|
|||||||
АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция |
Х X X V т а р а у
Үйге қайтып бара жатқанымды докторға хат арқылы хабарладым да, жауабын күтпестен Сан-Риольге жүріп кеттім, онда Лерх екеуміз әкемнен қалған жерді, мекенді сату ісімен айналыстық. Кепілдіктер мен вексельдер бойынша алыс- берістің бәрін шығарып тастағанда, маған тиесілі қаржының түбі көрініп-ақ қалды, енді бұрынғыша Лерхтан телеграф арқылы ақша алу қиындап кетті. Алайда, бес жылдан бері созылып келе жатқан бір іс бар-тын, содан бірдеңе түсер деп дәметіп жүргенмін. Мен қаражаттың аздығына да, көптігіне де онша мән бермейтін көнбіс жанмын. Ойлана келіп, Альберт-Битмердің шай фирмасындағы шетелдік хат-қағаз байланысы ісін басқаруға келісім бердім де, өзгеше бір құбылмалы тірлік кештім, оның бір бөлегі – күнделікті айналысатын шаруам болса, екінші бөлегі – бастан кешкен жәйттерді еске түсіріп толғанар кешкі мезгіл еді. Бичені ойлағанда жүрегім сыздап қоя береді, ақырында бұл қасіреттен анық құтыла
алмайтынымды білгесін оны ойлауды да доғармақ болдым. Осыған қарамастан, сол бір шешуші сәтте, күллі қадыр- қасиетім безбен басына түсіп, жұрт қалай ойласа солай ойласын, әйтеуір өз тағдырыма өзімнің қожа болу-болмау жәйлі мәселе шешілер сәтте жалған сөйлемегеніне қуандым. Сондай-ақ, өзінің ішкі әлемінің жарқын бағына кірбің шалдырмаған Бичеге де қатты разы болдым, соны қазір шын пейілден қуана-қуана еске алам, қыздың бұл мінезін енді мен ажал алдында тұрып, қатал шындықты бетке айтқан дұшпанның ерлігіне балаймын. Ол бірге жүргенде кісі көңілін көкке көтеріп, қанат бітіретін аяулы асылдардың үркердей тобына жататын. Осылайша ойланып-толғана келіп, мен екеуміздің арамыздағы ішкі жан шалғайлығын заңды құбылыс деп ұқтым және одан гөрі басқа сипаттағы адам болып жаралғаныма өкінер едім. Мұндай жәйттерге шынымен-ақ өкініш білдірген адам ешқашан ешбір жерде болып көрмеген де шығар. Гель-Гьюде өтіп жатқан сот мәжілісіне жолдаған жазба хатымда мен өзімді телегей теңіз ортасына тастап кеткен Гез ісінен Бутлерді мүлде бөліп арашалап қалғанмын, ал, бейтаныс әйелдің оқыс пайда болып, қайыққа отырғандығы жәйлі ештеңе айтылмаған еді. Ол әйел жәйлі тергеу кезінде де, сотта да ешбір сөз көтерілмейді, сірә, өз тағдырына тым ауыр тиетінін жақсы түсінгендіктен де, сотқа тартылған айыпкерлер күн ілгері өзара келісіп алған тәрізді. Олар менің үнсіз қалғанымды пайдаланып, бұл оқиғаны өздерінше түсінген тәрізді. Құпия қылмысқа қатысқан матростар жеңіл жазаланды, Синкрайт болса бір жылға түрмеге жабылады. Ботвельдің қамқорлығы арқасында және Биче тарапынан шыққан біраз шығын нәтижесінде Бутлер небәрі бес жыл каторгалық жұмысқа жегіледі. Ол со мерзімді аяқтап шыққасын Дагонға кетіп қалады да, көмір таситын кемеге жұмысқа орналасады, содан із-түзсіз жоғалып кетті. Кейде бір бой жазып, әлдеқандай нәрлі де мәнді нәрсе жайында ойлағым келгенде мен Дэзиді еске алам және оның алдында кінәсіз кінәлі болып қалғанымды арылмас өкініш ретінде қайта қопара еске түсірем. Бұл бикеш мені әлденеше
рет ренжітті де, қуанышқа да кенелтті, мен оның елеусіз қимыл-қозғалыстарын немесе сол қыз қатысқан әлденендей бір көріністерді жадыма түсірген сайын еріксіз езу тартып, сергіп бір жасап қалам, оның ұтқызған ақшаны қалай қайырып бергенін немесе аяғын ұшынан басып тұрып, нендей нәрсеге зауқының соғатынын білдіргісі келгендей саусақтарымен ерінімді шапаттаған сәтін көз алдыма елестеттім. Сезімнің кілт өзгеруімен жаңа жаңғырығып жадыма оралатын, бұрынғы өктем билігінен айырыла бастаған Биче бейнесі кем- кемдеп көмескі тартып бара жатты, оған қарағанда қайда жүргені беймәлім Дэзи өзіңмен емін-еркін күлісіп сәлем- сауқат сұрасып, қол қысысып амандасқандай ап-анық көрінеді. Мен оның жарқын бейнесін көз алдымнан айна-қатесіз көретінім сонша, жұрт мені шалық шалған екен деп қауіптенбей-ақ оңаша отырып онымен сөйлесе беремін, бірақ қыздың ынтызар да ыстық қылығы әлсін-әлі есіме түскен кезде, (соның үстіне осынау сәбидің денесі денеме жабысқан сәттегі тәтті сезімді мүлде ұмыта алмадым) қатал айтсам, со сәбиді шашынан еркелете сипап қоя салуым керек еді. Кейде жалғыздан жалғыз отырып: – Со жолы оған мейірбан көңілмен қарап, өзі күткеніндей, тілегеніндей, сенгеніндей неге ғана жылы-жылы сөйлеспедім екен? Болмашы бір нәрсемен неге ғана көңілін аулауға тырыспадым екен? – деп сұраймын өзімнен өзім. Бірде Леге қаласына келгенімде терезесіне Васко да Гама дәуіріндегі жақсы жабдықталған желкенді кеменің қомақты моделі қойылған бір дүкеншенің алдына келіп тоқтадым. Бұл бір көруге жақсы. Ал шынында ештеңеге қажеті жоқ, жылдар бойы алушыны сарғая күтетін, әуелгі кезде сату үшін жасалса да, келе-келе сол үйдің бөлінбес жиһазына айналып кеткен мүліктер еді. Көзіме шалынып, көңіліме ұялаған нәрсенің бәрін қалай мұқият қарайтын болсам, бұл затты да солай асықпай тұрып қарадым. Мұндай жағдайда көбіне- көп біз өзімізді еліктірген не нәрсе екенін, бір затқа осылай қызыға қарау біреумен дидарласып, сөйлесумен неге бірдей болатынын біле бермейміз. Мен дүкенге бірден кіре қоймадым. Осы кеменің титімдей желкендеріне, тіршілік
тынысы білінбейтін кішкене палубасына, люктеріне көз жүгіртіп қарап шығып, оны ергежейлінің мүшкіл халін көңілмен ұғып, оның әрбір бөлім-бөлшектері бірдей денесі бес фунттай жүк көтеріп, суға батпай еркін жүзе алатынын, бірақ кісі қиялында орын алғаны болмаса, ешнәрсеге жарамайтынын біле тұра осы каравелла енді мендік болады деген шешімге келдім. Кенет ол көз алдымнан ғайып болды. Тіпті терезе де, көше де – бәрі-бәрі жоқ болып кетті. Әлдекімнің ыстық алақаны ту сыртымнан келіп көзімді басты. Үрейлі сезім, жоқ, бұлқынып шығуға құлықты нағыз үрейлі сезім емес, қуанышты үрей сезімі үн шығаруға да мұршамды келтірмей, тек ыржиып күле берсем керек. Табанда ішім жылып сала берді. Енді не болатынын сезіп саусақ астындағы көзімді жыпылықтата, баяу үн қаттым: – Бұл кім екен? – «Толқын перісі», – деп, жауап қатты бір дауыс, кім екенін білдірмеуге тырысып. – Бәлкім, енді танитын шығарсыз? – Дэзи?! – дедім мен оның саусақтарын жаза беріп, ол терезе мен менің арама келіп тұра қалды. – Менің осы әбестігімді кешірерсіз, – деді қыз қызарақтай ыңғайсыздана күліп. Ол маған жайдары жүзбен тура қарады және ірке алмаған ішкі сырлары көздеріне жайнап шыға келді. – Дегенмен, жолым болды! Сіз осымен екінші рет ойға шомып тұрдыңыз да, мен екінші рет арт жағыңыздан өттім! Сіз шошып кеткен жоқсыз ба? Ол үстіне көк көйлек, басына көгілдір ленталы қоңыр жібек қалпақ киіп алыпты. Менімен тап осылай жадырай- жайнап амандасу үшін ол бос себетін жол үстіне тастай салыпты. Қасында қандендердің зәре-құтын алатын үлкен иті бар, бұл ит енді маған: мынаны да көтеріп жүруге әмір етпесе игі еді дегендейін енжар қарап тұрды. – Дэзи, сүйікті Дэзи, – дедім мен, – өзіңізді есен-сау көргеніме қуаныштымын! Өзіңізге өте-мөте айыптымын! Мұнда жалғыз жүрсіз бе? Амандасалықшы, кәне! Мен оның қымсына тартынған қолын қыстым. Ол аяғының ұшымен көтеріліп, иығыма сүйеніп тұрып, бетімнен сүйіп алды.
– Мен сізді жақсы көремін, Гарвей, – деді ол биязы да байсалды үнмен. – Сіз маған аға болыңыз, мен сізге қарындас болайын. Өзіңізді қатты сағындым! Мен әлі көп нәрсені сізге айта қойғаным жоқ. Сіз Фрези Грантты көрдіңіз ғой?! Оны маған айтудан сескендіңіз бе?! Сондай бір хал басыңыздан өтті ме? Менің таң қалып, тамсанғанымды көрсеңіз! Осы жорамалымның қисыны бар-ау дегенді ойлағанда жүрегім тас төбеме шыққандай болды. Осылай болғанын мойындаңызшы енді! – Өзі шынында да солай! – дедім мен емін-еркін ғана, өйткені, біз бір-бірімізді емеурінмен ұғып тұрғанбыз. Алайда, менің айтайын дегенім бұл емес-ті. – Легеде саяқ жүрсіз бе? Менің сөзімнің астарын ол да сезген тәрізді, басын жәйімен шайқап, іле жауап қатты: – Мен жалғызбын, Тоббоганның да қайда екенін білмеймін. Сол жолы ол көңілімді қатты қалдырды. Мүмкін, мен де оны ренжіткен болармын. Алайда, өтер іс өтті ғой. Риольге қайтып оралғанша оған тіс жарғаным жоқ, тек сонда ғана ағымнан жарылып, сіздің қалай қарайтыныңызды да жасырмадым. Содан екеуден екеу отырып көз жасымызды көл қылып, ал кеп егілейік. Ол өз дегеніне бағып, қыр соңымнан қалмады. Алайда, бұл іске мың болғыр Проктор араласқан соң ғана көзім ашылды. Ол онымен жеке сөйлесті. Ол кезде Тоббоган Кассетке кеткен болатын. Мен Проктордың әйелінің үйінде тұрған едім. Ол газет-киоскісін ұстайтын. Кемпірдің мен дегенде шығарда жаны басқа, алайда өзі бөлмеде темекіні бұрқыратып көп тартатын, ал, біздін небары аядай тар үш бөлмеміз болатын, тіпті, темекі иісінен тұншығып өле жаздайтынмын. Ол трубка тартушы еді! Соны көз алдыңызға елестетіп көріңізші! Ендігі кезек – сіздікі. Сіз мұнда неғып жүрсіз, іздеген әйеліңізбен көңіл қостыңыз ба? Оның жүзі қуқыл тартып, көзіне жас алды. – Айыпқа бұйра көрмеңіз! Басқа бәле тілден деген! Қарындасыңыз қаншалық көкми екенін көрдіңіз ғой. Десе де, мені ептеп есіңізге алдыңыз ба өзі?
– Сізді ұмыту мүмкін бе? – дедім мен, Дэзиді қайтып көре алмауым да ықтимал еді-ау деген ойдан зәрем қалмай. – Иә, мен әйелді болдым. Міне... жаңа ғана қауышып отырмын. Дэзи, мен жүрегімді баураған және сәтсіз аяқталған, өзге біреуді сүю арқылы сізді сүйген едім. Көше бойымен әрі-бері өтіп бара жатқан адамдар бізге тесіле қарап, көздерімен ішіп-жеп барады. – Бұл жерден кетелікші, – деді Дэзи, мен қолынан ұстаған қалпым, тұйық көшені кесіп өтетін бульварға қарай беттегенде. – Гарвей, сүйіктім менің, жаным менің, мен түзеліп кетем әлі, ұстамды боламын. Бірақ, бізге енді төрт қабырғалы қалқа керек. Мен сізді сүюге сырт көзден қымсынамын. Итім... осында екенсің ғой. Мұның аты – Хлопс. Алайда, оны Гавс деп атау керек еді, Гарвей! – Дэзи?!? – Оқасы жоқ. Бізге жайлы болса, жарап жатыр!
Поиск по сайту: |
Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.006 сек.) |