АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция

Х V І І т а р а у

 

Мен ескекті білігіне орнаттым да, белгісіз бірдеңені күткендей мелшиіп отырып қалыппын. Кенет палуба үстінен айқай-шу, дабырласқан, керілдескен дауыс естілді – оның оқыс басталып кеткені сонша, мен не екенін де білмей қалдым. Ақырында әлденені талап етіп жатқан бір әйелдің ызғарлы да қатал даусы естілді:

– Бұл менің ісім, капитан Гез. Менің қалауым солай болса жетпей ме!

Бұдан әрі қарай мен естіген сөздердің бәрінен таңдану, ашу-ыза аралас естіліп жатты. Гез былай деп ақырып қалды:

– Әй, қайықтағы қаңғыбас! Мынауыңды ала кет! – Кімге айтқанын қайдам, ол содан кейін: – мына әйелді қайда жасырып қойғанын білмеймін, – деді.

Ол маған екінші рет үн қатқанда да атымды атамады.

– Әй, қайықтағы!

Мен оған жауап бермедім.

– Шайтан атсын, оған өзің айт! – деді Гез дауыстап.

– Гарвей! – көзге көрінбейтін бейтаныс бір әйелдің бұрыннан таныс көрінген мөлдір даусы сыңғырлай шықты.

– Қайықты трапқа жақындатыңыз, трап қазір түсіріледі. Мен сізбен бірге кетем.

Әлі ештеңеге түсінбесем де, даусына қарап, бұл әйелдің Гез сыбайластарының бірі емес екенін білдім. Мен онша күмілжіп күйбеңдей қойғам жоқ, өйткені әбден лажы таусылған немесе өміріне қатер төнген кісі ғана қауіпсіз кемеден қалтылдақ қайыққа көшеді ғой. Трап сарт етіп, төмен қарай қиғаш құлап, шеті су үстіне келіп тиді. Мен қайықты жақындатып, траптан ұстап жоғарыға көзім талғанша қарасам да, ешкімді жыға тани алмадым.

– Мына ашынаңызды ала кетіңіз. Нағыз алаяқ екенсіз, – деді Гез.


 

– Мұны қалай істегеніне түсінсем, шайтанға жем болайын!

– деді Синкрайт дауыстап.

Мен біреудің келе жатқан тықырын естігем жоқ. Траптың төменгі жағынан плащқа оранған сұңғақ бір әйел үнсіз пайда болды да, қолын бір бұлғап, қайық ішіне дік етіп қарғып түсті. Жоғарыдағы палуба үстіне қарағанда төмен жақ жарықтау еді. Әйел маған байыптап бір қарады да, қымтанып алған плащ ішіндегі қолын бір сермеп, мен отырған скамейка қасындағы орындыққа келіп отырды. Оның қоңыр шілтерлі пердемен бүркеулі бетін анықтап көре алмасам да, жалт еткен қара көзінің отты жанарын байқап қалдым. Ол кемеге қарамақ боп бұрыла берді. Мен әлі траптан ұстап тұрғам.

– Бұның өзі қалай болды? – дедім мен аң-таң болып.

– Кісіні басынуын қарашы! Қайда барсаңдар – онда барыңдар, маған десең акулаға жем болыңдар! – деді Гез жоғарыдан.

– Қаныпезер қарақшы! – дедім мен шыдамай. – Сен бұл оңбағандығың үшін жауап бересің әлі! Көп ұзамай дәл маңдайыңнан оқ қадалуыңа тілектеспін.

– Оқ бір қадалуына қадалады, – деді әйел шімірікпестен селқос қана, мен со сәт селк етіп шошып кеттім. Мен оның мұнда қалай келгенін білмей сескене бастадым, әсіресе, осы бір қатал да қамсыз көздерінен сескенем.

– Кеттік бұл кемеден! – деді ол кенет маған қарай бұрылып. – Ескекпен итере салыңыз оны.

Мен солай жасап ем, толқын қайықты іліп ала жөнелді. Палубадан бізді жапа-тармағай мазақтап, кекетіп-мұқатқан дауыстар естіліп жатты. Ондай оңбаған сөздерді бұл арада келтіріп жатудың қажеті бола қоймас. Даң-дүң дауыстар мен кеме оттары қашықтай берді. Оның желкендерін жөндеп, қайта жүргеніне қараймын деп, қайықты қалай ескенімді де аңғармай қалыппын. Ұзамай кеме оттары кішірейіп, бір шоқ ұшқынға айналып бұлдырап бара жатты,

Жел сыртымыздан соғып тұрды. Менің есебім бойынша, енді екі сағаттан кейін таң саз беруі керек. Жарқырауық циферблаты бар сағатыма қарасам, төртке бес минут қалыпты. Толқын баяу тербейді, тіпті қауіптенбесем де болғандай.


 

 

Мен осы бір шытырман оқиғаның аяғы неде болса жақсылықпен бітеді ғой деп үмітендім, өйткені «Толқын перісінде» естіген сөздерге жүгінсек, мұхиттың Гариба мен түбек арасындағы осы бөлегінде кемелер жиі қатынайтын көрінеді. Бірақ менің енді көкейімнен кетпей койған жәйт: осынау зұлмат түнінде менімен бірге қайыққа келіп отырған кім және ол мұнда неге отырды деген мәселе еді.

Бұ кезде онша жарық болмағанымен төңірек анығырақ көріне бастап еді. Толқындар қара әйнек сияқты жылтырап жатты. Мен енді ойыма келген бірсыпыра табиғи да заңды сұрақтарды айтпақ болып оқтала берген кезде:

– Гарвей, жағдайыңыз қалай қазір? – деп сұрады.

– Сіз мені қайдан білесіз?

– Мен сіздің есіміңізді білем, енді өзімнің де атымды айтайын: Фрэзи Грант.

– Әуелі сіздің жағдайыңызды мен сұрауым керек еді, – дедім мен әйелдің жайбарақат үніне тағы да таңырқап. – Иә, тұңғиық мұхитта, мына бір қарғыс атқан қайық үстінде бізді жүзбе-жүз жолықтырған мәрт мінезіңізді көргеннен кейін «қал-ахуалыңыз қалай?» деп әуелгі сұрақты мен айтуым керек еді. Мен бұған аң-таң қалғам, енді, міне, естен айырылып қалғандай болып отырмын. Мен сізді кеме үстінен көргенім жоқ. Сізді күштеп жібермей қойған ғой деп ойласам оғаш кетпес пе екен?

– Күштеп?! – деді ол жайымен қулана күліп. – О, жоқ, жоқ! Ешкім ешқашан, еш жерде мені зорлап ұстап тұра алмайды. Олардың сізге палубадан айқайлағанын естіген жоқсыз ба? Олар сізді мені трюмге ме, әлде басқа бір жерге ме, жасырып қойған қу деп есептейді және сізді жалғыз жібергісі келмей, мені бірге еріп кетті деп ұқты.

– Мен сіздің кім екеніңізді, еркіңізден тыс сұрап біле алмаймын. Айтқыңыз келген кезде өзіңіз айтарсыз.

– О, айтамын әлі, Гарвей. Бірақ кідіре тұралық. Жарай ма?

Өзі керемет сабырлы болғанымен, осы жолы тебіреніп кетті ме деп ойлап: менің түйіншегімде шарап бар еді, аз ғана ішіп әлденіп алмайсыз ба? – деп сұрадым.


 

 

– Жоқ, – деді ол. – Маған оның қажеті де жоқ... Бірақ сіз, әрине, рұқсатсыз келіп, қасыңызға отырып алған бикештің кім екенін білгіңіз келетін шығар. Осында фонарь бар еді ғой.

Ол артына бұрылып, ұмсына түсіп, қайықтың тұмсық жағынан ішіне балауыз шырақ қойылған фонарьді алды. Әйелге оттықты беріп, шамның жануын күткен кездегідей мен өмірде қобалжып көрмеген шығармын.

Әйел осы шаруамен айналысып жатқанда мен онын нәзік қолын, фонарьдің жарық сәуледен бір түрлі жанданып кеткен темір кәсегін көрдім. Көлеңке көлбеңдеп қайыққа келіп түсті. Фрэзи Грант содан кейін фонарьдың қақпағын жауып, екеуміздің арамызға койды да, бет пердесін сыпыра салды. Мен бұл әйелдің тап со сәттегі бейнесін мәңгі ұмытпаймын. Шам жарығынан нұрланған әйел сәулесі баяу толқыған теңіз үстінде шағылысып жатты. Сәл ғана жымиып күлген оның дөңгелек нұрлы жүзі сәт сайын құбылып, тап қазір менің аң-таң ғып әбігерге түскенімді қызықтап отырған тәрізді. Бірақ оның қара көзі бедірейіп бір нүктеге қадалып қалғандай. Байыптап қараған кісі одан қаһарлы қайсарлықтың ұшқынын сезеді, тылсым тұйықтықты, қатты жымқырып қысып алған ернінің үнсіздігінен бетер бір мылқау үнсіздікті сезеді. Оның қара шашының арасынан інжу тарақ жалтылдайды. Піл сүйегі түстес шілтер көйлегі аппақ жүзі тәріздес ақ борық иінін жиектей, қыпша белін қымқыра төмен қарай толқындана төгіледі екен. Оның көлең-көлең етегінен алтын туфли киген кіп-киттәй аяғы тербеліп шығып тұр. Өзінің оқыс сұлулығын әдейі көрсін дегендей-ақ, ол қолымен қайықтың кенересіне сүйеніп, маған қарай сәл ұмсына түскен. Осынау бір ғажайып сұлу жан қауіп-қатері мол теңіз түнегінде емес, музыка мен қалың нөпірден шаршағасын, хан сарайының алыс бір бұрышына барып бір сәт тыныс алмақшы боп отырған кісі

сияқты.

Мен ешбір сөзді, дәлелді қажет етпей, аң-таң болып отырып қалыппын. Сезім-түйсігім көңілімнің әр құбылысын қалт еткізбей бағып, лыпылдап бабын тауып отырса да, осы сәт ақ алмастай жарқылдап, ой-санамды тұншықтырып басып


 

 

тастаған тәрізді, сол себепті де бір мең-зең марғау күйге түскендеймін. Тек кеудемнен, алқымымнан, самайымнан жүрегімнің дүрсілдей соққан үнін естимін. Ол бірде дүбірлеп қатты соқса, енді бірде үнсіз тынып қалған сияқтанады. Кенет мені бір сұмдық үрей қамады, қамады да ғайып болды.

– Қорықпай-ақ қойыңыз, – деді әйел. Оның даусы бір түрлі өзгеріп, маған таныс сияқты болып көрінді, со замат оны қашан естігенім есіме түсе койды. – Мен қазір сізді жалғыз тастап кетем, сол себепті де не айтатынымды жақсылап тыңдап алыңыз. Таң қылаң берісімен түстікке қарай беттеңіз де, күш-қайратыңызды аямай қайықты есе беріңіз, есе беріңіз. Күн шығар кезде сізге бір желкенді кеме жолығады да, мінгізіп алады. О кеме ГельТьюге бара жатыр, сіз бен біз сонда барғасын көрісеміз. Менің сізбен бірге болғанымды ешкім білмеуге тиіс, оны әзір сізге бейтаныс бір әйел ғана білмек керек. Сіз Биче Сениэльді бір көруге ынтық болып келесіз, онымен әлі жолығасыз, бірақ оған мен жәйлі ештеңе айтпаңыз. Теңіз үстінде жалғыздықтан жапа шекпесін деп мен сізбен аз да болса бірге болдым.

– Түн тастай қараңғы. Айналаң тулаған толқын, – дедім мен әйелге қарай-қарай көзім талғасын еңсемді көтеріп.

Әйел орнынан тұрып, қолын басымның үстіне салды. Қолы жарық шағылысқан мәрмәр сияқты жарқырайды.

– О жақта, тулаған толқын арасында, – деді баяу ғана перизат, – менің бір ғажайып аралым бар, ол бірте-бірте алыстап, алыстаған сайын жарқырап нұрлана түседі. Мен асығыспын, ынтызарым сонда. Таң ата сол аралды көруім керек. Хош! Сіз гүлшоғын әлі жинап жүрсіз бе? Оның гүлдері әлі жайнап тұр ма? Қараңғы жолдан жалыққан жоқсыз ба?

– Мен сізге не дейін? – дедім мен бәсең. – Сіз қасымда тұрсыз, менің жауабым да осы болар. Өзіңіз айтқан арал қайда? Неге жалғыз жүрсіз? Жолыңызда қандай-қандай қатер бар? Сізді сақтап жүрген не керемет?

– О, – деді перизат мұңайып, – тылсым түнекті ойлап қайтесіз. Мен өзіме өзім ғана бағынам және не тілейтінімді білем. Бірақ оны айтуға болмайды.


 

 

Шырақ жарқырай түсті. Оның жарығы көз шыдатпағасын мен көзімді тайдыра қойдым. Со замат теңіз толқынын қалтқы сияқты тілгілеп ойқастап жүрген қара қанаттарды көрдім. Олардың қайық соңынан қалмай әрлі-берлі жалақтап, кезіп жүргендеріне қарап, кеудеме бір қорқыныш келіп кіре берді.

– Мынау не? Төңірегімізді қаптап кеткен бұ не пәле? – дедім үрейленіп.

– Оған назар аудармаңыз және мені ойлап қам жемеңіз,

– деді ол. – Не болса о болсын, осы бір құтырына құнығып жүрген мақұлықтар енді маған зиян тигізе алмайды.

Ол осы сөздерді айтқанда мен оған қарай қойдым.

– Фрэзи Грант! – дедім мен ышқына айқайлап, өйткені көңілім елжіреп байғұсты қатты аяп кеттім. – Қайт кейін!

Әйел қайықтың оң жағында су үстінде тұр екен, енді толқын ағынымен баяулап қалып барады. Ол ұйықтап жатқан кісінің жылы төсегінен тұрып, оны абайсызда оятып алмайын дегендей-ақ, маған сәл ғана бұрылып, қолын көтеріп, қараған күйі ақырын жылжып шегініп барады. Менің қарап тұрғанымды көргесін басын изеп, жай ғана жымиып қойды. Орасан зор, аумақты күңгірт зат ішімен жүгіре жөнелген қыз сияқты, оның толқын үстімен самғап бара жатқанын мен

де еміс-еміс көріп қалдым.

Со мезет акулалар мен кісі зәресін алатын басқа да құбыжықтардың жалдары тұңғиықты қарауыта тілгілеп, бірде ытырына ыршып, бірде секектеп, су еркесі Фрэзи Грант ғайып болған жаққа қарай бұрылып маңып бара жатысты.

Мен жалғыз қалдым, теңіз үстінде тербеліп тұрып, фонарьға қарасам, шырақ әлсіреп сөнуге айналған екен.

Басыма бір үйір ой жамырай келіп кірді де, тым-тырс өше қалды. Өзімнің қайда, не істеп отырғанымды білмей сол арада біраз отырып қалыппын, сосын есім бірте-бірте жинала бастады. Шілтерлі көйлек киген әлгі бір жас әйел қашан, кіммен бірге отырып еді осы деп ойлаймын өзімнен өзім.

Мұхит беті құбылып өзгеріп бара жатқасын, мен де қайықты жайлап есе бастадым. Асықпай түстіктің қай жақта


 

 

екенін анықтап алдым. Бұлдырап толқынды төңірек те ашылып келеді, одан әрі шығыс көкжиектен жамырап жарық көтерілді, қалың бұлтты жара, шашырап от найзалары көрінді. Олар шығып келе жатқан күн желкендері тәрізденіп жан- жаққа маңып барады. Толқын жүзіне жылтырап шырай жүгіреді, жылы жел таң самалымен арбасып жатты, ақырында күн шұғыласы манаураған таң мұнарын сыпырып, күндізгі тірлік те басталып кетті.

Енді байқасам, түндегі оқиға ап-анық болып есімде қалмаған тәрізді, зымырап келе жатқан пойыз бен оның терезесінен жалт етіп бір көрініп, үйіріліп қалып жатқан табиғат суреттері сияқты, әрбір минут жаңа қашықтық, жаңа әсер әкеп жатқандай. Маған содан бері бірнеше тәулік өткендей болып көрінді, сол себепті де ол менің есімде еміс-еміс қалған шығар. Әсіре әсер де тап осылай тез ұмытылатын шығар. Қолдағы бет орамалды жел қалай тез жұлып әкететін болса, өткен істен де мен солай қашықтап, сұмдық шығандап кеткенімді сездім. Ол кезде мен өзімнің жай-жағдайымды дұрыс түсінетін қалде емес едім. Сезім-түйсігім жайшылықта кісі қиялына сия бермейтін қиын да ауыр жолдан өтіп еді. Қайықта соқа басым сояудай болып отырып, оны оңтүстікке қарай есе бердім, сонда Фрэзи Гранттың кіп-кішкентай ізін су бетінен табатын кісідей-ақ, ойлана жымиып теңіз үстінен көз алмаймын.

Шаңырқап шөлдеп қалғасын су ішпек болып кеспекке көз салсам, ол босап қалыпты, сосын бір шыны шарапты қағып салдым. Осы жолы шарап маған бұрынғыдай әсер етпеді. Менің жағдайымды бір қалыпты деуге де, бүлініп кетті деуге де болмаушы еді, – қараңғы үңгірден көкорай шалғынға шыққандай бір өзгеше күйде едім. Көкжиекке мұқият көз тастап, мен қайықты түстікке қарай есе бердім.

Ертеңгілік сағат он бір жиырмада көкжиектен арқанбауы тартылған қиғаш желкендер көрінді, ендеше желкендерінің ыңғайына қарағанда, ол сипай соққан желмен оңтүстік-батысқа беттеп бара жатқан шағын кеме болды. Кемені дүрбімен анықтап қарап алғасын, мен іштей оның бара жатқан жағына кесе-көлденең жүрсем, енді бір отыз-қырық минутте алдынан


 

 

шығам ғой деп ойладым. Кемеге жүк сықай тиеліпті, ол бір жағына сәл ауыңқырап бір қалыппен сыдыртып келеді.

Көп ұзамай палубадағы кісілердің мені байқап қалғанын сездім. Кеме баяу бұрылып, маған қарай беттеді, мен де жанымды салып қайықты есіп келем. Қатты айқайлаған дауыс жететін жерге келгенде мен дүрбісіз-ақ бірнеше кісінің мен жақтан көз алмай қарап тұрғанын көрдім. Олардың біреуі барлау трубасын көзіне тақап тұрған, ол қасындағы кісіні иығынан ұстап, трубасын шошайтып мені мезгеп көре бастады. Кемеге қарап, мен біразға дейін өз көзіме өзім сенбедім. Тек ондағы кісілердің жүзін анық көргесін барып, жүрегім орнына түсейін деді. Мені ала кету үшін кеме баяулап тоқтай берді, енді бір он минуттей қаттырақ ессем қасына жетіп барам. Жақындап келгесін мен ванттан ұстап, бортта бір қырын отырған әйелді қосқанда сегіз адамды санап шықтым, түрлеріне қарап, олардың таңырқап тұрғанын байқадым.

Кемемен арамыз жақындап, дауыстан сөйлесетін сәт келгенде, олар сөзді менен бұрын бастап кетті. Мен аузымды ашам дегенше, палубада тұрған кісілер маған тезірек жет деп дауыстады. Осыдан кейін маған жаны ашып дабырласқан дауыстармен бірге бір матрос төменге арқан тастады, мен оны дереу қайық тұмсығындағы білезік-темірге кигізе қойдым.

– Сізден басқалары суға кеткен ғой, шамасы? – деді ұзынтұра шкипер, өзіме тасталған арқан-сатыға аяғымды сала берген кезде.

– Теңізде жүргеніңе неше күн болды? – деді матрос.

– Ашқарақтанып асқа бас сала көрмеңіз! – деді әйел үрпиіп. Ол уыздай жас қыз екен, сол көзін қара орамалмен таңып тастапты. Көгілдір сау көзі мөлдіреп маған әрі шошына, әрі шаттана қарайды.

Палубаға шыққасын мен әлгі сұрақтарға жауап бердім, байқаусызда теңселіп кетіп ем, олар мені қолтығымнан демей қойды.

– Мен бір өзгеше жайтқа ұшыраған адаммын, – дедім мен. – Әуелі отыруға рұқсат етсеңіз. Олардың біреуі жалма-


 

 

жан бір шелекті төңкеріп қойып еді, мен оған отыра кеттім.

– Сіздер қайда жүзіп барасыздар?

– Өзі онша әлсіремепті! – деді шкипер.

– Біз Гель-Гьюге қарай жүзіп барамыз, – деді жалғыз көгілдір көзді. – Сіз енді қауіп-қатерден құтылдыңыз. Мен виски әкелейін.

Мен осынау ақ көңілді адал кісілерге анықтап қарай бастадым. Осы оқиғаға олар кәдімгідей әбігерленіп қалды. Арада біраз уақыт өткесін, қобалжыған көңілдерін басып барып, олар мені іштартқандай болды, сосын біз өзара әңгімелесіп кеттік.

 


1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 |

Поиск по сайту:



Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.011 сек.)