|
|||||||
АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция |
V І І І т а р а у
Мен іскер кісіні, нағыз іскерді көргеніме қатты қуандым, оның түрінің өзі кісінің көңіл күйін іске қарай бейімдеп, әрбір минутты қадірлеп қастерлеуге үйретеді екен. Мен онымен өмірімде тұңғыш рет әңгімелесіп тұрғандықтан да және ол мені мүлде білмегендіктен де, гәп емдеу мақсатындағы теңіз саяхаты туралы болғасын, әңгіме жұмыс жайынан маған аяныш білдіретін күмәнді жаққа ауып кете ме деп қауіптенген жоқпын, осындай сәтте жұрттың көңіл білдіріп, сырқатына ортақтасып жататын әдеті ғой, әйтпесе, істің мән-жайын ойлай келе ол мені әуелден-ақ өзімен қырынқабақ болғысы келген есуас шығар деп шүбәлануына болатын еді. Бірақ Браун жұмыртқаны жарыққа қойып қарайтын кісілердің қатарына жатпаса керек. Ал, біреумен әңгімелесіп отыруға оның бір минут те бос уақыты болмайды екен, мен арнайы хатпен келгесін ғана ол ұялғанынан қымбат уақытын құрбан еткенге ұқсайды. Браунның әдемілеп алдырған шашы щетканың қылы сияқты теп-тегіс боп тікірейіп тұр. Оның желке шашын жатқыза қидырған шалқақ басы, әдейі жымқырып алған жұқа ерні, кісінің бетіне шаншыла қарайтын сығыр қара көзі ә дегенде дәлме-дәл математикалық прибор сияқтанып көрінді. Ол күтпеген жерден оқыс қимылдайтын, өзіне өзі кәміл сенетін ебедейсіз ұзын кісі екен, киімі әсем, сөйлеп отырғанда қолына қарындаш алып, оны саусағының ұшымен сипап отырады. Сөйлеген сөзінің ырғақ-икеміне қарай қаламды бірде тез, бірде баяу сипайды. Ол хатты көзін жүгіртіп самарқау оқып шықты да, қырылған ернінің езуімен үйреншікті дағдысымен жымиғандай болды, сосын креслоға шалқая отырды да, сөйлеп машықтанып қалған ашық даусымен маған Филатр мен оның достарына қолынан келген жақсылығын әрқашан аямайтынын айтты. – Бірақ мұнда бір ағаттық кеткен екен, – деді Браун қаламды төменнен жоғары қарай сипап. – Ол кеме менікі емес, Гездің жеке меншігі, бірақ менің ойлауымша, – со сәтте Браун қарындашты біраз айналдырып, оған иегін сүйеді
де, – ол егер мен өтінсем сізге бір каютаны беруден бас тартпайды, дегенмен сіз ең әуелі капитанның өзімен сөйлесіп алғаныңыз жөн болар еді. Мен онымен сөйлескенімді, бірақ капитан Гез мені «Толқын перісі» кемесіне жолаушы ретінде алуға келіспегенін айтып бердім. Гез «кеме сіздің қарамағыңызда» дегеннен кейін ғана өзіңізбен тілдесіп отырмын дедім. Істің мән-жайын айтқанда мен мұны бір үйреншікті жәйт, кәдуілгі кедергі ретінде айтып шықтым, бірақ капитанның оқыс-оспадар қылығын бүгіп қалдым. Браунның көзінен маған белгісіз бір ойдың ұшқыны жылт етті. Ол көңіліне алған көп жәйтті реттегісі келгендей, қарындашты ойланып отырып үш рет сипап өтті де, әлденеден абыржып қалғандай бір шытынып қойды. Сосын біртіндеп бұрынғы қалпына келді де, істің мән-жайын асықпай түсіндіре бастады. – Ал енді капитан Гездің жайына келетін болсақ, – деді Браун ойланып, – о кісі өз кемесін маған зорлап бергендей болды. Гез ілгеріде менің қарауымда қызмет істеген. Иә, заң жолымен келсек, мен со бір өзімді әбден мезі еткен кеменің қожасымын. Бұған себеп болған жәйт: Вильям Гез біреуді бірдеңеге сендіруге келгенде жылан сияқты сумаңдап, алдына жан салмайды, дәлдеп айтсам, жұрттың басын айналдырып, оған мүлде қажетсіз нәрсені алдырады. Бірде ол қыруар ақшаға қарыздар болып қалды. Сосын кемені ақша орнына аманат қып қалдырмас үшін Гез қадалып отырып, «Толқын перісін» менің меншігіме тіркету жәйлі келісімімді алғаны ғой. Көк тиын ақша төлемесем де, сату құжаты бойынша ол менің кемем болып есептеледі, бар болғаны сол. Бір кезде мен Гездің әкесін білуші едім. Әккі баласы марқұм әкесінің – өте бір иман жүзді, ақылды кісінің аруағын арқаланып келіп, «Толқын перісін» құтқар деп жатып жалынғаны. Міне, өзіңіз көріп отырсыз ғой, – Браун қарындашты иығынан асырып қабырғаны мегзеді, онда оннан аса пароходтың әсем рамалармен көмкерілген суреттері ілулі тұр екен, – әрине, қанша жанталассам да мен мұндай істен көк тиын пайда таба алмас едім, сол себепті де мұны сізге
айтқанның ешбір әбестігі жоқ қой деп ойлаймын. Сонымен біздің қолымызда Гездің қырсықтығына қарсы көзіріміз бар. Ол екеуміздің ара қатынасымызға негізделген. Сіз саяхатқа шығасыз, мұны шешілді деп біліңіз, мен Гезге хат жазып берем, со хатты алғасын ол сізді жақсылап қарсы алуға тиіс. Гез – ішінің қыртыс-қалтарысы көп, қиын кісі. Менің сізге беретін бір кеңесім – одан ұдайы абай болып, сақтанып жүріңіз, өйткені оның не істеп, не қоятынын бірден біле қою оңай емес. Мен Браунның сөзін жайбарақат тыңдадым. Осынау іс- әрекеттің күллі жай-жағдайы, алатын орны айырықша болғандықтан да, дегеніме жету үшін мен осы әбес кеткен жоқпын ба, тіпті біреуге зорлық жасаған жоқпын ба деген күдікті көңілімнен қуалап, жанымның есік-терезесін тас қып бекітіп тастадым. Сөзін бітірген Браун үстелге қарай бұрылып, қойын дәптерінің бір бетін толтырып хат жазды да, оны дереу конвертке салып, көңілін бір демдеді. Мен одан кеменің тарихын білмейсіз бе деп сұрап едім. Браун біраз мүдіріп барып, мынадай жауап берді: Гез кемені әлдекімнен алған. Бірақ кімнен, қанша ақшаға алғанын дәл айтып бере алмаймын. Кеме сұлу-ақ, оны мойындамасқа болмайды. Қазір ол, аздап та болса, жүк тасуға бейімделген, бірақ оның көркі – желкенді кеме болғандығында. Ол жел жетпес жүйріктің нағыз өзі ғой, ертең саяхатқа шыққасын, жел оңыңыздан тұрса, қанат байлап сағымда самғағандай ләззат табасыз, – Браун барометрге қарады. – Жел тұруы керек. – Гез маған бір айдай аялдаймын деді. – Гез о сөзді табанда суырып салған ғой. Ол бүгін осында болған, ертең жүремін деді. Мен оның маршрутын да білем: Гель-Гью, Тоуз, Кассет, Зурбаган. Сіз темір бұйым салу үшін жолай Дагонға соғасыз. Бірақ ол бірнеше сағаттық қана жол. – Оның бірде-бір матросы қалмаған сияқты еді. – Бәлі, о жағынан қам жемеңіз. Бұл өзге кісілерге ғана қиын болуы мүмкін, ілулі қалпағын қалай еркін алса, Гез оны да солай оңай шешеді. Ол ендігі кубрикті әлгі көзіңді
қыссаң болғаны, топырлап жетіп келетін баскесерлермен толтырып қойған шығар. Мен Браунға алғыс айттым да, қоштасарда оған қолымды қатты бір қыстырып, Гезді ыңғайсыз жағдайға қалдырмас үшін бар өнерімді салмақ болып сыртқа шықтым.
Поиск по сайту: |
Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.003 сек.) |