АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция

Бап. Мерзiмдердi есептеу

Читайте также:
  1. ЖАС сигналдау арна санын есептеу
  2. Плитаны есептеу.

Тарау. ПРОЦЕСТІК МЕРЗІМДЕР

1. Осы Кодексте белгiленген мерзiмдер сағаттармен, тәулiктермен, айлармен, жылдармен есептеледi.
2. Мерзiмдердi есептеу кезiнде мерзiмнiң өтуi басталатын сағат пен тәулiк есепке алынбайды. Бұл қағиданың ұстап алу, күзетпен ұстау, үйқамақ және медициналық мекемеде немесе ерекше режиммен ұстайтын білім беру ұйымында болу кезiндегi мерзiмдердi есептеуге қатысы жоқ.
3. Мерзiмдi есептеу кезiнде оған жұмыстан тыс уақыт та кiредi.
4. Тәуліктермен есептелетін мерзім оның соңғы тәуліктерінің жиырма төрт сағатында бітеді. Айлармен есептелетін мерзім оның соңғы айының тиісті айы мен күнінде бітеді. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күні жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде бітеді. Жылдармен есептелетін мерзім оның соңғы жылының тиісті айы мен күнінде бітеді. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күні жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде бітеді. Ұстап алу, күзетпен, ұстау, үйқамақ және медициналық мекемеде немесе ерекше режиммен ұстайтын білім беру ұйымында болу кезіндегі мерзімдерді есептеу жағдайларын қоспағанда, мерзімнің соңғы күні жұмыс істемейтін күнге тура келсе, онда одан кейінгі жұмыс күні мерзімнің аяқталу күні болып есептеледі.
5. Адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдiк бойынша ұстап алған кезде мерзiм осы шара нақты қолданылған кезден (минутына дейін дәлдікпен сағаттан) бастап есептеледi. Күзетпен ұстау, үйқамақ, сондай-ақ медициналық мекемеде немесе ерекше режиммен ұстайтын білім беру ұйымында болу мерзімдерін есептеу кезінде мерзімнің бірінші тәулігі мерзімге қосылады.

49-бап. Мерзiмдi сақтау және ұзарту

1. Егер шағым, өтiнiшхат немесе өзге де құжат мерзiм аяқталғанға дейiн поштаға тапсырылса, оны қабылдауға уәкiлеттi тұлғаға берiлсе немесе мәлiмделсе, ал күзетпен ұсталатын не медициналық ұйымға орналастырылған адамдар үшiн, егер шағым немесе өзге де құжат күзетпен ұстау орнының немесе медициналық ұйымның әкiмшiлiгiне мерзiм аяқталғанға дейiн тапсырылса, мерзiм өткізіп алынған болып есептелмейді. Шағымды немесе өзге де құжатты поштаға тапсыру уақыты – пошта мөртабаны бойынша, ал оларды қабылдауға уәкiлеттi тұлғаға немесе күзетпен ұстау орнының немесе медициналық ұйымның әкiмшiлiгiне тапсыру уақыты осы ұйымдар кеңсесiнiң немесе лауазымды адамдарының қойған белгiсi бойынша айқындалады.
2. Лауазымды адамдардың белгiленген мерзiмдi сақтауы процестік құжаттардағы тиiсті нұсқаумен расталады. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысатын адамдарға табыс етілуге жататын құжаттардың алынғандығы олардың iске қоса тiгiлген қолхатымен расталады.
3. Процестік мерзiмдер осы Кодексте белгiленген жағдайларда және тәртiппен ғана ұзартылуы мүмкін.

50-бап. Мерзiмдi өткiзiп алудың салдары және оны қалпына
келтiру тәртiбi

1. Қылмыстық процеске қатысушылардың мерзiм аяқталғаннан кейiн жасаған процестік әрекеттерi жарамсыз болып есептеледі.
2. Дәлелдi себеппен өткiзiлiп алынған мерзiм мүдделi тұлғаның өтiнiшхаты бойынша, іс жүргізуінде іс жатқан анықтаушының, тергеушiнiң, прокурордың немесе судьяның қаулысымен қалпына келтiрiлуi мүмкiн. Бұл ретте мерзiм, егер қылмыстық процестi жүргізетін органның тиiстi шешiмiнде өзгеше көзделмесе, басқа тұлғалар емес, оны өткiзiп алған тұлға үшiн қалпына келтiрiледi.
3. Белгiленген мерзiмді өткiзiп алып шағым жасалған шешiмдi орындау мүдделi тұлғаның өтiнiшхаты бойынша өткізіп алынған мерзiмдi қалпына келтiру туралы мәселе шешiлгенге дейiн тоқтатыла тұруы мүмкiн.
4. Мерзiмдi қалпына келтiруден бас тартуға осы Кодексте белгiленген тәртiппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкiн.

2-БӨЛІМ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСКЕ ҚАТЫСАТЫН МЕМЛЕКЕТТІК
ОРГАНДАР МЕН АДАМДАР

Тарау. СОТ

Бап. Сот

1. Сот билiгi органы бола отырып, сот қылмыстық iстер бойынша сот төрелігін жүзеге асырады.
2. Кез келген қылмыстық iсті соттың заңды, тәуелсiз, құзыреттi және бейтарап құрамы ғана қарай алады, бұл осы Кодексте белгiленген:
1) нақты iстердiң соттылығын айқындау;
2) нақты қылмыстық iстердi қарау үшiн соттың құрамын жасақтау;
3) судьяларға қарсылық білдіру;
4) iстi шешу функциясын айыптау және қорғау функцияларынан бөлектеу қағидаларын сақтау арқылы қамтамасыз етiледi.
3. Қазақстан Республикасында қылмыстық iстер бойынша сот төрелігін:
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты;
облыстық және оларға теңестiрiлген соттар, Әскери сот;
аудандық және оларға теңестірілген соттар;
қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттар, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар, гарнизондардың әскери соттары жүзеге асырады.

52-бап. Соттың құрамы

1. Бірінші сатыдағы соттарда қылмыстық істерді қарауды судья жеке-дара жүзеге асырады, ал соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстар және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99 (екінші бөлігінің 15) тармағында), 170 (төртінші бөлігінде), 175, 177, 178, 184, 255 (төртінші бөлігінде), 263 (бесінші бөлігінде), 286 (төртінші бөлігінде), 297 (төртінші бөлігінде), 298 (төртінші бөлігінде), 299 (төртінші бөлігінде)-баптарында көзделген қылмыстар туралы істерді қоспағанда, оларды жасағаны үшін қылмыстық заңда өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық істерді қарау айыпталушының өтінішхаты бойынша бір судья және он алқаби құрамында жүзеге асырылады.
2. Қылмыстық істерді апелляциялық тәртіппен қарауды судья – жеке-дара, ал соттың аса ауыр қылмыстар туралы, сондай-ақ алқабилердің қатысуымен қаралған істер бойынша үкімдеріне, қаулыларына шағымдарды, наразылықтарды қарау кезінде алқаның төрағасы және кемінде екі судьясы бар құрам алқалы түрде жүзеге асырады.
Апелляциялық алқаның төрағасы іссапарда, демалыста болуына немесе сырқаттанып қалуына байланысты болмаған кезде көрсетілген істерді алқалы түрде қарау кезінде оған сот төрағасы апелляциялық алқа төрағасы міндеттерін атқаруды жүктеген алқа судьясы төрағалық етеді.
3. Кассациялық сатыда iстердi қарауды облыстық немесе оған теңестiрiлген сот төрағасының төрағалық етуiмен кемiнде үш судья бар құрам алқалы түрде жүзеге асырады.
Облыстық немесе оған теңестiрiлген соттың төрағасы iссапарда, демалыста болуына немесе сырқаттануына байланысты болмаған кезде iстi кассациялық сатыда қарау кезiнде өзіне сот төрағасы аталған міндеттерді атқаруды жүктеген кассациялық алқа судьясы төрағалық етедi.
Облыстық сот төрағасына мәлімделген қарсылық білдіру қанағаттандырылған кезде, оның тапсырмасы бойынша сот отырысына кассациялық алқа судьяларының бірі төрағалық етеді.
4. Істі Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында қарауды кемінде үш судья бар құрам алқалы түрде жүзеге асырады.
Істерді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы және (немесе) Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша қарауды қадағалау сот алқасының төрағасы және кемінде алты судья бар құрам алқалы түрде жүзеге асырады.
Алқа төрағасы болмаған кезде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы алқа төрағасының міндеттерін атқаруды жүктеген судья төрағалық етеді.
5. Істерді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қараған кезде соттың құрамы осы Кодекстің 504-бабында көзделген қағидаларға сәйкес айқындалады.
6. Үкімді орындау және есі дұрыс емес адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы істерді қарау кезінде туындайтын мәселелерді қарауды тиісті соттың судьясы жеке-дара жүзеге асырады.
7. Бір алқада судьялардың саны олардың істі қарауға қатысуға кедергі болатын мән-жайларға байланысты істі алқалы түрде қарауды қамтамасыз етуге жеткіліксіз болған жағдайларда, тиісінше Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, облыстық және оған теңестірілген соттың төрағалары істі қарауға қатысуға басқа алқаның судьяларын тартуға құқылы.
Ескерту. 52-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

53-бап. Соттың өкілеттіктері

1. Сот билігінің органы ретіндегі соттың өкілеттіктері заңда айқындалады.
2. Тек сот қана:
1) адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп тануға және оған жаза тағайындауға;
2) адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын не мәжбүрлеп тәрбиелік ықпал ету шараларын қолдануға;
3) төмен тұрған сот қабылдаған шешімнің күшін жоюға немесе оны өзгертуге;
4) сот актілерін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауға;
5) тергеушінің, анықтаушының, анықтау органының, прокурордың күдіктіге, айыпталушыға қатысты күзетпен ұстау, үйқамақ, экстрадициялық қамақ түрінде таңдаған бұлтартпау шарасын санкциялауға және олардың мерзімдерін ұзартуға;
6) күдіктіге, айыпталушыға қатысты лауазымынан уақытша шеттету және жақындауға тыйым салу түрінде процестік мәжбүрлеу шараларын санкциялауға;
7) күзетпен ұсталмайтын адамды сот-психиатриялық және (немесе) сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыруға;
8) мәйітті эксгумациялауды санкциялауға, халықаралық іздестіру жариялауға, мүлікке тыйым салуға құқықты.
3. Сот осы Кодексте көзделген жағдайларда және тәртіппен:
1) қылмыстық қудалау органының, прокурордың шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жасалған шағымдарды қарайды;
2) прокурордың, қорғаушының өтінішхаты бойынша куә мен жәбірленушінің айғақтарын сақтауға қояды;
3) ақшалай және әкімшілік өндіріп алуларды қолданады;
4) үкімді орындауға байланысты мәселелерді қарайды;
5) прокурордың заңсыз жолмен алынған мүлікті үкім шығарылғанға дейін тәркілеу туралы өтінішхатын қарайды.
4. Егер істі сотта қарау кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзуға ықпал еткен мән-жайлар, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жол берілген басқа да заң бұзушылықтар анықталса, сот жекеше қаулы шығарып, онда қажетті шаралар қолдануды талап ететін осы мән-жайлар мен заң бұзу фактілеріне тиісті ұйымдардың немесе тұлғалардың назарын аударады. Егер сот мұны қажет деп тапса, басқа жағдайларда да жекеше қаулы шығаруға құқылы.
5. Төмен тұрған соттың (судьяның) атына жекеше қаулы шығарылмайды. Төмен тұрған сот жол берген, үкімнің, қаулының күшін жоюға немесе оны өзгертуге әкеп соққан, заң бұзушылықтар туралы жоғары тұрған сот сатысының сот актілерінде көрсетіледі. Басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар не әкімшілік немесе тәртіптік жауаптылыққа әкеп соғатын іс-әрекеттер құрамын құрайтын іс-әрекеттер жасау фактілері анықталған кезде сот заңда көзделген шараларды қолдану үшін тиісті прокурордың атына жекеше қаулы шығарады.
6. Заңда көзделген жағдайларда, судья қаралып жатқан істер бойынша анықтау органдарының, жедел-іздестіру қызметін және жасырын тергеу әрекеттерін ұйымдастыру, нақты жедел-іздестіру іс-шаралары және жасырын тергеу әрекеттері, ақпаратты алу көздері және тәсілдері туралы жария етілуге жатпайтын мәліметтерді қоспағанда, қаралып жатқан іске қатысты жедел есепке алу істерін және жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарын талап етіп алдыруға және олармен танысуға құқылы.

Бап. Судья

1. Өз құзыретi шегiнде iстi жеке-дара қарайтын, соттың отырысын дайындау немесе оның үкiмiнiң немесе басқа да шешiмiнiң орындалуын қамтамасыз ету жөнiнде өкім жасау әрекеттерін жүзеге асыратын, осы Кодекстiң 53-бабының үшiншi бөлiгiнде көрсетiлген өтiнiшхаттар мен шағымдарды шешетiн судьяға соттың өкiлеттiктерi тиесiлi болады.
2. Iстi судьялар алқасының құрамында қарайтын судья қаралатын іске байланысты туындайтын барлық мәселелердi шешу кезiнде төрағалық етушiмен және басқа да судьялармен тең құқықтарды пайдаланады. Судья қаралатын мәселелер бойынша басқа судьялардың пікірімен келіспеген кезде, өзінің ерекше пікірін жазбаша баяндауға құқылы, ол конвертке салынып мөрленіп, қылмыстық іске қосып тігіледі. Тек жоғары тұрған соттың ғана істі қарау кезінде конвертті ашуына және судьяның ерекше пікірімен танысуына жол беріледі.
3. Тергеу судьясы – бірінші сатыдағы соттың судьясы, оның өкілеттігіне қылмыстық сот ісін жүргізуде адамдар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына сот бақылауын осы Кодексте көзделген тәртіппен жүзеге асыру жатады. Тергеу судьясын (судьяларын) осы сот төрағасы судьялардың қатарынан тағайындайды. Тергеу судьясын алмастыру қажет болған кезде ол қайта тағайындалуы мүмкін.

55-бап. Тергеу судьясының өкілеттіктері

1. Сотқа дейінгі іс жүргізу барысында тергеу судьясы осы Кодексте көзделген жағдайларда мынадай:
1) күзетпен ұстауды санкциялау;
2) үйқамақты санкциялау;
3) лауазымынан уақытша шеттетуді санкциялау;
4) жақындауға тыйым салуды санкциялау;
5) экстрадициялық қамақты санкциялау;
6) күзетпен ұстау, үйқамақ, экстрадициялық қамақ мерзімдерін ұзарту;
7) кепілді қолдану;
8) мүлікке тыйым салуды санкциялау;
9) күзетпен ұсталмайтын адамды сот-психиатриялық және (немесе) сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру;
10) бұрын өзіне қатысты күзетпен ұстау қолданылған адамның психикалық ауру фактісі анықталған кезде, оны ауруларды қатаң оқшаулау жағдайында ұстауға лайықталған, психиатриялық көмек көрсететін арнаулы медициналық ұйымға ауыстыру;
11) мәйітті эксгумациялау;
12) күдіктіге, айыпталушыға халықаралық іздеу жариялау мәселелерін қарайды.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларда тергеу судьясы:
1) анықтаушының, анықтау органының, тергеушінің және прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне жасалған шағымдарды қарайды;
2) тез бұзылатын немесе қылмыстық істі мәні бойынша шешкенге дейін ұзақ сақталуы елеулі материалдық шығындарды қажет ететін заттай дәлелдемелерді өткізу туралы мәселені қарайды;
3) сотқа дейінгі іс жүргізу барысында жәбірленуші мен куәның айғақтарын сақтауға қояды;
4) адвокаттар мен прокурорларды қоспағанда, сотқа дейінгі іс жүргізуде процестік міндеттерді орындамайтын немесе тиісінше орындамайтын тұлғаларға ақшалай өндіріп алуды қолданады;
5) прокурордың ұсынуымен қылмыстық іс бойынша процестік шығындарды өндіріп алу туралы мәселені қарайды;
6) сұрау салуды орындаудан бас тартылған не ол бойынша үш тәулік ішінде шешім қабылданбаған жағдайда, қорғаушы ретінде қатысатын адвокаттың уәжді өтінішхаты бойынша, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қоспағанда, қылмыстық іс үшін маңызы бар кез келген мәліметтерді, құжаттарды, нәрселерді талап етіп алдыру және қылмыстық іске қосып тігу туралы мәселені қарайды;
7) қорғаушы ретінде қатысатын адвокаттың уәжді өтінішхаты бойынша, егер қылмыстық қудалау органы осындай өтінішхатты қанағаттандырудан негізсіз бас тартса не ол бойынша үш тәулік ішінде шешім қабылданбаса, сараптама тағайындау туралы мәселені қарайды;
8) қылмыстық процесті жүргізетін органға айғақ беруі үшін келуін қамтамасыз ету қиындық тудыратын, бұрын өздері жауап алған куәні, қорғаушы ретінде қатысатын адвокаттың өтінішхаты бойынша, мәжбүрлеп әкелу туралы мәселені қарайды;
9) осы Кодексте көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайды.
3. Тергеу судьясының қаулысына осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.

56-бап. Тергеу судьясының өкілеттіктерін жүзеге
асырудың жалпы шарттары

1. Тергеу судьясы өз өкілеттіктерін осы Кодекстің осы бабының қағидаларына және тиісті баптарында көзделген ерекшеліктерге сәйкес жүзеге асырады.
2. Тергеу судьясы өз құзыретіне жатқызылған мәселелерді сот отырысын өткізбей, жеке-дара қарайды.
Егер заңды және негізделген шешім шығару үшін маңызы бар мән-жайларды зерттеу қажет болса, тергеу судьясы тиісті тұлғалардың және прокурордың қатысуымен сот отырысын өткізу туралы қаулы етеді.
Осы Кодекстiң 55-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1), 2), 5), 6), 7) және 8) тармақтарында, екiншi бөлiгiнiң 2) және 3) тармақтарында көрсетiлген мәселелердi қарау кезiнде сот отырысын өткiзу мiндеттi. Сот отырысын өткiзу мiндеттi болған жағдайда, қорғаушы тарап пен прокурорға сот отырысының уақыты мен орны туралы күнi бұрын хабарланады.
Сот отырысы тергеу судьясының өкімі бойынша бейнебайланыс режимінде жүргізілуі мүмкін. Сот отырысы барысында хаттама жүргізіледі.
3. Тергеу судьясы:
1) сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын органнан қаралып жатқан мәселе бойынша қосымша ақпаратты талап етуге;
2) тиісті сотқа дейінгі іс жүргізудің барлық материалдарымен танысуға және оларды зерттеуге;
3) процеске қатысушыларды сот отырысына шақыруға және олардан қылмыстық іс бойынша қажетті ақпаратты алуға құқылы.
4. Тергеу судьясы осы Кодекске сәйкес істі мәні бойынша шешу кезінде сотта қараудың нысанасы болуы мүмкін мәселелерді алдын ала шешуге, тергеп-тексеру бағыты және тергеу әрекеттерін жүргізу туралы нұсқаулар беруге, сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адамдардың және қадағалаушы прокурордың, сондай-ақ істі мәні бойынша қарайтын соттың орнына әрекет жасауға және шешім қабылдауға тиіс емес.
5. Күдікті өзіне азаптау және басқа да заңсыз әрекеттер қолданылғаны туралы арызданған немесе онда күш қолданудың іздері болған кезде тергеу судьясы қадағалаушы прокурорға көрсетілген фактілерді дереу тексеруді жүзеге асыруды тапсыруға міндетті.
6. Адамның құқықтары мен бостандықтарын, ұйымдардың заңмен қорғалатын мүдделерін заңсыз шектеу немесе өзге де бұзу фактілері анықталған кезде тергеу судьясы заң бұзушылыққа жол берген тұлғалардың жауаптылығы туралы мәселені шешу үшін жекеше қаулы шығарады.
Ескерту. 56-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

57-бап. Iс бойынша төрағалық етушi

1. Қылмыстық iстi судьялар алқасының құрамында қараған кезде соттың төрағасы, сот алқасының төрағасы не заңда көзделген тәртiппен осыған уәкiлеттiк берiлген судьялардың бiреуi төрағалық етедi.
Iстi жеке-дара қарап жатқан судья төрағалық етушi болып есептеледі.
2. Төрағалық етушi сот отырысының барысына басшылық етедi, қылмыстық iстiң әдiл қаралуын қамтамасыз ету және осы Кодекстiң басқа да талаптарының, сондай-ақ сот отырысына қатысушы барлық тұлғалардың тиісті мінез-құлқының сақталуы үшін барлық шараларды қолданады.
3. Сот отырысына төрағалық етушiнiң өкiмдерi процестің барлық қатысушылары және сот залында қатысып отырған өзге де тұлғалар үшiн мiндеттi.

8-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚУДАЛАУ ФУНКЦИЯЛАРЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН
МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР МЕН ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАР

Бап. Прокурор

1. Прокурор – өз құзыретi шегiнде жедел-iздестiру қызметiнің, анықтаудың, тергеудiң және сот шешiмдерiнiң, қылмыстық процестiң барлық сатыларында қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалауды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының 83-бабына және осы Кодекске сәйкес өкілеттіктерді жүзеге асыратын лауазымды адам: осы Кодексте белгіленген өкілеттіктер шегінде іс-әрекет жасайтын Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары, орынбасарлары, олардың аға көмекшілері мен көмекшілері, Қазақстан Республикасының Бас әскери және Бас көлік прокурорлары, Астана және Алматы қалаларының, облыстардың прокурорлары және олардың орынбасарлары, департаменттердің, басқармалардың және бөлімдердің бастықтары, олардың орынбасарлары, аға көмекшілер мен көмекшілер, басқармалар мен бөлімдердің аға прокурорлары және прокурорлары, аудандардың, қалалардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар, олардың орынбасарлары, аға прокурорлар мен прокурорлар. Соттың қылмыстық iстi қарауына қатысатын прокурор айыптауды қолдау арқылы мемлекеттiң мүддесiн бiлдiредi және мемлекеттiк айыптаушы болып табылады.
2. Прокурор күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға немесе олардың әрекеттері үшiн мүлiктiк жауаптылықта болатын тұлғаға:
1) өзiнiң дәрменсiз күйіне, күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға тәуелдi болуына немесе өзге де себептер бойынша талап қою және оны қорғау құқығын өз бетiнше пайдалануға қабiлетсіз жәбiрленушiнiң;
2) мемлекеттiң мүдделерiн қорғап талап қоюға құқылы.
3. Прокурор өз қаулысымен істерді өзінің іс жүргізуіне қабылдауға және бұл ретте тергеуші өкілеттіктерін пайдалана отырып, тергеп-тексеруді жеке өзі жүргізуге құқылы. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалауды осыған уәкілеттік берілген прокурор жүзеге асырады.
4. Прокурордың сотқа дейінгі тергеп-тексеру және соттың істі қарауы кезіндегі өкілеттіктері осы Кодекстің 186 (екінші және үшінші бөліктерінде), 187 (сегізінші бөлігінде), 190 (жетінші бөлігінде), 192, 193, 196 (екінші бөлігінде), 234 (бірінші бөлігінде), 290, 301 – 305, 321 (алтыншы бөлігінде), 337, 414 (екінші бөлігінде), 428(алтыншы бөлігінде), 429 (жетінші бөлігінде), 454 (бесінші бөлігінде), 478 (бесінші бөлігінде), 480 (алтыншы бөлігінде) 484, 486, 494 (бесінші бөлігінде), 502 (бірінші бөлігінде), 513 (үшінші бөлігінде), 518 (бесінші бөлігінде)-баптарында, 57, 58, 59, 60, 61, 62, 63-тарауларында, 628 (бірінші бөлігінде), 643 (сегізінші бөлігінде), 668 (алтыншы бөлігінде)-баптарында айқындалады.
5. Прокурор өзiнiң процестік өкiлеттiктерiн жүзеге асырған кезде тәуелсiз болады және заңға ғана бағынады.
6. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры өз құзыретi шегiнде осы Кодекстің нормаларын қолдану мәселелерi жөнінде нормативтiк құқықтық актiлер қабылдайды, олар қылмыстық қудалау органдарының орындауы үшiн мiндеттi.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органдардың нормативтiк құқықтық актiлерi олардың құзыретi шегiнде, Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келiсу бойынша қабылданады.

59-бап. Тергеу бөлiмiнiң бастығы

1. Тергеу бөлiмiнiң бастығы – сотқа дейінгі тергеп-тексерудi жүзеге асыратын органның тергеу бөлiмшесiнiң бастығы және оның өз құзыретi шегiнде әрекет ететін орынбасарлары.
2. Тергеу бөлiмiнiң бастығы:
1) тергеу жүргізуді немесе сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеруді тергеушiге тапсыруға;
2) тергеушiнiң өз іс жүргiзуiндегi iстер бойынша тергеу әрекеттерін орындауының уақтылығына, тергеушiнiң тергеп-тексеру және күзетпен ұстау мерзiмдерiн сақтауына, прокурор нұсқауларының, басқа да тергеушiлер тапсырмаларының орындалуына бақылау жасауды жүзеге асыруға;
3) тергеп-тексеру жүргiзудi бiрнеше тергеушiге тапсыруға;
4) тергеушiнi iс бойынша iс жүргiзуден шеттетуге;
5) қылмыстық істерді зерделеуге және олар бойынша нұсқаулар беруге;
6) өз құзыретi шегiнде өзiне бағынысты, алдын ала тергеудi жүзеге асыратын органның бiр тергеу бөлiмшесiнен қылмыстық iстi алуға және алдын ала тергеудi жүзеге асыратын, өзiне бағынысты осы не өзге органның басқа тергеу бөлiмшесiне беруге;
7) қылмыстық iстердi айыптау актісімен бірге прокурорға жіберуге;
8) тергеушінің негізсіз процестік шешімінің күшін жою туралы өтінішхатпен прокурорға өтініш жасауға;
9) өз құзыреті шегінде анықтау органдарына орындау үшін міндетті тапсырмалар мен нұсқаулар беруге уәкілетті.
3. Тергеу бөлiмiнiң бастығы өз қаулысымен істі өзінің іс жүргізуіне қабылдауға және бұл ретте тергеушiнiң өкiлеттiктерiн пайдалана отырып, тергеп-тексеруді жеке өзі жүргiзуге құқылы.
4. Тергеу бөлiмi бастығының iс бойынша нұсқаулары тергеушiнiң осы Кодекстiң 60-бабында белгiленген дербестiгiн, оның құқықтарын шектей алмайды. Нұсқауларды орындау мiндеттi, бiрақ ол жөнiнде жоғары тұрған тергеу бөлімінің бастығына немесе прокурорға шағым жасалуы мүмкін. Күдіктінің іс-әрекетінің саралануы және күдік келтіру көлемі, істі айыптау актісімен бірге прокурорға жіберу немесе қылмыстық істі тоқтату туралы нұсқауларды қоспағанда, тергеушiнiң тергеу бөлiмi бастығының әрекеттерi жөнiнде шағым жасауы олардың орындалуын тоқтата тұрмайды.

Бап. Тергеушi

1. Тергеушi – қылмыстық iс бойынша сотқа дейiнгi тергеп-тексерудi өз құзыретi шегiнде жүзеге асыруға уәкiлеттi лауазымды адам: iшкi iстер органдарының тергеушiсi, ұлттық қауiпсiздiк органдарының тергеушiсi, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеушісі және экономикалық тергеу қызметінің тергеушiсi, сондай-ақ осы Кодексте көзделген жағдайларда – прокурор.
2. Тергеушi өз қаулысымен істі өзінің іс жүргізуіне қабылдап, ол бойынша алдын ала тергеуді жүзеге асыруға және осы Кодексте көзделген барлық тергеу әрекеттерін орындауға құқылы.
3. Тергеуші істің мән-жайларын жан-жақты, толық және объективтi зерттеу үшін барлық шараларды қолдануға, адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын көрсететін оған қатысты жеткілікті дәлелдер жиналған адамды күдіктінің іс-әрекетін саралау, осы Кодекске сәйкес оған бұлтартпау шараларын таңдау, қылмыстық құқық бұзушылықтың мән-жайлары баяндалған, жинақталған дәлелдер сипатталған айыптау актісін жасау арқылы қылмыстық қудалауды жүзеге асыруға міндетті.
Осы Кодексте көзделген жағдайларда прокурорды процестік келісімді жасасуға мүмкіндік беретін мән-жайлардың анықталғаны туралы хабардар етеді.
4. Үкімнің азаматтық талап қою, басқа да мүліктік өндіріп алулар немесе мүлікті ықтимал тәркілеу бөлігінде орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тергеуші күдіктінің немесе оның әрекеттері үшін заң бойынша материалдық жауаптылықта болатын тұлғалардың мүлкін анықтау үшін шаралар қолдануға міндетті.
5. Қылмыстық істер бойынша тергеп-тексеру жүргізген кезде тергеуші қылмыстық жолмен табылған не қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған, басқа тұлғалардың меншігіне берілген мүлікті анықтау үшін де шаралар қолдануға міндетті.
6. Тергеушi анықтау органдарының кезек күттiрмейтiн тергеу әрекеттерiн орындауын күтпей-ақ, кез келген сәтте өз қаулысымен iсті өзінің іс жүргiзуіне қабылдауға және оны тергеп-тексеруге кiрiсуге құқылы.
7. Тергеушi заңда прокурордың, соттың санкциясын немесе соттың шешімін алу көзделген жағдайларды қоспағанда, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу кезінде барлық шешiмдi дербес қабылдайды және олардың заңды және уақтылы орындалуы үшiн толық жауапты болады. Тергеушiнiң қызметiне заңсыз араласу қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқтырады.
Қылмыстық іс бойынша тергеуші өз өкілеттіктері шегінде шығарған қаулы, сондай-ақ қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысындағы тапсырмалар мен нұсқаулар барлық ұйымдардың, лауазымды адамдардың және азаматтардың орындауы үшін міндетті.
8. Тергеушi тергеудегi iс бойынша прокурордың нұсқауларымен келiспеген жағдайда, олар жөнiнде жоғары тұрған прокурорға шағым жасауға құқылы.
9. Тергеушiнің өзі тергеп-тексеретін iстер бойынша анықтау органдарының тергеп-тексерілiп жатқан iске қатысты жедел есепке алу істерімен және жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарымен танысуға, оларды осы Кодексте белгіленген тәртіппен осы іске қосып тігу үшін талап етіп алдыруға, анықтау органдарына орындау үшiн мiндеттi, iздестiру, тергеу және жасырын тергеу әрекеттерiн жүргiзу туралы тапсырмалар мен нұсқаулар беруге және олардан тергеу әрекеттерiн жүргiзуге жәрдемдесудi талап етуге құқығы бар.
Ескерту. 60-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

61-бап. Анықтау органы

1. Қылмыстық құқық бұзушылықтың сипатына қарай анықтау органдарына:
1) заңда белгiленген құзыретiне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық белгiлерi мен оларды жасаған адамдарды табу, қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында қажеттi қылмыстық-процестік және iздестiру іс-шараларын қолдану;
2) алдын ала тергеу жүргiзілетін iстер бойынша осы Кодекстiң 196-бабында көзделген тәртiппен қылмыстық-процестік және iздестiру іс-шараларын орындау;
3) алдын ала тергеу жүргiзу мiндеттi емес iстер бойынша осы Кодекстiң 191-бабында көзделген тәртiппен анықтау;
4) осы Кодекстiң 190-бабында белгіленген сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеруді жүзеге асыру;
5) қылмыстық теріс қылық бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді хаттамалық нысанда жүзеге асыру;
6) осы Кодекстің 189-бабының үшінші және бесінші бөліктерінде көзделген жағдайларда алдын ала тергеу ісін жүргізу жүктеледі.
2. Мыналар анықтау органдары болып табылады:
1) iшкi iстер органдары;
2) ұлттық қауiпсiздiк органдары;
3) сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет;
3-1) экономикалық тергеу қызметі;
4) алып тасталды - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі);
5) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарында шақыру немесе келiсiмшарт бойынша әскери қызметiн өткеріп жүрген әскери қызметшiлер, әскери жиындардан өту кезiнде запаста тұрған азаматтар, әскери бөлiмдердiң, құрамалардың, мекемелердiң азаматтық персонал адамдары өз қызметтiк мiндеттерiн орындауына байланысты немесе осы бөлiмдер, құрамалар және мекемелер орналасқан жерде жасаған барлық қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша – әскери полиция органдары;
арнаулы мемлекеттік органдардың әскери қызметшілері мен қызметкерлері жасаған барлық қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери полиция органдары;
6) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы туралы заңнаманы бұзу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының континенттік қайраңында жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша – шекаралық қызмет органдары;
7) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарында шақыру немесе келiсiмшарт бойынша әскери қызметiн өткеріп жүрген, өздерiне бағынысты әскери қызметшiлер, сондай-ақ әскери жиындардан өту кезiнде запаста тұрған азаматтар жасаған барлық қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша, әскери бөлiмдердiң, құрамалардың, мекемелердiң азаматтық персонал адамдары өз қызметтiк мiндеттерiн орындауына байланысты немесе осы бөлiмдер, құрамалар және мекемелер орналасқан жерде жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша – әскери полиция органы болмаған жағдайда, әскери бөлiмдердiң, құрамалардың командирлерi, әскери мекемелер мен гарнизондардың бастықтары;
8) өздерiнiң қызметкерлерi болу елдерінде жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша – Қазақстан Республикасы дипломатиялық өкiлдiктерiнiң, консулдық мекемелерiнiң және өкiлеттi өкiлдiктерiнiң басшылары;
9) күзетілетін іс-шаралар өткізілетін аймақта жасалған және тізбесі заңда белгіленген күзетілетін адамдарға тікелей қарсы бағытталған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі;
10) алып тасталды - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
3. Көлiк қатынасы болмаған кезеңде – анықтау органының барлық қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша сотқа дейiнгі iс жүргiзу және кезек күттiрмейтiн тергеу әрекеттерін орындау жөнiндегi құқықтары мен мiндеттерi алысқа жүзу сапарындағы теңiз кемелерiнiң капитандарына, геологиялық-барлау партияларының, осы баптың екiншi бөлiгiнде тізбеленген анықтау органдарынан алыстағы басқа мемлекеттiк ұйымдар мен олардың бөлiмшелерiнiң басшыларына да жүктеледi.
Ескерту. 61-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

62-бап. Анықтау органының бастығы

1. Осы Кодекстiң 191-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша сотқа дейiнгі тергеп-тексеру барысында анықтау органы бастығының өкiлеттiктеріне өз құзыретi шегiнде Бас анықтау органы басқармасының (департаментінiң), анықтау органы басқармасының, бөлімінің бастығы және олардың орынбасарлары ие болады.
2. Анықтау органының бастығы қылмыстық құқық бұзушылық белгiлерiн және оларды жасаған адамдарды анықтау, қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында қажеттi жедел-iздестiру, қылмыстық-процестік, оның ішінде жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуді ұйымдастырады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына жедел-іздестіру іс-шараларының, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерін осы Кодексте белгіленген тәртіппен ұсынады.
3. Анықтау органының бастығы алдын ала тергеу органдарының тергеулігіне жататын қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша:
1) кезек күттiрмейтiн тергеу әрекеттерiн жүргiзудi қамтамасыз етедi;
2) прокурордың, тергеу бөлімі бастығының, тергеушiнiң тапсырмаларын, оның iшiнде жекелеген тергеу ісін және өзге де әрекеттер жүргiзу және жәбiрленушiлердi, куәларды, қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысатын басқа да адамдарды қорғау шараларын қолдану туралы тапсырмаларын орындауды ұйымдастырады;
3) соттың тапсырмаларын орындауды ұйымдастырады.
4. Сотқа дейiнгі тергеп-тексерілуін анықтау органдары жүзеге асыратын қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша анықтау органының бастығы анықтаушылардың әрекеттерiнiң уақтылығын және заңдылығын бақылайды және:
1) олардың iс жүргiзуiндегi iстердi тексеруге;
2) жекелеген тергеу және өзге де процестік әрекеттерді жүргiзу, күдіктінің іс-әрекетін саралау, iстердi, материалдарды бiр анықтаушыдан екiншiсiне беру туралы нұсқау беруге;
3) анықтауды бiрнеше анықтаушыға тапсыруға;
4) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастауға және бұл ретте iстi өзiнiң іс жүргiзуiне қабылдап не жекелеген процестік әрекеттерді орындай отырып, анықтауды жеке өзі жүргiзуге құқылы.
5. Анықтау органының бастығы мүлiкке тыйым салу туралы өтінішхатты қозғау, халықаралық іздестіру жариялау, күзетпен ұсталмайтын күдіктіні, айыпталушыны стационарлық сот-медициналық немесе сот-психиатриялық сараптама жүргiзу үшiн медициналық ұйымға жiберу, күдіктіге, айыпталушыға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау, күзетпен ұстау мерзімін ұзарту; күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын өзгерту немесе оның күшін жою; тінту жүргізу; күдіктіні, айыпталушыны лауазымынан шеттету; жақындауға тыйым салу; күдіктіні, айыпталушыны этаппен апару, күдіктіге, айыпталушыға іздестіру жариялау туралы қаулыларды келіседі; айыптау актісін, қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы келіседі; қылмыстық құқық бұзушылық жасауға күдік келтiрiлген адамдарды ұстап алу туралы хаттаманы бекітеді; қылмыстық істі келісілген айыптау актісімен немесе қылмыстық теріс қылық туралы хаттамамен бірге прокурорға жібереді; қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін мән-жайларды жою жөнiнде шаралар қолдануды қамтамасыз етедi.
Осы Кодексте көзделген жағдайларда прокурорды процестік келісім жасасуға мүмкіндік беретін мән-жайлардың анықталғаны туралы хабардар етеді.
6. Анықтау органы бастығының іс бойынша нұсқаулары анықтаушының осы Кодекстiң 63-бабында белгiленген дербестiгiн, оның құқықтарын шектей алмайды. Нұсқаулар жазбаша нысанда берiледi және олардың орындалуы мiндеттi, бiрақ бұл жөнiнде прокурорға шағым жасалуы мүмкiн. Осы Кодекстің 63-бабының алтыншы бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, анықтаушының прокурорға анықтау органы бастығының әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) шағым жасауы олардың орындалуын тоқтата тұрмайды.

63-бап. Анықтаушы

1. Анықтаушы – iс бойынша өз құзыретiнiң шегiнде сотқа дейiнгі тергеп-тексеруді жүзеге асыруға уәкiлеттi лауазымды адам.
2. Анықтаушы істі анықтау органының бастығы бекіткен өз қаулысымен өзінің іс жүргізуіне қабылдап алуға және осы Кодексте айқындалған нысандарда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыруға, заңда оларды анықтау органы бастығының бекiтуi не келісуі не прокурордың, соттың, тергеу судьясының санкциялары немесе соттың шешiмi көзделген жағдайларды қоспағанда, тергеу әрекеттері мен басқа да процестік әрекеттерді жүргiзу туралы шешiмді дербес қабылдауға құқылы.
3. Алдын ала тергеу жүргiзу мiндеттi емес iстер бойынша сотқа дейiнгі тергеп-тексеру кезiнде анықтаушы осы Кодекстің 190, 191-баптарында көзделген ерекшеліктерді қоспағанда, алдын ала тергеу жүргiзу үшiн осы Кодексте көзделген қағидаларды басшылыққа алады.
4. Анықтаушы, алдын ала тергеу жүргiзiлетін iстер бойынша анықтау органы бастығының тапсырмасы бойынша кезек күттірмейтін тергеу әрекеттерiн жүргiзуге уәкілетті, ол туралы жиырма төрт сағаттан кешiктiрмей прокурор мен алдын ала тергеу органын хабардар етуге мiндеттi.
5. Анықтаушы соттың, прокурордың, алдын ала тергеу органының және анықтау органының жекелеген тергеу әрекеттерін жүргізу туралы, қылмыстық процеске қатысатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы тапсырмаларын орындауға міндетті. Үкімнің азаматтық талап қою, басқа да мүліктік өндіріп алулар немесе мүлікті ықтимал тәркілеу бөлігінде орындалуын қамтамасыз ету мақсатында анықтаушы күдіктінің немесе олардың әрекеттері үшін заң бойынша материалдық жауаптылықта болатын тұлғалардың мүлкін анықтауға шаралар қолдануға міндетті.
6. Анықтау органы бастығының нұсқаулары анықтаушы үшiн мiндеттi. Анықтау органы бастығының қылмыстық iстер жөнiндегi нұсқауларына прокурорға шағым жасалуы мүмкiн. Нұсқауларға шағым жасалуы, күдіктінің іс-әрекетін саралау және күдік көлемi, iстi айыптау актісімен бірге прокурорға жіберу немесе қылмыстық iстi тоқтату туралы нұсқауларды қоспағанда, олардың орындалуын тоқтата тұрмайды.

9-тарау. ӨЗ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МҮДДЕЛЕРІН НЕМЕСЕ ӨЗДЕРІ ӨКІЛДІК
ЕТЕТІН ҚҰҚЫҚТАР МЕН МҮДДЕЛЕРДІ ҚОРҒАП ПРОЦЕСКЕ ҚАТЫСУШЫЛАР

64-бап. Күдікті

1. Мыналар:
1) өзіне қатысты күдікті ретінде тану туралы қаулы шығарылған;
2) осы Кодекстің 131-бабының тәртібімен ұстап алынған;
3) өзіне қатысты күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылған;
4) қылмыстық теріс қылық жасады деген күдіктің болуына байланысты жауап алынған адам күдікті болып табылады.
2. Қылмыстық қудалау органы ұстап алу кезінде, күдіктінің қатысуымен кез келген тергеу әрекеттерін жүргізуді бастамас бұрын дереу күдіктіге оның осы Кодексте көзделген құқықтарын түсіндіруге міндетті, ол туралы ұстап алу хаттамасында, күдіктіден жауап алу хаттамасында және адамды күдікті деп тану және күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыларда белгі жасалады.
3. Күдікті ұстап алынған жағдайда ұстап алу туралы хаттама жасалған кезден бастап жиырма төрт сағаттан кешiктiрiлмей, оның өзi таңдаған немесе тағайындалған қорғаушымен алғашқы жауап алуға дейiн оңаша және құпия кездесу құқығы қамтамасыз етiле отырып, одан жауап алынуға тиiс. Ұстап алынған күдікті өзiнiң тұрғылықты жерiне немесе жұмыс орнына өзiнiң ұсталғандығы және ұсталып отырған жерi туралы телефон арқылы немесе өзге де тәсiлмен дереу хабарлауға құқылы.
Ұстап алу туралы хабар сотқа дейінгі тергеп-тексеруге кедергі келтіруі мүмкін деп пайымдауға негіздер болған кезде, ұстап алуды жүзеге асырған қылмыстық қудалау органының лауазымды адамы ұстап алынған адамның кәмелетке толған отбасы мүшелерін, жақын туыстарын өзі хабардар ете алады. Мұндай хабарлау кейінге қалдырылмай жасалуға тиіс.
Осындай хабарлау фактісі туралы ұстап алу хаттамасында белгі жасалады, онда ұстап алынғаны туралы хабарлаудың уақыты мен тәсілі көрсетіледі.
4. Күдікті қылмыстық қудалау органына келуден жалтарған жағдайда, одан күдіктің мәні бойынша ол күштеп әкелінгеннен кейін дереу, ал қалған жағдайларда – қорғаушымен оңаша кездесу құқығын сақтай отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталардан кешіктірілмей жауап алынуға тиіс.
5. Күдіктіден оған қарсы қолда бар күдікке қатысты, сол сияқты іс бойынша маңызы бар, оған белгілі өзге де мән-жайлар және дәлелдемелер жөнінде жауап алынуға тиіс.
6. Егер күдікті бірінші жауап алу басталғанға дейін өзінің айғақтар беруден бас тарту құқығын пайдаланбаса, оған өзінің айғақтары қылмыстық процесте, оның ішінде кейіннен ол осы айғақтардан бас тартқан кезде де дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін екендігі туралы ескертілуге тиіс.
7. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы күдікті негізсіз деп тапса, осы Кодексте белгіленген тәртіппен оған қатысты қолданылған процестік мәжбүрлеу шараларының күшін жоюға дереу шаралар қолдануға міндетті.
8. Адамның күдікті жағдайында болуы ол айыпталушы мәртебесін алған немесе оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылған кезден бастап тоқтатылады.
9. Күдікті:
1) ұстап алуды жүзеге асырған адамнан өзіне тиесілі құқықтар туралы түсіндірме алуға;
2) өзіне не үшін күдік келтірілгенін білуге;
3) өз бетінше немесе өзінің туыстары немесе сенім білдірген адамдары арқылы қорғаушы шақыруға құқылы. Егер қорғаушыны күдікті, оның туыстары немесе сенім білдірген тұлғалары шақырмаса, қылмыстық қудалау органы осы Кодекстің 67-бабының үшінші бөлігінде көзделген тәртіппен қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге міндетті;
4) іс бойынша азаматтық талап қойылуына байланысты өзін азаматтық жауапкер деп таныған жағдайда оның құқықтарын пайдалануға;
5) таңдаған немесе тағайындалған қорғаушысымен, оның ішінде жауап алу басталғанға дейін оңаша және құпия кездесуге;
6) күдікті қорғаушыдан бас тартқан жағдайларды қоспағанда, қорғаушысы қатысып отырған кезде ғана айғақ беруге;
7) күдікті, азаматтық жауапкер деп тану туралы, іс-әрекетін саралау туралы қаулылардың, ұстап алу хаттамасының, бұлтартпау шарасын таңдау және оның мерзімін ұзарту туралы өтінішхаттың және қаулының, қылмыстық істі тоқтату туралы қаулының көшірмелерін алуға;
8) айғақ беруден бас тартуға;
9) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамнан кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын және күзетпен ұстауға байланысты емес басқа шараларды қолдану тәртібі мен шарттары туралы түсіндірме алуға;
10) дәлелдемелерді ұсынуға;
11) өтінішхатты, оның ішінде қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішхатты және қарсылық білдірулерді мәлімдеуге;
12) ана тілінде немесе өзі білетін тілде айғақ беруге;
13) аудармашының тегін көмегін пайдалануға;
14) өз өтінішхаты бойынша немесе қорғаушысының не заңды өкілінің өтінішхаты бойынша жүргізілетін тергеу әрекеттеріне қылмыстық қудалау органының рұқсатымен қатысуға;
15) заңда көзделген жағдайларда, оның ішінде медиация тәртібімен жәбірленушімен татуласуға;
16) тергеп-тексерудің кез келген сатысында жазалаудың түрі мен шарасы туралы өз ұсыныстарын баяндай отырып, прокурорға процестік келісім жасасу туралы өтінішхат мәлімдеуге не оны жасасуға келісім білдіруге және процестік келісімді жасасуға;
17) өзінің қатысуымен жүргізілген тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен танысуға және хаттамаларға ескертулер беруге;
18) тергеушінің, анықтаушының, прокурордың және соттың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағым келтіруге;
19) өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін заңға қайшы келмейтін өзге де тәсілдермен қорғауға;
20) сараптама тағайындалған және жүргізілген кезде, сондай-ақ өзіне сарапшының қорытындысы ұсынылған кезде осы Кодекстің 274, 286-баптарында көзделген әрекеттерді жүзеге асыруға;
21) тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін осы Кодексте белгіленген тәртіппен іс материалдарымен танысуға және одан, мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, кез келген мәліметтерді көшіріп алуға, сондай-ақ ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, олардың көшірмелерін түсіруге;
22) қылмыстық қудалауды тоқтатуға қарсылық білдіруге;
23) жасырын тергеу әрекеттеріне қатысты мәселелерді қоспағанда, өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын процестік шешімдердің қабылданғаны туралы өзін қылмыстық процесті жүргізетін органның кейінге қалдырмай хабардар етуіне, сондай-ақ олардың көшірмелерін алуға;
24) өзіне қарсы айғақ берген куәден қосымша жауап алу туралы, өзі көрсеткен адамдарды куә ретінде шақыру және олардан жауап алу, олармен беттестіру туралы өтінішхат беруге құқылы.
10. Күдіктiнiң қорғаушысының немесе заңды өкiлiнiң болуы күдiктiнiң қандай да бір құқығын жоюға немесе шектеуге негiз бола алмайды.


1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 |

Поиск по сайту:



Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.01 сек.)