бар, алайда әрекетке қабілетсіз тұлғаның орнына оның заңды өкілі қатыса алады. Құқықсубъектілік–бұл тұлғаны құқық субъектісі ретінде сипаттайтын құқыққабілеттік пен әрекетқабілеттік.
7. Құқықтық қатынастардың объектілері–бұл құқықтық қатынастар субъектілерінің құқықтары мен міндеттері бағытталған және осыған байланысты олар заңды байланысқа түсетін категория. Аталған категорияны түсінуде екі бағытты бөліп қарастырады: - олардың біріншісіне сәйкес, құқықтық қатынастың объектісі болып тек субъектілердің әрекеттері табылады; - екінші көзқарасты көптеген ғалымдар жақтайды, оған сәйкес, объектілердің түрлері өте көп, олар: 1) материалдық игіліктер (заттар, құндылықтар, мүлік және т.б.); 2) материалдық емес игіліктер (өмір, денсаулық, қадір-қасиет, абырой және т.б.); 3) рухани шығармашылық өнімдері (әдебиет, өнер, музыка, ғылым туындылары және т.б.); 4) құқықтық қатынастар қатысушыларының әрекеттерінің нәтижелері (мысалы, тасымалдау шартының, мердігерлік шартының нәтижесінде туындайтын құқықтық қатынастар); 5)бағалы қағаздар мен құжаттар (ақша, акциялар, диплом және т.б.).
8. Субъективтік құқықтар және заңды міндеттер. Егер қоғамдық қатынастар құқықтық қатынастардың материалдық мазмұны болып табылса, субъективтік құқықтар мен міндеттер субъективтік мазмұны болып табылады. Құқықтар мен міндеттер арқылы құқықтық қатынастар қатысушыларының арасындағы заңды байланыстар жүзеге асырылады. Субъективтік құқық–бұл субъектінің өз мүдделерін қанағаттандыруға мүмкіндік беретін заңды мүмкін жүріс-тұрыс шамасы. Заңды міндет–бұл заңды қажет жүріс-тұрыс шамасы. Міндет–бұл субъективтік құқықтың жүзеге асырылуының кепілі. Субъективтік құқық пен заңды міндеттің арасындағы айырмашылықтар: - егер субъективтік құқық тұлғаның өз мүдделерін қанағаттандыруға бағытталса, заңды міндет бөтен мүдделерді (мысалы, мемлекеттің, басқа тұлғалардың) қанағаттандыруға бағытталған; - егер субъективтік құқық заңды мүмкін жүріс-тұрыс шамасы болып табылса, заңды міндет қажетті жүріс-тұрыс шамасы болып табылады.
9. Заңды фактілер–бұл белгілі бір құқықтық салдардың туындауына негіз болып табылатын нақты өмірлік жағдайлар. Заңды фактілер құқықтық қатынастардың пайда болуының алғышарттары болып табылады. Заңды фактілерді әр түрлі негіздер бойынша түрлерге бөлуге болады: 1. Туындайтын салдардың сипаты бойынша: құқықтудырушы (мысалы, жоғары оқу орнына түсу); құқықөзгертуші (мысалы, күндізгі оқу бөлімінен сыртқы бөлімге ауысу); құқықтоқтатушы (мысалы, жоғары оқу орнын аяқтау). 2. Құқықтық қатынастар субъектілерінің еркімен байланысына қарай: - оқиғалар–бұл субъектілердің еркіне тәуелсіз жағдайлар, мысалы, табиғат апаты, өлім және т.б - әрекеттер–бұл құқықтық қатынастар субъектілерінің еркімен байланысты жағдайлар. Әрекеттер, өз кезегінде, құқыққа сай және құқыққа қайшы болып бөлінеді. Көп жағдайда құқықтық қатынастардың пайда болуы үшін бір заңды факт жеткіліксіз болып, олардың жиынтығы–заңды құрам қажет болатын жағдайлар туындайды. Мысалы, кәрілігіне байланысты зейнетақы алу үшін зейнеткерлік жасына жету, белгілі бір еңбек өтілінің болу, зейнетақыны тағайындау туралы шешімінің болуы тиіс. Заңды құрамдардың екі түрі болады: а) оның барлық элементтері көрсетіліп, заңмен нақты анықталған болуы мүмкін (мысалы, зейнетақыны тағайындау мәселесі); ә) ол жалпы белгілермен сипатталуы мүмкін (мысалы, некені бұзудың негіздері).
25 тақырып. ҚҰҚЫҚТЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ
1. Құқықты жүзеге асырудың түсінігі және нысандары. 2. Құқық нормаларын қолданудың түсінігі, белгілері және кезеңдері. 3. Заңды коллизиялар. 4. Құқықтағы олқылықтар. 5. Құқықтық нормаларды қолдану актілері.
1. Құқықты жүзеге асырудың түсінігі және нысандары. Құқықтық нормалар адамдардың санасы мен еркіне мақсатты түрде әсер ете отырып, оларды заңнамаға сәйкес жүріп-тұруға итермелеу үшін қажет. Қоғамдық қатынастардың қатысушыларының жүріс-тұрыстары арқылы кез-келген заңшығарушы қалайтын нәтижелерге жетуге болады. Құқықтық нормаларды жүзеге асыру–құқықтық нормалардың ережелері көрініс тапқан адамдардың жүріс-тұрысы, олардың құқықтарды жүзеге асыру мен заңды міндеттерді орындаумен байланысты тәжірибелік қызметі. Субъектілердің әрекеттеінің сипатына қарай құқықты жүзеге асырудың төрт нысанын бөліп қарастырады: 1) сақтау–қолданыстағы құқықпен тыйым салынған әрекеттерден бас тарту; 2) орындау–оң мазмұнды заңды міндеттерді орындауға байланысты белсенді әрекеттерді жүзеге асыру; 3) пайдалану–олар арқылы тұлғаның өз мүддесін қанағаттандырылатын субъективтік құқықтарды жүзеге асыру; 4) қолдану–құзіретті органдардың нақты бір заңды істі шешуге байланысты биліктік қызметі, нәтижесінде сәйкес жеке ак қабылданады.
2. Құқық нормаларын қолданудың түсінігі, белгілері және кезеңдері.Құқықты қолдану– бұл құқықты жүзеге асырудың ерекше нысаны. Ол субъектілердің билік органдарының көмегінсіз өз құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыра алмауы жағдайында қажет. Қолдану мына белгілермен сипатталады: - құқықты тек осыған өкілетті құзіретті органдар ғана қолданады; - биліктік сипатқа ие; - іс жүргізушілік нысанда жүзеге асырылады, - сәйкес жеке, биліктік (құқыққолданушы) актіні қолданумен байланысты; - үш кезеңнен құралады: 1) істің іс жүзіндегі негізін анықтау; бұл кезде іс бойынша объективтік шындық анықталып, барлық заңды маңызы бар ақпараттарды жинау жүзеге асырылады; 2) істің заңды негізін анықтау; бұл кезде құқыққолданушы осы қоғамдық қатынасты реттейтін құқықтың саласын, институтын және нормасын таңдайды; 3) істі шешу; бұл кезде құқық нормасының негізінде ресми мағынадағы биліктік сипаттағы жеке акт қабылданады. Шешім қабылдау қорытынды әрі негізгі кезең болып табылады. Бұдан кейін шешім орындалуы және нақты қоғамдық қатынас іс жүзінде реттелуі тиіс.
3. Заңды қарама-қайшылықтар. Екінші кезеңде, яғни, нақты құқық нормасын таңдауда, нормалардың қарам-қайшылығы және құқықтағы олқылықтар сияқты құбылыстарды кездестіруге болады. Заңды қарама-қайшылықтар–бұл бір қоғамдық қатынастарды реттеуші құқықтық актілер арасындағы қарама-қайшылықтар. Олар құқықтық жүйеге келіспеушіліктерді, кемшіліктерді әкеледі, құқыққолану тәжірибесінде ыңғайсыздықтар туғызады, заңнаманы қолдануды қиындатады. Қарама-қайшылықтардың түрлері: 1) Конситуция мен басқа барлық актілер арасындағы: басымдылық Конституцияға беріледі; 2) заңдар мен заңға сәйкес актілер арасындағы: заңдарға басымдылық беріледі; 3) бір органның актілері арасындағы: уақыты бойынша кейін қабылданған актіге басымдылық беріледі; 4) әр түрлі органдар қабылдаған актілер арасындағы: жоғары тұрған органның актісіне басымдылық беріледі.
4. Құқықтағы олқылықтар–бұл қолданыстағы заңнамада қажетті заң нормаларының толығымен немесе жартылай болмауы. Олқылықты жаңа құқық нормасын қабылдау арқылы құқықшығармашылық процесінің көмегімен жоюға болады. Олқылықтарды құқыққолдану процессі арқылы жеңуге болады, себебі, бұл кезде ешбір жаңа нормалар қабылданбайды: не құқық ұқсастығы, не заң ұқсастығы қолданылады. Заң ұқсастығы–бұл нақты бір заңды істі осыған ұқсас істі шешуге бағытталған құқықтық норманың негізінде шешу. Құқық ұқсастығы–бұл нақты заңды істі құқықтың жалпы қағидалары мен мәні негізінде шешу. Құқықтағы олқылықтарды жеңудің бұл әдісі ұқсас істі шешуге байланысты осы құқық саласында, ұқсас құқық саласында да нақты нормалар болмаған жағдайда ғана қолданылады.
5. Құқықтық нормаларды қолдану актілері. Құқықты қолдану актісі–бұл нақты бір заңды істі шешу нәтижесінде құзіретті орган шығаратын, жеке биліктік ережеден құралған құқықтық акт. Оның мынадай ерекшеліктері болады: - құзіретті орган шығарады; - мемлекеттік-биліктік сипатқа ие; - нормативтік емес, жеке сипатқа ие, себебі, нақты субъектілерге бағытталған; - заңмен анықталған өзіне тән нысанға ие. Құқыққолдану актілерін келесі негіздер бойынша түрлерге бөлуге болады: 1) нысаны бойынша–жарлықтар, үкімдер, шешімдер, бұйрықтар және т.б.; 2) оларды қабылдайтын субъектілерге байланысты–мемлекеттік және мемлекеттік емес органдардың (мысалығ муниципалды органдардың) актілері; 3) құқықтың функциялары бойынша–реттеуші (мысалы, қызметтік бұйрықтар) және қорғаушы (мысалы, қылмыстық істі қозғау туралы қаулы); 4) заңды табиғаты бойынша–негізгі және көмекші; негізгі актілер заңды істің соңғы шешімін көрсетеді (мысалы, үкім), ал көмекші актілер негзгі актілерді шығаруға жәрдемдеседі (мысалы, тұлғаны айыпкер ретінде жауапқа тарту туралы қаулы). 5) құқықтық реттеу пәні бойынша–қылмыстық-құқықтық, азаматтық-құқықтық және т.б. актілер; 6) сипаты бойынша– материалдық және іс жүргізушілік.
26 тақырып. ҚҰҚЫҚ НОРМАЛАРЫН ТҮСІНДІРУ
1. Түсіндірудің түсінігі. 2. Түсіндіру тәсілдері. 3. Субъектілер бойынша түсіндіру түрлері. 4. Көлемі бойынша түсіндіру түрлері. 5. Құқықты түсіндіру актілері.
1. Түсіндірудің түсінігі. Құқық нормаларын түсіндіру–бұл мемлекеттің, лауазымды тұлғалардың, қоғамдық ұйымдардың, жекелеген азаматтардың құқық нормаларының мазмұнын түсіндіруге, оларда көрініс тапқан билік басында тұрған әлеуметтік күштердің еркін ашуға бағытталған қызметі. Түсіндіру процесінде нормативтік ереженің мәні, оның негізгі мақсаты мен әлеуметтік бағыттылығы, түсіндіріліп отырған актінің мүмкін салдары, оның құқықтық реттеу жүйесіндегі орны және т.б. анықталады. Түсіндірудің мақсаты– заңшығарушының не айтқысы келгенін емес, оның қалыптастырған ережесінің мәнін анықтау. Түсіндіру қолданыстағы заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізбейді және енгізе алмайды да, ол заңдағы ережелерді түсіндіруге және нақтылауға бағытталған. Түсіндіру екі жақтан құралады: норманың мәні мен оны түсіндіруді түсіну (өзі үшін); норманың мазмұнын түсіндіру (өзгелер үшін).
2. Түсіндіру тәсілдері–бұл құқықтық нормалардың мазмұнын анықтауға бағытталған тәсілдер мен бағыттардың жиынтығы. Түсіндіру тәсілдерінің мынадай түрлері бар: 1) грамматикалық–тіл құралдарының, грамматика ержелерінің, орфографияның және т.б. көмегімен түсіндіру; 2) логикалық–логика заңдарының және ережелерінің көмегімен түсіндіру; 3) жүйелік–заң нормасының басқа нормалармен жүйелік байланысын, нақты жүріс-тұрыстың құқық жүйесіндегі орны мен рөлін талдау арқылы түсіндіру; 4) тарихи-саяси–құқықтық норманы қабылдаудың нақты-тарихи және саяси жағдайларының көмегімен түсіндіру; 5) телеологиялық (мақсатты)–нормативтік актіні қабылдау мақсаттарын анықтаудың көмегімен талқылау; 6) арнайы-заңды–заңнамада қолданылатын заң терминдерінің мазмұнын ашу арқылы түсіндіру.
3. Субъектілер бойынша түсіндіру түрлері. Субъектілеріне байланысты түсіндірудің мынадай түрлері болады: - ресми; мұндай түсіндіруді өкілетті субъектілер ғана береді, олар арнайы актіде көрініс табады және заңды салдарды туындатады; - бейресми; мұндай түсіндірудің заңды міндетті мәні болмайды және биліктік күші жоқ. Ресми түсіндіру нормативтік (тұлғалар мен жағдайлардың кең шеңберіне таралады) және казуалды (тек нақты бір жағдай үшін міндетті болып табылады) болып екіге бөлінеді. Нормативтік түсіндіру, өз кезегінде, аутентикалық (нормативтік актіні қабылдаған органмен беріледі) және легалды (өкілетті субъектілер береді) болып екіге бөлінеді.
4. Көлемі бойынша түсіндіру түрлері. Түсіндірудің нәтижелері заң нормаларының шын мәніндегі мазмұны мен мәтінінің арақатынасына қарай әр түрлі болуы мүмкін. Осындай арақатынастықтың негізінде түсіндірудің үш түрін бліп қарастырады (көлемі бойынша түсіндіру): 1) дәлме-дәл түсіндіру–құқық нормасының шын мәніндегі мағынасы мен оның мәтіндік көрінісі сәйкес келген жағдайда мүмкін; 2) шектелген түсіндіру–құқық нормасының шын мәніндегі мағынасы оның мәтіндік көрінісінен тар болған жағдайда қолданылады; 3) кеңейтілген түсіндіру–құқық нормасының шын мәніндегі мағынасы оның мәтіндік көрінісінен кең болған жағдайда қолданылады.
5. Құқықты түсіндіру актілері. Құқықты түсіндіру актісі–бұл заң нормаларының мағынасын түсіндіруге бағытталған құқықтық акт. Құқықты түсіндіру актілерінің ерекшеліктері: - заң нормаларының мағынасын түсіндіруге бағытталған; - нормативтік емес, нақтылаушы ережелерден құралған; - дербес сипатқа ие емес және өзі түсінідіріп отырған нормалармен бірге әрекет етеді; - құқықтың қайнар көзі болып табылмайды. Құқықты түсіндіру актілерінің төмендегідей түрлері болады: 1) ресми түсіндірудің түрлеріне қарай олар нормативтік (аутентикалық және легалды) және казуалды түсіндіру актілері болып бөлінеді; 2) түсіндіруді жүзеге асырып отырған органдарға қарай–мемлекеттік билік органдарының, басқару органдарының, сот, прокуратура органдарының түсіндіру актілері; 3) құқықтық реттеу пәніне қарай–қылмыстық, азаматтық, әкімшілік және т.б. құқықты түсіндіру актілері; 4) сипатына қарай–материалдық және іс жүргізушілік түсіндіру актілері; 5) нысанына қарай–жарлықтар, қаулылар, бұйрықтар, нұсқаулар және т.б.
27 тақырып. ҚҰҚЫҚТЫҚ МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ
1. Құқықтық мінез-құлықтың түсінігі және белгілері. 2. Құқықтық мінез-құлықтың түрлері.
1. Құқықтық мінез-құлықтың түсінігі және белгілері. Құқықтық мінез-құлық–бұл субъектілердің құқық нормаларына және әлеуметтік маңызды мақсаттарға сай келетін жүріс-тұрысы. Құқықтық мінез-құлық келесі белгілермен сипатталады: - заңмен орнықтырылған шекте болады (формальды аспект); - әлеуметтік пайдалы, қоғамдық мақсаттар мен мүдделерге қайшы келмейді; бұлар оның объективтік жағын құрайды (мазмұнды аспект); - саналы сипатқа ие; бұл оның субъективтік жағын құрайды.
2. Құқықтық мінез-құлықтың түрлері. Құқықтық мінез-құлық мына негіздер бойынша түрлерге бөлінеді: 1) әлеуметтік маңыздылығы дәрежесіне қарай: қажетті (мысалы, әскери борышты өтеу); қалаулы (мысалы, ғылыми және көркем шығармашылық); рұқсат етілген (мысалы, діни рәсімдерді орындау). 2) себептеріне, яғни, субъективтік жағына, байланысты: әлеуметтік белсенді; конформисттік; әдетті; маргиналды. Әлеуметтік белсенді жүріс-тұрыс–бұл құқықтық сана мен құқықтық мәдениеттің, жауапкершілік пен еріктіліктің жоғары деңгейімен сипатталатын жүріс-тұрыстың жоғарғы нысаны. Бұл жерде субъект жазадан қорықанынан немесе марапаттауды күткенінен емес, құқықтық мінез-құлықтың қажеттігіне сенуінің негізінде әрекет етеді. Әлеуметтік белсенді жүріс-тұрыс мынадай элементтерден құралады: а) қызметтің мемлекеттік ұйымдастырылған түрлеріндегі, құқықшығармашылық және құқықты жүзеге асыру салаларындағы белсенділік; ә) ерікті ұймдардың қызметіндегі белсенділік; б)қоғамдық және қоғамдық-мемлекеттік құрылымдарды құрудағы және олардың қызметіндегі белсенділік; в) тұлғаның құқық саласындағы дербес белсенділігі. Конформисттік жүріс-тұрыс–бұл құқықтық ережелерге оларды терең әрі жан-жақты түсінбестен, жоғары құқықтық белсенділіксіз бағынумен сипатталатын әрекет. Басқаша айтқанда, адам басқалардың да осылай жүріп-тұрғанын көргендіктен құқықтық мінез-құлықты таңдайды. Әдетті жүріс-тұрыс–бұл құқық нормаларының орындалуы әдетке айналып кеткен жағдайда көрініс табатын жүріс-тұрыс. Әдет әрекеттердің бірнеше рет таныс жағдайда қайталануының нәтижесінде қалыптасады. Маргиналды жүріс-тұрыс–бұл мемлекеттің мәжбүрлеуінің, жазадан қорқудың нәтижесінде жүзеге асырылатын құқықтық мінез-құлық.
28 тақырып. ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ЗАҢДЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК Поиск по сайту: |
Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.018 сек.) |