АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция

X X V І І т а р а у

 

Осы әңгімені тыңдап отырған мен Биченің мінез-құлқы мен кескін-келбетінен оның мына қылмысқа қатысы жоқ екені аңғарылып тұрса да, шым-шытырық күмәнді ойлардан


 

 

арыла алмай-ақ қойдым. Терезе мен үстелдің екі арасында отырған күйімде ойға шомған қалпым қолымдағы тұйық гайкалы кертік болтты айналдыра бердім. Ойымда дәнеңе жоқ, қабырғаға тақау тұрған кішкене үстел үстінде жатқан жерінен ала салып, гайканы басып көріп ем, оның бұрандалы екенін байқадым. Бутлер жанымда отырған. Болттың тұйық басын қызықтап отырып гайкасын бұрап алайын. Бақсам, болттың ішін тесіп, оны кепкен бояу тәрізді бірдеңемен толтырып қойыпты. Енді шұқып көрейін дегенше болмай, Бутлер лезде маған қарай сырғыды да, ту сыртымнан сол қолын созып, дереу тық дегенді көзімен ұқтырып, мен үңіліп отырған болтты ала салып, қалтасына сүңгітті. Маған басын бір изеп қойды. Онысын ешкім байқамай да қалды. Мен болар-болмас апиын иісін сезе қойдым. Осының өзінен-ақ танертеңгі оқиғаның жай-жапсары айқындалардай көрінді маған, сосын іле-шала, апиынның жасырын әкелінгенін Бутлердің сездірмеуге тырысқаны бәрібір бұл қылмысты ашуға да, Бичені арашалап қалуға да себін тигізе қоймас деп ойладым. Ол – ол ма, Бутлердің Биче есімін ауызына алмауына қарағанда – ал Гез каютасындағы суреттен соң оның күдік келтіруі мүмкін емес-тін деп бұрын да айтқаным бар, – пәлендей ештеңе ұғып жарытпасам да, осы болттың қарасын батырғаным жөн болар деген ойға келдім.

Бичемен әңгімені доғарып, комиссар енді біз кіргенде жерде жатқан револьвермен айналысып кетті. Оның жеті ұясындағы жеті оқтың біреуі де шашау шықпаған екен.

– Кімнің револьвері екенін айта алмас па екенсіз? – деп сұрады комиссар Бутлерден.

– Бұл сол капитанның револьвері, – деді теңізші. – Ол айдан анық. Дәрігер жарақатты қарады. Оқ бас сүйекті тесіп өтіп, үйдің қабырғасына қадалған. Комиссар оны шегемен шұқып, оп-оңай суырып алды. Өзі майысып қапты. Гездің револьверіндегі оқтан калибрі шағын екен, ал ұзыны ұзын боп шықты, оның үстіне оққа никель жалатылған.

– Риверс – бульдог, – деді комиссар оқты алақанында ойнатып тұрып. Сонсоң, оны портфельдің қалтасына салып қойды. – Өлген адам кольтынан оқ шығармаған.


 

 

Жүргізілген тінтуден ешқандай нәтиже бермеді. Полицейлер Гездің қалталарынан орамал, шылымсауыт, сағат, бірнеше хат және газетке оралған бір бума ақша тапты. Ақшаны санаған комиссар бақандай бес мың фунт деп хабарлады.

– Ешкім тонамаған екен, – дедім мен толқып, бірте- бірте іс насырға шауып, Биченің басына бұлт айнала бастағанын сезген соң.

Комиссар үміт күткендей, маған бір қарап қойды. Тіс жарып, тіл қатпаса да, қатты абыржығаны көрініп тұр. Енді қожайын Гарденді жауаптау басталды.

Гездің бізге бұл төртінші мәрте тоқтауы, тегі ақша аяған емес, қызметшіге төгіп тастайды, кейде түнемейтіні бар, жалпы, беймаза қонақ екені рас деген Гарденге әңгіменің тоқ етеріне көшіңіз деген ескерту жасалды.

– Кешкі тоғызда буфетке күтуші әйел Пегги келіп, Гездің шақырғанына бармаймын, кеше маған дөрекі мінез көрсетті деді. Көп ұзамай төменге түскен капитан мені де, Пеггиді де жерден алып, жерден салды, виски ішті. Осымен шатаспайын деген оймен, Пегги қызмет етеді деп оған уәде бердім. Сонсоң ол сабасына түсіп, ізінше қайтып кетті. Жабдықтаушымен есеп айырысып жатыр ем, сағат ондар шамасында, дәл қанша екені есімде жоқ, дүркін-дүркін атылған мылтық даусын естідім. Гез кетерінде, енді қоңырау соғып әуре болмай, мылтық атып белгі берем деп мені қорқытып кеткен. Пеггимен неге шатасып жүргенін қайдам, оның Гезге барған-бармағанын да білмеймін. Сәлден кейін Пегги келіп, ал кеп өкірсін. Не боп қалды десем, Гезге бір әйел келді, енді бармауға да қорқып тұрмын, ал шақыра қалса баруға тағы қорқам дейді. Ақыры Пеггидің ол жаққа аттап басқысы келмейтінін әбден біліп алған соң, өздеріңіз де байқаған боларсыздар, оны қорқытып қойдым. Оның үстіне, қонақ үйіңнен кешке қанша өлік шығады деп

«Спрингтің» механиктері әбден жыныма тигені. Сосын жоғары көтеріліп ем, капитан Гездің мына бикешпен галереяда тұрғанын көрдім. Дүрсе қоя беретін шығар деп ем, жоқ, маған бұрылып, жымиған қалпы ұзақ қарап қалғаны. Мені көрмей тұрғанын сонда барып ұқтым. Мылтық атылғанын


 

 

айтып, мен оны кінәлай бастадым. Ол «сізді осы араға айдап келген қай сайтан?» деп дүңк еткізді. Неге шақырдыңыз деп ем, «әзірге ештеңе қажет емес» деді. Сосын, екеуі осында кетті. Жабдықтаушы тосып отырған, мен төмен түстім. Содан, арада жарты сағаттай уакыт өткенде тағы мылтық атылсын. Гездің жалғыз емесін білген соң, енді мазам кетейін деді. Тұра жүгірдім, сөйтсем, мына қызықты қараңыз, көрші үйдің тұрғындары (ауламыз бір) бері қарай ұшып келеді, орталарында мына бейтаныс бикеш бар. Гездің есігі шалқасынан ашық жатыр. Бөлмеде екі адам бар екен, біреуі Бутлер, оны бұрыннан білем, сонсоң мына кісі. Есіктен бас сұқсам, Гез еденде жатыр, сосын жұртпен бірге мен де ішке ендім.

– Әлгі әйелді, Пеггиді шақырыңыз, – деді комиссар.

Оны іздеп әуре болудың қажеті жоқ еді, өзі де осы бөлмені айналшықтап жүрген, Гарден есік ашқан кезде, Пегги алжапқышымен мұрнын сүрте салып, үстелдің жанына жетіп келді,

– Білгеніңізді баяндаңыз, – деді комиссар, есіміңіз кім, жасыңыз қаншада деген үйреншікті сұрақтардан кейін.

– Өлген кісіні ғайбаттағым келмейді, – деді Пегги салтанатты түрде, қолымен ішін басып. – Бірақ, кеше қатты көңілім қалды. Бәрі содан басталды,

– Неменеден басталды?

– Айтайын дегенім бұл емес. Ол кеше тым кеш оралды, Гезді айтам. Кетерінде есігін бекітіп, кілтін тастамай алып кеткен екен, содан бөлмені жиыстыра алмадым. Әлі жата қойған жоқ едім, бір мезгілде жоғарыдан оның тықыры естілді: демек қайтып келе жатқаны. Төсегін әзірлеп қояйын деп осында көтерілдім де күйбеңдеп жүріп алдым. Гез мас екен, теріс қарап тұрған, қолы ішкі қалтасында. Мені қашан кетеді деп қарағыштап тұр еді, бір уақытта «Батыр қараңды!» деп айғай салғаны. Онысына, әрине, көне қоймадым (Пегги ернін жымқырып сұс көрсеткенде оның сол сәттегі түр-түсі көз алдына келе қалды), бұл менің міндетім екенін айттым.

«Сен мұны көрдің бе?» деп зіркілдеді ол маған. Яғни, орындықты көрдің бе дегені. Қолындағы орындықты


 

 

төбемнен үйіріп тұрған. Қайтпек керек? Ол еркек, әрине, менен күшті. Бір түкірдім де кетіп қалдым. Содан ертесімен қоңырау соқсын...

– Қай уақытта?

– Сағат сегіздерде. Егер бұлай боларын білсем минутына шейін ескерер ем. Енді бармауға бел будым. Жұмыстан қуса да, мейлі, дедім. Өз ісімді білетін адаммын. Мені айыптаудың ешқандай да жөні жоқ.

– Сіздің кінәңіз жоқ, Пегги, – деді комиссар. – Сосын не болды?

– Тағы қоңырау соқты. Жоғарыдағылар ерте тұрып кететін, мені кім шақырып жатқанын бірден біле қойдым.

Алпамсадай әйелдің асығыс айтқан әңгімесіне зер салған Биче жымиып қойды. Оның жүйкесінің мықты екенін осыдан-ақ ұғып, іштей қуанып отырмын.

Пегги сөзін сабақтады:

–... Енді қоңырауды мәнерлеп соғуға шықты, ылғи өзге біреу боп соғады, бұрын өзі екі-ақ мәрте қысқа қайыратын. Әуелі безілдетіп көрді, сонсоң, сыңғырлата соқты, ақыры бұрынғы әдетінше қысқа қайыра бастады. Буфетке барғаным сол еді, іле-шала ол да кеп, тастап алды, бірақ, мені байқаған жоқ. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығады. Ол кетісімен қожайын: «Барып шықсаңызшы, Пегги, бөлменің төбесін сау-тамтығын қалдырмаймын дейді деп мені үгіттей бастады, демек, тарсылдатып ата бермек қой. Әлбетте, қорқып тұрған мен жоқ. Одан сорақысын да көргенбіз. Өткен жылы мексикандардың есік көзінде баррикада құрып, алтауы бір жақ, үшеуі бір жақ боп шайқасқанын комиссар мырза ұмытпаса керек...

– Сіз ержүрек әйелсіз, Пегги, – деп комиссар оның сөзін бөлді, – ол өткен іс қой. Қазіргіге көшіңіз.

– Иә, су жүрек емес екенім рас, оны жұрттың бәрі біледі. Өмір тарихымды айтып кетсем, жатқан бір роман. Сонымен, Гездің бөлмесінен тарс-тұрс дыбыс естіле бастады. Демек, төбені атқылап жатқаны, әне, көріңіздер...

Шынында да, төбедегі көлденең салған жалпақ арқалықтан сау жер қалмаған. Комиссар төбедегі тесіктер мен еденде


 

 

шашылып жатқан патронның санын тексеріп көріп еді, бірдей боп шықты. Пегги тоқтайтын емес:

– Сонымен оның бөлмесіне бардым, барғанда қорыққаннан емес, тек аяғаннан ғана. Бишараның дені дұрыс емес қой. Аулада жүргем, қақпа жақтағы сатымен көтерілдім. Сол-ақ екен, біреудің мені дауыстап шақырғанын құлағым шалып қалды. Сөйтсем, осы бикеш екен, кешірерсіз аты- жөніңізді білмеймін. Өзін бірден ұнатып қалдым. Осынша дау-дамайдан кейін адам сықылды адамға ұшырасқан екенмін дедім. «Капитан Вильям Гез сіздерге тоқтады ма? Қай нөмірде тұрады?» Қойған сауалы осы болды. Тағы да сол әбден басым қататын болды және мынадай адамның сұрағанын қайтерсің. Өз құлағыма өзім сенбедім. Амал қайсы! Әркімнің ез еркі. Бір жіпке әр түрлі кір жайылмай ма?.. Ертіп барып, есігін нұқып көрсеттім де шеткерірек барып тұрдым: Гез көрінді. Кенет өзінің өңі қашып, қалшылдап кетті, сосын күреңітіп: «Сіз бе едіңіз? Сіз бе едініз? Мұнда екенсіз ғой!» деді. Көріп тұрмын. Сосын маған бұрыла бергенде жөніме кете бардым. Еркімнен тыс бір күш дедектетіп барады. Әйтеуір, жұрттың көзінше қарғап-сілемесе болғаны деймін іштей. Бірақ, әлденеге керегіп қалам ба деп, сатымен төмен түсіп бара жатып тоқтай қалдым, десе де, олай болмай шықты. Тек Гез бен мына бикештің галереяға барып әнгімелесіп тұрғанын естіп қалдым, не дегендерін білмеймін, бірақ. «Гу-гу-гу, гу-гуден» басқа түк естілмеді. Таңертеңгілікте қол босаушы ма еді. Әркімнің өз қамы бар. Жарты сағат шамасында бірінші нөмірдегі маклерге бірнеше хат әкеп бергенде мен төменде болатынмын, хаттарды ала салдым да, есік астынан тастай кетейін деп тағы жоғары көтерілейін, біраз тұрып тың тыңдайын: жым-жырт. Гез қоңырау соғуын қойыпты. Кенет тарс ете қалсын! Мылтық атқандағысы. Әне, атқан деп соны айт! Бірақ, менің күлкім келді. Адам құсап қоңырау қағу керек еді. Алдында есік қаққанымды өзі де көрді ғой, демек онсыз да келем. Тіпті, бейтаныс адамның көзінше де келдім емес пе? Төмендегі әйел кеп, қолым тимей жатыр, буфеттің ішін сыпырып кет деді. Былайша айтқанда, Лиззи төменде, қожайынның жанында ғой, жүріс-


 

 

тұрысы көп, демек, менің баруым керек. Щетка алайын деп, жоғары шыққаным сол еді, қасындағы джентльменімен Бутлер кеп тағы да: «Үйде ме?» деп Гезді сұрамасы бар ма?! Қайтып күймессің, артық айтсам айыпқа бұйырмассыздар, Гездің есігін көрсеттім де, тез тайып тұрдым, егер қоңырау соға қалса, есігінің алдында асыранды итіндей айналақтамай, өз шаруаммен жүргенімді білсін дедім. Бірақ, буфетке жетіп үлгіре алмадым, бір топ адам қарсы ұшырасты. Мына бикешті алып келеді екен. Әуелі, бикештің өзі осыларды ертіп келе жатыр екен деп қалдым. Ес-түсі қалмай Гарден де жетіп келсін. Содан кірісімен бір-ақ көрдім... Гездің шаруасы бітіпті,

Бұрынғы айтқандарына қосып-алары жоқ көлденең әңгімелеріне шейін жазып алған соң комиссар Пеггиді бөгемеді. Әйел тағзым етіп, шегіншектеген қалпы шығып кетті. Ендігі кезек менікі, мүмкін-қадарынша, қайтсем де Биче Сениэль ұсталғалы отырған мынадай жағдайда бар бәленің бетін өзіме аударуға бел будым. Шыны керек, қызметшінің көзінше Бутлерге еріп келгендіктен маған келер- кетер дәнеңе жоқ. Біз келгенде Гез өліп жатқан-тын. Әйтсе де, басымнан кешкен сан қилы жағдаяттарымды жариялап комиссардың назарын басқа жаққа аудармақ болдым да, теңізде Гездің маған қалай қарағанын бүкпесіз баяндап бердім. Менің қарақан басыма ғана қатысы бар жәйттерден комиссар да Браун мен Гезден артық мағлұмат ала алмады, яғни, мәселе жұмбақ күйінде қала берді. Уағда берген соң, бұл іске Синкрайттың тікелей қатысы барын сездірген жоқпын. Бутлер мені толығымен растап шықты. Қайткенде де өзіме күдік келтіру мақсатымен мен кейбір жәйттерді, мәселен, Гез каютасындағы Биченің суреті жәйлі, капитан басқарған кеменің мүшкіл халі хақында ләм-мим демедім. Әр сөзімді екшеп сөйлегенім соншалық, әжептәуір қобалжып отырған Биченің күдігі жоққа шықты. Қалай да өз талабымды орындатпақ боп Гезге келе жатқан бетім осы еді деп, сөзімді аяқтағанда, өзін қорғаштап тұрғанымды аңғарса керек, қыздың жанарынан ілтипат-ықыласын сезіп қалдым.


 

 

Талайлардан жауап алып, талай өлікті көзінен өткерген комиссар қанша самарқау болса да, Гезге байланысты көрген- білгенімді айтып бергенде таң-тамаша қалды. Бутлер куәлік еткен жайларға сабақтас деген маңызды жағдаяттар турасында ол қайталап, қадала жауаптады мені. Бейтаныс бикештің қалай пайда болғаны жөнінде менің тіс жарып, тіл қатпағанымды ұққан Бутлер, демек, оның да бір себебі бар шығар деген болуы керек, өзі де орағытып өте шықты. Өзінің қатты қобалжығаны соншалық, оның сөзіне анда-санда комиссардың бағыт-бағдар сілтеп, болмаса, тістесіп отырып бір сұрағын екі мәрте қайталауына тура келді. Осынша неменеге күйіп-пісіп отырғанын мен де ұқпадым, оның аға көмекші есебіндегі ролін онша бадырайтпай, тігісін жатқыза сөйлесем де, кезінде мәселенің жәй-жапсарын егжей-тегжейлі жеткізбегендіктен өзін кінәліміз деп қауіптенсе керек. Қалай болғанда да, Бутлер немқұрайды сараң сөйлеп отыр. Қабағы түсіп, бүрісе қалған. Ұмытқан нәрсесін кенет есіне түсірген адамдай, жүзінде бір сәт ынта-ықылас сезілген. Із қалдырмай ол да заматында ғайып болды.

Пәлен бет қағаз жазған комиссардың сұрқай өңіне қарап, біз үшеуміздің де қамауға алынарымыз хақ деп шамаладым. Оның орнында мен де сөйткен болар едім. Көп ұзамай ойлағаным дәл шықты.

– Мәселенің басы ашылғанша, – деді комиссар орнынан көтеріліп, – аты-жөнін айтудан бас тартқан бейтаныс бикештің, Томас Гарвейдің және Элиас Бутлердің қамауға алынғанын жариялаймын.

Осы мезетте бір беймағлұм дауысты құлағым шалды. Кімнің даусы екенін де ұқпай қалдым әуелі: сөйтсем даусы жарықшақтанып тұрған Бутлер екен. Орнынан тұрып, күңірене күрсініп, ыңғайсыздана жымиды да, оқыс өңі қашып:

– Тек Бутлерді деңіз. Элиас Бутлерді, – деді.

– О не деген сөз? – деп сұрады комиссар.

– Гезді өлтірген мен.


 

 


1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 |

Поиск по сайту:



Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.007 сек.)