АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция

Х V т а р а у

 

Үй қожасының арсыз болып кеткені кімге ұнаушы еді, мен де Гезге бір түрлі кіріптар сезіммен бұрылып, шытына көз тастадым.

Гез үстіне смокинг киіпті. Костюмінің бір міні жоқ, оның ыздиған сырт бейнесін тек қастықтан жыбырлаған бет-аузы ғана бұзып тұр. Ол өле мас еді. Гез маған жақындап келіп,


 

 

оң колымен үстелді тіреп, сол қолымен мықынын таянып, талтайып тұрып алды, мен әуелде осы шіркін теңселіп құлап кете ме деп, дереу түрегеп, шегініп кеттім. Ол денесін түзу ұстаймын деп ентіге дем алады, кеме шайқалған сайын тізесін бір бүгіп, бір жазып бір қалыппен теңселеді. Менің хат жазып отырғанымды ол көзіне де ілмеді.

– Көңіл көтергіңіз келе ме? – деді ол көзін бір қысып, бірақ осы сөзге тіпті де қатысы жоқ самарқау жүзіндегі өткір зәрлі көзі мені бағып тұр екен. – Мен сізге қарапайым дос пейілін білдіргім келеді. Алшақ жүргеннен не пайда?

– Синкрайт әлгінде болған, – дедім мен қолдан келгенше жұмсақ сөйлеп. – Әрине, ол сізге менің жауабымды жеткізген шығар.

– Мен Синкрайттың айтқанына сенбедім, әйтпесе мұнда келем бе, – деді Гез. – Қойыңызшы соны! Сіз маған ренжіп жүрсіз, мен оны жақсы білем, бірақ әр жанжалдың да бітетін кезі болады ғой. Бізде өте көңілді, жүріңіз.

– Капитан Гез, – дедім мен әрбір сөзімді сұрыптап екшеп сөйлеп, со сәт өзімді ашу буып бара жатқанын сезіп, оған бой алдырмауға тырыстып, бірақ өз көзімнің алдында өзімді ақымақ етіп тұрған осы бір көріністі болдырмасқа бел будым және үстіме осылай баса-көктеп кіріп келуге біржола тыйым салмақ болдым, – капитан Гез, сіз мені өзіңіздің көңіл көтеру жөніндегі әріптес серігіңіз деп санайтын болсаңыз, бір өтінішім, оны мәңгі ұмытыңыз. Сіздің уақытты осылай өткізетініңіз өзіңізге дұрыс та, жөн-жосықты да көрінетін шығар деп ойлаймын, сіздің жеке басыңыздың ісі жөнінен мен бұдан артық ештеңе де айта алмаймын. Сіз кеменің қожасысыз және өз үйіңізде тұрсыз. Бірақ мен де басым бос еркін адаммын, егер сіз бұған түсінбейтін болсаңыз, мен осы сөзімді тағы да қайталап, өзімнің әділ айтып тұрғанымды дәлелдеуге дайынмын.

Осыны айтқаннан кейін мен енді бұл дүңк етіп кешірім сұрап кетіп қалады ғой деп ойлағам. Ол міз бақпай, қасарып тұрып алды, тек өңі бұрынғыдан да көгеріп кеткендей болды. Көзінен өшпенділік оты зәр шашып, шаптығып тұрды. Ол бір күрсініп, қолын қалтасына салды.


 

 

– Сіз мені қорладыңыз, – деді Гез жайымен тістене сөйлеп. – Ешкім мені мұндай... Сіз менен жиренетініңізді ашықтан-ашық айттыңыз, менің енді сізді бір ескертейін дегенім, оғыңыз көздеген жеріңізге дәл тиді. Мен мұны өле-өлгенше кешірмеймін. Менің енді білгім келетіні: бұдан былай сіз бен біздің қарым-қатынысымыз қалай болмақ?! Иә, мен соны білгім келеді! Менің бұл сапарым отыз күнге созылады. Айтпады демеңіз, сіз бұған әлі талай өкінесіз.

– Біздің қарым-қатынасымыз өлшеп-пішіліп қойылған,

– дедім мен де одан қалыспай. – Сіз менен екі жүз фунт алдыңыз, сонда мен сізбен саудаласып бас қатырмадым. Оның есесіне мен мына каютаны алдым, бірақ оған қоса сізбен сұхбаттас болуға мені сонша құштар болып тұр деп ойлайсыз ба?

Гездің бет-аузының құбылысын бағып тұрғанда бір сәт мен осы шіркінді желкелеп шығармасам жарар еді деп ойладым. Бірақ ол да шыдап бақты. Менің көзіме көзін қадап тұрып, Гез қолын ішкі қалтасына салып жіберіп, қармана түсті де:

– Сол ақшаны қазір өзіңізге лақтырып тастаймын! – деді сызданып.

Ол құр алақан қолын суырып алып, ашулана сілкіп қалды да ақшаңызды қайтарам деп қайталап айтты, сосын «Сіз ақшаңызды арқаланып пәлденіп жүре бермессіз!» деп есікті сарт еткізіп шығып кетті.

Осыдан кейін мен дереу каютаны кілттеп жаптым да, есік алдында тың тыңдап тұра бердім.

Асхана біраз тынышталғандай болды, гитарадан мұңлы бір саз төгіледі. Салондағылар олай-бұлай жүріп, дабырласып сөйлесе бастады, зырлап келе жатып: «Дайын, дайын, дайын болды!» деп Гораций тағы жүгіріп өтті. Осыған қарағанда, ішу кәйпі толастамай, күшейіп бара жатқан тәрізді. Содан кейін мен олардың керілдесіп жанжалдасқан дауыстарын, бір әйелдің егіліп жылағанын, оған ілесе бәрі қосылып ән салғанын есіттім.

Оларды тыңдай-тыңдай жалыққасын мен орындыққа отырып, қалың бір ойға шомып кеттім. Гез әділін айтты:


 

 

жағдай осылай боп тұрғанда енді алдағы күннен жақсылық күту қиын. Ақырында мен ең таяу күндері осы бір лас, жексұрын жауыздық қойылып, жайбарақат тыныш тірлік тәрізді бір жағдай тумаса, алғашқы аялдамадан түсіп қалғаным жөн болар деген шешімге келдім. Оның маған сонша өшігетін себебіне түсінбесем де, солай болуы керек қой деп ойладым. Оның өшпенділігінің де жаны бар. Ол мені, мен оны түсінбейміз.

Сол себепті де мұндай шалдуар кісімен арақатынасымыз асқынып кетті, әлгідегі сияқты кісі жиренетін жанжалдан кейін, ашу-ыза буған күйі мен үнсіз жатып қалдым, бірақ алда әлі не болатынын білмегесін шешінбей жаттым.

Жатқасын ұйықтамақ боп көзімді жұмдым, бірақ ұзамай оны қайта аштым. Кісі бұлай бүлініп жатқанда ұйқы қайда, ол алдамшы қиял ғана. Осы кештің оқиғасын ойлап, сол сияқты ертең ертерек тұрғасын Гезбен міндетті түрде сөйлесіп түсінісу жайын тағы да ақылға салып ұзақ уақыт жаттым. Ақырында, Гез ертең оянғасын, әрине, оянатын халі болса, осы есіріктігі үшін мен оны кешірім сұрауға қайтсем де көндірем деген ойға келдім, бәлкім, мына ұстамсыздығына қазірдің өзінде өкініп отырған шығар. Сөйтсем, мен бұ кісіні тіпті де білмейді екем!

 


1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 |

Поиск по сайту:



Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.004 сек.)