АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция

Х V І І І т а р а у

 

Мені жолай отырғызып алған кемені «Сүңгуір» деп атайды екен. Ол Сан-Риольден Гель-Гьюге тасбақа тиеп бара жатыр екен. Кеменің қожасы да, шкипері де Фине ас Проктордың бір өзі, қарауында алты адамнан тұратын командасы бар; олардың алтыншысы Проктордың көмекшісі, отызды алқымдап қалған, жер қозғалса да жұмған аузын ашпайтын Нэд Тоббоган деген қара торы, әсем жігіт еді. Көзін таңып алған қыз Проктордың жақын қарындасы екен, оның жұртқа белгілі айттырып қойған күйеуі Тоббоган ашығын қимай айналшықтай бергесін қыз да осы сапарға шығыпты; мұның тағы бір басты себебі – Тоббоган Гель-Гьюде Дэзимен неке қиысып қосылам деп үміттенетінін мен кейін барып білдім. Несін айтайын, айдан анық ізгі себептер. Туысқаны болса да, кемеде әйел барын пайдаланып, Проктор аспаздың жалақысын қалтасына басып қалады да, оған орынды дәлел айтып шығарып салады, асты Дэзи әзірлейді. Осыны айтқаннан кейін, мен енді үзілген әңгімені жалғасам да болады. Кеменің командасымен сөйлесіп-түсінісіп жатқанда менің қайығым талимен жоғары көтеріліп, «Сүңгуір» қайығымен қатар қойылды. Менің жүгім де палуба үстінде, қасымда жатты. Бұ кезде желкендерді жел кернеп, кеме де өз жөнімен

жүзе бастап еді.


 

 

– Хош, енді сізге бола біз неге аялдадық және өзіңіз кім боласыз, соны асырмай да жасырмай айтыңыз, – деді Проктор, біраз сөйлесіп, көңіліміз бірленді-ау деген шақта.

– Бұл оқиға сіздерді қайран қалдыруы мүмкін, – дедім мен, Проктордың қолын қатты-қатты қысып алғысымды білдіргесін. – Менің атым – Гарвей. Мен де сіз қазір беттеп бара жатқан жаққа, Гель-Гьюге капитан Гез басқарған

«Толқын перісі» кемесімен бара жатқам, бірақ қатты дау- жанжалдан кейін кеше кешқұрым олар мені мына қайықпен кемеден түсіріп тастап кетті.

Оқиғаның ішкі бүкпе-қалтарыстарына бармай-ақ, мен болған істі ашық айтуым керек еді. Сонымен, күллі жайт табиғи қаз-қалпымен тұра қалғандай болды: мен кемеге ақша төлеп отырғам (ақшаның мөлшерін айтпасам да, мен оның едәуір екенін және дәл мерзімінде төленгенін білдірдім). Қазіргі жай-жағдаятқа бейімделе, көңілімдегі бар шынымды айту үшін мен осы сапарға қандай мақсат көздеп шыққанымды табуым керек болды. Басқа жерде басқа бір кісіге, бәлкім, мен шын сырымды айтар ма едім қайтер ем, бірақ... қысқасы менің әңгімемді зер сала тыңдау үшін «Сүңгуірдің» командасы тіпті трубкаларына темекі салуды да ұмытып кеткен сияқты. Олар маған иманындай сенді, өйткені оларға естігісі келген шындықты айтып бердім.

Мен желкенді кеменің сауда-саттық тәжірибесімен танысқым келді (осылай түсіндірдім) және сол сауда-саттық іс-әрекетіне базар қоятын талаптар мен шарттарды білгім келді дедім. Олар менің ойдан шығарған өтірігіме бірден құлай сенді. Сақал-шашы бурыл тартқан, ұзын бойлы, салауатты-сабырлы кісі Проктор мені бірден қостай кетті.

– Міне, бұ пікірің әбден дұрыс. Мен биржа газетінен бас алмай, үйде омалып отыра берсең шырын мен шекер орнына мақта сатып аласың ба деп бекер қақсап жүрген жоқпын ғой,

– деді.

Ендігі сөзде қалған оқиғаны бұрмаламасам да болатын еді, тыңдаушыларға мас әйел жайын айтып беруім мұң екен, олар Гездің мінез-құлқын табанда талқылай жөнелді.


 

 

– Оны сол арада сұлата салу керек еді. Сонда мұртыңызды балта шаппас еді, – деді Проктор.

– Үлгірмей қалған ғой... – деді бір матрос.

– Мен болсам өлсем де қайыққа түспес едім, әрине, зорлап түсірмесе, – деді Проктор сөзін сабақтап.

– Бұ кісі жалғыз болған ғой, – деді сол арада тұрған Дэзи. Орамал төңірегіне қарауға кесірін тигізген басын тынымсыз қозғай береді. – Ал, сен ше, Тоббоган, күштесе қалар ма едің?

– Оны айтқан ағай ғой, – деді Тоббоган.

– Аға айтса несі бар.

– Саған не болған, Дэзи? Біреудің ісіне сонша араласып?

– деді Проктор.

– Сіз дұрыс істегенсіз, – деді қыз маған қарап. – Сондай жауыздық жасалып жатқанда өлесі боп таяқ жеп, кемеден теңізге лақтырылғаннан гөрі өлген артық.

Сіз бұ кісіге неге виски бермейсіз? Вискиді қымқыра қойғанын қарашы!

Ол Проктордың ұмытшақ қолынан шыныны алып, темір кружкаға жартылай құйып, оған су араластырды, сөз қызығына түсіп кеткен шкипер шыныны тізесінің арасына ұстаған күйі аңқиып отырып қалыпты. Мен бұған алғыс айтып, жолдан онша арып-ашпағанымды сездірдім.

– Сонда да әр нәрсенің реті бар ғой, – деді қыз әлденені міней тіл қатып, мендей күйге түскен кісіге ырым етпесе болмайды дегендей. – Сізге де жақсы жоралғы болады.

Мен вискиді тәбетім тартқанша іштім.

– О, біз бұлай ішпейміз! – деді Проктор, вискидің қалғанын бір-ақ қағып тастап.

Бұ кезде мен қызға көз жүгіртіп қарап шыққам. Ол лыпылдап ұшып тұрған, шып-шымыр, шағындау келген қолаң шашты қыз екен, бұл елгезек те сергек жан дегенім ғой. Ол жымия күлген кезде қырмызы гүлдей жайнап кетеді екен. Оның кішкене қолы күн-жел қағып қоңыр тартыпты, ал етегінің етегінен сығалап тұрған жіңішке жалаң аяғы бір жәндік сияқты болып көрінеді, өйткені қыз аяғын алма-кезек қозғап, бірде оны айқастырса, енді бірде ажыратып жіберіп,


 

 

башайларын тынымсыз жыбырлатып отырды. Мен бұған қоса Тоббоганның қызға жаутаңдап қарай беретінін байқадым. Бұл ғашығын періште көретін жігіттің елжірей қараған қимас көзқарасы еді, қыз да соның көңілін қимай виски әкелуге машықтанып, көзім ауырды деп көлгірсіп жүрген тәрізді. Тоббоган келбеті келіскен, ойлы жүзді, ер бейнелі жігіт екен. Бірақ оның қимыл-әрекеті кескін-келбетіне тіпті де үйлеспейді, мәселенки, ол қолын сермеп-сілтегенде ілгері қарай емес, өзіне, кері қарай сермейді екен, ал отырғанда тізесін құшақтап отырады. «Сүңгуірдің» төрт матросы жасарын жасап, асарын асаған шаруажай момын жандар еді: қолы босағанда олардың біреуі темекі жапырағын ұнтақтайды немесе күрткесінің жыртылған жағасын жамап-жасқайды, екіншісі, хат жазса, үшіншісі, жапондарға еліктеп жіп-жіңішке таяқшамен, жалпақ шыны ішіне шеге құм мен жаңқадан бір табиғат суреттерін бедерлеп жатады. Бесінші матрос өзгелеріне қарағанда жастау және елгезек, ол оқтын-оқтын өзімен өзі карта ойнап, қалған кісілерді осыдан кедейленіп қалмайсың деп қызықтырғандай болады. Оның аты Больт. Шхуна үстінде үш күн ұдайы болғанда мен мұның бәрін көрмей тұра алмадым, бірақ бірінші күн бітер шақта кенет қатты қалжырап, қалың ұйқыға шомып кетсем керек. Маған кубриктен бір төсек берді. Вискиден кейін ащы сорпа ішіп ұйықтап қалыппын, көзімді ашсам үстелдің үстінде жағулы шам тербеліп тұр.

Темекі тартып ойланып жатқанда үстіме Тоббоган келіп кірді. Егер менің қал-ахуалым оңлы болса, Проктор мені өз каютасына келіп кетсін депті. Тоббоган маған осы хабарды жеткізді. Мен сыртқа шықтым. Түнге салым толқын да күшейе түскен. Шхуна ыңыранып толқынның өріне көтеріледі де, сықырлап барып асудан асады. Шынтақ айналмайтын тар люктегі тік басқышпен төмен түсіп, Тоббоганмен бірге Проктордың каютасына келіп кірдім. Бұл бір тұнжыраған аядай тап-таза бөлме екен, үстел мен төсектің арасына тек аяқ сүртетін мат қана сиярлық. Каютаға темекі иісі сіңіп қалыпты.

Тоббоган менімен бірге кірді, сосын ол есікті ашып, өз шаруасымен кетіп қалды, ұзамай жақын жерден Дэзимен


 

 

сөйлескен даусы естілді. Мұнда кірмей жатып-ақ мен Проктордың сөйлескісі келіп отырғанын сездім: үстел үстінде әп-әсем тәрелкеге ысталған тіл туралып қойылыпты, оның қасында қылқиып бір шыны тұр. Шкипер ә дегеннен-ақ сауда- саттық жайын қозғап: «Сіз мақта тұқымы туралы ештеңе естіген жоқсыз ба?» – деп, ойлаған жерімнен шықты. Сосын Проктор әңгіме-сөздің ең қызық бөлігіне: тағы да менің оқиғама көшті. Енді ол таңертеңгідей емес, әр сөзін аңлап, абайлай айтады, шамасы, менің ойымды білгісі кеп отырса керек.

– Капитан Гезге қарсы қандай әрекет жасайтынымызды күн ілгері тиянақтап алуымыз керек, – деді Проктор. – Мен куәмін, сізді жолай кемеме мінгізіп алдым, мұндай жәйт менің өмірімде тұңғыш рет кездесіп отырса да, осының өзі көпке татиды. Менің кісілерім де куәлікке тартылады. Сіз «Толқын перісі» ГельГьюге бара жатыр дедіңіз ғой, ендеше ана жауызбен ұзамай кездесесіз. Кейін мастығы тарқағасын бір қорқуын қорықса да, ол алған бағытын өзгерте қоймас деп ойлаймын. Сіз менің шхунама кездеседі деген ой оған келе қояр ма екен. Демек біз мынадай бір келісімге келелік, егер іс «Сүңгуір» Гель-Гьюден кетіп қалғаннан кейін қаралатын болса, сіз оны маған әдейі хабарлаңыз. Бұл – қылмыстық іс.

Ол алдағы күндерді есептеп, өз ойын естіртіп айта бастады, бірақ одан мардымды ештеңе шықпады, өйткені кездейсоқ жәйттер болмай тұрмайды, оны күні бұрын болжау қиын, сол себепті де мен оны Гель-Гьюге барғасын сөз етерміз дедім.

– Пәлі, онда тіпті жақсы болды, – деді Проктор. – Бірақ сіз менің өзіңізді жақтайтынымды біліп қойыңыз, өйткені бұл ел құлағы естімеген сұмдық. Адамдарды борттан лақтырып тастаған кездер болған, ал, жағадан жүз миль қашықта кісіні тап бір жерге қалдырған сияқты, теңізге ешкім тастап кетпеген. Желкен көтеріп, зәкір тастайтын жердің бәрінде сіздің оқиғаңыз жұртты жаппай дүрліктіреді. Гез енді шаруасы біткен адам, бұл менің шын сөзім. Мұндай іске барғаны – оның нақұрыс болғаны. Бірақ сіз қазір шарап


 

 

ішуіңіз керек. Әйтпесе, сізді біржолата құтылды деу қиын болады. Енді сіз анадан жаңа туған жандай теңіз сынынан өтуіңіз керек. Мен сізге таң қалам, – деді ол стаканға шарап құйып жатып. – Сіздің жайбарақат отырғаныңызға таң қалам. Имандай шыным, сіз маған «Сүңгуірге» өз үйіңізге қалай келе жатсаңыз, солай келе жатқандай болып көріндіңіз! Кісінің жүйкесі берік, ұстамды болғанына не жетсін! Әйтпесе...

Ол стаканын қойып, маған шұқшия қарады.

– Зейінім сізде. Ойыңызға не келсе де тайсалмай айта беріңіз, – дедім мен.

– Сіз біздегі қызды көрдіңіз ғой, – деді Проктор. – Әрине, о жөнінде... бөтен ештеңе ойлауға болмас. Бір сөзбен айтсақ, желкенді кемеде әйелдің болуы – сирек кездесетін құбылыс. Мен оны жақсы білем.

Ол қысылып-қымтырылмады, Гез сыбайластарының оқиғасынан кейін Проктор бұ мәселені қозғауды ыңғайсыз да болса қажет деп таныса керек, өз басым оны дұрыс ұқтым. Сол себепті де іле жауап бердім.

– Жақсы қыз, бәлкім, ол сіздің қызыңыз шығар?

– Қияңқылығын былай қойсақ, қызым десем де болады,

– деді Проктор. – Қарындасым. Өзіңіз білесіз, шхунамен қыз тасу – екі рульді қабат ұстаумен бірдей, бірақ ол мұнда жалғыз емес. Бұған қоса оның мінезі жібектей. Тоббоган бір тиынмен байыған адам, олар жөнінде осылай демеске лажым жоқ, ал, менің жынымды келтіретін бір нәрсе, қанша бұлтақтағанымен олар ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір үйленеді, оған қарсы қолдан келер қайраным жоқ.

Мен одан Тоббоганды неге ұнатпайтынын сұрадым.

– Соны кейде өзімнен өзім де сұраймын, – деді Проктор,

– әрине, үй ішінің мезі ететін күйкі сөзін қазбалап айтып кетсем, оған рақым өтінем. Бірақ кейде... һм... шешіліп сөйлескің келеді. Иә, мен талай рет оны өзімнен өзім сұрап, ашуланғаным бар. Сонда да мардымды жауап таба алмай- ақ қойдым. Шынымды айтсам, мен соның соқыр да керең кісі сияқты қыздың төңірегінен айналсоқтап шықпайтынын өлердей жек көремін, егер қыз оған: «Тоббоган, діңгекке шығып, одан басыңды төмен салып түс» десе, жігіт оны


 

 

ыстық-суық, жауын-шашын демей дереу орындайды. Меніңше, оған басқа күйеу керек. Бұл әшейін айта салынған бір сөз ғой, әйтпесе, болар іс болады-тағы.

Бұ кезде шыныдағы ром жарлық-қағаздың деңгейіне жеткен еді, содан ба қалай, шайқалыс күшейе түскендей болды. Мен үстел, орындықпен, каютамен бірге әткеншек тепкендей тербеліп барам, кейде еденге бүктетіле құлап кетпес үшін аяғыммен жер тіреп қоям. Кенет есік ашылып, ішке Дэзи кірді, ол маған қарай еңкейіп төніп келе жатқан бітеу қабырғадан құлап түсіп, үстелден қармалай ұстап, керулі арқан үстіндегі даршыдай теңселіп тұрып қалды. Оның аяғында – башмақ, үстіне қара етек пен сұр жейде киіпті, омырауына жылтыр түйреуіш қадапты. Сол көзін бұрынғыдай емес, әдемілеп тап-тұйнақтай етіп байлапты.

– Тоббоган егер сіздердің қолыңыз тимесе, қам жемей- ақ қойсын, вахтада өзім тұра тұрам деді, – Дэзи осыны айтып, жалғыз көгілдір көзімен маған бір қарады. Сосын жүзі жайнап күліп жіберді.

– Бәрекелде, мұнысы жақсы болды, – деді Проктор, – әйтпесе, басы артық қайықты сылтау етіп, мені кемеден түсіріп тастай ма деп қорқып ем.

– Сөйтіп, сіз біздің арамыздан келіп бір-ақ шықтыңыз- ау, – деді Дэзи маған имене көз тастап. – Ойлап тұрсаң, теңіз үстінде талай-талай оқиғалар болып жатады екен!

– Тағы бір болатын жәйт, – деді Проктор, сосын күлімдеуден жалықпайтын қыз жүзінде күмілжіген жаңа күлкі табы біліне бастаған кезде: – иә, тағы бір болатын жайт, қыз кетеді де, ерлер қалады, – деп сөзін тәмамдады.

Дэзи ұялып қалды. Оның күлкісі де өше берді, мен қыздың осында қалғысы кеп құмартып тұрғанын сезе қойдым да:

– Егер сіз менен қолайсыз болады деп ойласаңыз, қарындасыңыздың осында қалғанына өз басым қуанбасам, ренжімеймін, – дедім.

Менің жауабыма шын көңілден риза болып қалған Проктор:

– Қаласаң, отыр, – деді қарындасына.

Қыз есік алдына, төсектің аяқ жағына барып отырды да, көзіндегі шүберекті қолымен баса қойды:


 

– Әлі де ауырады, – деді Дэзи. – Тіпті пәле болды!

Бетіңді қисайта таңып алғаннан өтер қырсық болмас.

Реті келгенде сұрамай қалудың өзі қиын ғой, сол себепті де мен «көзіңізге не болған?» деп сұрадым.

– Жел тиген, – деді Проктор қыз үшін жауап беріп. – Бірақ оны емдейтін дәрі жоқ көрінеді.

– Оның сөзіне сенбеңіз, – деді Дэзи. – Маған жел де, құз да тиген жоқ. Больт екеуміз жанжалдасып қалып, ол көзіме салып қалып көгертіп қойды.

Мен бұған иланбай, жымиып күлдім.

– Жоқ, – деді қыз тағы, – біз төбелескен жоқпыз. Бәрі көмірдің әлегі, көзіме көмір тозаңын түсіріп алғамын.

Мен оны қою шаймен шайыңыз деп кеңес бердім. Қыз оны қалай шаятынын тәптіштеп сұрап алды.

– Жалғыз көзбен-ақ мен сізді бірінші болып көрдім, – деді Дэзи. – Мен әуелі қайықты, сосын өзіңізді көрдім. Мен бұған қатты қайран қалдым, қайық маған тіпті ауада қалқып тұрғандай болып көрінді. Анда салқын шай бар еді,

– деді ол орнынан тұрып. – Мен қазір барып, сіз айтқан емді қолданайын. Сіздерге тағы бір шыны әкелейін бе?

– Жо-жоқ, – деді Проктор, бірақ «иә» деп айтатындай желеу табыла ма деп маған жаутаңдай қарады. Шарапқа зауқым болмағасын мен үндемедім.

– Иә, қажеті жоқ, – деді Проктор нығыз. – Ертең де бүгінгідей күн болады, енді бар болғаны үш-ақ шыны қалды. Хош, сізді бірінші көрген осы қыз дедік қой, сосын мен барып дүрбіні әкелдім, анықтап қарасақ, сіз қайық үстінде қолыңызды бос тастап, түрегеп тұр екенсіз. Содан кейін сіз дереу отыра қалып, қайықты жылдамдатып есе бастадыңыз. Әңгіме бұдан кейін де мен бастан кешкен оқиғаға айналғыштап соға берді, сосын Дэзи кетіп қалды, арада бес минут өткесін мен де орнымнан тұрдым. Проктор мені

кубрикке дейін шығарып салды.

– Біз сізге бұдан тәуір бөлме тауып бере алмаймыз, – деді ол, – кемеміз тар. Лаждап шыдай тұрыңыз, Гель- Гьюге жететін кез де жақындап келеді. Меніңше, біз арғы күні кешке немесе күн батарда сонда боламыз.


 

 

Кубрикте екі матрос бар екен. Оның біреуі ұйықтап жатыр да, екіншісі пышақтың сабын жұқа қайыспен орап отыр. Сәті түскенде бұл бір сөйлемейтін тұйық кісі екен. Көзім ұйқыға кетіп бара жатып мен оның жуан қоңыр дауыспен бір өлең бастағанын есіттім.

Толқындар мәңгі тына алмай, Шарлайды шексіз мекенін.

Шулайды бейғам, біле алмай Құрдым мен құздың не екенін.

 

X I X т а р а у

 

Ертеңгісін жел басылды, бірақ оңымыздан соғып, аспан шайдай ашылып кетті, «Сүңгуір» бір қалыппен баяу тербеліп, сағатына он бір шақырымдай жер алып келе жатты. Мен көңілім хошуақтанып, төсектен жадырай тұрдым, палубаға шығып, шелектен жуынып жатқанда теңіз иісін анық сездім. Арт жақтағы люктен басын шығарып:

– Мұнда келіңіз, кофеңіз әзір болды! – деді дауыстап Тоббоган.

Мен киініп, асүйдің қасынан өтіп бара жатып, жеңін сыбанып алып балық қуырып жаткан Дэзиді көрдім. Бетін таңған шүберекті алып тастапты, өзінің айтуына қарағанда, көзінің төменгі шетінде бұрынғы ісіктің болар-болмас белгісі ғана қалыпты.

– Шаймен емделем деп жүріп малмандай су болдым! – деді Дэзи.

Ойламаған жерден пайдалы кеңес бергеніме өзімнің де разы екенімді білдіріп, асхана ретінде кәдеге жарап келген, оймақтай терезесі бар шағын бір каютаға келіп түстім де, жұпыны ағаш үстел қасындағы скамейкаға барып отырдым. Тоббоган да осында отыр екен. Ол маған жадырай бір қарап, тамағын қырнап жөткірініп алды, бірақ айтуға сөз таппады ма, әлде сөйлегісі келмеді ме, әйтеуір, маған анда-санда бір көз қиығын тастағаны болмаса, үнсіз маңқиып отыра берді. Шамасы, ол піскен балықты немесе қалыңдығын күтіп отырған сияқты, дұрысын айтсам, ол екеуін де аңсап отырса


 

 

керек. Мен одан Проктор не істеп жүр деп сұрадым. «Ұйықтап жатыр», – деді Тоббоган, сосын ол алақанының қырымен үстел үстінен қиқым-сиқымды сыпырып тастады да, шыжылдаған бір дыбысты естіп, бұрылып қарады. Дэзи қуырылған балығы бар табаны шыжылдатып каютаға кіріп келді. Кенет Тоббоганға тіл бітейін деді. Ол балықты біраз мақтап алды да, қыздан неге жалаң аяқ жүргенін сұрады.

– Өткен жолы ол абайламай шегені басып кеткені, – деді Тоббоган, табаны маған қарай ысырып, балықты жеп жатып. – Білесіз бе, мұның өзі ұрыншақ, бірде кемеден теңізге құлап кете жаздады.

– Мен жалаң аяқ жүргенді ұнатам, – деді Дэзи кофені қалың шыны стакандарға құйып жатып, сосын жайғасып әңгімесін жалғады: – Біз тереңдігі бес миль келетін тұңғиықпен жүзіп келе жатқанбыз. Мен еңкейіп, суға қарап тұрғам: сонда осынау тұңғиық түбін әлде көрермін, әлде көрмеспін деп...

– Покеттің теріскей бетінде, – деді Тоббоган.

– Иә, тап сол арада. Кенет басым айналып, бортқа ілініп қалдым, тұңғиық төмен қарай тартады. Тоббоган мені қамти ұстап, салдауыр сияқтандырып сүйретті-ай кеп. Со сәтте сен, Тоббоган, өліктей боп қуарып кеттің.

Ол қызға елжірей қарады: алпамса жігіттің тамақсаулығы мен ғашық жүректің нәзіктігі арбасқанда оның жүзі өзгеше құбылып кетті.

– Құлау дегенің қиын емес, – деді ол.

– Қайықта отырғаныңызда сіз қатты қорықтыңыз ба? – деді қыз, пышақпен үстелді тықылдатып.

– Пышақты орнына қой, – деді Тоббоган тыныш- сызданып. – Егер аяғыңа түсіріп алсаң, тағы да сыңар аяқпен секектеп қаласың.

– Сен бүгін тым дызалақтап барасың, – деді Дэзи күлімдеп, сосын оның шынтағының дәл түбінен қара пышақты қайқайтып бір-ақ салды. Ағашқа кірген пышақ одан дереу құтылғысы келгендей, безектеп тұрып алды. – Сен де тап осылай безектейсің! Бәлкім, сіздің кітабыңыз бар шығар? Кейде мен кітап болмаса жалығып кетем.


 

 

Қызға оқуға қолайлы бір кітап табармын деп табанда уәде бердім. Шалқар теңіз ортасында мені жалғыз көзімен көрген жанға бір жақсылық жасағым келіп, мен оған: – Бұған қоса Гель-Гьюге менің атыма біраз кітап келуі керек, содан сіз бірнеше роман алып оқырсыз, – дедім. Шынында мен осы жолы өтірік айттым, өйткені кейін өз қалауымша бұ қызға бірнеше кітап сатып алып берермін деп ойладым.

Дэзи қапелімде қысылып қалды да, мөлиіп отырған жерінен еңсесін көтеріп, бізге жайымен еркелей көз тастады. Қыздың қылықты болғаны қандай жақсы: каюта ішіне көгілдір нұр құйылғандай болды. Тоббоган сол арада маған имене отырып алғыс айтты, аз да болса қыз көңілін тапқаныма оның шын пейілден қуанып қалғанын бірден байқадым.

 

X X т а р а у

 

Кеме үстінде күн тез өтеді. Тек әуелгі кезде ғана ол ұзақ болып көрінеді, мұхит үстінен күн домаланып шыққан кезде кісі кеңістікті уақытпен шатыстырып алады. Кешке дейін қайда әлі деп ойлайды! Бірақ кейін сағатты ұмытып кетесің де, түскі астың берілгенін бір-ақ білесің, сосын екі иіннен дем алып кеш те жетеді. Түстіктен кейін, яғни, картопқа қоса сүр жеп, кофе, компот ішіп алғаннан кейін картаға көзім түсіп кетті де, мен Тоббоганға покер ойнайық деп ұсыныс жасадым. Менің мақсатым: картаға ұтқызған болып, он- жиырма фунт беру. Бұл кісілер, әрине, тікелей берген ақшаны алмайды, ал, өз басым алғыс орнына біраз ақша тастамай бұ кемеден кеткім жоқ. Кездейсоқ айтылған кейбір сөздерге қарағанда, Проктордың жұлдызы оңынан туып тұрмағанын аңғаруға болатын еді.

Мен осындай ойымды айтқан кезде Дэзи сұрау белгісіндей иіліп тұрып қалды, ал, Проктор қолына картаны алып, бір күрсініп оны лақтыра салды.

– Осы бір қарғыс атқан қағаз қарақшылар кезінде маған аса қымбатқа түсіп еді, сол себепті де мұны тіпті тегін де


 

 

болса ойнамаймын деп ант-су ішіп ем, енді сол сертімнен таймайын, – деді ол.

Бірақ Тоббоган ойнамақ болды, әдеп сақтағаны ғой деп ойладым мен, бірақ екеуміз де бірнеше алтын теңгеден шығарған кезде, мен оның көзіне қарап, құмарпаз ойыншы екенін сезе қойдым.

– Ойнаңыздар, мен қарап отырайын, – деді Дэзи, шұңқыры бар аппақ балғын қолына бетін сүйеп. Ол бірде демін ішіне тартып, енді бірде екеуіміздің біреуіміз ұтылып қала қойсақ, мәз бола күліп, ерінбей-жалықпай отыра берді. Осы араға байланып қалғандай-ақ, тіпті трубкасын тартуды да ұмытып, міз бақпай Проктор отыр, тек оның жиі-жиі дем алғанына қарап, делебесі қозып, құмартып отырғанын байқауға болатын еді. Ақырында, вахтаға баратын сағаты соққасын, ол өз шаруасына кетіп қалды,

Сонымен, мен кеудемді жалаңаштап, шпагамның ұшын әдейі сындырып, қырғын соғысқа кірдім де кеттім. Және ешкімнен именбей, өзімді өзім алдауға кірістім, өйткені, мені жорта ұтылып отыр деген ой Тоббоганның үш ұйықтаса түсіне де енбес еді. Екі кісі ойнаған кезде покерден қандай қулық жасаймын десең де болады. Егер Тоббоган жерге едәуір сома салса, мен «ұтылдым» деп картаны тастай салам. Кейде қолыма әлсіз карта келе қалса, орынсыз күдік тумасын деп, оларды ашып көрсетем. Біз әуелі ойынды уақтан бастадық. Тоббоган енді сөзуар болып кетті. Ол өзінен-өзі сөйлеп, қарқылдап күліп қояды, ұта қалса, менің ойынымды сынап-мінейді келіп. Менің жәрдеміммен жолы болайын деді, содан ба қалай, әйтеуір делебесі қозып қызып кетті. Қазір оның алдында жалтырап он алты фунт жатыр, енді мен оны жиырма фунтқа жеткізу жайын ойлап отырғам. Картаны мен үлестіріп жатқанда, кенет ол қолындағы бар картасын тастап, жаңадан бесеуін алды да, тағы да жиырма фунтқа жүретінін айтты.

Оның картасы қанша кесек болсын мейлі, әлде мені бопсалап шошытқысы келсін мейлі, менің қолыма да қарғаның ғажайып бес карты: ондық, валет, дама, король мен тұз


 

 

тізіліп тұра қалды. Осындай картамен отырған мен оған өзімнің ұтысымды төлеуім керек!

– Мақұл, – дедім мен. – Картаңызды ашыңыз. Тоббоган қолы дірілдеп каррені көрсетті де, оңай олжаға батқанына мәз болып, маған мастана қарай берді. Егер менің қарғаларымды көрсе қайтер еді ол! Мен картамды жаптым да, бір уыс алтын теңгелерді жігітке қарай ысыра қойдым.

– Мен сіздің қалтаңызды қақтым-ау! – деді Тоббоган, масайрап ақшаны уыстап жатып.

Абайсызда Дэзиге қарасам, ол мен тастаған карталарды қалғанымен араластырып жатыр екен. Оның қызарған жүзінің қаны қашып, күлкісі де баяулап сөне берді.

– Оның қолында не бар екен? – деді Тоббоган.

– Үш дама, екі тоғыздық. Сен қанша ақша ұттың, Тоббоган? – деді қыз.

– Отыз сегіз фунт, – деді Тоббоган қарқылдай күліп. – Мен сіздің қолыңызда карре ғой деп қалып ем.

– Ақшаны қайтар.

– Сенің не дегеніңе түсінбей қалдым, – деді Тоббоган қызға. – Бірақ сіздің қалауыңыз солай болса...

– Мен оған қарсымын. Дэзи олай дей алмайды, өйткені, бұл кез келген картапаздың көңіліне келеді, ендеше, менің де көңіліме келеді.

– Міне, көрдің бе, – деді Тоббоган жадырап, – сен енді бұған араласпай-ақ қой.

Дэзи бір сыры ішінде жайымен күлді де қойды.

– Сіз нашар ойнайды екенсіз, – деді қыз маған әрі ренжіп, әрі қатулана қарап.

Бұған не шара, мен қызға:

– Кешіріңіз, келесі жолы жақсырақ ойнармын, – дедім де қойдым.

Менің жауабым оған бір түрлі қызық көрініп кетті ме қайдам, әйтеуір, ол мәз болып, сыңғырлай күліп жіберді. Не өтініп тұрғанымды түсінетіндей етіп мен оған бір әзіл-қолқа салдым:

– Дэзи, менің жаман ойнайтынымды ешкімге айтпай-ақ қойыңыз, әйтпесе, ойыншы ғұмыр бойы ақша төлеуден көз ашпайтын көрінеді.


 

 

Ұтыстан бүйірі қызып алған Тоббоган ештеңеге түсінбесе де:

– Маған сенуіңізге болады. Жұрттың бәріне сіз кереметтей жақсы ойнады деп жаямын! – деді еліріп.

– Мақұл, жұртқа мен де соны айтайын, – деді қыз. Қанша білдірмейін десем де, мен қатты қысылдым, сосын Дэзиге кітап қарастырайын дегенді сылтау етіп кетіп қалдым. Дереу екі романды іздеп тауып, бұларды қызға апарып бер деп бір матросты жұмсадым.

Күннің қалған уақытын мен жоғарыда, арқан-жіптердің арасында отырып өткіздім,

Дэзи асүй маңынан бірде көрініп, бірде кетіп қалып жүрді, ол кір жуып жатыр еді.

«Сүңгуір» аңырай соққан жел ығында шайқала түсіп лаулап келеді. Мен теңізге жайымен қарап отыра бердім.

«Жағасыз теңіз – кісіні жалықтыратын жансыз көрініс» деп кім айтқан? Мұны аты-жөні белгісіз көпшілік айтқан ғой. Көк айдында жаға болмайтыны рас, бірақ осы шындыққа қарасаң көзің тоймайды. Көкжиек тап-таза, тұп-тұнық боп мөлдіреп жатады. Айналаң тола төңкерілген толқын, жақыннан оны анық көрсең, әрі ұзаған сайын олар бірін-бірі жасырып, көгістеніп көзді алдайды; бір ойнамалы бұлдыр әйнектен қарағандайын, сонау көкжиектен кемерленіп аспанның шет-шегі көрінеді. Мұндағы кеңістік пен тереңдік дегеніңе қиял жетпейді, осы тереңдікті жүре келе сезесің де, бірте-бірте оны көзсіз-ақ көргендей боласың. Осынау есеп- қисапқа келмейтін, шын құдіреті ақыл-ойға сыймайтын, мәңгі- бақи төңбекшіп толқып жататын теңіздің тылсым күшінде арылмас бір беймаза үрей болады. Ол енді оянып келе жатқан шығармашылық соқыр сезім тәрізді.

Артымнан келе жатқан біреудің тықырын естіп, бұрылып қарасам, Дэзи екен, ол ұяты бетіне теуіп, именшектеп келе жатыр екен, қыз сол сәт жымия күліп, маған байыптап бір қарап, шумақ арқанның үстіне келіп отырды.

– Сізбен сөйлесейін деп едім, – деді Дэзи алжапқышының қалтасына қолын салып жатып.


 

 

Әңгіменің мән-жайын бірден аңғарсам да, білмеген сыңай таныттым.

– Жайшылық па, әйтеуір?

Ол мені қолымнан алып, екі беті ду етіп, әне-міне дегенше, алақаныма ауыр бір түйіншекті тастай салды. Оны ашып қарадым. Қарасам, ақша екен, бағана Тоббоганға ұттырған отыз сегіз франкім, Дэзи ұшып тұрып қаша жөнелем дегенде қолынан ұстай алдым. Мен қапелімде бір түрлі ыңғайсызданып қалдым да, қыз аптығын басқанша үндемедім.

– Бар әңгіме осы, – деді ол арқан үстіне монтансып отырып жатып. Ұялғаннан қыз кірпігіне жас ілінді, онысына өзі де разы емес. – Мына ақшаны тыға салыңызшы, енді қайтып көзіме түспесін. Со қулықтың қажеті қанша еді? Сіз менің бүгінгі күнімді рәсуа еттіңіз. Бәрінен бұрын, мен оны Тоббоганға қалай түсіндіруім керек? Ол бұған тіпті сенбейді ғой. Мен онымен керілдесіп-керілдесіп, ақырында ақшаны қайтарған жөн деген байламға көзін жеткіздім.

– Сүйікті Дэзи, – дедім мен қыздың тәкаппарлығына тәнті болып, – егер мен шынымен кінәлі болсам, онда тек карталарды араластырмағаным үшін ғана кінәлімін. Ал егер мен оны араластырып жіберіп, артыма ешбір дәлел-дерек қалдырмағанда қайтер едіңіз?

– Қайтушы ем; ұтылғанның аты ұтылған, жайбарақат отыра берер ем. Бірақ мен оған бәрібір қынжылар ем. Қалай, сіздің не істегіңіз келгенін мені түсінбейді деп ойлайсыз ба? Біздің ақша алмайтынымызды білгеннен кейін, сіз оны адал көңіліңіздің алғысы ретінде бізге картаға ұттырғыңыз келді ғой, ал, оның тіпті де қажеті жоқ еді. Солай болғанда, мен сізге тап қазіргідей кейімес те едім. Енді түсіндіңіз бе?

– Түсінгенде қандай?! Қалай, сізге кітаптарым ұнады ма?

Дэзи татулық жолына ә дегеннен түсе алмай, біраз уақыт үнсіз тұрып қалды.

– Бас тақырыбы қызық көрінеді. Мен тек тақырыбына ғана көз жүгірткенім болмаса, оқуға қолым тимеді. Кешкісін жайғасып отырғасын оқимын ғой. Мен әлгіде қызып кетіппін,


 

 

кешіріңіз. Қазір өзім де ұялып отырмын, бірақ амал бар ма? Сіз маған ашуланып, ренжіп отырған жоқсыз ба, енді маған соны айтыңызшы.

– Мен ашулы емеспін, ашуланған жоқпын және ашуланбаймын да.

– Түһ, жақсы болды ғой, мен кетейін ендеше. Бірақ тағы бір әңгіме бар еді...

– Оны тап қазір айтпасаңыз, кейін айнып қаласыз.

– Жоқ, мен одан айнымаймын, ол өте маңызды мәселе. Неге маңызды дейсіз ғой? Алып бара жатқан айырықша бірдеңе емес, бірақ мен жатсам да, тұрсам да: «таптым ба, таппадым ба?» деп қатты толғанып жүрмін. Бір реті келгенде сөйлесерміз. Ал қазір сіздерді тамақтандыруым керек, бірақ әлі ештеңе де әзір емес, енді бір жарты сағаттан кейін келіңіз. Ол орнынан тұрып, басын изеді де, асүйге ме, әлде іс- әрекетіне байланысты басқа бір жерге кетті ме, білмеймін,

әйтеуір кетіп қалды.

Осы бір жәйт мені қатты ұялтты. Несін жасырайын, қожайынның ролін өзім ойнаймын ба деп жүрсем, мына қыз өзінің нағыз қожа екенін дәлелдеп берді. Бірақ ол тағы нені талқыға салар екен? Осыны бір сәт ойлағаным болмаса, ұзамай ұмытып кеттім. Қараңғы түссімен бәріміз кешкі асқа отырдық, каюта қапырық болғасын жоғарыға, асүйдің алдына барып жайғастық. Тоббоган менімен селқос кездесті, бірақ бәріміз бірігіп карта жайын сөз етпейміз деп үнсіз ғана келіскесін, көп ұзамай ол да сабасына түсті. Тек оқта-текте маған ойлана көз тастап: «Дэзи дұрыс жасады, бірақ, шайтан алсын, қолыңдағы ақшадан айырылу қиын екен» дегендей болады. Проктор болса маған өзгеше назар аударып, оң қабағын беріп жадырап, көңілденіп отырды, ол егер Дэзиден бірдеңені білген болса, қыз қылығын құптап ұнатып қалған сияқты. «Адам болжам жасаса, біздің Дэзи бәрін қолдан жасайды!» дегенде Проктор, шамасы, бірдеңені мегзесе керек. Бұ кезде жұрт жағалай жапырласа тамақтанып жатқан, ал, Дэзи ас беріп, әлденені жинастырып жүрген, со сәт бір матрос тұрып:


 

 

– Иә, мен күркетауықты жеймін ғой деп ойлап ем. Бұ қыз сүр әкеп қоя салды ғой, – деді жай ғана.

– Үндеме, мен сені ертең мейманханаға апарам, – деп жауап берді оған екінші бір матрос.

Жалпы, шағын желкенді кемелерде қалай ауқаттанатын болса, «Сүңгуірде» де солай, бір тектес тағаммен ауқаттанатын, өйткені он-жиырма күн бойы теңізде жүргенде бұлардың жаңа тамақты алатын жері де, оны сақтайтын орны да жоқ болатын. Қалбырлар мен сүр, макарон, компот пен кофеден басқа жейтін ас та жоқ, мұның есесіне олар қолдағы барын жау жапырағандай қылатын. Жан тыныштығын ойлады ма, әлде әркім әр алуан арманына, қаз деп ойлағаны қарға болып шығатын арманына жетсін деді ме, әйтеуір, Проктор жұрттың бәріне бір-бір стаканнан ром құйды. Күн батқалы қашан?! Асүйдің төбесіне қойылған керосин шам бізге күңгірт жарық түсіріп тұрды.

Бір кезде бактегі матрос:

– Сол қанаттан от көрінеді! – деп айқай салды. Проктор тұрып руль жаққа қарай кетіп қалды. Мен «Сүңгуірдің» алдыңғы жағынан нән бір пароходтың жыпырлаған шамдарын көрдім. Оның бізді жақын жерден жанай өткені сонша, тіпті винт валының тықылы анық естілді. Палуба астындағы кеңістікте, самала жарық саясында, жолаушылардың кейбіреулері жайбарақат отырса, енді біреулері сейіл-серуен құрып жүр. Осынау үш турбиналы алып кеме, біздің қасымыздан өтіп, біраз жүргесін жыпырлаған отты терезелерін көрсете, қорма жағымен бұраңдай айналып, артына жарықтан нұрланып, бұрқырай көпіршіген ақ көбік із қалдырып алыстай берді.

«Сүңгуір» бұ кезде бір маневр жасамақ болды да, күллі матростар желкендермен айналысып кетті, біз, Дэзи екеуміз пароходтың қара үзіп кеткеніне қызыға қарап тұрдық.

– Осындай бір пароходқа отыруыңыз керек еді, – деді қыз. – Онда бәрі керемет. Жайлы-күйлі, үлкен мейманханадағы сияқты не керектің бәрі бар. Жұрт онда билеп те жатады. Бірақ мен өмірде мұндай бай пароходқа


 

 

отырып көрген емен. Мен одан музыка үнін естігендей болдым.

– Сіз биді жақсы көресіз бе?

– Коньфеттерді, билеуді жақсы көрем,

Тап осы кезде Тоббоган екі қолын қалтасына салып, арт жағымыздан келіп тұрды.

– Одан да сен маған би билеуді үйретсең жақсы болар еді, – деді жігіт бәсең.

– Сен бұлай деп қазір ғана айтып тұрсың ғой. Сен билей алмайсың: талай-талай үйреткенмін.

– Неге екенін өзім де білмеймін, қыздың белінен енді ұстай бергенімде, оқыс музыка үні шықса болғаны, аяғым бір түрлі жансызданып, буыным босап кетеді. Не ілгері, не кейін жүре алмай, сілейіп тұрып қалам.

Біртіндеп бәріміз тағы бас қостық, бірақ кешкі ас бітті де, Проктор айнытпай таныған «Лео» пароходы жайлы әңгіме туындап кетті.

– Ол Австралиядан, Тынық мұхит компаниясының рейстік пароходы. Оның қуаты жиырма мың тонналық.

– Мен біздің кемеден «Леоның» үсті жақсы деймін, – деді Дэзи.

– Мен сіздермен кезіккеніме мейлінше қуанам, ал, ана пароход болса мүлде басқа жаққа барады.

Проктор ілгеріде бір пароходтың апатқа ұшырап, қайықпен қалтылдап жүрген адамдарды алмай өте шыққанын әңгімеледі. Осыдан келіп мұхитта болып жататын сан алуан оқиғалар сөз болып кетті. Ауа райын айттық, тамылжыған бір жылы кештерде ұзақ жолдың бітерін білген жолаушылар алқақотан отырып қызу әңгімеге кірісіп кетті.

Осынау теңізшілер түн ішінде мұз таулар арасынан кездесетін жүзбелі шынылар, экипаждың бүліктері, аласапыран құйындар мен дауылдар жайлы қанша көп білгенімен, «Мария Целеста» кемесінің тарихын, сол сияқты алты адамның бір қайықпен бес ай бойы сергелдеңге түскенін білмейді екен, соңғы оқиғаны М.Твен жазғаннан кейін жұртқа белгілі бола бастаған еді


 

 

«Целестаны» айтып бітіруім мұң екен, Дэзидің ұшқыр қиялы құйындай ұйтқып, әр алуан оқыс жорамалдар мен болжамдар айтып, мені ғана емес, жұрттың бәрінің де басын айналдырып, еліктіріп ала жөнелді. Қыз кереметтей толқып, естіген әңгімені мың саққа жүгіртіп сауалдар қойғанда мен не деп жауап қайтаратынымды білмей, аңырып отырып қала бердім.

– Осы оқиғаның мынадай болуы мүмкін бе... – дейді қыз тебіреніп.

– Жұрт елу жыл ойланып-толғанған, – дейді Проктор қарсы дау айтып, бірақ кім қарсы шықса да, бір-ақ жауап алады:

– Сөзімді бұзбаңдаршы! Сендер қарапайым нәрсені неге түсінбейсіңдер: ауқат үстел үстінде тұрған, асүйде плита жанып жатқан. Олар бір дертке шалдықпаса не болған?! Әлде, олар ауырмай-сырқамай алдамшы бір сағымды көрген! Сұлу жағалауды, әсем аралды немесе қарлы тауларды көрген! Бәрі жамырап солай қарай жүрген...

– А, балалар ше? – дейді Проктор. – Мәселенки, мына сен өзің болсаң балаларды және оларға бас-көз болсын деп тым болмаса, екі матросты тастап кетпес пе ең?

– Сол да сөз болып па!–Дэзи тіпті де қысылар емес. – Жұрттан бұрын оны балалардың көргісі келген. Оқиға тап осылай демесеңдер, кәне, дәлелдеп беріңдерші!

Ол малдас құрып отырған, қызып кеткенде қолымен палубаны тіреп, ілгері-кейін жылжып-жылжып қалды.

– Ештеңе белгісіз болса қайтесің, ұқтың ба? – дейді Тоббоган.

– Егер оба мен сағым болмаса, – дейді Дэзи ұялмай- қызармай, – онда теңіздің түбінде оқпан болғаны. Сендер оны тілдеріңмен тығындап тастаған екенсіңдер делік, хош. Бірақ олар артына бір жұмбақ қалдырғысы келген...

Қыз айтқан қисапсыз көп болжамдардың ішінен мен олардың көбін ұмытып қалыппын, маған ең қызық болып көрінгені «жұмбақ» деген сөзі еді, мен соны дәлелдеп беруін сұрадым.


 

 

– Білесіз бе, олар кетіп қалған, – деді Дэзи олардың қалай кеткенін қолын сілтеп көрсетіп, – оның неге керек болғанын өзіңізге қарап біле бересіз. Басты қанша қатырсақ та, бұл жұмбақты сіз де, мен де, анау да, тіпті бұ ғаламның тірі жаны шеше алмайды. Меніңше, олар соны әдейі жасаған. Олардың ішінде әр нәрсені ойлап табуды жаны сүйетін әзілкеш біреу болса керек.

Ол – капитан. «Мейлі, бізден кейін артымызда бір ескерткіш, аңыз қалсын және оны ешкім ойлап таба алмайтын болсын»! Мұны да айтқан сол капитан. Жолай оларға бір кеме кездескен. Олар со кемеге ауысып отырмақ болып келіскен-дағы, соған барып жайғасқан, сөйтіп өз кемесін тастап кеткен.

– Сосын не болған? – дедім мен, жұрттың бәрі ештеңе түсінбей қыз аузына аңырып қарап қалғасын.

– Ар жағын білмеймін. – Ол кенет қызуы басылғандай, шаршаған сыңай танытып, бейжай ғана күлді, сосын аузын аңқаулана ашып, өз бетін өзі жайымен шапалақтай салды.

– Бәрін де білуші ең, енді соны ұмыта қалыпсың ғой, – деді Проктор. – Сенің айтқаныңа түсінген жан болса бұйырмасын.

– Маған бәрібір, – деді Дэзи қасарып. – Бірақ сіз түсіндіңіз ғой әйтеуір?

Мен «иә» деп айтарын айтсам да, соңынан тағы бірер сөз қостым:

– Бұл бір ғажап оқиға, оны кім қалай түсіндірем десе де, онысы тіпті шындыққа жанасып жатса да, бәрібір көңілге қонбайды.

– Несін айтасың, оның тылсым тарих екені рас, – деді Проктор. – Мен ол туралы талай хикаяны естігем, әлі де тыңдаудан жалықпаймын. Бірақ со хикаяның кейбіреуі кісіні ойға қалдырады. Сіз Фрези Грант жайын естіп пе едіңіз?

– Жоқ, – дедім мен оқыс сөзден шошып кетіп.

– Жоқ?

– Жоқ дейсіз бе? – Дэзидің даусы қаттырақ шықты. – Ендеше Гарвейге Фрези Гранттың кім екенін айтып берейік. Кәне, Больт, бұл енді сенің міндетің, – деді қыз, борт


 

 

қасында тұрған матросқа. – Фрези Грант тарихын дүниеде сенен артық айтатын адам жоқ. Сен оны неше рет айттың екен, а?

– Бір мың да бес жүз екі рет айтқам, – деді Больт, өткір қара көзді шымыр кісі мысқыл күлкісін скифтік бұйра сақалына жасырып.

– Бірден өтірікке бастым де, соныңның өзі жақсы. Кәне, Больт, біз мейманжайда инабатты бір қауым болып алқақотан отырмыз, арамызда қонақтарымыз да бар. Аянып қалма.

Осынау кіріспе сез айтылып жатқанда, мен ештеңеден хабарсыз бөгде кісі ретінде, со хикаяны тыңдамаққа бел байладым.

Больт жиналмалы орындыққа жайғасып отырды. Ол өз қадірін өзі білетін кәнігі әңгімеші сияқты екен. Сақалды иегін добалдай қолымен жоғары қарай тыр-тыр қасып, аузын ашып тілін сәл ғана шығарып, отырғандарды көзімен бір шолып өтті де, күректей алақанымен бетін жоғарыдан төмен қарай бір сипап, жөткірініп, бізге қарай жылжып жақындай түсті.

– Әлқисса, осыдан жүз елу жыл бұрын, – деді Больт, – Бостоннан Үндістанға «Адмирал Фосс» фрегаты жүзіп келе жатады. Со кеменің үстінде басқа жолаушылармен бірге Грант деген генерал да бар екен, оның қасында кереметтей сұлу қызы болады, аты Фрези екен. Сізге ескертетін тағы бір жәйт, қыз Үндістанда екі жылдан бері үлкен бір қызметті атқарып жүрген джентльменге атастырып қойылған екен. Қызметінің қандай екенін айтсам ба екен, айтпасам ба екен? Егер айт десеңіз, ұтылғаныңыз. Осынау қызықты хикаяны бұрын айтқан кезімде Дэзи ұдайы джентльмен-күйеудің қандай қызмет атқарғанын білгісі кеп, кісінің мазасын алатын, ал енді бүгін сұрамай отырғаны...

– Онда сенің ісің болмасын, – деді Дэзи кейіп. – Егер әңгіменің ар жағын ұмытып қалсаң, менен сұра, айтып берейін.

– Мақұл, – деді Больт. – Мына қыздың ашуланғанына қара. Хош, сонымен «Адмирал Фосс» жолда ай жарымдай болған кезде, бір күні кеме күзеті баяу жел, тып-тыныш теңіз үстімен оңтүстік-шығыс жақтан келе жатқан таудай толқынды көреді. Ол гуілдеп келіп қалған еді.


 

 

Әрине, жұрттың бәрі дүрлігісіп қорқып кетеді, бірақ өлсек те абыроймен өлейік, бұлар өмірінде биіктігі жүз метрлік толқынды көрмеген шалағай-шартық матростар екен деп ойламасын дегендей, дереу қам жасайды. Әбүйір болғанда кемеге зәредей де зақым келмейді: «Адмирал Фосс» өрмелеп жоғары шығып, киелі Петр шіркеуі мұнарасының биігіндей жалдан төмен қарай құлдилайды, оның сондағы жылдамдығы сағатына отыз мильге жетеді. Әрине, бұ кезде желкендерді түсіріп үлгірген еді, әйтпесе, қарсы соққан жел, онсыз да құлдырап келе жатқан кемені зырылдауықтай төңкере салар еді.

Бұ толқын сонымен өтіп кете барады, енді мұндай өзге толқын кездеспейді. Күн ұясына қонар кезде кемедегілер ешбір картаға белгіленбеген бір аралды көреді; «Фосстың» жолындағы бұл ендіктен ешқандай арал кездеспеуі керек. Дүрбімен қанша қараса да, капитан одан бірде-бір ағаш таба алмайды. Бірақ ол асыл тас сияқты ғажайып сұлу арал екен, егер оны көк барқыт үстіне қойып, терезе сыртынан қараса, қолға қысып жүре беретіндей-ақ қымбат мүлік-ті. Ол көгілдір таулар мен сары жартастардан құралған керемет сұлу мүйіс екен.

Капитан не болып, не қойғанын со замат кеме журналына түсіреді, бірақ аралға жақын барудан қаймығады, өйткені алдынан самсап тұрған аран тастарды көреді, ал, жағалаудан қойын-қолтығы, қайыр-қайраңы жоқ құлама жарқабақты байқайды. Бұ кезде көпірдің үстіне жұрт жиналып қалады да, офицерлермен осынау өзгеше құбылыс жәйін сөз ете бастайды, бұлардың үстіне Фрези Грант келеді, ол келісімен капитаннан жиекке барып тұралық, оның қандай жер екенін көрелік, – дейді, «Мисс, – дейді капитан ағынан жарылып,

– мен Жаңа Американы ашып, оған сізді ханшайым етіп қоюға бармын, бірақ мынадай ауыр кемемен аралға жете алмаймыз, өйткені шоқаттар мен аран тастар бөгет жасайды. Егер оған қайықпен кісілер жіберсек, жолдан қаламыз, өйткені штильге – тымыққа ұшырап қаламыз ба деген қауіп туады, ендеше біз ауа ағыны күшті түстікке қарай асығыс аттануымыз керек».


 

 

Фрези Грант, мәселенки, біздің Дэзи сияқты қайырымды қыз болғанымен... – Джентльмендер, Дэзидің мен осы сөзді айтқан кездегі түріне қараңызшы. – Хош, мен Фрези жайлы айтып ем ғой, оны кемедегі жұрттың бәрі жақсы көріпті. Бірақ оның да әйелдерде болатын бір шайтаны болыпты, егер ол бірдеңені ойына алса, қыздың бетін одан қайтару шешілмес жұмбақ сияқты қиын іс екен.

– Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Ең қиыны енді басталады! – деді Дэзи көзі бақырайып, иегін қолымен сүйеп.

– Дұрыс айттың, Дэзи, – деді Больт, кірлі тырнағын кеміріп. – Сонымен қыздарда кездесетін қиямпұрыс қылық басталып кетеді. Басқаша айтсақ, Фрези ернін жымқыра тістеп ойланып тұрады. Қырсық шалғанда, бір уыздай жас лейтенант со мезет қыз қолтығына су бүркеді: «Сіз үпелектей жеп-жеңілсіз, егер зауқыңыз соғып, ана аралға су үстімен зырғып барып қайтсаңыз, аяғыңызға шық жұқпас еді», – дейді. Сонда қыз қайтті деп ойлайсыз? «Айтқаныңыз болсын, сэр, – дейді Фрези, – мен өзіме сонда болам деп серт еткем, енді сол сертімде тұрам, әйтпесе майып болам». Жұрт оны қол созып ұстаймын дегенше, ол кенере үстіне қарғып шығып, аз-кем ойланып, аппақ болып қуарып кетеді де, жұртқа жайымен қол бұлғайды. «Қош! – дейді Фрези. – Не болғанын өзім де білмеймін, енді қайта шегіне алар емеспін!» Осыны айтады да, айдынға қарғып түседі, даусы қаттырақ шығады да, толқын үстінде сабақты гүлдей ырғалып тұра береді. Жұрттың есі шығып кетеді де, қапелімде ешкім оған ләм деп тіл қата алмайды, тіпті әкесі де сөйлей алмай қалады. Ол артына қарап, күлімсірей тіл қатады: «Бұл өзі мен ойлағандай қиын нәрсе емес екен. Күйеуіме айта барыңыздар, ол мені енді қайтып көрмейді. Сүйікті әке, сен де қош бол! Қош бол, Отаным!»

Осы оқиға кезінде жұрт қол-аяғы байланып қалғандай тыпыр етпейді. Өздерінің көз алдында Фрези Грант толқыннан толқынға секіре ойнақтап аралға қарай жүгіре жөнеледі. Со сәт дүниені тұман басады, су дірілдеп лықсығандай болады, кейін тұман сейілгенде қараса, арал


 

 

да, қыз да ғайып болған екен: арал теңіздің тұңғиық түбінен қалай көтерілсе, солай шым батып жоғалыпты. Дэзи орамалын алып, көзіннің жасын сүртті.

– Әңгіменің осы арасына келгенде жылайтын әдетім, – деді Дэзи, Тоббоганның қалтасынан суырып алған орамалға ызалана сіңбірініп жатып.

– Бар хикая осы, – деді Больт әңгімесін аяқтап. – Кейін кемеде не болғанын білу, әрине, кімге де болса қызық емес, бірақ содан бері Фрези Грантты бірде ана жерден, бірде мына жерден көріпті, онымен түнде немесе таң алдында кездесіпті деген сыбыс бір басылмай-ақ келеді. Сонда оны кемесі қирап, апатқа ұшырағандарға қамқор болады екен деседі және оны бір көрген жан өмір-бақи ұмытпай, санамен сарғайып өтеді екен деседі.

Өмірінде мен сияқты зерделі тыңдаушысы болмағанын, шамасы, Больттің өзі де сезбесе керек. Бірақ оны Дэзи байқап қалыпты:

– Мысық тышқанды қалай аңлыса, әңгімені сіз де солай қалт етпей отырып тыңдадыңыз. Сіз осы Фрези Грант бейбақты кездестірген жоқсыз ба? Айтыңызшы! – деді ол шұқшиып.

Қыз ойнап айтса да, осы арадағы матростардың бәрі мойнын бұрып, менің аузыма қарасты,

– Таң алдына мен бір үстінде шілтерлі көйлегі, аяғында алтын туфлиі бар бір қызбен сөйлестім, егер о қыз ақиқат Фрези болса, тап соның өзі болғаны, – дедім мен, оны біліп қояды екен деп қауіптенбей.


1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 |

Поиск по сайту:



Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.06 сек.)