|
|||||||
АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция |
Х V І т а р а у
Әлгі мүмкіндіктің жай-жапсарын ойлап, көңілімнің біраз жай тапқанына он бес минуттей өткен. Кенет үй ішінен шыққандай боп дәлізге жеткен айқай-шу, енді дәліздің өзін жайлап алды. Олардың бәрі түгел немесе түгелге жуығы сыртқа шығып, тап менің есігімнің алдында алысып-жұлысып, бір-біріне айбат шегіп, айқайласып ұрсысып жатты. Әрбір сөз құлағыма айнымай естіледі. – Соны қойыңдаршы! – деді бір әйел шаңқылдап. – Ақымақсың сен, ақымақ неме! Сені бізге ерткен қай сайтан осы? – дейді екінші бір әйел ызалана тістеніп. Біреудің жылағаны, жағаласып жұлысқаны естілді. Сосын кісінің құйқа тамырын шымырлатып бір ащы айқай шықты:
– Мен енді болдым, мен енді болдым! Кет, кетіңдер түге, шайтанға, менде жүмыстарың болмасын! – Өшір үніңді! – деді Гез өктем. Шамасы ол әйелдің аузын басып жатса керек. – Бері келіңдер, Синкрайт, ұста мынаны! Олар үн шығармай, аяқтарын қабырғаға тірей сүйкелеп, ырсылдасып тартысып жатқанына қарағанда, біреудің қасарыспа мінезін немесе басқа бір қарсылығын зорлап басып тастағысы келетін сияқты. Сосын құлында-құлыны шығып шыңғырған әйел даусын Гездің «Бұл малғұнның тістеуігін!» деген айқайы бұзып кетті, со замат ауыр шапалақтың шарт еткен масқара үні еңіреп жылаған әйел даусымен ұласты. Айқай-шу күшейіп бара жатқасын шыдамай есікті аштым. Күтпеген жерден мен шыға келгенде осы бір жексұрын іске қатысушылар бір сәт сілейіп тұрып қалысты. Артқы жақта, салон есігінің алдында беті албырап қызарып кеткен ақ сұр әйелді белінен құшақтап, көшенің тап бір өткінші адамы сияқты, мына оқиғаға самарқау қарап Бутлер тұр. Гез қолаң шашты қызды салонға қарай қолынан ұстап сүйреп барады. Оның омырауы ағытылып, көйлегі иығынан ысырылып төмен түсіпті, әбден есі шығып кеткен мас әйел көзін жұмып, селкілдеп жылай береді; Гездің қолынан жұлқынып босанам деп жүріп, тәлтіректеп Синкрайттың үстіне құлап қала жаздайды, мені көрісімен Синкрайт әйелдің екінші қолын жібере салды. Жирен әйел мықынын таянып, қолаң шашты әйелге жиіркене қарап, мас мақұлық тәрізді қолын аузынан оқыс жұлып алып, құныға темекі тартып тұр. – Жанжалды қоятын уақыт жетті, – дедім мен қатуланып. – Осы шатақтарың да жетеді, Гез, мына әйелді ұрған сізбісіз? – Жоғал! – деді ол сүзеген бұқадай басын төмен салып. Осы сөзбен бірге ол қолын босата салғанда мұны күтпеген әйел шырқ айналып барып, арқасымен дуалға соқты. Оның көзі шатынай ашылып кетті. Байғұстың халі мүшкіл екен, бет-аузы құп-қу болып көгеріп кетіпті. – Хайуан! – ол Гезді саусағымен шұқып көрсетіп, қарлыққан дауыспен демігіп сөйлей жөнелді. – Осының тап өзі! Нағыз жексұрын! Не болғанын тыңдаңызшы, – деді
әйел маған қарап. – Бәріміз бәс тігістік. Мен ұтылып қалдым. Ұтылған кісі бір шыны шарап ішуі керек. Ал маған бұдан артық ішуге болмайды. Жүрегім айниды. Шамасы көбірек ішіп қойсам керек, мына боқмұрындар қарамды да көре алмай қалды. Мені зорлап көндіре алмайсыңдар. Мен ауру адаммын. – Жүресің бе, жүрмейсің бе? – деді Гез оны желкесінен мыта ұстап. Әйел баж етіп, капитанның бетіне түкіріп жіберді. Капитанның жұдырығы тап алдымнан қараң еткен кезде оны қолынан ұстай алдым. – Кетіңіз, кетіңіз енді! Мұнда не шаруаңыз бар! – деді Синкрайт үрейлене дауыстап. Мен Гезбен тайталасып қалдым. Менің жақтасып жатқанымды көргесін әйел бір жұлқынып жүгіріп келіп менің артыма тығылды. Гез ышқына бұлқынып, қолын жұлып алды. Ол көзі түк көрмей құтырып кетті. Иығы, қолы дірілдеп, бет-аузы қисаңдап жыбырлап барады. Ол құлашын жазып ұрған кезде жұдырығы менің басымды қорғаған сол қолымның шынтағынан келіп тиді. Со сәт өзімнің бейтарап қала алмағаныма өкіндім де, әуелі арамызды көзбен өлшеп алып, Гезді аузынан дәлдеп тұрып бір соқтым, ол желкесімен еденді соғып шалқасынан сұлап түсті. – Жетті! Жетті! – деді Бутлер дауыстап. Әйелдер шыңғырып, қапелімде жел үргендей жоқ болды. Бутлер құлаған капитан мен екеуміздің арамызға кеп тұра қалды, ал Гезді Синкрайт қолтығынан ұстап тұрғызып, қабырғаға сүйеп қоймақшы болды. Ақырында Гез көзін ашып, аяғын жинап алды, оның тірі екеніне көзім жеткесін мен каютама кірдім де, есікті жауып алдым. Есіктің сыртында тұрған үшеуі өзара күбірлесіп сөйлесіп жатыр, олардың аракідік боқтасып қалғанын анық естимін. Сосын олар күдікті бір сыбырға көшті. Бір кезде үшеуінің біреуі шошына дауыстап жіберді де, жоғары қарай асығыс кетіп қалды. Мен оны Синкрайт шығар деп ойладым. Со мезет мен де револьверімді әзірлеп қойдым, өйткені жанжалдың жалғасы болатынын сездім.
Арашаға түсіп, әйелді сабауға жол бермесем де (әрине, әйелдің жаман аты есепке алынбайды), әлденеден жиіркеніп, жүрегім айнығандай бір халге түстім. Синкрайттың еденді тарсылдатып қайтып келгенін есіттім. Бұл шынында да соның өзі екен, өйткені ол келісімен: – Дегенмен, біздің жолаушы жігіт-ақ екен! Шынын айтсақ, әуелі қол көтерген өзіңізсіз ғой! – деді маған естірте. – Иә, мен қызып кетіппін қайтейін, – деді Гез бір күрсініп. – Бірақ сазайымды да алдым ғой, өзіме де сол керек еді. Маған бұлай бейбастақ кетуге болмайды. Иә, есіріктеніп кеткенім де рас. Сіздер қалай ойлайсыздар, мен енді не істеуім керек? – Қызық сұрақ. Сіздің орныңызда болсам, мен бұл істі қолма-қол реттеуге кірісер ем. – Байқа, Гез! – деді Бутлер, даусын бәсеңдетіп сөзін жалғай түсті: –Маған бәрібір, бірақ жөн айтқанды біліп қой. Және ұмытпаңыз. Гез жайымен күліп қойды. – Шынында да солай! Мен оған қазір кірісем, – деді ол. Капитан менің есігіме келіп, неде болса турасына тартатын қызба кісідей-ақ оны жұдырығымен қаға бастады. – Бұл кім? – дедім мен, оның ерсі ойынын қолдап. – Бұл мен, Гезбін ғой. Қорықпай-ақ ашыңыз. Жаңағы іске өзім де өкінем. – Егер сіз шынымен өкінетін болсаңыз, осы айтқаныңызды қазір емес, ертеңгісін-ақ айтарсыз, – дедім мен оның сөзіне сеніңкіремей. Біреу тісін қайрағандай бірдеңе шақыр ете түсті. – Сіз тыңдап тұрсыз ба? – деді Гез түнерген бәсең дауыспен. – Мен сізге ант етейін. Осы жолы сеніңізші. Мен қазір өзімнен өзім ұялып тұрмын. Сіздің қолыңызды тезірек қысу үшін неге болса да әзірмін. Таяқ жеген кісілердің әдетте өздеріне жұдырықпен ақыл үйреткен адамды құрметтеп кететінін, бір ғажабы, тіпті жақсы көріп кететінін мен азды-көпті білуші едім. Гездің жалынышты үніне, қиыла айтқан сөзінің мәнісіне қарап, енді қасарысқаным
қатыгездік болар деп ойладым. Сосын есікті ашып, револьверді кезеніп, есік алдында тұрып алдым. Гездің ақшаңдаған көзқарасынан мен бір пәленің болатынын сезе қойдым, бірақ кешігіп қалыппын. Синкрайт есікті баса қойды. Бес-алты матрос, әмір етсе-ақ, маған бас салуға әзір тұр екен, бұлардың қалай келгенін естіген жоқпын, шамасы, ұрланып келген болуға тиіс. Гез көнтиіп ісіп кеткен ернін орамалмен басып тұр. – Ақымақ болғанда сіздің сөзіңізге сеніп қалып ем, – дедім мен оған. – Ұстаңдар мынаны! Револьверін тартып алыңдар! – деді ол матростарына. Бірнеше кісі ұмтылып келіп қолымнан ұстаймын дегенше мен жалт беріп, револьверді екі рет атып үлгердім, бірақ Гез бір бүйірге қарай жалт беріп, еңкейе түскені болмаса, зиян шекпеді. Кеменің шайқалғаны дәл көздеуге кедергі жасады. Сосын олар менің қаруымды тартып алып, өзімді қабырғаға апарып қысып тастады. Мені бәрі жабылып тас қып ұстағаны сондай, басымнан басқа денемді қозғалта алмай қалдым. – Сіз мені ұрдыңыз, – деді Гез. – Ұдайы қорлап келдіңіз. Және мені өзіңізді тонап алғандай көрдіңіз. Оның үстіне мені малайыңыздай жұмсағыңыз келеді. Сіз менің мойныма мініп алдыңыз, ал, жаңа мені өлтірмек те болдыңыз. Мен сізге тимеймін. Әйтпесе, қол-аяғыңызды бұғаулап, трюмге тастай салар ем, бірақ олай етпеймін. Сіз қазір кемеден кетесіз. Сонда басыңызды төмен салып секірмейсіз, кейбір ақымақтардың былшылдап жүргеніндей мен рақымсыз жауыз емеспін. Сізге қайық пен ескек береді. Мен енді бұдан былай сізді кемеден көргім келмейді. Іштей шошынып тұрсам да, мен бұлай бола қояды деп тіпті де ойламаған едім, табанда ашуланып күйіп кеттім де, Гездің мұндай қорлығын көргенше, көретін пәлені теңіз бен жерден көрейін деп бекіндім. – Сіз мені өлтіргіңіз келеді екен, – дедім. – Бірақ есіңізде болсын, енді Дагонға дейін жүз мильдей ғана жер қалды, ал егер осыдан жағаға аман жетсем, сот алдында жауап бересіз.
– Жауаптан қашпаймын, – деді Гез. – Осы сияқты сирек кездесетін ләззатқа мен басыммен жауап беруге әзірмін. Бірақ сіз кемеге қандай түсініксіз жолмен келгеніңізді есіңізге түсіріңізші! Оның куәлары да бар. «Толқын перісінен» астыртын кетіп қалу сіздің бойыңызға сыйып жатыр. Оның куәлары да табылады. Ол қаһарлы роль ойнағанына мастанып, ауыздығымен алысып, көпіріп көп сөйледі. Мен матростарға көз жүгірттім. Шеттерінен қызып алған қаныпезер қаңғымалар екен, мені қазір дарға ас деп әмір етсе де, шімірікпей бас салуға әзір тұр. Осы кезге дейін үн қатпаған Бутлер: – Капитан, асыра сілтеп жіберген жоқсыз ба? – деді наразылығын білдіріп. Гез алайып бір қарағанда анау жерге бір түкіріп кетіп қалды. Капитан есуас кісі тәрізді. Не ғажап екенін білмеймін, әйтеуір, Бутлердің осы сөзі менің қайыққа жайбарақат барып отыруыма себеп болды. Мен енді бұл кемеде аяғыма жығылып жатса да қалмас едім. Өзімді ашу буып, ештеңені сезбей қойдым. – Қайық қайда, сұмырай! – дедім мен қатулы. Біз бәріміз топырласып жоғары көтерілдік. Көзге түртсе көргісіз түнек, ұзамай фонарь да әкелінді. Кеме жүрісін баяулата берді. Міне, осының бәрі үнсіз істелді, дүниенің бәрін тәрк етіп, науқас кісідей мең-зең болып тұрған маған, бәлкім, солай көрінген де шығар. Матростар менің заттарымды алып келді. Мен оларды түгендеп санап жатпадым. Мына жасалып жатқан қиянатқа мән бермейтін де сияқтымын. Төмен қарай тали – жіп саты түсірілді, сосын мен су үстінде ілініп тұрған қайыққа отырдым. Менімен бірге келген матрос «Ескектерің мынау, мінеки» дейді үрейлене күбірлеп. Белгісіз біреулер менің заттарымды тастады. Бортта тұрған кісілердің кім екенін айыра алмадым. «Кет сайтанға!» – деді Гез. Матрос фонарьді қозғап, мені қашан төмен түсіреді деп борттан ұстап тұрды, шам жарығы қайық ішін жайлы етіп көрсетеді. Ақырында қайық төмен сырғып, майда толқын үстіне барып теңселіп тұра қалды. Қайық қайтадан шайқала бастады. Матрос талиды ағытып, сонымен өрмелеп жоғары шықты.
Осымен бәрі де бітті. Толқын мені кемеден ажыратып әкетті, мен көшенің арғы бетінен аласа үйдің моншақтай тізілген дөңгелек жарық терезелерін көргендей болдым.
Поиск по сайту: |
Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.006 сек.) |