АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция

X X І V т а р а у

 

Ауқаттанғым келіп төңірегіме қарап ем, дәл қасымнан бір шағын мейманхананы көрдім, ауыздағы мас кісілерден өту қиын болса да, қысылып-қымтырылып ішке кірдім. Күллі үстелдер, олардың ара-арасы, буфет алды толған жұрт. Шақырайған жарық, темекі түтіні, айқай-шумен жарыса шыққан әндер менің есімді кетіргендей еді. Бұл арадан отыратын орын табу ине көзіне арқан өткізумен бірдей екен. Көп ұзамай-ақ, отыра алмайтыныма айқын көзім жетті, бірақ буфет алдынан алақандай бір орын босар деген үмітім бар- тын. Сол орын босасымен кимелеп жетіп бардым да, жалма- жан шыныны ашып, сусын құйып, түрегеп түрған күйі тамақтана бастадым. Көп кідіруге күй қайда? Тап со сәтте арт жағымнан әлдекімдердің керілдескен дауысын есіттім. Бейтаныс біреу сығылысқан жұртты ығыстыра итермелеп, оның со қылығына ызаланған кісілерге арсыздана күліп, буфетке қарай өңмендеп келе жатты. Оған бір қарағаннан-ақ тұла бойымды ашу буып, ішіп тұрған тамағымды тастап, қаумалаған халықты жарып кейін шықтым, ол кісі Синкрайт еді.

Мені де итере салмақшы болып, ол маған қарай бұрылып көз қиығын салды, со мезет оған шаншыла қарап:


 

 

– Қайырлы кеш! Сізбен біз тағы да кездестік пе! – дедім. Мені көре салсысымен Синкрайттың зәре-құты қалмай кейін шегіне берді. Бір сәт ол бір уыс боп бүрісіп, осы арадан қаша жөнеліп, қарасын батырғысы келген сыңай танытты – бірақ мұндай сығылысқан жұрт арасынан мысық болмаса, адам қашып құтыла ма?!

– Түһ! – деді ол, күнқағар астындағы маңдайын қолының сыртымен сүртіп жатып. – Бір түрлі шошып кеткенім! Сіздің тірі қалғаныңызға қуаныштымын, тіпті бақыттымын да! Ант етемін, мен оған кінәлі емеспін! Бар бәле Гезден! Сіз мені құдай үшін тыңдаңызшы, сонда бәрін де білесіз! Ол сұмдық бір есуас түн болды! Гезді қарғыс атсын, сізге бірінші куә өзім болам, өйткені менің оған ешқандай қатысым жоқ!

Мен оған әлі жұмған аузымды ашқам жоқ. Тек жайымен қарап тұрғам, ал Синкрайт болса мені қолымнан ұстап алып, қорыққаннан дабырлап сөйлей берді. Мен қолымды жұлып алып:

– Бұл арадан кетелік... – дедім.

– Әлбетте... Мен әрқашанда...

Ол менің соңымнан ит сияқты сүмеңдеп ере берді. Синкрайттың есі кетіп, мәңгіріп қалғанына бір сенгенім, олар мені Дагонға қайтып келеді деп қауіптеніп күтсе керек – мұны мен жігіттің өзінен білдім. Анада біз Дагоннан елу мильден сәл қашықтау жерде болыппыз. Осының аяғы бір жамандыққа апарып соғады деп тек Бутлер ғана шүбәланған сияқты.

Бұрыштан айналып өтіп мен оны бір тығырыққа ертіп әкелдім де, жабық подъездің басқышына отырып, Синкрайттың сілікпесін шығарып, өз ісіме қатысы бар мәселенің бәрін анықтап біліп алдым. Өзін ә дегеннен ұрмағасын, мен ойлағандай-ақ, Синкрайт есін жинайын деді, бірақ маған жаны қалмай жағымпазданып, қошеметтей сөйледі. Менің аузымнан шыққан әр сөзімді қағып алып мақұлдап отырды, әрине ол осы мінезінен пайда тапқан жоқ.

Оқиға былай болыпты.


 

 

Әуелде, мен кемеге келіп отырғаннан бастап-ақ, Гез менің ақшамды алып қалып, өзімнен құтылу жолын ойлайды. Әр қилы жоспар жасайды. Мәселенки, «Толқын перісі» Дагоннан Суматқа барады деп жарияламақшы да болады. Гез мені алыс сапарға шығудан бас тартып, бірінші кезіккен порттан түсіп қалады деп ойлапты. Бірақ мұндай жоспардан оның өзі жұртқа күлкі болады ғой. Лисстен шыққасын оның көңіл күйі нілдей бұзылады. Ол ұдайы «мына қарғыс атқан Гарвей жолымызды байлайтын болды» деп күбірлеумен күн өткізеді.

– Оның өзімді елжірей жақсы көрмегенін әуелден-ақ сездік-ау, бірақ соның маған неге өшіккенін түсіндіріп бере аласыз ба? – дедім мен.

– Білсем бұйырмасын! – деді Синкрайт дауыстап. Бәлкім... оны айту қиын. Оның өзі жоққа сенетін ырымшыл кісі.

Одан ештеңені анықтай алмасам да, бірдеңені бүгіп қалғанын сездім. Синкрайт сосын жанжалдың жайына көшті. Гез әйелдерге мені үстел басына келтірем деп ант етсе керек, өйткені олар, өз сөздерімен айтқанда, қайтсе де «жұмбақ» жолаушыны көргісі келеді және күллі қауымды менсінбейтін өзі қандай кісі деп Гезді мазақ етеді. Әлгі Гез қол жұмсайтын әйел Синкрайт шақырғасын мені келеді деп бәс тігеді. Мен келмегесін Гез жұрттың бәріне ашуланып, қаһарын төгеді. Әйелдер Гель-Гьюге бара жатыр екен, кемеден кетіп қалған көрінеді. «Толқын перісі» кеше кешкілік келіпті. Синкрайттың сөзіне қарағанда, со бикештерді бұл алғаш көріпті, кім екендерін білмейді. Әлгі айқастан кейін Гез әуелде мені кемеден лақтырып тастамақ болады, көпшілік оны әзер дегенде басады. Ал қайық мәселесіне келгенде ол тағы да жүгенсіз долданып кетеді. Тіпті ызаға булығып, есіріктеніп алады. Ойындағысын орындату үшін ол өзін өзі өлтіруге де әзір еді.

– Со заматта, яғни сіз қайыққа отырған кезде, – деді Синкрайт, – Бутлер Гезді иығынан бүре ұстап сілкілеп:

«Есіңді жина. Әлі кеш емес. Қайтар оны!» деп ақырады. Гез сабасына түскендей болады. Ештеңе айтпаса да, қасындағылардың сөзіне құлақ түре бастайды. Егер қаттырақ


 

 

талап еткенде бәлкім ол жұрттың айтқанына көнер ме еді: қайтер еді. Бірақ со сәтте әлгі бір әйел пайда болды, өзіңіз білесіз ғой...

Бұ жәйтті қозғауға бола ма, әлде болмай ма дегендей, Синкрайт күмілжіп қалды. Мен мақұлдап басымды изедім. Мен одан: «Сол әйелдің өзі қайдан пайда болды?» деп сұрауымның жөні келіп қалды. Сөйтіп оның өзімді алдамшы деп санауына дәлел тауып берем немесе Синкрайттың көкейінде тұрған ондай болжамын қостай қоям. Мен екінші ойымен келістім де:

– Иә, білем. Сіздер оның сырын ұқпай қалдыңыз ғой?!

– дедім.

– Бәсе, ол сізбен бірге болған екен ғой, – деді Синкрайт,

– бірақ сонда қалай болғаны? Осыған бәріміз де қайран қалдық. Ол палуба үстінде небәрі бір минуттай ғана тұрды. Біз кәдімгідей шошынып, секем алып қалдық – бұ ғажапқа не деуге болады? Гез қайтадан есуас күйге түсті. Ол со келіншекті ұстамақшы болып еді, не екенін қайдам, әйтеуір әйел оның алдынан еркін өтіп, траптың қасына барып тоқтады. Біз сілейіп тұрып қалыппыз. Гез трапты түсіруге әмір етті. Сіз онымен бірге кете бардыңыз. Біз содан кейін ғана сіздің каютаңызға қарай тұра жүгірдік. Гез әйел сізге түнде, Лиссте тұрғанда келген деп ант-су ішті. Одан өзге дәлел де жоқ еді. Сол оқиғадан кейін Гез ішімдіктен бас алмай қойды, оның бұлай ішкенін мен бұрын көрген емеспін және осының бәрін «сіз әдейі жасады, оның себебін мен білемін әлі» деп айтудан бір жалықпай қойды. Соның ертеңіне әлемдегі күллі кемелердің діңгектері астында тап Гезден өткен сужүрек, қорқақ болып көрмеген шығар. Ол түрмені, каторгалық жұмысты аузынан тастамайтын болды, күні ертеңі сіз оның үстінен шағым жасаған кезде жұрттың не айтып, не қоятынын күн-тәулігіне жиырма реттен жаттатқан шығар. Ол матростарға бар ақшасын үлестіріп беріп, оларды шараппен суарып жатты, Гарвей қайықты менен сатып алды деп айтсаңдар болғаны, кісі басы екі жалақы төлеймін деп уәде етті.

– Синкрайт, – дедім мен біраз үнсіз отырғасын, со сәт менің ойымда Бичеге тиімді бір жоспардың нобайы жасалып


 

 

еді, – мен анада есікті ашқан кезде сіз оған таскенедей жабыса... қалдыңыз ғой...

– Ант атсын!.. – деп Синкрайт қарғана түсті де, мен қозғалғасын үндемей қалды.

Мен сөзімді сабақтай түстім.

– Оның солай болғаны рас, ендеше жалтарғаннан пайда жоқ. Істің немен бітетінін түсіндірудің қажеті болмас. Бір шартқа көнсең, сотта мен сені айтпаймын.

– Құдай үшін айтыңызшы, мен бәріне де әзірмін!

– Шартым онша қиын емес. Сіз мені осы арадан көрдім деп Гезге жұмған аузыңызды ашпайсыз.

– Жүз жыл ұдайы үндемеуге бармын, тек рақым етіңіз!

– Хош. Гез қайда, кемеде ме, әлде жағалауда ма?

– Ол жағалаудағы бір шағын қонақжайға барып жайғасқан. Оның аты – «Желкен мен бу». Қаласаңыз, мен оған сізді ертіп апарайын.

– Өзім-ақ тауып алармын. Ал, Синкрайт, осымен біздің гәбіміз әзірге бітті.

– Бәлкім, сіз менен тағы да бірдеңе сұрарсыз?

– Ішуді азайтыңыз, – дедім мен жұмсарып, оның қорыққанынан құлдық ұрып тұрғанын көріп. – Тағы бір айтатыным: Гезден тезірек кетіңіз.

– Ант етем... – деді ол елбеңдеп. Мен орнымнан тұрдым. Ол со подъездің басқышында отырып қалды ма, әлде шарапханаға кетті ме, о жағын білмеймін. Мен оны тығырықта қалдырып, алаңнан келіп шықтым, ескерткіш түбіндегі үстел басында манағы кісілердің біреуі де қалмапты. Мен Кукті сұрап ем, ол маған мейманханадағы нөміріне келсін деген өтініш қалдырыпты.

Қаладағы абыр-сабыр толастап келеді. Қалың нөпір тарап барады, есік-терезелер жабылып жатыр. «Толқын перісі» ымырт биігінен ұйқы басқан қалаға жайбарақат қарап тұр, ол бір тірі жандай-ақ, мен онымен қиыла қоштастым.

Кук шақырған мейманхананы тауып алуым мұң екен, мені бірден оның нөміріне ертіп апарды, оның өзі жатып қалыпты. Біздің дыбысымыздан ол оянып көзін ашты да, қайта жұмды. Сосын көзін тағы да ашты. Ол бәрібір ұйықтап жатыр еді.


 

 

Қатты ұйқыдан әзер дегенде кілбите ашқан көзіне қарап, мен оның жылы шырай танытқысы келгенін сездім. Өзі әбден шаршап, титықтап жатса керек. Кук әлсіз ғана бір күрсініп, мені танып, «жайғасыңыз» деп күбірледі де, төсекті сықырлатып екінші жағына аунап түсті.

Мен жаңадан қойылған екінші кереуетке жаттым да, рақаттанып көзімді жұмдым. Қараңғы түнек төмен қарай құлап бара жатқан сияқты. Міне, бөлме де төңкеріліп түсті, со замат мен де ұйықтап кетіппін.

 

X X V т а р а у

 

Жатар алдында мен қатты ұйықтап қалатынымды білдім, бірақ ертеңіне ерте тұрғым келді, сол ерте тұрсам деген ойым мені еріксіз оятып жіберсе керек. Көзімді ашсам, талып қалған кісі сияқты, жадымда ештеңе де қалмапты. Ұйықтап жатқан Куктың көнтиген төменгі ернін көргенше, бірде-бір нәрсені есіме түсіре алмай-ақ қойдым. Сосын күңгірт ойым ашылып, әп-сәтте күллі оқиғаның басын құрап, орындық үстінде жатқан сағатымды алдым. Абырой болғанда, сағат әлі таңертеңгі тоғыз жарымның шамасы екен.

Мен қожайынымды оятып алмайын деп, абайлап киіндім де, төмендегі ортақ залға түсіп, қою шай мен қағаз-қалам әкелуін сұрадым. Осы жерде отырып мен екі хат жаздым: біреуін Гездің Гель-Гьюде жүргенін айтып, мекенжайын көрсетіп, Биче Сениэльге, екіншісін – менің заттарымды дәйекшіге беріңіз деп Прокторға жаздым. Екеуміздің кездескенімізді Дэзидің есіне салуды қолайсыз көрдім де, мен осы хатта қызға жай ғана сәлем айтып қоя салдым. Хаттарды екі шабарман арқылы жөнелтіп, шаштаразға бармақ болып мейманханадан шықтым, онда жарты сағаттай ғана болдым.

Уақыт зулап өтіп жатты, Гезді іздеп шыққан кезде оннан он бес минут өткен еді. Көшелерді білмегесін тағы да жиырма минуттей уақытымды жоғалттым, өйткені адасып жүріп жағалаудың алыс бір шетінен барып шығыппын, сосын дереу кейін қайттым. Егер Синкрайт сертінде тұрмаса, Гез өз


 

 

шаруасымен бір жаққа кетіп қалар немесе жасырынып бой тасаланар деп қауіптеніп және бұған қоса, Гезді қыспаққа алып, Сениэльдердің мәселесіне келгенде оны көндімбай халге түсірудің өзім ойластырып қойған жоспарын жүзеге асыру үшін Бичеден бұрын бармақ болып күйме жалдадым. Көп ұзамай «Желкен мен бу» мейманханасына келдім, бұл өзі екінші қабатында әйнек галереясы, төменде дүкеншелері мен трактирі бар, сырты кір-қожалақ ақ үй екен. Қақпадан өткесін ішке кіріп сол жақтағы қараңғы тік басқышпен көтерілу керек екен. Өз ойымды жинақтап алмақшы болып, азғана аялдағаным сол еді, артымнан әлдекімнің асығыс келе жатқан тықырын есіттім. «Тоқтаңызшы!» деді әлгі аптыққан кісі. Мен артыма бұрылдым. Сөйтсем ол – әманда зорлана жымиып жүретін Бутлер екен.

– Кәне, басқышпен жүрелік, – деді ол. – Мен де Гезге келе жатыр ем. Әлгіде сіздің күймемен кетіп бара жатқанынызды көріп, «үһ» деп бір демалғандай болдым. Маған сенесіз бе, сенбейсіз бе, қалауыңыз білсін. Сізді қуып жетейін деп, артыңыздан тұра жүгірдім. Несін айтасыз, ол бір сұмдық, зұлымдық іс болды! Бірақ оған қарсы тұруға болмай қалды. Егер мен бір нәрсеге кінәлі болсам, ол мынадай: біз оған неге бөгет болмадық. Сіз ұқтыңыз ба? Мейлі, енді бәрібір. Бірақ мен сіздің жағыңызда болдым: бұл ақиқат. Бірақ маған қас деп қарайсыз ба, әлде дос деп қарайсыз ба – ол енді тек сіздің өзіңізге ғана байланысты. Мұнымен жолыққаныма қуандым ба, қуанбадым ба – білмеймін. Әйтеуір көңілімде ызалы бір күдік пен соның сөзіне деген бір соқыр сенім арбасып жатты. «Оны соттауға әлі ерте» дедім мен оған. Бутлердің сөзі түзу шығып жатты, ол өзін ашына мінесе, мені тірілей көргеніне кәдімгідей қуанып қалды. Мұның үстіне мастықтан дін-аман екен. Мен үнсіз тұрғанда, үй сыртындағы кең аула ішінен айқай-ұйқай, әлдекімнің ақырып әмір беріп жатқан даусы естілді. Со жақта бірдеңе болып жатқан сияқты. Оған мен онша назар аудармастан, басқышпен жоғары көтеріле беріп, Бутлерге

былай деп тіл қаттым:


 

 

– Менің сізге сенгім де келеді, бірақ оны қазір әңгіме етпей-ақ қоялық. Маған Гез керек. Мейіріміңіз түссе, маған соның бөлмесін көрсетіп жіберсеңіз. Сосын жөніңізге жүре беріңіз. Өйткені, мен онымен жақсылап бір сөйлесуім керек.

– Мақұл, – деді ол. – Міне, бір әйел келе жатыр. Капитан ұйқысынан оянды ма екен, содан білейік. Мен оған тек екі ауыз ғана сөз айтайын, сосын жайыма кетем.

Бұ кезде біз екінші қабатқа көтеріліп, сол қанатында әйнек галереяға шығатын есігі бар бір тар дәлізбен жүріп келе жаттық. Оң қанаттан мен төртеу ме, әлде бесеу ме қайдам, әйтеуір бірсыпыра есікті көрдім, олардың ара-арасының қашықтығы әр қилы екен. Мен әлгі әйелді тоқтаттым. Басына орамал тартып, қолына щетка ұстаған, қырықтар шамасындағы шаңқылдаған жуан әйел біздің «Гез үйінде ме?» деген сауалымызды естігенде, дәліздің алыс түкпіріндегі қарсы есікті тұлданып көрсете салды.

– Ол үйінде ме – оны білгім де, көргім де келмейді! – деді әйел шаңқылдап, қобырап шығып кеткен салтақ-салтақ шашын орамалының астына тыққылап жатып, ол тіпті өршеленіп кетті. – Оны өздерің барып біліңдер, мен енді со жексұрынға барсам, жұлыным үзілсін. Кеше оның маған қалай ақырғанын көрсеңдер! Сендердің Гездерің нағыз шошқа, жексұрынның өзі! Ол мені өңменімнен түйіп қала ма деп ойлап ем! «Табаныңды жалтырат!» Бұл маған айтқаны, үйінде,

– деді ол құтырына бір күрсініп, – әлгіде мылтық атқан. Мен енді оның қоңырау қаққанына бармаймын, шайтан соқсын бәлекетті сосын қайтсін, үйдің төбесін атқылап жатыр. Бұл оның дәйекші келсін дегені. Әлгіде тағы да тарс еткізді. Барыңдар, егер мені сұрай қалса, оған менің күтуші емес екенімді айта салыңдар. Онда бір әйел бар, – деді жуан қатын тағы да. – Күнәкар сол!

Ол щеткасын сермеп кетіп қалды. Мен Бутлерге қарадым. Ол есікке ойлана көз тастап тұр екен. Іш жақ – тып-тыныш. Мен есік қақтым, әуелі жайымен, сосын қатты-қатты қақтым. Есік қозғала берді, демек кілттелмегені, бірақ бізге

ешкім жауап бермеді.


 

 

– Қаттырақ соғыңызшы, ол, бәлкім, қайтадан ұйықтап қалған шығар, – деді Бутлер.

Күтушінің бөгде әйел жөніндегі сөзін есіме алып, иығымды қушитып, есікті қайта қақтым. Есік кеңірек ашыла түсті. Енді есік пен есік арасына қол сиятындай еді. Кенет мен іште тірі жанның жоқ екенін сездім де, осы ойымды Бутлерге айттым.

– Иә, мұнда ешкім жоқ, – деді ол мені қостап. – Мұнысы ғажап, ғажап та болса рас. Кел, ендеше, есікті ашайық.

Сосын мен нар тәуекел деп есікті итере салдым, ол шалқайып барып тарс етіп үлкен шкафқа тиді. Гездің еденде серейіп жатқанына аң-таң қалып ішке кіре бердім.

 


1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 |

Поиск по сайту:



Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.009 сек.)