|
|||||||
АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция |
V І т а р а у
Уақыт әлі ерте болса да, Филатр көп күттірмеді. Кабинетіне келіп отырғаныма үш минуттай болған кезде ол киініп кіріп келді де, салған жерден сағат ондар шамасында госпитальда
болуым керек деп ескертіп қойды. Ол менің түр-пішініме бірден назар аударды да: – Меніңше, сізге бірдеңе болған сияқты! – деді. – Көмір синдикатының конторы мен жағалау мүйісінің арасында кереметтей бір кеме тұр. Мен оны түнде екеуміз қоштасқаннан кейін барып көргем. Кеменің аты – «Толқын перісі». – Қалай? – деді Филатр, мен ойлағаннан да гөрі қаттырақ таңырқап. – Әзілдеп тұрғаннан саумысыз?! Сонда... бұл өзі... Қой, мен әуелі сізді тыңдайын. – Кеме әлі де со жерде тұр. Біз бірімізге біріміз қарап, біраз уақыт үнсіз отырып қалыппыз. Филатр жайымен қасын керіп, төмен қарады, оның кескінді жүзі құбылып барып басылды. Ол маған қайта қарады. – Иә, мұның өзі төбеден сылқ еткізіп қойып қалғанмен бірдей болды-ау, әрине, бұл әңгіменің жалғасы бар шығар? – деді ол. Кеше кешқұрым Стерстің үйіне бармай тұрып, бұл «Толқын перісін» көрген шығар деген күдік Филатрдың көңіліне келіп қалмасын деп мен кемені бұрын көрмегенімді және Гезбен сөйлескен сөзімді айтып бердім. – Өзіңізге мәлім, менің көңілімде тек осы бір тілек қана болған сияқты, – дедім мен сөзімді түйіп. – Осыдан басқа әрекеттің жөні жоқ. Қалған жасымда дәрменсіз өкінішпен өмірімді өксітпес үшін маған енді саяхатқа шығудан басқа жол қалмады. – Иә, – деді Филатр сигарын бұл арада жоқ күлсалғышқа созып жатып. – Солай екені рас. Бірақ, қалай айтсаң да, істің ыңғайы келмей жатыр-ау. Мұндай мәселе көбінесе ақшаға байланысты. Ойлап тұрсам, мен сізге көмектесе алатын сияқтымын. Гәп мынадай: өзге дәрігерлер енді оны емдеп әуре болудың қажеті жоқ дескен кезде мен Браунның әйелін емдегенім бар. Басқаларға ерегісті ме, әлде маған бір жақсылық жасайын деді ме, қайдам, әйтеуір әлгі әйел дертінен құлан-таза жазылып кетті. Өзі сізге қарсы болса да, Гез істі Браунға сілтеп отыр ғой, бұл – Браун сізді Гезге
сілтейді деген сөз. Ендеше мен қазір бір хат жазып берейін, сіз оны Браунға берерсіз. Соңғы сөзін айтып бітірмей жатып Филатр дереу үстелге отырды да, қолына қалам алды. – Не жазатынымды білмей қиналып отырғаным, – деді ол маған көз қиығын тастап. Филатр маңдайын бір сипап, жазғанын естірте оқи отырып, қағаз бетін толтырды. – Есіңізде болсын, – деді ол жазуын қойып, – сіз бен біздей емес, Браун ең әуелі өз пайдасын ойлайтын, нақты істің адамы, егер ол бір нәрсені еріккеннің ермегі деп ойлап қалса болғаны, қыңырайып сөйлеспей қояды. Енді қалғанын тыңдаңыз: «Ілгеріде сіз үшін де, мен үшін де бақытты болған бір сәтті күнде сіз маған не тілесеңіз соны орындаймын деп айтқан едіңіз. Мен ұдайы сондай сәт келмей-ақ қойса екен деп жан-тәніммен тілеп жүруші ем. Сізді қинау кісі кешірмес өрескел өзімшілдік қой деп ойлаушы ем. Бірақ менің пациентім (емделушім) және туысқаным...» – Осы бір дипломатиялық әбестікке немесе залалсыз өтірікке мән бермей-ақ қоямыз ба, қалай? – деді Филатр, сосын жазуын жалғап, жазғанын қолма-қол оқып отырды: «...туысқаным Томас Гарвей осы хатты өзіңізге апарып тапсыратын жігіт – кәдуелгі желкенді кемемен саяхатқа шығуға зәру болып отыр. Бұл оған пайдалы және ауыр науқастан кейін аса қажет. Істің мән-жайын өзі түсіндіреді. Менің ұғуымша, ол...» – Осы сөзді айтудың өзі бір түрлі қызық, – деді Филатр, өз сөзін өзі бөліп. – Міне, мен оны тіпті жазып та қойдым: «Толқын перісі» кемесінің каютасында саяхатқа шығып қайтқысы келеді. Гарвейге қолұшын берсеңіз, мен сізге борыштармын. Сіздің аса сүйікті жұбайыңыздың денсаулығы енді қайта мазалай қоймас деп сенем. Сізге өтінуші...» –... Осылай кете береді, – деді Филатр конверт сыртына айдақтатып адресті жазып жатып. Ол маған хатты берді де, қасыма келіп отырды. Филатр хатты жазып жатқанда Гездің кемесі ендігі кетіп қалған шығар деген бір үрей өн бойымды билеп алды.
– Кешіріңіз мені, Филатр, – дедім мен оған өзімнің жай-күйімді баяндап. – Шыдай алар емеспін! Мен ұшып түрегелдім. Бір терең ойға шомып, маған қадала қараған доктор да жайымен орнынан тұрды. Оң қолын иығына салып, сәл кідіре тұр дегендей болды, сосын қолын баяу тартып алды да, бөлме ішін аралап кетті, үстел қасына барып аялдап, бейжай төмен қарады да, өз қолын өзі уқалай бастады. – Осы біз бір-бірімізге тағы бірдеңе айтуымыз керек сияқты, солай емес пе? – Иә, бірақ не айтамыз? – дедім мен. – Білсем бұйырмасын. Өзіңіз сияқты мен де әлденені аңғарып қоя салғанды жақсы көрем. Ал қазір онымен айналысу – қараңғыда сурет салумен бірдей. – Өкінгеннен не пайда, сіз дұрыс айтасыз. Иә. Бұрын менің басымда мұндай нәрсе болып көрмеп еді. Бірақ сіз маған жолдан хат жазасыз ғой? Жай-күйіңізді білгенім жөн емес пе? Мен оған уәде бердім де, бір тілек айттым: – Одан да шамаданыңызды жолға әзірлемейсіз бе, Филатр?! Бірге кетпейміз бе?! Филатр қолын жайып, жымиып күлді де қойды. – Мұның жақсы-ау, – деді ол, – бірақ... бірақ... – оның көзі жазу үстелінің үстіндегі қола заттардың арасында тұрған шағын портретке барып тоқтады. Бұл портретті – басын сәл ғана қисайтып алдына тесіле қарап отырған бір жас сұлу әйелдің суретін мен де енді көрдім. – Мені енді ешкім де жарылқай алмайды, – деді Филатр темекісін тұтатып, шырпыны лақтырып тастап. – Өзіңізге лайық, ішкі дүниеңіз қанша өзгеше, қанша тақуа болғанымен, сіз, қымбатты Гарвей, жадырай күлген бақыттың жүзін көргіңіз келеді. Қарсыласпай-ақ қойыңыз. Бұл сапардан мен оңды ештеңе де таппаймын, өйткені менің тілегімді ешкім де орындай алмайды. Менің тілегім оңай да анық, бірақ ол ешқашанда орындалмақ емес. Мен талай адамды емдеп жаздым, бірақ өз әйелімді ауыр дерттен айықтыра алмадым. Ол әлі тірі, бірақ өлгенмен бірдей.
Мынау соның суреті. Ол мұнда енді қайтып келмейді. Ал, одан өзгенің маған керегі де жоқ. Бөтен кісінің ойламаған жерден оқыс ашылған жүрек сырына қалай қарарымды, не дерімді білмей, үнсіз аңырып, қиналып тұрып қалғанымды сезді ғой деймін, Филатр қоңырау қағып, дәйекшісін шақырды да, экипаж әзірле деп әмір етті. Біржолата қоштаспай тұрғанда біз былай келістік: мен оған Браунға барған істің жай-күйін айтпақшы болдым. Біз бірге шығып, подъезд алдында ажырастық. Автомобильге мініп, біраз жүргесін Филатр артына бұрылып: – Айтпақшы, әне біреуден... – деп дауыстады. Мен оның сөзінің соңын ести алмадым.
Поиск по сайту: |
Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.005 сек.) |