|
|||||||
АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция |
Грин Александр. 5 страница
шауып келе жатқан ат сияқты; бірде еркін зуласа, бірде әбігерге түсіп, кібіртіктеп қалады. Ол барша ғалам заттарының жан сырларын аралап кетеді; айқын тебіреністен тылсым нышандарға ауысады; жер мен аспанды шырқ айналып, қиялынан туған кісілермен сырласады, қайдағы жоқты еске түсіріп, шырадай жандырып, табанда өшіреді. Осы бір жөңкіле кешкен бұлт тәрізді ой тасқыны бірде жан бітіп ап- анык боп көрінсе, бірде берекесіз сандырақ сияқты үздік- создық ыдырап кетеді. Міне, осылай жаймашуақ тынығып жатқан жан әлсін-әлсін езу тартып, жымияды, өйткені тірлік- тағдыр жайлы ой толғанып жатқанда, кенет, ойламаған жерден, күтпеген қонақ ретінде қайдағы бір жоқ бейне кеп киіп кетеді: бұдан екі жыл бұрын сынған шыбық сидиып көз алдына келеді. От басында жатып, Грэй осындай бір ойға батты, бірақ өзі мұнда емес, «әлдеқайда» жүр. Басын сүйеген шынтағынан баяғыда-ақ сыз өтіп, ұйып қалыпты. Жұлдыздар бозарып әзер көрінеді; таң таяу қалғасын қараңғылық қоюлана түскен. Капитан ұйықтап бара жатқанын өзі де сезбеді. Оның арақ ішкісі келді, түсінде дорбаға қолын созып, аузын шеше бастады. Сосын ол түс көруін қойды. Қалған екі сағат Грэйге екі-үш секундтай ғана болып көрінді, ол шынтағына сүйенген күйі қатты ұйықтап кеткен-ді. Осы уақыт ішінде Летика от басына екі рет келіп, темекі тартты, ішінде не бар екен деп ұстаған балығының аузына үңіле қарады. Әрине, одан ештеңе көре алмады. Ұйқыдан оянғасын, Грэй ә дегенде бұ жерге қалай келгеніне түсінбей қалды. Ол жарқырап атқан таңның жадыраңқы қабағына, жап-жасыл ағаш арасынан көрінген жарлауыт жиекке, алаулаған көк айдынға таңырқай қарады; төңірегінде де, өз аяғының үстінен де жаңғақ тоғайының жапырағы жамырай төніп тұр. Төменде, жар астында – Грэйге ол ту сыртында, аяғының астында жатқандай сезілді, теңіз шымырлап, шыпылдап жатты. Жапырақтан шық тамшысы жылт етіп аунап түсіп, ұйқылы-ояу жатқан жігіт бетіне мұп- мұздай боп тамшы ағып кетті. Ол орнынан тұрды. Дүние жарқырап жайнап тұр екен. Сөнген оттың шаласы бықсып
жатыр. Оның ащы иісі жасыл орман ауасымен тыныстаған жан рақатын күшейте түскендей. Летика көрінбейді, ол бар дүниені ұмытқан: маңдайы тершіп, құмарпаз ойыншы сияқты, балық аулау қызығына түсіп алған. Грэй тоғайдан шығып, еңіске шашырай біткен бұта арасына келді, өсімдік біткен буланып, алаулап тұр, ылғал гүлдер еріксіз суық сумен жуылған баладай бал-бұл жайнайды. Жасыл әлем иненің жасуындай мың сан аузымен тыныстап, киіздей боп қаулай өсіп, жамырай-жадырасып, Грэйдің етегінен тартады. Капитан әр алуан шөп өскен бір ашық алаңнан келіп шықты, сосын осы арадан балбырап ұйықтап жатқан жас қызды көрді. Ол жас бұтақты қолымен абайлай ашып, қатерлі бір олжаның үстінен түскендей аңырап тұрып қалды. Өзінен бес қадамдай жерде бүрісіп, бір аяғын бүгіп, екінші аяғын созып жіберіп, қолын жайлы жастанып, әбден шаршаған Ассоль жатыр еді. Шашы қобырап бір жағына жиналыпты, алқымындағы түймесі ағытылып, одан аппақ болып мойнының шұқыры көрінеді; юбкасының етегі сәл түріліп, тізесін ашып тастапты, ұзын кірпіктері ұяң жүзінде, самай шашының көлеңкесінде алаңсыз мүлгиді, басына жастанған оң қолының шынашағы мойнына қарай майыса түскен. Грэй жүресінен отырып, өзінің Арнольд Беклиннің картинасындағы Фавнға ұқсап кеткенін сезбей, төменнен қыз жүзіне телміре қарады. Бәлкім, басқа бір кез, басқа бір жағдай болса, ол бұ қызды тек көзімен ғана көрер еді, ал енді оны осы арада басқаша көріп отыр, Оның жаны жадырап, түлеп, тұла бойы шымырлайды. Әрине, ол бұ қыздың өзін де, атын да, жағалауда неге ұйықтап жатқанын да білмейді, бірақ сонысына қатты ырза. Ол түсініктемесі жоқ суреттерді жақсы көреді. Ондай суреттің әсері әлдеқайда күшті болады, сөзден тәуелсіз тұрған суреттің мән-мағынасының шеті мен шегі болмайды, ол жүйрік ойдың бар болжамы мен жорамалына жауап беріп жатады. Жапырақтардың көлеңкесі қысқарып, түбіне қарай жақындай түсті, Ал Грэй болса ыңғайсыз жүрелеген күйі әлі
отыр. Қызды тәтті ұйқы жеңген: оның қара шашы да, көйлегі де, тіпті көйлегінің қатпарларына дейін ұйықтап жатыр; оны анталап қоршап алған шөптердің өзі қызға қарап елжіреп, маужырап мүлгіп кеткен сияқты. Осы бір қыздан алған әсері кеудесіне сыймай, бір жылы толқын сияқты лықсып келіп, ала жөнелгенде жігітіміз тербеліп кете барды. Летика манадан бері: «Капитан, қайда жүрсіз?» деп айқайлай-айқайлай жағы талып еді, бірақ капитан оны естімеді. Ақырында, ол отырған жерінен тұрған кезде, өзгеше бір ғажайып оқиғаларға ынтызар көңілі ашуланған әйелде ғана болатын өжет тапқырлықпен мұны жағадан ала түсті. Со бір ынтызар көңілінің ырқына ойлана тұрып көнген Грэй саусағынан аса қымбат асыл тасты сақинасын алды, бәлкім, осы бір әрекетімен тірлікке жазу-сызу сияқты мәнді бірдеңе қосармын деп толғанды ол со замат, оның бұл ойы тегін емес-ті. Ол қарақұсының астынан ағарып көрініп жатқан қыз шынашағына сақинаны абайлап кигізе қойды. Шынашак ақ шабақтай бір шоршып, тыныштала қалды. Албырап жатқан қыз жүзіне тағы бір қарап, бұрыла бергенде Грэй қасын керіп аңырып тұрған матросты көрді. Летика капитанының мына ісіне аузын ашып, таңырқай қарап тұр екен, бір кезде, шамасы, Иона да өзінің атша ерттеп мініп алған жайынының аузына тап осылай таңырқай қараған-ақ шығар. – Ә, бұл сенбісің, Летика! – деді Грэй. – Ана қызға қарашы. Қалай, жақсы ма? – Ғажайып көркем полотно! – деді кітаби сөзді жақсы көретін матрос самбырлай айқайлап. – Жай-жағдаятты ойластырып қарасақ, кісіні тартатын бірдеңесі бар екен. Мен төрт мурена мен тағы бір қуық сияқты жұп-жұмыр балық ұстадым. – Тыныш, Летика. Кеттік бұл арадан. Олар бұта ішіне кіріп кетті. Енді қайыққа қарай жүруі керек, бірақ Грэй кідірістеп, жасыл ағаш пен аққайраң үстінен Каперна мұржаларының тағы түтіні шүйкедей созылып жатқан алыстағы жайпауыт жағаға жаутаңдап қарай берді. Түтін арасынан ол тағы да со қызды көрді.
Сосын ол жалт бұрылып, еңіспен төмен түсе бастады. Матрос не болғанын сұрамай соңынан ерді; ол үнсіздік сағаты қайта соққанын сезді; қыстақтың бірінші үйін жанап өте берген кезде Грэй оқыстан: – Летика, өзіңнің жіті көзіңмен бір қарап, трактир қайда екенін тапшы, – деді ол. – Әне, бір қара шатырлы үй болар, – деді Летика, – кім білген, ол болмауы да ғажап емес. – О шатырдың не өзгешелігі бар? – Соны өзім де білмеймін, капитан. Тек жүректің түйсінуі ғой. Олар сол үйге тақау келді; бұл расында да Меннерстің трактирі екен. Ашық терезеден үстел үстінде тұрған шыны көрінеді, оның қасында біреу күйе-күйе қолымен бурыл мұртын сауып отыр. Уақыт әлі ерте болса да, трактиршінің үлкен залына үш адам жайғасып алыпты. Терезе алдында әлгіде өзіміз байқаған мас мұрттың иесі көмірші отыр, буфет пен залдың ішкі есігінің аралығында екі балықшы жұмыртқа, құймақ пен сыра алдырып ішкелі жатыр, Меннерс, секпіл бетті ұзын бойлы жас жігіт, жалпы саудагерлерге тән алаяқ жылпостықпен сығыр көзі жылтылдап, стойка ішінде ыдыс-аяқ сүртіп тұр. Лас еденге лақтыра салған кітап мұқабасы сияқтанып терезеден күн сәулесі түседі. Грэй көлбей түскен мұнарлы жарық жолағын кеп басқанда, мұның алдынан қошеметтей иіліп Меннерс шыға келді. Ол Грэйдің нағыз капитан екенін бірден сезді, мұндай қонақты ол сирек көретін. Грэй ром сұрады. Үстел үстіне жуа-жуа сарғайып кеткен дастарқан жауып, Меннерс бір шыны әкеп қойды, әуелі оның этикеткасын бір жалап, жапсыра салды. Сосын ол стойка ішіне кірді де, бірде Грэйге қараса, бірде алдындағы тәрелкенің түбіндегі бірдеңені тырнап қырып тастау үшін соған қарайды. Летика стаканды қос қолдап ұстап, сонымен бірдеңе деп сыбырласып отырғанда, Грэй терезеге бір қарап, Меннерсті шақырды. Хин бұған әлдеқандай болып, қоқиланып кеп орындықтың шетіне отырды, Грэйдің саусағын қимылдатып шақырғанының өзіне мәз.
– Сіз, әрине, осы араның адамдарын тегіс білесіз ғой, – деді Грэй салмақпен. – Мен басына шаршы салған, үстіне қызыл гүлді көйлек киген, он жеті-жиырмалар шамасындағы қолаң шашты, орта бойлы бір қыздың атын білгім келеді. Мен оны осы араға жақын бір жерден көрдім. Оның аты кім? Ол бұ сөзін жалтарып-бұлтартпайтын үнмен нығарлап айтты. Хин Меннерс іштей шықылықтап, мырс етіп күліп те алды, бірақ сырттай жігіттің ыңғайына көшті. Обалы не керек, жауап бермес бұрын ол біраз үндемей қалды – сондағы құнарсыз ойы – қызды неге сұрағанын білу. – Ім-м! – деді ол үй төбесіне қарап. – Ол, шамасы, әлгі «Кемеші Ассоль» болды, басқа кім дейсің?! Ол – бір жүрген жарымес бишара. – Солай ма? – деді Грэй селқос, ромнан бір ұрттап. – Ол өзі қалай болып еді? – Ендеше, тыңдаңдар. Со жерде Хин Грэйге осыдан жеті жылдай бұрын титімдей қыздың теңіз жағасында ән-жыр жинаушы бір шалмен жолығып сөйлескенін айтты. Баяғыда тап осы трактирде отырып, тіленші айтқалы бері бұл әңгіме жұрттың гу-гу өсегіне олжа боп, сайқымазақ, дөрекі қалжыңға айналып кетсе де, негізгі мәні сары уыздай сақталып қалған-ды. – Содан бері жұрт оны осылай атайды, – деді Меннерс, – иә, «Кемеші Ассоль» деп атап кетті. Грэй еркінен тыс үндемей монтиып отырған Летикаға қарады, сосын көзі жылжып барып, трактирдің қасынан өтетін шаңдауыт жолға түсті, со замат оның төбесінен жай түскендей болды – со жолмен тура осыған қарай, әлгіде ғана Меннерс баяғы тәуіп сияқты ішек-қарнын ақтара айтып берген Кемеші Ассольдің тап өзі келе жатыр екен. Оның кереметтей сұлу жүзі, нұрлы көзі жаутаң қаққанда жан тебірентетін сырлы да қарапайым сөз сияқты сиқырлы көрінеді екен. Матрос пен Меннерс терезеге сыртын беріп отырған, осылар аңдамай артына бұрылып қарап қояр деген оймен Грэй әзер дегенде қыздан көзін жазып, Хиннің жирен көзіне тесіле қарады. Енді ол Ассольдің өз көзін көргеннен кейін,
көңіліне Меннерс салған кірбіңнен бірден айықты. Ал ойында ештеңе жоқ Меннерс әңгімені гөйітіп отыр: – Сізге тағы бір айтайын дегенім, оның әкесі барып тұрған жауыз. Ол менің әкемді кәдімгі мысықтай суға батырып жіберген. Құдай-ай, кешіре гөр... Ол... Оның сөзін арт жағынан оқыс барқырай шыққан бір дарақы дауыс бұзып жіберді. Әлгіде ғана мас болып мүлгіп отырған көмірші кенет дүр сілкініп, ессіз көзі алақтап, барылдай жөнелгенде, жұрт шошып, состиысып қалды: Әй, седепші, седепші, Қалтамызды қағып қал! – Араққа тағы тойып алғансың ба, қақпас! – деді Меннерс бажылдап. – Кет, жоғал әрі! Қолға түспей тұрғанда Аларыңды алып қал»!.. Қолға түссең құрыдың Үзіледі жұлының!.. Көмірші осылай барылдап барып, түк көрмегендей мұртын салбыратып стаканға мала берді. Хин Меннерс ызаға булығып иығын қиқаң еткізді. – Адам емес азғын ғой, – деді ол, кессе қан шықпас сараңның салтына басып. – Әрқашан өстіп әлекке түсесің де жатасың! – Сіз тағы бірдеңе айтпайсыз ба? – деді Грэй. – Мен бе? Әкесінің жауыз екенін жаңа өзіңізге айттым ғой. Соның кесірінен, сұлтаным, мен жетім қалдым және оның үстіне шиеттей бала-шағаны өлместің күні деп асырауым керек болды... – Сен өтірік айтып отырсың! – деді көмірші кенет. – Өтірікті соққанда тіпті бет-аузың бүлк етпейді екен, сенің арсыздығыңнан менің мастығым да тарқап кетті. Хин сөйлеймін дегенше, көмірші Грэйге қарап, айтар сөзін бастап та кетіп еді: – Ол – өтірікші! Оның әкесі де өтірік айтатын, шешесі де өтірік айтатын. Бұлар тұқымымен солай. Қам жемей-ақ
қойыңыз, ол қыз – сіз бенен біз сияқты дені сау, есі бүтін бала. Мен онымен талай рет әңгімелестім. Ол менің арбама сексен төрт рет пе, әлде одан азырақ па, әйтеуір, жиі-жиі отырды. Қыз қаладан жаяу қайтып келе жатса, ал мен көмірімді түгел сатып жіберсем, оны отырғызбағанда кімді отырғызам?.. Мейлі, отыра берсін. Мен оның ақыл-есі бүтін дедім ғой. Ол жұрттың бәріне де аян. Қыз мына сенімен, Хин Меннерс, сөйлесіп әуре болмайды. Бірақ мына мен, жайымен көмірімді сатып жүрсем де, өсек-аяң дегеніңнен жиіркеніп, бойымды аулақ сап жүрем. Оның сөзі ересек кісінің сөзі, бірақ біртүрлі қызық. Осылай тыңдап отырсаң – айтатыны мына сіз бен біздің сөзіміз, бірақ басқашарақ, қызығырақ. Бір күні қыздың кәсібі жайлы бір кеп басталып кетті. «Менің саған айтарым, – деді ол мұнараға қонған шыбындай иығымнан ұстап. – Біздің кәсібіміз кісіні жалықтырмайды, бірақ өзгеше бір нәрсені ойлап тапқың келеді. Мәселенки, менің қолымнан шыққан қайықтар өзі жүзіп кете беретін болса, ескекшілері шынымен-ақ есіп отырса деймін. Сосын олар жағаға келіп арқан тастайды да, тап бір тірі кісілер сияқты жиекке шығып, ауқаттануға отырады». Мен со жерде қарқылдап күліп жібердім, шыдамай кеткенім ғой. «Жарайды, Ассоль, өзіңнің кәсібің солай болғасын, сөзің де соған бейім ғой, жан-жағыңа қарашы, жұрт жұмыс істеп, жау қуғандай жанталасып жатады» деймін мен оған. «Жо-оқ, – дейді ол, – менің бір білетінім: балықшы ау салғанда ауыма бұрын ешкім ұстап көрмеген үлкен балық түссе екен дейді». «Мен не ойлаймын?» – «Сен бе, сен, – деді ол күліп, – себетіңе көмір салып жатып, бұл қазір гүлдеп, шешек жарса екен дейсің». Қыздың қандай сөз айтқанын көрдің бе! Несін жасырайын, со замат жалт бұрылып себетіме қарайын, қарасам, шыбықтар толысып бүршік түйді де, табанда жарылып, жапырақтары жамырап себетке жауғандай-ақ көзімнен ғайып болды. Тіпті мастығым да тарқап кеткендей болды! Ал мына Хин Меннерс кісіні ақшасыз-ақ алдай салады, оның жайын мен білем! Әңгіме насырға шауып бара жатқасын, Меннерс орнынан тұрып, стойканың ішіне барып кірді, со жақтан оның:
– Тағы бірдеңе аласыз ба, қалай? – деп өлеусіреген үні естілді. – Жоқ, біз кетеміз, – деді Грэй ақшасын шығарып жатып. – Летика, сен осында қаласың, кешке келесің, бірақ дымың ішіңде болсын. Көрген-білгеніңнің бәрін өзіме ғана айтасың. Түсіндің бе? – Қайырымды капитан, – деді ромнан біраз еркінсіп алған Летика, – мұны меңіреу ғана түсінбес. – Дұрыс, ендеше! Бірақ мың жерден реті кеп жатса да, мен туралы ләм деп сөз айтпайсың, тіпті менің атымды да атамайсың. Қош! Грэй шығып кетті. «Осы сәттен бастап, Бертольдтің оқ- дәрі толы келісіне түскен ұшқын сияқты, бір керемет жаңалық болады-ау осы» деген ой жігіттің есінен шықпай қойды, – иә, кісіде ұшқын атып от шығаратын осындай бір жан қопарылысы болады. Ол шыдамсызданып дереу бір қимыл- әрекетке кіріскісі келді. Тек қайыққа кеп отырғанда ғана есін жиып, ақыл қорыта бастады. Ол қуана күліп, алақанын аптапты күнге тосты, ілгердегі бала күнінде, шарап қоймасында ол қолын күнге тосқан еді, сосын қайығын жиектен лықсыта қозғалды да, гаваньға қарай тез-тез есе берді. IV
ҚАРСАҢДА
Со бір күннің дәл алдында, өлең-жыр жинаушы Эгль көк теңіздің жағасында бүлдіршін қызға алқызыл желкенді кеме жайлы ертегі айтқаннан кейін арада аттай жеті жыл өткен шамада, апта сайын ойыншық дүкеншесіне барып қайтатын Ассоль осы жолы үйіне қатты ренжіп, мұңайып қайтты. Ол өз тауарын қайтып әкелді. Оның ренжігені сондай, ә дегенде сөйлей алмай қалды, тек әкесінің тағы бір бәле болып қалды ма деп ойлап, үрпие қалған түрін көргенде ғана, Ассоль қасында тұрған терезе әйнегін сипалап, теңізді көзімен шолып әңгімесін айтуға кірісті.
Ойыншық дүкенінің қожасы бұ жолы ең әуелі есеп-қисап кітабын ашып, бұған қанша қарызданып қалғанын көрсетіпті. Қыз үш саннан тұратын қыруар қарызды көріп шошып кетеді. «Міне, мынау сендердің желтоқсаннан бері алғандарың, – дейді саудагер, – ал енді мына жерде қанша сатылғанына қара». Сөйтіп, ол екі саннан тұратын цифрды шұқып көрсетеді. «Менің оған қарауға дәтім шыдамады. Мен оның бетіне қарап, ашуланып тұрғанын, томырық, қатал кісі екенін білдім. Сол арадан дереу қашып кетейін деп едім ұялғаннан тұрған жерімнен қозғала алмай қалдым. Сосын ол мені біраз қыжыртып алды: «Шырағым, енді мұның маған көк тиынға керегі жоқ. Ендігі мода – шетелдің тауары, күллі дүкендер соған көміліп жатыр, ал мына ойыншықтарды ешкім алмайды». Ол тап осылай деді. Бұрқырап тағы да талай сөз айтып еді, бірақ мен шатасып ұмытып қалдым. Артынан маған жаны ашыды ма, қайдам, әйтеуір, «Балалар базарына», «Алладин шамына» барып көр деп кеңес берді. Әңгіменің ең керекті жерлерін айтып болғаннан кейін қыз басын бұрып, кәрі әкесіне абайлап көз тастады. Лонгрен шынтағымен тізесіне сүйеніп, қолын аяғының арасына айқастыра салып, бүкірейіп отыр екен. Қызының қарағанын сезді де, еңсесін көтеріп бір күрсінді. Іші әлем-жәлем болып жатса да, қызы жүгіріп барып қасына отырды да, тері күрткесінің қолтығынан ұстап, әкесінің бетіне төменнен қарап, көңілдене тіл қатты: – Мұның бәрі де ештеңе емес, сен одан да мынаны тыңда. Мен жәйімен кетіп қалдым. Сосын бір үлкен абажадай дүкенге кірдім; халық көп-ақ, жұрт мені қаққылап маңайлатпай қойды, бірақ мен таласып-тармысып көзілдірік киген бір қара кісіге бардым. Оған не дегенімді өзім де білмеймін, ақырында ол мырс етіп, себетімді ақтарып, ойыншықтардың кейбіреуін алып қарады да, оларды қайтадан орамалға орап өзіме қайтарып берді, – деді. Лонгрен тұнжырай отырып тыңдады. Ол бағалы тауарларға толы сөрелердің қасында, дәулетті кісілердің арасында абдырап сасып қалған қызын көргендей болды. Ұқыпты,
көзілдірікті біреу бұны мүсіркеп, егер Лонгреннің жұпыны бұйымдарын алып сата бастаса, дәулетінен жұрдай болатынын түсіндіреді. Ол екі қолы сумаңдап, қыздың алдындағы сөреге үйлер мен теміржол көпірінің жинамалы модельдерін, тап- тұйнақтай автомобильдер мен электр аспаптарын, аэропландар мен двигательдерді қоя-қоя салады. Оның бәрінен сыр иісі мен мектеп иісі аңқиды. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі балалар ойнағанда тек үлкен адамдарға ғана еліктейді Ассоль «Аладдин шамына» да барады, тағы бір-екі дүкендерге кіріп шығады, бірақ одан да түк шықпайды. Әңгімесін бітіргесін қызы кешкі асты әкелді, ауқаттанып, бір стакан қою кофе ішкесін Лонгрен жайымен сөз бастады: – Е, қызым, бұ сапарда жолымыз болмаған екен, ендеше, қарап жатпалық. Бәлкім, мен қайтадан «Фицройға» немесе «Палермоға» барып, қызметке кірісермін. Әлбетте олардың айтқаны дұрыс, – деді ол, ойыншықтар жайын ойлап. – Қазір балалар ойнамай, оқитын болды ғой. Олар оқимын деп жүріп, өмірінің қалай өткенін білмей де қалады. Тірлік солайына солай ғой, бірақ қолдан келер шара бар ма?! Мен бір рейске барып қайтқанша сен менсіз тұра алар ма едің? Бірақ сені жалғыз қалай қалдырам. – Мен де сенімен бірге қызметке тұрсам қайтеді, мәселенки, буфетке. – Жоқ! – Лонгрен алақанымен үстелді шайқалта бір салып қалып, сөзін нығарлап тастады. – Өзім тірі тұрғанда саған жұмыс істетпеймін. Дегенмен әлі уақыт бар ғой, ойланып көрелік. Ол қабағын түйіп үндемей қалды. Ассоль қасында, орындықтың шетінде отыр. Ол бұрылмай-ақ, бір қырын отырып, қызының мұның көңілін көтергісі келіп, әлектеніп отырғанын көріп, күліп жібере жаздады. Ал күлсе қызын үркітіп, ұялтып тастайтынын сезді. Ол өзінше бірдеңе деп күбірлеп, әкесінің ұйысып қалған бурыл шашын тарап-сипап, қою мұртынан сүйді, сосын әкесінің түкті құлағын жіп-жіңішке саусағымен бітеп: – Міне, енді мен сені жақсы көрем деп айтсам, естімейтін болдың, – деді ойнақы.
Қызы мұның үсті-басын сылап-сипап жатқан кезде, түтін жұтып қалам ба деп қорыққан кісі сияқты көзін жұмып үнсіз отырған Лонгрен мына сөзді естігенде қатты күліп жіберді. – Сен сүйкімдісің! – деді ол, сосын қызының бетінен бір сипап, қайығын қарамақшы болып жағалауға кетті, Ассоль бөлменің ортасында мұңайып отыра берейін бе, әлде, үй шаруасын жайғастырайын ба дегендей біраз ойланып тұрды, сосын қазан-аяқты жуып, тазартып, шкафты барып ашып, қанша азық қалғанын анықтады. Ол азық-түлігін өлшеп-пішіп жатпады, бірақ ұнның сол аптаның аяғына дейін жетпейтінін, қаңылтыр құтыдағы шекердің түбі көрініп қалғанын білді; май дейтін май да жок, тек көңілге алданыш, көзге қуаныш болып тұрған бір қап картоп қана. Бұдан кейін ол жалтыратып еденді жуып, ескі бірдеңеден құрастырған юбкасының желбіршегін әдіптеп тастамақшы боп отыра берді де, керекті матаның қиындысы айнаның артында жатқаны есіне түсіп, сонда барып бір түйіншекті алды, со замат айнадағы суретіне көзі түсіп кетті. Жаңғақ кесекті айна ішіндегі жарық бөлмеде шыбықтай бұралып сұңғақ бойлы бір қыз тұр, үстінде қызғылт гүлді арзанқол ақ шыттан тігілген көйлек. Сұр шаршысын иығына орай салыпты. Күн-жел қағып қоңырқай тартқан сәби жүзі жайнап, ойнап тұр, жастығына қарамастан сәл ересек көрінетін тұнық көзі терең сырлы жүректің хабаршысындай боп ойлана, ұяң ғана қарайды. Оның сопақша келген тап-таза мөлдір жүзі қарағанда кісі жүрегін елжіретіп жіберердей. Осынау ақша беттің әрбір ойы мен қыры толып жатқан әйел жүзінен табылар еді, бірақ солардың бәрі қосылып келіп, қайталанбас бір жарастық, сүйкімді ажар тапқан; осымен біз тоқталық, қалғанын «тамаша» Поиск по сайту: |
Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.014 сек.) |