АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция

Х X X І V т а р а у

 

Таңертеңгі сағат онның кезінде оянсам бөлмеде жалғыз қалыппын. Кук жоқ екен. Төсегіне қолы тимепті. Ендеше мұнда қонбағаны, тосыннан саяқ қалғаныма қуанып кеттім де, бұдан әрі оның тағдырын ойлап бас қатырмадым.

Басымды салқын сумен жуып, біраз сергіп, киінгеннен кейін дәйекші келіп, төменде бір бикештің күтіп тұрғанын хабарлады. Бұған қоса ол тілдей картішкені ұсынды, одан мен: «Рифа» тілшісі Густав Бреннер» деген жазуды оқыдым. Биче Сениэльді көрермін деген үмітпен дереу төменге түстім. Жанымды жеген ауыр ойдан жүйкелеп қалған жазған басым ұйқыдан оянғанда да көңілім байыз таппай мазасызданып тұрғам, енді міне қыз бетіндегі бүркенішін көрісімен соның бәрі ғайып болды, ерен қуаныш сезімге бой алдырып, Бичеге таяп бардым да, қалтқысыз ниетпен еріксіз дауыстап жібердім:

– Құдайға шүкір, бұл сіз екенсіз ғои, Биче. Мен бейтаныс біреу ме деп қалып ем.

Ол маған байыптай бір қарап жымия түсіп, бүркеніш торын көтерді.

– Аппақ қудай боп кетіпсіз ғой! – деді қыз сәл үнсіз тұрғасын. – Иә, мен жолға шықпақшы едім. Бүгін бе, әлде ертең бе, білмеймін. Менің сізге тым ертелетіп келгенім аса зәру іс болғасын.

Біз шағын қонақжай ішінде тік тұрып сөйлестік, оның есігі меңіреу қабырғамен шектелген баққа шығады екен... Бөлмеге кіре бергенім сол еді. Бичеден өзге тағы біреу – портфельді, пенснелі, қызыл шырайлы арық жас жігіт отырған креслосынан серейіп түрегелді. Мен онымен сөйлесіп жатпадым, өйткені Бичеге қарамасам да, оның жүзі көз алдымнан кетпей қойды, тіпті зая кеткен бір минуттың өзі


 

 

маған арылмас азаптай көрінді; Бірақ Густав Бреннердің мені әбден мезі еткенше сөйлеуге, сосын қоштасып кетіп қалуына хақы бар-тын. Есікке қарай ығысып барып, бақ ішін көзімен шолып тұрған қыздан кешірім сұрадым да, мен Бреннерден сізге нендей шарапатым тиер екен деп сұрадым. Ол мені соншалық танымал іс – капитан Гездің қаза тапқанының жәй-жапсарымен таныстырды да, күрделі оқиғаға қандай қатысым болғанын осы газет оқушыларына әңгімелеп

беруімді қалады.

Қапелімде одан бас тарта қоятындай амалым да қалмады.

Сосын ауызға келген бірінші сөзді айта салдым:

– Қап, әттеген-ай, сіздің іздеп жүрген адамыңыз мен емеспін ғой. Сізге қажетті Томас Гарвей бүгін мұнда қонған жоқ, сіз біздің есіміміздің ұқсастығына алданып қалып отырсыз. Ол бұл мейманжайға Ариногел Кук деген атпен тіркелген, бұны маған соның өзі айтқан, ендеше оны сізден жасырып қайтем.

Биченің кетемін деген сөзі әлгіде айтылғаннан кейін жүрегім жүк артқандай-ақ ауырлап сала берді, бірақ сыр бермедім. Бренер қобалжып қалды. Күтпеген хабарға елең етіп құлағына дейін қимылдап кетті.

– Бір ғана сөзім бар... өтінемін... өлердей өтінемін.. – деп абдырай сөйледі ол, менің кетейін деп тұрғанымды байқап. –Ариногел Кук?... Томас Гарвей, бәлкім оның хикаясы сізге мәлім болар...

– Ғафу етіңіз, – дедім мен қатаң, – сөйлесуге уақыт тар. Жалғыз айтарым, Кук болып жүрген адамды жолықтыратын жерді сілтей алам. Оны «Толқын перісін» еркімен күзетушілер отырған үстел маңынан табасыз. Ол сары домино мен қызыл маска киіп алған.

Биче бұл әңгімеге құлағын түріп тұрған. Ол мойнын бұрып маған әрі таңырқай, әрі құптай қарап қалыпты. Бреннер менің қолымнан шап беріп ұстай алды да, өзінің серейген бойымен басы жерге жеткенше иіліп тәжім етті, сосын шалт бұрылып, Кукты тауып алмақшы болып аршындай басып жүріп кетті.

Мен Биченің қасына келдім.


 

 

– Сізге бақ іші ұнаса керек-ті, – дедім мен, – сонау бұрышта саялы көлеңке бар екен.

Баққа кіріп орындыққа жайғастық, бізді кіре берістегі қызғылт бұталар бүркеп тұрды.

– Биче, – дедім мен, – түріңіз бүгін тым байсалды ғой.

Не болды? Көңіліңіз неге қобалжулы?

Ол ернін жымқыра түсіп, маған алыстан бір түрлі ұяла қарағандай болды, іле-шала реңі өзгеріп, өзіме бұрыннан танымал қажырлы да қайсар қалпын тапты.

– Дипломаттық рәсіммен сауал қоя алмайтындығыма кешірім сұраймын, – деді қыз. – Кеше... Гарвей! Жәй әзілдеп едім деңізші!

– Әзіл қайда? Оған жүрегім дауалар ма?

– Қапа болмай-ақ қойыңыз. Сіз, Гарвей, театрда қалай шешіле сөйлесеңіз, мен де сізден ешнәрсе бүкпей айтайын. Сол жолы сіз аз сөйлегеніңізбен көп жәйттарды аңғарттыңыз. Мен әйелмін, сол себепті де сізді бірден ұқтым. Алайда, бұл әңгімені осымен доғара тұралық. Сіз маған Фрези Грант жәйлі сыр шерттіңіз, ол сөзіңізге сендім де, бірақ, бәлкім, сіздің көңіліңізден шықпаспын да. Жұрттың Калло, Фрагонар, Бердслэй суреттеріне сенетіні сияқты, мен де о сөзді сіздің жаныңызды толғандырған шындықтан шалғай бір қиял деп қабылдадым, онда мен сізбен бірге болғаным жоқ қой. Ант етейін, мен өмірімде өзім жайлы ешуақытта да тап осылай және өзгеше өкінішті сезіммен төгіле сөйлемеген болармын! Бірақ мен оған қапысыз сеніп қалсам, тым бақытсыз жанның кебін киер едім.

– Биче, бұл сөзіңіз жөн емес!

– Шыны сол, Гарвей, мен қазір он тоғызға шықтым. Өмір атаулының бәрі маған таусылмас ғажайыптай көрінеді. Бірақ мен сол өмірдің не екеніне жөнді түсіне де бермеймін. Сіздің арқаңызда мен үшін кең әлем екіге жарыла бастады, екі сары көйлек, екі «Толқын перісі» және... бір адамның өзі екеу болып кетті ме қайдам! Ол күліп жіберді, алайда, күлкісінің өзінен көңілі қобалжулы екені сезілді. – Иә, мен өте мәттақам жанмын, – деді Биче ойлана түсіп, – мұның өзі, бәлкім, жақсы да емес шығар. Көңілім де содан қаяулы.


 

 

– Биче, – дедім мен оның жаутаңдаған көзіне арбалмай тура қарап, бірақ жауап қатқаным болмаса, жүрегімде ұйтқыған сезімді жеткізе алмадым. – Биче, әлем бәрімізге бірдей ашық қой.

– Мен үшін жабық. Мен соқырмын. Мен құмға түскен көлеңкені, раушан гүлі мен сізді ғана көріп тұрмын, алайда, мен үшін сіз тірі пенде емес сияқты көрінесіз, өзім сол мағынада соқырмын. Бірақ, бұл әзілім. Әркімнің өз әлемі бар. Гарвей, ондай жәйт болған емес?!

– Биче, ол болған оқиға, – дедім мен. – Кешір мені.

Ол маған ойлы жүзбен қалжырай қарады, одан соң, бір күрсініп орнынан тұрды.

– Ерте ме, кеш пе, біз әлі қайта кездесерміз, бәлкім, тағы да кеңесерміз. – Бұл оңай нәрсе емес. Сіз түнде не болғанын естідіңіз бе?

Оның нені сұрап отырғанын мен салғаннан түсіне қоймадым. Орнымнан тұра бергенде ешбір түсінік сөзсіз-ақ Бичені соңғы рет көріп, соңғы рет сөйлесіп отырғанымды аңғардым, – менің кешеден бергі абыржып байыз таппағаным осыны алдын-ала сезген екем. Енді не айтатынымды есіме түсірдім.

– Иә, мен ол жерде болғам, – дедім мен өз іс-әрекетімді оған баяндап бермек болып, алайда, Лисстегі «Дувр» қонақүйі қызметкерімен арадағы пәтуасыз әңгімеден жүрегімнің қатты шайлыққанындай ыңғайсыз бір күйге душар болдым, оның үстіне, аяқталып қалған кеңесті Биченің еріксіз соза түсуіне де түрткі болар едім. Онсыз да дәндеп кеткен әңгүдік сыңайды сырттай байқатып тұра беру керек еді.

– Сонымен сіз жолға шығасыз ғой?

– Мен бүгін жүремін. – Ол қолын ұсынды. – Қош болыңыз, Гарвей, – деді Биче көзіме тура тесіле қарап. – Сізге шын жүректен алғыс айтам. Шығарып салмай-ақ қойыңыз, өзім-ақ бара беремін.

– Бәрінің де берекесі кетті ғой, – дедім мен. – Көп күндеріңіз жол үстінде текке өтті. Көздеген мақсатқа жетіп тұрып, бас тарту кез-келген әйелдің қолынан келе бермейді. Қош болыңыз, Биче! Сіз кеткеннен кейін де мен сізбен ұзақ сөйлесемін әлі.


 

 

Оның жүзінен айтылмай қалған сөздің нышаны сезілді, ол дереу шығып та кетті. Мен біраз уақыт төңірегіме түйсіксіз көз тігіп, тұнжырап тұрып қалыппын, содан кейін күш-қуаттан ада боп, тіпті өмір сүруге де зауқым соқпай, өз нөмірімде селтиіп, міз бақпай тұрғанымды аңғардым. Мұнда қалай көтерілгенім мүлде есімде қалмапты. Біраз тұрғасын төсекке жантая кеттім де, қасірет буған шерлі көңілімді көлденең бір ой-сана ағынымен алдамақ болдым, бірақ ұзап кеткен Биченің жүзі көз алдымнан тіпті де кетпей қойды.

– Егер олай болса, – дедім мен үмітсіздікке бой алдырып,

– не істерімді өзім де білмеген сорлы басым тек бір қасіретке ғана ұмтылған болсам, ендеше, Фрези Грант, бұдан әрі төзуге күш-қуатым да жетер емес! Құтқар мені осы қасіреттен!

Егер Гель-Гьюден кетсем, көңілім көншір деген үмітпен, Грас Паранның үйіне шабуыл жасаған кезде оққа ұшқандығы кейінірек газет бетінен мәлім болған Кукты де көре алмай, кешкі сағат алтыда жүретін пойызға келіп отырдым. Оның болмысы, ащы әжуасы мен Фрези Гранттың мүсінін – жүрегінің аяулы бір мүйісін қорғаймын деп мерт болуы, біз адамдарды әдетте біле бермейтіндігіміздің үлгісі ретінде өзімді қатты толғантты.

Мен Лисске кешкі сағат онда келдім, келген бойда Филатрге бет түзедім. Алайда онымен әнгімелесудің сәті түспеді. Үй терезелері түгелдей жарқырап тұрғанымен, осында әлденендей бір оқиға өтіп жатқандай-ақ, есіктері ашық қалса да, кіре берістен мені тірі жан қарсы алмады. Таңырқаған бойда қабылдау бөлмесіне кіріп ем, әрі абыржып, әрі мерекедегідей көңілді жүрген дәйекшіге тап болдым.

– Ах, – деді ол күбірлей үн қатып, – доктор қабылдай қоймас... Мен оның тіпті кайда жүргенін де білмеймін. Олар әйелі екеуі кең үйдің ішін кезіп жүрген болар. Бізде кереметтей бір оқиға болды! Әлгінде ғана, сіз келердің алдында....

Не болғанын бірден білдім де, келгенімді хабарлауға тыйым салып, кері бұрыла бергенімде айқара ашылған есіктен өзіммен едәуір қашық жерде, шағын креслода отырған бір жас әйелге көзім түсті. Доктор әйелдің қолынан ұстап, маған ту сыртын беріп түрегеліп тұр екен. Кінәлі әйел мен оны


 

 

кешірген ері, өздерінен басқа ешкімді де көрер емес. Дәйекшімен екеуміз ұрылар тәрізді аяғымызды аңдап басып, сыртқа шықтық та, есікті мұқият жаптық. Тротуарға жетісімен бұл күндер Филатрдың достарын қабылдауға қолы тие бермес деп ойладым. Оның үстіне мынадай жаңа жағдайда мені көргісі келсе алдымен оның өзі шақыратын шығар.

Кешегі тыныштықта кездейсоқ көзге түскен әлгі бір көріністен ерекше бір сезім күйіне шомып ұзай бердім. Осы бір жәйт Дэзидің оқыс ыстық ықыласын есіме түсірді. Іңкәр арманын тапқан Филатрмен бұл түні тең түскен жерім осы еді. Оның:

– Иә, мен енді не істеймін? – деген сыбырын анық естідім.

Басқа бір ашық, әуезді үн ұяң ғана тіл қатады. «Гарвей, ондай жәйт болған емес?»

– Болған, – деймін мен тағы да дәл сол жолғыдай.

Кешір мені, Биче, ол болған оқиға.

 


1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 |

Поиск по сайту:



Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.007 сек.)