Бап. Сарапшыдан жауап алу 10 страница
503-бап. Прокурордың тексеру немесе тергеп-тексеру аяқталғаннан кейiнгi әрекеттерi
1. Прокурор өзіне келіп түскен арызды, жолданымды тексеру немесе тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта бастау үшін негіздер болған кезде іс бойынша іс жүргізуді қайта бастау туралы мәселені қарауға құқықты сотқа тиісті өтінішхатпен жүгінеді. Өтінішхат қылмыстық іс материалдарымен бірге жіберіледі, оған осы Кодекстің 499-бабы екінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақтарында көзделген жағдайларда – үкімнің көшірмесі және дәл осы баптың екінші бөлігінің 4) тармағында көзделген жағдайларда тергеп-тексеру материалдары қоса беріледі. 2. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғау туралы өтінішхатқа бастама жасауға негіздер байқалмағанда, прокурор бұдан өзінің уәжді қаулысымен бас тартады. Қаулының көшірмесі қаулыға жоғары тұрған прокурорға шағым жасау немесе сотқа жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғау туралы өтінішхатпен жеке өзі жүгіну құқығы түсіндіріле отырып, үш тәулік ішінде арыз иесіне жіберіледі.
504-бап. Соттың іс бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта бастау туралы өтінішхаттарды қарау тәртібі
1. Іс бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта бастау туралы өтінішхатты үкім, қаулы шығарған бірінші сатыдағы соттың судьясы жеке-дара қарайды. Егер іс бойынша апелляциялық, кассациялық, қадағалау сатыларындағы соттар қаулы шығарған болса, сот шешімдерін қайта қарауды тиісінше апелляциялық немесе кассациялық сатыдағы судьялар жеке-дара, ал қадағалау сатысында – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының үш судьясы құрамында жүзеге асырады. 2. Сот отырысына арыз иесі, оның өкілі, қорғаушы, прокурор, процестің өзге де қатысушылары және сот отырысына шақырылған тұлғалар қатысады. Сот талқылауының уақыты мен орны туралы тиісінше хабардар етілген, көрсетілген тұлғалардың келмеуі өтінішхатты қарауға кедергі болмайды. Қажет болған кезде сот оларды, сондай-ақ өзге де тұлғаларды сот отырысына келуге міндеттеуге құқылы. Күзетпен ұсталып отырған сотталған адамның сот талқылауына қатысуы бейнебайланыс режимінде ғылыми-техникалық құралдар қолданыла отырып қамтамасыз етілуі мүмкін. 3. Сот отырысында қарсылық білдірулер мен өтінішхаттар қаралғаннан кейін бірінші болып сот актісін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау негіздері туралы өтінішхатты баяндайтын арыз иесі не тиісті өтінішхатпен сотқа жүгінген кезде прокурор сөз сөйлейді, сот содан соң соттың отырысына келген басқа тұлғалардың сөздерін тыңдайды, арыз иесі, жүргізілген тексеру немесе тергеп-тексеру нәтижелері бойынша прокурор ұсынған материалдарды зерттейді. Егер арызда (өтінішхатта) немесе хабарда тексеруді және тергеп-тексеруді қажет ететін өзге мән-жайлар көрсетілген болса, сот оларды тексеруді немесе тергеп-тексеруді ұйымдастыру үшін прокурорға жібереді. Олардың нәтижелері бойынша прокурор сотқа тексеру материалдарын және өзінің сот актілерін қайта қарау үшін негіздердің бар екені немесе жоқ екені туралы қорытындысын жібереді. 4. Сот талқылауы аяқталғаннан кейін сот кеңесу бөлмесінде қаулы шығарады. Ескерту. 504-бапқа орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтіні өзгермейді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
505-бап. Сот актілерін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы өтінішхатты қарау қорытындысы бойынша шығарылған соттың қаулысы
1. Сот актілерін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы өтінішхатты қарау қорытындысы бойынша сот: 1) өтінішхатты қанағаттандыру; 2) өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыру туралы қаулылардың бірін шығарады. 2. Сот өтінішхатты қараған кезде осы Кодекстің 499-бабының екінші бөлігінде көзделген мән-жайлар анықталса және олар соттың заңсыз немесе негізсіз үкімінің, қаулысының алдында болса немесе заңсыз немесе негізсіз үкім, қаулы шығаруына әкеп соқса, өтінішхатты қанағаттандыру туралы қаулы шығарады. Мұндай жағдайларда, сот қаулыда заңды күшіне енген тиісті сот актісінің күшін жою және істі жаңадан тергеп-тексеруге немесе қарауға жіберу туралы көрсетеді. Егер жаңадан тергеп-тексеру немесе сот қарауы талап етілмесе, сот іс бойынша іс жүргізуді тоқтатудың негіздерін көрсете отырып, тоқтатады. Мүлікті тәркілеу туралы қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы өтінішхатты қанағаттандырған кезде сот көрсетілген қаулының күшін жояды. 3. Сот өтінішхатта көрсетілген мән-жайлар расталмаса, не олар орын алғанымен, үкімнің, қаулының заңдылығы мен негізділігіне ықпал етпесе, заңды күшіне енген сот актісін қайта қарау туралы өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдырады. 4. Соттың іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта бастау туралы өтінішхатты қарау қорытындысы бойынша шығарылған қаулысы сот кеңесу бөлмесінен шыққан соң жария етіледі, бұл ретте ол сотқа қатыспаған мүдделі тұлғалардың назарына жеткізіліп, оған шағым жасау, наразылық білдіру тәртібі түсіндіріледі. Қаулының көшірмесі прокурорға және өтінішхатты мәлімдеген тұлғаға жіберіледі. Өзге мүдделі тұлғаларға қаулының көшірмесі олардың өтінуі бойынша жіберіледі. 5. Бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттың іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта бастау туралы өтінішхатты қарау қорытындысы бойынша шығарылған қаулылары – олар шығарылған күннен бастап он бес тәулік өткен соң, ал егер оларға шағым жасалса, наразылық білдірілсе және жоғары тұрған сот оны күшінде қалдырса, онда жоғары тұрған сот қаулыны шығарған күні заңды күшіне енеді. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты шығарған қаулы шағым жасалуға, наразылық білдірілуге жатпайды, ол жария етілген кезінен бастап заңды күшіне енеді. Жоғары тұрған соттың шағым жасалған қаулыны өзгеріссіз қалдыру, оның күшін жою немесе оны өзгерту туралы қаулысы түпкілікті болып табылады және одан әрі шағым жасалуға, наразылық білдірілуге жатпайды.
506-бап. Прокурордың сот актілерін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы өтінішхатын қарау қорытындысы бойынша шығарылған сот қаулысы
1. Сот прокурордың іс бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты қайта бастау туралы өтінішхатын қарап: 1) өтінішхатты қанағаттандыру және сот үкімінің немесе қаулысының күшін жою және істі тергеп-тексеру немесе жаңа сот талқылауын жүргізу үшін беру; 2) өтінішхатты қанағаттандыру туралы және сот үкімінің немесе қаулысының күшін жою туралы және іс бойынша түпкілікті шешім қабылдау үшін тергеп-тексеру немесе сот талқылауы талап етілмесе, істі тоқтату; 3) өтінішхатты қабылдамау туралы қаулылардың бірін шығарады.
507-бап. Сот қаулысын қайта қарау және сот шешiмдерiнiң күшi жойылғаннан кейiн iс жүргiзу
Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
1. Бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттың іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта бастау туралы өтінішхатты қарау қорытындылары бойынша шығарылған қаулыларына шағымдарды, наразылықты осы Кодекстің 502-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалар қаулы шығарылған күннен бастап он бес тәулік ішінде жоғары тұрған тиісті сотқа бере алады. 2. Жоғары тұрған сот көрсетілген қаулыларға шағымдарды, наразылықтарды қарауды апелляциялық, кассациялық шағымдарды, наразылықтарды қарау үшін көзделген тәртіппен жүзеге асырады. Жоғары тұрған соттың шағым жасалған қаулыны өзгеріссіз қалдыру, оның күшін жою немесе оны өзгерту туралы қаулысы түпкілікті болып табылады және одан әрі шағым жасалуға, наразылық білдірілуге жатпайды. 3. Жаңадан ашылған мән-жайларға орай iс бойынша ол жөнiндегi сот шешiмдерiнiң күшi жойылғаннан кейiн тергеп-тексеру және сот талқылауы осы Кодексте белгiленген жалпы тәртiппен жүргiзiледi. Алқабилердiң қатысуымен шығарылған заңды күшіне енген сот актісін алдын ала тыңдау сатысынан жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша iстi жаңадан қарауға жолдай отырып, қайта қарау туралы өтінішхат қанағаттандырылған жағдайда, сот iстi жаңадан қараған кезде iстi алдын ала тыңдауды жүргiзедi және сотталушының ерiк бiлдiруiне қарай iстi алқабилердiң қатысуымен не олардың қатысуынсыз жаңадан қарау туралы шешiм қабылдайды. Егер сот актісі басты сот талқылауын жүргiзу сатысынан соттың жаңадан қарауына жолдана отырып, жойылған болса, сот басты сот талқылауын тағайындайды, алқабилердiң жаңа алқасын қалыптастыруды жүргiзедi және iстi осы Кодекстiң 65-тарауының ережелерiне сәйкес қарайды. Ескерту. 507-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
508-бап. Істi жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта бастау кезiндегi азаматтық талап қою
Үкiмнiң күшi жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты жойылған жағдайда, қылмыстық iстi бастапқы қараған кезде қозғалған азаматтық талап қою жалпы негiздерде жаңадан қаралады. Істi азаматтық талап қою бөлiгiнде ғана қайта бастауға тек азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен ғана жол берiледi.
11-БӨЛІМ. ЕРЕКШЕ ІС ЖҮРГІЗУ
54-тарау. ЕСІ ДҰРЫС ЕМЕС АДАМДАРҒА МЕДИЦИНАЛЫҚ СИПАТТАҒЫ МӘЖБҮРЛЕУ ШАРАЛАРЫН ҚОЛДАНУ ТУРАЛЫ ІСТЕР БОЙЫНША СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУ
509-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану бойынша iс жүргiзу үшін негiздер
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 93-бабында көрсетілген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану жөнiнде iс жүргiзу қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті есi дұрыс емес күйде жасаған немесе қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті жасаған соң жаза тағайындау немесе оны орындау мүмкiн болмайтын дәрежеде психикасы бұзылып ауырған адамдарға қатысты iстер бойынша жүзеге асырылады. 2. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары психикасының дерттi бұзылулары өзiне немесе басқа адамдарға қауiп төндірумен не өзге де елеулi зиян келтiру мүмкiндігімен байланысты болған жағдайда ғана тағайындалады. 3. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iстер бойынша iс жүргiзу осы Кодекстiң жалпы қағидаларымен және осы тараудың ережелерiмен айқындалады.
510-бап. Дәлелденуге жататын мән-жайлар
1. Осы Кодекстiң 509-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген адамдарға қатысты iстер бойынша алдын ала тергеу жүргiзу мiндеттi. 2. Алдын ала тергеу жүргiзу кезiнде мынадай мән-жайлар анықталуға тиiс: 1) жасалған іс-әрекеттiң уақыты, орны, тәсiлі мен басқа да мән-жайлары; 2) осы адамның қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекеттi жасағаны; 3) іс-әрекетпен келтiрiлген залалдың сипаты мен мөлшерi; 4) қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекеттi жасаған адамның оны жасағанға дейiнгi, сондай-ақ одан кейiнгi мінез-құлқы; 5) осы адамда бұдан бұрын психикасының бұзылуы болған-болмағаны, қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекеттi жасау кезiнде немесе iстi қарау кезiнде психикалық ауыру дәрежесi мен сипаты.
511-бап. Қауiпсiздiк шаралары
1. Қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекеттi жасаған және психикалық аурулардан зардап шегетін адамдарға бұлтартпау шараларын қолдануға болмайды. 2. Осы адамдарға қажет болған жағдайда мынадай қауiпсiздiк шаралары қолданылады: 1) денсаулық сақтау органдарын хабардар ете отырып, ауруды туыстарының, қорғаншыларының, қамқоршыларының қарауына беру; 2) психиатриялық көмек көрсететiн арнаулы медициналық ұйымға орналастыру.
512-бап. Туыстарының, қорғаншыларының, қамқоршыларының қарауда ұстауына беру
1. Қылмыстық процесті жүргізетін орган психикалық ауру фактісін анықтаған кезден бастап осы адамға бұрын таңдалған бұлтартпау шарасын қолданудың күшін жояды және оған қауіпсіздік шараларын қолдану туралы қаулы шығарады. 2. Егер ауырған адам өзі және айналасындағылар үшін қауіп төндірмесе, ол денсаулық сақтау органдарын хабардар ете отырып, туыстарының, қорғаншыларының, қамқоршыларының келісімі бойынша олардың қарауда ұстауына берiлуi мүмкiн. 3. Осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген адамдар ауырған адамды қарауда ұстауды жүзеге асырудан бас тартқан кезде не осы Кодекстің 513-бабында көзделген жағдайларда, ауырған адамға қатысты медициналық ұйымға орналастыру түрінде қауіпсіздік шарасы қолданылуы мүмкін.
513-бап. Мамандандырылған медициналық ұйымға орналастыру
1. Істі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органның адамға қауіпсіздік шараларын қолдану қажеттігіне байланысты адамды медициналық ұйымға орналастыру туралы прокурормен келісілген өтінішхатын шешім қабылдайтын тергеу судьясы қарайды. 2. Тергеу судьясы ауру сипатын, адамның өзі немесе айналасындағы адамдар үшін қауіптілігін, сарапшы-психиатрдың ұсынымдарын ескере отырып, шешім қабылдайды және өтінішхатты қанағаттандырған кезде қаулыда өзіне қатысты осы қауіпсіздік шарасы қолданылған адам орналастырылатын, психиатриялық көмек көрсететін медициналық ұйымның түрін, сондай-ақ бұрын қолданылған бұлтартпау шарасының күшін жою туралы көрсетеді. 3. Медициналық ұйымға орналастыру түріндегі қауіпсіздік шарасы бүкіл сотқа дейінгі іс жүргізу бойында, бірақ бір айдан аспай сақталады, содан соң оны қолдану мерзімін тергеу судьясы прокурордың өтінішхаты бойынша бір айдан аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін не оның күшін жоюы мүмкін. Сот талқылауы барысында осы қауіпсіздік шарасы соттың қылмыстық істі қарау бойынша шығарылған, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулысы заңды күшіне енгенге дейін сақталады. 4. Егер сот қылмыстық ісі қаралып жатқан адамға қатысты істі қарау кезінде адамды медициналық ұйымға орналастыру түрінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулы етсе, адам көрсетілген ұйымға түскен бойда қауіпсіздік шарасының күші жойылады. Егер сот тұрғылықты жері бойынша психиатрдың байқауында болу түрінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы не медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолданбау туралы қаулы шығарса, ол сонымен бір мезгілде қауіпсіздік шарасының күшін жояды. Медициналық ұйымда жатқан адам осы қауіпсіздік шарасының күші жойылған кезде стационардан дереу шығарылады.
514-бап. Қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекеттi есi дұрыс емес күйде жасаған немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн психикасының бұзылуымен ауырған адамға қатысты iстi бөлiп шығару
Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында сыбайлас қатысушылардың бiрiнің іс-әрекеттi есi дұрыс емес күйде жасағаны немесе қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті жасағаннан кейін психикасының бұзылуымен ауырғаны анықталатын болса, оған қатысты iс жеке iс жүргiзуге бөліп шығарылуы мүмкiн.
515-бап. Өзiне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iс жүргiзiлетiн адамның құқықтары
1. Өзiне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iс жүргiзiлетiн адам, егер сот-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша бұған оның ауруының сипаты мен ауырлық дәрежесi кедергi келтiрмейтiн болса: 1) өзiнің қандай іс-әрекет жасауда айыпталып жатқанын бiлуге; 2) түсiнiктемелер беруге; 3) дәлелдемелер ұсынуға; 4) өтiнiшхаттар мен қарсылық білдірулерді мәлiмдеуге; 5) өзiнiң ана тiлiнде немесе бiлетiн тiлiнде түсiнiсуге; 6) аудармашының тегiн көмегiн пайдалануға; 7) қорғаушысының болуына және онымен оңаша және құпия кездесуге; 8) өзінің өтiнiшхаты немесе қорғаушысының өтiнiшхаты бойынша жүргiзiлетiн тергеу әрекеттеріне тергеушiнiң рұқсатымен қатысуға; 9) осы әрекеттердің хаттамаларымен танысуға және оларға ескертулер беруге; 10) сараптама тағайындау туралы қаулымен және сарапшының қорытындысымен танысуға; 11) алдын ала тергеу аяқталғаннан кейін істің барлық материалдарымен танысуға және мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, одан кез келген мәліметті кез келген көлемде жазып алуға, құжаттардың көшірмесін түсіріп алуға, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен түсіріп алуға; 12) сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адамның, прокурор мен соттың әрекеттерi мен шешiмдерiне шағымдар келтіруге; 13) қылмыстық істі тоқтату туралы немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн iстi сотқа жiберу туралы қаулының көшiрмесiн алуға құқылы. Iстi сот талқылауында көрсетілген адамның дәлелдемелердi зерттеуге және сот жарыссөздерiне қатысуға; сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертулер беруге; соттың қаулысына шағым жасауға және шағым жасалатын шешiмдердiң көшiрмелерiн алуға; iс бойынша келтірілген шағымдар мен наразылықтар туралы бiлуге және оларға қарсылықтар беруге; мәлiмделген шағымдар мен наразылықтардың сотта қаралуына қатысуға құқығы бар. 2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген адамға тергеушi оның құқықтарын түсiндiруге және олардың тiзбесiн жазбаша түрде табыс етуге мiндеттi. Соттың талқылауында құқықтардың түсiндiрiлгенi туралы сот отырысының хаттамасында белгi жасалады.
516-бап. Заңды өкiлдiң қатысуы
1. Өзiне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iс жүргiзiліп жатқан адамның жақын туысы немесе өзге де адам осы адамның заңды өкiлi болып танылады және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның немесе прокурордың қаулысы бойынша не соттың қаулысы бойынша iске қатысуға тартылады. 2. Өзiне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iс жүргiзiліп жатқан адамның заңды өкілінің сотқа қатысуы міндетті болып табылады. 3. Заңды өкiлдің: 1) өзi өкiлi болып отырған адамның қылмыстық заңда тыйым салынған қандай іс-әрекеттi жасауда айыпталып жатқанын бiлуге; 2) өтiнiшхаттар мен қарсылық білдірулерді мәлiмдеуге; 3) дәлелдемелер ұсынуға; 4) өзінің немесе қорғаушының өтiнiшхаты бойынша жүргiзiлетiн тергеп-тексеру әрекеттеріне сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның рұқсатымен қатысуға; 5) өзi қатысқан тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен танысуға және онда жасалған жазбалардың дұрыстығы мен толықтығы туралы жазбаша ескертулер жасауға; 6) алдын ала тергеу аяқталған соң iстiң барлық материалдарымен танысуға, мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, одан кез келген мәлiметтi және кез келген көлемде жазып алуға, құжаттардың көшірмесін түсіріп алуға, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен түсіріп алуға; 7) қылмыстық iстi тоқтату немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн iстi сотқа жiберу туралы қаулының көшiрмесiн алуға; 8) сот талқылауына қатысуға; 9) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның, прокурордың және соттың әрекеттерi мен шешiмдерiне шағымдар келтіруге; 10) соттың қаулысына шағым жасауға және шағым жасалатын шешiмдердiң көшiрмелерiн алуға; 11) iс бойынша келтiрiлген шағымдар мен наразылықтар туралы бiлуге және оларға қарсылықтар беруге; 12) мәлiмделген шағымдар мен наразылықтарды сотта қарауға қатысуға құқығы бар. 4. Заңды өкiлге құқықтарының түсiндiрiлгенi туралы хаттама жасалады.
517-бап. Қорғаушының қатысуы
1. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iс бойынша iс жүргiзуге қорғаушының қатысуы, егер қорғаушы бұдан бұрын iске өзге негiздер бойынша араласпаған болса, өзiне қатысты iс жүргiзiлiп отырған адамның есiнiң дұрыс еместігі немесе психикасының бұзылуы фактiсi анықталған кезден бастап мiндеттi болып табылады. 2. Iске араласқан кезден бастап қорғаушының, егер бұған қорғалушының денсаулық жағдайы кедергi келтiрмейтiн болса, қорғауындағы адаммен оңаша кездесуге құқығы бар, сондай-ақ осы Кодекстiң 66-бабында көзделген басқа да барлық құқықтарды пайдаланады.
518-бап. Алдын ала тергеудiң аяқталуы 1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 | Поиск по сайту:
|