|
|||||||
АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция |
Грин Александр. 9 страница«Құпияның» биік борты, жарық пен су – бәрі-бәрі үй қабырғасына түскен күн сәулесіндей жарыса жүріп ойнақ салған бір қуанышты түске айналып еді. Ол Грэйдің әлуетті қолы көтеріп алғанда траппен кемеге қалай жеткенін де білмей қалды. Жайылған, төселген, ілінген кілемдерден көрінбейтін палуба үсті алқызыл желкендер нұрына малынып, жұмақтың гүлстан-жайына ұқсайды. Ассоль көп ұзамай каютада – әлемдегі ең әсем бөлмеде тұрғанын көрді. Со замат жүректі шадыман қуаныш күйіне бөлеп, жоғарыдан тағы да музыка шалықтай жөнелді. Сұқтана қарасам, осы бір таңғажайып құбылыс ғайып болып кетер ме екен дегендейін, Ассоль тағы да көзін жұма қойды. Грэй оның қолынан ұстады, енді бұдан былай қайда барарын біліп алған қыз жас жуған жүзін өзіне сиқырлы жолмен келген қимас досының кеудесіне жасыра берді. Тірі жанның басына келмейтін, айтуға тіл жетпейтін керемет бір киелі сәт кеп соққанын сезген Грэй жаны жадырай түлеп, асығына шексіз қайран қалып, қаршадайынан көкейінде жүрген аяулысының ақ жүзін иегінен абайлай ұстап жоғары көтерді, со сәтте қыздың аялы көзі жәудіреп ашыла берді. Адам біткеннің әмме асыл қасиеті осы бір жәудір көзден көрініп еді. – Сен менің Лонгренімді өзімізге аласың ба? – деді ол. – Иә. – Темірдей кесіп айтқан «иә» деген сөзден кейін жігіт оны құшырлана бір сүйді, со сәт қыздың төбесі көкке жеткендей күліп жіберді.
Енді біз жастардың қасынан кетелік, өйткені олардың оңаша қалғаны жөн екенін білеміз ғой. Әлемнің әртүрлі гүлдері мен үндерінде не көп сөз көп, бірақ бұлардың со күні бір- біріне не айтып, не қойғанын со сөздердің бәрімен де, бірімен де айтып жеткізуге болмас еді. Бұ кезде палуба үстінде, бас діңгектің түбінде, құрт жеп мүжілген ескі кеспекті ашып тастап, жүз жылдық күрең- қошқыл шарапты ішуге күллі экипаж бас қосқан еді. Атвуд түрегеп тұр, жаңа туған нәрестедей жайнап, жайбарақат Пантен отыр. Грэй жоғары көтеріліп, оркестрге белгі берді, сосын фуражкесін шешіп, алтын трубалардың әуезді үні астында, қырлы стаканмен қасиетті шарапты толтыра құйып алды. – Міне, мен де болдым... – деді ол шарапты ішіп болғасын, стаканды лақтырып тастап. – Ал енді ішіңдер, бәрін де ішіңдер. Кім ішпесе, сол менің жауым. Ол бұ сөздерін екінші рет қайталап жатпады. Зәре-құты қалмаған Капернадан күллі желкендерін жайып тастап, тез аттанып кеткен «Құпия» бар пәрменімен заулап келе жатқанда, кеспек маңында болған дүрбелең талай ұлы тойларда болатын дүрбелең-дүрмектің бәрінен де асып түскен еді. – Қалай, саған шарап ұнады ма? – деді Грэй Летикаға. – Капитан, – деді матрос, келісті бір сөзді іздеп жатып. – О шарапқа мен ұнадым ба, ұнамадым ба білмеймін, әйтеуір, тап қазір айтар ойымның басын құрай алмай тұрғаным. Меніңше, ол – бау мен бал омартасы. – Не дейсің? – Менің айтайын дегенім – аузыма бау мен балды қоса тығып жіберді демекші едім. Бақытты болыңыз, капитан. Өз басым «Құпияның» «ең қымбат жүгі», ең таңдаулы сыйы деп атайтын жарыңыз да бақытты болсын! Ертеңіне таң сарғайып атқан кезде кеме Капернадан ұзап кеткен еді. Экипаждың бір тобы Грэйдің шарабына мас болып, со отырған жерінде палуба үстінде ұйықтап қалған еді, тек рулевой мен вахта күзетшісі ғана сау-саламат жүрген, ал қормада виолончелінің грифіне иегін сүйеп, әлдебір ойға шомып, шала кәйіп Циммер отырған. Ол скрипкамен таңғажайып бір күй тартып, бақыт жайлы ой толғап отыр еді...
ТОЛҚЫН ПЕРІСІ Р ОМ А Н
Бұл Дезирада... О, Дезирада, тұңғиық теңіз түбінен сенің ну орманды жоталарың дүңкиіп шыға келгенде біз неге жадырап қуанбадық екен. А. Ш а д у р н.
I т а р а у
Жұрттың сөзіне қарағанда, мен күтпеген жерден алып соғатын бір талма науқастың кесірінен Лисс Қаласынан келіп шығыппын. Бұ пәле маған жолда жабысса керек. Тұла бойым күйіп-жанып, ес-түссіз жатқан жерімнен мені пойыздан түсіріп алады да, ауруханаға апарып салады. Палатадан біржолата шығар алдында дос пейілмен жылы ұшырап, көңілімді көтеріп жүрген доктор Филат дерттің беті бері қарағасын маған бір жайлы пәтер әзірлеп, күтуші әйелге дейін тауып қойыпты. Мен оған соншалық риза болып қалдым, оның үстіне пәтердің терезелері теңізге қарайды екен. Бір күні Филат маған: – Қымбатты Гарвей, мен сізді қаламызда еркіңізден тыс ұстап қалған сияқтымын. Егер сауығып кеткендей болсаңыз, мені пәтер жалдады демей, қалаған жағыңызға жүре беріңіз. Бірақ саяхат-сапарыңызға шығу үшін әуелі біраз күтініп, өзіңізге өзіңіз келіп алуыңыз керек, – деді. Ол әлденені тұспалдап тұр еді, мен сол арада бұрын оған өзім айтқан іңкәр арманның құдіреті жайлы әңгімемді есіме
алдым. Әрине оның өктемдігі қатал науқастан кейін біраз бәсеңдеп қалған, бірақ оқта-текте болса да өзімнің ішкі сарайымнан оның оңайлықпен кете қоймайтын құрыш қимылын сезер едім. Бір қаладан екінші қалаға, бір елден екінші елге еркін көшіп, қыдырыстап жүріп, мен құмарлық пен қияли аурудан да әлуетті бір құдіретке табынғам. Ерте ме, кеш пе, қалтылдаған шал шағында ма, қылшылдаған жігіт кезіңде ме, іңкәр арман бізді әйтеуір бір шақырады, сонда біз осы үн қайдан шықты екен деп артымызға бұрылып жалтақтап кеп қараймыз. Өзіміздің сұрқай тірлік ортасынан селк етіп оянып, әлденені қинала есімізге түсірмек болып, әрбір сәт-сағатымызды сараңдарша ежіктей санап, өмір шіркінге жіті көз тастап, іңкәр арман орындала бастаған жоқ па екен осы деп, соны жан-тәнімізбен көруге тырысамыз ғой. Сонда оның кескін-кейпі анық көрінер ме екен? Енді оның әлсіз ғана епелектеп тұрған бейнесін қолды созып ұстап алып қалуға болмас па екен? Бірақ, амал қанша, киелі сәт өтіп кетеді де, біз күнделікті күйкі тірлігімізді сөз қылып, іңкәр арманның тұманды, жарқабақты жағалауын жанай, жайбарақат жүзіп кете береміз. Бұл тақырыпта біз – Филатр екеуміз көп-көп сөз қозғағанбыз. Бірақ осынау сүйкімді жан іңкәр арманның кош айтысып қол бұлғағанын әлі көрмеген де, сезбеген де еді, сол себепті де менің сөзім оның құлағына қонбады. Бұл осының бәрін аспай-саспай, асқан сабырмен тыңдайды, менің іштей әбігерге түсіп, көңілімнің құйындай ұйтқып жүргеніне түсініп, соны ұғып санасына құйып алғысы да келеді. Мен кәдімгідей сауығып қалған сияқтымын, бірақ бірден қимыл-әрекетсіз қарап қалу қиын болады екен, сол себепті де Филатрдың ақылы маған дұрыс болып көрінді, мен ауруханадан шығысымен Лисстің ең көрікті көшелерінің бірі – Амилего көшесінің оң қанатындағы бұрышындағы пәтерге келіп жайғастым. Ол үй көшенің төменгі жағында, гаваньға таяу жерде, доктің сыртынан ірге тепкен еді – бұл ара ескі кемелердің қалдықтары жататын маужыраған тыныш жер- тін, алыстағы порт гүрілі талып естілетін болғандықтан да бұ маңның тыныштығы онша бұзыла бермейтін.
Мен үлкен-үлкен екі бөлмеге орналасқам: оның біреуінің аумақты терезесі теңіз жағында, екінші бөлме біріншісінен екі еседей үлкен еді. Ал, басқышпен түсетін үшінші бөлмеде күтуші әйел тұрады. Бағзы заманның көзіндей көне де кірпияз жиһаз, көне үй, ішкі құрылымы шытырман пәтер – бәрі-бәрі қаланың осы бөлшегіндегі тыныштықпен табысып жатқандай. Бір бұрышы шығыс пен оңтүстікке қарай орналасқан бөлмеге ұзақты күн күн нұры төгіледі де тұрады, сол себепті де осы бір ежелгі заманның көне ұясы атам заманда келмеске кеткен күндерді мәңгі жас, сарқылып таусылмайтый жаңа күн шұғыласымен қауыштырып табыстырып тұрар еді. Пәтер ақы төлеген кезде мен қожайынды бір-ақ рет көргем. Ол сөйлескен кісіге көгілдір момын көзімен тесе қарайтын, бет-пішіні атты әскер пішінінен айнымайтын үйелмендей ауыр кісі екен. Ақшаны алуға келген кезде ол мені тап бір күнде көріп жүрген кісідей-ақ, ешбір сыр бермей меңірейіп тұрды да қойды. Күтуші әр қадамын аңдап басатын, шабан қимылды, жасы отыз бестер шамасындағы әйел-тін, ол маған мейманханадан түскі, кешкі асты әкеп береді, бөлмелерді сыпырып жинағасын өзіне кетіп қалады, өйткені, ол маған басқа ештеңенің қажет емес екенін біледі және менің өзге жұрт сияқты бейжай күйде, тісімді шұқып тұрып, жоқты-барды айтуға бас қатырмайтынымды сезеді. Сөйтіп, мен со пәтерге тұрып қалдым, бірақ бар болғаны жиырма алты күн тұрыппын. Маған әлденеше рет доктор Филатр келіп кетті.
І I т а р а у
Мен Филатрмен кісінің нәумез торығатын шақтары жайлы, саяхат-серуен мен оның әсерлері жайлы неғұрлым ұзақ әңгімелескен сайын, соғұрлым өзімнің іңкәр арманымның мәнісі мен тек-пішінін айқын біле түскендей болдым. Несін жасырайын, ол бір ғаламат үлкен нәрсе еді, бәлкім, оның қыр соңымнан қалмай қойғаны да содан болар, оның сын- сымбаты, архитектуралық тән дерлік сән-сәулеті
параллелизмнің үлгі-белгілерінен құралғандай еді. Біздің өзіміздің күнделікті күйбең тірлікпен, сезіммен жүргізетін қосар ойынымызды мен осылай деп атаймын. Бірінші жағынан, олар бізге аса қажет зәру нәрсе болғасын, біз оларға үнсіз көніп жүре береміз; құны алтынмен төленетін ақша сияқты болғасын, біз оған шартты түрде көнеміз; бірақ олармен арада келісімшартымыз жоқ, өйткені олардың қырық құбылып, өзгеріп кететінін сеземіз де білеміз. Картиналардың, музыканың, кітаптың осы ерекшелігі ежелден белгілі: бұл мысалдың көне екенін білсем де, бұдан тәуірірек басқа мысалым болмағасын әдейі келтіріп отырмын. Оның қатпар- қатпар әжімінде бұл фәнидің күллі сағынышы мен аңсауы тығылып жатыр. Жаны күйіп, жабыққан кезде, құмарлық пен құштарлықтың құрбаны болып, бұрынғы шыққан биігінен төмендеп түсіп кететін күйгелек идеалистің сиқы, міне, осындай. Өмір заңының кеспірсіз көріністері арасынан және оны мен менің рухымның арасындағы талас-тартыстан, көпке дейін өзім де байқамай, ұзақ уақыт тосын пайда болатын бір жарқын туындыны іздеппін: өзіміз жақсы көретін өлеңнің бізді айырықша таң қалдырған төрт жолы тәрізді (ондай жолдар әманда төртеу болады), бір суретті, табиғи жағдайдан туындаған бір ғажайып оқиғаларды, рухани қызғаныштың шүбә-күдігінен айылын да жимайтын оқиғаларды іздеппін. Әрине, мен өзімнің тілегімді, нені аңсайтынымды біртіндеп барып білдім және оны көпке дейін аңғармаппын да, сол себепті де осы қатерлі өсімдікті түп-тамырымен жұлып тастайтын кезді өткізіп алыппын. Олар бара-бара қаулап өсіп, мені көлеңкелі қою жапырағымен бүркеп тастады. Менің әлдекімдермен кездесуім, хал-ахуалым талай рет бір алдамшы ән әуезінің бас жағындай болып көрінді, әдетте, адам әннің басын көзін жұмбай-ақ тыңдайды ғой. Бағзы бір кездерде қалалар мен елдер маған нұрлы оттары алыстан жымыңдап әзер көрінетін өзгеше бір транспарантты алдымнан жайнатып жібергендей болатын, бірақ соның ізінше олар ызым-ғайым жоқ болып кететін; қатты иірген ұршықтан үзілетін шірік жіп сияқты бырт-бырт үзілетін.
Қолымды соза талпынған іңкәр арманымның өзі келмесе мен оны біле алмас та едім және оның кескін-кейпін нобай- нұсқасына қарап бейнелеймін деп жансыз бір суреттерлі салар едім. Мұны басқа бір мысалдан, мәселенки, жасанды бау- бақшадан дәлме-дәл көруге болады. Табиғаттың қазыналы қоймасынан күннің сұлу шұғыласы жайымен абайлап суырып алғандай болып көрінетін, ну орманның кездейсоқ бір бөлшегімен салыстырсақ, ол да со бір жансыз өлі сурет сияқты ғой. Сөйтіп мен өзімнің іңкәр арманымның не екенін ұқтым да, оған іштей бағынып-табына қойдым. Міне, осының бәрі жайлы, адамның тілегі, аңсауы жайлы, тағы басқа да толып жатқан мәселелер жайлы мен Филатрмен көп-көп сыр шертісіп әңгімелесіп жүрдім, әрине, мұндай гәп ол осы мәселені қозғаған күнде ғана туындап кететін. Менің бір байқағаным, Филатр іңкәр арманымды ойлап қиялданып, іштей толқып жүретініме ұдайы көңіл бөлсе керек. Ол үшін мен раушангүлдің жұпар иісті бір түрі сияқты болдым, бұл теңеу жұртқа ерсілеу болып көрінгенімен, түптеп келгенде дәл тауып айтылған. Со кезеңде Филатр мені Стерспен таныстырды, реті келгенде мен оның үйіне барып тұратын болдым. Мен осыдан біраз бұрын өзімнің сенімді кісім Лерхке ақша жібер деп хат жазғанмын, сол ақшаны күтіп жүргенде қимыл-әрекет орнына Стерстің үйінде ұзақ кешті өткізіп, гаваньға серуен жасап қайтып жүрдім; о жерде жағалаудың үстінен дүңкиіп көрініп тұратын орасан зор кемелердің көлеңкесінен жүрек тебірентетін сөзді, іңкәр арманымның белгілерін: «Сидней», «Лондон», «Амстердам», «Тулон» деген сөздерді тамашалап көп тұратынмын. Мен осы қалада болғанмен немесе келешекте болармын, бірақ гаваньдардың аттары маған дүниеде бар қалаларды емес, басқа бір Тулонды, өзге бір Сиднейді елестетеді, алтынмен басылған жазуларда әлі ашылмаған ақиқат бар сияқты көрінеді. Жарылқап тастаймын деп таң атады... дейді Монс, –
Жабыққан ұзақ күннен соң Қабағын түйіп, кеш келер. Монстің «таңертеңгі» сияқты гаваньда әрқашан уәде-үмітке бай. Оның әлемінде байқалмаған мән-мағына көп, алып кран түсіріп жатқан таудай жүкте де, діңгек-діңгектердің ортасында да, кемелердің темір бүйірлері қысып тастаған жағалауда да, тіпті біріне-бірі иін сүйеп тұрған кеме борттарының ара-арасындағы тар саңылаулардағы көлеңкеде, жабулы кітап сияқты, үнсіз тұнып жатқан теңіздің жасыл суларының өзінде де ашылмаған сыр-жырлар көп-ақ. Аспанға шырқап кетерін де, әлде жерге жайыла саларын да білмегендей дәу трубалардың түтіндері будақтап, бұрқырап жатады; машиналардың құдіретті күшін шынжыр-тетіктер әзер ұстап тұрады; олар айналса болғаны, кеме астындағы тұнық су бұрқылдап толқып ала жөнеледі. Портқа келісімен мен сонау мүйістің ар жағындағы алыс көкжиектен сәт сағатын күтіп тұрған кемелердің бугшприттері мегзейтін, ғажайып бір елдердің жағалауын көргендей болам; гуіл-гүріл, айқай-шу, ән мен күй, сиренаның ащы үні – бәрі- бәрі өзгеше құштарлық пен уәдеге толы. Ал, гавань аспанынан – елдердің елінен, жүректің орманы мен шөлінен, ой аспанынан – аңшы-саяттың ғажайып бір сырлы маралы – іңкәр арман жарқырап тұрады.
ІІ I т а р а у
Лерхқа не болғанын білмеймін, жедел жауап қайтара ма десем де ол үмітімді ақтамады. Тек Лиссте болған ақырғы күндерімнің бірінде, Лерх үйреншікті әдетімен, жауапты неге кешіктіргенін түсіндіріп жатпай, жүз фунт ақшаны жібере салыпты. Мен анда-санда Стерске соғып кетіп жүрдім, оған барғаннан ауру көзге салқын шүберек басқандай бір болмашы ләззат табам. Стерс карта ойнауды жақсы көреді – мен де соны ұнатам. Оның үйіне күн құрғатпай, кешқұрым біреу болмаса біреу келіп жатады, ал, мен болсам ішқұса болып
жүре бергенше біраз уақыттың «дұшпанымның» қолындағы картаны табуға кеткеніне қуанам. Көп оқиға басталатын күннің қарсаңында (осы әңгімені мен сол үшін жазып отырмын ғой) теңіз жағалауындағы таңертеңгі серуенім әдеттегіден ұзағырақ созылып кеткендей болды, өйткені табан астынан қарным ашып, жұпыны бір асхананың алдына, ақ, көгілдір гүлді шырмауық тектес бір өсімдік бүркеген террасаға келіп отырдым. Мен қуырылған мерлан (балық) жеп, артынан қызыл шарап іштім. Тамаққа әбден тойып алғасын барып мен асхананың алдына бір кеме келіп тоқтап жатқанын көрдім, жолаушылар басқышпен жамырай түсе бастағанға дейін тосып, жұрттың үйіне немесе мейманханаға жеткенше асығып-үсігіп әбігерге түсіп жатқанына қарап тұра бердім. Көп арасынан шаршаған, қалжыраған, ашуланған кісілерді көрдім, олардың кейбіреуі ашуын тежеп, шыдап бақса, енді біреулері шыж-быж боп ақырып-бақырып жатыр, қалың нөпірдің қимыл-қозғалысын күрт өзгертіп, жан беріп жатқан да солар сияқты. Осынау экипаждар мен туған-туысқандар арасынан, негрлер мен қытайлар, жолаушылар мен жүкшілер арасынан, тау-тау жүк пен сықырлаған дөңгелектер арасынан мен аспай-саспай, өзімен-өзі боп, керіліп келе жатқан сұмдық сабырлы біреуді көрдім – егер жай-жағдаятты ескерсек, бұл бір жиіркенішті паңдық еді, бейтаныс бір жас қыздың траппен төмен түсуінің өзі айтып жеткізуге болмайтын мінсіз бір ғажайып сурет сияқты еді, ол шамасы онша дәулетті болмаса керек, бірақ ол жүрген жерді, адамдар мен заттарды өзіне тәуелді етіп алатын құдіретті сиқыры бар еді. Мен оның бет пішінін борт үстінен, сансыз саквояждар мен қисайған қалпақтар арасынан көрдім. Ол айналасындағы абыр-сабырға ойлана көз тастап, жайымен түсіп кете жатты. Шыбықтай солқылдақ сұңғақтығынан ба әлде басқа бір себептен бе, әйтеуір оны ешкім де қағып-соғып кетпеді. Қыз жүксіз бос келеді, мойын бұрып ешкімге де назар салмады, қалың көп арасынан көзімен ешкімді іздемеді. Дәулетті үйдің басқышымен, қошаметтей ашылған есікке қарай тап осылай жүрер болар еді. Оның екі шамаданы екі қара торы жүкшінің
желкесінде, қыз соңынан жайымен жүзіп келеді. Қолын баяу қозғап, ол жүкті қай жерге қою керек екенін көрсетті, шамадандар кемеден аулақтау жерге – көшенің тап ортасына қойылды, қыз оның үстіне барып отырды, енді бұдан былай болар іс тек қана менің тілегіме сәйкес болуға керек, бірақ оған мен қолұшын беруге тиіс емеспін деген оймен, ол алдына сабырлы көз тастап жайбарақат отыра берді. Көп кісілерге айықпас пәле боп жабысатын осы мінез табанда өзін-өзі ақтағандай болды. Комиссионерлер, жүдеу- жадау біреулер мен бір келісті кісілер келіп, қызды қоршап алып, дабыр-дұбыр сөзге көмді де жіберді. Егер әбден жуылған, үтіктелген тап-таза көйлекті асығыс жұлқып ала салғанда қандай күйге түссе, қыз да тап қазір сондай күйге түсер деп ойлап қалуға болатын еді. Бірақ олай болмады... Сол өзімен өзі отырған күйін өзгертпей айналасындағы кісілерді асықпай көзімен бір сүзіп өтті де, қыз олардың біріне мысқылдап бір-ақ жауап қатты, бір рет ақсия күлсе, екінші рет қабағын түйді, қолын баяу созып комиссионерлердің біреуінің картішкесін алды да, оқып шыққасын самарқау күйі қайта бере салды, сосын сүйкімді басын иіп тағы бір картішкені оқи бастады. Кенет оның көзі кеше саудагері алдына тоса қойған бір стакан салқын сусынға түсті, күн шыжып тұрғасын сәл ойланып, стаканды алды да, өзіне тән қасиетпен тап бір үйінде отырғандай-ақ, шөлін қандырғасын оны қайтып берді. Бірнеше түкті қолдар шамадандар үстіне созылып барып, іліп алып тұра жөнелер сәтті күтіп, ауада аңтарылып тұрып қалғандай; мейманхана мәселесі әлі шешілмегесін, қыз мұның бәріне тіпті мән бермейтін де сияқты. Оның төңірегін ақ ниетті де, арам ниетті де, құрғақ қызықтаушылар да жиналып қоршап алыпты, қыздың самарқау сабырлы кейпі бұларға да әсер еткендей. Әрбір күнін жапырақтап бөліп, қырық саққа салып жіберетін сұғанақтар әлемінің адамдары көздері алақтап аңтарылып тұр, ал, бикеш болса көрінбес бір қорғаны бардайын, бұрынғыша алаңсыз жайбарақат отыр, кісі өз қадірін өзі
білсе көрінбес қорғаны сол екен және ол қасиет ана сүтімен бірге бітсе, адам оны тыныстаған ауасындай сезбейді екен. Мен бұл көріністі көз жазбай бақылап отырдым. Қыздың төңірегіндегі у-шу бірте-бірте басылды; әлемнің күллі гаваньдарының қиялға сыймайтын бір бастығының қызы жағаға келіп түскендей-ақ, жұрт сыпайы сырбаз бір күйге түсіп, қошамет-құрмет білдіргендей тыныштала қалды. Ал, қыздың (ой, шіркін өкімет-билік дегенді дәулетке балайды ғой) жұпыны ғана бәтес телпегі, үстінде матрос жағалы бәтес жейдесі мен көк жібек етегі бар еді. Оның көнетоз- тазығыр шамадандары үстінде иесі отырғандықтан да, жап- жаңа боп жалтылдап көрінеді. Қыздың әсем жүзінде қаталдықтық нышаны бар, тұп-тұнық күлім көзі мен ұзын да қалың кірпіктері ажарына ажар қосып қайдағы-жайдағына еске түсіреді. Оның кіп-кішкентай мейірлі қолы сабалақ бір тәбеттің басынан сипайды. Іңкәр арманның көмескі шуы талып естілетін көз алдымдағы көрініске тап осындай бір Поиск по сайту: |
Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.012 сек.) |