|
|||||||
АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция |
Грин Александр. 12 страница– Қалай, ұнады ма, – деді ол трапқа таяу тұрып, мен оның үстімен түсе бастағанымда, – «Толқын перісі» «Гент шілтершісі» сияқты сұлу кеме екені рас қой? («Гент шілтершісі» бұдан жүз жыл бұрын ғажайып сұлулығы үшін теңіз қарақшысы Кидд Екінші суға батырған кеме, оның әсемдігіне көрген жұрттың бәрі қайран қалады екен.) Иә, оны көп кісілер мойындайды. Егер мен сізге оның тарихын, тұрар құнын айтсам ғой, егер сіз оның жүзгенін көрсеңіз және онда бір күн болсаңыз бар ғой – онда сіз менен осы сапарға алыңыз деп жатып жалынар едіңіз. Бәлесін қара өзінің! – Капитан Гез! – дедім мен қаһарлана дауыстап, өйткені Бутлер таяп келіп мырс етіп күліп жіберді. – Егер мен шынымен-ақ жолым түсіп осы кемемен жүзетін болсам және сіз менің каютама кіретін болсаңыз, онда мен сіздің әдепсіздігіңізді жылы сөзбен жуып-шаярмын. Ол маған кекете қарап тұрған, кенет түрі өзгеріп абыржып қалды. Менің таң қалған себебім, Гез табанда асып-сасып тебірене тіл қатты: – Иә, мен кінәлімін, кешіріңіз! Қазір ренжіп тұрмын! Жынданып құтырынып тұрмын! Егер Брауннан істің сәті түспесе кейін өкінбейсіз. Жай-жағдаяттың қазіргі барысы сіз бен бізді сапар серік ететін түрі жоқ. Жолыңыз оң болсын. Гездің әдепсіздігі ме, әлде осы бір түсініксіз тебіренісі ме, қайдам, әйтеуір со жігіттің бір қылығы мені қатты жирендірді. Иығымды қушита қыстым да, жағаға түстім, біраз жүргесін «Толқын перісі» биік діңгегін көріп қайтадан
артыма бұрылып қарадым, сол арада тұрып Гез бе, әлде Браун ба немесе екеуі бірге ме, әйтеуір, олар менің өтінішімді орындауы керек деген шешімге келдім. Мен үйге қарай беттедім, қайда келе жатқанымды білмеймін, мекен, мезгіл дегенді тіпті сезбейтін де сияқтымын. Бұлдыр сағым тәрізді бірдеңені түйсінемін-ақ, бірақ соны есіме түсіріп, талдап көрейін десем, оны жүрегім сезгені болмаса, ақыл-санам алмайды. Бұрын ғұмырымда бастан кешпеген, жайшылықта тіпті көңіл аудармайтын бір жәйттар, нышандар, кісінің ұйқысырап сөйлейтіні сияқты, санама өзгеше бір сөз болып құйылып жатты, бірақ қанша талпынсам да мен содан айыға алмай-ақ қойдым. Солардың ішінен алабөтен біреуін ешбір дәлелсіз, түсініктемесіз-ақ анық сезем, ол – Гездің кемесі мен әлгі бейтаныс қыз Биче Сениэльдің арасында әйтеуір бір байланыс болуы керек. Егер мен әншейін жай қалпымда болсам кеме мен қыз арасында әлдеқандай жақындық бар деген ойымды ырымшылдыққа жорып қоя салар едім, бірақ қазіргі жағдай мүлде өзгеше еді: кісі қатты қасірет шеккенде немесе қорыққанда көңіл түйсігі қандай анық көрінетін болса, бұ жолы да сондай анық көрінді. Түнде де тыныштық таба алмадым. Шым-шытырық жаман түстерді көп көріп, бастығырылып шықтым. Шөліркеп сусай берем. Оянып кетем де, су ішіп қайта ұйықтаймын, қатесі таптырмай қойған бұрыс есеп сияқты бір ауыр ойлардан арыла алмай-ақ қойдым. Бұл алабұртқан көңілдің байыз таппай, сезім сенделісіне ұшыраған бір шағы еді. Ертеңгі сағат тоғыз кезінде тұрдым да, автомобиль жалдап Филатрге жүріп кеттім. Өткен түннің оқиғасы жөнінде тек сонымен ғана кеңесуім керек, «Әйнек сынығының» осындай бір бұрылысына ол қалай қарайды екен, мен соны білмекпін, оның маған айырықша маңызы бар.
Поиск по сайту: |
Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.004 сек.) |