|
|||||||||||
АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция |
Э П И Л О Г
Кей мәселелерді жаңа қырынан танып, жаңа көзқараспен қараған Дэзи екеуміздің таң атқанша бітпейтін әңгімеміздің ішіндегі бізге әсіресе қатты ұнағаны – бұрын мен болып қайтқан жерлерге енді бірге сапар шегу жайындағы әңгіме болатын. Алайда, бұның өзі тым үлкен жоспар болғандықтан оны қысқартуға тура келді. Осы кезде бір даулы мәселе менің пайдама шешілді де, бұл ойымыздың жүзеге асуына себебін тигізген бірнеше мыңға қолым жеткен болатын. Ақшаның шығып кетерін күн ілгері ескеріп, Сан-Риольге таяу маңдағы Легеден саялы бағы бар, ал бос жатқан жеріне кейін жеміс ағаштары отырғызылған бір қабатты тас үй сатып алдым. Үйдің ішкі құрылысының ұсақ-түйегіне дейін есепке алып және оған бірінші боп бас сұққан адамға бөлменің қалай әсер ететіндігін алдын-ала ескере келіп, нақтылы жоспар жасадым және оны салуды досым Товальге тапсырдым, ал, оның жансыз затқа тіл бітіретін шеберлігін Товальдың жеке үйі болған кезден білуші едім. Ол менің Дэзиімді көрген бойда түпкі ойымды айтқызбай-ақ түсіне қойды. Бұл іс Дэзиге мүлде беймәлім болатын, сонымен біз екі жылға созылған сапарға шығып кеттік. Сырттай батыл көрінгеніне қарамастан аса ұяң және жан дүниесі бай Дэзи үшін сағаттар бойы сарылып қалың қауым арасында отыру немесе меймандар қабылдау азап еді, сондықтан ол көп ұзамай Париж, Лондон, Милан, Рим сияқты қайнап жатқан, толқыны тасқындаған шалқар шаһарлардан мезі бола бастады, оның өзі айтқанындай, уақытым зая кетті деп шағынатынды шығарды. Кейде
әлденені айтып қап, көпшілік назарын өзіне аударғанына қымсынып, үнсіз тұнжырап отырып қалатын. Көп ұзамай осыны аңғардым да, араласатын ортамызды, оның үнемі өзгеріп отырғанына қарамастан, біз бас қосқан кезде Дэзи қаласа сөйлеп, қаламаса сөйлемеуіне болатын адамдармен шектедім. Алайда, адам жанын нәзік сезінетін Дэзи бұрынғы әдетінен танбады. Ол тек өзі қалаған кезде ғана өз еркімен келгенді ұнататын. Дэзи менімен бірге үйлерге қызықтай қарап, көше бойлап серуендегенді жақсы көретін. Ол архитектураны ұнататын да түсіне білетін. Іргесінен ор қазылған, айнала ағаштар отырғызылған көне ғимараттарды көргенде тебіреніп кететін: күні өткен дәуірдің көзіндей айшықты көріністерге немесе ілуде бір ұшырасатын, бас-аяғы тап-тұйнақтай боп келіп, ойламаған жерден әсем жарасым тапқан жаңа үйлерге ден қоятын. Үйлердің үшкіл шатырларына, қалың жасмин гүлінің ішінде тарс бекітулі тұрған есіктерге, аралардың ұшқыр толқын бетіне көлбей түскен көлеңкесін көпірден қызықтай қарап тұрғанды ұнататын. Ол сәулетті сарайларды көзімен таразылай, егжей-тегжейлі сипаттай алатын. Сондай-ақ лашықтың да өзіндік ерекшелігін тап басатын. Ондайда Легедегі астыртын сатылып алынған үйді есіме алып, іштей қулық сақтағандай болатынмын. Біз Сан-Риольге оралып, қонақүйге тоқтадық, ал, үшінші күні Дззиге Легеге барып, сарқыраманы көріп қайтайық дедім. Айтқанымнан шықпайтын ол бұған тез келісті және қашанғы әдетімен түнгі екіге дейін сол сапар жайлы әңгімелеп көз ілмей қойды. Әлденендей бір нәрсені ойына алса болды, іштей шиыршық атып, соны іс жүзіне асырғанша сабыр-тағат таппайтын. Ертесінде Легеге кеп, стансадан өз үйімізге дейін салт атпен жеттік, бұл үй менің танысым – жергілікті соттың үйі болғандықтан екі күн аялдаймыз дедім мен. Оның жүзінен маған соншалықты аян, бейтаныс адамдармен жүздескенде байқалатын қымсынған және таңырқаған шырай білінді. Мен ептеп шаршағандай бейқам сыңай аңғарттым.
– Қандай ғажап үй еді, – деді Дэзи – және өзі тіпті оңаша екен! Мына баққа, құдай ақы, кім болса да қызығары кәміл. Бұл сот өзі бір абзал жан екен!– Ол мүлкіне қарап иесі жөнінде осындай байлам жасады. – Сот кәдімгі сот та, – дедім мен, – мүмкін, ол ұлағатты- ақ кісі шығар, әйтсе де осы екі верандалы, төрт бұрышты үйден нендей әсемдік көріп тұрсың, сүйікті Дэзи? Ол өз ойын дәйім жеткізіп беруге шорқақ еді, сондықтан менің сауалыма тек жымиды да қойды, бұл күлкінің астарында мынадай ой жатқан еді: «Көлгірсу – күнә. Көгілдір толқын тәрізді, мөп-мөлдір терезе әйнектерін, ақшаңқы қабырғалар мен жасыл шатырды, ойға жеңіл, жүрекке жылы тиер қарапайым да жүйелі тәртіпті өзің де көріп тұр емеспісің, ойға шомып, баяу басып түсуге болатын осынау жалпақ баспалдақтар саялы жапырақтарын жайған алып ағаштармен ұштасады, сол ағаштардың арасынан қиялай түскен күннің сәулесі жүйелі түрде отырғызылған, еріксіз жанар арбайтын, алау атқан гүлдерді аялайды. Алдыңғы және екі бүйірдегі фасадпен табиғи үндестік тауып, үйді аясына алып, тұнып тұрған марғау табиғат құшағына өзің де емін-еркін еніп кеткендейсің. Өзің де сенбейтін басы артық сөздің не қажеті бар, сүйіктім?» Дэзи дауыстап былай деді: – Жаның жай тапқандай жақсы жай екен бұл. Үйдің төргі бөлмесінен шыққан Товаль қарсы алды бізді. – Армысыз, қадірлі Товаль. Дәп осы үйден сізді қездестіре қоямын деп ойламаған едім, – деді Дэзи. – Мұнда не істеп жүрсіз? – Мен осы үйдің қожаларын күтіп отырмын, – деп тауып кетті Товаль, бұл кезде Дэзи шағын қонақжай бөлмеде жолға киетін қалпағының тамақбау лентасын жөндеген қалпы, жан- жағына таңырқай қарап тұрған. Әп-сәтте кілемді де, лактелген ою-өрнекті еденді де, малахит пен жаңғақ ағашынан жасалған рамадағы таңдаулы туындыларды да бір шолып өтті. Солардың ішінде екі итті бейнелеген Гуэроның да еңбегі бар, иттің бірі қос табанына тұмсығын тығып, ойлы көзі
жаудырап, жайбарақат жатыр, ал, екіншісі тік тұрған күйі әлденені аңдып қатып қалған. – Үй қожалары жоқ, – деді Дэзи картинаға таяп барып, зер сала қарап тұрып, – үй қожалары жоқ. Мына ит дәп қазір үретін тәрізді. Үздік еңбек емес пе, қадірлі Товаль! Мүмкін бұл ит жауды көріп қалған болар? – Немесе иесін көрген шығар, – дедім мен. – Мүмкін, иесінің алдынан еркелеп, үріп шығатын болар? Біз қайтсек екен? – Сіздер үшін бөлмелер әзір, – деп жауап қатты қушық бет Товаль алақандай көзінен мейірім шуағы төгіліп, қулана жымиып. – Ал сотқа келетін болсақ, ол сірә, осында болса керек. – Ә, Адам Карнерді айтасыз ба? Соттың аты-жөнін солай деп едің ғой. – Жоқ, соттың мұнда болғаны қалай дегендей Дэзи маған қарады. – Товаль, сірә, Карнердің көп ұзамай осында келіп қалатынын айтқысы келген шығар. Осыны айтар алдында ернімді қатты тістеп алып едім, соның салдарынан сөздерім: «һірә, ырнарһің һө ызаһай ыснһа һелы қалаһының ыйһысы һеген ығар» боп естілді. – Сен бір нәрсені талмап тұрсың ба? – деді әйелім жүзіме тура қарап. – Түкке түсінсем бұйырмасын. Әлбетте, көргенімізге дән разымыз, бірақ, Товаль, мұнда неге келгеніңізді айтпадыңыз ғой. Әлде мені жаңылыстырмак ойларыңыз бар ма? – Әй, Дэзи-ай, – деп Товаль айыпты адамдай күрсініп қойды, – соттың мұнда болғанына мен кінәлі ме екем? Дэзи кейіп оған жалт қарағанда ашу жанарына теппей жатып оқыс жадырап, күліп жіберді. – Сіз мені ақымақ деп ойлайсыз ба? – деп ол сауалды бүйірден қойды. – Егер сот осында болса және өзі соншалықты сыпайы болса, сізге өзінің құпия сырын айтуды тапсырған болса, оған былай деңіз, онда біз де, бәлкім, осында шығармыз! Бұл ойын қаншама қызғылықты болғанымен шындықты мойындауға тура келді,
– Дэзи, – дедім мен қолынан ұстап, – жан-жағыңа көзіңді жүгірт те өз үйіме келдім деп ойлай бер. Сені біраз әуре-сарсаңға салғым келген еді, алайда, сен мазасыздана бастадың, осындай қамқорлығы үшін Товальге алғысыңды айта бер. Мен бар болғаны үй сатып алушымын. Уақытының тым шектеулі екендігіне қарамастан Товаль аянбай тер төгіп, үйдің ішкі құрылысын түгелдей қайта жөндеп шықты. Ал, сотқа келетін болсақ, ол шынында да осында, сот – өзіңсің. Үйдің бағасын да өзің бер, сірә, жақсы салынған-ау деймін Мен түсіндіріп шыққанша Дэзи Товаль екеумізге алма- кезек таңдана қараумен болды. – Соның растығына ант-су ішші, – деді ол қуанғаннан жүзі қуқыл тартып, – қатал теңізшілер дәстүрімен ант етші, бұл үй... Түһ, мен не деп кеттім. Әрине, сіздердің әрқайсысыңыздың еншіңізге тура бір-бір үйден тиеді екен. Соттарыңыз мына мен бе?! Маған салсаңыз, тіпті, ұсқынсыз сарай неге болмайды... Ол қуанғанынан мені бас салып құшақтап, көз жасымен омырауымды айғыздап берді. Миығынан күліп, сыр бермей қуланып тұрған Товаль да менің кебімді киді. Содан соң бөлмелерді аралай бастадық, көріп шыққаннан кейін күн сәулесі шарпыған судың отау-отау көбігіндей құлпырып, Дэзидің көз алдынан жарқын болашақ, сан алуан жиһаз- мүліктер, гүлдер, терезелер мен перделер бір-бірімен алмасып, елес беріп өтіп жатты. Ол былай деді: – Осының бәрі де сізге кенет ғайып болатындай көрінбей ме? – Ешуақытта да! – Алайда, менің мінезім мінез емес. Желім оңымнан тұрса болды, қолда барымды баз біреу тартып алып, таптап кететіндей, ынтымағыма ылаң салатындай көріп, оқыс үрейлене беремін... Әрбір адамның – кәдімгі үйреншікті қош-көңіл күндерінің бірінде жиі де қайталанбайтын, жасанды түрде де пайда болмайтын, өздігінен туатын, тек бір ғана ұмытылмас күні болады – сол күні ол өткен күндеріне ойша көз жіберуді
қалайды, тіпті, сол күнге қайта оралғысы келеді. Бұның өзі көне хаттарды қайта ақтарумен бара-бар. «Толқын перісі» – Фрези Гранттың құрметіне өткізілген карнавалды еске салатын ескерткіш ретінде сақталған қоңыр желбіршекті Дэзидің сары көйлегіне байланысты дәл осындай хал менің де, оның да басынан өткен еді және театрдағы сол күнгі кеште мен өз досымды абайламай ренжітіп алған едім. Бірде ойымызға оралған көне жайлар арада біршама үзіліс болғанына қарамастан, күні бойы жадымыздан шықпай қойды, таңғы астан кейін де, түстік үстінде де, серуендеп жүрген кезде де, жұмыс арасында да тек соны әңгімелеумен болдық. Нақтылы жайларды әңгімелей келіп, осыдан бір жыл бұрын теңіз астындағы жартасқа соғылған, бір жақсысы, адамдары дін-аман құтқарылған «Сүңгуір» кемесіндегі оқиға мен Гель-Гьюде болған жайды әрқайсысымыз өзімізше еске алыстық. Өткен күндер ап-айқын елес беріп өтісімен, соның өзі талдау жасауды талап етіп, қаперімізден шықпай қойды. Сан алуан оқиғаларды басымыздан қайта кешкендей болдық, болашағы беймағлұм сол бір күндер енді оралмайды-ау деп қынжылдық. Өткен-кеткеннің кешқұрым еске түсетіндігінен бе екен, жағаға жеткен адамның жадына ұшы-қиырсыз тұңғиықты түсіретін көкжиектің ар жағында қандай жағалаудың бой тасалап жатқанын білмеген, беймаза тірліктен мезі болып, соның бәрін ойша саралаған кезін еске салар тымық теңіз толқынынан да болар. Сонымен біз бір кездері мен сүйген Биче жайлы әнгімелеп келеміз. – Міне, мына көздер Фрези Грантты көрген, – деп Дэзи менің қабағымды саусағымен бір басып қойды. – Міне, мына қолдар соның қолын қысқан. Ол менің қолымды қағып өтті. Ана тіліңмен сөйлескенсің. Иә, толғана берсең, одан адамның басы айналады, оны білемін, алайда, содан кейін, маңыздана, байсалдана түсесің және сол күйде қалу үшін ерсілі-қарсылы теңселіп жүре бергің келеді. Өзгеде шаруаң жоқ: өзіңмен өзің боп жүргенің сол! Қас қарайьш кетті. Қараңғылық құшағына енген жанымыздағы бақ қарауытып тұр. Терезе жарығынан біздің үйдің бесаспап қызметшісі Дик көрінгенде біз есік алдында
отырғанмыз. Оның ізін ала үстіне қарапайым жол киімін киген, ұзын бойлы адам күлімсірей қарап келе жатты. Күнқақты бейтаныс жүзіне терезе жарығы түскенде: – «Толқын перісі» – деді ол. – Филатр! – деп орнымнан атып тұрып, еріксіз дауыстап жібердім. – Ерте ме, кеш пе, әйтеуір, бір кездесерміз деп жүр едім. Үш ай бойы хат алысып тұрғаннан кейін мен сізден көз жазып қалдым, сізді Салерге немесе Дибльге кеткен болар десті маған. Менің өзім де екі жыл бойы саяхаттап жүрдім. Бізді қалай таптыңыз? Үйге кірген сод Филатр бізге өз басынан кешкен жайларын әңгімелеп берді. Дэзи әуелгі кезде таңырқаған сыңаймен үнсіз отырған еді, алайда, келе-келе бой үйретіп, шұғыл жадырап, бұрынғы дағдылы қалпына ауысты. Егер Филатр әлдеқалай әңгімесінің желісін үзіп алғандай болса, оның ойын сабақтап, демеп жіберіп отырды. Сол сәтте ол маған қарап, байыппен діттеген межеге көбіне-көп дөп тие де бермей, оның әңгімесіне аса ден қойып отырғандығын аңғарту үшін ішінара қосалқы сөз қосумен болды. Тавасса өзенінің жоғарғы ағысындағы, Легеден екі жүз мильдей жердегі алапестер колониясын басқаруға белгіленген Филатр мен Еуропаға саяхатқа шығып кеткеннен кейін көп ұзамай сол жаққа әйелімен бірге көшіп барыпты. Біз бірнеше күн бойы көңіл көтеріп, бой жаздық. – Ізін таптың, – деді Филатр, – мен «Мария Целестадан» да гөрі сіз үшін маңыздырақ, өзіңіз «Сүңгуірде» айтқан оқиғаны еске алып отырмын. Бұл... – «Толқын перісі» – деп оның бір сарынды әңгімесіне Дэзи шұғыл килікті де, өз тұспалының дұрыстығына кәміл сенгендей, «менің айтайын дегенім тек, осы ғана еді, ендігі әңгімелеріңізге кіріспеймін» дегендей жайласып отырды. – Сіз дұрыс айтасыз. Мен «Мария Целестаны» бекер ауызға алғаным жоқ. Қымбатты Гарвей, біз аң аулау мақсатымен бумен жүретін катерге отырып, шығанаққа қарай бет алдық, менің жанымда Оро биологиялық стансасының екі қызметкері бар-ды. Капароль аралының оң жағындағы жартасты қолтыққа енгенімізде қас қарайып кеткен еді,
матростар таңертеңмен отын әзірлемек болған орманға аялдау үшін біз бұл жерден тезірек өте шықтық. Айналада катеріміз толқын төсінде қалқып келе жатқан ағаш салындысын жарып өтті. Сол маңнан жүздеген шағын аралдар ұшырасты, біз толқынның ырқымен зәулім ағаштың салалы бұтақтары төніп тұрған тып-тымық дөңгелек шығанақтан бір-ақ шықтық. Жолдан адасып қалмас үшін, дәлірек айтқанда, беймәлім қиырға шығандап шығып кетпес үшін, капитан катерді ағыспен бойлата, үлкен екі жартастың аралығына қарай бағыттады, біз сонда түнеп шықтық. Мен каютаға емес, палубада ұйықтадым, ерте ояна келсем, таң саз беріп қалған екен. Дөңгелек шығанақты шолғанда тұрған жерімнен үш-төрт қадам жерде, кеме діңгегінен де биік, зәулім ағаштың түбінен көрген қос желкенді кеме түсім емес, өңім болып шықты. Теңіз түбінде төңкеріліп жатқан екінші кеменің сұлбасы жарқырап көрінеді. Бәзбіреу мені тәтті ұйқыда жатқанымда төсегімнен жұлып алып, тұңғиыққа атып жібергендей жартасқа өрмелеп барып, кеменің құйрық жағына тақап келдім, айнала тұтасқан ағаш пен ширатылған шырмауық екен, күртемнің дал-дүлы шықты. Мен қателеспеген екенмін. Бұл су мен жел өтінде иесіз қалған «Толқын перісі» екен. Тіпті кеменің желкені де көрінбейді. Айқайлап көріп ем, тірі жан жауап қатпады. Жартылай су толған бір қайық жар жиегінде жантайып жатыр. Тот басқан темір қайықты тұрғызып, суын төккен соң, жанында жатқан ескекті алып жүзіп бардым да, салдауыр арқанымен өрмелеп кеменің құйрық жағынан палубаға көтерілдім. Кеменің иесіз қалғанына бір жылдан астам уақыт өтсе керек. Палубаны шөп басып кетіпті, бұтақ пен жапырақтан көрінбейді. Кеме діңгегінің желкен ағаштарына оралып өскен шырмауықтар гүл атып, үзік-үзік ау құсап салбырап, тербетіліп тұр. Кеменің ішіне кіре бергенімде денем түршігіп кетті – салонның ішіндегі жалғыз тіршілік белгісіндей түсі суық сұсты, құйттай жылан кілемнің үстімен жылжып барып, дәліздің айналмасында ғайып болды. Содан соң бір тышқан жүгіріп өтті. Сіздің каютанызға бас сұғып едім. қоқырсып жатыр екен: еденде шашылып жатқан сынған ыдыстар мен ескі
шүберектер, құжынаған жасыл қоңыздардан аяқ алып жүру қиын. Каютаның іші тым қапырық екен, тіпті көңілің құлазып сала береді, әлдекімнің мені осындағы қоңыздарға балап, мерт қылуы да ықтимал-ау деп ойладым. Мен тағы да палубаға көтерілдім, одан соң асханаға, кубрикке кірдім, бәрінде де қоқыстар мен қоқыр-соқыр, қаптаған шыбын- шіркей. Өз өзімнен абдырап сасып торыға бастадым. Осы кезде катерін «Толқын перісіне» қарай бұрған капитан мен оның матростарына кеменің ішін тінтіп шығу керектігін ескерттім, шығанақты бастарына көтерген олар таңырқай жүріп, кемедегі кәдеге жарайтынның бәрін де жапа-тармағай бөлісіп жатты. Менің таныстарым, биологиялық стансаның қызметкерлері де оңай олжаның қызығына түсіп, жыландарды таяқпен өлтіре жүріп, адамдардың дерегін табамыз ба деген үмітпен кеменің қуыс-мүйісін шарлап шығу үшін жарты күндерін жоғалтты. Алайда, ешбір қағаз да, журнал да көзге түсе қоймады, бар болғаны капитанның каютасындағы үстелдің шеткі жағындағы жәшіктің жарығынан жыртылған бір хаттың қиындысы ғана табылды, мен оны сақтап қойдым, сәті түскенде сізге де көрсетермін. – Мен оқығым келмеген хатты сіз оқиды деп сенуіме болатын шығар... Сірә, жазған адамның өзі жыртқан болуы керек хатты. Алайда, бұл болжамның өзі де мен шешетін мәселе емес. Мен кеменің діңгегіне, одан да биік алып ағаштардың ұшар басына, одан әрі көк төсінде қалықтаған бейқам ақша бұлтқа көз жібердім, палубада тұрған едім. Ауаға ілініп қалған жаңбырдай жан-жакқа қанат жайған шырмауықтың салбыраған сабақтарының ұшы ширатылып семе бастапты. Қаулап ұйыса өскен шырмауық пен ағаштың жапырақтары күн сәулесіне шағылысып, желпінген самалмен қылаң ұрады. Самал саябырлаған кезде діңгекке тым жақын өскен бір бүрме біреу ұстап қалған маятник тәрізді жантайған қалпы ауада ілініп қалыпты... Қайтсе де бір сілкінбек. Аз-кем жел тұруы мұң екен, әлгі бүрме биік ағашқа болар-болмас жанасқан сәтте ішектей дірілдеп, діңгекті орап алды.
Жабырқау Дэзи жас толы жанарын Филатрдан алмай қарап қалған. – Саған не болды? – дедім мен Филатрдың көргендерін көз алдыма айқын елестетіп отырған қалпы қобалжи сөйлеп. – Паһ, – деп сыбырлай сөйледі ол даусын сәл көтерсе жылап жіберетіндей үрейленіп. – Не деген ғажап! Қандай мұңды, әрі осылай болғанының өзі қандай жаксы! Оның неменеге таң-тамаша болғанын абайламай сұрап қалғаным. – Білмеймін, – деп жауап қатты Дэзи көз жасын сүртіп. – Кейін біле жатармын, қымбатты доктор, айта беріңіз. Филатр оның қапа болған түрін аңдап, әңгімесін ықшамдап айтты. Олар сан-сапат аралдардан әзер сытылып шығады. Ерте ме, кеш пе мені бір кездестірермін деп ойлаған Филатр Браун арқылы «Толқын перісінің» тағдырын сұрастырып, білуге тырысыпты. Оның дерегін тек екі айдан соң анықтапты. «Толқын перісі» Эку Летриге жарты бағасына сатылған екен де, сол бойда капитан Герудтың басқаруымен Аквитэнге жүзіп кетіпті. Содан бері ол жөнінде ешкім ешнәрсе білмейтін көрінеді. Әлдебір астыртын әрекеттің, нендей бір беймәлім қарақшылық жоспардың құрбаны болды ма екен немесе ізіне түскен жаудан өзен жағасындағы қалың орманды сағалап жан сақтады ма екен, бәлкім, оның экипажы жұқпалы аурудан опат болған шығар, болмаса кемені тастап, қайсыбір аштыққа және жыртқыш аңдарға жем болды ма екен – ол жағын анықтау мүмкін емес еді. Тек арада көп жыл өткен соң барып, Тавассадан алтын шығып, жұрттың бәрі алтын желігіне ұшыраған кезде ғана мұның бәрі естияр адамның өзін балаға айналдырып жіберетін, әлде бір авантюраның салдары болса керек деген болжам айтылды, бірақ оған беймағлұмдық жағдайға көңіл тоқтата қоймайтындар ғана нанғандай еді. Жаманатқа ұшырап, түгі қалмай үптелген кемені іле-шала іздеу салатын адам шықпағандықтан кездейсоқ катер тап болғанға дейін «Толқын перісі» сол жерде жата берген-ді. – Алайда бұл сіз бен мен үшін тым жеткіліксіз, – деді Филатр, – Сениэль кемесіне байланысты барлық жайды
ортаға салып, ойласқаннан кейін. – Дәл кеше мен Биче Сениэль есімді келіншекке кезіктім. Көз жасын тыйған Дэзи күлімсірей түсті де, тыйыла қалды. – Биче Сениэль дейсіз бе? – дедім мен оның тағдырын білудің өзім үшін маңызды екенін енді ғана түсініп. – Биче Каваз. Сонсоң Филатр аз-кем үнсіз отырды да былай деді: – Иә, Риольге бара жатқан кемеден жолықтырдым. Гектор Каваз деген күйеуі де жанында екен. Әйелі сырқаттанып қалған соң, дәрігер екенімді білген бойда мені шақыртыпты. Әйелдің кім екенін білмеуші едім, алайда фамилиямды ести сала Лиссте тұратын Томас Гарвейді білесіз бе дегенде барып есіме түсті. Мен білетіндігімді мойындадым және сіз жәйлі бірқыдыру сыр шерттім. Кездейсоқ таныстық үстінде айтылатын жәйдан гөрі өзгеше тәртіптегі кейбір басқа жағдайлар туралы және Стерстің үйіндегі карта ойыны кезінде белең алған сіз бен бізге белгілі деректі, сондай-ақ көлденең кісіге айтуға болмайтын басқа да жағдаяттарды сақтық жасап айтпай бүгіп қалдым. Алайда, әңгіме желісі «Толқын перісінің» тарихына тірелгенде мен оны тоғайлы шығанақтан көргендігімді мәлімдеуді қажет деп білдім. Ол сабыр сақтай сөйледі, тіпті, менің кемені тапқандығымның өзі де тек бір сәтке ғана абыржытқандай еді, ол жөнінде жөндеп сұрастыруыңыз керек еді деді ол. Оның күйеуі барынша елгезек, орнымен сөйлейтін, орнықты адам, орайы келгенде үйлену тойынан кейін алғашқы күндері жүзіне тор тұтқан бір келіншекпен бірге сіздің қайық үстінде отырғаныңызды түсінде жиі көргендігін маған әңгімелеп берді. Содан сіздің тарихыңыздың оған белгілі екендігі байқалды. Әңгіме қыза келе сөз арқауы Гель-Гью оқиғасына бір-ақ тірелді. Енді ол тіпті емін-еркін шешіле сөйледі. Биче Каваздың сізге деген көзқарасы жайлы бір ауыз да сөз айтылған жоқ, алайда көгілдір кеңістік арқылы бір-бірінен көз алмайтын екі жағалау сияқты мен оның сенімді пішінмен терең ойға шомып отырғанын аңғардым. «Егер Гездің трагедиясы килікпегенде, – деді Гектор Каваз, – ол сізге неғұрлым жақын болуға тиісті еді, қымбатты
Биче. Бар жағдай соған әкеп соғатын еді. Оның шырқын бұзған тек сол бір аласапыран тұтқиылдан болған ажал». «Жоқ, өмір, – деді келіншек Кавазға сенім арта күлімсірей қарап. – Өмір мені сол бір күндері қолыма кілті түсе қоймаған жабық есіктің алдында сенделтіп қойғандай еді, сол кілттің көмегімен әлгі есіктің жасанды емес екендігіне көз жеткізуге болатын. Мен тарс бекітілген есікті қағып қайтем. Сол мезетте- ақ байланыс жасаудың мүмкін еместігі анықталды. Түсінбейді екем, жоқ болғаны! – Бұл ашу үстінде айтылған сөз! – деді Каваз. – Неге? – деп Биче шынымен таңырқап қалды. – Мен әрдайым өзімнен-өзім оқшау қалғанды қалаймын. Бұдан асқан ізеттілік болуы мүмкін бе, қадірменді доктор?». – Немесе, ұлағаттылық деңіз, – деп қоштай сөйледім мен. Оның денесінің ептеп қызуы бар екен, аздап суық тигізіп алыпты. Мен оны соншалык ер һәм ақжарқын жан екен деп кеттім. Сан-Риолде мені Товаль іздеп келді. Қонақүйінің кітабынан менің атымды көріп, кәдімгі сол доктор Филатрдың өзі екенімді білген бойда маған кеп сіз жайлы білетіндерінің бәрін баян етті. Дәп сол сәтте колониядағы жұмысымды доғарып қойып, жиналып жолға шыққанымды айтып жатып қайтем? Дұрыс айтасыз. Ұмытшақ боп барам. Көре қалсаңыз сізге мына бір хатты тапсырарсыз деп өтінген еді Биче Каваз. Ол портфелін ақтарды да, менің атым жазылған шағын бір конвертті ішінен суырып алды. Құптай әрі қымсына бас изеген Дэзиге қарадым да, хатты оқып шықтым. Ол бес жолдан тұрады екен. «Бақытты болыңыздар. Мен сізді қадірлеп, құрметпен еске аламын, Биче Каваз». – Бар жазғаны осы-ақ па... – деді қынжылған кейіппен Дэзи. Мен көбірек жазар деп ойлаған едім. – Өңіне қан тепкен ол орнынан тұрып кетті. – Хатта менің күйеуімнің бәрін көруге құқы бар бақытты адам екені, ол не қаласа және қайда қаласа, соны көруге ерікті екені айтылар деп күткен едім. Және тағы да: «Сіздікі жөн, өйткені, бұны жалған сөйлемейтін Томас Гарвей, сіз айтқансыз» деген
сөздер болуға тиісті еді. Ендеше, негізгі уәжді солардың бәрі үшін мен айтайын: Томас Гарвей сіздікі жөн. Қайыққа сізбен бірге мен де отырған едім және Фрези Грантты мен де көрдім. Шілтерлі көйлек киген қыз түпсіз тұңғиыққа кетем деп қорықпайды, өйткені, ол өзгелер көре алмайтынды көреді және оның көргендері дүйім жұрттың бәрінің де еншісіне тиген – алыңыз соны! Осынау күрделі құбылыстарды талдауға мына мен, Дэзи Гарвей, әлі жаспын, дегенмен тағы да былай демекшімін: «Адамды түсінбейді бұл жұрт». Көптеген көзге шалынбайтын құбылыстарды көру үшін оны түсіну керек. Фрези Грант, сен барсың, сен зымырап жүрсің. Сен осындасың!» «Кеш жарық, Дэзи! Кеш жарық, Филатр, кеш жарық, Гарвей!» деші бізге. Ол біресе нұрланып, біресе ашу шақырып, бірде жарқылдап күліп отырды. Арқамды ызғар қармап, мен еріксіз орнымнан тұрып кеттім. Іле-шала Филатр да көтерілді. Зайыбымның даусы күмістей сыңғырлайды. Мен оның үнсіз айтқан сөздерінің өзін айқын естігенім соншалық, тіпті, Филатрдың өзі де жалт қарады. – Міне, осылай, – деді Дэзи отыра беріп жеңіл күрсініп қойып, – саған да қайырлы кеш, Фрези! – Қайырлы кеш! – деген үнді біз теңізден де естідік. – Қайырлы кеш, достар! Қараңғы жол үстінде зерікпейсіздер ме? Мен асығыспын, кетіп барам... 1928 жыл.
М А З М Ұ Н Ы Алқызыл желкендер. Хикаят..................................................... 5 Толқын перісі. Роман...................................................................... 92
Поиск по сайту: |
Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.022 сек.) |