|
|||||||
АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция |
X X І І т а р а у
Мен ертең ертеңгілік, тап қазір көзіммен көріп, қолыммен ұстап тұрған түн қойнындағы қаланы емес, үйлердің алдыңғы жағын жарқыратып тұрған нұр сәуленің алтын қыштарынан қаланған қаланы емес, мүлде басқа қаланы, яғни осы қаланың өзін қаз-қалпында көрем ғой деп ойлағам. Бұл – көбінесе айвандармен, балкондармен көмкерілген екі қабатты тас үйлер еді, Ашулы есік-терезелері шұғыла шашып, олар бір-біріне иін тиістіре салыныпты. Кейде үй шатырының мүйісінен тарамдалып пальма жапырақтары қарайып көрінеді, енді бір жерлерде пальмалардың жап-жасыл боп жайнап (төменгі жағы тіпті жарқырап жатады) тұрғанына қарап, дуал ішінде бізге көрінбейтін бір жарық көзі қойылғаны аңғарылады. Әр түсті, әр түрлі, сан қилы қағаз фонарьлардың көптігінен кісі қаланың шынайы кескін-келбетін ажырата алмайды екен. Көшелерге кесе-көлденең ілінген фонарьлар сонау қиырға алқа-моншақтай тізіле тартады. Олар балкон кенерелерінде, кілем араларында маздайды. Кейде керіліп жатқан кең көшелер балет ойынына ұқсап кетеді: мьңдаған ертек пен аңыздардан андыздай шыққан маскалы, маскасыз адамдардың қызыл-жасыл құлпырма топтары, шамдар мен гүлдер, арғымақ аттар – бәр-бәрі көңілді карнавал шуын күллі қаланы қаптаған музыка тасқынымен ұластырып жібергендей. Қайда баратынымды біржолата анықтап алғанға дейін жағалаудағы алаңды екі рет көктеп өтіп, төңіректі байқап- бағдарлап жүргендегі көзім анық жеткен бір жәйт мынау еді: осы карнавал жасанды шаттық немесе парыз-қарыздан, жоғарғының әмірінен шыққан шаттық емес, қала тұрғындарының өздері шын көңілден іліп әкетіп, құлашын кең жайған ізгі шаттық еді, ал, енді көптен-ақ думанды ұлы тойға жағалай құмартып жүрген халық осынау кең құлашты дүбірге көз жұмып, құлшына кірісіп кеткен тәрізді. Ақырында мен алаңның оң жақ мүйісінен әрі қарай созылып жатқан ұзын көшеге келіп түстім, өйткені самсаған салт аттылар жасағын көкпеңбек сауыт киіп құрсанып алған
орта ғасыр қарақшыларын немесе үсті-басын күміс қоңыраулармен, ленталармен әлеміштеп тастаған қашырларға шәниіп отырып алған қызыл триколы жын-шайтандарды өткізіп жіберу үшін әлсін-әлі аялдап тоқтай бердім. Менің бұл көшені таңдап алған себебім, онымен жүрсең қала ішіне тереңдей кіріп, текше-текше террасаларына сатылай шығар едің, бұл араның әр орам бітер жерде бірнеше тепкішекті тас басқышы болады, сол себепті де автомобильдер мен карнавалдың ауыр арбалары бұ жақпен жүрмейді, байқасам, осынау қолайлы көшені мен ғана қаламаппын. Мұндағы жұрттың көптігіне тіпті көз сүрінеді, халық көшенің ортасында сапырылысып жатыр. Бұл, әйтеуір, қызық қуалап жүрген бейсауат жұрт. Мені доминолар, масқарапаздар, шайтандар, индейлер, «жасанды» және шын негрлер қуып жетіп, басып озып жатыр, сонда шын негрлерді «жасанды» негрлерден айыру қиын, ауа тәрізді мөлдір маталарға оранып, қауырсын қадап, лента таққан әйелдер де жамырап жүр, жалт-жұлт етіп көз қармайтын, ақ елтірімен көмкерілген ұзынды- қысқалы, түрлі түсті етектер көлбеңдейді. Жайнаңдаған көз, маскалардың жұмбақ қулығы, шыны ұстаған қолдарын сермеп, қалың көпті қақ жарып келе жатып, әлдекімдерді ұстап алып, мазақтай күліп, у-шу болып қалатын матростар отряды, мінбе үстіндегі сөзін ешкім тыңдамайтын мас шешендер, жұрт оларды абайламай шынтағымен қағып құлатып жатады. Кішкене қоңыраулар шылдыры, асыл текті сәйгүліктерге атлас көпшік төсеп жайғасқан ханшалар мен кәнизактар керуені, есік алдына жиналып, іштегі буалдыр мұнар арасынан жұдырығын түйіп, құтыра билеп жүргендерге үймелей қарап тұрған кісілер, көшеде көлденеңдеп сұлап жатқан мастар, үйлеріне қарай үрейлене зытып бара жатқан мысықтар, нәзік үн мен барылдаған айқай, әндер мен әуендер, шөпілдете сүю мен алыстан естілген айқай-шу – айтылмыш кештегі Гель-Гьюдің көңіл күйі тап осындай еді. Қиялдағыдай ғажайып бір жалаудың астында сауда дүкеншелерінің кір- қоңыс шатырлары сап түзеген еді, бұл арада лимонад, жеміс суы, мұзды су, сода суы мен виски, пальма шарабы мен жаңғақтар, кәмпиттер мен науаттар, серпантиндер (ширатпа
қағаз) мен тарсылдақтар, петардалар мен маскалар, жабысқақ қамыр шариктері, түрпідей тікенекті жаңғақтар (олар матаға немесе шашқа бір жабысса, ажыратып алу оңай емес-ті) сатылып жатты. Оқта-текте қалың нөпір арасына аю, монах, маймыл немесе Пьерро болып киініп алған велосипедші шығады, со замат оның үстіне тікенек шариктер жауып кетеді. Резина қуыршағын шиқылдатып немесе дәу барабандарын дүңкілдетіп маң-маң басып алыптар келеді. Жұрт айвандарға билеп жатыр, мен көшенің тап ортасында қызып жатқан балға тап болып қалып, оны әзер дегенде айналып өттім. Ширатпа қағаздардың балкондарда, аяқ астында бейберекет шашылып жатқаны сондай, тіпті ауаның өзі қағаздай судырлап жатқан тәрізді. Бағанадан бері жолай жүріп келе жатқанда бейтаныс жұрт маған алуан-алуан ұсыныстар жасады, ішейік, сүйісейік, карта ойнайық шығарып салайық, билейік, сатып алайық дегенді айтты, мына көппен бірге көңіл көтермейсің бе дегендей талай әйел балғын білегімен ишара жасап шақырып та көрді. Әр барған сайын жүрудің қиындай түсетініне көзім жеткесін мен жүріс-тұрыс саябырлау бір тығырыққа қарай бұрылдым. Сосын тағы бір бұрышты айналып, құлазып жатқан көшеден келіп шықтым. Менің оң жағымнан жарқабақты қуалай жабайы дөңбек тастардан қалың дуал жасалыпты, ол солға қарай бұралып барып, жоғары өрлеп кетеді екен. Оның үстіндегі төменнен көрінбейтін жолмен арбалар салдырлай жүріп жатты. Фонарьлар мен темекі оттары жылтылдап көрініп жатты. Мен қазір қала ортасынан қай шамада тұрғанымды білмеймін, со жерде біраз аялдап, ойланып тұрып, фланель костюміме жабысқан ошағандарды, қамыр шариктерін (осыған тіпті тыйым салу керек қой) алып тастап, күңгірт көшемен жоғары қарай өрледім. Мен бір айванның тұсынан өте бергенімде, бір әйел жүгіріп шығып: «Бұл сізбісіз, Сульт?» деді даусы дірілдеп, үнінен сағыныш пен қорқыныш қатар естілді. Мен жарыққа шығып ем, әйел ыңғайсыздана күліп кетіп қалды. Осы көшені кесіп өтетін екінші бір көшеден келіп шыққанымда күндізгі гуіл мен түнгі жарықта қайтадан тап болдым. Сосын солға бұрылып, әуелгі жүрген жолым мен
соңғы жолым қиылысатын жерге жетермін деп солай қарай беттедім. Мен бір кең асфальт көшемен жүріп келем. Оның қол созым жердегі шетінен алаң көрініп тұрды. Күллі көшелерден шыққан халық солай қарай ағылып барады. Алдымдағы тынымсыз қыбырлаған қалың нөпір үстінен асқақтай көтерілген статуяны көрдім. Бұл қолын көкке соза, алысқа талпынған әйелдің мәрмәр тастан қашалған мүсін- тұлғасы еді. Топырласкан халықтың ара-арасымен қысылып- қымтырылып келе жатқанда мен бұ әйелдің тұрысын, жалпы кескін келбетін анықтап көре алмап едім. Ақырында таяу келіп, оның аяғынан сәл төмен қашалған жазуды көріп, оқып шықтым. Ол
ТОЛҚЫН ПЕРІСІ
деген екі сөзден тұрады екен. Мен осынау сөздерді оқыған кезде дүние күңгірт тарта бастады, бір сөз, тек бір ғана сөз мұның мән-мағынасын маған ұғындырып еді. Бірақ ол көрінбеді. Енді мені ештеңе де мына жазудан ажыратып әкете алмас еді. Бұл жазу менің көкейімде жүрген, бірақ осынау оқыс жәйтті ой-санама салып салмақтау үшін уақыттың тылсым әрекет-күші қажет-тін. Мен басымды шалқайтып, статуяға анықтап бір қарадым. Мүсінші оны жан-жүрегімен жасапты. Мен оны суреткер сезімінің көркемдік сәтті мүлт жібермей, тамыршыдай дәл тапқанынан байқадым. Бір аяғын сәл көтеріп, екінші аяғымен жер тіреп тұрған қыз денесінің күллі сиық-сымбаты айқын да дәл еді. Мен оның тынысы жиілей түскенін көрдім. Оның жүзі мен білетін әйелдің жүзі емес, сәл ғана өзгешелеу ме қалай, бірақ менің оны ә дегеннен тани кеткеніме қарағанда, суретші тақырыпты көңіл-көкейіне әбден ұялатып алып, көз алдына елестеген көп түр-пішінінен «тасқа қашалатын бірден-бір пішін тек осы ғана» деп мынаны таңдап алған тәрізді. Ол әйелге кісі қиялында ғана кездесетін, әдетте байқала бермейтін бір киім кигізіпті, тіпті оның матасы да елеусіз: суретші оны үлбіретіп, желбіретіп қойыпты. Жел әсерінен алды денеге жабысып қалыпты. Адам қолы жасай алмайтын мәрмәр
толқын, сірә да жоқ шығар, бірақ жерге тиер-тимес болып секіргелі тұрған мына ұшқыр аяқ ауырлықтан ада тәрізді. Оның мәрмәр көздері – шартты түрде біз оны көреді деп ойлаймыз, ал олақ қолдан шықса ол соқыр болып қалады, иә, мына статуяның көздері мәрмәр көлеңкеден дүниеге қарап тұрғандай болып көрінеді екен. Әйел күлімсіреп тұр. Ішкі жігер құдіретінен ілгері қарай созылған қол қандай ғажайып, мұнымен ол жүгірудің өзін көрсетпек болған. Әйелдің бір қолы алақанын жоғары қарай жайып тұрса, екіншісі оны жалма-жан ерке-назды кейіппен жұмып жатыр. Бұл шынында да солай еді: мүсіннің өзі кісі жанын аймалап аялайтын қайырымды қол тәрізді еді. Өзге дүниенің бәрінен оқшауланбай, теңіздің мәрмәр кереметтерінен жасалған биік тұғыр үстінде «Толқын перісі» ару тұр – бірақ ол жалғыз емес-тін. Мүсін сыртынан толқын жоғары лақтырған бір алып кеменің бугшприті көрінеді, ол қала менен қараңғы түнді қақ жарып, осынау әйел мүсінін ілгері қарай тұп-тура самғатып бара жатқандай. Мен жайшылықтағы әсерімді нақты жағдайдан туған пәрменді жаңа әсерден ажырата алатындай халде едім. Мына мүсін мама қазық – басқа әсерлердің бәрінің басты сөзі еді. Қазір мен со сәт жұрттың қалай гуілдесіп жатқанын естіген сияқтымын, бірақ оны ақиқат солай болып еді деп кесіп айта алмаймын. Әлдебір ер кісі әлеуетті қолын иығыма салып, қысып қалғанда ғана мен ұйқыдан оянғандай болдым. Ескі сүртігінің белінен күміс белбеумен қынай буған, сүйір қалпақты кісінің өзіме шұқшия қарап тұрғанын көріп, мен дереу шегіне қойдым. Сізге не керек еді деп сұрағаннан кейін ғана оның әлденеге таңырқап, қасы-көзі дірілдеп тұрған ақ шашты қызыл жүзі құбылып сала берді. – А! – деді әлгі адам, бізді күллі замандардың күллі қаһармандары мен қаһарман әйелдері қаққылап маза бермегесін, ол ескерткішке тақап барып, маған жақында деп ымдады. Оның қасында әр түрлі костюм киген бірнеше серігі бар, тағы бір маскалы үшеу менен бір дәйекті сөз күткендей немесе соны талап еткендей бедірейіп тұр. Жаңағы «А» деген кісі сөзін жалғады.
– Меніңше, ештеңе де болмаған тәрізді. Сізді мазалаған себебім, сіз осы арада бір орыннан қозғалмай, қимыл- қыбырсыз бір сағаттай тұрдыңыз, бұл бізге күдікті болып көрінді. Енді қарасам, қатты қателесіппін, сол себепті де сізден кешірім сұраймын. – Егер осынау тамаша ескерткішке алыстан келген кісінің назары түссе, сіз сонда бұған іштей күдіктеніп, осы соққан ескерткішті ұрлап кетпес пе екен деп қауіптенсеңіз – онда мен сізді шын көңілден кешірем, – дедім. – Бекер күдіктеніп тұрсыз демеп пе едім, – деді керенау жас жігіт сөзге араласып. – Бірақ – деді ол маған қарап, – осынша жұрт абыр-сабыр боп, дуылдасып у-шулап жатқанда, қалың ойға батып, қалт етпей қалатын кісілер бола ма, деп басымыз қатқаны рас. Бұ кісілер онша мас болмаса да, бүгінгі күнді текке өткізбей, біраз көңіл көтерген сияқты. – Бұл жолаушы, – деді осы топтағы үшінші кісі, жалқын сары плащқа оранып жатып, со кезде оның қалпағына қадаған қауырсыны мас кісі сияқты селт ете қалды. Оның өзі де жирен сары екен, секпіл басқан ақ-сары ботқа бетіндегі өңсіз көзі күлімсіреп тұрса да, жирен қабағында қайғының табы бар еді. – Мұндай ескерткіш тек біздің Гель-Гьюде ғана бар. Осындай реті келіп тұрғанда, қалада не болып жатқанын біліп қалу үшін мен оларға тәжім етіп, атымды айттым. Со замат олар бір түсініспестік болғанын, оны жаман ойға жорып өкпелемеуімді өтінді де, аты-жөндерін айтып, қолдарын ұсына бастады. Мен сөзді сауал қоюдан бастадым: сонда маған неге күдіктендіңіз? – Былай етсек қайтеді: Сіз, бәлки, бізбен дастарқандас болудан бас тарта қоймассыз! – деді басына үш бұрышты қалпақ киген Бабс деген кісі. Мен бұрылып қарап, дағарадай бір үлкен үстелді көрдім, шамасы, ол көшенің арғы бетіндегі мейманханадан әкелінген болуға тиіс. Жерге дейін төгілдіре жабылған дастарқан үстінен гүлдер, аяқ-табақ, шынылар мен бокалдар және әйелдің жарты маскалары көрінеді, соңғысы әңгіме-кеңестен қалған олжа
сияқты. Бұл үстел үстінде жатқан гитаралар, банттар, ширатпа қағаздар мен маскарад шпагалары сол арада отырған он-он екі адамның шынтақтарына тиеді. Мен өзімнің жаңа таныстарыммен бірге үстел қасына келдім, бірақ орындық жетпейді екен, со сәтте Бабс жүгіріп өтіп бара жатқан баланы шап беріп ұстап алды да, қолына күміс теңге қыстырып, артынан бір теуіп, жұмсап жіберіп еді, ана жүгермек мейманханадан үш орындықты бірден әкеп берді, сосын мұрнын күрсіне бір тартты да, заматында ғайып болды. – Біз жаңа жақтас тауып әкелдік, – деді жалқын сары плащтың иесі Трайт. – Міне, өзі де келді. Аты – Гарвей, ол біздің ескерткішпен дидарласуға әдейі келгендей-ақ, одан көзін алмай, ойлана қарап тұр екен. – Мен әлгі әзірде ғана келіп едім, – дедім отырып жатып, – және мына ескерткішті көріп ғажап қалдым, түсінбейтін бір ғана жәйт, өзіме сонша әсер еткен нәрсенің не екенін біле алмай далмын. Мұның үстіне көкейімде көмескі бір күдік туғызған жәйт тағы бар. Жұрт шу ете қалды, бұған онша түсінбесем де, дос пейіл білдіріп жатқанын білдім. Бірақ солардың арасынан маскалы біреу даралана берді: бұл өзінің бір сарынды ұстамды даусымен қыза сөйлеген өзге жұрттың бәрін баса-көктеп жеке шыққан ділмар бір пәле еді, сөзден жалықпайтын мұндай кісілердің түр-пішіні масканың ішінен де көрінеді. Мен оның сөзін зейін қоя тыңдадым. – Сіз Вильямс Гобс жайлы, оның өзгеше тағдыры жайлы хикаяны бұрын естіп біліп пе едіңіз? Осыдан жүз жыл бұрын бұл ара ай сияқты құлазыған қу жиек екен, сенгісі келген кісі ғана сенетін аңызға қарағанда, Вильямс Гобс «Толқын перісі» кемесімен Еуропадан Бомбейге бара жатады. Бомбейде қандай бұйымтайы болғаны жөнінде қала мұрағатында мәлімет бар... – Әңгімені күдіктен басталық, – деді Бабс оның сөзін бөліп. – Осында бір партия ма, әлде өжет топ па, әйтеуір, алдарына абыройлы міндет етіп...
– Оларда абырой қайдан болсын, – деді жасыл доминолы мас адам, – мен о жыланды – Паранды жақсы білем, ең қызығы оны бақ еткізіп өлтіре салу керек, сонымен іс тәмам! – Сол себепті де, біз бір сағат бойы сарылып тұрғасын сізді соның жақтасы ғой деп ойлап қалдық, – деді Бабс сөз арасындағы тынысты пайдаланып. –...Қала мұрағатында мәлімет бар, – деді әңгімеші қайтадан шылауға оралып. – Демек, мен сіздерге қаланың іргесі қаланғаны жөніндегі аңызды айтып отырмын. Теңіз сеңгір жартастар арасындағы қайраңға шығарып тастағаннан кейін, бірінші үйді Вильямс Гобс салады. Кеме белгісіз жағаға жақындаудан сескеніп және құлындай үйірген жойқын жел ырқынан шыға алмай әлекке түседі. Со кезде капитан құдіретті толқынмен бірге палубаға жүгіріп шыққан ғажайып сұлу қызды көреді. «Зюйд-зюйд-ост және румбаның төрттен үші» дейді қыз, аң-таң қалған капитанға мұның оған қалай әсер еткенін түсіну қиын болмас... – Мүлде олай емес, – деді Бабс оның сөзін бөліп, – дәлірек айтқанда, қыз былай деген: «Сіздермен сөйлесіп тұрған Фрэзи Грант, қорықпай-үрікпей менің айтқанымды орындаңдар...» – Зюйд-зюйд-ост және румбаның төрттен үші, – маскалы кісі сөзін тез қайырды. – Бірақ мен мұны әлгіде айттым ғой. Сонымен, қыздың нұсқауын орындағасын жалпы жұрт аман қалады: кеме тайызға келіп қайырлайды, капитан мұның сөзін тыңдау керек деп ойласымен қыз бірден ғайып болады. Гобстың қасында осы оқиғадан қатты шошыған әйелі бар екен, олар енді теңізбен жүруден үзілді-кесілді бас тартады. Арада бір ай өткесін жиектен берілген белгі бойынша бұлардың қасына «Полина» бригі келіп тоқтайды, аман қалғандар со кемемен кетіп қалады, бірақ Гобс жолға шықпайды, өйткені әйелін көндіре алмай қояды – қайтсін, соңғы дауыл кезінде байғұстың әбден үрейі ұшып, запыс болып қалған ғой. Бұларға азық-түлік қорын және Гобсты қиып кеткісі келмеген бір адамды қалдырады, өйткені, ол Гобске борыштар екен. О кісінің аты Нэд Хорт, сөйтіп алғашқы отаршылардың өмірі
осылай басталып кетеді, олар бұл арада құнарлы жер мен жанға жайлы ауа райына тап болады. Олар осыдан сексен жыл бұрын қайтыс болған деседі. Уақыт дегенің марғау ғой... – Жоқ, уақыт зымырап тез өтеді, – деді Бабс оны құптамай. – Әрине, мен сізге оқиғаның сөлін ғана айттым, – деді әңгімеші сөзін сабақтай түсіп, – тек аңыздың ұзын ырғасын ғана тұп-тура тартып шықтым, ал, бұл аңыздың көптеген жай-жағдаяттарын, егжей-тегжейін сіз біздің мұрағатымыздан табасыз. Бірақ әлі де тыңдай түсіңіз. – «Толқын перісі» атты кеменің барын сіз білесіз бе? – дедім мен. – Білгенде қандай! – деді Бабс. – Ол Сениэль шалдың ермегінен туған ғой. Мен о шалды білуші едім. Өзі осы Гель-Гьюдің тұрғыны еді, бірақ осыдан он жылдай бұрын байлықтан жұрдай болып қалғасын Сан-Риольге көшіп кеткен. Оның ағайын-туыстары әлі күнге дейін осында тұрады. – Мен ол кемені Лисс портынан көрген едім, сосын сұрап отырғаным ғой. – Соның өзі өзгеше бір жәйтті басынан кешірді ғой деймін, – деді Бабс. – Сениэль емес, кемені айтам. Бәлкім, о кемені ендігі сатып жіберген де шығар. – Иә, бірақ мынадай бір оқиға болған, – деді маскалы кісі оның сөзіне киіп кетіп. – Бір күні... Кенет үстел басында отырған бір кісі орнынан ұшып түрегеліп, жұдырығын түйіп, «Толқын перісі» ескерткішін бір айналып шығып, бізден бірнеше қадамдай жерге тоқтаған автомобильге айбат шекті. Со замат жұрттың бәрі атып-атып түрегелді. Алаңға әрлі-берлі жөңкіліп жатқан ала-шұбар жұрт арасынан осынау әсем қара автомобиль, от тисе де әлі маздап жана қоймаған көмір сияқты жарқырап көзге ұрады. Оның ішінде кешкі қара киім мен цилиндр киген бес еркек (карнавал костюмін киген біреуі болсайшы) пен екі әйел отыр, оның біреуі – өңі тозып біткен кеспірсіз кексе де, екіншісі – ақ сұр бетті, кекірейіп қалған жас әйел-тін. Еркектердің арасында
екі шал бар: майға бөгіп ырсиып отырған бульдог тәрізді біріншісі шынтағын жазып жіберіп, добалдай сигарды аузында ойнатып бұрқыратып отыр, екіншісі күліп отыр, осы шалдан мен қатты жиіркендім. Ол кең иықты, жағына пышақ жанығандай түксиген арық кісі екен; жазық маңдайының астына, онсыз да бір жапырақ бетін жиырып алып, біреуді мысқылдағандай. Суық жымиған болады. – Міне, солардың тап өзі! – деді Бабс айқайлап. – Карнавалдың қарға валеті осылар! Добс, Коутс, ескерткішке дереу барыңдар! Бұ сұмдар тасты шайнаудан да тайынбайды! Автомобиль мен үстел төңірегіне жапырласып халық жиналып қалды. Орындарынан бәрі де түрегелді. Орындықтар төңкеріле құлап жатыр, автомобильден кекеткен-мұқатқан, қорқытқан дауыстар келеді. – Пәле?! Қарауылдап тұрсыңдар ма? – деді жуан шал. – Байқаңдар, опынып жүрмеңдер! – Мынаумен опына қоймаспыз! – деді доминолы кісі револьверін кезеп. – Сайран салыңдар, кетіңдер-келіңдер, тіпті болмаса бастарыңды тасқа соғыңдар – бізге бәрібір! Екінші шал автомобильден басын шығарып ақырып қалды: – Біз мына қуыршақтарыңның аяқ-қолын сындырамыз! Көп күттірмеспіз! Тәбәрікке деп тас сынығын жинап жүргенде осы сөзімді естеріңе бір аларсыңдар! Бабс ашуға булығып қалтасын қармана берді, сосын автомобильге қарай тұра жүгірді. Машина селкілдеп, бұрылып алды да, осы арадан зыта қашып көрінбей кетті, жұрт оның артынан ысқырып, сыртылдата қол соғып, у да-шу болып қалды. Со замат үстеріне серпантии ленталардың үзіктері ілініп қалған екі полисмен теңселе басып жетіп келді. Олар пистолетін тарсылдатып әуені атқылап, көлденең бір велосипедшіні тоқтатып, онын велосипедін тартып алып, дұшпанын қуа жөнелмекші болған Бабсқа баяу айтып алдарқатып жатты. Әуелде сілейіп тұрып қалған велосипед иесі енді есін жинап, машинасын сүйей салатын жер іздеп, айналасына алақтап қарай бастады, шамасы, ол қолын босатып алғасын бір сойқанды жасағысы келіп еді, бірақ
полисмен төбелесті бірден тыйып тастады. Қым-қиғаш қиқу арасынан мен оның: – Сөздеріңе түсінуін түсініп тұрмын-ау, бірақ есеп айырғыларың келсе басқа жерге барыңдар! – деп айқайлап жатқанын есіттім. Аяғы немен басылғанын білмеймін, әйтеуір осы бір қызыл шеке жанжал кезінде мен жұрт таласқан үстел басында қозғалмай отыра бердім. Мына оқиғаға араласу үшін немесе соны қызықтау үшін осында отырғандар түгелге жуық кетіп қалды, мұнда қалған – мен, масаң жасыл домино және сөзуар тәптіш сырласымыз еді, жасыл домино шынтағын үстелге қоя алмай әуре болса, автомобиль оқиғасын көргеннен кейін әңгімеші сөз бағытын кілт өзгертті. – Бар бәлені бастаған әлгіде өзіңіз автомобиль ішінен көрген акулалар, – деді ол, менің әңгімені қалай тыңдап отырғанымды көзімен бір тексеріп қойып. – Біздің осы арада отырғанымыз да солардың кесірі. Олардың әлгі арығы – Кабон, бір өзінің сегіз бу диірмені бар, оның қасындағы семіз – Тукар, жасанды мұз фабриканты. Олар әуелде карнавалды болдырмай тастағысы келіп еді, бірақ қолдарынан келмеді. Сонымен... Үстел басында отырғандардың кейбіреуі ызаланып, кейбіреуі күліп, орындарына қайта келіп жайғасқан кезде, оның әңгімесі үзіліп қалған еді. Бұдан кейін әңгімеден береке қашып, иқи-жиқы болып кетті – кейбір кісілер маған болып жатқан оқиғаның мән-жайын айтып түсіндірсе, енді біреулері бүйірден киіп кетіп, дауласып, сөз таластырып мезі етті, не керек, мен бұл әңгімеге түсініп жарыта қойғам жоқ. Тек бұлармен жарыса шарап ішіп, әрқайсысын алма-кезек тыңдап отырып, істің мән-жайына қаныққандай болдым. Әрине, ашық аспан астында, көңіл көтеріп жүрген дүйім елдің нақ ортасындағы мынадай үстел басында отырғанда әр алуан жәйттерді көреді екенсің. Қожайындарымның таныстары сәлем бере келіп, бұлардың құлағына бірдеңе деп сыбырлайды немесе құпия кеңеске оңаша алып кетеді, міне, осындай беймаза жағдай үстіне әсем қолдар шашқан бұршақ конфетилер жауып кетеді.
Белгісіз маскалар бізді ызаландырмақ болып ту сыртымызда тұрып алып билейді, бұған қоса артыңнан ұрланып келіп көзді басу, бір сәтке тұрған кісінің орындығын жылжыта салу сияқты әр түрлі ойын-оспақтар туындап, көбейе береді, оркестрлердің әуезді үні мен самала жарық арасынан шиқылдап, шатырлап, дүбірлеп әр түрлі дыбыстар естіледі, тарс-тұрс мылтық атылады, осының бәрінің үстінен мәрмәр «Пері» самғап барады – үстел басындағы біздің әңгімеміздің өзегі де осы еді. Жалғыз статуядан туған жауластық пен өшпенділікке желеу болған зат қаншалықты тамаша болғанымен, оның шын мәнісі адамдар арасындағы бақай есеп сияқты бірдеңе болып шықты. Оның негізінде ескі өштік пен құлқынның қамы жатқан еді. Осыдан бес жыл бұрын қаланың пайдакүнем пысықтарының бір бөлегі мүсінді басқа бір статуямен ауыстырған дұрыс деп алаңнан ескерткішті мүлде алып тастауды талап еткен, өйткені порт қоймаларын кеңейту мәселесі осыған байланысты еді. Порт қоймаларын салуға арналған учаскенің дені Грас Паранның меншігіндегі жер-тін. Паранның фамилиясы қаладағы ең ежелгі фамилиялардың бірі болатын. Парандар сауда-саттық пен әкімшілік қызметімен айналысатын. Бұлар бір жұлдызы ұдайы оңынан туатын, тірліктің өзіне пайдалы жағын жете білетін жігерлі жандар еді, ал, сондай біліміңді тек баю жолына бағыштасаң мұрат-мақсатыңа жету қиын емес-ті. Олардың бақ-дәулеті жас ағаштай жамырай өсті, бірақ қазіргі Грас Паранның атасы Элевзий Паран 1863 жылы бір жағы таумен тұйықталған өз участкесіндегі көшкіннен қалған дөңбек тастардың арасынан сынап шалшығын тауып, сол зілдей сұйықты қолымен алып көргенше, бұлар басқа байлар арасынан дараланып көзге түспейді. – Грас Паран атын еске түсіру үшін, – деді Бабс – термометрге немесе айнаның дәнекеріне қарасаңыз жетіп жатыр. Порт учаскелерінің үштен бірі мен қырық үй сол алпауыттың меншігінде. Теміржолға, алты фабрикаға, жер мен плантацияларға орналастырған капиталын есептемегенде, Паранның еркін айналатын капиталы жүз жиырма миллион шамасында!
Грас Паран бір кезде бала таппаған бедеу әйелімен ажырасып, жиен інісін, қарындасының баласы Георг Гердті асырап алады. Арада бірнеше жыл өткесін Паран бір жас қызға үйленеді. Олардың жас айырмашылығы мынадай екен: Паран – елу жаста да, әйелі – он сегізде, Герд – жиырма төрт жаста болады. Паранның еркінен тыс Герд мүсінші болып шығады. Ол Италияда ұзақ бес жыл жүріп, Фарензия, Авис, Гардуччи шеберханаларынан сабақ алып жаттығады, қайтып келгесін үлбіреп тұрған уыздай өгей шешесін көреді, олар әуелі достасады да, жүре келе со дос пейілі махаббатқа айналады. Екеуі де мәрт мінезді өжет жандар екен. Әуелі Еуропаға әйел кетіп қалады да, оның артынан ұзамай жігіт кетеді, олар со кеткеннен қайтып оралмайды. Кейін Гель-Гьюде, қаланың негізін салудың жылдығына ескерткіш орнату жайлы мәселе көтерілгенде, Герд конкурсқа қатысып, өз моделін жібереді, бұл жұртқа керемет ұнайды. Модель шынында да әдемі еді, оның аңызды, теңізді, кемені еске түсіретін «Толқын перісі» деген жазуы көптің көңіліне қона кетеді. Осы бір өзгеше жазудың өзінен қимыл-әрекет сезілгендей болады. Гердтің жобасы (о кезде автордың Герд екенін ешкім білмеген), құлазыған қу жағаны, әуелі қоныс тепкен ерлердің асқақ бейнесін еске түсіреді. Оған тапсырыс беріледі, Герд есімі ашылып, жұртқа мәлім болады, статуя Флоренциядан Гель-Гьюге әкелінеді, бұған Паран өшігіп- өршеленіп қарсы шығады, өміріндегі масқара қорлығын ескерткіш етіп, мәңгіге қалдырмақ болған өзінің өгей ұлы екенін білгеннен кейін, ол бұған қарсы ақшаны аямай төгеді, баспасөзді айдап салады, арандату әрекетіне кіріседі, бірақ Герд ескерткішін басқа бір ескерткішпен алмастыруға шамасы жетпейді. Қаланың шешімін қолдап, Паранның жаулары атойлап шығады. Істің барысына өзімшілдік пен құштарлық сезімі араласады. Ақырында ескерткіш орнатылады. Перінің жүзі Паранның әйелінің жүзіне мүлдем ұқсамаса да, оның опасыздығын ертелі-кеш ойлай-ойлай қаны қарайып алған Паран ішіне шемен болып қатқан айықпас дертке ұшырайды, Герд осы статуясында Химена Паранды бейнеледі деп есептейді.
Бір кезде жұртқа осы оқиға біткендей болып көрінеді. Бірақ арада біраз уақыт өткесін Грас Паран ескерткішті құртуды өзінің өмірлік мақсатындай көріп, сұмдық бір әрекетке кіріседі. Сонымен қисапсыз ағайын-туыстары мен өзіне тәуелді кісілер, сатқындар бұл әдепсіз ескерткіш деген даулы мәселе көтереді, сол-ақ екен, ескі бір ащы мысқылдан, үлкенді-кішілі өкпе-реніштен, болмашы желеу іздеп ашу- ызадан сызданып шыға келетін қара ниетті, топас, пасық жандар бұларды қостап шыға келеді, кейде бір түсініксіз тосын әрекетімен көрініп қалғаны болмаса, әдетте олардың ішкі тірлігі жасырын өтіп жатады, бірақ сол әрекет негізінде не істегенін өзі де анық білмейтін күңгірт көзқарас, басқа бір көзқарастан өшін қайыратын көзқарас жатады. Осы күрестің әдіс-айлалары мен жай-жағдаяттары ақырында оларды ескерткішті түнде қирату керек деген шешімге әкеледі, бірақ осы мақсат үшін сатып алынған адамдарды түнде кетіп бара жатқан бір топ кісі ұстап алады, өйткені олардың беймезгіл жүрісі күдікті көрінеді. Ақырында қала өзінің жүз жылдығын карнавалмен атап өту жөнінде қаулы қабылдаған кезде Паран мен оның партиясы бұған қарсы шығады, ол жынданып кете жаздайды. Ол дөң айбат жасап, жұрттың зәресін алмақ болады, мұны естіген халық оны қала ішіне жайып жібереді. Карнавал қарсаңында, яғни осыдан үш күн бұрын статуяны жарғыш оқпен атады, бірақ ол ескерткіш тұғырының жоғарғы бір мүйісін ғана шетінетеді. Атқан кісі қашып кетеді. Со сағаттан бастап бірнеше өжет кісі тап қазір өзім отырған үстел басына жиналып, ескерткішті күзете бастайды. Ал, шабуылға шыққан зиянкестер жағы арам ойын жасырмай, статуяны қиратамыз деп ашықтан- ашық ант етеді, сөйтіп жалпы жұрттың қуанышын қара ниетті зұлымдықтың салтанатына айналдырмақ болады. Біздің әңгіме-сөзіміздің ұзын-ырғасы осындай еді, маған оны тыңдау да оңайға түспеді, өйткені жоғарыда айтылған алуан түрлі жәйттер әңгіме ырғағын оқтын-оқтын бұза берді. Гель-Гьюде карнавалдар бұрын да өткенін мен со кездің өзінде-ақ білдім, ол осы отарды мекендейтін халықтың едәуір
бөлегі болып табылатын француздар мен итальяндардың арқасында өтеді екен. Бірақ осы карнавал бұрынғылардың бәрінен де асып түседі. Ол қалың жұрттан қолдау табады. Оның өткізілу себебінің өзі сұлу себеп еді. Екі газеттің өзара қырқысуы, ескерткіш төңірегіндегі күрес-тартыстың адамгершілік ар-ожданының тартысына айналуы бұған бір спорттық қасиет бергендей еді, ойламаған жерден карнавал ұлы думанға айналады. Қала мейрам салтанатына карнавалды әшекейлеп-көркемдеуге шаруашылық қаржысының тұтас бір бөлегін жұмсайды, бұл отқа май құйғанмен бірдей әсер етеді, Паранның сыбайластары өз дұшпандарына дереу жала жабады, өзара талас-тартыс қызығына түсіп кеткен қала жағының адамдары ертеректе Паранның пайдасын көздеп теріс шешілген істерді әлдеқайдан тауып алып жария етеді. Порт жерінен қойма салуға кіріптар болып отырған жүк иелері ескерткіштің жақтастарына қатты өшігеді, өйткені Паран: алаңда көкке қолын созып «Толқын перісі» тұрғанда учаскені ешкімге де бермеймін деп ұйғардым. Автомобильмен арада болған қақтығысқа қарағанда, тап қазір мен үшін өзгеше маңыз алған осы бір статуяға қауіп- қатер төніп тұрғаны ақиқат. Бабстың: «Біздің жаққа шығасың ба, яғни күзетке қосыласың ба?» деген сауалына мен ойланбастан: «Иә» деп жауап бердім. Бұлардың үй қожалары, кеден шенеуніктері, алыпсатарлар мен офицер екенін кейін білдім. Мен олар көркем өнерді мадақтап гимн айтпас, кісіге соншама қатты әсер ететін туындының терең де тылсым сыры жәйлі мақтау сөздерді, тәтті сөздерді тамылжыта төкпес деп ойладым. Бірақ Бабстың осы туралы айтқан бір сөзі мені кәдімгідей таң қалдырды: «Біздің бәріміздің мәрмәр Фрези Грант жәйлі көп ойланып, көп толғанғанымыз сондай, ол біздің жақсы танысымызға айналғандай. Обалы не керек, бұл бір мінсіз мүсін ғой. Бұрын осы қалаға бір кіндік-нүкте жетіспейтін сияқты еді, енді сол нүкте қойылды. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, жұрттың көпшілігі тап осылай ойлайды». Мейманханаларға кісі кіріп болмайды дегесін, мен бір жокейше киініп алған ісік қызыл бетті, ауыз-жағы тыным таппай дызақтаған, маскасыз толық кісінің шақыруын қабыл
алдым. Оның ұры көзі тыным таппай тіміскілей айналып, дүниенің бәрін көріп, бәрін байқап отыратын сияқты. Ол ыңылдап, дыбырлап, саусақтарын жыбырлатып, қозғалақтап бір орнында отыра алмайды, кейде жұрт сөзіне дес бермей, сампылдап сөйлеп кетеді де, кенет аузын ашқан күйі үндемей қалады да, өзге тілмәрлардың қас-қабағына, маңдайына аңқиып қарап отыра береді. Ол әуелі «Ариногел Кук» деп өз атын айтқасын, өзінің қала сыртында тұратынын, мейманханадан күні бұрын нөмір алғанын хабарлап өтті де, мені бірге тұруға шақырды. – Шын көңіліммен шақырам, – деді ол. –Өзіңіздей джентльменге жәрдем беруге әзірмін. Менің кесірім сізге тимесе, сіздің кесіріңіз маған тимейді. Күні ілгері ескертіп қояйын, ұялмай-қызармай-ақ айтайын – мен өсекшімін, өсек – менің дертім, өсек айтқанды жаным сүйеді, жұрттың айтуына қарағанда, бұ саладан алдыма жан салмайтын көрінем. Қарап отырсаңыз, айналаның бәрі әңгіменің азығы. Және мен әрнені білуге әуес адаммын, ананы-мынаны сұрап мезі қылуым мүмкін. Әсіресе өзіңіз сияқты үндемейтін кісілерге құмармын. Егер мен әдептен асып, мазаңызды ала берсем, онда осы сөзімді тұспалдап айтсаңыз болғаны – ар жағын өзім түсінем, оны көңіліме алмаймын да. Мен мейманхананың мекенжайын жазып алдым, сол арада екеуміздің қалай тұратынымызды қолма-қол көрсетпек болған Куктен әзер дегенде құтылдым. Одан кейін де жұрттың үздік-созық сөзін тыңдаймын деп мен біразға дейін үстел басынан тұрып кете алмадым, ақырында орнымнан тұрып, ескерткішті бір айналып шықтым. Ескерткіштің әлгі жарғыш оқ тиген жерін көргім келіп еді.
Поиск по сайту: |
Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.023 сек.) |