Тарау. БЮДЖЕТТІК КРЕДИТТЕУ ТАЛАПТАРЫ
180-бап. Кредиттік шарттың негізгі талаптары
1. Кредиттік шартта бюджеттік кредиттің мынадай негізгі талаптары міндетті түрде болуға тиіс: 1) берудің мақсаты; 2) мөлшері; 3) валютасы; 4) мерзімі; 5) игеру кезеңі; 6) сыйақы ставкасы. 2. Бюджеттік кредиттің негізгі талаптары және қарыз алушылардың санаты кредитордың шешімімен белгіленеді. 3. Кредиттік шартқа қосымша талаптар, оның ішінде бюджеттік кредитті беру тәсілін айқындайтын талаптар, бюджеттік кредитті өтеу және оған қызмет көрсету графигі, бюджеттік кредит бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері енгізіледі.
181-бап. Бюджеттік кредиттің мерзімі
1. Қарыз алушы бюджеттік кредит алатын, пайдаланатын, оған қызмет көрсететін және оны өтейтін уақыт кезеңі бюджеттік кредиттің мерзімі болып табылады. 2. Бюджеттік кредиттің мерзімі бюджеттік кредиттің қаражатын кредитордың шотынан аударған кезден бастап есептеледі. 3. Бюджеттік кредиттер берілу мерзіміне қарай мынадай түрлерге бөлінеді: 1) қысқа мерзімді - 1 жылға дейін; 2) орта мерзімді - 1 жылдан 5 жылға дейін; 3) ұзақ мерзімді - 5 жылдан 30 жылға дейін.
182-бап. Бюджеттік кредитті игеру кезеңі
Бюджеттік кредиттің берілу мақсаттарына сәйкес іс-шараларды іске асыру үшін қарыз алушы бюджеттік кредитті пайдалана алатын уақыт кезеңі бюджеттік кредитті игеру кезеңі болып табылады.
183-бап. Бюджеттік кредит бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері
1. Бюджеттік кредит бойынша міндеттемелердің орындалуы кепілмен, кепілдікпен, кепілгерлікпен немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шартта көзделген басқа да тәсілдермен қамтамасыз етіледі. Тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын қаржы агенттіктеріне республикалық бюджеттен бюджеттік кредиттер міндеттемелерді орындау қамтамасыз етілмей бөлінуі мүмкін. Қаржы агенттіктерін республикалық бюджеттен қамтамасыз етілмейтін бюджеттік кредиттер алатын қаржы агенттіктерінің тізбесіне енгізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды. 2. Бюджеттік кредиттің қайтарылуын қамтамасыз ету құны сыйақы сомасы ескеріле отырып, бюджеттік кредит мөлшерінен кем болмауға тиіс. 3. Бюджеттік кредит жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуді бағалау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Бюджеттік кредит бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуді бағалау жөнінде көрсетілген қызметтерге ақы төлеуді қарыз алушы жүргізеді. Ескерту. 183-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
184-бап. Сыйақы ставкасы
1. Бюджеттік кредитті пайдаланғаны үшін қарыз алушы жүзеге асыратын төлем - сыйақы болып табылады. 2. Жылдық проценттер түрінде көрсетілетін сыйақы шамасы сыйақы ставкасы болып табылады. 3. Сыйақы ставкасы тіркелген немесе құбылмалы болуы мүмкін. Мөлшері бюджеттік кредиттің барлық мерзіміне өзгеріссіз белгіленетін сыйақы ставкасы тіркелген сыйақы ставкасы болып табылады. Мөлшері қаржы нарығындағы конъюнктураға байланысты өзгеріп тұратын сыйақы ставкасы құбылмалы сыйақы ставкасы болып табылады. 4. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган шығарған мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша сыйақының орташа өлшемді ставкасы кірістіліктің орташа өлшемді ставкасы деп танылады. Жергілікті атқарушы органдарға, қаржы агенттіктеріне бюджеттік кредиттер бойынша сыйақы ставкаларын қоспағанда, бюджеттік кредиттер бойынша сыйақы ставкасы, айналыс мерзімі бюджеттік кредиттің мерзіміне сәйкес келетін мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша кірістіліктің орташа өлшемді ставкасынан төмен болмайтын шамада белгіленеді. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган шығарған тиісті мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша кірістіліктің орташа өлшемді ставкасын анықтау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
185-бап. Бюджеттік кредит беру тәсілдері
Бюджеттік кредит: 1) қарыз алушының төлем құжаттарына ақы төлеу; 2) бір мерзімде не аудару графигіне сәйкес бөліп-бөліп немесе қарыз алушының тиісті құжаттар беруіне қарай қарыз алушының банк шотына аудару арқылы берілуі мүмкін.
186-бап. Бюджеттік кредитті өтеу және оған қызмет көрсету графигі
1. Бюджеттік кредитті өтеу және оған қызмет көрсету графигі бюджеттік кредитті өтеу және оған қызмет көрсету жөніндегі төлемдердің мерзімдерін, кезеңділігін белгілейді. 2. Кредиттік шартта жеңілдік кезеңін беру көзделуі мүмкін. Бюджеттік кредит мерзімінің құрамына кіретін уақыт кезеңі жеңілдік кезеңі болып табылады, бұл кезеңде қарыз алушы кредитті өтеуді жүзеге асырмайды. Жеңілдік кезеңінің ұзақтығы кредит мерзімінің ұзақтығының үштен бірінен аспауға тиіс.
38-тарау. БЮДЖЕТТІК КРЕДИТТЕУ РӘСІМДЕРІ
187-бап. Бюджеттік кредит беру туралы шешім қабылдау
Бюджеттік кредит беру туралы шешім қабылдау: 1) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның ұсыныстарын ескере отырып, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіппен бюджеттік кредиттеудің орындылығын айқындауды; 2) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның немесе мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органның бюджеттік бағдарламалар әкімшісі бюджеттік кредиттеу арқылы іске асыруды ұсынатын бюджеттік бағдарламаларды олардың бюджеттік кредиттеу критерийлеріне сәйкестігі тұрғысынан қарауын; 3) бюджеттік өтінімді және бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның қорытындысын бюджеттік комиссияның қарауын; 4) бюджеттік комиссияның бюджеттік бағдарламаны бюджет жобасына енгізу жөніндегі ұсыныстарын әзірлеуді қамтиды. Ескерту. 187-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
188-бап. Бюджеттік кредит беру рәсімі
1. Бюджеттік кредит беру рәсімі мынадай кезеңдерді: 1) бюджеттік кредиттің негізгі талаптарын айқындауды; 2) қарыз алушыны айқындауды; 3) кредиттік шарт және олармен байланысты шарттар жасасуды; 4) қарыз алушыға бюджеттік кредит беруді қамтиды. 2. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері тиісті бюджеттер бекітілгеннен кейін бюджеттік кредиттердің негізгі шарттары туралы және қарыз алушылардың санаттары туралы кредитор шешімдерінің жобаларын бекітуге енгізеді. 3. Қарыз алушыларды: 1) Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджеттік кредиттеу кезінде тапсырма шартына сәйкес сенім білдірілген өкіл (агент); 2) қаржы агенттіктерін қоспағанда, мамандандырылған ұйымдарды бюджеттік кредиттеу кезінде конкурс нәтижелері бойынша бюджеттік бағдарлама әкімшісі айқындайды. Мамандандырылған ұйымдарды іріктеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді; 3) жергілікті атқарушы органдар бюджеттік кредиттеу кезінде қарыз алушылар осы Кодекске сәйкес айқындалады; 4) шет мемлекеттерді бюджеттік кредиттеу кезінде қарыз алушылар Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес айқындалады. 4. Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда бюджеттік кредиттер алады. Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджеттік кредиттеу сенім білдірілген өкілдер (агенттер) арқылы жүзеге асырылады. 5. Бюджеттік кредит беру кредиттік шарт, тапсырма шарттары және бюджеттік кредит бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуді растайтын құжаттар жасалып, тіркелгеннен кейін жүзеге асырылады. 6. Бюджеттік кредиттер беру жөніндегі рәсімдерді, оның ішінде оларды беру кезіндегі қажетті құжаттардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
189-бап. Шет мемлекеттерді кредиттеудің ерекшеліктері
1. Шет мемлекеттерге бюджеттік кредиттер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес республикалық бюджет қаражаты есебінен беріледі. 2. Шет мемлекеттерге бюджеттік кредиттер шет мемлекеттер бюджеттік кредит беру туралы халықаралық шартқа міндетті күш беру үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді жүргізген жағдайда беріледі. 3. Шет мемлекетті бюджеттік кредиттеудің тәртібі мен талаптары бюджеттік кредит беру туралы халықаралық шартта белгіленеді. Шет мемлекеттерге берілген бюджеттік кредит бойынша негізгі борыш шет мемлекеттердің Қазақстан Республикасы алдындағы борышын құрайды. 1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | Поиск по сайту:
|