АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция

X X V І І І т а р а у

 

Бұған дейін әбден есім шыққаны соншалық, тіпті қамауға алындыңдар деген хабарды да, осы бір сүреңсіз уақиғаның жалғасы ғана деп білдім, ал енді күтпеген жерден Бутлердің әлгі сөзін естігенде жұрттың көзінше тағы бір қылмыс жасалғандай, төбе шашым тік тұрды. Биче Сениэль қасын керіп, көзі бақырайып оған қарап қатты да қалды, өзі енді ғана «үһ» дегендей, әр қимылын қалт жіберер емес. Оңға басқан қандай іс болса да өз шапағатымнан деп білетін шенеунік дәл бұл өзі ойлағандай дөкір куә емес, нағыз қылмыскердің өзі болып шыққан соң, мына шытырман уақиғадан басы қатқан комиссардың да көңіл күйі өзгерді.

– Осылай болуға тиіс еді, – деді ол мардымси сөйлеп, тіпті, өз сөзіне өзі сеніп қалған тәрізді. – Куәлардың көзінше қылмысын мойындаған Элиас Бутлер, отырыңыз да қалай болғанын бастан-аяқ баяндаңыз.

– Мен, – деп бастады сөзін Бутлер, абақтыға жеткізбей қоймайтын мына жағдайының ауыртпалығына ептеп еті үйренейін деген соң, – мен бәрін де бастан-аяқ айтып беруге бекіндім, өйтпейінше Гездің қалай өлгені беймәлім болып қала бермек. Бұл оқыс болды, оны өлтіру ойыма да кіріп- шықпаған еді. Ал, үндемеген себебім мына бикешке пәлендей қауіп төне қоймас деп үміттеніп ем. Олай болмады. Адал адам нақақтан нақақ күйіп кететін түрі бар. Ештеңені түсіндіріп бере алған жоқ, демек, оны қамауға алуы шарт. Әрине, бұл дұрыс та. Бірақ, мен жексұрын емеспін. Мойындауым керек болды. Қылмыскердің жеке басына үміт артатынын бикештің өз аузынан есіттім. Сіз басқаларды жауаптап жатқанда не айтарымды алдын ала ойлап отырдым, ақыры орнымнан тұрып Гезді атқан мен деп мойындағаннан басқа амал жоқ деген ойға келдім.

– Рақмет сізге, – деді Биче ықыласы түсіп, – адал адам екенсіз, қажет болса сізге қолұшын беруге әзірмін.

– Қажет болары хақ, – деді Бутлер зорлана жымиып. – Жарайды, енді түгел баяндайын. Сөйтіп, біз Дагоннан Гель- Гьюге жасырын келдік. Бұрандалы темір болат толы төрт жәшік тиеп алғанбыз. Көресіздер ме?


 

 

Соны айтып, ол жұртқа сездірмей менен алған болтты қалтасынан шығарып, гайкасын бұрап алды да, комиссарға берді.

– Тапсырыспен жасалған форма, – деді комиссар болттың ішіне көз жіберіп. – Мұны кім жасап жүрген?

– Мұның бәрі Гездің шаруасы екенін айтпай болмас, – деп түсіндірді Бутлер. – Байланысатын кісілері бар, ал мен бұл операцияға тек қаржы қосушымын. Он жылдан бері жиған-терген үш жүз елу фунтымды өз үлесіме бердім. Гездің сөзіне сенуіме тура келді. Ол арзан алып, қымбат сатпақ болатын. Есебіміз бойынша, мен бір мың екі жүз фунт пайда табатын едім. Тәуекел дедім. Мұны тек Гез, Синкрайт үшеуіміз ғана білетінбіз. Бізбен бірге осында жүзіп келген әйелдердің бұған ешқандай қатысы жоқ және ешқайсысының ойына кіріп те шыққан емес. Өзі тым секемшіл болғасын Гез көрінгеннің бәрінен қорқатын, сол себепті де Гарвейге қарсы болды. Шынын айтсам, оған менің де көңілім соқпады, қанша дегенмен көлденең көздің болмағаны жақсы ғой. Менің қарсы болғаныма қарамастан Дагонге елу миль жетпей қайыққа отырғызып, ашық теңізге адам тастап кеткен соң шатақ шыққанын өздеріңіз де білесіздер, ал бұған бел шешіп кірісу – күллі олжадан қағылу деген сөз, өйткені, Гез жыны келсе түк бермей қоюы ықтимал, теңіз үстінде капитанның түскен олжаны бөліспей, өзі иемденіп кеткісі келе ме деп күдіктенгенім бар-тын. Апиын мен ойлағаннан екі есе қымбатқа түсті, оның үстіне Дагонде апиын нарқы төмен түсіп кетіпті деп естідім, сондықтан, түсім де тым аз болуы мүмкін деп ол құдайдың зарын қылған. Алдын ала капитанның бұлай құлаққағыс қылуынан шошығаным рас. Синкрайт небәрі елу фунт алашақ еді, сол себепті ол ештеңеден қам жеген жоқ, қандай жағдай болса да аужайын бағдарлап, Гез айтқаннан гөрі молырақ үлес алатынына оның сенімі кәміл-тін. Не болса да Гель-Гьюде көріп алармыз деп, мен де сыр бермедім. Оның үстіне Гарвей де бәле болды, біз мұнда екі күн ішінде одан басымызды біржола арашалап алмақ едік, одан кейін Сан-Губертке ме, әлде онан да шалғай кетіп пе, әйтеуір бір жерге аялдап, әліптің артын бақпақ


 

 

болдық. Біз үшін ең бастысы апиынды сату еді. Темір болт партияларын сатып алатын агентпен сенің көзіңше сөйлесемін деп Гез маған уәде еткен болатын, бірақ, біз келген кезде бәрін өз бетінше реттеп қойған екен. Біз келіп тоқтасымен көп ұзамай жоқ болып кетті де, кейін көңілді оралды, бірақ сыр бергісі жоқ. Әкелген ақшасын көрсетті: «Бар тапқан- таянғаным осы, – деді ол маған. – Небәрі үш жарым мың. Апиын нарқы төмен түсіп кеткен екен, алатын адамдарымыз нарық көтерілгенше тоса тұрыңдар, болмаса мың бір жүз килограмына үш мың бес жүз фунт аласыңдар деді». Сонымен, оның және менің қосқан үлесімізді есептей келгенде тексерілмеген қалдыққа қанағат қылуыма тура келетін болды, оның үстіне Гез болттың әр жүзіне үш гинейден төледім деп отырып алды. Сонымен менің әрбір үш жүз елу фунтыма бес жүз фунттан пайда айналатын болды, сөйтіп екеуміз керісіп қалдық. Бірақ, оған қалай дәлелдерсің, амал жоқ, көше атын бұл жерде айтпай-ақ қояйын, бұл мәселеден хабардар бір адамға барып, одан біздің апиынымыздың бес мыңнан кемге сатылуы мүмкін еместігін біліп алдым, сөйтсем, апиын нарқы төмен түспепті.

Қайткенде де Гездің өтірігін шығармақ боп біз бір қоймаға бардық, ондағы танысым іштегілердің даусы жақсы естіліп тұратындай ғып, мені қалқанның тасасына отырғызып қойды. Өзін көрмесем де даусын естіп отырмын, бір келген кісіге танысым апиын сататынын айтып көріп еді, әлгі адам әр килограмына төрт жарым фунттан беретінін айтты, сонсоң, танысым саудаласа бастап еді, бес тіпті бес фунт ширегімен төлеуге келісті аларман. Маған керегі де осы еді. Қызметіне разы боп, танысыма сый-сияпатымды көрсеттім де, кемеге қайтып келдім, дарқан өмір сүрмек боп, Гез қонақүйге ауысқандықтан осында іздеп келіп едім – таппадым. Кешкұрым бір келдім, екі келдім, үш келдім, таппадым. Ақырында бүгін ертеңгісін, сағат ондар шамасында аула жақтағы баспалдақпен көтеріліп, Гездің есігін қақтым. Жолшыбай ешкім жолықпады. Іштен дыбыс болмаған соң, есікті ырғап көріп едім, ашық екен, бөлмеге ендім. Гез бұл кезде Пеггидің шатағымен төмен түсіп кетсе керек.


 

 

Сөйтіп, оңаша бөлмеде жалғыз қалдым, не кетіп, капитанды іздерімді, не осында күтерімді білмей әбден берекем қашты. Кенет келе жатқан Гездің әлдекімге: «Ол осы қазір келуге тиіс» дегенін құлағым шалды.

Бірнеше күннен бері есі-дертім апиын сату боп жүрген мен Гез осы мәселеге қатысы бар бір әйел турасында айтып келе жатыр-ау деп ойладым. Мұның сырын біліп алудың оңтайы келіп тұр екен дедім. Сол-сол-ақ екен, нартәуекел деп есікке тақау тұрған шкафтың ішіне лып етіп ендім де, есігін жаба қойдым. Шкафтың ішінде тұрып, жоспарымды пісіре бердім. Жоспарым қарапайым болатын: Гездің агент дамамен сөйлескен сөзін тыңдап, егер айта қалса цифрларды нақты біліп алған соң, шыға келмек едім. Басқа лажым болмады. Есікті сарт ұрып, Гез енді. «Көрсетермін сендерге! Танытармын кім екенімді, өңкей жексұрындар!» деп бөлмеде сенделіп жүріп алды.

Сонсоң жым-жырт бола қалды. Сығалап қарап едім, Гез ойлана ыңылдап тұр екен, сосын бір күрсініп «қарғыс атқан тірлік-ай!» деп қойды.

Осы кезде есік қағылды да, Гез ұшып барып ашып жіберіп, айғай салды: «Япыр-ау! Шынымен бе?! Кірсеңізші тезірек, анық өңім бе әйтеуір!»

Мына отырған бикешті айтып отырмын. Ол ішке енбей, қай жерде кездесу керектігін келісуге келдім деді, ал келісім не жөнінде екенін айтуға менің қақым жоқ.

Сонсоң Бутлер үнсіз қалды, енді комиссардың одан әрі не болып, не қойғанын сұрап білуіне де, болмаса Бичеден анықтауына да мүмкіндік туды.

– Аты-жөнімді жасырудың енді реті болмас. Менің атым Биче Сениэль. Мен «Толқын перісі» кемесін сатып алу жөнінде қай жерде сөйлескен жөн деп келіспек едім. Бұл кеме менін әкемдікі. Егжей-тегжейін кейін айта жатармын,

– деді Биче.

– Сіздің, – деді іле-шала комиссар қыздың көңілі орнықсын дегендей, куә есебінде жауапқа тартыларыңызға сенімім кәміл.

Бутлер сөзін сабақтады:


 

 

– Бикеш ақыры кірмей қойды, дәлізде Гез екеуінің күбірлескендері естіліп тұрды. Қанша уақыт өткенін бағдарлай алмадым. Шкафқа бекер-ақ тығылған екенмін, енді мен бөлмеден кісі арылғанша дәлізге шыға алмайтын болдым-ау деп әбден күйіп-пістім. Тіпті Гез бөлмені кілттеп кеткен күнде де, терезе түбіндегі тысқары сатымен шығып кетуіме мүмкіндік бар еді. Көңіліме сол демеу болды.

Осының бәрін ойластырып тұрғанымда, Гез бикеш екеуі бөлмеге кіріп, әңгімелерін сабақтады. Не боп, не қойғанын бикеш өзі айтар. Ал мен болсам, өз-өзімнен жерінгенім соншалық, тіпті, ақшаның жайы да есімнен шығып кетіпті. Екі мәрте шкафтан атып шығып, мына бассыздықты доғартайын дедім. Гез тез барып есікті бекітіп келді. Бикеш терезеден төмендегі мен көрген сатыға секіріп кеткен кезде, Гез: «О сорлы басым-ай! Бұдан да өлгенім артық!» деді. Тұп-тура көзінше шкафтан шыға келсем бе екен деген бір жаман ойға кеттім. Бәлки, осының өзі оған әсер етер дедім. Сөйтіп, шатақ шығармақ болдым, одан қорқатын жөнім жоқ, өйткені жанымда револьверім бар болатын.

Мен шкафтан шығып үлгірмей-ақ, Гез өліп тынды. Қаным қашып, өңім қуқыл тартса керек, мені көре салып Гез әуелі бұрышқа барып тығылды да, іле-шала тура маған қарай атылды. Ләм деп сөзге келген жоқ. Көзінің жасы сорғалап жүр, «Иттей ғып атып тастайын!» деп үстелде жатқан револьверіне жармасты. Ажалымның жеткен жері осы еді. Сол мезетте Гез сияқты, маған да мұның сазайын тартқыза қояйын деген ой келіп, айызым қанғандай болдым. Мен де айғайға бастым кеп және көзіме бірден маңдайы шалынған. Әлдебір жерден естідім бе, жоқ па, қайдам, әйтеуір

«Маңдайдан бір оқ шалынсын...» деген оқыс сөзді ойыма кеп сап ете қалғаны, сол – сол-ақ екен, құдды магнит тартқандай, көздеместен қақ маңдайдан басып салдым. Мылтық даусын мен естігем жоқ. Қолынан револъвері түсіп кеткен Гез, екі бүктеліп қалды, тек басын шайқай берді. Жанталаса қарманып, үстелге жармасып, төмен сырғып түсті де, серейіп қатты да қалды. Біразға дейін сілейіп тұрып қалдым; бірақ кету керек еді. Ептеп есікті аштым да, сатыға


 

 

шұлықшаң жүгіріп шықтым, біреу-міреу дауыстайтындай немесе шап беріп қолымнан ұстай алатындай көрінді. Дәп келгендегімдей, бұл жолы да тірі пенде ұшыраспады, ә дегенше көшеге атып шықтым. Осының өзі шынымен осылай болды ма деген күдік еніп, енді ілгерлі-кейінді жүріп алдым. Заулаған пойыздың астында екі рельстің арасында жатқандай миымды шағып әкетіп барады. Айналаның бәрі зәреңді алғандай даңғаза шу және көз шағылардай шаңқан. Осы сәтте Гарвейді көріп қуанып есім шықты, әйтсе де, бұл шын қуаныш емес-тін. Қуатты ұшқыр ойлар лезде мені үйіріп кетті. Мәселен, Гарвейдің Гезге бара жатқанын білісімен-ақ, егерде мен сезбеген көлденең көздің күдігі болса, одан құтылудың төте жолы осымен бірге қайтып бару деп шештім бірден. Менің топшылауымша, бикеш ұзап кетсе керек еді. Мұншалық бақытсыздыққа душар болам деп кім ойлаған.

«Жұртпен бірге кіріп, жұрт сияқты мен де қайран қалам» деген ой ғана болатын менікі. Осы жерде отырып, іштей сабама түстім, енді үндемей қалуға болмай қалды. Бутлер сөзі осымен тәмамдалды. Өзі бір тұрып, бір отырып қатты абыржулы.

– Қолыңызды беріңізші, Бутлер, – деді Биче. Сосын Бутлердің әзер созған қолын алып, қатты қысып сілкіп қойды,

– Сіз де кінәлі емессіз, тіпті бұрын кінәлі болсаңыз да, енді одан адасыз. Комиссарға қарап сөйледі сонсоң. – Енді менің сөйлеуім шарт

– Куәлікті оңаша бергіңіз келеді ғой?

– Әлбетте.

– Элиас Бутлер, сіз тұтқындалдыңыз. Томас Гарвей сіз боссыз, сот шақырған күні келесіз.

Полисмендер Бутлерді алып кетті, олардың бар-жоғын біз сонда барып аңғардық. Экипажда тосып отыратын боп Бичемен келістім де, мен де шығып кеттім. Ертеңгісін бос дәлізге лықа толған осы орамның адамын қанша қуалап сейілте алмаған болатын, осынша қалың адамның арасымен сыналай өтіп, буфет арқылы көшеге шықтым. Тақау жерге тұрған күймені жалдадым да, Бичені тостым, жалпы әйел


 

 

затына, әсіресе, қыз балаға ауыр тиетін Бутлердің кейбір сөзін еске алып, ойша толғандым. Әйтсе де, бұл қызды ептеп білетін мен Бутлер берген куәліктің ертеңгісін көшеден көзге шалынатын, баққа қараған терезені ашқан әйел қолының биязы қимылындай ғана әсері боларын ұқпай тұра алмадым.

 


1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 |

Поиск по сайту:



Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.007 сек.)