АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция

Грин Александр. 7 страница

Читайте также:
  1. DER JAMMERWOCH 1 страница
  2. DER JAMMERWOCH 10 страница
  3. DER JAMMERWOCH 2 страница
  4. DER JAMMERWOCH 3 страница
  5. DER JAMMERWOCH 4 страница
  6. DER JAMMERWOCH 5 страница
  7. DER JAMMERWOCH 6 страница
  8. DER JAMMERWOCH 7 страница
  9. DER JAMMERWOCH 8 страница
  10. DER JAMMERWOCH 9 страница
  11. II. Semasiology 1 страница
  12. II. Semasiology 2 страница

Грэй қажетті матаны таңдап алуға өзгеше мән беріп, үш дүкенге кіріп шықты, со матаның түр-түсі, бояуы көз алдында жайнап тұр. Әуелгі екі дүкенде оған дәркілдек, даңғой кісінің таңдау-талғамына лайық жалтырақ жібектерді әкеп көрсетті, үшінші дүкеннен ол жібек матаның әр алуан түрлерін тапты. Дүкен иесі жатып қалған маталардың бірінен сон, бірін әкеліп, бәйек болды, бірақ Грэй анатом сияқты салмақты еді. Ол бүктеулі, ораулы маталарды қозғап, аударыстырып, бірін жазып қарап, екіншісін ысырып тастап көп отырды, оның жарыққа қойып көрген қызыл маталардың көптігі сонша, сөре тап қазір лау етіп жанғалы тұрғандай еді. Грэйдің етігінде қызыл толқын ойнады, оның қолына, бет-аузына шағылысып, алқызыл шұғыла түсті. Грэй жібек маталарды аударыстырып жатып, олардың түр-түстерін саралап, қапысыз танып тұр: қызыл, ақшыл қызыл, күрең, қан қызыл, жалқын қызыл, шымқай жирен түстер бірінен бірі өтеді. «Керемет», «тамаша»,

«ғажап», «өте жақсы» деген сөздер сияқты, өзара жақын, туыс болып көрінгенімен, осынау түр-түстердің реңі, шымқайлығы, бояуының қанықтығы әр алуан еді. Қат-қабат маталарда көз тілі жетпейтін нұрлы нышандар бар еді, бірақ лаулаған алқызыл түс біздің капитанымызға көпке дейін ұстатпады, дүкенші әкеп жатқан маталар жақсы-ақ, бірақ

«иә» деген бір ауыз сөз әлі де қаққан шегедей ап-анық айтылған жоқ. Ақырында бір торғын жібектің түсі жігітіміздің қоңылтақсыған көңілінен шыққандай болды. Ол терезе алдындағы креслоға барып отырды да, сусылдаған жібектің


 

 

бір ұшын сілке тартып тізесінің үстіне жайып тастады да, сосын трубкасын тістеп, жайғасып отырып алып, матадан көзін алмай ұзақ қарады.

Осы бір матаның таңертең шашырай шығатын алқызыл арайдан аумайтын, жақсының көңіліндей жадыраңқы, тап- таза жарқын түсі Грэй іңкәр боп жүрген текті түс еді. Онда оттың, райхан шешегінің реңін немесе көгілжім, күлгін шырай танытып, құбылып тұратын будан бояулар да, көкшіл көлеңке сияқты шүбәлі түс нышандары да жоқ-тын. Ол жас сұлудың күлкісіндей, терең ой шұғыласындай маздайды. Грэйдің бір қалың ойға шомғаны сондай, артында үп деген лебізін қағып алмақшы боп, аңшы ит сияқты шоқиып тосып тұрған қожайынды да ұмытып кетті. Саудагер тұра-тұра жалыққасын бір жапырақ матаны дар еткізді:

– Маған мынау да жетеді, – деді Грэй орнынан тұрып.

– Осы жібекті алам.

– Бәрін де аласыз ба, қалай? – деді саудагер, бұған әрі құрметтей, әрі шүбәлана үн қатып. Грэй ләм деместен одырайып оның төбесінен аса қарады, сол-ақ екен, дүкен иесінің тілі шығайын деді.

– Сонда неше метр аласыз?

Азырақ тұра тұр дегендей, Грэй басын изеді, сосын қанша мата қажет екенін есептеп қағазға түсірді.

– Екі мың метр. – Ол дүкеннің текшелеріне күдіктене көз тастады, – Иә, екі мың метрдей қажет.

– Екі? – деді қожайын қырылдап орнынан серіппедей атып тұрып. – Мың? Метр дейсіз бе? Өтінем, капитан, отырыңызшы? Жаңа маталардың нұсқаларын көруге қалай қарайсыз, капитан? Еркіңіз білсін. Міне, оттық, міне, кереметтей темекі, тартыңыз. Екі мың... Екі мың... – ол

«иә» деген сөзді ант-су ішкендей шолақ қайырған кісіге матаның құнын айтты, Грэй келісе кетті, өйткені саудаласып жатқысы келмеді.

– Жібектің ішіндегі сұлтаны, теңдесі жоқ ғажайып тауар, мұндай асыл затты тек менен ғана табасыз, – деп дүкенші жыпылдап жатты.


 

 

Ол маталарын мақтай-мақтай, әбден сілеледі-ау деген кезде, Грэй қожайынмен матаны кемеге жеткізіп тастау жағын келісті, ол мұның да күллі шығынын өз мойнына алды, сосын дүкеншімен есеп айырысты да кетіп қалды, ал саудагер оны тап бір қытай королі сияқтандырып қошаметтеп, қолпаштап шығарып салды. Тап со мезгілде дүкен тұрған орамнан бір көше төмен кезбе музыкант виолончелін бабына келтіре бұрып алып, бір мұңды күйді күңірентіп жатқан, ал оның флейташы серігі онымен жарыса ысқырып, безілдеп тұр еді. Қайнаған ыстықтан мүлгіп, маужыраған ауланы дүр сілкінткен қарапайым ән әуені тамылжыған күйі Грэйдің құлағына келіп жетті, со замат ол енді не істейтінін біле қойды. Обалына не керек, осы бір күндері ол ақ жарылқап, көңіл көзі аңқылдай ашылған бір бақыт сәттерін бастан кешіп жүрген, сол себепті де осынау фәни жалғанның үп еткен лебі мен лебізін, нышанын айнытпай бағып жүрген. Күйме мен арбалар жүрісінен әзер естіліп жатқан ән құлағына тиісімен ол сезімтал зерек көңілімен бір өзгеше әсерлер мен ой иіріміне шым батып кетті де, көздеген мақсат-мұратына жететінін және оған қалай жететінін бірден сезе қойды. Бір тығырық көшені жанай өтіп, Грэй музыка даусы шыққан үйдің қақпасына келіп кірді. Бұл кезде музыканттар кеткелі жатыр еді. Ұзын бойлы флейташы үлкен басын кішірейтіп, тиын- тебендер ұшып түсіп жатқан терезелерге қарап, қалпағын бұлғап, ырза көңілдің алғысын білдіріп жатты. Виолончельдің иесі аспабын қолтығына қысып, тершіген маңдайын сүртіп, флейташыны күтіп тұр екен.

– Па, шіркін, мынау біздің Циммер ғой! –деді Грэй скрипкашыны салған жерден танып, ол тамаша скрипкасымен

«Ақшаңды кеспекке сал» трактиріндегі теңізшілер мен қонақтардың көңілін көтеретін. – Сен не, скрипканы қойғансың ба?

– Құрметті капитан, – деді Циммер қарсы дау айтып, – мен дыбыс шығаратын аспаптардың бәрін де ойнаймын ғой. Мен жасымда музыканың масқарапазы болғам. Ал қазір жыл өткен сайын нағыз өнерге құштар болып барам,


 

 

дарақыланып жүріп екінің бірінде кездесе бермейтін дарынымды құртып алғаныма өкінемін. Сол себепті де, енді қартайған шағымда, «ештен кеш жақсы» деп құнығып жүріп екі аспапты: виола мен скрипканы қабат тартам. Виолончельді күндіз, скрипканы кешке тартам, яғни келмеске кеткен қайран талантымды жоқтап, жылаймын да күңіренем. Қарияға шарап тартпайсыз ба, а, капитан? Виолончель – менің Карменім, ал скрипка...

– Ассолім, –деді Грэй. Циммер естімей қалды.

– Иә, – деді ол басын изеп, – тәрелкемен яки мыс трубамен соло – жеке орындау бір басқа. Бірақ мен оны қайтем?! Көркемөнердің арзанқол ойынпаздары-ақ тыртаңдап-жыртаңдай берсін – менің бір білетінім – скрипка, виолончель үнімен хор қыздары тыныстайды.

– Менің «тур-люр-люімде» жасырулы жатқан не? Кәне, таба қойшы? – деді бұларға таяу келген флейташы – жуас көгілдір қой көзді, сары сақалды өңкиген жігіт.

– Ол сенің ертеден бері қанша арақ ішкеніңе байланысты. Кейде – құс, кейде – шараптың буы ғана болады. Капитан, мынау менің өнер серігім Дусс, мен бұған шарап ішіп, сауық құрған кезіңізде сіздің алтынды оңды-солды шаша- тыныңызды талай рет айтқам, сол себепті де бұл сізге сырттай ғашық.

– Иә, мен жомарттық пен мәрттікті ұнатам, – деді Дусс.

– Бірақ байқаңыз, мен қудың қуымын, көлгірсіген сөзіме сеніп қалып жүрмеңіз.

– Ендеше, былай болсын, – деді Грэй күліп, – менің уақытым аз да, шаруам тығыз. Мен сендерге пайдаға шаш- етектен кенелетін бір істі айтайын. Жақсы бір оркестр жинаңдар, бірақ музыканың әрпін санап тұратын немесе ән мен күйді баяғыда-ақ құлқыныңа құрбан қылған, ыздиып киініп, жылтырап жүріп, музыканың мәні мен жанынан құр алақан қалған, эстрадалардан улап-шулап жататын тірі өліктерге жоламаңдар. Жоқ, ондайлардан аулақ жүріңдер. Дәйекшілер мен күтушілердің қарапайым жүрегін елжіретіп, егілтетін өздерің сияқты өнерлілерді табыңдар. Өздеріңнің


 

 

қайыршы кезбелеріңді жинаңдар! Теңіз бен махаббатқа тақуаның да, тәптіштің де керегі жоқ. Мен сендермен қуана- қуана бірге отырып талай шарапты тауысар ем, бірақ кетуім керек. Жұмысым көп. Мынаны алып, «А» деген әріптің аман- саулығы үшін ішіңдер. Егер сендерге менің сөзім ұнаса, кешке салым «Құпияға» келіңдер, ол бас бөгетке таяу жерде тұр.

– Келістік! – деді айқайлап, Грэйдің ақшаны падишадай шашатынын білетін Циммер, – Дусс, иіліп тәжім ет-тағы,

«иә» деп жауап қайтар, қуанғаннан қалпағыңды лақтыр! Капитан Грэй үйленейін деп жатыр!

– Иә, – деді Грэй жайымен. – Істің егжей-тегжейін

«Құпияға» келгесін айтармын. Ал сендер...

– «А» әрпі үшін! – Дусс Циммерді шынтағымен түртіп қап, Грэйге көзін қысты. – Бірақ... Әліппедегі әріптер көп қой! Тағы бірдеңе тастап жіберсеңіз...

Грэй тағы да ақша берді. Музыканттар кетіп қалды. Содан кейін ол комиссиялық кеңсеге кіріп, көп ақша төлеп, алты күнде жедел орындау керек деп құпия тапсырма берді. Грэй кемесіне қайтып келген кезде, контордың агенті пароходқа келіп отырып жатыр екен. Кешке жібекті әкелді, бес желкенші-шебер матростармен бірге жайғасты, Летика әлі келмепті, музыканттар да көрінбейді, олар келгенше Грэй Пантенмен сөйлесе тұрмақ болды.

Тағы бір айта кететін жәйт, Грэй бірнеше жыл бойы команда құрамын өзгертпей жүзген-ді. Әуелгі кезде капитан матростарын күтпеген рейстер жасап немесе тірі жан жоқ түкпірлерде, сауда-саттықтан шалғай жерлерде кейде ай бойы аялдап, қайран қалдырып жүрді, бірақ бірте-бірте Грэйдің

«грэизмі» бұларға да жұқты. Ол тиелетін жүк ұнамаса, пайдалы сапардан бас тартып, жиі-жиі тек балластың өзімен- ақ жүзе беретін. Әйтеуір, жұрт зәру болғандықтан да трюмдерде тұнжырап жата беретін сабын, шеге, машиналардың бөлшектері сияқты өлі заттарды оған ешкім алдыра алмайды. Бірақ ол жеміс-жидек, фарфор, қалампыр, бұрыш, шай, темекі, кофе, жібек сияқты заттарды, хайуанаттарды, ағаштың барқын, сандал, пальма сияқты


 

 

түрлерін ықыласпен алатын. Бұл оның сұлулыққа табынатын ақсүйектік асқақ қиялына сай келіп жататын, сол себепті де осындай өзгеше тәрбие алған «Құпияның» командасы, бықсыған шала сияқты, баюдан басқаны ойламайтын пасық кемелерге шекесінен қарайтын. Дегенмен осы жолы Грэй жұрттың бет-пішінінен көкейінде айтылмай жатқан бір сауал барын байқады: ең топас деген матростың өзі орман өзенінің арасында кемені жөндеудің құр әурешілік екенін жақсы білетін. Пантен, әрине, оларға Грэйдің жарлығын жеткізген, капитан келіп кіргенде, оның көмекшісі алтыншы сигарды шегіп тауысуға жақындапты, ол түтінге тұншығып, әрбір орындыққа бір соғылып, каютада сенделіп жүр екен. Күн кеш болды, ашық иллюминатордан дөңгеленіп жарық түсіп тұр, сол жарық капитан фуражкесінің жылтыр күн қағарына

шағылысып жалт етті.

– Бәрі де дайын, – деді Пантен тұнжырап. – Қаласаңыз, зәкірді тап қазір көтеруге болады.

– Пантен, сіз мені бұдан гөрі жақсырақ білуіңіз керек еді, – деді Грэй жұмсақ үнмен. – Мен жасап жүрген істің ешбір құпиясы жоқ. Лилиан суына барып зәкір тастасымен, мен мән-жайды бәріне де айтам, сонда сіз нашар сигарларды тұтатам деп оттықты қайта-қайта жағып жатпайсыз. Барыңыз, зәкірді көтерсін!

Пантен ыңғайсыздана мырс етіп, қабағын қаси берді.

– Бұл, әлбетте, солай ғой, – деді ол. – Е, менің онда қандай шаруам бар?

Көмекшісі шығып кеткесін, Грэй ашық қалған есікке қарап біраз отырды, сосын өзіне кетті. Мұнда келгесін де бір отырып, бір жатып байыз таба алмады: бірде темір шынжырды салдыратып орап жатқан брашпиль үйіне құлақ түрсе, бірде бакке шыққысы келеді, бірақ әлденені ойлап, үстел басына қайтып келеді де, клеенканы саусағымен тұп- тура сызып өтеді. Біреу есігін жұдырығымен гүрс еткізіп қойып қалғанда ғана ол осы есеңгіреген күйінен селт етіп оянып кетті. Кілтті бір бұрап, ол Летиканы ішке кіргізді. Ауыр жазадан бір сорлыны аман алып қалған шабарман сияқты матрос алқынып тұр.


 

 

– Летика, Летика, кәне, ұш, Летика, дедім мен өзіме- өзім, – деді матрос жеделдете сөйлеп, – өйткені мен біздің жігіттердің алақандарына шырт-шырт түкіріп, брашпильді айналып билеп жүргенін көрдім. Менің көзім бүркіттің көзінен де жіті ғой. Сонымен ал кеп ұш, өкпем өшіп қайықшыға жетіп келгенімде, ол байғұс сасқанынан терлеп қоя берді. Капитан, сіз мені жағада біржола тастап кеткіңіз келіп пе еді?

– Летика, мен сені ертең ертеңгілік келер деп едім, – деді Грэй, оның қызарып кеткен көзіне қарап.

– Сен басыңа салқын су құйдың ба?

– Құйдым. Бірақ ішіме құйғандай көп болмаса да, біраз құйдым ғой деймін. Мен бәрін де орындадым.

– Сөйле.

– Сөйлемей-ақ қояйын, капитан. Мында бәрін де жаздым. Алыңыз да оқыңыз. Әйтеуір, аянып қалған жоқпын. Мен кетейін.

– Қайда?

– Сіздің маған кінәлай қарауыңыздан басыма салқын суды әлі де аз құйғанымды сезіп тұрмын.

Ол соқыр кісі сияқты кібіртіктей бұрылды да, сыртқа шығып кетті. Грэй қағазды жазып қарады: бұзылған шетен сияқты, арбақ-сарбақ таңбаларды түсірген кезде бұған қаламның өзі де таңқалған шығар. Летиканың жазғаны мына төмендегідей еді: «Нұсқауыңызға сәйкес. Сағат бестен кейін көшеге шығып жүрдім. Боз шатырлы үй, екі жағында қос- қостан терезесі бар, қасында бақшасы бар. Бағанағы бикеш екі рет кіріп-шықты: бірінде су әкелді, екіншісінде плитаға отын алды. Ымырт түсісімен терезеге барып сығалап едім, пердесі түсірулі болғасын ештеңені көре алмадым».

Сосын үй ішінің тірлігіне катысы бар біраз жәйттар жазылыпты, шамасы, Летика оны трактирде, үстел басында естіген сөзден алған болуы керек, өйткені мына хабарламасының соңына «Шығасыға деп біраз өз ақшамды да жұмсадым» деген оқыс сөздер жазылыпты.

Бірақ бұл хабарламаның мазмұны біз бірінші тараудан білетін жәйттерге саяды екен. Грэй қағазды үстелге тастай


 

 

салды да, вахтенныйды ысқырып шақырып алып, Пантенге жұмсады, оның орнына түрулі жеңін жүре түсіріп, боцман Атвуд жетіп келді.

– Біз бөгеттің қасына келіп тоқтадық, – деді ол. – Пантен сіздің неге шақырғаныңызды біліп келуге жіберді. Ол босамай жатыр, қайдағы жоқ бір трубалы, барабанды және басқа скрипкалы кісілер келіп, оны қамап алды. Оларды сіз «Құпияға» шақырып па едіңіз? Пантен сізді келсе екен деп өтініп жатыр, миым ашып кетті дейді,

– Иә, Атвуд, музыканттарды шақырған мен едім, – деді Грэй, – оларға барып айтыңызшы, әзірге кубрикке бара тұрсын. Қалай орналастыруды кейін көрерміз. Атвуд, сен оларға және күллі командаға мен енді ширек сағаттан кейін шығады деп айт. Жинала берсін. Әрине, өзіңіз де, Пантен де келіп, мені тыңдайсыздар.

Атвуд сол қабағын шүріппе сияқты керіп, есік алдында бір қырындап, сәл аялдады да, шығып кетті.

Қалған он минутте Грэй бетін алақанымен басып селт етпей отырып қалды, тек үнсіз отыра бергісі келеді. Бұ кезде жұрт әлденені ойлап, капитанды шыдамсыздана күтіп тұрған. Ол шықты да, матростардың жүзіне қарап, қайдағы жоқ дүниені ойлап тұрғанын сезе қойды, өз басы болып жатқан оқиғаны табиғи нәрсе деп есептейтін болғандықтан да, жұрттың осылай сезіктене қалуы бұның көңіліне келді.

– Өзгеше ештеңе болмайды, – деді ол көпіршенің трапына отырып жатып. – Күллі такелажды өзгерткенше біз осы өзеннің құярлығында тұрамыз. Сіз алқызыл жібекті әкелгенін көрдіңіз ғой, со матадан желкен шебері Бленттің басшылығымен «Құпияға» арнап желкен тігеді. Сосын біз жолға шығамыз, бірақ қайда баратынымызды айтпаймын, әйтеуір, осы арадан қашық емес. Мен әйеліме бармақпын. Ол әлі менің әйелім емес, бірақ солай болары хақ. Қалыңдығыммен келіскенімдей, бізді ол алыстан көруі үшін, маған алқызыл желкен керек. Бар айтарым осы. Өздеріңіз көріп тұрсыз ғой, бұл істе жасырын ештеңе жоқ. Осымен әңгіме-сөзді бітірейік.


 

 

– Иә, – деді Атвуд матростардың жадырап сала берген жүздеріне қарап, олардың әлі де таңырқап, не дерін білмей именшектеп тұрғанын көріп. – Солай деңіз, капитан... Әлбетте, істі шешетін біз емеспіз. Қалағаныңыз болсын. Мен сізді шын көңілден құттықтаймын.

– Рақмет!

Грэй боцманның қолын қаттырақ қысып жіберді, бірақ ол құшырланып қайта қысқанда капитан қолын босата қойды. Бұдан кейін жұрттың бәрі бірінен соң бірі келіп, бұған қымсына қарап, күбірлей құттықтап жатты. Жамырасып, айқайлап- шулаған жан болмады – капитанның келте сөзінен матростар төтенше бір істің боларын сезгендей. Пантен «уһ» деп бір күрсініп, жадырап сала берді – арқа-басы кеңіп, рақаттанып қалды. Тек кеменің балташысы ғана бірдеңені ұнатпай қалған тәрізді, Грэйдің қолын сүлесоқ ұстап тұрып, ол:

– Мұны қалай ойлап таптыңыз, капитан? – деп сұрады тұнжырап.

– Сенің балтаңмен қақ маңдайдан қайқайтып бір қойған сияқты нәрсе ғой, – деді Грэй. – Циммер, жігіттеріңді көрсетші.

Скрипач музыканттарын арқасынан қағып, көптің ішінен алақұла киінген жеті адамды бөлек шығарды.

– Міне, мынау тромбон, – деді ол, – бұл ойнағанда, зеңбірек атқан сияқты әлем зіркілдей жөнеледі. Мына мұртсыз екі жас – фанфарлар, бұлар ойнай бастағаннан-ақ білекті сыбанып шайқасқа шыққың келеді. Сосын – корнет-а-пистон мен екінші скрипка. Бұлардың бәрі приманы, яғни мені демеп, дөңгелентіп ала жөнелуге келгенде шебер-ақ. Ал біздің көңілді кәсібіміздің төбе биі – барабаншы Фриц. Әдетте, барабаншының қабағы салыңқы келеді ғой, ал мына сабазың барабанын құшырлана соққанда ел көшіргендей еліріп кетеді. Оның ойыны да ана таяғы сияқты түп-түзу, қалтқысыз көңілдей бір қасиет бар. Қалай, капитан Грэй, ойыңыздан шықтық па?

– Керемет, – деді Грэй. – Бәріңе трюмнен орын әзірленді, енді оны өздеріңнің әлгі «скерцо», «адажио»,

«фортессимо» сияқты нәрселеріңе толтырасыз ғой. Тараңдар. Пантен, арқанды шешіңіз, кеттік! Мен сізді екі сағаттан кейін келіп ауыстырам.


 

 

Ол осы бір-екі сағаттың қалай өткенін де сезбей қалды, өйткені кеудесінен бір қуанышты музыка төгілді де тұрды, лыпылдай соққан қан тамырлары сияқты, ол да бір сәт тынған жоқ. Ол тек бір мұратты ғана ойлады, бір мұратқа ғана ынтызар, соған ғана ұмтылады. Грэй батыл қимылдың адамы, оқиғадан ойы оза жүйткіп кетеді де, шіркін-ай, оны дойбы тасын қозғағандай оп-оңай жылжыта салар ма еді деп ойлайды. Бірақ оның сабырлы да салмақты түріне қарап, ішінде ұйтқып дауыл соғып жатқанын білу қиын еді, сол дауыл тас төбеңнен соққан дәу қоңыраудын күмбірі сияқты тұла бойын шымырлатып, жүйке-жүйкесінде күңіреніп тұрып алған еді. Ақырында ол бұған шыдай алмай, «бір... екі... отыз...» деп ішінен қашан мыңға жеткенше шұбыртып санай берді. Осы тәсіл оны біраз салқындатып, сабасына түсіргендей, енді ол осынау іс-әрекетіне шеткерірек барып, бөгде көзбен қарамақшы болды. Сонда ол Ассольдің ішкі дүниесін мүлде білмейтінін еске алып, аңтарылып тұрып қалды, бір ғажабы, о қызбен тіпті тіл қатыспапты-ау. Ол бір кезде: егер біреудің жан сырын аздап та болса ұққың келсе, ойша өзіңді сол кісінің орнына қой-дағы, күллі кескін-кейпін айнытпай қайталауға тырыс дегенді оқығаны бар. Міне, Грэйдің көзі бір түрлі боп өзгеріп, мұрт көмген ерні жыбырлап, сәл ғана жымия бастады, бірақ со заматта ол елең етіп, ойын тежеп ала қойды да, сықылықтай күліп, Пантенді ауыстырмақ боп шығып кетті. Дала қараңғы. Пантен күрткесінің жағасын көтеріп алып, компастың қасында, рулевойға: «Солға ширек румба, солға.

Тоқта, тағы ширек» деп айтып жүр. «Құпия» желкендерінің жартысын ғана көтеріп, жел ығына қарай сырғып келеді.

– Білесіз бе, мен сізге бек ырзамын, – деді Пантен Грэйге.

– Неменеге?

– Сіз ырза нәрсеге мен де разымын. Мен бәрін де түсіндім, Мына мостиктің үстінде тұрып. – Ол қулана көзін қысып, трубкасының отымен күлімсіреген жүзін көрсетті.

– Кәне, айтыңызшы, сонда сіз нені түсіндіңіз? –деді Грэй кенет оның не ойлап тұрғанын сезіп қалып.


 

 

– Контрабанданы алып өтудің таптырмайтын тәсілі, – деді Пантен сыбырлап. – Әркімнің қандай желкен тағам десе-дағы өз еркі. Сіздің мына басыңыз – данышпанның басы, Грэй!

– Байғұс Пантен! – деді капитан ашуланарын да, күлерін де білмей. – Сіздің болжамыңыз – нағыз көріпкелдің болжамы, бірақ оның құр сөз ғана. Одан да барып ұйықтаңыз. Сіз қателесіп тұрсыз – менің шыным да, сырым да осы. Мен айтқан сертімнен қайтпайтын кісімін.

Грэй оны қайтарып жіберді де, кеменің бағыт-бағдарын тексеріп, жайғасып отыра кетті. Енді біз оны осында қалдыра тұралық, өйткені оның жеке қалғаны жөн.

 

V I

 

АССОЛЬ ЖАЛҒЫЗ ҚАЛДЫ

 

Лонгрен түнді теңізде өткізді, ол не ұйықтамады, не балық ауламады, тек су сылдырын тыңдап, бетін желге тоса, қараңғы әлемге қарап ойланып отырды да қойды. Өмірінің осындай бір қиын сәттерінде жалғыз жүріп теңізді кезсе болғаны, жаны түлеп, тыңайып шыға келеді. Тамылжыған тыныштық, тек тыныштық пен оңаша серуен ғана көкірегінің көңілсіз де көмескі даусын қайта ширатып, айқындай түсер еді. Бұл түнде ол – келешек пен кедейлік жайлы, Ассоль жайлы көп-көп толғанды. Қызын аз уақыт болса да қалдырып кеткісі келмейді, мұның үстіне сөнген дертін қайта қоздырып алам ба деп қорқады. Бәлкім, ол кемеге қайтып барғасын сонау Капернада жан берісер жары күтіп отыр деп қалар. Сөйтіп, үйіне қайтып келе жатқанда жоққа емексіп, онсыз да қаралы көңілі жаралы болмаса неғылсын. Мери үй табалдырығынан енді қайыра аттамайды. Бірақ ол, әйтеуір, Ассоль ішіп-жемнен тарықпаса екен дейді, сол себепті де Лонгрен қамқор көңілінің құлы болуға әзір.


1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 |

Поиск по сайту:



Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.014 сек.)