АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция

Х І т а р а у

 

Таңертең ұйқыдан оянып, «Толқын перісінің» қайраң қасынан кетіп қалғанын сезген кезде, ұйқым әлі де қанбаған еді. Әлеуетті толқын ырғағымен каюта бір көтеріліп, бір басылып тербеліп тұрды. Бұрыш-бұрыштан әлденелер сылдырлап, сықырлай бастады, заттардың бізге қимыл- қозғалысты сездіретін, көзге көрінбейтін арақатынасы осындай болса керек. Судың бортты қуалай шалпылдай соғылғанынан құбылмалы дірілден өз денеңнің бірде ауырлап, бірде жеңілдегенінен кеменің теңселе жүзіп келе жатқанын байқауға болады.

Дәл төбеңде үй үстімен біреу жүріп өткені сияқты, палуба үстінен де әлдекімнің жүргені естіледі. Орнымнан тұрып, иллюминатордан теңізге қарасам, жел мен уақ жауыннан теңіз үсті түнеріп тұр екен. Өн бойымды жайлаған қуаныштан мен тіпті кешеден бері осы жағдайға сенер-сенбесімді білмей, бұлдыр тұман ішінде жүргендей баянсыз бір күйге түскем, бірақ соның анық-қанығын айқындап беруге деректі дәлелім жоқ еді. Мен киіндім де, кофе сұрап қоңырау соқтым. Ұзамай Гораций келіп, аспаз плитаны енді ғана жағып жатыр, әзірге шарап іше тұрыңыз деді, бірақ мен шараптан бас тартып, кофені күтпек болдым, тек жол-жөнекей де, үйде де жанымнан тастамайтын салқын пунштың жарты стаканын іштім. Біз осы қай жердеміз деген сауалыма, егер жаңбыр болмаса, ендігі Лисс көрінер еді, оған бір сағаттық жол қалды деген жауап алдым.

– Желдің ыңғайы тәуір, – деді Гораций тағы да – Капитан Гез вахтада, таңертеңгі асты сіз капитансыз ішетін болдыңыз. Осыны айтқан кезде бөтен ойы жоқ кісідей-ақ, ол маған жайымен бір қарады да қойды, бірақ мен бұ қудың

назарынан ештеңенің қағыс қалмайтынын сездім.

Күн ашық па, әлде жауын-шашын ба – бәрібір, жолсапардың алғашқы сағаттары мейрамдағыдай қарбалас болады, сол себепті де мен дереу палубаға шықтым. Кеменің заулап келе жатқанына қарап, кеудемді бір көптен таныс жарқын сезім биледі, бұл – осы кереметке сен де ортақсың


 

 

ғой деген бір жөн-жосықсыз мақтаныш сезім еді. Мен өзім әуелден-ақ жүзіп келе жатқан немесе бір орында тұрған кеменің желкен техникасының мән-жайын онша біле бермейтінмін, бірақ жоғарыға қарап, сол желкендердің бірте- бірте желбірей жайылғанын өз көзіңмен көру – дүниенің арнайы білімді қажет етпейтін, теңдесі жоқ рақат- қызықтарының бірі. Матасынан күннің көзі көрінетін, қиғаш мүйістері реймен берік тартылған желкеннің ойық- қиықтарының үсті, жан-жағы шым-шытыр. Олардың ұшар қанаты қимыл-қыбырсыз тұрған арқан әбзел арасында. Желкендер теңіз төсіне сүңгіген шабан кемені сырғытып қуалап отырады, ал желкендерді желбірете кернеп, алға айдайтын құдірет теңіздің тентек желі.

«Толқын перісі» желі оңынан тұрғасын, өлшеуішке қарасам, он бес теңіз милі жылдамдығымен келе жатыр екен. Аспанның сұрғылт кіреуке шымылдығына жасырынған күн шұғыласының қайта шығатын нышаны сезіледі. Компасты төңіректеп Гез жүр. Ол мені көрсе де, көрмеген боп бұрылып кетті де, рулевоймен сөйлесе бастады.

Палубада жарты сағаттай болғасын төмен түстім, мұнда таңғы асты күтіп Бутлер отыр екен, екеуміз шүйіркелесе кеттік. Бұл енді менің аты-жөнімді сұрайды екен ғой десем, ол мені көптен білетін кісі сияқты, о жағына жоламады, оның бұл мәнері маған ұнап қалды. Көп ұзамай үсті-басы су- су боп, жаураңқыраған Синкрайт келді. Кешегі арақтың уыты әлі кетпеген бе, бет-аузы боп-боз болып қуарып, қолы діріл қағады. Бутлер қабағы салынып, сараң сөйлесе, Синкрайт мылжыңдап кісіні мезі етті. Мен тіпті сұрамасам да, ол әрбір матростың жай-күйін түсіндіріп, олардың әрқайсысын кекетіп-мұқатып тілдеп отырды. Сосын ол кеше мейманханада ішкен түскі асын Бутлердің есіне салып, маған мүлде бейтаныс кісілермен арақатынасын ежіктеп айтып кетті. Мастығы әлі тарқамаған кісінің ұстамсыз сөзуарлығы ғой бұл. Кеменің қалай қарай жүріп, қай жерге аялдайтынын дәлірек білгім келіп, мен Бутлерден жол жайын тағы да сұрадым, өйткені Гездің сөзіне онша сене қоймадым.


 

 

Бутлер аузын ашам дегенше – шамасы оған сөйлеу- сөйлемеудің бәрі бір болса керек – Синкрайт дереу Гездің каютасына баралық, онда жолдың егжей-тегжейлі картасы бар деді. Гездің каютасына менің тіпті де барғым келмеді, өйткені о сияқты кісімен уақ нәрсенің өзінде абай болмақ керек, мұның үстіне күллі болмысы ұнамайтын Синкрайттай кісімен бару жөн емес, бірақ не ғыларымды білмей біраз ойланып тұрдым да, Синкрайтты картаны әкелуге жұмсағаннан гөрі барғанды қолай көрдім. Мен орнымнан тұрдым, екеуміз қосарланып Гездің каютасына келдік, Синкрайт клеенка папкадан бірнеше теңіз картасын алды да, оның ішінен бізге қажеттісін тез тапты.

– Біз қайда барсақ та, сізге бәрібір дегенді естіген едім,

– деді Синкрайт, – сол себепті де жаңа сіздің өтінішіңізді естіген кезде әуелде қайран қалдым.

– Маған оның бәрібір екені рас, – дедім шытынап, Синкрайттың көлгірсіген күлкісін ұнатпай, – бірақ ол менің жол жайын білмек болған заңды тілегіме қайшы келмейді. Синкрайт орынсыз да оспадарсыз оқыранып күліп жіберді, сол арада мен оның иығынан салып қалып: «Сіз маған жағынбай-ақ қойыңыз, шырақ, маған оның қажеті жоқ» дегім

келді.

Мен үстел басында еңкейіп картаны қарап тұрғам, Синкрайт картаны жайып жатып, оның жоғарғы бұрышын жазбақшы болып қолын менің оң жағыма қарай соза берді, ойымда ештеңе жоқ, солай қарай көз тастасам, сия сауыттың қасынан, әйнек астынан бір фотосуретті көрдім. Бұл анада шамаданның үстінде отырған қыздың суреті еді.

 


1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 |

Поиск по сайту:



Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.004 сек.)