АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция

X X Х І І І т а р а у

 

– Мен сізге жалған айтқан жоқпын, – дедім, қараңғыда табаны тайып кетіп, өз денесін өзі игере алмай қалған адамның кейпінде біраз үнсіз тұрғасын. Дәл сол сәтте ешнәрсені өзгерту мүмкін емес-тін. Билік Бичеде. Мен не тура жауап беруім керек, не тіс жарып, тіл қатпауым керек. Түлкі бұлаңға салуға болмайды. Бұл тыйым салынған нәрсені мойындамағандық емес, қызға деген іңкәрлықтан, сол үшін күйініш сезіміне бой алдырып, терең мұңға шомғандықтан да енді қайтып келмейтін сөздерді еріксіз айтуыма тура келді. – Иә, мен жалған айтқан жоқпын, біле тұрып үнсіз қалдым. Иә, мен жалғыз емес едім, Биче, мен сізді қайран қалдыратын жәйттерді өз көзіммен көрдім. Палубаға қайдан келіп түскенін білмеймін, әйтеуір, «Толқын перісі» Фрези Грант қайыққа келіп, қасыма отыра кетті.

– Байқа, Гарвей! – деді Биче, фонарьдың әлсіз сәулесінен оның жүзі күңгірт құп-қу болып көрінді. – Жәй сөйлесеңіз етті!.. Тыңдап тұрмын ғой.

Оның дауыс ырғағы менің балалық шағымдағы бір оқиғаны еріксіз есіме түсірді: бірде садақ жасап болғасын қатыгез бір балалардың тіліне еріп қолдан иілген садақты ағаш жағымен жерге бір соққаным бар. Оның неге қажет екенін олар маған мүлде түсіндірген де жоқ, бар айтқаны: «оны өзің көресің» деген сөз болды. Бұның қандай да бір қырсығы барын ептеп сезгендеймін, бірақ алған бетімнен қайтпай, садақты жерге қойып қалдым. Адырнасы үзілді де кетті.

Бұның өзі жеңге ұшып түскен ұшқындай сусып шығып кетті. Мен күмілжіп барып Бичеге Фрези Гранттың келіп- кеткенін, өзіме айтқан әңгімелерін жеткіздім. Сондай-ақ, мен оның Бичеге айтып қойма деген құпия тілегін де жасырып қала алмадым, бірақ ол маған со сөзді неге айтуға болмайтынын түсіндірмеді. Қыз менің сөзімді қырын қарап, бортқа білегін сүйеп, иегін алақанымен ұстап отырып тыңдады.


 

 

– Маған айтпа деді ғой, – ол ойланған күйі күлімсірей тіл қатты. – Мұны ұқпақ керек. Алайда, сіз оны неге айтып қойдыңыз?

– Неге айтқанымды түсінуге тиістісіз, Биче.

– Сіздің басыңыздан бұрын-соңды мұндай оқиғалар өтпеп пе еді? – деді қыз менің жауабымды естімегендей.

– Жоқ, ешқашан.

– Ал, әлгі карта ойнап отырғанда естілген дауыс ше?

– Ол тек сол жолы – бір рет қана естілген.

– Бір күн үшін бұл тым көп нәрсе, – деді Биче күрсініп, ол маған жылы шыраймен мұңайып бір карады да қойды. Сосын, қымсына жымиып, – Төменге түсейікші, – деді. – Ботвельді шақырайық. Басым зеңіп кетті, бүгін ертерек жатпасам болмас. Ал, әне бір бейтаныс қыз ше? Сіз онымен жолыққан жоқсыз ба?

– Қайдам, – дедім мен ағынан жарыла сөйлеп, өйткені, Дэзи жәйлі ондай ой бұрын басыма оралған емес-ті, қарап тұрсам, енді бір түрлі мазасыз, әбігерлі нәзік сезімге бой алдыра бастаған сияқтымын. – Биче, ендігісі сізге байланысты, өзімнің тап осылай ойлағым келеді, серттен шыға алмай, бір қырсыққа ұрынар-ұрынбасым енді тек сізге ғана байланысты.

– Мен сізді тым аз білемін ғой, Гарвей, – деді Биче әрі ұяң, әрі байсалды үнмен – Ойлап тұрсам, сізді мүлде білмейді екенмін. Алайда, сізді білгім келеді және ол жөнінде ертең айтармын. Мен әзірше – Биче Сениэльмін, бар жауабым осы.

Ол сөйлеуге де мұршамды келтірмей сатыға таяп барды да, төменге қарап:

– Ботвель! Біз кеттік! – деп дауыстады.

Бәріміз де палубаға шықтык. Мен командамен қоштастым, агентпен оңаша сөйлестім, ол өзінің сезімтал саусақтарына менің қолым кездейсоқ барып түскендей сыңай танытты, содан кейін Биче мен Ботвель күтіп отырған қайыққа барып отырдым. Біз қалаға бет алдық. Күллі оқиға телеграф арқылы Браунға хабарланыпты, содан нұсқау келгенше «Толқын


 

 

перісін» Гель-Гьюде қалдыра тұруға шешім қабылданғанын әлгіде ғана естігенін Ботвель әңгімелеп берді.

Биче жол бойы үнсіз отырды. Қайық қабақтағы қисапсыз оттардың жарығына жеткенде ғана қыз баяу үнмен батыл тіл қатты:

– Ботвель мен сізге көптеген бір мазасыз міндет жүктегелі отырмын. Сіз менің қатысуымсыз-ақ аукцион арқылы

...немесе басқа бір жолмен осы кемені сатасыз.

– Не дейсіз?! – деп Ботвель көңілді үнмен үрейлене жауап қатты.

– Сіз, шынымен-ақ, түсінбей қалдыңыз ба?

– Кейін сөйлесерміз, – деді Ботвель, қайық жиектегі тас басқышқа келіп тұмсық тірегенде ол тағы да: – Міне, осының бәрі тұтас алғанда, құрып кеткір, сұмдық жиіркенішті істер. Алайда, Биченің діні қатты ғой. Мен сізді жақсы білемін, Биче! – деді жәй ғана.

– Ал, сіз ше? – деді қыз менімен қоштасарда. – Менің ойымды құптайсыз ба?

– Сізден күткенімнің өзі де осы болатын, – дедім мен оның жиіркеншек кірпияз мінезіне сайып.

– Тағы не қалып еді? – Ол ойланып қалды. – Иә, бұл солай. Шымбайыма батқанымен көңілім сабасына түскендей. Қайырлы кеш, Гарвей! Мен сізге ертең бір хабарын айтармын. Ол ұмтылып келіп, қолымды көңілдене қатты қысты, сонымен бірге оның жанарынан өзімді еріксіз қымсын- дыратын бір іс қамын, әлде маған ба, әлде, өзіне ме қайдам, әйтеуір бір наразы шырайды аңғарғандай болдым. Жүрегімді

ауыр, зілді мұң басты.

Олар кідірмей жүріп кетті. Кеткен күйменің артынан бір қарап, Бичемен арадағы әңгімені еске алып, алаңға қарай беттедім. Маған керегі де ду-дүрмекті қалың нөпір еді. Бос келе жатқан бір пәуескені жалдадым да, ұзамай Фрези Гранттың мүсінін көрген кешегі жерге қайта тарттым. Кінәсіз екендігіме шүбәланбас үшін оған тағы да назар тіктім. Пәуескеден салым суға кеткендей қалжырап барып түстім. Әуелгі кезде мең-зең күйде, есеңгіреп тұрып қалдым, мол байлыққа малынған, бірінен бір өтетін әр алуан маскарадтық


 

 

үйлердің біріне-бірі ұласып жатқан үздіксіз шеруінен бас айналып көз тұнғандай. Бірақ назарыма алғаш іліккен де, осынау адам толқыны арасынан әуелі көңіліме ұялаған ой да Фрези Грант болатын. Ескерткіш гүл-шешекке малынып асқақтап биіктей түскен. Оның тұғырында буда-буда гүлдер тау төбе болып үйіліп, магнолий мен раушандар, жасминдер, бей-берекет шашылып жатыр. Кешегі үстелді көзіммен іздеп әзер дегенде таныдым, ол енді керме ағаштармен қоршауға алыныпты және кешегіден гөрі ескерткішке жақын қойылыпты, оның еңселі саясына тығыла түскен тәрізді. Бұл арада шұңқырдың ішіндегідей шынтақ айналатын орын жоқ. Төңіректі басына көтеріп, құлақ тұндырған азан-қазан үннен бетер көңіл күйім құлазып тұрғанда үстел маңында әңгіме шертіп отыра алам ба? Үстелге маңайламадым да. Мен енді ескерткіш төңірегін қоршаған адамдар арасынан өтіп, оны іштен анықтап көрсем деген ойда болдым. Жалпы қозғалыстың дүмпуімен бір үйдің қабырғасына барып жабысып қысылып тұрған жерімнен шығуым мұң екен, сеңдей соғылысқан жұрт мені итермелей ықтырып, алғаш көздеген бағытымнан алысқа қиғаштатып алып кетті, сөйтіп мен ескерткіштің үстелге қарама-қарсы жағынан келіп шықтым бәлкім, со үстелдің басында кешегі көріністен есімде қалған Бабс, Кук және басқалары бұрынғыша отырған шығар.

Физиканың дәл заңына сәйкес, қозғалысы баяулау орталыққа тап болып, мен маска сатушыдан көк-сұр түсті жарты маска сатып алдым да, Куктың қырағы көзіне енді түспеспін деп «Толқын перісін» қоршай тартылған шынжыр бекітілген бағаналардың бірінші үстіне шығып тұрдым. Шарасыз жылжи беруден сақтайтын қозғалыс дүмпуінен қағажу және адамдар нөпірінен еңсеңді едәуір жоғары көтеретін бұл орын үшін мен оның иесіне, табан астында пайда тапқан он бес жасар тентекке, алтын теңге төледім, ол маған дереу алғыс сезімін білдіріп, осы жерде таңертеңнен бері тұрғанын айтып берді.

Көңілге оралған ой желісі үзіліп кетті. Осынау дырду- дүрмекті, желөкпе салтанатты жиын мені еріксіз еліктіріп әкетті, алаңның әр тұсына орналасқан оркестрден дүрсілдей


 

 

төгілген күй қауырсын қаламдай жортақтап қайғы буған мұңлы жүрек жүзін жадыратып жібергендей еді. Мен төңірегіме көз тастап шатыры алынған үлкен бір үйге ұқсас әлденені көргендей болдым. Балкондарда, терезелер алдында, карниздер мен үй шатырларында, подъездердің қалқандары үстінде, экипаждарға қойылған орындықтарда аңдыздап тұрған жұртқа көз сүрінеді. Алаң үстіндегі шырқау биікте жүздеген қытай жыландары ирелеңдей қалқып жүр. Ауада түсті шарлар жүзіп барады. Үйлердің үстінен тартылған көлбеу сымдарды қуалап ұзын-ұзын ракета оттарының зуылы естіледі. Алаңның ұшар басы орталыққа тірелетін, экипаж қозғалысынан қағыс қалған тік бұрышты екі жағымен ертегі- аңызда кездесетін керуендер өтіп жатқан сияқты. Мұнда кісі қызықтайтын жәйттер аз емес екен, мен ауыз толтырып айтуға лайық бірнеше көріністерді зердемде түйіп қалдым. Көне алтын күйме теңселе қозғалып, жәйімен ұзай берді, оның төменгі жағы қайықтан айнымайды, ал, көшірге арналған орындық тым биік жасалыпты, күйменің комақтылығы сонша, тіпті, онда отырған ересек адамдардың өзі бала сияқты кішірейіп көрінеді. Олар Ватто дәуірінің костюмін киіп алыпты. Жиегі жер сызған алтын торлы жабу жабылып, пәуескеге жегілген төрт атты үлкен найзамен жасқап, экипажды айдап бара жатқан Дон Кихоттың дәл өзі еді. Пәуескенің ізін ала кәдімгі нағыз қайық жылжып барады, оның іші толған капитандардан, матростар мен жас теңізшілерден, қарақшылар мен робинзондардан көрінбейді. Олар картоннан жасалған балталарын көкке білеп, пистолеттерден оқ жаудыруда, бірақ атылған оқ даусы адам даусымен бейнеленеді, ал, оқ орнына шұғадан жасалған тышқандар ұшып жатты. Қайықтан соң тұмсығын салбыратып пілдер желіп барады, олардың үстінде отырған баядеркалар (шығыс бишілері), кәнизактар қылымсып, бір күлдіргі әндерді айтады. Қызыл масатыдан жасалған, аумағы екі аршындай жалын жүрек менің назарымды басқалардан бұрынырақ аударып әкетті. Жүрекке жан біткен тәрізді үздіксіз лүпіл қағып, көтеріліп-басылады, тіпті ыршып та түседі, өзін қоршаған маскалар ішінде ол баяу ырғалып барады, махаббат ролін


 

 

ойнаған адам үлкен қауырсын қаламын найзадай сілтеп, барқыт жараны осқылай береді. Басына жасыл гүлдесте киіп, үстіне ақ хитон жамылған бір қыз әлгі жүректің жоғарғы жағына әлдекімнің есімін жазып тұр, ал оны жарқанаттың тұмсығы тәрізді маска киген біреу жұмсақ ысқымен сүртіп тастайды, қыз қанша тез жазғанымен, өзімшіл қомағай қол оны дереу өшіріп тастағанымен бірнеше әріптер өшірілмей қалып қояды. Жүректің сол жағынан ұрлана жылжып, оқыс шапшып әлдекімнің гүл ұсынған қолын шақпақ болып жексұрын жылан ирелеңдеп сес көрсетеді, ал жүректің оң жағынан арудың ақ білегі шығып, қайыршы шалдың қалпағына алтын теңге салады. Жүрек алдында оған лупамен үңіле қарап ғалым пішінді бір адам тұр, ол сүйріктей саусақтарымен жазу машинкасының тілін басып отырған бикештің құлағына әлдене деп сыбырлап қояды.

Бұл көріністер сонша анқау бейнелегенімен көрермендерге күшті әсер етеді, өнер көрсетушілер қара үзіп кеткенше үстіңгі жағы түтіндеп жатқан маскарадты жүректің ізін ала ұзақ уақыт қарап тұрдым, бір кезде керуен тоқтап, жұрт әбігер болды да қалды. Әуелде не болғанын біле қою қиын еді. Керуен тізбегінің алғашқы буыны шығандап ұзап кетті де, арада үзік пайда болды. Ескерткіштің қарсы алдына өзгеше бір биік арба келіп тоқтағандықтан тізбектің соңғы жағы наразылық білдірушілердің айқай-шуына қарамастан бір орнында үйездеп бөгеліп қалды. Оны әлденендей бір өнер көрсетушілер екен деп ойлауға да болмайтын еді. Бұл алдыңғы жағында бастырма қалқаны бар биік жәшік тәрізді бірдеңе еді, ал оның ішкі жағы көрінбестей етіліп, арбаның доңғалағына дейін тұтас қымталған-ды. Арбадан адам қарасы көрінбейді, тек алдыңғы жақтағы биік орындықта маскалы арбакеш отыр. Мен одан көз алмадым: тізбектен сытылып шығуды көздеп, ол аттарын бұра бастады, ал, оның бір тылсымы бар алып жәшігі арт жағымен ескерткішке тұспа-тұс кеп тоқтады, ілезде адамдар ұйлығысып қалды. Олардың бір тобы делбешіге қолұшын бергелі аттарға қарай жүгірді, ал енді бір тобы арбакешке жұдырықтарын түйіп, алаңнан тезірек тайып тұруын талап етті. Мен діңгек үстіндегі орнымнан қарғып түсіп,


 

 

арбаның арт жағына қарай ұмтылдым, әлі ойымда бөтен ештеңе жоқ, тек көмескі бір абыржу сезіміне бой алдырғандаймын, өйткені, со замат арбакеш тұғырынан қарғып түсіп, дүйім жұрттың арасына сіңіп ғайып болған еді. Кенет жәшіктің артқы жақтауы жоғары қарай әнтек көтеріліп кетті, оның ішінен бұрышқа тығылып тұрған бір адамның қарасы шалынды. Бетіне маска киген бұл адам жоғарыдан түскен жіпті тартқылап жатты. Жіптің бір ұшы аяғына шырматылып ісі өнбей, күйбеңдеп қалды.

Дәл сол мезетте басыма сап ете түскен ой құлақ түбін жанай ысқырып өткен тасты еске түсіргендей еді, маған бұл көріністің бәрі үтір, нүктесіз-ақ бірден түсінікті болды. Мен ескерткішке қарай тұра ұмтылып, гүлдерді жан-жаққа ысырып тастап, тұғырдың кедір-бұдырына аяғымды тіреп, «Перінің» тізесінен жоғары тұрған деңгейге көтерілдім. Төменде у-ду болып құтырынған қалың топ жиналып қалыпты, мен өзіме қарай кезенген револьверді және әлгі үңірейген жәшіктің төбесі өз көзіммен деңгейлес екенін байқадым.

– Аттарды айдаңдар, қамшылаңдар! – деп айқайлап жібердім, мәрмәр мүсіннің төменгі бедерінен сол қолыммен қымтай ұстап, оң қолымды ілгері қарай созып жіберіп. Бұдан әрі не болатынына көзім жетпесе де, төніп қалған қауіп- қатерді айқын сезіндім және сол соққыны өзім қабылдауға да әзір едім.

Жалпы жұрттың ә дегенде аңырып тұрып қалғаны осынау сұмдық әрекеттің жүзеге асуына себепші бола жаздады. Үлкен жәшіктің ішінен бірдеңе қараң етіп, сатырлай төмен түсіп, дәл менің көз алдыма үйіріле таяп келді де, құлдилап кері бұрылып кетті. Бұл тегеуірінді темір арқанмен атқылаған салмағы жиырма пұттай маятник тәрізді серіппелі, сопақша келген құйма шойын еді. Дүлей шойын мен өз бетімнің арасынан бір арашашы әйел қолы қылаң еткенде, әлгі дөңбек те бұрылып кетіп еді. Ол дөп тигенде балауыз шырағданды балтамен шауып түскендей, мүсінмен бірге мені де жермен- жексен ететін еді, алайда, дүлей соққы мені жанап өтіп, мүсіннің иығына бір кездей ғана жетпей қалды. Ол сәл кідіріп, үйіріліп ауа қармап, кейін серпілді. Шойынның қайыра соққаны


 

 

сұмдық еді. Ол үлкен жәшіктің бір жақ бүйірін сатырлата қаусатып кетті, арбаға жегілген аттар жан ұшыра жұлқынысып қалды. Арба теңселіп барып, күйреп түсті. Қайыс-әбзелге шалынысқан екі ат сүрініп жығылды, ал басқа аттар көкке шапши қарғып, қираған арбаны сүйрете-мүйрете жан сауғалап, тырағайлай қашқан адамдардың қалың ортасымен жүйткіп бара жатты. Осы сұмдықтан жүйкелеп қалған жазған басым төменге қарғып түсіп, ең әуелі Фрези Гранттың мүсініне көз тастадым. Ол бұрынғы таңғажайып әсем күйінде дін аман тұр екен.

Сол сәтте алаң үстін жан-жақтан лап қойған халық қаптады да кетті, мен қалпағымды жоғалтып, сахна ортасынан көп дүмпуімен кетіп қалдым. Енді ол арада құтырынған жұрт аударылып қалған жын-машинасын қиратып жатыр еді, мен суға лақтырылған тастай көзден таса болдым. Екі-үш адам бір қыдыру уақыт бойы тамырымды басып, маған жәрдем беруге әзір екенін аңғартып, алды-артымды ораумен болды, алайда, бізді өрекпіген топтың таптап өтетін қаупі сейілмегесін әлгі елгезек жігіттерден көп ұзамай көз жазып қалдым, қаласам, көрермен ретінде әлі де аз-кем бөгеле тұруыма болатындай еді, бірақ мен басымды аман алып шыққанды мақұл көрдім. Бұл шабуыл Грас Паран мен оның сыбайластарының әлегі деген дауыстар әр тұстан естіліп жатты. Сонымен карнавал жайына қалып, бұның өзі осы кештің төтенше, орталық оқиғасына айналып кетті. Барша көше бойымен жұрт алаңға қарай ағылды. Тіпті базбіреулер өкпесі өшіп жүгіріп барады. Айқай-шудан әбден қалжырағасын бір тығырыққа түстім де, көп ұзамай үйге келдім.

Өрекпіген көңіл толқыны көпке дейін басылмады. Отырайын деп едім, байыздап отыра алмадым, құпия кішкене қолдың құдіреті сақтап қалған, дәл самайымның түбін жанап өткен оқыс ажалдың әсерінен жақын маңда келеге кіре алмай, әрлі-берлі теңселіп жүре бердім. Кері соққыдан құлап түскен абажанның сатыр-сұтыр дыбысы құлағымнан кетпей қойды. Сол күнгі көріністің күллі ауыртпалығы осынау соңғы оқиғамен ұштасты. Көз шырымын ала алмайтынымды алдын-ала сезгесін, жайшылықта тым ауыр тиетін вискиді молынан


 

 

тастап-тастап алдым да, алтын мен у, жан ауруы мен дарақы күлкі, тілек пен лағынет жаудырып жататын үлкен барқыт жүректің лүпілін естуге де, оны көруге де, тіпті, соны еске алуға да күш-куатым жетпей төсекке құлай түстім.

 


1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 |

Поиск по сайту:



Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.007 сек.)