|
|||||||
АвтоАвтоматизацияАрхитектураАстрономияАудитБиологияБухгалтерияВоенное делоГенетикаГеографияГеологияГосударствоДомДругоеЖурналистика и СМИИзобретательствоИностранные языкиИнформатикаИскусствоИсторияКомпьютерыКулинарияКультураЛексикологияЛитератураЛогикаМаркетингМатематикаМашиностроениеМедицинаМенеджментМеталлы и СваркаМеханикаМузыкаНаселениеОбразованиеОхрана безопасности жизниОхрана ТрудаПедагогикаПолитикаПравоПриборостроениеПрограммированиеПроизводствоПромышленностьПсихологияРадиоРегилияСвязьСоциологияСпортСтандартизацияСтроительствоТехнологииТорговляТуризмФизикаФизиологияФилософияФинансыХимияХозяйствоЦеннообразованиеЧерчениеЭкологияЭконометрикаЭкономикаЭлектроникаЮриспунденкция |
Грин Александр. 11 страница
құрап шығу мүмкін емес. Гарвейдің сырлы сөздері – санадан тыс нәрсенің шытырман сынығының суреті. Расында осылай болуы да мүмкін. Филатр нобайлаған мінез-құлық суреті қанша нанымды болса да, мен оның сөзін кәдімгідей көңіліме алып қалдым. – Сонда тек Стерстің сөзінен сынғаны қалай? – Енді кімнің сөзі деп едіңіз? Бөтен біреудің ой-пікірі шынымен әсер-әрекет ететін болса, ол ойыншыларды бөліп тұрған төрт фут үстелден әрі әсер етпейтіндей-ақ, сен де бала сияқты қашықтық құдіретіне көзсіз сенеді екенсің деп айтуға бір оқталдым да, сөзді көбейтпейін деп ойладым да, бұл сияқты түсініктердің өзіне бір түсінік керек екен деп қоя салдым. – Әлбетте, – деді Стерс мені қостап. – Егер менің кәдуілгі бір сөзім Гарвейдің ой-санасының түкпірінен оқыс бір ұғым туғызғаны негүмән екен, ендеше оны қайта шешпек керек. Осы айтқанымыз шүбәлі болса, басқаларының да шүбәлі болғаны. Біз осылай мылжыңдасып біраз отырып қалдық, ақыр аяғында Дэлия шыдамай қабағын шытып, бізге: «не әңгіменің тақырыбын өзгертіңдер, не тынышталатын дәрі ішіңдер!» деді. Көп ұзамай мен қожайындармен қоштасып кетіп қалдым, менімен бірге Филатр да шықты. Солдаттар сияқты аяғымызды тең басып, біз үн-түнсіз бірнеше көшенің мүйісін орағытып өтіп, бір алаңнан келіп шықтық. Филатр кафеге шақырды. Көңілім бір түрлі өрікпіп тұрғасын мен де кірмек болдым. Біз эстрада түбіндегі үстелге келіп отырдық та, шарап сұрадық. Әнші, биші әйелдер сахнаға бірінен соң бірі шығып жатты. Филатр әйнектің сынығы жайлы әңгімені қайта қозғады, сосын Вайторн деген натуралистің бау ішінде отырып, бал араларының өзара сөйлескенін естігенін айтты. Мен оны зейін сала тыңдадым. Со замат құлаған орындықтың тарс еткен дыбысы мен артымдағы әлдекімнің бірдеңені талап еткені би ырғағымен қосылып кетті. Бұның есімде қалған себебі, со бір сәттен бастап, орнымнан дереу тұрып жүре бергім келді. Бұл еркімнен тыс еді. Көңілді музыка мен самаладай жарық
жерде отырғанда мұндай беймаза, нәумез күйге түскеннен қиын нәрсе жоқ шығар. Орнымнан тұрмай жатып, мен әуелі өзімнің ішкі сарайыма бір үңіліп қарап, осы бір жәйттің себебін білмек болдым, тіпті, бәлкім мен Филатр мезі еткен жоқ па екен деп те ойладым. Бірақ менің есі-дертім – көңіліме бірден қона кеткен осы кафеде тек Филатрмен ғана отыра беру. Ал, қазір бұл арада қалатын түрім жоқ. Тағы бір айтайын дегенім – мен осынау оқыс сезімге кәдуелгі күтпеген бір кедергідей қынжыла-қынжыла мойынсұндым. Мен сағатыма қарадым да, басым ауырып барады деп, доктордың шарабын тауысуын да күтпей кетіп қалдым. Тротуарға шыққасын мен қажет есігін таба алмай қиналған кісідейін, аңырып біраз тұрып қалдым, сосын сәл ойланып гавань жаққа беттедім, әдетте, бейсауат қыдырғанда содан барып шығатынмын. Енді келе жатып, кафеден кеткен себебім – жүйкем қажығандықтан болар деп ойладым да, кеткеніме онша өкінбедім. «Толқын перісі». Мен бұрын сана-сезімнің мән-мағынасы беймәлім, белгісіз бір қылықтары жөнінен тап қазіргідей көп ойланып көрген жоқ шығармын – мәселенки, ту сыртыңнан бірдеңе сусылдаса, дыбысын тыңдап, оның қандай матаның сусылы екенін білмейсің ғой. Түнгі самал тыныс буған қапырықты сейілте алмаса да, электр шамдарының ақ жарығында теректердің ақ үпелегін үйіре қуалап жүр. Гаваньдағы тас діңгектер түбіндегі көмірдің шаң-тозаңы, үй қабырғаларының бәрі үпелектерге малынып тұрғаны сонша, оңтүстікке солтүстік көшіп келіп, ғажайып бір аптапты қыс орнаған сияқты көрінеді. Мен екі айлақтың арасында келе жатқам, кенет алдымдағы екінші айлақтың ар жағынан жел қайық тәрізді жеңіл, сұңғақ бір желкенді кемені көрдім. Оның сыйымдылығы шамасы жүз елу тонна болса керек. Кеме ұйқы құшағында еді. Оның палубасынан тірі жан көзге түспейді, бірақ жақын келіп мен оның сол жақ бортынан күзетші матросты көрдім. Ол жинамалы орындық үстінде бортқа сүйеніп ұйықтап отыр екен.
Мен таяу келіп тоқтадым. Төңірек тым-тырыс, құлазып жатыр. Алыста келе жатқан экипаждың шуылы сияқты, қала үні де бір сарынды гуілге айналған. Менің қасымдағы су шылпылы, арқан-жіптің баяу сықыры мүлгіген тыныштықты бұзып тұр. Мен әлгі кемеге әлі қарап тұрмын. Оның қоңыр корпусы мен ақ палубасы биік діңгектері, күллі мүшелерінің тап-тұйнақтай тең түсіп жатқаны, барша әсем мүсіні көзді сүйсінтіп, көңілді қуантады. Ол бір кербез сұлу кеме еді. Айлақтың доға шамының жарығы оның сымбат-мүсінін ымырт қараңғылығынан оқшау бөліп алып, айқын көрсетіп тұр, одан әрі өзге кемелердің корпустері мен трубалары қарайып көрінеді. Кеме тұмсығы осы араның тайпақ жағалауынан дүңкиіп шығып, қос арқан арасындағы су үстінен мүйістене төніп тұр. Осынау әсем кеме маған қатты ұнады, сол себепті де оны бір сәт өзімдікі екен деп те қалдым. Сосын ойша трапты басып, кеме үстіне шығып өз каютама бардым – сонда, әрине, әлгі қызбен бірге болдым. Мұның неге солай болатынын мүлдем білмесем де, осы жайды біраз уақыт көз алдыма елестетіп тұрып қалыппын. Тағы бір байқағаным, со бір қыз есімнен тіпті де кетер емес. Ол да есімде қалған басқа жайлар сияқты, бірақ жаныма жол тауып, көңілімде ұялап қалыпты. Бір сүйкімді суретке қарағандай-ақ, мен оған оқтын-оқтын жалтақтап қарай берем. Осы жолы ол бұрынғыдан әлдеқайда айқын көрінді де жоғалып кетті. Ақырында ойым да өзгерді. Мен кеменің атын білмекші болып, оны айналып барып, кеуде тұсынан келіп тұрдым, үңіле қарап, алтын әріптермен садақша иіп жазған «Толқын перісі» деген сөздерді оқыдым.
V т а р а у
Басыма қан шапты ма қайдам, әйтеуір дір ете түстім. Оқыс таңырқау емес, қиын бір күрделі сезімнен болар, ә дегенде жүрегім үнсіз тына қалды да, іле-шала дүрсілдеп тулай жөнелді. Миыма қаптай келіп қадалған сұр жебелердей болған осы ғажайып сөздерді тағы бір рет оқып, түсінем
дегенше кеудемді керіп екі мәрте дем алдым. Ғайыптан естілген тылсым сөздерден кейін ақиқат шындықтың мына соққысы маған ойламаған жерден артымнан келіп біреу шап етіп ұстап алғандай әсер етті. Қас пен көздің арасында есімнен жаңылып қалғандай болдым. Көне іздің шиырына түскен төбет тап осылай жер иіскелеп алас ұрып жүрер еді. Ақырында, алдыңғы нәрсені көруге кедергі жасайтын бұтақты қолмен қалай итере салсақ, әлгі мазасыз ойды мен де солай серпе салып, жазуды анықтап көрмек болып кеменің арқанына бір аяғымды салып еңкейе бердім. Жазуға көзім жеткенше ынтығып өліп барам. Алыс жарыққа шағылысқан су үстінде қалтылдап әрең тұрмын. Жазу менен алты-жеті фут шамасындай жерде. Ойнамалы бір сәуле оны жарқыратып көрсетеді: «Толқын» деген сөз түгелдей көлеңкеде, тек оның соңғы буыны ғана жарыққа жетер-жетпес болып тұр-дағы, «перісі» деген сөздің самаладай жарқырап тұрғаны сондай, тіпті әріптердің алтын сырының көпсіп тоза бастағанына дейін көрінеді. Мұның шындык екеніне көзім әбден жеткесін, енді есімді жинайын деп кейін шегініп барып, бір шойын діңгектің үстіне отыра кеттім. Құйындай ұйтқыған ойымды бір арнаға салып, ақылға жүгінейін десем, тап сол сәтте оған бойымдағы бар ерік-жігерім жетпей қойды. Мен қараңғы түнге, оның рейд оттары жылтылдап шағылысып жатқан тұңғиық қара көк айдынына қарап отыра бердім. Іштей бір шешімге келген де жоқпын, бірақ соның болары хақ, оған шүбә болмасқа керек деп ойлаймын. Бұлыңғыр бір күйге түскенімді анық сезем және дерексіз жәйттен дәл дерек іздегендей болам. Орнымнан тұрып трапқа келдім де: – Әй, кемеде кім бар? – дедім дауыстап. Күзеттегі матрос ұйықтап қалған сияқты, әлде менің сөзімді естісе де, жауап қатпаған болуы керек. Мен қайта дыбыс бермедім. Бөгде біреудің мекен-жайына рұқсатсыз кіргелі тұрғанда мен көзге түспесе де, мұнда кіруге болмайды ғой деген бір сезік ойыма кіріп те шықпады. Күзетші қыбыр етпегесін трапты басып, палубаға шықтым.
Шынында да күзетші борт жәшігінің қақпағына қолын төсеп жіберіп, оған басын қойып ұйықтап қалыпты. Қарапайым матростың мына бір бейтаныс кісідей киінгенін өмірде көрген емеспін. Оның сусылдаған сұр жібек костюмі, аппақ көйлегінің жағасына тағылған көк галстугінде баданадай гауһары, ақ жібек кепкасы, қоңыр қолындағы жүзігі мен сұлу бәтіңкесі – міне, осы заттардың бәрі кәдуілгі матрос тірлігіне тіпті де жуыспайды, ақшаны көп қажет ететін әшекей-көріктің бұйымдары. Мұның үстіне оның жарылып күстенбеген мұнтаздай бипаз қолы, түсінде де жыбырлап тартып жатқан арықтау кесір жүзі мен әдемілеп тарап қонған мойыл қара сақалының өзі бұ кісінің кеменің төменгі қызметіне ешқандай қатысы жоқ екенін сездіреді. Оны оятудан имендім де, жай басып, корм рубкасының трапына қарай беттедім, өйткені көтерулі люктен жарық көрінеді. Мен одан кісі табам ба деп ойлағам. Солай қарай аяғымды көтере берген кезде әлдекімнің болар-болмас қимылдағанын сезіп тоқтай қалдым. Артыма бұрылғанда күзетшімен бетпе-бет ұшырасып қалдым. Ол енді ғана есінеп болған екен. Ол сол қолын шалбарының қалтасына салып, ұйқысын ашпақ болып оң қолымен көзін бір сипап, бас бармағымен өзге саусақтарының ұшын уқалап барып тоқтады. Оның өзі сәл еңкіштеу келген ұзын бойлы, тіпті менен де ұзынырақ қақпақ жауырынды кісі екен. Кірпігін жабыңқырап, байсалды көрінгісі келгенімен көзі сығырайып, мені абыржып сасып қалады екен деп ойлап қалса керек. Бірақ мен асып-саспай, қысылып-қымтырылмай, оның көзіне тура қарадым. Иіліп сәлем бердім, – Сіз бұл арада не бітіріп жүрсіз? – деді ол қатуланып, әрбір сөзін алақанына салып көргісі келгендей баяу сөйледі. – Палубаға қалай шықтыңыз? – Траппен шықтым, – дедім мен шын көңілден, ойымда бөтен ештеңе жоқ болғасын, өйткені сырт пішініме қарап-ақ, кез келген жердің кез келген уақытында жұрт мені жат санамас деп ойлағам. – Мен сізге дыбыс беріп едім, ұйықтап кеткен екенсіз. Сосын жоғары көтерілдім, өзіңізді оятуды қолайсыз көріп, төмен түспекші болдым. – Неге?
– Одан біреу болмаса біреу кездесер деп ойладым. Қой, мен сізге кім екенімді айтайын: Томас Гарвей, – дедім мен, әрбір сөзіме мән беріп. Сақшы қолын қалтасынан суырып алды. Оның зілді көзі ұйқыдан арылғандай – енді самарқау қаларын әлде құтырына жөнелерін де білмей аңырып қалған жайы бар. Шамасы, бірінші түйінге тоқтаса керек, ернін жымқырып, самарқау басын иіп, көңілсіз жауап қатты: – Өте жақсы. Мен – капитан Вильям Гезбін. Құлқын сәріден осынша мазалайтындай не жазып едім? Бірақ ол тіпті қабағын ызғар шашып тұрса да, осы жолы айылымды жимас едім. Алагүлік көңілім тез байыз тауып, бұл бір сабыр айлаған сәтті шағым еді, оның мән-мағынасына әлі толық түсіне бермесем де, со сабыр саясынан пана тапқам. – Капитан Гез, – дедім мен жай ғана жымиып, – егер түнгі сағат үшті келесі күннің басы десек, онда, әрине, мен есіріктеніп тым ерте келсем керек. Сіз менің келген себебімді де хош көрмейсіз бе деп қорқам. Дегенмен палубаға неге шыққанымды сізге түсіндіріп берейін. Осыдан біраз уақыт бұрын мен қатты ауырғам, дәрігерлердің пікіріне жүгінсек, егер мен біраз саяхат-сейіл құрсам, жай-жағдайым қазіргіден жақсаратын сияқты. Сонымен олар мынадай бір түйінге тоқтады: күнделікті тірлік кешуге, жатып-тұруға онша қолайлы болмаса да, желкенді кемемен біраз саяхаттап қайту, кейде рухани дертті өмірдің ащы шындығы қалай жазатын болса, дімкәс денеге бұл да шипалы ем болып қонбақ. Бүгін серуендеп жүргенде осы кемеге көзім түсті. Шынымды айтайын, мен бұған құштар болып қалдым. Ойыма алған істі кейінге қалдыруға болмайды, оның үстіне сіздердің зәкірді қашан көтеретініңізді білмедім, сөйтіп, ертең орындарыңызды сипап қалармын деп қорықтым. Қалай болған күнде де мені кешіруіңізді өтінем. Ал, ақы-пұлды қанша керек болса сонша төлей алам, о жағынан қам жемеңіз. Және сіздер қалай қарай жүрсеңіз де, маған бәрібір. Осымен сіз менің ойымды ұқтыңыз ғой деп сенем, әуелгі кездегі өкінішті түсінбесек те осымен біткен шығар деп ойлаймын. Ендігі мәселе тек сізге ғана байланысты.
Мен сөзімді айтып бітіргенше, Гез жауабын қайтарып та қойды. Оны мен түрінің өзгергенінен біле қойдым да, қарсы екенін іштей сездім. Бірақ әңгіме енді ғана басталғасын, үмітімді онша үзе қоймадым. – Шамасы, мен сіздің меселіңізді қайтарам ғой деп ойлаймын, өйткені, бұл кеме менікі емес, – деді Гез. – Мұның иесі – Браун, «Арматор және жүк» компаниясы. Сіз төмен түссеңіз, сонда тұрып сөйлескеніміз жөн болар. Басқа лажы қалмағасын, ол мұны өзін-өзі зорлап, ызғармен тұрып, сыпайы ғана айтып шықты. Ол соқырға таяқ ұстатқандай-ақ, қолымен трап жақты мезгеді. Мен шамы жарқырап тұрған бір бөлмеге келіп кірдім, мұнда бізден басқа кісі жоқ екен. Айналаны көзіммен бір шолып өткенде көңіл күйіме қайшы келер ештеңені байқамадым, жаңа ғана осында түсіп келе жатқанда бәрі де басқаша болып шығатындай сезілген. Мен бұдан байлық пен бейберекет тәртіпсіздікті көрдім. Ғажайып кілем үстімен келе жаттым. Каютаның әшекей-бедеріне қарап кеме жасаушының дәулетті кісі болғанын аңғардым. Біз бір шағын диванға келіп отырдық, самаладай жарықта Гездің бет-жүзін анықтап қарап алдым. Оның түр-пішініне қанша қарасаң да, тиянақты бір пікірге келе қою аса қиын еді. Біреудің кескін-келбетін суреттегенде авторлар әдетте, кісінің бет-жүзіне көбірек көңіл бөледі де, оның профиліне – қырынан қарағандағы кейпіне мән бермейді. Ал, шындап келгенде ол кісі нобайының негізі – адамның толық бейнесінің ең айқын графикалық шешімінің қажетті бір бөлегі. Мен талай рет профиліне қарап, бір адамның бейнесінен мүлде басқа, екінші бір адамды тауып жүрдім – бір үйге екі жақтағы екі есігінен кірген сияқты әсер алып жүрдім. Профиль – кісі кейпінің түсініктемесі тәрізді, егер кісінің жүзі (фас) мен қыры күллі бедер- нақысымен өзара рухани жарастық тауып жатса ғана мен профильді естен шығарам. Бірақ мұндай сәтті үйлесім ілуде бір-ақ рет, жыл құсындай сирек кездеседі. Гездің бет-пішінін осындай сирек кездесетін құбылысқа жатқызуға болмайтын еді. Оның профилі шашының түбінен шығып, құбылмалы
тайқы маңдайын, тіп-тік ұзын мұрнын, салыңқы жоғарғы ерні мен кесірлі төменгі көнтек ернін басып жарлауыт ауыр иегімен бітеді екен. Ісіңкі беті жоғарыда көзіне барып тіреледі де, төменде қалың суық мұртымен ұласады. Оның мына кейпіне қарағанда, бірдеңеден беті қайтса да әлі қажымаған қайсардың сыңайын танытады. Бірақ осынау жалпақ бетті, жар қабақты кісі қыртыс-қыртыс кең маңдайы бірде жиырылып, бірде жазылып өзіне тұнжырап тура қараған кезде бір түрлі өзгеріп, жанданып сала береді екен. Оның тұнық қара көзі жар қабақ астынан кісіні байыптап бағып отырады. Мен Гездің осы бір қайратты, жігерлі жүзі мен бейжай-былжыр сөзінің арасындағы келісімді таба алмай-ақ таң қалдым, менің байқауымша, тіпті оның ойы да асықпай шабан қозғалатын сияқты. Гездің бойындағы осындай кереғар қайшылыққа қарап отырып, мен: мұның түбі жақсы бола қоймас деп ойлағаным сол еді, күдігім табанда расталды. – Сонымен, – деді Гез, екеуміз жайғасып отырғаннан кейін, – мен кемеге жолаушыны алуын алам, бірақ оған Браунның рұқсаты керек. Бірақ, шынымды айтайын, мен өз басым жүк кемесіне жолаушы алуға қарсымын. Ал, кісі алсаң әрдайым әбігерге түсесің немесе бір қолайсыз жағдайға ұрынасын. Оның үстіне менің командам кеше ғана есеп айырысып кетіп қалды, ал жаңа команда жинауға қанша уақыт кететінін білмеймін. Жол қамын реттеп бітіргенше, бәлкім, «Толқын перісі» бір ай тұратын шығар. Одан да басқа бір капитанмен сөйлескеніңіз жөн болар. Ол үндемей қалды және жуыр маңда сөзін жалғайтын сыңайы көрінбеді. Мен не айтатынымды ойлап тұрғанда палубадан әлдекімнің тарс-тұрс басып келе жатқаны, «ха-ха!» деп айқайлаған даусы естілді, шамасы, ол осыны айтқан кезде масаң қолын сермеген сияқты. Қапелімде орнымнан тұра қоймағасын, Гез қасын керіп, зілді көзімен мені басымнан аяғыма дейін асықпай бір тінтіп өтті де: – Бұл келген Бутлер соққан шығар. Сіз абыржымай-ақ қойыңыз. Мен қазір келем, – деді ол.
Басын төбеге соғып алам ба деп қорықкан кісідей-ақ, ол еңкейіңкіреп, ауыр басып шығып кетті. Жалғыз қалғасын айналама анықтап қарай бастадым. Мен талай-талай кемемен сапар шеккем, сол себепті де, осы кеме әуел баста кофе немесе мақта тасуға арналып жасалмағанын бірден сезе қойғам. Оның сыртқы пішіні де, салонның ішкі көрінісі де соны айқындап тұрғандай. Аумағы екі футтан асатын үлкен дөңгелек терезелері – «иллюминаторлары» кеме ішіне күндіз жарық сәулені мол құйып тұруы керек-ті, жүк кемелерінің терезелері мұндай болмайды. Оның винттері мен кәсектері, күллі жез тетіктері көркем бедерленіпті. Сом күмістен көмкерілген венеция айналары, аса қымбат бозғылт-жасыл жібекпен тысталған шағын дивандар, қызыл ағаш ұсталған қабырғалар, карниздер, мақпал перделер, үнді кілемі, зерлі қола тормен қапталған бұлдыр әйнек ішіндегі үш электр шамы нағыз сән- салтанаттың жиһаз-мүліктері еді және осының бәрі кеме техникасымен үндесіп-үйлесіп тұр еді. Шам жарығы шағылысқан жылтыр үстел үстінде жас раушан гүлі салынған күңгірт хрусталь көзе. Оның айналасында умаждалған сүлгілер мен шарабы түбінде ішілмей қалған стакандар, лас тәрелкелер тұр. Кілем үстінде темекі тұқылдары жатыр. Буфеттің ашық есігінен бір шүберек салбырайды. Біреудің келе жатқанын естіп орнымнан тұрдым да, әңгімені көп созбас үшін Гез қайтып келісімен мен одан: – Егер Браун, осы кеменің жеке каютасымен, әрине, тиісті бағасын төлеп, жүзуіме рұқсат етсе, сіз қарсы болмайсыз ба? – деп сұрадым. – О жөнінен менімен сөйлесуден ештеңе шықпайды деп ойлайсыз ба? – Сіздің пікіріңіз менің пайдама шешілмейтін сияқты болып көрінгесін айтқаным ғой және келтірген дәлелдеріңіз де дәйекті сияқты. Гез мүдіріп қалды. Менің Браунмен келісем деген сөзім оның шамына тиген тәрізді. Мен алған бетімнен қайтпайтынымды, Гездің дегеніне көнбейтінімді сыпайы ғана сездірдім.
– Еркіңіз білсін, – деді Гез. – Мен сол айтқан сөзімде қалам. – Сізбен тәжікелеспей-ақ қояйын. – Менің дос пейілім суып, көңіліме қаяу түскендей болды. – Ісің бір деңгейден шешілмесе, екінші бір деңгейге бару керек. Несін жасырайын, ағат кеткенімді өзім де сездім, бірақ оған өкінбедім: Гездің мінез-құлқы маған мүлде ұнамады. – Істі төменгі деңгейден шеше алмасақ, – деді ол кенет шап етіп. Жел желбіреткен шымылдық сияқты, оның сабыр- салмағы қолма-қол ғайып болды, бет-аузы қабарып жыбырлап кетті. – Көп сөздің қажеті қанша? Капитан мен екенмін, ендеше кеменің қазіргі қожасы да менмін. Не істеймін десеңіз де өзіңіз білесіз. Бұл, әрине, кісі кешірмейтін қатал сөз-тін, басқа жер болса, ол мен түйіле бір қарағаннан-ақ жым болар еді, бірақ не екенін қайдам, ешбір кедергіге қарамастан көп ұзамай Гезбен бірге осы кемемен жүзетініме кәміл сендім, сол себепті де оны ренжіте бермейін деп ойладым. Мен қалпағымды шешіп, басымды шайқадым. – Бұл мәселені біз бірдеңе ғып реттерміз, – дедім оған қолымды созып, ол менің қолымды селқос қана қысты. – Болмашы нәрсе үшін бет жыртысып қайтеміз. Егер біз кейін кездесе қалсақ, сіз маған, бәлкім, ашуланбассыз да. «Әңгіме бітті, сен енді осы арадан тайып тұрсаң», – дейді оның сөзі үнсіз. Мен палубаға шықтым, осы арадан аузында трубкасы бар бір шұбар кәрі кісіні көрдім. Ол діңгекке сүйеніп тұр екен. Маған тұнжырай бір қарады да, менімен бірге шыққан Гезге қарап: – Қалай болған күнде де мен соған баруым керек, бәлкім, менің қолым қайтадан шығатын шығар? Сіз бұған не айтасыз? – деді. – Көк тиын да бермеймін, – деді Гез ызалана тістеніп. – Сіз менің жалақымды беріңіз, әйтпесе, біз қоштасамыз, – деді трубкалы кісі тұнжыраған күйі. – Бутлер, сіз жалақыңызды ертең мастығыңыз тарқағасын аласыз, әйтпесе, қалтаңда соқыр тиының қалмайды.
– Жарайды! – деді Бутлер дауыстап, мен ойлағандай-ақ ол Гездің аға көмекшісі болып шықты. – Сөйлегенде сөздің майын тамызасың. Бүгінгі, бұрынғы, болашақ кабактардың бәрінде сіздің кім екеніңізді өлі мысыққа дейін біледі ғой, сөйте тұрып жұртқа қамқор болып қайтесіз?! Өз ақшамды өзім шашам, онда шаруаң болмасын. Гез жауап қатпады, бірақ айтылмаған қарғысы жүзіне қан болып тебіндеп шыға келді. Енді ол бар ашуын маған төкті. Салқын қанды, суық жүзді джентльмен ызым-қайым жоқ болды, Гездің сөзі ұрысқа бергісіз еді. Поиск по сайту: |
Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Студалл.Орг (0.012 сек.) |