|
|||||||
АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция |
X X І І І т а р а у
Үстел мен ескерткіштің оң қанатында жүріс-тұрыс аз екен, өйткені экипаждар бірыңғай жүрсін деп алаңның осы жағындағы екі көше бекітіліп тасталған еді, сол себепті де экипаждар бір-бірімен соғысып қалмас үшін алаңның бір
жағымен жүріп, оның тік бұрышын жанай, айналып өтіп жатты. Мен де ескерткіштің со жағымен өттім. Шынында да мәрмәр тұғырдың бір бұрышы кетіліп қалыпты, бірақ бір жақсы жері, мұның атылғанынан бейхабар кісі бұл ақауды байқамауы да мүмкін. Ескерткіштің осы жағында мүсіннен сәл төменірек екінші бір «Георг Герд, 1909 жылдың 5 желтоқсаны» деген жазу бар екен. Қою түнде кішкентай аяқтың ізін қуалай тулаған толқын үстінде өткір бір жалқанаттар тұнжыр ирек қалдырыпты. Осы арада «Қараңғы жолдан жалықкан жоқсыз ба?!» деген жайдары сөз есіме түсті. Қара шілтер жамылып, бетін бүркеп алған екі әйел бір-бірін қолтығынан демеп жүгіріп өтіп бара жатты, кенет оқтың орнын қарап тұрған маған көзі түсіп кетті де, дауыстай тіл қатты: – Әйелді де ата ма екен! – деді олардың біреуі, екіншісі оған: – Бәлкім, ол есуас шығар! – деп жауап қатты. – Ақымақ қой, – деді біріншісі оған. – Қой, кеттік. Әйел сыбырлай бастады, бірақ менің естігенім: – Сіз білесіз бе, мынадай бір ырым болады. Соны сұрайықшы... – болды, ар жағы... а?! О?! Солай ма?» – деп барып құмыға бітті. Маскалар құпия сыр мен махаббаттың назды қоңыр күлкісімен бір-бір сыңғыр етіп, өз жөндерімен кетіп қалды. Мен үстелге қайта бармақ болып беттей бергенімде, шұбар көйлегін оқамен кестелеп тастаған бір жарты маскалы әйел көп ішіндегі біреуге қарағыштап, қасыма жетіп келді. – Сіз осы арада жалғыз тұрсыз ба? – деді ол асығыс, жарты маскасын құлағының түбіне бір қолымен жөндеп кигізіп жатып, ал екінші қолын мен кетіп қалмасын дегендей, маған қарай соза берді. – Тоқтаңыз, мен сізге біреудің сәлемін айтамын. Мен арқылы бір әйел сізге... (қазір! – деді ол дауыстап, көптің ішінен шақырған біреуге) театрға баратынын хабарлайды. Сіз оны театрдан қоңыр шашақты сары көйлегіне қарап тауып аласыз. Бұл оның шын сөзі. Шатастырып алмайсыз ғой әйтеуір? – әйел жүгіре жөнелмекші болғанда,
мен оны ұстай алдым. Карнавалда ойын, әзіл-қалжың көп болады. Бір кезде талай аңқауларды мен де дүниеде жоқ кісілерге жұмсап жіберетінмін, бірақ мына жәйт маған өзгеше болып көрінді. Қармаққа түскен балық сияқты ала жөнелген әйелді мен торғын шарқатынан ұстай алдым. – Сізді кім жіберді? – Жыртарсыз! – деді әйел, ол бір бұлқынып айналғанда шарқаты сусып менің қолымда қалды, сосын ол шарқатына тұра ұмтылды. – Шарқатымды беріңіз! Сол әйелдің өзі мені жұмсаған, айтты да кетіп қалды. Ах, мен серіктерімнен қалатын болдым-ау! Қазір! – деді ол айқайлап, алыстан шақырған бір әйелге. – Мен сізді алдамаймын. Алғыс айтудың орнына, жатады да жабысады бұлар! Болды енді! – ол шарқатын жұлып алып, басын бір изеп, жүгіріп кетіп қалды. Шын сырын білдірмей, әлдекім өзім туралы ойлай ма екен? Бөтен қаланың ойын-қалжыңы мен биіне мас болған қалың нөпір арасында, жеті түнде жетімсіреп жүрген бейбақтың жайын ойлайтын біреу болғаны ма? Менің жан тебіренісімде ту сыртымнан жасалған әрекет-қимылдың күңгірт ізі бар еді. Артымнан мені қолымен мегзеп, сыбырласқан кім екен? Дидарласпақ болған кім? Көлеңкеден күлімсіреген кім? Жарықта белгісіз біреу тымырайып тап қасымнан өткен бе? «Пәлі, ол Биче Сениэль ғой, басқа кім дейсің», – дедім мен іштей. Осы түнде мен тек со қызды ғана ойлаймын, сонымен кездесем бе деп өткен-кеткеннің жүзіне телміре қараймын. «Мен білмейтін бір дәнекер бар, ол осы арада менімен бірге, мен оны өз құлағыммен есіттім, ендеше жүруім, іздеуім керек!» Мен кісінің өзін өзі танымай жатырқап қалатын, жаныңмен қарманып жүріп ойланатын, төңіректегі түсініксіз жәйттерден қолы іліккен бірінші мән- мағынадан ұстап айырылмайтын есірік бір күйге түскендеймін. Дүниенің бәрі жабық, жеткізбейді, тек әрекет қана қалған. Айналама қарап, өткен-кеткеннен театр қайда деп сұрап жүрсем, ол қол созым жерде, тар тығырық пен алаңның бұрышында екен. Театр іші гу-гу. Шалқалай ашылған терезелерінен жарық құйылады. Іште оркестр құтыра ойнап
жатыр, ол ынтызар жұрт аңсарын бір шалқыма шадыман әуезімен тарта түседі. Вестибюльге тозақ келіп орнапты, мен жұрттың арқасы мен иықтарының, шынтақтарының ара- арасында қақтығысып-соқтығысып жүріп, әтір мен темекі иісі тұнып қалған қапырық-қапас ауаны алқына жұтып, басқышқа әрең жеттім, мұнда әлеміш масқа киген жұрттың бірі жоғары, бірі төмен түсіп, сапырылысып жатыр екен. Желпуіштер, гүлдер, туфлилер мен көйлектер бір көрініп жоғалады. Мен қысылып-қымтырылып жоғары көтерілдім, тек жоғары шыққасын барып еркін қимылдай бастадым, осы жерден – сол қанаттан үлкен фойенің гүлмен көмкерілген аркасын көрдім. Мұнда жұрт жағалай билеп жүр. Мен бұрылып қарап, қоңыр шашақ сары көйлекті әйелді көрдім. Көрген көзге ә дегеннен ұнайтын осы бір нәзік бейне мен келісімен залдың сол жақ мүйісінде тұрған диваннан ұшып түрегелді, сопақша үстел қасынан өтіп бара жатып, оны қағып кетті де, бұрылып қарады, ұзамай менің қасыма жүгіріп келіп тұра қалды да, жайымен басын шайқай берді. Көзінің орнын қиықшалап кескен жарты қара маскадан бір жәудір көз жаутаңдайды, қысыла күлімсіреген жүзінде ерке жанның сырлы назы бар. Оның костюмі матинэ мен маскарад қиялының арасындағы дүбәра. Оның жалпы сұлбасына қолпылдаған жеңдері мен қысқа етегіне ұзын қоңыр шашақ тағылыпты. Маска саусағымен ернін баса қойды, ал, екінші қолының саусақтарын жыбырлатып, мұртын ширатқан сияқты бір белгі жасады, сосын мені жеңімнен ұстап, сізді білемін дегендей ауаға «Гарвей» деген сөзді жазды. Осы оқиға өтіп жатқан кезде: менің Томас Гарвей екенімді, өзінің сәлемі бойынша келгенімді бұл қыз қайдан біледі дегенді түсінуге тырыстым. Мен қыздан бұл әрекет-қылығыңды дереу түсіндір деп айтпақшы да болдым. Бірақ маска тағы басын шайқады және осы жолы басын кінәлай шайқағандай болды, сосын өз кеудесін өзі түртіп көрсетіп, менен өзінің кім екенін білгісі келгендей ернін саусағымен жай ғана шапаттай бастады. – Мен сізді білем, бірақ дауысыңызды естіген емеспін, сізді көруін көрсем де, ешқашанда сөйлескем жоқ, – дедім мен.
Қыз бір сәт сілейіп тұрып қалды, бірақ маска қиығынан қараған жәудір көзінде бұған аң-таң қалған қасірет ізі бар еді. Кенет ол даусын кісі күлетіндей етіп өзгертіп: – Менің атымды айтыңызшы? – деді шіңкілдеп. – Мені шақыртқан сізбісіз? Ол бұған басын үсті-үстіне изеп жауап берді. Мен енді сауал бермей, күмілжіп қалдым. Егер мен о қыздың атын атасам, айдынды кешемін деп тұнықты лайлап, оған түскен аяулы бейнені үркітіп алам ба деп қорықтым. Маған оның есімін іштей біліп, атамағанымның өзі артық. Бірақ кішкене қол мені жеңімнен ұстап, жауап сұрап атымды айт дегендей жұлқылай бастады. – Биче Сениэль! – дедім мен бәсең, осы сөздерді өмірімде тұңғыш рет айтсам керек. – Лисс, «Дувр» мейманханасы. Сіз онда осыдан сегіз күн бұрын тоқтағансыз. Мен сізге не айтарымды да білмеймін, бірақ мен сияқты қарапайым кісінің айтқан сөзін де дұрыс түсінерсіз деп ойлаймын. Қыздың кейін шегіншектеп, қолын сылқ түсіріп, үнсіз тұрып қалғанын, бар болмысымен үндемей қалғанын көрдім де: – Қайдам, сіздің есіміңізді со жолы мейманханаға барып сұрауым керек пе еді білмеймін, – дедім мен тағы да. Қыздың ерні дір етіп, бірдеңе айтқысы келгендей ашыла берді. Ол біраз уақыт ернін тістеп, маған мүләйімси қарап тұрып қалды, сосын жалма-жан бетінен жарты маскасын жұлып алды, со замат мен Дэзиді көрдім. Қыз қанша ренжігенімен, басқа біреудің орнын басқанына разы екенін білдіріп, бір жымиып қойды. – Енді жасырынбай-ақ қояйын, – деді ол маған қолын ұсынып. – Сіз маған ашуланбайсыз ғой? Ал, хош болыңыз, мен асығыс ем. Ол бетін жасырып, мен абайламай ұстап қалған қолын тартқылай берді. Қолы босағасын ол менен бөлініңкіреп барып, бір қырын тұрды да, жарты маскасын кие бастады. Оның мұнда неге келгеніне жете түсінбесем де, қыздың мені жаңа костюмімен және оқыс қылығымен таң қалдырғысы
келгенін біле қойдым. Сол-ақ екен, өзімнен өзім жиреніп шала бүлініп қалдым. – Мен сізді ендігі «Сүңгуірде» ұйықтап жатыр ғой деп ойлағам, – дедім мен қыз соңынан еріп – Ескерткіштің түбінде тұрғанда неге қасыма келмедіңіз? Дэзи бұрылып кетті. Қыздың жүзі маған көрінбейді. Мына көйлегі өзіне керемет жарасады екен: өткен-кеткен еркектер әуелі соған, сосын барып маған қарайды, бірақ мен Дэзидің қатты абыржып тұрғанын сездім. Ол сөзінің ара-арасында мүдірістеп, біраз әңгіме айтты: – Оныңыз рас, бірақ менің ойым әлгіндей болды. Қой, сіз оған қысылмаңыз? Сізге мен бөгет болғым келмейді, болмаймын да. Мына бір арзан көйлек қолыма түскесін, сізге бір көрініп, көңіліңізді көтерейін деп келе салғам. Тоббоган бір жерде кідіріп қалды да, мен бір көл-көсір жиһаздың ішіне түсіп кетіп, біраз жүріп қалдым. Сізді кездейсоқ көріп қалдым. Ескерткіштің түбінде жалғыздан- жалғыз тұр екенсіз. Бұл шынында да Фрэзи Грантты бейнелеген бе? Бір түрлі ғажап нәрсе! Осы араға жетем дегенше, жұрт мені шымшылап зықымды шығарды. Ой, Тоббоган маған кейитін болды-ау! Дереу барып қобалжыған көңілін басайын. Қажет болса сіз енді өз жөніңізбен жүре беріңіз, – деді ол басқышқа қарай беттеп бара жатып, менің соңынан ергенімді көргесін. – Мен ендігі жолды өзім де білем, кісілерді тауып алам ғой. Алдыңыздан жарылқасын! Маған онымен бірге жүру қажет емес және бірге жүретіндей шаруам да жоқ еді, бірақ өзімнен өзім абыржып, басқышқа жетіп тоқтай қалдым да, Дэзидің басын сәл ғана қисайтып, кеудесіндегі шашақты талдай ұстап, жайымен түсіп бара жатқанына қарап тұра бердім. Оның тал шыбықтай солқылдаған денесі кенет илікпей сіресіп қалса да, именіп қысылып бара жатқандай. Ол бұрылып қарамады. Дэзи қалың нөпірдің арасына сіңіп жоғалып кеткенше орнымнан қозғалмадым. Сосын фойеге қайтып келіп, әлгі қыздың жайдары еркелігін көтере алмағаныма қатты өкініп, бір күрсініп қойдым. Оның күтпеген жерден тез болғандығы
сонша, мен оған жөнді әзіл де айта алмадым, тіпті жылы пейілімді де білдіре алмай қалдым. Онша орынды болмаса да, мен дөрекі мақұлық деп өзімді келістіріп бір боқтап, өзімді өзім іштей кінәлап, опынып, қалың көп арасымен қағылып-соғылып жүре бердім. Со сәт би де бітті, музыканың да үні өшті. Қарсы есіктен маған қарай екі кісі беттей берді: жылы жүзді, кесек мүсінді, ұзын бойлы теңіз офицері әлгіде ғана кеткен Дэзиді қолтығынан ұстап келе жатты. Әйтеуір қоңыр шашақты көйлек пен нәзік сымбат сол қыздікі. Кенет мені бір жел көтеріп кеткендей, ұйтқыған көңілім бір сәт басыла қалды. Мен әуелі дір етіп шошып кеттім де, соларға қарсы жүрдім. Енді шүбә қалмады: Дэзидің маскарад қосары Биче Сениэль болып шықты, мен оның бет-жүзін ап-анық көргендей болдым және бұл айтқаным даусыз шындық еді. Оларға жақындай берген кезден мен осынау жаңа, бірақ таныс тұлғаның сырт бейнесінен ішінде тұнып жатқан құпиясын Дэзидің ішкі құпиясынан ажыратып анық сезгендей болдым. Бірақ мен олардың бойларының, шаштарының түр-түсі мен дене бітімдерінің, тіпті жүріс-тұрыстарының кереметтей ұқсастығын бірден байқадым, осының бәрін ой-санаммен шолып жатып, оларға тәжім етіп, тіл қаттым: – Биче Сениэль, бұл – сізбісіз. Мен сізді бірден таныдым. Қыз селк етіп шошып кетті. Офицер аң-таң болып маған күлімсіреп қарай берді. Мен дереу өзімді еркін билеп алдым да, асып-саспай олардың жауабын күттім. Қыз жүзі шырайланып қызарғандай болды, жарты маска көруге бөгет жасағандай-ақ, ол төменгі ернін сәл ғана шүртитіп, күліп жіберді, бірақ күлкісі зорлана шыққандай еді. – Биче Сениэль? – деді ол сылдыраған тұнық дауысын созып, жорта самарқау күйге түсіріп. – Ах, кешіріңіз, мен оны білмеуші ем. Мен – ол емеспін. Карнавалдың жұртқа ортақ әзіл-оспағы әуенінен құтылмақ болып, сөзімді сабақтай түстім: – Сіздерден кешірім өтінем. Менің сізді білгенімді былай қойғанда, біздердің ортақ таныстарымыз бар. Осында
келерде бірге аттанған капитан Гез, ендігі бұ қалаға келген де шығар, бәлкім, кеше келген шығар. – О! А! – деді дауыстап қыз, мүлде қайран қалғанын жасырмай. – Бұдан әрі сөзіңізді жоққа шығара беретін мен сонша өр көкірек жан емеспін. Лаж қанша, маска қайдан қорған болсын. Менің бір ғажап қалатыным – сізді өмірімде тұңғыш рет көріп тұрмын. Мен енді сіздің жеңісіңізді мойындауым керек қой. Қобалжыған көңілін осы сөздермен бір аулап, қыз жарты маскасын шеше берді, со замат мен Биче Сениэльді көрдім. Ол маған қас қағымда анықтап бір қарады. Мен тәжім етіп, аты-жөнімді айттым – Меніңше, көрегендігіңіздің нәтижесіне өзіңіз де ғажап қалып тұрған сияқтысыз, – деді ол. – Несін жасырайын, мен әлі ештеңеге түсінгенім жоқ. Мен көзіммен де, үнсіз кейпіммен де әңгіме кезінде үшінші кісі болмаса екен деген ұғымды сездірдім. Қыз оны бірден түсініп, офицерге бұрылып қарады да: – Менің бауырым Ботвель. Иә, солай, сөйлесу керек екенін ұғып тұрмын, – деді. Қолын айқастыра ұстап тұрған Ботвель көз қиығын Бичеден маған салып, ойнақы тіл қатты: – Қымбатты апай, сіздің қалай жазаланғаныңызға кісі ақылы жете бермейді. Сіз бір сөзіңізде мені сен де танымайсың деп едіңіз. Мен Нувельге барып, Латорнге жүру жайын сөйлесіп қайтайын. Бізді қайдан табатынын анықтағаннан кейін ол басын изеп, жалт бұрылды да, залды көзімен бір шолып өтті, сосын саусағын шырт еткізіп, әріректе қолтықтасып тұрған бір топ әйелге қарай асықпай маймаң басып бара жатты. Оларға тақап барып, қолын көтеріп бірер бұлғады да, ала-құла топ арасына кіріп көрінбей кетті. Биче маған көңілі алабұртып шыдамсыздана қарап тұр. Алдағы әңгіменің оңай болмайтынын білгендіктен мен онша асыға қоймадым, біз гүлді кеңесхананың төріне келіп отырғаннан кейін қыз бірінші болып сауал қойды:
– Сіз «Толқын перісімен» келдіңіз ғой? – Осыны айтқасын Биче жарты масканың қиығына шынашағын сұғып оны айналдыра бастады. Оның осы қимылы көңілімді алаң етіп, сөзімді шатастыра берді. Менің шатасқан себебім, әуелгі кезде қыз жәйлі айтқым келмеді, бірақ оны айтпай болмайтынын сезгеннен кейін ойым бір жүйеге түсіп, сөзім де түзеле бастады. Жағалаудағы көрініс жөніндегі яғни осы қыздың өзі жөніндегі әңгімені бар ынта-ықыласымен байыптай тыңдағаны үшін Бичеге қатты разы болдым. Тек «Дуврға» телефон соққанда мен Анна Макферсонды шақырыңыз дегенімді айтқан кезде ғана ол бір жымиып қойды. – Құлағым сізде, тыңдап отырмын, – деді ол, сосын шын көңілден: – Мен сіздің өзім туралы айтқан сөзіңізді кәміл ұқтым және оны көз алдыма елестете алам, – деді жәйімен. Осыдан кейін көп ұзамай Биче жарты маскасын қайта киді, содан кейін менің көңілім де байыз тауып, арқа-басым кеңіп қалғандай болды. Енді мен мына әңгімеме оның қалай қарайтынын, қыз ернінің жыбырлағанына қарап айыратын болдым. Жағалаудағы жәйтті айтқасын бүгінгі кешті сөз етуге де жол ашылды. – Енді сіз маған қайтсеңіз де сенесіз, өйткені көп жәйтке өзім де түсінбеймін, көп жәйтті сәтімен болған олжадай көрем. Мен Дэзи жайын айтпай-ақ қояйын деп едім, бірақ басқа лаж қалмады. Мен о қыздың әзілдеп ойнағанын, тап осындай екінші бір қоңыр шашақты сары көйлекпен кездескенімді, яғни Биченің өзімен кездескенімді айттым. Бұған қоса мен бір костюм тап осылай екінші рет қайталанғандықтан да сізді айнытпай таныдым деді. – Демек, сіз менімен кездесетінінізді білгенсіз ғой? – деді ол. – О, мұныңыз қиын екен! Иә, бірақ әлі Гез бар ғой. Әрине, ол сізге мен туралы айтқан шығар?! – Жоқ.
– Көйлек, мына бір костюм, шамасы, біз әлі бір-бірімізді түсінеміз ғой деймін. Дәл осындай екі көйлек бар-тын. Мен оны бүгін бір шеберханадан сатып алғам. – Ол кеудесіндегі шашақты бір сипап, сөзін жалғай берді: – Со шеберханаға кірісімен бірнеше костюм ішінен өз костюмім көзіме оттай басылды. Қалған киім онша көп емес-тін. Мен мынаны алам дедім. Қожайын әйел маған белгісіз бір әйелдің екі костюмге заказ бергенін, бірақ оны сататынын, өйткені тапсырыс иесінің келмегенін айтты Сосын мен көйлектің біреуін алдым. Демек, екінші көйлек сіздің танысыңызға кездейсоқ тап болған. Мұнан басқа не болды дейсіз? – Солай болса болған шығар, – дедім мен үш кездейсоқ жәйттен құралса да, ойдан кетпей қойған оқиғаны оңайырақ түсіндірмек болып: – Мен енді сізге Гез бен кеме жайын баяндайын. – Оның ешбір құпиясы жоқ, – деді Биче сәл ойланып барып. – Біз қанша шатасқанмен бір келісімге келеміз. О кеме біздікі, менің әкемнің меншікті мүлкі болатын. Гез оны қулық-сұмдық жолымен иемденіп жүр. Иә, біздің дидарласуымыздың өзі көрген түс сияқты бұлдыр бірдеңе, бірақ соның не екеніне өзім де түсіне алмай отырмын! Менің Гель-Гьюге келген мақсатым – Гезді күштеп те болса, «Толқын перісін» өзімізге қайтып беруге көндіру. Сіз Гезді аузыңызға алысымен өз атымды айтқаным да содан. Мен оны күтіп жүрмін және одан біраз мәлімет алам ғой деп ойлаймын. Музыка мен би қайта басталды: еден қозғалып селкілдеп кетті, Гездің қулық-сұмдығы деген сөзінен қыздың о кісіге қалай қарайтынын айқын сездім, сол себепті де капитанның каютасында қыз суретінің тұрғаны жөніндегі дүдәмал-күдік сейіліп сала берді. Биченің кісіге қарауынан, сөйлеу мәнерінен жылы шырай, зерек сезімталдығы байқалады, менің шешіліп сөйлей алмағандығым да содан, мен оған осы келуімнің өзгеше себебі бар екенін айтпақ түгіл, тұспалдап та білдіре алмайтынымды сездім. Сондықтан да Стерстің үйінде болған жәйт жайлы да жұмған аузымды ашпадым.
– Көп ақша төлегесін, Гез маған кемеден бір каюта бермек болып келісті, сосын біз жүріп кеттік, бірақ мас әйелдерге жасаған әдепсіз әрекеттің әлегінен, мен де қарап тұрмай, бейбастақ жәйтті тыймақ болдым, Гез сонда мені ашық теңізге лақтырып тастап кетті. Оның жауыққаны сондай, менен құтылу үшін қайығын да аямады. Әйтеуір әлі көрер бағым бар екен, ертеңгілік Гель-Гьюге бара жатқан бір шағын шхуна кемесі мінгізіп алды. Мен мұнда бүгін кешке салым келдім. Осы әңгіме Бичеге қатты әсер етті, ол дереу жарты маскасын шешті де, бізді осы айырғаның да жетер дегендей оны енді қайта кимеді. Мұның орнында өзге кісілер болса кіжініп, лағынет айтар еді, бірақ ол дыбыс шығармады, қабағын түйіп, қысыла бір тыныстады да қойды. – Пәлекетін! – деді ол, қыздың осы бір сөзі талай леп белгісіне татитын еді. – Демек, Гездің өзі... Мен оның жексұрын екенін бұрын да білуші едім. Бірақ оның қолынан жауыздық келетінін білмеуші едім. Сөзге елігіп отырып мен Фрези Грант туралы айтқым келді, өзіме жаутаңдай қараған көзден, үстел шетіне кеп саусағының ұшымен жата қалған қыз қолының еріксіз қимылынан мен қайық үстінде өткізген тылсым түн жайын айтудың реті енді келді деген бір нышанды сезгендей болдым. Сол арада айтуға болмайды деген сөз есіме түсті де, «неге?» деген бір сауал көмейіме келіп тығылып тұра қалды. «Неге?» деген сауалдың төркініне түсінсем де, со мезетте оны әдейі түсінгім келмеді. Бірақ оны айтар тіл әлі күрмеліп жатыр еді. Портретті көргенімді қозғамай, әңгімеге тікелей қатысы бар жәйттерді қосыңқырап, Гезбен арамызда болған оқиғаны жырдай ғып айтып бердім, Биче осыдан кейін маған сенді ме қайдам, әйтеуір, кеменің күллі тарихын, өзінің осында неге келгенін баяндап шықты, «Толқын перісі» кемесін қыздың әкесі Биченің шешесіне арнап әдейі жасатқан екен, ол өзі осыдан сегіз жыл бұрын дүние салған, әсіре әсершіл, құбылмалы ерке мінезді әйел болыпты. Кеме капитаны Гез екен. Бутлер мен Синкрайтты
Биче білмейді, олар кеме Гездің қолына көшкесін барып қызметке түссе керек. Сениэль бар байлығынан айырылып, кедейленіп қалғаннан кейін кемені жасатқан ақысын төлеуге де ақшасы болмайды, әйелі жанындай жақсы көріп, талай рет саяхат-серуен құрған кемені ол соның көзіндей көріп қасиеттеп сақтайды, со кезде Гез Сениэльге кемені сақтап қалу үшін оны капитанның меншігіне көшірген болыңыз дейді. Гез істі күллі жөн-жосығымен реттеп қояды, бұған қоса ол Сениэльдің мойнындағы борышының жартысын төлейді. Сосын кемені өз мақсатына пайдалануға үзілді-кесілді тыйым жасалғанына қарамастан, Гез бұл өз меншігімдегі кеме деп жұртқа жария етіп, «Толқын перісін» басқа портқа апарып қояды. Сотқа барып жүгінуге іс жағдайы көтермейді. О кезде өзімен істес бөгде біреудің кәсіпорны жойылғаннан кейін Сениэль едәуір сома алуы керек екен, бірақ сол ақша кешеуілдеп қалады да, ол Гезден өз кемесін өзі сатып ала алмайды. Ол Гез ақша тілеп жүр екен деп ойлайды. – Бірақ Гезге керегі ақша емес, – деді Биче, маған ойлана көз тастап. – Оған менің қатысым болды. Оның өзі ұзаққа созылып, өзімді де әбден жалықтырды. – Не болғанын өзіңіз түсінерсіз дегендей, ол жымиды да қойды. – Гәп осында жатыр. Өз басымды қорғайтындай ол менің ізіме түскен жоқ, тек ұзақ-ұзақ хат жазып маза бермеді, соңғы хаттарында (мен бәрін де оқыдым ғой) ол тұп-тура арылмас бір ойға түсіп, әлденені сезгендіктен де кемені ұстап жүрмін деп жазыпты. Сондағы оның сезетіні, «Толқын перісін» қайтармасам, менің маңдайыма жазылғаны... соның әйелі болу, – иә, иә!–ол тап осылай ойлайды. Иә, ол сондай. Өзі бір түрлі қызық адам, о жөніндегі біздің осы арада айтқан әр түрлі пікірлеріміз де орынды. Қайдағы бір кітаптың әсерінен ол екі-үш күнге өзгере де салады. Ол өзі жоққа сенгіш және жұртты да соған сендіруге тырысатын ырымшыл адам, мәселенки, сырт көзге қайырымды немесе «еті тірі» мелодрамалық бір оңбаған болып та көріне алады. Солай емес пе?– Қыз күліп жіберді. – Бұған енді көзіңіз жетті ғой. Бірақ оның түп төркінінің не екенін шайтан да білмейтін
шығар! Әуелгі кезде – бізде жүрген кезін ғана айтам – ол өзге кісі еді. Тек оқта-текте бір аты шығып қалып жүретін, бірақ оған ешкім де назар аудармайтын. Мен үндемей отыра бердім, қыз өз ойына өзі жымиып күлді де қойды. –«Толқын перісі!» – деді Биче шалқая түсіп, тізесінің үстінде жаткан жарты масканы бір қозғап. – Әкем болса әбден қартайды. Оның өзі кәрі ме, әлде таяғы кәрі ме, о жағын анық білмеймін, өзі қазір таяқсыз жүре алмайды. Бірақ ақшамызды алдық әйтеуір. Енді дүниені әбден шайқап, мәнді де сәнді, үлкен де ұзақ ғұмыр кешіп, жер шетіне таянғанда шешемнің әзіз бейнесі қарияның көз алдында бұрынғыдан да ашылып жайнай түскен сияқты және оған байланысты әрбір зат зейін-зердесінде жатталып қалған сияқты. «Толқын перісінің» ұры-қарыға олжа боп, қап- қанарларды тиеп алып, олай-былай жүргеніне әкемнің қаншама азапқа түсетінін мен өз көзіммен көріп-біліп жүрмін. Мен жеті мыңның чек-қағазын алдым... Мінеки: сіздің көзіңізден «Өжет, батыл...» деген сөздерді оқығандаймын. Гәп мынадай: маған солай көріне ме қайдам, әйтеуір, Гез мені аздап та болса сыйлайтын сияқты. Бірақ бұл сезім оның ақша алуына бөгет болмайды. Әр алуан сезімнің осылай тоғысуын «психология» деп атайды. Мен біраз мәліметтер жинап, шал әкеме тосын бір тарту тартпақ едім. Өзіме белгілі хабарларға сүйеніп Лисске Гезден бір күн ертерек барыппын, сонымен мен енді оның Лисске соғатын-соқпайтынын немесе Гель- Гьюге тікелей тартатынын білмей, осы жаққа пойызбен келіп түстім, өйткені ол қайткен күнде де осында келеді, бұған күмән жоқ. Оған хат жазып әуре болмау керек және ол қауіпті де, менің хатым оның қолына түспеуге тиіс. Ал енді мен ең әуелі сізді бізбен жолықтырған не құдірет екеніне ақылым жетпей аң-таң қалып отырмын. Өзімнің ә дегеннен аңқылдап ашыла салғаныма кайранмын. Бұл джентльменмен сөйлесіп көрмегендіктен емес. Бұл тіпті менің мінез-құлқымнан аулақ жатқан әдет. Мен, шамасы, толқып кетсем керек, Сіз Фрэзи Грант жайлы аңызды білуші ме едіңіз?
– Білем. – Ол «Толқын перісі» ғой. Гель-Гью де бір өзгеше қала. Мен оны жақсы көрем. Шынымызды айтсақ, біз, Сениэльдер мейрамның қаһармандарымыз: біздің осы аттас «Толқын перісі» деген кемеміз бар, оның үстіне менің шешемнің төркіндері Гель-Гьюден, шешем – осы қаланың іргетасын қалаушылардың бірі Вильямс Гобстың ұрпағы. – Сіздің әкеңіз кемені Гезге қалай өтірік сатса, оның Браунға өтірік өткізілгені мәлім шығар? – дедім мен. – О, әрине! Бірақ Браунның бұл іске ешбір қатысы жоқ. Күллі шаруаны Гездің өзі тындыруы керек. Міне, Ботвель де келді. Бері келе жатқанда Ботвель қалың нөпір арасынан бізге байыптап бір қарады да, екеуміздің де үндемей соны күтіп аңырып қалғанымызды көріп, қасымызға жеткенше асықты. – Не болғанын білесіз бе, – деді Биче оған. – Біздің жаңа танысымыз Томас Гарвей «Толқын перісінде» Гезбен бірге болыпты. Гез осында көрінеді немесе ұзамай осында келеді дейді. Қыз осы оқиға жөнінен бөтен сөз айтпады, шамасы, айтқысы келсе жанжал жайлы, Гездің қылмысы жайлы менің өзім айтсын деген болуы керек. Маған қыздың ибалы сыпайылығы ұнады, Биченің сөзін қысқа ғана қостадым да, саяхат-сапарымның ұзын-ырғасын Ботвельге айтпай үнсіз отырып қалдым. Биче тағы сөз бастады: – Мені тосыннан танып қойды, бірақ тым күрделі, тым қиын жолмен таныды. Сізге кейін айтармын. Біз осы арада біраз сыр шертістік. Қыз өзінің алдында тұрған міндет-мақсатты менің кәміл білетінімді айтып берді, – Иә, – деді Ботвель, – қаныпезер бір қарақшы біздің Бичені қанжарын жалақтатып қуып жүр. Оны жұрттың бәрі де біледі, басқа сөз қалмаса, кейде олар мұны әңгімеге азық қылады. – Күліңдер түге! – деді Биче дауыстап. – Күлкісіз де менің өз әңгімем өзіме жетіп жатыр!
– Біз, Гарвей екеуміз, Гезге бірге барамыз да, әңгіме кезінде қасында тұрамыз, – деді Ботвель. – Одан ештеңе де шықпайды. – Биче бір күрсініп қойды. – Гез онда бізден сыпайы сазарып отырумен-ақ өшін қайтарады да, мен аңқиып далада қалам. – Сіз мына бір жәйттен қауіптенбейсіз бе... – Менің сауалымды аяқтатпай-ақ, қыз менің ойымдағыны түсіне қойды. – О-о! – деді ол маған жайнаң көзімен жалт етіп бір қарап. – Керемет түні созылып кетіпті ғой. Біздің кетуіміз керек, Ботвель. – Кенет жадырап, жайнаңдай бір күлгенде мүлде өзгеше болып құлпырып кетті де, кіп-киттай қойын дәптеріне бірер сөз жазып, маған бере салды. – Сіз біздің үйге келерсіз, – деді Биче. – Мен сізге мекенжайымды бердім. Әп-әсем ескі көше, ескі үй, қос қария және мен. Біз қайтсек екен? Мен сізді ертең түскі асқа шақырам. Мен алғыс айтқаннан кейін Биче мен Ботвель орындарынан тұрды. Маскарадта жүрген қалың көп арасымен сығылыса жүріп, мен олармен залдың шығар есігіне дейін бірге бардым. Биче қолын ұсынды. – Демек, бәрі де есіңізде ғой? – деп ол маған қулана қарап, еркелей тіл қатып. – Тіпті жағалаудағы жәйтті де білесіз, ә? (Ботвель түсінбесе де ыржиып күле берді.) Кісінің жады дегеннің жаман нәрсе екені рас. Бұған қалай қарайсыз? – Бірақ осы жолы олай деуге болмас. – Сонда қашан айтпақпыз? Кәне, Ботвель, мұны Герда Торнсонға жеткізбесек болмайды. Оған біраз ермек болады. Көңіліңізге келмесін, – деді қыз маған қарап. – Көңілді әзілмен жұбатпасам болар емес. Бәрі де қиындап кетті! Тіпті қиындап кетті. Күллі өмір солай! Бір нәрсені ұқпасам, соған қатты қиналам, бірақ әйтеуір соны ұғуға тырысам. Ертең сіз маған қолұшын бересіз бе? Мәселенки, әлгі екі көйлекті айтам, Осында бір гәп бар! Көріскенше. Ботвельмен кетпекші боп бұрыла бергенде, мен оның жүзіне бір қырынан қарап ем, әлденеге түсінбегендей ойға шомып
бара жатыр екен. Олар өзара жайымен сөйлесіп бара жатты да, есіктен шыға бере екеуі бірдей маған бұрылып қарасты, олардың осы қимылын сыңайынан таныдым да, мен де бұрылып кетпекші болдым. Әлгіде ғана танысқан осы бір қыздың өзіме сонша қымбат екенін мен енді ғана сездім. Ол кетіп қалса да, қиылып қасымда тұрғандай. Өз ойыма малтығып келе жатып, жұрттан біраз теперіш көрсем керек, біраздан кейін барып есімді жидым, сосын залдан басқыш арқылы түсіп, бүйірдегі есіктен көшеге шықтым. Басқышпен түсіп келе жатып, осыдан бір сағат бұрын ғана көйлегінің шашағын тарамдап Дэзидің осы арамен төмен түскенін есіме алдым. Сол-ақ екен, шын көңілден елжіреп, оның жайлы жатып, жақсы тұруын тіледім.
Поиск по сайту: |
Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.023 сек.) |