АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция

бап. Жалпы ережелер

Читайте также:
  1. ЖАЛПЫ ДЕРМАТОЛОГИЯ
  2. Жалпы микробиология
  3. Жалпы несеп анализі
  4. жалпы психология
  5. Тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
  6. Тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1. Кандидаттар ішінен алқабилердi iрiктеу осы Кодекстiң 350 – 363-баптарының талаптары орындалғаннан кейiн:
1) төрағалық етушiнiң алқабиге кандидаттарды iстi қарауға қатысудан босатуы;
2) өздiгiнен бас тарту туралы мәселелердi шешу;
3) қарсылық білдіру туралы мәселелердi шешу;
4) алқабиге кандидаттарға уәжсіз қарсылық білдіру арқылы жүзеге асырылады.
2. Сот отырысының хатшысы төрағалық етушiге алқабиге кандидаттардың сот отырысына келуi туралы баяндайды және алқабиге кандидаттың әрқайсысына оның тегiн көрсете отырып билет жазып бередi.
3. Төрағалық етушi алқабиге кандидаттар алдында:
1) өзiн таныстырып;
2) тараптарды таныстырып;
3) қандай iс қаралуға жататынын хабарлап;
4) заңға сәйкес алқабилердiң мiндеттерi және олардың осы қылмыстық iстi қарауға қатысу тәртiбi туралы хабарлап, қысқаша кіріспе сөз сөйлейдi.
4. Алқабиге кандидатты iстi қарауға қатысудан босату туралы мәселенi объективтi түрде шешу мақсатында төрағалық етушi алқабилердi iрiктеу кезiнде кандидаттарға прокурор, жәбiрленушi, айыпталушы және оның қорғаушысы жазбаша нысанда ұсынған сұрақтарды, сондай-ақ өзiнiң қалауы бойынша, алқабилер алқасын құру үшiн маңызы бар басқа да сұрақтарды қоя алады.
5. Алқабиге кандидат iстi қарауға қатысу үшiн iрiктеу кезiнде төрағалық етушi қойған сұрақтарға шынайы жауап беруге, сондай-ақ оның талабы бойынша өзi туралы және iске қатысатын басқа адамдармен қарым-қатынасы туралы өзге де қажеттi ақпараттар беруге тиiс.
6. Төрағалық етушi алқабиге кандидаттардың абыройы мен қадiр-қасиетiн түсіретiн сұрақтар қоймайды.
Төрағалық етуші сұрақ пен жауаптың процеске басқа да қатысушылар мен залда қатысып отырған адамдар үшін қолжетімді болмауын сақтай отырып, алқабиге кандидатқа кейбір сұрақтарды қоюға құқылы, ал кандидат оған жауап беруге құқылы.
7. Төрағалық етушi алқабиге кандидатты iстi қарауға қатысудан босатуға байланысты барлық мәселелердi, сондай-ақ өздiгiнен бас тартуларды және алқабиге кандидаттарға мәлiмделген қарсылық білдірулерді кеңесу бөлмесiне кетпей тұрып, сот отырысының хаттамасына судьяның қаулысын енгізе отырып жеке-дара шешедi.
8. Егер сотқа шақырылған алқабиге кандидаттардың жиырма бесiнен азы келсе не олардың кейбiрiн сот талқылауына қатысудан босатқаннан кейiн немесе төрағалық етушi судья өздiгiнен бас тартулар мен қарсылық білдірулерді қанағаттандырғаннан кейiн олар он жетiден азайып қалса, төрағалық етушi сот отырысының хатшысына алқабиге кандидаттар құрамының жетiспейтiн санын қосалқы тiзiмнен толықтыру туралы өкiм бередi. Бұл жағдайда сот отырысында алқабиге қосалқы кандидаттарды шақыру үшiн үзiлiс жарияланады.

640-бап. Төрағалық етушiнiң алқабиге кандидаттарды iстi
қарауға қатысудан босатуы

1. Төрағалық етушi алқабиге кандидаттарға олардың осы Кодексте белгiленген мiндеттерiн түсiндiредi, содан кейiн алқабиге кандидаттардан iстi қарауға өздерінің алқаби ретiнде қатысуына кедергi келтiретiн мән-жайлардың бар-жоғы туралы сұрайды.
2. Төрағалық етушi:
1) қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдiк келтірілетін немесе айыпталатын;
2) сот iсi жүргiзiлетiн тiлдi бiлмейтiн адамдарды, мылқауларды, саңырауларды, зағиптарды;
3) мүгедек болып табылатын басқа да адамдардың сот отырысына толыққанды қатысуын қамтамасыз етудің ұйымдастырушылық не техникалық мүмкiндiктері болмаған кезде, оларды процеске қатысушылармен талқыламастан, алқаби мiндеттерiн атқарудан босатады.
3. Төрағалық етушi:
1) алпыс бес жастан асқан адамдарды;
2) үш жасқа толмаған балалары бар әйелдердi;
3) өзiнiң дiни нанымына байланысты өзінің сот төрелiгiн жүзеге асыруға қатысуы мүмкiн емес деп есептейтін адамдарды;
4) қызметтiк мiндеттерiн орындаудан алаңдатылуы қоғамдық және мемлекеттiк мүдделерге едәуiр зиян келтiруi мүмкiн адамдарды (дәрiгерлер, мұғалiмдер, әуежолдарының ұшқыштары және басқалар);
5) сот отырысына қатыспау үшiн дәлелдi себептерi бар өзге де адамдарды, олардың ауызша немесе жазбаша өтiнiшi бойынша, процеске қатысушылармен талқыламастан, алқаби мiндеттерiн атқарудан босатуы мүмкін.
4. Төрағалық етушi алқабиге кандидаттардан сотта қаралатын iстiң мән-жайлары туралы хабардар екенін анықтайды.
5. Төрағалық етушi алқабиге кез келген кандидатты осы адамға заңсыз көрсетiлген ықпал ету, онда теріс пiкiрдің болуы, ол iстiң мән-жайларын процестік емес көздерден емес, басқа көздерден бiлуi салдарынан оның объективтiлiгiне негiздi күмән келтiрiлсе, сондай-ақ алқабиге кандидат алқаби ретiнде iстi қарауға қатысқан кезде объективтi болмау мүмкiндiгiн көрсететiн басқа да себептермен iс бойынша алқабидiң мiндеттерiн атқарудан босатады.

641-бап. Алқабиге кандидаттардың өздiгiнен бас тартуы
туралы мәселелердi шешу

Төрағалық етушi алқабиге кандидаттардан олардың қайсыбiрiн iстi қарауға қатысудан босату үшiн заңда көзделген себептердiң бар-жоғы туралы сұрайды. Келген алқабиге кандидаттардың әрқайсысы өзінің алқаби мiндеттерiн орындауына кедергi келтiретiн дәлелдi себептерін көрсетуге, сондай-ақ өздiгiнен бас тартуды мәлiмдеуге құқылы. Төрағалық етуші тараптардың пікірін тыңдап, алқабиге кандидаттың өздігінен бас тартуын қанағаттандыру не қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы шығарады.

642-бап. Алқабиге кандидаттарға қарсылық бiлдiру туралы
мәселелердi шешу

Алқабиге кандидаттардың әрқайсысына мынадай жағдайларда, егер:
1) алқабиге кандидат осы iс бойынша жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер болып табылса, куә ретiнде шақырылса не шақырылуы мүмкiн болса;
2) алқабиге кандидат осы қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге сарапшы, маман, аудармашы, куәгер, сот отырысының хатшысы, анықтаушы, тергеушi, прокурор, қорғаушы, күдіктінің, айыпталушының заңды өкiлi, жәбiрленушiнiң өкiлi, азаматтық талапкер немесе азаматтық жауапкер ретiнде қатысса;
3) алқабиге кандидат жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердiң немесе олардың өкiлдерiнiң, айыпталушының, сотталушының немесе оның заңды өкiлiнiң, прокурордың, қорғаушының, тергеушiнiң немесе анықтаушының туысы немесе жекжаты (аға-iнiсi, апа-қарындасы-сіңлісі, ата-анасы және ерлi-зайыптылардың баласы) болып табылса;
4) алқабиге кандидат осы iске жеке, тiкелей немесе жанама мүдделi деп санауға негiз беретiн өзге де мән-жайлар болса, прокурор, жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкiлдерi, сотталушы және оның қорғаушысы оған қарсылық білдіруді мәлiмдеуге тиiс.
Төрағалық етуші тараптардың пікірін тыңдап, алқабиге кандидаттықтан өздігінен бас тартуды қанағаттандыру не қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы шығарады.

643-бап. Алқабиге кандидаттарға уәжсiз қарсылық бiлдiру

1. Егер осы Кодекстiң 642-бабының талаптарын орындау нәтижесiнде сот отырысына қатысу үшiн алқабиге кандидаттардың он жетiден астамы қалса, төрағалық етушi алқабиге кандидаттардың қалған санын жариялайды, одан кейiн олардың тегi көрсетiлген билеттердi жәшiкке салады, билеттердi араластырады және жәшiкте он жетi билет қалу үшiн одан қанша қажет болса, сонша билеттi алып тастайды.
2. Төрағалық етушi осы баптың бiрiншi бөлiгiнің талаптары орындалғаннан кейiн мемлекеттiк айыптаушының, сондай-ақ сотталушының және (немесе) оның қорғаушысының уәжсіз қарсылық білдіруді жүргiзуі үшiн алқабиге кандидаттардың тегi көрсетiлген қалған он жетi билеттi бередi, оның нәтижесiнде алқабиге он екi кандидат қалуға тиiс.
3. Мемлекеттiк айыптаушы, сотталушы және оның қорғаушысы төрағалық етушi арқылы алқабиге кандидаттардың қайсыбірінен өзiн таныстыруын сұрауға құқылы.
4. Егер iске бiр сотталушы қатысса, алқабиге екі кандидатқа уәжсіз қарсылық білдіруді – мемлекеттiк айыптаушы, одан кейiн алқабиге үш кандидатқа уәждеусіз қарсылық білдіруді сотталушы және (немесе) оның қорғаушысы көрсетiлген кезектiлiкпен жүргiзедi.
5. Егер iске бiрнеше сотталушы қатысса, мемлекеттiк айыптаушы әрi кеткенде алқабиге екi кандидатқа қарсылық білдіруге құқылы. Бұл ретте алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіру – сотталушылардың өзара келiсуi бойынша, ал мұндай келiсу болмаған жағдайда, егер мүмкiн болса, қарсылық білдірілетін алқабиге кандидаттардың санын олардың арасында тең бөлу арқылы жүргiзiледi.
6. Осы баптың бесiншi бөлiгiнің талаптарын орындау мүмкiн болмаған жағдайда, бiрнеше сотталушының алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіруі барлық сотталушының тегі көрсетілген билеттердi жәшiкке салып, жеребе тастау арқылы жүргiзiлуге тиiс. Жеребе тастау қарсылық білдірілмеген алқабиге кандидаттардың санына тең санда жүргiзiледi. Төрағалық етушi сотталушының тегi көрсетiлген билеттi жәшiктен қанша рет алса, алқабиге сонша кандидатқа сотталушы қарсылық білдіруге құқылы.
7. Сотталушылардың қайсыбiрiнiң алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіру құқығынан бас тартуы басқа сотталушылардың алқабиге кандидаттардың кемiнде он екiсi қалғанға дейiн оларға қарсылық білдіру құқығына шек қоюға әкеп соқпайды.
8. Мемлекеттiк айыптаушы, сотталушы немесе оның қорғаушысы алқабиге кандидаттардың тегi көрсетiлген билеттерге уәждерiн көрсетпей-ақ, қойылған қолдарымен бекітілген «қарсылық білдіру» деген жазу арқылы алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіруді мәлімдеуі мүмкiн.
9. Сотталушы өзiнiң қорғаушысына алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіру құқығын жүзеге асыруды тапсыруға құқылы. Егер сотталушы өзiнiң алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіру құқығынан бас тартса, онда қорғаушы оның келiсiмiнсiз алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіруге өз бетiнше қатысуға құқылы емес.
10. Сотталушы немесе iске бiрнеше сотталушы қатысса, барлық сотталушы өздерiнiң алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіру құқығынан бас тартқан жағдайда, олардың қарсылық білдіруі жеребе тастау арқылы жүргiзiледi, оның барысында сот отырысының төрағалық етушiсі не хатшысы алқабиге кандидаттың қаншасына қарсылық білдірілуі мүмкiн болса, қарсылық білдірілмеген сонша алқабиге кандидаттардың тегi көрсетiлген билеттердi жәшiктен алып тастайды.
11. Тараптар уәжсіз қарсылық білдірген алқабиге кандидаттардың тегi көрсетiлген билеттер iс материалдарына қоса тiгiледi.

644-бап. Жеребе тастау арқылы алқабилер алқасын құру

1. Сотта iстi қарайтын алқабилер алқасы негiзгi құрамдағы (алқабилер алқасының құрамын құрайтын) он және қосалқы екi алқаби құрамында жеребе тастау арқылы құрылады.
2. Алқабилер алқасын құру үшiн төрағалық етушi қарсылық білдірілмеген алқабиге кандидаттардың тегi көрсетілген билеттердi жәшiкке салады, оларды араластырады және бiр-бiрлеп он екi билеттi алады, әрбір ретте билетте көрсетiлген алқабиге кандидаттың тегiн жариялайды. Егер алқабилер алқасын құрудың дұрыстығына ықпал ететiн қандай да бiр бұзушылыққа жол берiлмесе, алқабилер алқасы құрылды деп танылады. Бұл ретте жеребе тастау арқылы iрiктелген алғашқы он алқаби – негiзгi құрамның алқабиi, ал соңғы екеуi қосалқы алқаби болып есептеледi.
3. Қарсылық білдіру туралы мәселенi шешу кезiнде немесе алқабилер алқасын құру кезiнде оның құрылуының дұрыстығына ықпал еткен қандай да бiр бұзушылыққа жол берiлсе, сондай-ақ бiр немесе одан да көп алқабиді мемлекеттiк құпияға жіберуден бас тартылған жағдайда, төрағалық етушi алқабилер алқасының құрылуын жарамсыз немесе ол құрылған жоқ деп жариялайды және алқабиге кандидаттарға толық көлемiнде қайта iрiктеу жүргiзедi.
4. Сот отырысының хатшысы жеребе тастау арқылы iрiктелген он екi алқабидiң тегiн жәшiктен билеттер қалай алынса, сол тәртiппен сот отырысының хаттамасына енгiзедi. Жеребе тастау арқылы iрiктелген алқабилердiң тегi және олардың саналатын реттік нөмірі көрсетiлген билеттер iс материалдарына қоса тiгiледi.

645-бап. Алқабилердiң сот талқылауына қатысуының жалпы
шарттары

1. Алқабилер алқасын құру аяқталғаннан кейiн төрағалық етушi алқабилердiң негiзгi құрамына алқабилердің орындығында оларға бөлiнген орындарға жеребе тастаумен айқындалған тәртiпке сәйкес отыруды ұсынады. Алқабилердiң орындығы сот отырысы залында қатысып отырғандардан бөлек болуға және, әдетте, сотталушылардың орындығына қарама-қарсы орналасуға тиiс. Қосалқы екi алқаби алқабилердің орындығынан өздері үшiн арнайы бөлiнген орындарға отырады.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, алқабилер және қосалқы алқабилер сот талқылауы кезiнде сот отырысы залында ұдайы болады.
3. Егер сот талқылауы барысында, бiрақ алқабилер мен судья кесім шығару үшiн кеңесу бөлмесiне кеткенге дейiн алқабилердiң қайсыбiреуiнiң сот отырысына одан әрi қатыса алмайтыны немесе төрағалық етушiнің оны сот отырысына қатысудан шеттеткенi анықталса, онда ол қосалқы алқабилердiң тегi көрсетiлген билет жәшiктен қандай тәртiппен алынса, сол тәртiппен қосалқы алқабимен ауыстырылады. Егер шығып қалған алқабилердi қосалқы алқабилермен ауыстыру мүмкiндiгi таусылған жағдайда, төрағалық етушi өткен сот талқылауын жарамсыз деп жариялайды және сот талқылауын осы Кодекстiң 638-бабына сәйкес алқабиге кандидаттарды алдын ала таңдау кезеңiне қайтарады.
4. Егер алқабилердiң қайсыбiреуiнiң сот отырысына қатысу мүмкiндiгiнiң жоқтығы кеңесу бөлмесiне кеткеннен кейiн анықталса, онда судья мен алқабилер сот отырысы залына кiрiп, алқабидi қосалқы алқабимен ауыстыруға және қайтадан кеңесу бөлмесiне кетуге тиiс. Егер шығып қалған алқабиді қосалқы алқабимен ауыстыру мүмкіндігі таусылған болса, төрағалық етуші өткен сот талқылауын жарамсыз деп жариялайды және сот талқылауын осы Кодекстің 638-бабына сәйкес алқабиге кандидаттарды алдын ала таңдау кезеңіне қайтарады.
5. Кез келген алқаби осы Кодекстiң 647-бабының төртiншi бөлiгiнде белгiленген шектеулердi сақтамаған жағдайда, iстi қараудың кез келген кезеңiнде iске одан әрi қатысудан шеттетiлуi мүмкiн.
6. Алқабидi шеттетудi төрағалық етушi тараптардың қатысуымен жүзеге асырады, бұл туралы сот отырысының хаттамасында жазба жасалады.

646-бап. Алқабилердiң ант қабылдауы

1. Алқабилер алқасы құрылып болғаннан кейiн сот отырысының төрағалық етушiсі немесе хатшысы сот отырысының залында қатысып отырғандардың барлығына орындарынан тұруды ұсынады. Төрағалық етушi алқабилерге ант қабылдауды ұсынып, өтiнiш жасайды.
2. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге алқаби ретiнде қатысу үшiн осы Кодексте белгiленген тәртiппен iрiктелiп алынған адам мынадай мазмұндағы мәтінін айтып, ант қабылдайды: «Алқабидiң мiндеттерiн атқаруға кiрiсе отырып, өз мiндеттерiмдi адал және бейтарап атқаруға, сотта қаралған істің барлық дәлелдемелерін, дәлелдерін, мән-жайларын назарға алуға, ерiктi азамат және әдiл адам ретiнде iстi өзiмнiң iшкi нанымым мен ар-ожданым бойынша шешуге салтанатты түрде ант етемiн».
Алқаби «Ант етемін» деген сөздерді айтып, ант қабылдағанын растайды.
3. Алқабилердiң ант қабылдағаны туралы сот отырысының хаттамасына жазба жасалады.

68-тарау. АЛҚАБИЛЕР ҚАТЫСАТЫН СОТТЫҢ IСТI ТАЛҚЫЛАУ
ЕРЕКШЕЛIКТЕРI

647-бап. Алқабидiң құқықтары, мiндеттерi және оның
әрекеттеріне iстi қарауға байланысты қойылатын
шектеулер

1. Төрағалық етушi алқабилерге олардың құқықтарын, мiндеттерiн және олардың әрекеттеріне iстi қарауға байланысты қойылатын шектеулерді түсiндiредi, сондай-ақ мiндеттердi бұзу мен шектеулердi сақтамаудың салдарлары туралы ескертедi.
2. Алқабидің:
1) iстiң мән-жайларын өзiнiң iшкi нанымы бойынша өз бетiнше бағалау және алқабилер алқасының алдына қойылатын сұрақтарға жауап беру мүмкiндiгін алу үшiн сотта қаралатын дәлелдемелердi зерттеуге қатысуға;
2) процеске қатысушыларға төрағалық етушi арқылы сұрақтар қоюға;
3) заттай дәлелдемелердi, құжаттарды тексерiп қарауға, жергілікті жердi және үй-жайларды тексерiп-қарауды жүргізуге, сот тергеуiндегi барлық басқа да әрекеттерге қатысуға;
4) төрағалық етушiге заңнама нормаларын, сондай-ақ сот отырысында жария етiлген құжаттардың мазмұнын және iске қатысты өзiне түсiнiксiз басқа мәселелердi түсiндiрудi сұрап өтiнiш жасауға;
5) сот отырысы кезiнде жазбалар жасауға құқығы бар.
3. Алқаби:
1) сот отырысында тәртiп сақтауға және төрағалық етушiнiң заңды өкiмдерiне бағынуға;
2) алқабидiң мiндеттерiн атқару үшiн, сондай-ақ сот отырысында үзiлiс жарияланса немесе iстi тыңдау кейiнге қалдырылса, сот талқылауын жалғастыру үшiн сот көрсеткен уақытта келуге;
3) сотқа келуге мүмкiндiгi болмаған жағдайда, төрағалық етушiге келмеудiң себептерi туралы алдын ала құлағдар етуге мiндеттi.
4. Алқаби:
1) iстi тыңдау кезiнде сот отырысының залынан кетуге;
2) iстi тыңдау кезiнде сот құрамына кiрмейтiн адамдармен төрағалық етушiнiң рұқсатынсыз iс бойынша сөйлесуге;
3) iстi талқылау барысында мәлiметтердi сот отырысынан тыс жинауға;
4) жабық сот отырысына қатысуына байланысты өзiне белгiлi болған мән-жайлар туралы мәлiметтердi жария етуге, сондай-ақ кеңесу бөлмесiнiң құпиясын бұзуға құқылы емес.
5. Алқабидiң өз мiндеттерiн атқармауы, сондай-ақ осы бапта көзделген шектеулердi сақтамауы заңда белгiленген жауаптылыққа, сондай-ақ төрағалық етушiнiң алқабидi iстi қарауға одан әрi қатысудан шеттету мүмкiндiгiне әкеп соғады.

648-бап. Алқабилер қатысатын соттың құзыретi

1. Алқабилер қатысатын сот iстi талқылаған кезде осы Кодекстiң 390-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8) және 14) тармақтарында көзделген мәселелер шешiледi.
2. Судья алқабилердi дәлелдемелер ретiнде жарамсыз нақты деректермен таныстыруға тиiс емес. Егер сот талқылауы барысында осы Кодекстiң 112-бабына сәйкес дәлелдемелер ретiнде жарамсыз нақты деректер табылса, төрағалық етушi оларды дәлелдемелер қатарынан алып тастау туралы мәселенi алқабилер жоқ кезде шешуге, ал мұндай дәлелдемелер зерттелген жағдайда, олардың заңдық күшi жоқ деп, ал оларға жасалған зерттеудi жарамсыз деп тануға және алқабилерге шешімдер қабылдау кезінде оларды ескермеуін түсіндіруге мiндеттi.
3. Алқабилер қатысатын сотта тараптар iстiң талқылануынан алып тасталған дәлелдемелердiң бар екенi туралы төрағалық етушiнiң рұқсатынсыз еске салуға, өз ұстанымын негiздеу үшiн оларға сiлтеме жасауға құқылы емес. Көрсетілген талаптар бұзылған кезде төрағалық етуші процеске қатысушының сөзін үзуге және оған істен алып тасталған дәлелдемелер туралы еске салуға жол беруге болмайтынын ескертуге және алқабилерге процеске қатысушылар айтқанды қабылдамау керектігін түсіндіруге міндетті. Төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбаған кезде процеске қатысушыға осы Кодексте көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін. Сот отырысының хаттамасына төрағалық етуші қабылдайтын, көрсетілген шаралар туралы тиісті жазба жасалады. Сот, сондай-ақ, сот ісін жүргізу тәртібін бұзатын және төрағалық етушінің заңды өкіміне бағынбайтын процеске қатысушыға заңда көзделген тәртіппен шаралар қабылдау үшін оған қатысты жекеше қаулы шығара алады.

649-бап. Алқабилер қатысатын сотта iстiң тоқтатылуы

Төрағалық етушi, егер сот талқылауы кезiнде осы Кодекстiң 35-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген мән-жайлар анықталса, сондай-ақ мемлекеттiк айыптаушы осы Кодекстiң 337-бабының жетiншi бөлiгiне сәйкес айыптаудан бас тартқан кезде iстi алқабилер қатысатын сотта талқылаудың кез келген кезеңiнде тоқтатады.
Алқабилерді сот талқылауына қатысудан босатқаннан кейін төрағалық етуші іс бойынша тиісті қаулыны жеке-дара шығарады.

650-бап. Алқабилер қатысатын соттағы сот тергеуiнiң
ерекшелiктерi

1. Алқабилер қатысатын соттағы сот тергеуi осы Кодекстiң 364 – 378, 381-баптарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
2. Мемлекеттiк айыптаушы айыптау актісінің қарар бөлiмiн жария еткен кезде сотталушының сотталғандық фактiлерi туралы еске салуға құқылы емес.
3. Алқабилер төрағалық етушi арқылы сотталушыға, жәбiрленушiге, куәларға және сарапшыларға осы адамдардан тараптар жауап алғаннан кейiн сұрақтар қоюы мүмкін. Алқабилер сұрақтарды жазбаша түрде жазып, төрағалық етушiге бередi.
4. Төрағалық етушi сұрақ қойған алқабиге өзiнiң бас тарту уәжiн хабарлай отырып, өзі iске қатысы жоқ, сондай-ақ жетелеуші немесе тiл тигiзу сипатында деп есептейтін сұрақтарды қабылдамауға құқылы.
5. Тараптар алқабилер алқасының қатысуынсыз, судья бұрын iс талқылауынан алып тастаған дәлелдемелердi, бұл ретте олардың мәнiн баяндамай-ақ зерттеу туралы өтiнiшхат беруi мүмкiн. Судья осындай өтiнiшхатқа байланысты iс бойынша сот талқылауына қатысушылардың пiкiрiн тыңдауды алқабилер жоқ кезде жүргiзедi.
Төрағалық етуші қабылдайтын, көрсетілген шаралар туралы сот отырысының хаттамасына тиісті жазба жасалады.
6. Сотталушының бұрынғы сотталғандығына байланысты, оны құнықпа маскүнем немесе нашақор деп тану туралы мән-жайлар, сондай-ақ алқабилердiң сотталушыға қатысты терiс түсiнiгiн туғызуға ықпал ететін өзге де мән-жайлар алқабилердің қатысуынсыз зерттелуге тиіс.
7. Осы бапта көзделген тәртіп бұзылған кезде төрағалық етуші процеске тиісті қатысушыға мұндай мінез-құлыққа жол берілмейтіндігі туралы ескертпе жасауға және алқабилерге процеске қатысушылардың айтқанына мән бермеуді түсіндіруге міндетті. Төрағалық етушінің өкіміне бағынбаған кезде процеске қатысушыға осы Кодексте көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін.

651-бап. Алқабилер қатысатын соттағы тараптардың жарыссөзi

1. Сот тергеуi аяқталғаннан кейiн алқабилер қатысатын сот тараптардың жарыссөзiн тыңдауға көшедi. Алқабилер қатысатын сотта тараптардың жарыссөзi екi бөлiктен тұрады.
2. Жарыссөздiң бiрiншi бөлiгi мемлекеттiк айыптаушының, жәбiрленушiнiң, қорғаушының және сотталушының сөздерiнен тұрады, олар сотталушының бұрынғы сотталғандығын еске салмай, оның кiнәсiнiң дәлелденгенi немесе дәлелденбегенi жөнiндегi өз ұстанымдарын баяндайды.
3. Тараптар алқабилер қатысатын соттың қарауына жатпайтын мән-жайларды еске салмауға және сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге сiлтеме жасамауға тиiс. Төрағалық етушi мұндай сөздердi үзiп тастайды және алқабилердiң үкiм шығару кезiнде осы мән-жайларды есепке алмауға тиiс екендiгiн оларға түсiндiредi. Төрағалық етушінің өкіміне бағынбаған кезде процеске қатысушыға осы Кодексте көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін.
4. Жарыссөздiң екiншi бөлiгi мемлекеттiк айыптаушының, сондай-ақ жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердің және жауапкердiң немесе олардың өкiлдерiнiң, қорғаушының және сотталушының сөздерiнен тұрады, оларда сотталушының әрекеттерiн саралау, жаза тағайындау, азаматтық талап қою мәселелерi бойынша ұстанымдары баяндалады. Жарыссөздiң екiншi бөлiгi алқабилердiң қатысуынсыз өткiзiледi.

652-бап. Алқабилер қатысатын соттағы репликалар және
сотталушының соңғы сөзi

1. Жарыссөздiң әрбiр бөлiгiнде сөз сөйленiп болысымен жарыссөзге қатысушылардың бәрiнiң реплика айтуға құқығы бар. Соңғы реплика айту құқығы қорғаушыға тиесiлi. Сот жарыссөздерінің екінші бөлігінде репликалар алқабилер жоқ кезде айтылады.
2. Сотталушыға осы Кодекстiң 384-бабына сәйкес соңғы сөз берiледi.

653-бап. Алқабилер қатысатын соттың шешуiне жататын
сұрақтардың қойылуы

1. Сұрақтарды талқылау және тұжырымдау уақытында алқабилер сот отырысы залынан шығып кетедi.
2. Тараптар сұрақтардың мазмұны мен тұжырымдалуы бойынша өздерiнiң ескертулерiн айтуға және жаңа сұрақтар қою туралы ұсыныстар енгiзуге құқылы.
3. Төрағалық етушi сот тергеуiнiң нәтижелерiн, тараптардың жарыссөзiн ескере отырып, судья мен алқабилердің кеңесу бөлмесінде шешуiне жататын сұрақтарды жазбаша түрде тұжырымдайды, оларды оқиды және тараптарға бередi.
4. Төрағалық етушi кеңесу бөлмесiнде алқабилер қатысатын соттың шешуiне жататын сұрақтарды тараптардың ескертулерi мен ұсыныстарын ескере отырып, түпкiлiктi қалыптастырады, оларды сұрақ парағына енгiзедi және оған қол қояды.
5. Сұрақ парағы алқабилер мен тараптар қатысып отырған кезде жария етіледі. Содан кейін сұрақтардың тұжырымдалуын өзгертуге, сұрақ парағынан сұрақтарды алып тастауға, оған жаңа сұрақтар енгізуге жол берілмейді.

654-бап. Алқабилер қатысатын соттың шешуiне жататын
сұрақтардың мазмұны

1. Сотталушы жасады деп айыпталып отырған іс-әрекеттердiң әрқайсысы бойынша мынадай:
1) іс-әрекеттiң орын алғаны дәлелдендi ме;
2) бұл іс-әрекеттi сотталушының жасағаны дәлелдендi ме;
3) бұл іс-әрекеттiң жасалуына сотталушы кiнәлi ме, – деген үш негiзгi сұрақ қойылады.
2. Сотталушының кiнәлiлiгi туралы негiзгi сұрақтан кейiн кiнәлiлiк дәрежесiн арттыратын немесе төмендететiн не оның сипатын өзгертетiн, сотталушыны жауаптылықтан босатуға әкеп соқтыратын осындай мән-жайлар туралы жекеше сұрақтар қойылуы мүмкiн. Қажет болған жағдайларда қылмыстық ниеттiң жүзеге асырылу дәрежесi, іс-әрекеттiң соңына дейiн жеткiзiлмеуiне түрткі болған себептер, сотталушылардың әрқайсысының қылмысты жасауға сыбайласа қатысу дәрежесi мен сипаты туралы сұрақтар да жеке қойылады. Егер бұл сотталушының қорғалу құқығын бұзбаса, оның неғұрлым жеңіл қылмыс жасаудағы кiнәсiн анықтауға мүмкiндiк беретiн сұрақтар қоюға жол берiледi.
3. Шешілуге жататын сұрақтар әрбiр сотталушыға қатысты жеке қойылады.

655-бап. Алқабилер кеңесiнiң құпиясы

1. Жарыссөз аяқталғаннан және сұрақтар тұжырымдалғаннан кейiн судья және негiзгi алқабилер үкiм шығару үшiн кеңесу бөлмесiне кетедi.
2. Кеңесу бөлмесiнде судья мен алқабилерден басқа, өзге адамдардың болуына жол берiлмейдi. Төрағалық етуші алқабилердің кеңесу бөлмесінен шығуына болатын, сондай-ақ жұмыс уақыты аяқталған соң келесі күні ол басталғанға дейін демалыс үшін үзіліс жариялауға құқылы. Демалыс және мереке күндеріне байланысты үзіліс жасауға жол берілмейді.

656-бап. Кеңесу бөлмесiнде кеңесу мен дауыс берудi
жүргiзу тәртiбi

1. Төрағалық етушi алқабилер кеңесiне басшылық етедi, шешiлуге жататын сұрақтарды рет-ретімен талқылауға қояды, жауаптар бойынша дауыс берудi және дауыстардың есебiн жүргiзедi.
2. Алқабилер қойылған сұрақтарға байланысты өздерiнде туындаған түсiнбеушiлiктер бойынша төрағалық етушiден кеңесу бөлмесiнде түсiндірме алуға құқылы.
3. Негiзгi сұрақтар бойынша дауыс беру жазбаша жүргiзiледi. Судья мен алқабилердiң дауыс беру кезiнде қалыс қалуға құқығы жоқ. Судья мен алқабилердiң дауыстары тең.
4. Судья мен алқабилер сотталушылардың саны бойынша соттың мөртабаны басылған, дауыс беруге арналған таза бюллетеньдi алады, онда жауап беруге арналған толтырылмаған бағандары бар бірінші сұрақ және мынадай: «Өзiмнiң абыройым, ар-ожданым бойынша және iшкi нанымым бойынша менiң түйінім...» деген сөздер болады. Олардың әрқайсысы құпияны қамтамасыз ете отырып, сұрақ парағында қойылған және шешiлуге жататын әрбір сұраққа бюллетеньге жауап жазады. Жауап міндетті түрде жауаптың мәнiн ашатын («иә, дәлелдендi», «жоқ, дәлелденген жоқ», «иә, кiнәлi», «жоқ, кiнәсiз») түсiндiрме сөзі немесе сөз тiркестерi болатын мақұлдаған «иә» немесе құптамаған «жоқ» дегенді білдіруге тиiс. Судья мен алқабилер өз бюллетеньдерiн дауыс беруге арналған жәшiкке салады. Алқабилер сұрақ парағында қойылған сұрақтардың әрқайсысы бойынша да сол тәртіппен рет-ретімен дауыс береді.
5. Қойылған сұрақтардың ішінен бір-бірден бөлек дауыс беру аяқталғаннан кейiн төрағалық етушi алқабилердiң қатысуымен жәшiктi ашады және әрбiр бюллетеньдегi дауыстарды санайды, дауыстарды санау нәтижесiн сұрақ парағында көрсетiлген негiзгi үш сұрақтың әрқайсысының тұсына дереу жазады.
6. Алқабилер мен судьяның жауаптары бар бюллетеньдер қылмыстық iсте сақталатын конвертке салынып, желiмделедi.
7. Егер алдыңғы сұраққа берiлген жауап кейiнгi сұраққа жауап берудiң қажеттiгiн жойса, төрағалық етушi алқабилердiң көпшiлiгiнiң келiсуiмен сол сұрақтан кейін «жауабы жоқ» деген сөздердi жазады.
8. Егер осы Кодекстiң 654-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген үш сұрақтың әрқайсысына мақұлдаған жауаптарға дауыс берушiлердiң көпшiлiгi дауыс берсе, айыптау кесімі қабылданған болып есептеледi.
9. Егер қойылған негiзгi сұрақтардың кез келгенiне берiлген құпталмаған жауапқа дауыс берушiлердiң алтауы және одан да көбi дауыс берсе, ақтау кесімi қабылданған болып есептеледi.
10. Егер сотталушының кiнәсi туралы мәселе оң шешiлсе, онда судья бұл іс-әрекеттің қылмыс болып табылатын-табылмайтыны туралы және оның дәл қандай қылмыстық заңда көзделгенi (бабы, бөлiгi, тармағы) туралы мәселенi шешедi, сондай-ақ осы іс-әрекеттер үшiн қандай жазалау шаралары көзделгенiн алқабилерге түсiндiредi.
Егер судья осы Кодекстің 654-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген сұрақтарға алқабилер мақұлдап жауап берген кезде іс-әрекетте қылмыс құрамы белгілерінің жоқтығы, осыған байланысты оның қылмыс болып табылмайтыны туралы түйінге келген, сол сияқты осы Кодекстің 36-бабында көзделген өзге де мән-жайларды анықтаған болса, ол осы Кодекстің 657-бабының 1) тармағына сәйкес қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шығарады.
11. Судья сотталушының іс-әрекетін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің тиісті бабы бойынша саралауды алқабилердің қатысуынсыз айқындайды. Одан әрі судья осы Кодекстiң 390-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 5), 6), 7), 8) және 14) тармақтарында көзделген, олар бойынша шешiм ашық дауыс беру арқылы қабылданатын мәселелерді алқабилердiң қатысуымен үзiлiс жасамай шешедi. Егер шешімге дауыс берушiлердiң көпшiлiгi жақтап дауыс берсе, ол қабылданды деп есептеледi.
Осы Кодекстің 390-бабы бірінші бөлігінің 9), 10), 11), 12), 13), 15), 16), 17) және 18) тармақтарында және бесінші бөлігінде көзделген мәселелерді судья дербес қарайды.
12. Он бес жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза, егер осындай шешiмге дауыс берушiлердiң сегiзi және одан да көбi дауыс берсе, тағайындалуы мүмкiн.
13. Айрықша жазалау шарасы – өлiм жазасы судья мен алқабилердің бiрауызды шешiмі болған кезде ғана тағайындалуы мүмкiн.
14. Судья мен алқабилердiң жауаптары бар сұрақ парағына судья мен алқабилер қол қояды және ол iс материалдарына қоса тiгiледi.

657-бап. Алқабилер қатысатын сот қабылдайтын шешiмдердің
түрлерi

Алқабилер қатысатын сотта қылмыстық iстi талқылау мынадай шешiмдердiң бiрiн:
1) осы Кодекстiң 327-бабында көзделген жағдайларда, iстi тоқтату туралы қаулыны;
2) алқабилер қатысатын сот осы Кодекстiң 654-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген негiзгi үш сұрақтың ең болмағанда бiреуiне терiс жауап берген жағдайларда, ақтау үкiмiн;
3) осы Кодекстiң 393-бабының екiншi бөлiгiне сәйкес айыптау үкiмiн қабылдаумен аяқталады.

658-бап. Үкiм шығару

1. Үкiмді төрағалық етушi осы Кодекстiң 46-тарауында белгiленген тәртiппен, мынадай ерекшелiктерді ескере отырып шығарады:
1) үкiмнiң кiрiспе бөлiгiнде алқабилердiң тегi көрсетiлмейдi;
2) ақтау үкiмiнiң сипаттау-уәждеу бөлiгiнде алқабилер қатысатын сот ақтау кесімін шығарған айыптаудың мәнi жазылады және кесімге сiлтеме болады;
3) айыптау үкiмiнiң сипаттау-уәждеу бөлiгiнде жасалуына сотталушы кiнәлi деп танылған қылмыстық іс-әрекеттiң сипаттамасы, жасалған іс-әрекеттiң саралануы, жаза тағайындаудың уәждері және соттың азаматтық талап қоюға қатысты шешiмiнiң негiздемесi болуға тиiс;
4) үкiмнiң қарар бөлiгiнде үкiмге шағым жасау және наразылық бiлдiру тәртiбi туралы түсiнiк қамтылуға тиiс.
2. Yкiмге iс бойынша төрағалық етушi қол қояды.

659-бап. Қылмыстық iстi қарауды сотталушының есi дұрыс
емес екендiгiнiң анықталуына байланысты тоқтату

1. Егер алқабилер қатысатын соттың iстi талқылауы барысында сотталушы өзiнiң психикалық жағдайы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкiн емес не оны өзінің әрекеттерiне есеп беру немесе оларды игеру мүмкiндiгiнен айыратын, сот-психиатриялық сараптаманың тиiстi қорытындысымен расталған, жүйке ауруымен ауырды деп есептеуге негiз болатын мән-жайлар анықталса, төрағалық етушi қылмыстық iстi осы Кодекстің 657-бабының 1) тармағына сәйкес тоқтату туралы қаулы шығарады және есі дұрыс емес адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселені осы Кодекстiң 11-бөлімінде көзделген тәртiппен жеке-дара қарайды.
2. Қылмыстық істі сотталушының есі дұрыс еместігін анықтауға байланысты тоқтату туралы және оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану не қолданбау туралы қаулыға осы Кодексте көзделген тәртіппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.

660-бап. Сот отырысының хаттамасын жүргiзу ерекшелiктерi

1. Сот отырысының хаттамасы осы бапта көзделген ерекшелiктер ескеріле отырып, осы Кодекстiң 347-бабының талаптарына сәйкес жүргiзiледi.
2. Хаттамада сот отырысына шақырылған алқабиге кандидаттар құрамы және алқабилер алқасын қалыптастыру барысы мiндеттi түрде көрсетiледi.
3. Алып тасталды - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
4. Сот отырысының хаттамасында сот талқылауының бүкiл барысы оның өтуiнiң дұрыстығын куәландыратындай етiп көрсетілуге тиiс. Атап айтқанда, сот отырысының хаттамасында алқабилерді шеттету немесе алмастыру туралы; осы Кодексте көзделген жағдайларда алқабилерді сот залынан шығару туралы; процеске қатысушылардың заңда алқабилердің қатысуымен мәселелерді талқылауына жол берілмейтіні туралы белгіленген талаптарды сақтамауына байланысты төрағалық етушінің оларға қатысты қабылдайтын шаралары туралы; айыптаушы тараптың дәлелдемелерді беру және оларды зерттеу туралы өтінішхаты немесе мұндай өтінішхаттарының жоқтығы туралы; сұрақ парағына енгізуге жататын сұрақтарды тұжырымдау барысы туралы; алқабиді алмастыру үшін немесе сот тергеуін қайта бастау үшін судья мен алқабилердің кеңесу бөлмесінен шығуы туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс.
Ескерту. 660-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

69-тарау. АЛҚАБИЛЕРДIҢ ҚАТЫСУЫМЕН ҚАРАЛҒАН IСТЕР БОЙЫНША ЗАҢДЫ
КҮШIНЕ ЕНБЕГЕН ҮКIМДЕРДI, ҚАУЛЫЛАРДЫ ҚАЙТА ҚАРАУ ЖӨНIНДЕГI
IС ЖҮРГIЗУ ЕРЕКШЕЛIКТЕРI

661-бап. Алқабилер қатысатын сот шығарған, заңды күшiне
енбеген үкiмдер мен қаулыларға шағым жасау және
наразылық білдiру

Алқабилер қатысатын соттың заңды күшiне енбеген үкiмдерi мен қаулыларына шағым жасау, наразылық білдiру тәртiбi осы тарауда белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып, осы Кодекстiң 50-тарауында көзделген қағидалармен айқындалады.

662-бап. Алқабилер қатысатын сот қараған iстерді
апелляциялық сатыда жүргiзу ерекшелiктерi

1. Апелляциялық сатыдағы сот алқабилер қатысатын соттың үкімдеріне, қаулыларына шағымдарды, наразылықтарды қараған кезде үкім, қаулы шығарған соттың қылмыстық және қылмыстық-процестік заңның нормаларын сақтағанын тексереді және осының негізінде үкімнің, қаулының заңдылығын, негізділігін және әділдігін тексереді.
2. Апелляциялық сатыда сот шешiмдерiнiң күшiн жоюға немесе оларды өзгертуге:
1) iстiң нәтижесі үшiн елеулі маңызы болуы мүмкiн, жол берілетін дәлелдемелердi талқылаудан негiзсiз алып тастау;
2) тарапқа iстiң нәтижесі үшiн елеулі маңызы болуы мүмкiн дәлелдемелердi зерттеуден негiзсiз бас тартуды білдіру;
3) сот отырысында дәлелдемелер ретiнде жарамсыз, iстiң нәтижесіне ықпал еткен нақты деректердi зерттеу;
4) осы Кодексте көзделген қылмыстық-процестік заңды елеулi түрде бұзу;
5) мыналар:
алқабилер алқасын қалыптастыру;
алқабилердiң қатысуымен талқылануға жатпайтын мәселелердi талқылау;
алқабилердiң шешуiне жататын сұрақтарды тұжырымдау;
сот жарыссөздерін жүргізу кезінде жол берілген, сот төрелігі үкімінің шығарылуына ықпал еткен немесе ықпал етуі мүмкін бұзушылықтар негіз болып табылады.
3. Апелляциялық саты сотталған адамға неғұрлым жеңіл қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдануға және жасалған іс-әрекеттiң өзгертiлген саралануына сәйкес не жаза тағайындалған кезде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Жалпы және Ерекше бөліктерінің нормаларын дұрыс қолданбауға байланысты жазаны азайтуға құқылы. Бұл ретте апелляциялық саты неғұрлым ауыр қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдануға немесе тағайындалған жазаны күшейтуге құқылы емес.
4. Қылмыстық-процестік заңды бұзу прокурордың, жәбiрленушiнiң немесе оның өкiлiнiң дәлелдемелердi ұсыну құқығын шектеген, сондай-ақ осы баптың екiншi бөлiгiнiң 5) тармағында көзделген, оның iшiнде жол берілетін дәлелдемелер негiзсiз алып тасталған жағдайлардан басқа, алқабилер қатысатын соттың ақтау үкiмiнің күшiн апелляциялық сатыда жоюға болмайды.
5. Кассациялық сатыдағы сот алқабилердің қатысуымен қаралған іс бойынша соттың заңды күшіне енген ақтау үкімінің және оны күшінде қалдыру туралы апелляциялық алқа қаулысының күшін, егер жәбірленушінің кассациялық шағымында немесе прокурордың кассациялық наразылығында осы Кодекс нормаларының елеулі түрде бұзылғанын көрсетуден басқа, ақтау үкімінің мәні де дауға салынса және кассациялық қарау барысында осы Кодекстің 664-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақтарында көзделген мән-жайлар және ақтау үкімінің заңсыздығы анықталса ғана жоюы мүмкін.
Ескерту. 662-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

663-бап. Істі жаңа сот талқылауына жібере отырып
алқабилердің қатысуымен шығарылған үкімнің
күшін жою

1. Алқабилердің қатысуымен шығарылған үкімнің күші осы Кодекстің 662-бабында көрсетілген негіздер бойынша істі үкім шығарған сотқа, бірақ өзге құрамда жаңа сот талқылауына жібере отырып, толық немесе бір бөлігінде жойылуға жатады.
2. Бұл ретте апелляциялық сатыдағы сот айыптаудың дәлелденгені немесе дәлелденбегені, сол немесе өзге де дәлелдеменің анықтығы немесе анық еместігі, бір дәлелдемелердің екіншісінің алдында артықшылығы, бірінші сатыдағы соттың сол немесе өзге де қылмыстық заңды және жазалау шарасын қолдануы туралы мәселелерді алдын ала шешуге, сондай-ақ сот жасай алатын түйінді алдын ала шешуге құқылы емес.
3. Үкімнің күші жойылғаннан кейін қылмыстық істі жаңадан қарау кезінде сот осы Кодекстің 447-бабында көзделген талаптарды сақтайды.

70-тарау. АЛҚАБИЛЕРДІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ҚАРАЛҒАН ІСТЕР БОЙЫНША
ЗАҢДЫ КҮШІНЕ ЕНГЕН ҮКІМДЕРДІ, ҚАУЛЫЛАРДЫ ҚАЙТА ҚАРАУ ЖӨНІНДЕГІ
ІС ЖҮРГІЗУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

664-бап. Алқабилер қатысатын соттың заңды күшіне енген
үкімдері мен қаулыларын кассациялық сатыдағы
сотта қайта қарау

1. Егер сот талқылауы барысында қылмыстық-процестік заңды елеулі түрде бұзу орын алып, ол:
1) алқабилер алқасының заңсыз құрамымен үкім шығаруға әкеп соқса;
2) жәбірленушіні сотта қорғалу құқығынан айырса, алқабилер қатысқан соттың ақтау үкімін және апелляциялық алқаның қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарауға жол беріледі.
2. Сондай-ақ:
1) қылмыстың қайталану түрін және қылмыстық-атқару жүйесі режимінің түрін дұрыс айқындамау;
2) талап қоюды қараусыз қалдыру жағдайларынан басқа, азаматтық талап қоюды дұрыс шешпеу қайта қаралуға жатады.
3. Кассациялық саты сотталған адамға неғұрлым жеңіл қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдануға және жасалған іс-әрекеттің өзгертілген саралануына сәйкес не жаза тағайындалған кезде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Жалпы және Ерекше бөліктерінің нормаларын дұрыс қолданбауға байланысты жазаны азайтуға құқылы, бірақ неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдана алмайды немесе жазаны күшейте алмайды.
4. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда, іс алдын ала тыңдау сатысынан немесе басты сот талқылауынан бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберіледі.
5. Кассациялық сатыдағы сот алқабилердің қатысуымен қаралған іс бойынша соттың заңды күшіне енген ақтау үкімінің және оны күшінде қалдыру туралы апелляциялық алқа қаулысының күшін, егер жәбірленушінің кассациялық шағымында немесе прокурордың кассациялық наразылығында қылмыстық-процестік кодекс нормаларының елеулі түрде бұзылғанын көрсетуден басқа, ақтау үкімінің мәні де дауға салынса және кассациялық қарау барысында осы баптың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақтарында көзделген мән-жайлар және ақтау үкімінің заңсыздығы анықталса ғана жоюы мүмкін.

665-бап. Алқабилер қатысатын соттың заңды күшіне енген
үкімдері мен қаулыларын қадағалау тәртібімен
қайта қарау

Алқабилердің қатысуымен қаралған істер бойынша шығарылған үкімдерді, қаулыларды қадағалау тәртібімен қайта қарауды Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының алқасы осы Кодекстің 485-бабы бірінші бөлігінің 1) тармағында және екінші бөлігінің 1) және 2) тармақтарында көзделген негіздер бойынша іс кассациялық сатыда қаралғаннан кейін ғана не жаза тағайындалған кезде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Жалпы және Ерекше бөліктері нормаларының дұрыс қолданылмағанына байланысты жүзеге асырады.

666-бап. Алқабилер қатысатын соттың заңды күшіне енген
үкімін, қаулысын қадағалау тәртібімен қайта
қарау кезінде сотталған адамның жағдайын
нашарлатуға жол бермеу

Соттың айыптау үкiмiн, сондай-ақ қаулысын жазаның жеңiлдiгiне орай неғұрлым ауыр қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдану қажеттiгiне байланысты немесе сотталған адамның жағдайын нашарлатуға әкеп соғатын өзге де негiздер бойынша қадағалау тәртібімен қайта қарауға, сондай-ақ соттың ақтау үкiмiн не қылмыстық iстi тоқтату туралы қаулысын қайта қарауға жол берiлмейдi.

15-БӨЛІМ. ҮКІМ ШЫҒАРЫЛҒАНҒА ДЕЙІН ТӘРКІЛЕУ ТУРАЛЫ ІС ЖҮРГІЗУ

71-тарау. ЗАҢСЫЗ ЖОЛМЕН АЛЫНҒАН МҮЛІКТІ ҮКІМ ШЫҒАРЫЛҒАНҒА ДЕЙІН
ТӘРКІЛЕУ ТУРАЛЫ ІС ЖҮРГІЗУДІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТӘРТІБІ ТУРАЛЫ

667-бап. Заңсыз жолмен алынған мүлікті үкім шығарылғанға
дейін тәркілеу туралы іс жүргізуді қозғау

1. Күдіктіге, айыпталушыға халықаралық іздестіру жарияланған не оларға қатысты қылмыстық қудалау осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4) және 11) тармақтары негізінде тоқтатылған жағдайларда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам заңсыз жолмен алынған мүлік туралы мәліметтер болған кезде, осы тарауда белгіленген тәртіппен мүлікті тәркілеу туралы іс жүргізуді қозғайды.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тәркілеу туралы іс жүргізу үшін материалдарды бөліп шығару туралы қаулы шығарады, оған тәркілеу үшін негіз болған қылмыс туралы қылмыстық іс материалдарының, оның ішінде осы Кодекстің 113-бабының үшінші бөлігінде көзделген мән-жайларды растайтын материалдардың көшірмелері қоса тігіледі.

668-бап. Тәркілеу туралы сотқа дейінгі іс жүргізу


1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 |

Поиск по сайту:



Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.018 сек.)