|
|||||||
АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция |
V І І т а р а у
Браунның «Арматор және жүк» атты кеңсесі, осы тектес басқа да кеңселер тәрізді, таяқ тастам жердегі жағалаудан қоныс тепкен екен, автомобильді бекер шақырыппын. Шоферді қоя бердім де, гаваньға шығысымен айлақтың кеше «Толқын перісі» кемесін көрген жеріне үрке көз тастадым. Ол менен тап қазір едәуір қашық тұрса да, түндегі орнынан кеменің діңгегі, бугшприті ә дегеннен көзіме оттай басылды. Мен бір түрлі сергіп сала бердім. От қақтаған плита үстіндегі ауадай күн де қайнап, қапырық болып тұрған. Аздап шаршағасын жүрісімді баяулатып, шөлімді қандырмақ болып порт шарапханасының кенеп қалқанының астына кірдім. Мұндағы азды-көпті адам ішінен әңгіме қызығына түсіп, шарап толы стакан ұстаған қолын сермеп, дүниенің бәрін ұмытып кеткен бір матросты көрдім, қолындағы шарабын әлденеше рет ішпекші боп ұмсынды да, бұрыштағы үстелде отырған бір топ теңізшілерге қарап, қолын ербеңдетіп әңгімені соғып тұр. Стойканың қасында тұрғанда кенет менің құлағымды «Гез» деген бір сөз кесіп түскендей болды, сол- ақ екен, мен де стаканымды ұмытып, дереу бұрылып, сөзге қүлағымды тоса бердім.
– Мен оны мәңгі ұмытпаймын, – деді матрос. – Мен жүзгелі жиырма жыл. Талай-талай капитандарды да көрдім, егер соларды түгелімен осында әкеп кіргізсе, бәріне бірдей тұруына орын да жетпес еді. Мен білсем, Гез нағыз диюдің өзі. Оның қарауында қызмет істеуден бір құдайдың өзі сақтасын. Егер оған біреу ұнамай қалды бар ғой, о байғұсты жүйкелетпей тынбайды. Менің сендерге айтайын дегенім, ол құтырған адам. Бір күні ол балташыны құлағынан бір қойғанда, әлгі сорлы бір сағаттай талып жатты: тек ыңқылдай берді. Мен де талай теперішті көрдім: сонда ұдайы тілімнен табам. Мен біреуге жауап қайтарғанда шамына тиетіндей ғып шағып алам, бірақ сөзді менімен ілінісе алмайтындай етіп айтам. Мейлі, ол құтырған-ақ болсын, оған шыдауға болады ғой. Ал, ол сұмырай барып тұрған зымиян. Соққанның сұрқына қарап, өзіңді қашан шақыратынын аңғармай қаласың. Бәлкім, ол саған бір стакан арақ бере ме, әлде тұмсығыңнан бір қойып ұрып жыға ма – білмейсің. Осының бәрін ол оқыс істейді. Кейде ол дені түзу кісі сияқты жай сөйлеп кеңес береді, бірақ «менің үндемей тұрғанымды қалай түсінсең, олай түсін» деп қырын қарап, үнсіз қалдың бар ғой, онда сазаңды береді. Біздің әбден итіміз шықты, сосын бәріміз бірігіп кетпекші болдық. Ел аузындағы сыбысқа қарағанда, команда оны талай рет сапар аяқталмай жатып тастап кеткен көрінеді. Бірақ одан не пайда?! Дүниеде оның тұзағына түсетін ақымақтар әлі көп қой! Ол стаканның түбінен жиренішті капитанын көргендей- ақ, аузын ашқан күйі стакан ішіне ызалана қарап, меңірейіп отырып қалды сосын алдындағы шарапты бірден қағып салды да, дереу трубкасын толтыра бастады. Бұл әңгіменің маған да қатысы бар еді. – Сіз қай Гезді айттыңыз? – дедім мен. – Әлгі кемесі «Толқын перісі» деп аталатын кісіні айтасыз ба? – Соның тап өзі, мырзам, – деді матрос, менің бет- жүзіме үрпие көз тастап. – Ендеше сіз оның қандай адам екенін біледі екенсіз ғой, бірақ оны құтырған ит демесең, адам деуге болмас!
– Мен о кісі жайлы әр түрлі әңгімелер естігенім болмаса, кездескен кісім емес, – дедім мен оның сөзін қостап, келешекте бірсыпыра уақыт бірге болатын теңізші жайлы көбірек білмекші болып. – Оның өзі шынында да сондай бір оңбаған зұлым кісі ме? – Ақиқат... – дей бергенде матрос шарапқа шашалып қызарып кетті, ол «шындық» деген сөзді ант бергендей салтанатпен айтқысы келген болуы керек, бірақ күтпеген жерден менің ту сыртымнан: «Былшыл!» деген қатал дауыс естілді. Белгісіз біреу біздің қасымызға келді. Бұл да үсті- басы бүп-бүтін, добалдау келген көзқарақты матрос екен. – Түкке тұрмайтын бос былшыл! – деді ол, сөзін маған арнаса да, әуелгі матросқа қарап тұрып сөйледі. – Сіздің капитан Гезде не жұмысыңыз бар екенін білмеймін, бірақ өзіңіз көріп тұрсыз, мен бастық емеспін, мына бақырауық тәрізді қатардағы матроспын, – ол абыржып, сасып қалған матросқа жиіркене бір қарады, – сол себепті де мен капитан Гез, біріншіден, нағыз теңізші, екіншіден, аса мейірімді, аяулы адам деп есептеймін. Мен оның қарауында қаңтардан сәуірге дейін қызмет істедім. Ал, одан неге кетіп қалдың деп сұрасаң, ол менің жұмысым, Гез оған кінәлі емес деймін. Біз Гор- Сайнға екі рет сапар шектік. Күллі команданың бірде-бір адамына ол жаман сөз айтқан емес, жасырып-жабатыны жоқ, біздің теңізші бауырларымыздың ішінде, өзіңізге мәлім, аласы да, құласы да бар. Ал енді мына кісі жаңа Гез балташыны таяққа жықты деді. Қалғандарын да қан қақсатыпты. Өзіңіз айтыңызшы, мұндай өтірікке кім сенеді? Онда біздің ішіп-жеріміз соғыс кемесіндегіден кем болған жоқ. Жексенбі сайын үшеуара бір шыны виски беріп тұрды. Боцманға, қит етсе қолын ала жүгіретін ана көмекшісі Бутлерге, аспазға жұдырығын түйгені үшін қатты кейіді. Сонда Бутлер тұрып: «Сізді шайтан білмесе ешкім білмес!» – деді ренжіп. Кейде капитан Гез бізді жинап алып, өмірде естімеген бір қызық-қызық оқиғаларды дауыстап оқып беретін. Егер біз өзара ерегісіп ұрсысып қалсақ, Гез әдетте: «Бір-біріңе
мейірімді болыңдар. Жамандықтан жамандық туындайды» дейтін. Капитан Гездің пайдасына айтатын сөзі әлі көп болса да, матрос әңгімесін бітіргесін со жерде отырғандарды көзімен бір шолып өтті де, қолын бір сілтеп, бұрынғыдан бетер өршеленіп, Гезді жамандай жөнелген әуелгі матрос сөзін құптамаса да, тыныш отырып тыңдай бастады. Мен бұл екеуінің де рас айтқанына күмән келтірмедім, Гезді жақтаушының сөзі айыптаушыны жындандырып жібере жаздады. Бір минуттің ішінде ол гүжілдеп өз сөзіне куә боларлық он шақты адамның атын айтты. Ол ант-су ішіп, пәлен деген кемеге барайық, онда Гезден былтыр жәбір- жапа шеккен кісілер бар деп бір қалды да, өз сөзін мынадай бір кекесінді сауалмен бітірді: «жандайшап сабазым-ау, ендеше «Толқын перісінде» неге аз ғана қызмет еттің?» – деді. Бірақ анау да саспады, онша қызынбай, байсалды қалыппен өзінің ауырып қалғанын, сол себепті де Лисске келісімен есеп айырысқанын баяндап берді. Екеуі керілдесіп айқайласып тұрып, куәлікке бәз-баяғы бір адамдарды тарта бастады, сөйтсе айыптаушы да, жақтаушы да әр кезде Гездің қарауында жұмыс істеген кісілердің көбін білетін болып шықты. Егестің аяғы ұрыс-керіске, бір-бірін орынсыз кінәлап тілдеуге апарып соқты, екеуі де кеудесін ұрғыштап, ақырып- шақырып толып жатқан фактілер келтіріп жатты. Бұ таласты қанша қимасам да, тезірек Браунге жетуім керек еді. «Арматор және жүк» конторының жарнамасы енді үш үйден кейін барып көзге түсті. Мен күнгей жағындағы перделері түсірілген бір салқын үйге келіп кірдім, осындағы іс үстелдерінің, жазу машинкаларының бытыры мен қызметшілердің сараң сөздерінің арасын ала беріп, менің алдымнан қабағы салыңқы бір алтын көзілдірікті кісі шықты. Ол менің келгенімді айтпақ болып, Браунның кабинетіне кіріп қайтып келем дегенше де біраз уақыт өтті, ол енді бұрынғыдай түксимей, жадырап тәжім етіп, есікті аша берді, кабинетке кірісімен мен кеменің бас қожаларының біреуін көрдім, мен қазір осы кісімен сөйлесуім керек.
Поиск по сайту: |
Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.006 сек.) |