АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция

X X V І т а р а у

 

– Солай де, – деді Бутлер, өлікті көргеннен кейін орнаған үнсіздікті бұзып, – есікті қатты қақ, жай қақ – бәрібір екен ғой. Тура өзіңіз ойлағандай, қақ маңдайдан басып салыпты.

Гездің оқ тесіп өткен басынан табалдырыққа қарай жылжып аққан қанды баспай орағытып өтіп, өлікке таяп келдім.

Өлік бөлменің дәл ортасында тұрған үстелдің түбінде, аяғын есікке беріп, шалқасынан сұлап жатыр. Үстінде ақ костюм. Есік көзіне тақау оң тізесі бүгілген күйі қалған, жайылып кеткен қолдары да шынтақтап орнынан тұрғысы келген ниетін аңғартқандай. Бір көзі жартылай ашық, екінші көзі қимылсыз қалған кірпігінің астынан бірдеңені аңдып жатқан сияқты. Бетімен сорғалап еденге жайылып ұйып қалған қанға өлікке таяу орындықтың сәулесі түсіп тұр, кеңсірігіндегі жарақаты аздап ісейін деген. Гез шамасы жарты сағат бұрын, әрі кетсе, бір сағаттай бұрын үзілсе керек. Үлкен бөлменің іші астан-кестен. Еденде револьвер гильзалары жылтырайды. Диванда шашылып жатқан газеттер, бөлменің бұрыш- бұрышында тұрған бос шөлмектер, үстел үстінде бей-берекет жатқан сигар, галстук биялайлардың арасынан стакандар мен жартылай босаған шыны көрінеді: есік көзінде көне қоңыр шкаф тұр, оған бүйірлес қойылған темір кереуетке жүрдім- бардым жабылған көрпе, міне, бөлме ішін бірер шолып


 

 

өткендегі көзім шалғаны осылар еді. Гездің бас жағында револьвер жатыр. Үстелдің тұсындағы терезе шалқасынан ашық.

Шкафқа кеп соғылған есік өз-өзінен ақырын жабыла берді.

Мұны көрген Бутлер оны айқара ашып, тіреп қойды.

– Есікті жабуға болмайды бізге, – деді ол орнымен сөйлеп. – Енді не тұрыс бар, барып капитан Гезді өлтіріп кетіпті деп хабарлау керек, – болмаса атылып өлген шығар. Әйтеуір, өлгені ақиқат қой.

Біз бөлмеден шығып үлгірмедік. Дәліздің екі қанатынан дабырлаған дауыстар естілді, оң жақтан біреу жүгіріп келе жатыр екен, сол жақтан бірнеше адам ентелей басып таяп қалды. Оң жақ қанаттан жүгіріп жеткен жүзі тұнжыр, бұғағы салбыраған тығыншықтай еркек есікке бірінші боп бас сұқты, беті жыбыр ете калған ол жанымыздан қол бұлғап жүгіріп өте шықты да, ізінше қайта оралып, бөлмеге бірінші боп енді. Лаж жоқ, сол үстелдің жанында тұрған қалпым тұра бердім. Әрлі-берлі біраз жүріп, Бутлер де тізе бүкті, суық жүзінің қаны қашып, қипалақтап, қолын уқалай берді. Сәлден соң орнынан қайта тұрды.

Бәрінен бұрын жеткен тығыншықтай еркек деп әлгінде айтқам. Өзі абдырап қалды. Сонсоң бірден сау ете қалған он бес шақты адамның ішінде үстінде ақ жолақ костюмі, басында гүл қадаған қалпағы бар жас келіншек (қыз болуы да ықтимал) пайда болды. Қаумалаған көптің байыппен аңысын аңдыған сыңайы бар. Мен оны тануға тиіс едім. Бұл Биче Сениэль болатын, кірісімен мені көре салып «Бұлар маған бейтаныс адамдар» деген рай байқатты.

Мен бірден ұқтым. Гездің бөлмесінен оның аумаған портретін өз көзімен көрген Бутлер де мұны ұға қойса керек

– маған үрпие қарады. Сонымен, аң-таң болып, түк білмеген кісідей тымырайып тұра бердік. Биченің де тілегені осы болатын, демек тегін болмағаны. У-шу, азан-қазан боп әбігерге түскендердің көзін ала беріп оған бір қарап койдым. Оның аялы жанарынан, салқын көзқарасынан «Тырс етпе» деген сөзді оқыдым да мұнымның мүлде орынсыз екенін ұға қойдым.


 

 

Ер, әйелі аралас әлгі келген топ адамның біразы есік көзінде тұр, олар өлікті айнала қоршап дабдырласып жатқанда Биче газетті алып тастап диванға тізе бүкті де, ақырын ғана күрсініп қойды. Бойын тік ұстап, тұйық отыр. Диванның қанатын саусағымен тырсылдатып қойды, сонсоң, Гез жаққа абайлап қана қарады да, тыжырынып көзін тайдырып әкетті.

– Баспалдақпен түсіп бара жатқан жерінен ұстап алдық,

– деп түсіндірді үстіне жилет киген қушық бет жалаң бас ұзынтұра еркек. Сосын өң-түсі қашып, зәре-кұты қалмаған әйелін түртіп қойды. – Әйелімнен сұрасаң да айтады. Әй, қожайын! Гарден! Түсіп бара жатқан жерінен екеулеп ұстадық қой!

– Ал сіз кім боласыз? – деді Гарден мені бастан-аяқ тінте қарап. Бірінші кеп жеткен тығыншықтай еркек осы болатын.

Бізге дәлізде ұшырасқан әйел қолынан щеткасын әлі тастамапты. Көрген-білгенін жұртқа баяндап, әуелі Бутлерді, сосын мені нұсқады:

– Бутлер мен мына джентльменнің келгені жаңа ғана.

«Гез үйде ме?» деп сұрады. Бас сұққандары осы.

– Мен өлген кісінің көмекшісі боламын, – деді Бутлер.

– Біз екеуміз бірге келдік, есік қағып кіргенде көргеніміз осы болды.

Жұрттың назары енді Бичеге ауды. Әлгі ерлі-зайыптылар ауладан жүгіріп өтіп бара жатқан баланың сәнді киінген бір келіншектің терезеден сатыға атып шыққанын байқап қалғанын айтты Гарденге. Терезеден қарап көрдім, бұл – шатырға қиғаштап шығатын саты екен, терезе түбіне тақау шағын алаңшасы бар. Биче әуелі төмен түспек болады, сонсоң, жоғары көтеріліп, фасад жақтауына таяу кеп тоқтайды. Мұны әлгі бала аулаға шыққан әйелге айтқан көрінеді, әйел дереу сарайда жұмыс істеп жатқан күйеуін шақырып алады да, сонсоң екеуі баспалдаққа қарай беттегенде атылған мылтықтың даусы естіледі. Мылтық даусы осы үйден шыққанмен дәл қай жерден атылғанын куәлер білмейді. Төмен түсіп, қабырғаны бойлап, қақпаға қарай беттеген жерінен тоқтатыпты Бичені. Шуды естіп тағы бірнеше адам


 

 

жүгіріп шыққан екен. Биче сытылып кетпек бопты. Ешкімге тіс жарып, тіл қатпайды. Еркектердің бірі қолынан ұстай алмақ болғанда, Биче қарсыласуын қойып, капитан Гездікінен шыққаным рас, бөлмеде қамаулы қалдым дейді. Бәрі іле- шала дәлізге шығады. Гезді өлтірген Биче екеніне енді ешкім шәк келтірмейді.

Мына дау-шардың ішінде есім шығып, ойым сан-саққа жүгірді, Бичеге тесіліп тұрып алуға дәтім бармаса да, сырт көзге сездірмей тосыла қарап ем, сол заматында оның көзқарасынан «жоқ» деп кесіп айтқанын ұқтым. Тігісін сездірмей сырт беріп тұрғанын көрудің өзі бір ғанибет. Мынадай ойран-топыр, аламан-тасыр кезінде осыншалық салқынқанды бола білгеніне қайранмын. Жұрттың сөзін қалт жібермей, қадағалай тыңдайды, бәрінен бұрын осынау оқыс сұмдық жәйттің қалай болып, қалай қойғанын ұқпақ сыңайы бар. Кейбіреулердің оның жүзіне көз тоқтатудың өзінен қолайсызданғанын аңдап қалдым, тіпті, мына қалпын көрген адам оның мұнда болатын не жөні бар деп қалғандай.

Дүйім жұрт дуылдасып жатқанда әлдекімдердің таяп қалғаны байқалды, есік көзіне ошарылғандар кейін серпіліп өкімет өкілдеріне жол беріпті. Көзілдірікті, ат жақты, ұзын бойлы комиссар келіп кірді, өңінен іскер адамның кейпі танылғандай, соңында дәрігер мен екі полисмен бар.

– Өлікті әуелі көрген қайсың? – деді комиссар жұртты шола қарап.

Әуелі мен, сонсоң Бутлер қазаға душар болғанымызды айттық.

– Сіздер қаласыздар. Қожайын қайсысың?

– Менмін. – Гарден үстелге таяу орындық әкеп қойды, оған кеп отырған комиссар екі бұтын алшайтып жіберіп, екі алақанын түйістіріп тізесінің арасына тығып, біраз уақыт Гезге қараумен болды, бұл кезде дәрігер өліктің зілдей жансыз қолын көтеріп, маңдайын уқалап көрді де, Гездің бұдан жарты сағат шамасында өлгенін анықтады.

Жилет киген арық кісі тағы да ортаға шығып, Биче Сениэльді көрсетіп, оның аулада қалай және не себепті ұсталғанын айтып берді.


 

 

Полицияны көргенде де Биче селт еткен жоқ, тек менің оны білмейтінімді көз қиығымен есіме салып қойды. Енді ол қойылар сауалды күтіп орнынан көтерілді, комиссар да орнынан тұрды, өз тәжірибесінде дәл мұндай жағдаятқа сирек душар болған адам екені оның бет-әлпетінен көрініп тұрды.

– Отыруыңызды өтінемін, – деді комиссар. – Әуелі хатқа түсіріп алуым керек: Есіміңізді айтсаңыз.

– Оны айта алмайтын шығармын, – деп, Биче орнына қайта жайғасты. Басын көтерді де, қызара бастағанын сезіп, ернін тістей қойды.

– Жұртты шығарыңыз, қожайын. Бикеш, сіз және мына екі джентльмен қалады. Беймағлұм бикеш, бұл мінезіңіздің мәнісін және осы үйге қалай тап болғаныңызды айтып беріңіз,

– деді комиссар.

– Сізге айтарым жоқ, – деп бір-ақ кесті Биче, даусы биязы шықса да комиссар оған оқшырайып қарап қалды.

Бұл кезде Биче, Гарден, Бутлер төртеуімізден өзге жұрт шығып кеткен болатын. Есік жабық. Ар жағынан әуесқой көптің сыбыр-жыбыры, мысықтабан жүріс-тұрысы айқын естіліп тұр.

– Жауап беруден бас тартасыз ғой? – Осы көріністің басты кейіпкерінің әрі жас, әрі сұлу екенін ескеріп, ресми әдептен аспай, өкініш білдіре сауал қойды комиссар.

– Әлбетте.– Бич бас изеді. – Жауап беруден бас тартамын. Әйтсе де, айтар сөзім бар. Оны айтуға тиіспін деп білем. Бұдан кейін сіз жауаптауды доғарарсыз, болмаса тергеуші жауаптар.

– Құлағым сізде.

– Мына қазаға немесе қылмысқа менің қатысым жоқ, әрине. Бұл жерде де, күллі осы қалада да мені танитын тірі пенде жоқ.

– Осы-ақ па? – деп сұрады комиссар оның сөзін қағазға түсіріп жатып. – Бәлки, ойланып барып, тағы да қосарыңыз болар? Көріп отырсыз, бұл кісі өлімі немесе ол өзіне өзі қол салған, әзірше анық-қанығы бізге беймағлұм. Сізді бөлменің терезесінен сыртқы сатының алаңшасына секіргелі жатқанда


 

 

көрген. Менің орнымда болсаңыз бұған қалай қарарыңызды ойлап көріңіз.

– Күдік туғызары хақ, – деді қыз әр сөзін салмақтай сөйлеген адамның кейпімен. – Амал қайсы, әйтсе де, аты- жөнімді, көрген-білгенімді айтпауға жеткілікті дәлелім бар. Ал, өлтірген адам табылмаса, онда қайтейін, азда болса білгенімді айтып берем-дағы, бірақ кім екенімді, мұнда не себептен келгенімді жария қылар жайым жоқ. Сексенге келіп отырған әкем бар. Оның бұрын да шекесіне тиген. Егер фамилиямды газеттен оқыр болса, ажалынан бұрын өлері анық.

– Бар қауіптенеріңіз осы ғой?

– Осы ғана. Оның үстіне, менің білетінім тек өзіме ғана байланысты нәрсе, сондықтан мен үшін оның бәрін баяндау, өз есімімді жариялаумен барабар.

– Хош, – деді, бәрімізді аузына қаратқан байыпты қыздың көңіл әуеніне берілген комиссар. – Алайда, сіз өз қамыңызбен болып, жауап беруден бас тартқандықтан, тергеу жүргізуге қабағат кесел келтіремін деп ойламайсыз ба?

– Қайдам. Бәлки, тіпті, кесел келмес те. Бәленің бәрі сонда ғой. Тоса тұрғаным жөн. Бұған ешқандай қатысым жоқтығын сезінгенімнің өзі маған жетіп жатыр, қарақан басыма тигізер басқа пайдам болмаса амал қайсы.

– Дегенмен, – деп қарсы болды комиссар, – кінәлі адам өзі келіп, аты-жөнін айтып берер деп күте қоймассыз?

– Әзірше, жалғыз сенерім осы ғана. Не өзі кеп айтады, болмаса, оны тауып алады.

– Қаруыңыз жоқ па?

– Ұстамаушы ем.

– Онда ретімен басталық, – деді комиссар естігендерін жазып жатып.

 


1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 |

Поиск по сайту:



Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.007 сек.)