|
|||||||
АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция |
І Х т а р а у
Әңгімені қалай бастарымды әлі анық білместен аяңдап отырып кемеге келіп едім, Браунның айтқаны дұрыс болып шықты: палубада жамырап жүрген матростар көрінді. Бірақ бұл төрт құбыласы түгел кеменің сайдың тасындай тепсе темір үзетін таңдаулы жігіттеріне ұқсамайды. Шамасы, Гез қолына ілінген адамдарды ала салған болуы керек. Сұрап жүріп мен Гезді капитанның каютасынан таптым. Ол үстел басында Бутлер екеуі қағаздарды тексеріп, есепшотын қағып отыр. – Сізді көргеніме қатты қуанам, – деді Гез, мен амандасып отырғаннан кейін. Бутлер жымиып күлді де қойды, маған ол Гезге қарап күлгендей болып көрінді. – Сіз Браунда болдыңыз ба? Мен оған хатты ұсындым, Ол конвертті ашып, хатты оқығасын әуелі маған, сосын басқа жаққа қарап отырған Бутлерге көз тастады да, бір жөткірініп алды. – Ендеше, сіз орналастыңыз, – деді Гез жадырай күліп, хатты жилетінің қалтасына сұғып жатып. – Сіз үшін қатты қуаныштымын. Түндегі әңгімені еске алудың өзі ұят, өйткені, сіз мені қате түсіндіңіз бе деп қорқам. Сізбен танысқанымды өзіме үлкен абырой көрем. Бірақ мен жүк кемесіне жолаушы алмай әдеттенген кісі едім. Мұны тек тәртіп сақтау тұрғысынан ғана ұғыңыз, өзге нәрсені ойыңызға ала көрмеңіз. Өз басым, сіз бен біздің арамызда тәп-тәуір қатынас орнайды ғой деп сенем. Байқауымша, сіз теңізді жақсы көресіз. Теңіз! Осы сөзді айтқан кезде, көкжиекке көз тастап қойып, асықпай бір серуен құрғандай боласың. Теңіз... – ол ойланып қалды, сосын сөзін жалғай түсті: – Егер Браунның шын өтініші осылай болса, мен оған мойынсұнам да, жеңіл жортаққа
көшем. Ертең таң қылаң берісімен біз жолға шығамыз, Әуелі Дагонға соғамыз. Одан Гель-Гьюге жүк апарамыз. Сіз кемеге қашан келесіз? – Заттарымды дереу әкелгенім дұрыс болар еді, – дедім мен. Гездің дос пейілін, оның теңізді жанындай жақсы көретінін, кешегі ұрысқаны мен бүгінгі сыпайылығын ақылға салып, ойлай келе мен, шамасы, бұ жігіт қолма-қол ашуланып- басылатын күйгелек, аумалы-төкпелі біреу болды, бірақ өзін- өзі тізгіндей алатыны оңды екен деген қорытындыға келдім. Сөйтіп, мен енді қанша ақша төлейтінімді білмек болдым, егер уақыт болса, өз каютамды көргім келетінін айттым. – Жалпы қорытындыдан шығарып таста-дағы, оған комиссиялық үстемені қос, – деді Гез Бутлерге орнынан тұрып жатып. – Сосын ол мені дәлізбен ертіп келіп, бір есікті ашты да, табалдырық қасында тұрып, қолын сермеп, міне кіріңіз дегендей ықылас білдірді. – Бұл – ең тәуір каюталардың бірі, – деді Гез, менің соңымнан кіргесін. – Міне, мынау жуынғыш, кітап шкафы және басқа заттарға арналған бірнеше шкафшалар мен текшелер де бар. Дастарқан бәрімізге ортақ, ал, бірақ сіз қаласаңыз, дәйекші осында не керектің бәрін әкеп береді. Мен матростарымды мақтай алмаймын Оларды бір рейске ғана жалдадым. Дегенмен, осы жолы жақсы дәйекші кездесті, мың болғыр бір оңды мулат, ол бұрын менде «Эригонда» жүргенде қызмет атқарған. Несін жасырайын, мен бұған кәдімгідей жібіп қалдым. Капитанның қазіргі сөзі оның өткен түндегі әуелде бейжай, байсалды болғансып, артынан айуанша ақырған былапыт сөзіне тіпті де ұқсамайды. Бір жағынан Гез қожалық құқын көрсетіп, өктемси бере ме деп те қауіптенем, егер ол соны желеу етіп, көпе-көрінеу көкіректене берсе, бәлкім, мен Браунның жалған правосын жамылып келіп кіргеніме кешірім сұрап кетіп қалар едім де. Бірақ енді шегінуге де, сапардан бас тартуға болмай қалды. Көбірек пайда табу үшін Гездің өзі сөзін қайтып ала ма деп үміттендім мен. Шатысып-бытысқан істердің бәрін өңдеп-жөндеуге, реттеуге келгенде ақша шіркінге не жетсін,
сол себепті де, ол сапардың нарқы жөнінен сөз бастағанда мен қатты қуандым. – Ақша мәселесін мен былай шештім, – деді Гез каютадан шығып келе жатып. – сіз дастарқанға, каютаға және сапарыңыз үшін екі жүз фунт төлейсіз. Егер мұны қымбат көрсеңіз, кейін тағы да сөйлесерміз. Ол сөзін бітіріп, үндемей қалған сәтте менен әкесінің құнын сұрағанына өзінің де айызы қанып, көзі жайнап кеткендей болып көрінді. Ішім қазандай қайнап, ашуланып капитанға қадала қарадым, бірақ сыр бермедім. Менің басты көзірім де осы екенін бірден түсіне қойдым. Гезге екі жүз франкты қалтамнан санап бергесін, мен о сұмның өз көнбістігін, қыбын тауып қымбатқа сатқанын ойладым да, енді бұған тіпті де борыштар емеспін деген бір түйінге тоқтадым. – Жақсы, бұл ақшаны төлеу маған онша қиынға соқпас. Әділ бағасы осы, – дедім мен. –Хош, – деді Гез, кенет көңіл күйі бұзылғандай қырылдап, екеуміз де ыңғайсызданып қалдық, фрахтының азайып кеткенін айтып, Гез бұдан құтылғандай болды, сосын кенет әлдене есіне түскендей менімен қоштасты: – Жолға шығар алдында әманда шаруа көбейіп кетеді. Сонымен бұл іс біржолата шешілді. Біз қоштастық та, мен үйге қайттым, үйге келісімен Филатрға телефон соқтым. Істің реттелгеніне ол да кәдімгідей қуанып қалды, сосын біз күндізгі сағат төртте «Толқын перісі» кемесінде кездеспек болып келістік, мен оған ертерек барам ғой деп ойлағам. Бұдан кейінгі уақытым жолға әзірлік қамымен өтті. Мен ертеңгі асты ішіп, заттарды жинадым, іскер кісінің көк тиын төлемейтін қайдағы бір берекесіз нәрселерді ойлай-ойлай әбден шаршадым, сосын жүкті далаға шығар деп жарлық бердім, мен келгенде Гез жағаға түсіп келе жатыр екен. Оның қасында Бутлер мен екінші көмекшісі Синкрайт деген жылмаң қаққан бір жұғымсыз жігіт бар. Бутлер мені көрісімен тәжім етіп сыпайы амандасты, ал Гез басын бір изеп бұрылды да, Синкрайтты қолтығынан алып, сөйлесе бастады. Ол маған бұрылып бір қарады, сосын үшеуі Үш миль қақпасының арқасына кіріп көрінбей кетті.
Кемедегілер менің келетінімді біліп күтсе керек-ті. Асүйдің есігінен телпекті біреу сығалап қарады да, жоқ болды, соның ізінше қолды-аяққа тұрмай лыпыл қаққан бір мулат жетіп келіп, менің заттарымды алды да, каютама апарып кіргізді. Ол жүкті реттей жайғастырып жатқанда, мен креслода отырып оған нұсқау бере бастадым, со кезде біз аздап сөйлесіп, жөн-жосық сұрастық. Дәйекшінің есімі Гораций екен, бұған мен біраз көңілденіп қалдым, өйткені Шекспирдің жұрт көп айта беретін бір нақыл сөзі есіме түсті. Кеменің Браун айтқан сапарын Гораций да қайталап шықты, бұл оны өз құлағымен естіпті, бірақ мен оның сөзінен кеме жәйлі өзгеше бір тылсым жәйтті аңғарғам жоқ, өзгеше бір сарын өзімнің көңілімде еді. «Толқын перісі» Дагонға дейін жүксіз келді, бұл арадан ол үш жүз жәшік темір бұйым тиеп алуы керек. Тор кокос көйлегі тырсылдап сетінегелі тұрған апайтөсін әдейі керіп тастап, оны әтеш тәрізді қақайта ұстап, әрбір сөзді айтқан сайын ақсия күліп тұрып, Гораций ақырында абайламай бір мәліметті айтып салды. Мен оған бір алтын теңге беріп, сөніп қалған сигарымды шегуіне рұқсат еткеннен кейін ол маған іш тартып жақын көре бастады. Оның хабары маған дауыл болады дегеннен де жаман әсер етті. – Менің сізге айтайын дегенім, мырза, кереметтей көңілді бірдеңелер болады, – деді Гораций алақанын ысқылап. – Егер менің естігенім рас болса, онда сіз зерікпейсіз. Капитан кемеге Дагоннан ғажайып бір бикештерді – сұлу әйелдерді алады, сеньор. Бұл оның таныс әйелдері көрінеді. Қазірдің өзінде екі каюта әзірленіп қойылды. Оған қазір әтірлер, иіс сабындар, айналар апарылды, торғын төсектер салынды. Сол сияқты шарап та молынан сатып алынды. Шарап жұрттың бәріне де – матростарға да, маған да беріледі. – Пәлі, – дедім мен Гездің Дагоннан қандай бикештерді шақыратынын аңғарып. – Бірақ олар Гездің жақындары емес шығар? Горацийдің құбылмалы жүзі түгелдей – иегінен бадырақ ала көздеріне дейін жыбырлап ойнап кетті. Ол таңдайын
қағып, басын бір шайқап, иығын қушитып, шек-сілесі қатқанша күлді. – Мен сіздердің қыз ойнақтарыңызға қатыспаймын, мейлі, Гез ойына не келсе соны істеп, көңілін көтере берсін, – дедім мен. Осыны айттым да, мулатты жіберіп, есікті жауып алып, естіген хабарымды ойластыра бастадым. Дәйекшілердің әдетте өсекті өсіріп айтатынын және жұртқа жағымпазданып, оңай олжа табу үшін өтірікті судай сапыратынын жақсы білетін мен, әзірге Гездің көңілді жоспарын жадымда сақтадым да қойдым, сосын көп ұзамай түстік асты каютаға әкеліп берді (капитан тамақтануға мейманханаға кетіпті), мен оңаша отырып, дәмді тағам алғаныма қатты риза болдым. Гораций есікті қағып, аңызақ күннен әбден шаршаған Филатрды каютаға кіргізген кезде мен сигар шегіп бітіруге таянған едім. Доктор үстелдің үстіне бір құты мен түйіншекті қойды. Ол менің қолымды сол қолымен ұстап, үстінен оң қолымен өзімшілеп баса берді. – Бұл не өзі? – деді ол. – Кеменің кеудесінен әуелі өзіңіздің сөзіңізді, сосын өзіңізді көргесін барып мен бұған шын сендім, ақиқаттығына көзім жетті. Бірақ сол сенім- нанымның мән-жайын өзім де мандытып айта алмаймын. Мына құтыда пасьянсқа арналған карта мен шоколадтан басқа ештеңе жоқ. Сіздің пасьянсты жақсы көретініңізді білем, «Пирамида», «Қызыл-қара» деп отырушы едіңіз ғой... Менің ішім жылып сала берді. Екеуміз өзара үнсіз келіскендей-ақ «Толқын перісі» жәйлі жұмған аузымызды ашқан жоқпыз, шамасы, оның бұлдырап пайда бола бастаған нобайын бүлдіріп алмайық деп қорыққан болуымыз керек. Екеуміз Гезді біраз әңгіме еттік. Ол Браунмен жолыққаннан кейін, Филатр Браунға телефон соғып, капитан туралы толық сипаттама алыпты. – Меніңше, оған сенбеген дұрыс, – деді Филатр. – Әрине, ол сізге өшіккен болар, бірақ ақшаға зәру, ендеше ол сізге тіл тигізуден тартынатын шығар, бірақ оның өшпенділігінің зардабы өзіңізге тие ме деп қорқам. Браун маған сізді сақтандырыңыз, абай болсын деп қатты тапсырды.
Гездің дау-жанжалы жаман және қадам басқан сайын болып тұратын көрінеді. Оның ашуы алдымен жүреді екен де, тез есіріп кетеді екен, мас болмай, сау жүретін кезі аз, жұрттың ақшасын өз ақшасындай шашады. Тағы бір біліп қоятын нәрсе, Браунның тұспалдай сөйлеген сөзін мен дұрыс түсінсем, Гез «Толқын перісін» арам жолмен, арсыз айламен алған дейді, заң оны білсе де, іштен тынып үнсіз қалатын тәрізді. Сіз бұған қалай қарайсыз? – Қазір менің пікірім екіұдай болып тұр, – дедім мен. – Оны қолына бір қобдиша беріп, мұны баратын жеріңе жеткенде ашасың – деген адамның хал-жәйімен салыстыруға болады. Қобдишада не бар деген ой бір басқа да, саяхатшының үйреншікті ойы бір басқа, оның үстіне қасыңдағы серіктесіңмен тоңтеріс болғанның несі жақсы дейсің. Филатр менің қасымда бір сағаттай болды. Ұзамай әңгімеміз госпитальда бұған қарсы жасырын жасалып жатқан қулық-сұмдықтар жайына және жолда не болып, не қойғанын Филатрға жазып тұрам деген менің уәдемнің жайына көшті, бірақ осы бір қарапайым әңгіме-сөз арасында біз айтпасақ та, «Толқын перісі» деген бір сөз ұдайы сұранып тұрғандай болды. Біздің көкейіміздегі әңгімеміз мүлде басқаша еді. Филатрдың таңертеңгі сөзі әлі де қобалжыған көңілінен байқалып қалады. Мен белгісіз ғайыптың жәй-күйін ойлап кетем. Кәдімгі үйреншікті сөз арасынан екеуміздің әрқайсысымыз жанымыздың түкпірінде жатқан құпиямызды айқын ұғып отырмыз, бұл тіпті кісінің аяулы сырын ақтарып, бар-жоқтың бәрін мойындағанынан бетер болады екен. Мен дәрігерді шығарып салмақ болып, жағалауға бірге шықтым. Қоштасып тұрып Филатр маған: – Жолың жеңіл болсын, желің оңыңнан тұрсын! – деді ақырын. Бірақ қолымды құлшына қысқанынан, көзқарасынан көп нәрсені көрдім және есі-дертіммен естігім келген сөздерді естідім. –Жолай не көрсем де, сізді әманда есімде сақтаймын, – деген сөзімнен ол да менің айтылмаған тілегімді ұққан болуы керек.
Филатр әбден көрінбей кеткеннен кейін ғана мен палубаға көтеріліп, кормадағы кенеп қалқанның көлеңкесіне барып отырдым. Біреудің аяғының тықырына қарасам, жақын келіп тоқтаған Синкрайтты, оның маған қарай беттегісі келіп тұрғанын көрдім. О жігітпен сөйлесуге қарсы емес екенімді білдірмек болып бұрыла қойдым және оның ойын түсінгенімді сезсін деп жымиып күле бердім. Ол содан кейін ғана қасыма келді, Синкрайттың мас екенін, оның өзі де сезеді, бірақ сыр бергісі келмейтінін мен енді ғана білдім. Ол аты-жөнін айтты, ауа райы жайлы бірдеңе деп міңгірлеген болды, сосын мен үшін ең қажетті нәрсе көңілдің байыз табуы деп ойлады ма қайдам, әйтеуір, Гез туралы сөз қозғады. – Менің естуімше, – деді ол, бет-аузымды көзімен тінткілеп, – сіз капитанмен сөзге келіп қалыпсыз. Рас, онымен бірден табыса қою да қиын, бірақ оның тілін таптыңыз бар ғой, о кісі қолынан келгенінің бәрін жасайды. Мен жан- тәніммен капитанды жақтаймын; турасын айтайын: ол – теңізші. Бәлкім, сіз ол туралы жаман сөздерді де естіген боларсыз. Менің білетінім – соның бәрі жала. Ол – ызақор, өзімшіл, о, кереметтей қызба кісі. Тамаша адам! Егер бір зәредей ықылас білдірсеңіз, шайтанның өзімен де карта ойнаудан тайынбайды. Жұмысқа келгенде – алапат, шарапханада да есесін жібермейді, үш түн ұдайы көз ілмейді. Біздің кітапханамыз да бар. Қаласаңыз, оны сізге ашып көрсетейін. Капитан кітапты көп оқиды. Өзі де кітап сатып алады. Иә, ол аса білімді адам. Онымен әңгімелесудің өзі бір ғанибет. Мен кітапхананы көрмек болып, Синкрайтқа ердім. Бір есіктің алдына келгенде Синкрайт кілт алып есікті ашты. Бұл – ою-өрнегі қытай жібегімен көмкерілген үлкен каюта екен. Бұрышта – әжетхана құралдары қойылған күміс айналы мәрмәр жуынғыш. Қара ағаштан жасалған үстел үстінде шын шебердің қолынан шыққан қола бұйымдар, теңіз карталары, дүрбі, хрусталь сағат бар, қабырғада ауа райын бақылайтын аспаптар, қырмызы кілем, жібек көрпелі торғын төсек – бәрі-бәрі бұ кісінің әсем мүліктерді сүйетінін және оның игі әсерін терең түсінетінін білдіріп тұрғандай. Қабырғаның бір
мүйісінде жартылай ашулы тұрған есіктен ұқыптап жинап қойған кітаптар көрінеді, бірнеше кітап шағын диван үстінде жатыр. Қабырға мен төсек арасында кітап толы жәшік тұр. Мен аңырып тұрып қалыппын, өйткені бұндай мекен-жай кітапханада болмаса керек, расында да Синкрайт со замат: – Капитан қалай тұрады, а? Бұл – соның каютасы. Менің мұны сізге көрсеткенім – капитанның талғам-талабының өте нәзік екенін білдіру. Міне, қанша кітап бар. Ол өте көп оқиды. Көрдіңіз бе, осының бәрі кітап және әр түрлі кітаптар. Мен ренішімді жасырмай, оған тап со жерде қожайынның рұқсатынсыз біреудің үйіне кіріп әдеттенбеген жанмын дедім. – Бұған сіз кінәлісіз, – дедім мен тағы да. – Мен қайда келе жатқанымды білмей қалдым. Осы да кітапхана ма? Синкрайт аңқиып үндемей қалды: менің сөзіме ол тіпті қайран қалған тәрізді. – Мақұл, – деді ол жасып. – Сіз маған ескерту жасадыңыз. Бәлкім, бұлай ескерткеніңіз дұрыс та шығар, бірақ менде барлық каюталардың екінші кілті бар және... – Енді не айтарын білмеді де, ол сөзін шорт үзді: – меніңше, бұл түк те емес. Иә, түк те емес, – деді Синкрайт сөзін нығарлай қайталап. – Мұндағы кісілердің бәрі өзіміздің жігіттер. – Кітапханаға баралық, – дедім мен оның шатты-бұтты жауабына құлақ аспай. Синкрайт каютаның есігін жауып, мені ертіп салонның ар жағындағы қабырғаларды айнала текшелер қойылған бір имаратханаға әкелді. Мен мұнда шамамен үш мың томдай кітап бар ғой деп ойладым. Текшелерді қуалай кітаптардың түбіне кесе-көлденең жылжымалы жез белдеулер орнатылыпты, кеме шайқалған кезде кітаптар түсіп кетпесін деген болуы керек. Жазу аспаптары бар емен үстел мен жиналмалы орындықтан басқа мұнда журналдар мен кітапшаларға толы жәшіктер де бар еді. Синкрайт кітапхананы кеменің бұрынғы қожасы құрғанын, бірақ Синкрайттың өзі қызмет еткен бір жыл ішінде Гездің тағы да үш жүз томдай кітап сатып алғанын түсіндіріп берді.
– Браун сіздермен бірге сапарға шыққан жоқ па? – дедім мен. Әлде ол кемені уақытша Гезге беріп қойған ба? Синкрайтты қайтсем де сөйлету мақсатын ойлап жасаған бұл қулығыма штурман жалтарып екіұшты жауап берді, сол себепті де мен әңгімені қойып, кітаппен айналысып кеттім. Менің артымда тұрып Синкрайт әлсін-әлі «Мына бір кітаптың су жаңасын қараңызшы, бірақ бітеу беттерін кесіп, реттепті!» немесе «Мұндай кітапхана университетке лайық қой» деп лепіріп тұрды. Сонымен бірге ол там-тұмдап менің жай- күйімді сұрай бастады, бірақ осы тектес кісілер артық айтылған әр сөзді тергіштеп, бас пайдасына жаратушы еді дегенді ойлап, жалпы шығарып салма сөздерге қоса өзімнің жол қамымен жүріп шаршап қалғанымды айттым. Мен кітаптарды жақсы көрем, оларды қолыма алып, тақырыптарына көз жүгірткенді ұнатам, сонда олар маған сырлы сарай ішіндегі белгісіз бір дауыстай болып көрінеді немесе кітаптың мазмұнынан аз да болса хабар беріп тұрады. Мен бұдан испан, ағылшын, француз, неміс тіліндегі кітаптарды, тіпті орыс тіліндегі кітаптарды да көрдім. Олардың мазмұн-мағынасы да әр алуан: тарих, математика, философия, ерте замандағы саяхаттарды, теңіз шайқастарын суреттейтін сирек басылымдар, теңізшілік жайлы кітаптар мен анықтамалар, бірақ бәрінен де романдар көп еді, мұнда Теккерей, Мопассандармен бірге Париждің зинақорлық әдебиетсымағының ұятсыз мұқабалары ала-құла боп алыстан айқайлап тұр еді. Со кезде ымырт үйіріле бастады, мен бірнеше кітапты алып өзіме қайттым. Синкрайттан бөлініп кеткеннен кейін өзімнің аса жайлы әсем каютамда екі сағаттай отырып, Филатр сыйлаған карталарды асықпай қарадым. Мен картаның сыртына қарап жымиып күлдім: бір колоданың сыртына азынаған желде желкенін жайып тастап зымырап бара жатқан кішкентай кеме салыныпты, ал, екінші колоданың сыртына тамаша бір натюрморт – барқыт пен батсайы гүл көмкерген, қызыл шарабы мөлтілдеп толып түрған алтын кубок бейнеленіпті. Картаны сатып алғанда Филатр шамасы
өзін менің орныма қойған болуға тиіс. Мен дереу картаны жайып тастап бал аштым, оның ә дегеннен сәтті шыққаны сонша, пасьянс тастап отырып бір жерден қателесіп кеттім бе деп шүбәландым. Сағат жеті жарымды соққан кезде Гораций капитанның мені дастарқанға кешкі асқа шақырып жатқанын хабарлады. Мен келіп кіргенде, Гез, Бутлер, Синкрайт үшеуі ортақ салондағы үстел басында отыр екен.
Поиск по сайту: |
Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.009 сек.) |